Шаруашылықты ұйымдастырудың бұл формасы қатардағы шаруалар
үшін өте ауыр болды. Қоныстарды ұйымдастыру кезінде оларды күштеп бір
жерден екінші жерге ауыстырды, жерге шаруаларды түбегейлі бекітті, қатаң
бақылауда ұстады. Қазынаға алатын өнім мөлшері шектен тыс жоғары
болды. Оның үстіне, әкімшілік пен әскери басшылар оларды өз пайдасына да
қанады. Қоныстануға түскендер, көп жағдайда қоныстарын тастап, қашып
отырды. Сондықтан да бұл жүйе бірте-бірте ыдырап кетті.
Билік
басындағылар шаруашылықты ретке келтірудің басқа тәсілдерін іздестіре
бастады. Нәтижеде жерді пайдаланудың үлестік жүйесі деп аталатын түрі
пайда болды. Оның мәні әрбір жұмыскерге белгілі бір көлемде жер учаскесін
бекітіп беру, сонымен бірге бекітілген көлемде салық салу тәртібі бекітілді.
Бұл жүйеге, сондай-ақ шенеуніктер де тартылды. Шенеуніктердің үлестік
жерінің көлемі қатардағы шаруалардан бірнеше есе көп болды. Оларға
сонымен бірге тәуелді жұмыскерлердің белгілі бір көлемі де бекітіліп берілді.
Мұндай тәртіпті енгізу Вэй патшалығында ІІІ ғасырдың басында қолға
алына бастаған болатын. Алайда оның заңдастырылуы 280 жылы Цзинь
империясында іске асады. Заң бойынша барлық 16-дан 60-қа дейінгі ересек
адамдар:
жеке басы ерікті,төменгі топ адамдары, жеке пайдалануға жер
үлесін алуға құқылы болды: еркектер – 70 му, әйелдер -30 му. Бұған қоса
ерлер 50 му, әйелдер 20 му салық салынатын міндеткерлік жерлер алатын
болды. Жас өспірімдер мен қарттарға осының жартысындай көлемде жер
үлесі берілді. Сөйтіп,
әр отбасы, өз құрамына қарай, 170 тен бірнеше жүз
муға дейін жер үлесін ала алды. Жер қожасына 50 ху мөлшерінде натуралды
салық салынды (1 ху - 20,23 л), сонымен бірге әр отбасынан кәсіпкерлік
салық – әр үйден 3 кесінді мата мөлшерінде алынды, бұдан басқа үлескер
мемлекет пайдасына жылдың белгілі бір мерзімінде қара жұмыстар атқаруға
міндетті болды.
Шенеуніктер дәрежесіне қарай (ежелден Қытайдағы шенеуніктер 9
рангқа бөлінді) 50 му дан 10 цинге дейінгі (1 цин -10 му) көлемде жер алып,
53 тен 2 қораға дейінгі салықтан босатылған жұмыскерлерді ұстауға рұқсат
алды.
Салықтан сондай-ақ шенеуніктердің туыстары және қызметкерлер мен
оқымыстылар сословиесінің тікелей ұрпақтары босатылды.
Бұл нормалар
мен ережелер қаншалықты дәл орындалғаны белгісіз. Бірақ бұл жүйенің
өміршең болғандығын оның кейінгі мемлекеттерде, атап айтқанда Солтүстік
Вэйде 485 жылы қайта енгізілгендігі көрсетеді. Бұл мемлекетте үлеске беру
тәртібі бұрынғыға қарағанда анағұрлым тәкпіштен қарастырылды.
Заң бойынша әрбір шаруашылықта жұмыскерлердің саны мен жасының
өзгеруіне байланысты егістік учаскелерін үнемі қайта бөліп отыру
қарастырылды. Мұндай қайта бөлу жыл сайын көктемнің алғашқы айында
іске асуы тиіс болды.
Алайда үлестік жүйенің пайда болуы Қытайдың аграрлық құрылысында
орын алған ескі қатынастардың бәрін ығыстырып шығарды деуге болмайды.
Онымен бірге басқа да шаруашылықтың формалары мен укладтар өмір сүрді.
Үлестік жүйеге қарсы тұрған VII-VI ғасырлардағы Қытайдың жер
қатынастарындағы басты құбылыс ірі жер иеленудің өсуі болды. Бұл жерде
үлестік жүйе шеңберінде қызметкерлерге беріліп отырған жерлер емес, нағыз
ірі жер иелері – «күшті үйлер» жөнінде айтылып отыр. Күштіүйлер дәл осы
III-VI ғасырларда ерекше кең құлаш жайған болатын.
Мұндай жер иеліктері – байлығы мен әлеуметтік артықшылықтары бар
күшті үйлер Хань дәуірінде-ақ пайда бола бастады.
Бірақ қарастырылып
отырған дәуірде мұндай күшті үйлердің күш-қуаты бұрынғыдан еселеп
артып кетті, күшті үйлердің ең ірілері бірнеше мыңдаған адамды біріктіруі
мүмкін еді. Саяси тұрақсыздық пен экономиканың натуралды жағдайында
«күшті үйлер» барған сайын өзін-өзі қамтамасыз ететін шаруашылық
кешенге айналып, қарулы отрядтар ұстайтын болды. Сол уақыттың сипатты
белгісі – күшті үйдің қожалығы (усадьба) кіші-гірім қамалға айналды.
«Күшті үйлердің» дербестігінің артқандығының тағы бір белгісі – олардың
кейбірінің басшылары өз қамқорлығындағылар үшін
өз ережелері мен іс-
әрекет нормаларын, яғни оқшау заңдарын шығарып отырды (ортағасырлық
батыстағы замоктанумен ұқсастығын байқауға болады).
Ірі жер иелігінің өсуі «төменгі үйлердің» (шаруалардың) мүлкін тартып
алу, шаруаларды ығыстыру, оларды тәуелділікке түсіру жолымен жүрді.
Күшті үйлердің қамқорлығына түскендер қазынаға салық төлемеді, бұл
мемлекеттің табысын төмендетті. Осыған байланысты үлестік жүйенің
енгізілуін мемлекеттің ірі жер иелігінің өсуіне кедергі жасауға
ұмтылушылығының көрінісі деп қарастыруға болады. Жеке меншік пен
мемлекеттік меншік арасындағы осы күрес бұдан кейінгі уақытта да, жалпы
Қытайдың бүкіл ортағасырлық тарихының өн бойында жүріп отырды.
Достарыңызбен бөлісу: