№1 лекция тақырыбы:
Халық ауыз әдебиеті және Фольклор туралы түсінік
І апта. 5 кредит- сағат.
Лекция тезисі:
Негізгі тұжырым ретінде «Фольклор – халық даналығы тудырған
сөз өнері» деген анықтама қуатталып, оның табиғаты мен тарихын зерттейтін ғылым
фольклортану болып қалыптасты.
Бұрынғы еңбектерде, атап айтар болсақ, М.Әуезов,
М.Ғабдуллин, Қ. Жұмалиев, Е.Ысмайылов еңбектерінде бұл ұғым “ауыз әдебиетіне”
балама термин ретінде қолданылды. ХХ ғасыр басынан бастау алған зерттеулерде
фольклор әдебиетке тән заңдылықтар тұрғысынан қарастырылып, бағаланып келгені
белгілі.
Кезіндегі кеңестік дәуір фольклортанушылары ( Ю.М.Соколов, М.К.Азадовский,
Н.П.Андреевтер) фольклорды әдебиеттің, ал, фольклортану ғылымын әдебиеттанудың бір
бөлігі деген тұжырымға тоқталады. Қазақ ғалымдары М.Ғабдуллин “ ол –
халық
творчествосы, халықтың ауызша тудырған шығармасы” (М.Ғабдуллин. “Қазақ халық ауыз
әдебиеті”) десе, Е.Ысмайылов фольклорлық шығармаларды әдеби шығармаларға
қойылатын талап тұрғысынан қарау керектігін айтады (Е.Ысмайылов. “Ақындар”).
Ә.Қоңыратбаев фольклорға “ауыз әдебиеті” терминінен гөрі “халық поэзиясы” термині
жақын дейді (Ә.Қоңыратбаев. “Қазақ фольклорының тарихы”). Фольклортану ғылымының
қалыптасып, даму кезеңінде фольклор мен әдебиет бүтіндей бірге қарастырылып,
“фолклор = ауыз әдебиеті” түріндегі пікір үстем болып келді.
Бүгінгі таңдағы фольклортану ғылымының даму барысында аталмыш
терминдердің ерекшелігін жекелей қарастырылып, табиғатын терең таныта түскен дұрыс.
Бұл біздің ұлттық
фольклортануымызда ғана емес, әлемдік фольклортануда назарға
алынған басты мәселе. Орыс ғалымы Б.Путилов фольклордың өнер ретіндегі табиғатын
ашып, оны ауыз әдебиеті деп қарайтын тұжырымнан арылу қажет екенін айтады. Тағы бір
ғалым М.Стеблин-Каменский сөз өнерін фольклор, ауыз әдебиеті, жазба әдебиет деп үшке
бөлуді ұсынады. Фольклор мен әдебиетті бір құбылыс ретінде қарау қателікке ұрындыруы
мүмкін. Бұл жерде фольклордың өзіндік ерекшелігі назарға алынбай қалып, әдебиеттану
зерттеулері сияқты фольклорды таратушылардың өмірбаяны, ортасы, дүниетанымы
қарастырылып кетеді.
Фольклорлық мұраларды сақтап, таратушылардың
шығармашылығын
фольклорға жатқызуға болмайды. Бұл пікірді қуаттаушылар – Н.Леоньтев, А.Бочаров
және В.Аникин. В.Аникиннің пікірінше, жекелеген шығармашылықты халық
шығармасына жатқызу – тарихи мектептің зиянды қалдығы. Сондай-ақ ол Ю.Соколов пен
М.Азадовскийдің фольклордағы даралыққа артықша мән беріп, кезіндегі кеңестік
фольклортану ғылымында қате теорияның негізін салғандығын атап көрсетеді. Бұл
теорияның бастауы П.Рыбников пен А.Гифльфердингтерде екенін, кейіннен Н.Ончуов,
ағайынды Соколов еңбектерінен көрініс тапқанын тағы бір ғалым К.В.Чистов өзінің
“Жекеше ме әлде ұжымдық па...” атты мақаласында айтып өтеді (“Вопросы литературы”
журналы. №4, 1964).
