Түйін сөз: Махамбет, Исатай, Сырым, Қаратай, Арынғазы, Жоламан, ұлт-азаттық қозғалыс.
Биыл халқымыздың біртуар ұлы Махамбет Өтемісұлының туғанына 210 жыл толды. Елім деп еңіреп өткен, азат ұрпағының ертеңі үшін жанын қиған батыр бабамызға деген халқының құрметі мен сүйіспеншілігі ерекше. Еділ - Жайық аралығында басталып, кейін тұтастай Кіші жүзді қамтыған Исатай Тайманұлы (1791-1838) мен Махамбет Өтемісұлы (1803-1846) бастаған қозғалыс тарихы қай заманда да көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Оған орыс зерттеушілері де, кейін кеңестік тарихшылар да айрықша назар аударды. Дегенмен тәуелсіздік жағдайымызда мәселе жаңа қырынан зерттеле бастады.
Исатай мен Махамбет бабаларымыздың басшылығымен болған ұлт-азаттық қозғалыс Халел Досмұхамедов айтқандай халқымыздың азаттық жолындағы еш үзілмеген қанды күресінің заңды жалғасы болатын. Бүгінгі таңда ұлт-азаттық қозғалыстардың өзара байланыстылығы, сабақтастығы толықтай дәлелденуде. Халық батырлары Исатай мен Махамбет Ресейдің Қазақстанды отарлау заманындағы қазақ сұлтандары Сейдәлі Досалыұлы, Аппақ, Жантөре Айшуақұлдары, байбақты Сырым Датұлы, Қаратай, Арын-ғазы, Қайыпқали сұлтандар, табын Жоламан, шекті Көтібар батырлардың ізбасарлары болды. Әрине елі үшін қызмет еткен тарихи тұлғалар мен батырлардың қайсарлығын, еліне деген сүйіспеншілігін Исатай да, Махамбет те өз көздерімен көріп те, түйсіне білді. Оларды заманының жеке тұлғала-рымен де, ұрпақтарымен де жеке таныста болды деуімізге әбден болады. Біздің мақсатымыз азаттық күрестегі осындай өзара сабақтастықтықты дәлелдеу, батырлардың олардың ісін жалғастырушылар екендігін айқындау.
Алдымен Исатай мен Махамбетке ерекше әсер еткен 1783-1797 жылдар аралығындағы тұтастай Қазақстанның батыс өңірін қамтыған Сырым Датұлы бастаған қозғалыс екендігі баршамызға белгілі. Оған 12 ата Байұлдарының барлық рулары белсене қатысты. Соның ішінде Ағатай ұранымен жеті баулы беріштердің жауға шапқандығы тарихи ақиқат. Сырым баба жанында тұтас-тай Кіші жүздің батыр-билері қатарында Шойтас, Саржала, Бөденелердің өле-өлгенше жүргендігін тарихи құжаттар айғақтайды. Ата шежіреде Сырым баба бір қызын Махамбет батырдың әкесі Өтемістің бір ұлына берген екен деген де әңгіме айтылады. Ол турасында Ы.Шөреков пен Әнес Сарайлар жазған-ды. Шежіре бойынша Сырым Өтеміске өлер шағында «татулығы-мызда қапы жоқ еді, қыз беріп, қыз алысып сүйек жақын бола алмадық» деген екен делінеді. Көп ұзамай Махамбеттің анасы алаша руының қызы Қосуан (бір деректе Қосжан) Сырымның үлкен ұлы Жүсіптің қызына құда түскен. Үйленер алдында Әйіп Өтемісұлы қайтыс болған соң Сырым немересін әмеңгерлік жолмен бір деректе Махамбеттің інісі Қожахмет, келесі бір деректе ағасы Бекмағамбет алған екен [1]. Міне, мұның өзі қазақ батырларының ел бірлігін сақтаудағы бірлік саясатын дәлелдейді.
Исатай мен Махамбет батырлардың оң-солын таныған кезеңнен құлақтарына қанық жеткен 1805-1815 жылдар аралығында батыс өңірді тұтас қамтыған атақты Бақытжан Қаратаевтың атасы Қаратай Нұралыұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кең етек алды [2, 48б.]. Он жылға созылған Қаратай Нұралыұлының ұлт-азаттық қозғалысына Кіші жүздің қазақтары мен сұлтан, би, батырлары белсене қатысты. Қаратай Нұралұлы бастаған қозғалыстың басталуына бірден-бір себеп Кіші жүздегі 1805 жылғы хан сайлауда орыс үкіметінің хандықтың ішкі мәселесіне кірісіп, Жантөре сұлтанды Кіші жүз ханы етіп сайлауы еді. Бұл кезеңде Кіші жүз халқының басым көпшілігі Қаратай Нұралыұлын хандық тақтан көргісі келіп, қолдайтындығын патша үкіметіне ашық жеткізген болатын [3, 16-17п.].
