Оқушыларды математика пәнінен Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге даярлау жұмыстары



Дата18.02.2017
өлшемі135,71 Kb.
#10210
Оқушыларды математика пәнінен Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге даярлау жұмыстары

(Мұғалімдердің тамыз кеңесіне әзірленген баяндамасы )

Қазақстан , Шығыс Қазақстан облысы ,Өскемен қаласы

Жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі Наурызбаева Светлана Агзамовна


Ұлттық Бірыңғай Тестілеу – Қазақстанда орта мектеп бітірушілердің білімін бағалау , әрі саралаудың тиімді жолы болып табылады .

Жыл сайын өтетін ҰБТ мектеп ұжымы мен пән мұғалімдерінен үлкен жауапкершілік пен жаңа ізденістерді талап етеді . Қазіргі күні әр мұғалім 45 - минуттық сабақ жүргізу барысында шәкіртінің білім сынынан сүрінбей өтіп , жақсы нәтижеге жететіндей сапалы білім беру үшін оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып , сабақ берудің тиімді түрлерін пайдалана білуі керек . Осы орайда сіздерге математика пәнінен дәріс беру және оқушыларды ҰБТ – ге әзірлеу іс -тәжірибемді ұсынып отырмын .

Математика пәнін оқыту әдістемесінің негізі – оқушылардың қабылдау қабілетін , оқулықтағы теориялық білім және оны техникалық біліммен қалай ұштастыру керектігі , оқу материалының желісі мен құрылымын ретке келтіру , сонымен бірге оқушылардың материалды өздігінен үйренуіне жол ашу ,осы заманғы математиканы оқытудың жаңашыл әдісін қолданып , оқушының ролін айқындау , әрі оқушының ақыл-парасатының дамуын және қабілетін тәрбиелеу мәселелерін шешуге құрылған .

Оқытудың табысты болуы тақырып ішіндегі материалдардың дұрыс және жүйелі бөлінуіне , әрбір сабақ құрылымының тиянақтылығына байланысты . Оқу жылының алғашқы айларында сыныптағы әрбір оқушының мінез–құлқын , сабаққа қатысу белсенділігін , қойылған талапты орындауын , ойлау қабілетінің деңгейін , қызығушылығын , ерік -жігер , табандылығын, жеке пәндер бойынша көрсеткіштерін , әр деңгейдегі өздік бақылау жұмыстардың қорытындысы талқыланғаннан кейін ғана оқушыларды топтарға бөліп , әрбір топпен қандай жұмыс түрін жүргізуді сабақ жоспарында белгілеймін . Әр оқушымен жекелей жұмыс жасай отырып , оқушы біліміндегі олқылық қай сыныптан , тіпті нақтылай айтқанда қай тақырыптан кеткенін анықтай отырып, өздігінен жұмыс істеуге үйретіп , дербестік қабілетін дамыту арқылы , өзін -өзі бақылай білу дағдыларын , даму деңгейлерін анықтай алу мәселесін шешуге көмектеседі . Білімі төмен оқушылардың білімдері есепке алынып , қосымша сабақтар ұйымдастыру арқылы кемшілікті жоюға бағытталып , оңайдан қиынға қарай сатыланып жүргізілетін есеп түрлері түрленіп беріліп отырады . Оқушы білімі мен білігі үнемі бақылауда болады.Бірінші – сабақта тақырыпты жалпы талдау ; екінші – практикалық ; үшінші -тақырыптық сынақтарда жүзеге асады .

