Жедел аппендициттің «атипті» түрлері. Жедел аппендициттің «атипті» түрлерінің жекелеп көрсетілуі өте маңызды. Себебі, бұл аурудың клиникалық көрінісі әр түрлі болып келеді. Сондықтан көптеген бала хирургтары, клиникалық көріністері қиындық туғызатын аппендициттің ерекше түрлерін бөліп көрсетеді. Атипті ағым құрт тәрізді өсіндінің құрсақ қуысында орналасуына (ретроцекальды, жамбас, сол жақты, бауырасты) сонымен қатар осы түрлеріндегі қабыну үрдісінің ағым ерекшелігіне байланысты.
Ретроцекальды аппендицит. Құрт тәрізді өсіндінің бұл орналасуы диагностикалық қиыншылықтарды туындатады. Ретроцекальды құрсақішілік аппендицит кезінде симптомдар әдетте айқын көрініс береді. Бірақ құрсақ қуысының алдыңғы қабырғасы бұлшық еттерінің қатаюы аз болады. Осы орналасуға тән симптомдар әдетте болмайды.
Ретроцекальды құрсақ арты аппендицитте ауырсыну оң жақ мықын аймағының латеральды бөлігі, немесе оң жақ бел аймағында болады. Ауырсынулар жыныс мүшелеріне немесе несепағар жолымен тарауы мүмкін. Ол, өз кезегінде, дизуриялық бұзылыстарға әкеледі. Іші жұмсақ, тыныс алуға қатысады, ауырсынуы аз болады. Щеткин-Блюмберг симптомы теріс. Оң жақ бел аймағында бұлшық еттердің қатаюы, ауырсынуы және соққылау симптомы оң болады. Кейде оң жақ санды бүгіп жазғанда ауырсынады. Көптеген жағдайда ретроцекальды аппендицит бастапқы кезеңмен ауыр іріңді интоксикациямен, дене қызуының жоғарлауы (400С) және тоңумен жүреді.
Кіші жамбастағы аппендицит. Бұл түрінде ауырсыну іштің төменгі бөлімінде оң жақ мықын аймағының төменгі жағында, қасаға үстінде болады. Ауырсыну, зәр шығару түтігіне немесе ұмаға, оң жақ жыныс еріндеріне, тік ішекке беріледі. Дизуриялық бұзылыстар, жиі зәр шығаруымен сипатталады. Балалар кейде зәр шығаруға қорқады, ал керілген қуық іштегі ауырсынуды күшейте түседі. Төмен орналасқан өсіндінің қабынуы, көбінесе қан және шырыш араласқан сұйық нәжіспен жүреді.
Өсіндінің кіші жамбаста орналасуында көп уақытқа дейін ауырсыну және құрсақ қуысының алдыңғы қабырғасының қатаюы болмауы да мүмкін. Бұл кезде жақсы мәліметті тік ішекті саусақпен тексеру береді. Онда оң жақтан өсіндінің түсіп тұруын немесе инфильтратын табады. Тік ішектің оң жақ күмбездің шырышты қабаты борпылдақ, ісінулі, жеңіл жарақат алатын болады.
Жедел аппендициттің бұл түрінде, қабыну үрдісінің қуыққа өтуіне байланысты зәр талдамасында лейкоциттер, эритроциттер және жалпақ эпителийлер болады. Копрограммада шырыш, лейкоцит, эритроциттер табылады.
Сол жақты аппендицит. Құрт тәрізді өсіндінің сол жақта орналасуы келесі жағдайлармен байланысты; соқыр ішектің шажырақайының қозғалмалылығы, ортақ шажырқай, құрт тәрізді өсіндінің ұзын болуы және мүшелердің керісінше орналасуы. Клиникалық көрінісі оң жақты аппендицитте ұқсас, алайда ауырсынудың сол жақта болуы дәрігерге «жедел аппендицит» диагнозына күмән тудырады. Кей жағдайда, перитонеалды белгілер қосылған жағдайда да, диагноз күмәнді болады. Егер ішкі ағзалар-дың теріс орналасуы белгілі болса, диагноз бірден қойылады.
Бауыр асты аппендициті. Бауыр астында орналасқан өсіндінің қабынуы оң жақ қабырға асты доғасында ауырсынумен және жиі, көп ретті құсумен басталады. Оң жақ қабырға асты доғасын абайлап «ұрғылағанда», баланың ауырсынуы айқын көрінеді, аталған жерде бұлшық еттер қатаюы байқалады және Щеткин-Блюмберг симптомы - оң. Айқын ауырсынуға байланысты бауырдың шеті анықталмайды. Оң жақ мықын аймағы бос және ауырсынусыз болады. Ректалды қарауда ауытқудың қалыптыдан айырмашалығы болмайды. Пайда болған аппендикулярлық инфильтрат өт жолдарын басып тастағандықтан, немесе қабынудың бауыр тініне ауысуынан кейбір балалардың терісінде және шырышты қабаттарында аздаған сарғаю пайда болады. Аппендициттің бұл түрі перитонеалды симптомдар пайда болған кезде ғана, өте кеш анықталады.
Гангренозды аппендициттің өтуінің басты ерекшілігі – құрт тәрізді өсіндідегі нерв аппараттарының зақымдалуы салдарынан болатын, іште ауырсынудың азаюы. Ауырсыну біртіндеп азаяды, немесе толығымен жоғалады да, сырқатты баланың жағдайы салыстырмалы жақсарып, соңы жайылмалы перитонитке ауысады. Бұл балаларда, дене қызуына сәйкессіз тахикардия анықталады. Іші тыныс алу актісіне қатысады, жұмсақ, терең пальпацияда ауырсынады, іш пердесінің тітіркену симптомы анықталмайды.
Жедел аппендицит кезіндегі іштің ауырсынбауы көптеген қателіктерге әкеледі: жедел аппендицит диагнозын шектеп, баланы үйге жібереді. Мұндай қателіктер әдетте тек ішті ғана қарап, басқа тексеру әдістерін қолданбағанда болуы мүмкін. Ректальдық тексеруде ішек қабырғасының түсуі, құрсақ қуысының инфильтратын, ректальдық температураның жоғарлауын байқайды. Қан талдамасында лейкоцитоз, жас жасушалардың көп болуымен байқалады. Кейде нейтрофилдердің токсикалық түйіршіктігі пайда болып лейкоциттердің саны 5-6х109 г/л-ге дейін төмендейді.
Дәрігер-хирург, бала тынышталғаннан соң, құрт тәрізді өсіндідегі қабыну үрдісі болмаса да, жедел аппендициттің гангренозды атипті ағымын ескеріп, баланы хирургиялық бөлімге бақылауға жатқызуы керек. Бірнеше сағаттан соң, баланы қайта қарағанда, симптомдардың өршуі және перитонит белгілері пайда болады.
Түсініксіз жағдайда, жедел аппендицитке диагноз қою үшін диагностикалық лапароскопия жасалады.