Қазақ фольклортану ғылымында бұл мәселе төңірегінде жүйелі пікірлер айтылып
келді. Олардың ішінде С.Қасқабасов, М.Дүйсенов, Б.Абылқасымов
сияқты ғалымдардың
тұжырымдарын атап айтуға болады. М.Дүйсенов әдебиет пен фольклорды мүлде бөлек
құбылыстар ретінде қарастыруды ұсынса, С.Қасқабасов фольклор ұғымы ауыз әдебиеті
деген терминнің аясына сыймайтынына тоқталады. Б.Абылқасымов фольклортану
ғылымының дамуы кезеңдерінде бой көрсеткен пікірлерді негізге ала отырып, “фольклор”
және “әдебиет” ұғымдарын қатар қойып қарастыру мүлде дұрыс емес деген тұжырымға
келеді. Біздіңше фольклор” терминін ауыстыра алатын “халық ауыз шығармашылығы”
деген термин. Аталмыш
мәселе әлі де болса терең, жүйелі зерттеулер мен нақты
тұжырымдарды қажет етеді.
Сөз өнері ретіндегі фольклор мен әдебиеттің жақындығы, ұқсастығы неде? Ең
басты туыстық – екеуінің де негізгі құралы сөз. Фольклорда да, әдебиетте де сюжет бар.
Сонан соң бұл екеуінің жанрлық табиғатын анықтайтын – олардың қызметі мен нысаны.
Екеуіне де бейнелі ойлау тән.
Айырмашылықтары неде деген сауалға төмендегі белгілерді санамалап айтуға
болады.
Бірінші
айырмашылық
-
фольклорлық
шығарманың
белгілі
авторы
болмайтындығы. Жазба әдеби шығарманың авторы,
оның өмірбаяны, шығармашылық
жолы белгілі болады. Фольклор туындысы ұжымдық шығармашылық, оның авторы –
халық.
Екінші айырмашылық – фольклорлық шығарманың көп нұсқалылығы. Бір
шығарманың бірнеше түрінің болуы көп нұсқалылық болып саалады. Мәселен,
“Қобыланды батыр”, “Қозы көрпеш – Баян сұлу”, т.б. жырлардың бірнеше нұсқалары бар.
Фольклорлық шығармалардың көп нұсқалы болуының себебі – оның ауызша шығарылып,
ауызша таратылатындығы. Ал, әдеби шығармада туындыгер шығармасын өз атынан
жариялайды. Оқырман туындыны оқып біледі. Көп нұсқалы болып, өзгесіске түспейді.
Кей жағдайда ған көркем шығарманың өңделіп, толықтырылуы мүмкін.
Үшінші айырмашылығы – фольклор туындысында қалыптасқан тіркестер мен
сөйлемдердің, тұрақты ұйқастардың қайталанып кездесетінінде.
Мысалға ертегілердің
дәстүрлі басталуын алайық. Олар дерлік “Ерте, ерте, ертеде..” немесе “баяғыда бір бай
болыпты” деген сөйлемнен басталады.
Төртінші айырмашылық – фольклор туындыларының синкреттілігі. Синкреттілік
дегеніміз бір туындының бойында бірнеше өнердің тоғысуы. Батырлар жырын шығарушы
оны белгілі бір әуенмен, бір аспатта орындап тыңдаушысына жеткізеді. Бұл жерде үш
өнер - ақындық, орындаушылық және сазгерлік - қатар әрекет етіп тұр. Бұл фольклор
туындысына ғана тән белгі.
Бесінші айырмашылық – шығармадағы уақыт. Фольклорлық үлгіде уақыт үнемі
өткен шақ болып келеді. Ал, әдеби шығармада уақыт осы шақ және өткен шақ болып келе
береді.
Алтыншы айырмашылық – фольклорда жеке адамның характері,
мінез-құлқы
көрінбейді. Онда тек кейіпкердің тағдыры, басынан кешкен оқиғасы ғана ғана
баяндалады.