Талдау , қорытындылау , жинақтау ,саралау , дәлелдеу , индукция , аналогия сияқты ой әрекеттерін үйретудің нәтижесінде, білімді меңгерте отырып , болжамның дұрыстығын өздігінен тексеруге үйренген оқушылардың білімдері терең , математикаға қызығушылығы жоғары болады. Білім сынығының кезкелген түрінен жақсы нәтижеге жету үшін оқулықтағы стандартты есептермен қоса В және С тобының есептеріне ерекше назар аудару керек , қарастырылып отырған тақырыпқа сай мысалдарды қосымша әдебиеттерден алған жөн . Күрделі тақырыптардың тізбесін әр сынып үшін анықтап , оқушылардың осы тақырыптарды тиянақты меңгеруінде көңіл бөлу керек . Кейбір тақырыптарды өткенде ҰБТ-ге әзірлік тест кітапшасындағы , байқау сынақтарда кездесетін тапсырмалармен салыстыра отырып ,теорияға толықтыру енгізіп, конспектілерін қадағалау , есеп шығару мысалдарын талдау керек . Оқушы тест тапсырмаларымен жұмысты неғұрлым ертерек бастаса , нәтижесі соғұрлым жақсы болады . 5-11 cыныптарда жүйелі түрде әртүрлі тест пен тест кітапшасымен жұмыс жүргізілетін болса , оқушы өз бетімен де іздене бастайды , шапшаңдыққа ,бәсекелестікке ұмтылады . Мектеп бітіруші үшін ҰБТестілеу сапасы, нәтижесі жоғары болады.



Төменде "Сабақ құрылымдары " , " Математика пәнін оқытудың белсенді формалары " берілген. Осы кестелер бойынша пәнді оқытудың нәтижелігі , қойылған мақсаттың орындалуы сабақ барысындағы оқушы мен оқытушының іс- әрекеттерін ұйымдастыру арқылы жүзеге асады .

Сабақ құрылымы


Құрылымы

Сабақ элементтері арасындағы байланыс . Оқушы мен оқытушының іс- әрекеті

1.Сабақтың негізгі элементтері

1.Сабақ тақырыбы , мақсат - міндеті , соңғы нәтижеге болжам. 2. Жаңа материалды беру .

3. Жаңа материалды бекіту , бірнеше есептің шығару түрлерінің тәсілдерін көрсету .

4.Оқу материалын дамыта отырып қиындық деңгейін арттыру .

5. Өз бетімен орындайтын жұмыстарды даралап саралап жүргізу .



2.Сабақты ұйымдастыру формалары

Фронтальды, жеке , топпен

3.Тәсілі

Пассивті әдіс -тәсілден бірте- бірте активті әдіс -тәсілге өту

4. Ойлау белсенділігін арттыру

1. Проблемалы ситуация туындату ( ой қозғау ). 2. Ішінара зерттеу және дәлелдеу .


Математика пәнін оқытудың белсенді түрлері


Оқыту формалары

Белсенді оқыту түрлерінің функциясы

Орындалу формасы

Проблемалық лекция 15 минут көлемінде

Жаңа материал ақпарат дайын күйінде берілмейді , проблема лық ситуациялар туғызу арқылы оқушы зейінін материал негізін көруге бағыттайды .

Негізгі мәселені шешу жолдарын конспектілеу және формула , анықтама , теоремамен негіздеу

Оқыту алгоритмдерін беру арқылы

Материалды жүйелі қабылдау үшін есеп шығару және оны талдау , дәлелдеу алгаритмдері арқылы есеп шығару дағдысын қалыптастыру .

Берілген алгаритмдермен жұмыс істей отырып , материалдың мазмұнын ашу және жетілдіру .

Практикалық нақты ситуацияны саралау

Өздігінен орындайтын жұмыс арқылы есеп шығарудың бірнеше жолдарын қарастыра отырып , ең тиімді әдісін анықтау , таңдату . Қиындық деңгейі әр түрлі сараланған тапсырмалар жинағын ұсыну .

Теориялық алған білімдерін практикалық есептер шығаруда қолданады. Материалды нақты дәлелдейді , қорытынды жасайды.

Оқушының материалды меңгеру деңгейін тексеру

Оқушы моделі бойынша көп нұсқамен берілетін тексеру жұмысының орындалу сапасы, материалды меңгеру деңгейі анықталады .

Өткен материалдар бойынша өздігінен орындауға берілген жұмыс түрлеріне жауап береді .