Кіші жүзде қол жинап орыс әкімшілігінің саясатына ашық қарсы шыққан қол бастаған Қаратай ханды қолға түсіру үшін Орынбор әкімшілігі қазақ-орыс шекарасындағы бар әскерін жұмылдырды. Ал Қаратай хан болса орыс бекіністеріне шабуыл жасап, қолға түскен орыстарды шеп бойында тұтқында жатқан қазақтарға, немесе Бұхарада тұтқынға түскен татарларды босата отыра, оларды қазақтарға айырбас жасаған. Қаратай Нұралыұлы қазақ мемлекеттілігін сақтап қалуға, отарлауға қарсы ашық қарсылық күресін жүргізген хан болды.
Ал Арынғазы Әбілғазыұлы болса әкесінің орнына Кіші жүздің оңтүстігін жайлаған қазақтардың қолдауымен 1815 жылы ақ киізге хан көтергеннен бастап аз уақыт ішінде ел басқарудағы қабілеттілігімен Кіші және Орта жүз қазақтарының назарына ілікті [4]. Арынғазы Әбілғазыұлының мемлекеттік қызметінің басты мақсаты қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғырту, нығайту, мемлекеттік басқару ісіне батыл қайта құрулар жүргізу арқылы хандық басқаруды күшейтуді жоспарлады. Арынғазы Әбілғазыұлы аз уақытта хандық басқару жүйесін шебер ұйымдастыра білді. Мемлекеттік басқарудың бұқаралық сипаты Хан кеңесін кеңінен пайдаланды. Ол кеңесте ақсақалдар кесіміне арқа сүйеді. Ал сұлтандар, билер, қазылар, ел ақсақалдары, батырлар хан билігінің әлеуметтік тірегіне айналды. Кіші және Орта жүз ақсақалдары кеңесі Арынғазы ханға бірден қолдау көрсетті. Арынғазы ханның ұлт-азаттық азаттық жолындағы күресінің басты мақсаты оңтүстіктегі хиуалықтардың шапқыншылық жорығына қарсы қазақтардың басын біріктіріп, тойтарыс беруді көздеді. Сол арқылы жан-жақтан қыспақтаған жауға соққы беріп, тәуелсіздігін қалпына келтіріп, хандық мемлекеттің дербес басқару жүйесін нығайтуды жоспарлады. Осы жағдайда Арынғазы хан да Хиуа хандығына қарсы амалсыздан алпауыт орыс елінің әскери күші мен мүмкіншілігін пайдалануды ойлап, көмек сұраған болатын. Мұндай сәтті шебер пайдаланған Орынбор әкімшілігі 1821 жылы шілде айында оны дереу патша қабылдауына алдап шақырып, жер аударып тынды.
Патша үкіметі Арынғазы Әбілғазыұлын Калугада мәңгілікке қалдырып, ол бастаған қазақтардың қарсылық қозғалысын тоқтатуды көздеген болатын. Көп ұзамай Кіші, Орта жүз рулары Арынғазы ханды қайтаруды талап етіп атқа қонады.
1822 жылы Елек жағалауын қазақтарға қайтару мақсатында қарсылық күресін бастаған Жоламан Тіленшіұлы да патша үкіметіне «Егер Арынғазы елге қайтарылмаса, орыс шекарасына шабуылдардың жалғаса беретіндігін» хабарлады. Кейін жолдаған тағы бір хатында «Санкт-Петербургке жіберілген елшілеріміз Арынғазы хан мен Жүсіп Сырымовтың қайтып оралмауына байланысты және олардың елге қайтуына император неге рұқсат етпей отырғанын білмегендіктен, қазақтар мазасыздануда»,- деп тарқата түседі [5, 9 б.]. Жоламан Тіленшіұлы қарсылық күресін 1825 жылға дейін жүргізді. Әйтсе де, қазақтардың жаппай жолдаған хаттары мен шекара бойындағы қарсылықтары Арынғазы ханды елге қайтара алмады. Өйткені оны елге қайтару ұлт-азаттық қозғалысқа жаңа серпін беретінін патша үкіметі де түсінді. Оның үстіне Орта, Кіші жүздерде дәстүрлі хандық билікті жою мәселесі бұл кезеңде іс жүзінде шешіліп те қойған-ды. Арынғазы ханды елге қайтару жолындағы қазақтардың әрекеттері ол 1833 жылдың 28 тамызына дейін, яғни, қайтыс болғанша жалғасты. Сөйтіп, Арынғазы хан еліне орала алмаса да оның азаттық күресін қазақ даласындағы ізбасарлары іліп әкетті.
1827-1829 жылдар аралығында Қазақстанның батыс өңірінде сұлтан Қайыпқали Есімұлының Ресейдің отарлау саясатына қарсы бағытталған қозғалысы басталды [6]. Бөкей ордасындағы сол заманда ел назарын аударған осы бір қозғалыстың негізгі себептері Ресей мемлекетінің отарлау саясатының толықтай Ішкі ордада жүзеге асып, хан Жәңгірдің патша шенеунігіне айналуы және оның орыс үкіметінінің мүддесіне сай қызмет етуі, содан туындаған жер мәселесінің шешілмей шиеленісе түсуі болды. Қалыптасқан жағдай хан әулетіндегі сұлтандардың да ашық наразылығын арттырды. 1826 жылғы қыста Ішкі орда қазақтары қатты жұтқа ұшырады. Жер мәселесін шеше алмаған қазақтар амалсыздан Саратовқа дейін үдере көшуге мәжбүр болды.
