Әдеби KZ
ешбір сөз етпестен, қолына шиыршықтап ұстаған спорт костюмін гардероб
тартпасына сұға салды.
– Мен расында да ертерек келіппін. Келсем, сіз... а, жоқ, сен, – дедім күліп,
жаңа ғана
Меңтайды «сен» деп атауға уәделескенім есіме түсіп, - ұйықтап жатыр
екенсің.
– Ә-ә-ә, – деді Меңтай даусын әндете созып. – Онда есікті қаттырақ қақсаңыз
етті, мен оянатын едім ғой.
– Мен ақырын қақтым, бірақ есік кілттелмей бос жабулы тұр екен.
– Кілттелмепті дейсіз бе? – деді Меңтай бөлмесіне дәл қазір ұры кіріп
кеткендей көзі бақырайып. – Іңірде бір кітапты қолыма алып едім. – Меңтай
оның не кітап екенін айтқан жоқ. Бірақ, мен оның не кітап екенін түсініп, қыз
төсегі жаққа көзімді жүгірттім. Бірақ жас Вертер Лоттаны іздеп, таңертеңгі
жатқан жерінен «тұрып кетсе» керек, орындық, тумбочка үстерінде де
көрінбеді. – Сол кітаптың қызығымен есікті әне жабамын, міне жабамын деп
жатып ұмытқанмын ғой тегі. – Қыз әлде бір ұятқа ұрынғандай боп, басын
шайқады. – Мен өзім сақ емес, сенгішпін. Осыным жаман-ау, тегі, – деді
өзіне-өзі ұрысқандай: - Түнде үйге ағай емес, басқа біреу кіріп кетсе қайтер
едім.
Осыдан кейін Меңтай екеуіміз үстел басында отырып шай іштік. Бір тілім
қара нанды бөліп жеп, Меңтаймен ішкен қара шай маған балдан да тәтті боп
көрінді. Екеуіміздің ортамызда тұрған кесенің кемерінен шай ұрттаған сайын
күйдіріп ерінді қаритын екі қаңылтыр кружка, шойын шәугім мен
пластмассадан жасалған арзан тарелка сол сәтте маған дүниедегі ең қымбат
алтын сервиздерден де артық қадірлі сияқтанды.
|