Жеке консультация арқылы оқушымен жеке жұмыс жүргізу

Оқушылардың материалды меңгеруінде кеткен олқылық тар мен кемшіліктерді жоюға бағытталады.

Түзетуге арнайы әзірленген

тапсырмаларды орындату .




ҰБТ – бұл мектеп бітірушінің орта мектепте алған білімі сапасын бағалайтын білім мекемесіне тәуелсіз мемлекеттік жүйе. Әрбір мектеп бітіруші үшін ҰБТ өте күрделі сынақ . Санаулы уақыт ішінде жауапкершілікпен жұмыс жасап мектептен алған білімін қажетіне сай қолдана білу, жаңа ортада, жаңа жағдайда өзін сабырлы,лайықты ұстай білу керек болады. ҰБТ тапсыратын оқушы кім ? Ол - талаптану ,еңбектену ,білім - ілім қабылдау деңгейімен бір-бірінен ерекшеленетін жеке тұлға.

  1. Оқушының мотивациясы жоғары, қабілеті жоғары;

  2. Оқушының ішкі мотивациясы төмен, қабілеті бар;

  3. Оқушының мотивациясы жоқ, қабілеті төмен (қайтсе де оқушылық деңгейдегі 7 есепті шығару керек) болуы мүмкін .



ҰБТ кезінде ескеретін талаптар

  1. Өзіңді тепе-теңдікке түсіру (2 минуттай)

  2. Тапсырманы соңына дейін оқу. Тапсырманы 2 рет оқып,толық түсініп,нені сұрап тұрғанына көз жеткізу

  3. Жеңіл есептерден бастау.Қиын есептерді қалдырып кетуге үйрену

  4. Алып тастау тәсілімен (методы исключения)

  5. Қайта оралу,тексеру,шығару

6. Интуиция.
Мектеп бітіруші ҰБТ-де жақсы жетістікке жетуі үшін пән мұғалімі де өз пәні бойынша жүйелі түрде бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуі керек : ●Ұйымдастырушылық ;

●Ақпараттық ;

● Әдістемелік ;

●Психологиялық

●Техникалық

Мектепте ҰБТ-ге әзірлеудің арнайы бағдарламасы болуы керек.

Оқушыларды ҰБТ- ге жан-жақты даярлау мақсатында мектеп бойынша жүйелі түрде жыл бойы мынадай іс-шаралар жүзеге асырылуы қажет : 1. 10- сынып оқушыларын жыл соңында ҰБТ тест бойынша тестілеу .

Әдетте алынған нәтижені талдай келе, оқушыларда ҰБТ туралы алғашқы мағлұматтар , кездесетін қиындықтар мен өзінің нақты білім деңгейі туралы алғашқы көзқарас қалыптасады . Көптеген оқушылар жаз кезінде тест жинақтарын , қосымша әдебиеттер сатып алып , өз бетімен дайындықты бастауы да мүмкін .

2. 11- сынып оқушылары және олардың ата-аналарымен оқу жылының басында ҰБТ- ге қатысты түсінік жұмыстарын жүргізіп , әңгімелер өткізу .

Оқушылар мен ата-аналары ҰБТестілеу жөнінде толық және нақты мағлұматтар алуы , онда кездесуі мүмкін қиындықтар мен проблемалар , ҰБТ даярлау жоспары жөнінде хабардар болуы қажет.

3. ҰБТ даярлауға арналған сабақтар (оқу жоспарының вариативті бөлімі есебінен) . Бұл сабақ 1- қыркүйектен оқу кестесіне енгізілген және оқушылардың толық қатысуы , даярлығы толық есепке алынады .

4.Оқу жылы бойы байқау тестерін өткізу .

5. ҰБТ байқау сынақтарының қорытындысын шығарып , үнемі талдау жасау .

6. ҰБТ алдындағы белсенді даярлық .