Қозғалыс 1827 жылдың қаңтар, ақпан айларында қазақ руларының Жайық өзенінің Бұхара бетіне көшуімен басталды. Қайыпқали Есімұлын қолдаған қазақтарды арғы беттен сұлтан Шыңғали Орманов күтіп алды.
Жайық өзенінің Бұхара бетіне өтушілер жаппай қарулана бастады. Мылтық, найза, қылыш, сояу, шоқпар, балта және өзге де қару-жарақтармен қаруланған қазақ сарбаздары көшушілерді қорғап жүрген. Ал казак-орыс әскерлері мылтықпен, зеңбірекпен қаруланды.
Сонымен қозғалыс басшысы Қайыпқали Есімұлының қолға түсуі, орыс әскерінің қазақтарды жан-жақтан қыспаққа алып, Жайық өзенінен өтуге кедергі жасауы, қатысушылардың соңына түсуі, Жәңгір ханның қозғалысқа қатысушыларды Ордадан қууға жұмыстануы патша отарлауына қарсы қазақтар қарсылықтарының бір түрі ретінде байқалған – Жайық өзенінен Бұхара бетке көшу жоспарының толық жүзеге аспауына әкелді. Соған қарамастан бұл қозғалыс Бөкей ордасындағы қазақтардың Кіші жүзбен бірігуге ұмтылысын айқын дәлелдеді.
Сонымен Сырым Датұлы бастаған 1783-1797, 1805-1815 жылдардағы Қаратай Нұралыұлы, 1816-1821 жылдардағы Арынғазы Әбілғазыұлы, 1822-1825 жылдардағы Жоламан Тіленшіұлы және 1827-1829 жылдардағы Қайыпқали Есімұлы бастаған қозғалыстар Ресейдің Қазақстанды отарлау саясатына қарсы бағытталған, халқымыздың ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігін құрады.
Ішкі ордада басталып, кейін тұтастай Кіші жүзді қамтыған 1836-1838 жылдар аралығындағы Исатай мен Махамбет батырлардың азаттық қозғалысы аталған күрестердің заңды жалғасы болды. Көтерілістің шығуына себептің бірі Бөкей ордасындағы қордаланған жер мәселесінің шешілмеуі болды. Өйткені, 109300 адам қоныстанған Еділ-Жайық өзендері аралығын-дағы қазақтар екі өзеннің жағасын, я болмаса, Каспий теңізі жағалауына да, тіпті, кейіннен Үлкен және Кіші өзендерге де шығып пайдалана алмаған. Хандықтағы қазақтарды құмдуытты, шөлейтті жерлерге ығыстырған. Бөкей ордасындағы қазақтар зекетке қоса, Каспий жағалауындағы саяжайлар иелерінің жерлерін қыстағаны үшін, Жайық әскерінің «жері» арқылы малдарын айдап өткендері үшін, Ордамен шекаралас губернияларға барғаны үшін салық төледі. Оған жыл сайынғы «соғым» салығын қосыңыз [7]. Күн санап Жәңгір хан орыс патшасының саясатын жүргізуші шенеунікке айнала түсті. Орынбор да, Астрахан да ханның сенімді жақтастарына айналды. Исатай батыр мен Махамбеттің қалың қазақты ертіп, Жәңгір ханға, не болмаса, оның жүргізген реформаларына емес, өзінің атақонысы жері мен тәуелсіздігі үшін күрескендігін құжаттар дәлелдей түседі. Азаттық күрестің дем берушісі Махамбет өлеңдері Кіші жүздегі ұлт-азаттық қозғалыстың бар тарихи жүрісін баяндайды. Махамбет ақынның асқақты рухты жырларында бас бостандығынан айырылған қазақтың ашынған шарасыз жағдайы, ханның әділетсіз қарекетіне төзе алмаған халықтың жан айқайы толық көрініс табады. Небір қиындықтарға қарамастан ұлтының өмірлік құндылықтары мен азаттығы үшін күрескен тарихи тұлға болашаққа сеніммен қарады.
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы,
Артымыздан біздердің
Ақырып теңдік сұрарға.
Махамбет ақынның осы өлең жолдары оның өмірлік ұстанымын дәлелдейді.
Қазіргі кезеңде Қазақстан тарихын жазуда тарихшылар бірыңғай ағым теориясын басшылыққа ала отырып, қазақ еліндегі ұлт-азаттық қозғалыс-тарының бүгінгі тәуелсіздігімізге дейін үзілмей үздіксіз жалғасқандығын дәлелдеді. Мұның өзі халқымыздың біртұтастығын, елдігін сақтау жолындағы жанқиярлық ерлік істерін айқындайды.