Әдеби KZ
құрастырғаныма, бейне бір Абайдың «Айттым сәлем қаламқасын»
шығарғандай-ақ едәуір қанаттанып қалдым. Сөйтіп көшені біраз таптағаннан
кейін, сағат он бірге таяна жатақханаға жақындап қайта келдім.
Сол сәтте бір ой түсе қалды да, шапшаң жан-жағыма қарадым. Жол шетіндегі
аласа қашалы аулалардың бірінде шатырын қар басып, саңырау құлақтай
қалтиған беседка тұр екен. Қашадан бір-ақ аттап, жүгіріп соған бардым.
Беседканың ортасында жазда үй иелері отырып домино ойнайтын үш сирағы
ағаш, бір сирағы темір, ортасы ойылып кеткен ескі стол бар екен. Соның бір
шетіне отыра қалып, жасаулы жақсы кабинетке жайғасқан ұлы ақындай-ақ
айналама маңғаздана қарап алып, жаңағы өлеңді жеке қағазға көшіруге
кірістім. Қағаздың ортасына ірілеу етіп «Қызыл көрпе» деп жаздым да, оның
астына жақша ішіне ұсағырақ әріптермен «Меңтай туралы лирикалық ой»
деген сөздерді және қостым. Өлеңді көшіріп болып, қайталап оқып шықтым
да, аяғына «1946 жыл 1 қаңтар» деп күнін көрсеттім. Содан соң қағазды
жақсылап бүктеп, қойын дәптерімнің ортасына салдым да, орнымнан
тұрдым.
VI
Жүректегі лүпілді шынашақтың сол дірілінен анғартып, тағы да менің қолым,
соқырдың алақанындай боп, алпыс екінші бөлменің есігін ақырын бір сипап
өтті. Содан соң саусақтар бүгіліп, бірінен-бірі сүйеу, қолдау тапқандай
иықтаса жұмылып барып, тақтайды тықылдатты.
– Кіріңіз, кіріңіз, - деп екі рет қайталап айтқан қыз дауысы естілді. Мен есікті
жайлап ашып, ішке кірдім.
Үстел басында Меңтай көйлегін үтіктеп жатыр екен. Мені көргеннен кейін:
|