7. ҰБТестілеуге психологиялық тұрғыдан даярлау .
Математикадан тестке психологиялық тұрғыда әзірлеу оқушыларға тестке деген жақсы көзқарас қалыптастыруға бағытталады. Ол дегеніміз, егер өзі тырысып даярланса , ізденсе, ерінбесе , жап-жақсы нәтижеге жетуге болатындығы туралы пікір қалыптастыру . Сенен түк шықпайды немесе тест орындау деген түк емес , оңай және қарапайым жұмыс деп немқұрайлық танытуға болмайды. Ең негізгісі , оқушы өз мүмкіндігін өзі нақты бағаласа және емтихандағы өз нәтижесін өзі жоспарласа . Тапсырмның қиындық деңгейін кей жағдайда күні бұрын , кейде оны орындаған соң айтса да болады. Оқушыдан "Бұл тапсырма қай бөлімнен деп ойлайсың ? Сен оны орындадың ба ? Кімге бұл тапсырма қиын болды ? " деп сұрауға да болады. Емтихан алдындағы ішкі күйзеліс пен толқуларды басу үшін оқушыға өзін – өзі реттеу тәсілдері көмектеседі : релаксация,концентрация , визуализация және өзін -өзі сендіру , тағы да еңбек және демалыс кестесін дұрыс жоспарлау . Оқушыны тест тапсыру техникасымен таныстыру керек . Бұл техника төмендегі жағдайларды есепке алады : уақытты үнемі қатаң бақылауға алуға үйрету ;

● тапсырмалардың қиындық деңгейін объективті және субъективті тұрғыда бағалауға үйрету , осы тапсырмаларды саналы тұрғыда таңдап алу;

●есеп нәтижесінің мүмкін шекарасын болжауға , есеп шығарудың тиімді тәсілін қолдануға , т.б. үйрету.

●тестілеу кезінде " спираль бойымен қозғалу " тәсіліне үйрету .

Осы тәсілге тоқталайын . Оқушы тест тапсырмаларын басынан соңына дейін қарап шығады және өзіне қарапайым , түсінікті және жеңіл көрінетін тапсырмаларды белгілеп қояды (бұл тәсілді "мәтінге шолу" десе де болады ) .

Осы тапсырмаларды оқушы алғашқы кезекте орындайды , уақыт қорын үнемі , қатаң бақылауға алуы керек.Ұзақ уақыт математикамен шұғылдану үшін оқушы оған жаттығу керек . 3 сағат үзіліссіз және үдемелі түрде жұмыс істеу кезкелген оқушының қолынан келмейді . Бұл ритмге оқушыны үйрету керек және тым болмағанда жұмасына 1 рет оқушыларды жаттықтыру керек . Сондықтан сабақ кестесіндегі математикадан өзге жұмасына сабақтан тыс уақытта түстен кейін ұзақ мерзімді консультациялар өткізу тиімді . ҰБТ әзірлеуді бастаған кезде сағаттар арасында 5 минут демалыс берілсе , кейіннен үзіліссіз жұмыс істеуге үйрету керек. Басында оқушылар шаршағанмен , бір айдан кейін осы режимге қалыптасып ,3 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеуге үйренеді. Әр оқушы әдетте өзінің әлсіз тұстарын жақсы біледі . Тест кезінде оқушы өзі жақсы білетін тапсырмаларды орындауы керек. Әдетте оқушылар логарифмдерге байланысты есептерден қорқады . Бұл тақырып 11 сыныптың екінші жартысында қарастырылады . Сондықтан тест орталығында өткен сынақтан соң нәтижелерінің төмендігі логарифмдерге байланысты деп түсіндіруге тырысады . Ал логарифмдерге байланысты есептер тест құрастырушылардың негізгі таңдайтын тақырыптарының бірі. Егер логарифмге байланысты есепті шығармаса , оқушы тригонометрияға байланысты есептердің бәрін шығару керек . Ал тригонометрия барлық жағынан алғанда оқушыдан жақсы білімді қажет етеді. Егер оқушы сынақтарда жақсы тапсырсын десек , оны өз бетімен неғұрлым көп есепті дұрыс орындауға үйрету керек. Оқушыны нәтиженің дұрыстығын бірден тексеру үшін қарапайым орнына қоюларға үйрету керек, ал уақыт қалса тексерем деу бекершілік. Есепті шығарып болған соң есеп шартын қайтадан мұқият оқып шығуға үйрету керек, өйткені есеп шартында қосымша талаптар болуы мүмкін : түбірлердің қосындысын , түбірлердің көбейтіндісін , бүтін шешімдердің санын тап , т.с.с . Оқулықтарда көпшілік жағдайларда жауаптармен қосымша жұмыс істеу кездеспейді , кейбір оқушы жауап парағына қосымша шартты ескермегендіктен есеп дұрыс шыққанның өзінде қате жауапты белгілейді. Емтиханға дайындық кезінде теориялық материалды қайталау ерекше роль атқарады, өткен материалды сынақтарда қолдана білу оны қалай еске сақтағанға байланысты. Топтау тәсілі көп таңбалы сандарды , формулаларды еске сақтауды жеңілдетеді. Теорема тұжырымдамасын еске сақтау үшін ассоциативтік тәсілді қолдану керек , яғни сақтау керектің мазмұны мен өзіңе таныс заттың ұқсастығын тағайындау .



ҰБТ-ге техникалық тұрғыда даярлау мұғалімнің дәстүрлі әдістемелік ұйғарымына қайшы келеді : әдеттегі бақылау жұмысын орындаудан айырмашы лығы тест-тапсырмасының дұрыс және сапалы орындалуы ешқандай қағазбастылықты , шешімін толық жазуды талап етпейді . Ең негізгісі оқушы неғұрлым көп түрлендіруді ауызша , ойша орындаса , соғұрлым көп уақыты тестпен жұмысқа қалатынын түсінуі керек . Шындығында әр нұсқада жауабын қарапайым жолмен табуға болатын есептер кездеседі , осылар арқылы уақытты үнемдеп және нәтижені жақсартуға болады .

ҰБТ-ге әдістемелік тұрғыдан даярлау назардан тыс қалмау керек , өйткені мұғалімдер көбінесе өткен жылдардың тапсырмаларынан неғұрлым көп шығартуға тырысады . Тәжірибе көрсеткендей бұл тәсіл тиімді емес. Біріншіден , нұсқалар жыл сайын қайталанбайды . Екіншіден, оқушыда осы тәрізді тапсырмаларды орындаудың жалпы мүмкіндігі қалыптаспайды . Оқушы біраздан кейін осы есепті шығарғанын ұмытуы да мүмкін . Ол есептің шығарылу жолын есіне түсіруге тырысады , осы типтес есептерді шығарудың жалпы жолын , алгоритмін қолдануға тырыспайды . Барлық есептің шығарылуын жаттап алу мүмкін емес . Сондықтан белгілі бір типтес есептерді шығару жолын және тәсілдерін үйрету тиімді болар . Әдістемелік тұрғыда әзірлеудің бірінші принципі - тақырыптық принципі мына тақырыптар бойынша қарапайымнан күрделіге дейін қайталап , типтік есептерден бастап күрделі есептерді шығаруға дейін шығаруға үйрету :

1. Сандар ұғымы . 2. Проценттер. Есептер шығару . 3. Пропорциялар ,оның негізгі қасиеті , пропорция құруға және оны шешуге есептер . 4 . Сандық функциялар . Арифметикалық және геометриялық прогрессиялар (жалпы мүшесінің және алғашқы п- мүшесінің формулалары ). 5. Туынды , диффференциалдау ережелері .

6. Функция графигіне жанама . 7. Туынды көмегімен функцияны зерттеу . 8 . Функцияның ең үлкен және ең кіші мәндері . Есептер шығару . 9 .Алғашқы функция . Интеграл . Ауданды есептеу . 10. Көрсеткіштік және логарифмдік функциялар. Көрсеткіштік және логарифмдік теңдеулер және теңсіздіктер . 11. Тригонометриялық тепе – теңдіктер және теңдеулер , теңсіздіктер .
Екінші принцип: дайындық кезеңінде тақырыптық тест логикалық өзара байланысты жүйе ретінде құрылуы керек , яғни алдынғы тапсырманың дұрыс орындалуы келесі тапсырмалардың орындалуына даярлайды .

Үшінші принцип : комплексті тестілеуге даярлықтың соңына таман көшу керек ( сәуір – мамыр ) , осы кезде оқушы тапсырмаларды орындаудың негізгі жолдарын меңгерген және күрделі есептерді шығаруға дағдыланған болады.

Төртінші принцип : барлық жаттығу тест тапсырмаларын " жылдамдық тесті" режимінде орындату керек , яғни қатаң шектеулі уақыт мезетінде . Үнемі уақытқа қарап және уақытты дауыстап айтып , оқушыларға хабарлап отыру керек .

Бесінші принцип : жүктемені максимализациялау принципі , яғни барлық оқушы үшін тапсырмалар мазмұны жағынан да , уақыт бойынша да бірдей мөлшерде беріледі . Басқаша айтқанда , нашар оқитын оқушыға ҰБТ кезінде ешқандай жеңілдік берілмейді , ал оқу процесі кезінде мұғалімге оған деңгейлік бақылау тапсырмаларын беруге тура келеді .

Тәжірибе көрсеткендей ҰБТ кезінде дифференциациялау ескерілмейді . Санды «дұрыс қолдана» білу де есептің шешімін жылдам табуға көмектеседі..



Мысалы . Насос бассейннен 10 минутта судың 1/3 бөлігін айдап шығарады . 0,25 сағаттан соң насос тоқтап қалды .Насос тоқтағаннан соң бассейнде әлі де 40 м3 су қалса , онда бассейннің сыйымдылығын тап .

Талдау . 0,25 сағ - бұл 15 мин. 15 мин 10 минуттан жартысына артық . 1/3 : 2( жартысы) =1/6 . Насос бассейіндегі судың 1/3+1/6 мөлшерін айдап шығарды . 1/3 +1/6 =2/6 +1/6=3/6= ½ - бұл 40 м3 , ендеше бассейннің сыйымдылығы 80 м3 . (Талдауға 30 секундтай уақыт кетеді .)

Емтиханға даярлықтың барлық кезеңінде оқушыларға ата - аналары көмектесуі керек . Ата – аналар мектеп бітірушіге құрметпен қарау , баласының іс – әрекетін дұрыс бағалап , көтермелеу , жанұяда қолайлы сыйластық жағдай тудыру арқылы өз баласының өзін - өзі дұрыс бағалауына, шығармашылық талпынысына жол арқылы ашады, оқушы сенімін оятады . Мектеп бітірушіге жоғары оқу орнына түсе алмай қалған жағдайда да психологиялық қолдау қажет болады . Жағдайды одан ары ушықтырмай , тап болған жағдайдан шығу жолын бірлесіп іздеу керек .



Өз іс -әрекетінде " Мен істей аламын " , " Мен істеуім керек " деген сияқты өзіне сенім арта білген жан көп нәрсеге қол жеткізеді .Өзіне күні бұрын жетіс- тік тілеген адам , осы жолда жақсы жетістікке жету үшін аянбай еңбек етеді .

Бірақ та 11- сынып оқушыларымен қаншалықты жанкешті даярлық жүргізсең де мектеп ұжымының жоспарлы түрдегі негізгі міндеті – барлық оқушыны барлық ғылым негіздеріне үйретуді алмастыра алмайды . Сондықтан оқушыны жан – жақты даярлау дегеніміз - 1 сыныптан бастап үздіксіз мақсатты түрде , нәтижелі жұмыс істеу . Бұл - білім беру процесіне қатысушылардың барлығының білім берудің барлық кезеңіндегі нәтиже үшін жауапкершілікті түсіну .

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет