2.2 С.Сейітов және қазақ әдебиеттануындағы аударма мәселелері
Жер бетін мекендеген барша жұрт бір-бірінің мәдениеті мен
өнерінен нәр алып, дамуды мұрат тұтады. Олардың арасындағы рухани
алмасу процесі үздіксіз жүріп, барған сайын даму, бірін-бірі байыту
бағытында өрістеген. Ұлттық шектеушілік шеңберінен шығуға ұмтылу,
өзіңде барды өзгеге ұсыну, өзгенің өнегесін бойға дарыту - мәдениет
тарихындағы озық үлгілер осылай орныққан, өркен жайып, тамырын
тереңге жіберген. Адамзат қоғамы бір ұлттан ғана құралмай, жүздеген,
тіпті, мыңдаған ұлттардан тұратыны әркімге аян. Әр елдің өзіне тән
өнері, мәдениеті мен әдебиеті бар. Осынау рухани әлемі арқылы
ұлттардың болмыс-бітімін, табиғатын танимыз. Мәдениеттердің өзара
үнқатысуы аудармасыз жүзеге аспайтыны белгілі жай. М. Бахтин былай
деген: «Өзге мәдениет басқа мәдениеттің көзімен қараған кезде ғана өзін
толығырақ, тереңірек таныта алады… Бір мағына екінші, басқа
мағынамен бетпе-бет келгенде өзінің терең сырын ашады: олардың
арасында сол мәдениеттердің томаға-тұйықтығы мен біржақтылығын
еңсеретін үн қатысу басталғандай болады» [80,334-335-б.]. Әлбетте,
үнқатысулар мен халықтардың бірін-бірі түсінісуі үшін аударманың ролі
ерекше. Түрлі тілде сөйлейтін халықтардың жан әлемін, мәдениетін,
атап айтқанда, көркем әдебиетін аударманың көмегі арқылы танып-
білуге болатындығын дүние жүзі халықтары қарым-қатынасының бүкіл
тарихы растап береді. Аударманың нақты анықтамасына тоқталатын
болсақ, «Әдебиеттің энциклопедиялық сөздігінде» : «әдеби
шығармашылықтың түрі, оның нәтижесінде бір тілдегі туынды басқа
тілде қайта жасалып шығады» десе [81, 273-б], «Әдебиеттану» терминдер
83
сөздігінде оған: «Әдеби шығарманың бір тілден екінші тілге көшіріліп
қайта жасалуы, басқа тілдегі түпнұсқа негізінде жазылған көркем
туынды», – деген анықтама берілген [82.58-б].
Аударма ұғымы шындап келгенде, өте күрделі ұғым. Бұл қазіргі
күнде оның түрлерінің көптігінен туындап отырған жоқ, бір жағынан
аударма тәсілінің ғасырлар бойы әрдайым өзгеріп отыруына да
байланысты құбылыс. Б. Дуанина өз зерттеуінде аударманың мәдени-
интелектуалды әрекет екендігін айтады [83,142-б.]. Ендеше, аударма
арқылы басқа халықтың шығармасын өз тіліңде сөйлету, оның табиғатын
терең түсіну, жан дүниесін ашу деген сөз. Біздің әдебиетімізде бұл сала
әсіресе, соғыстан кейінгі жылдарда кең өріс алды. Отызыншы
жылдардың аштығында, күштеп ұжымдастыру, жаппай жазалау тұсында
жұрттың ой орманын аралауға уақыты да, ықыласы да болмағаны
белгілі. Дей тұрғанмен, Шәкәрім, А.Байтұрсынұлы, І. Жансүгіров сынды
таланттарымыздың аударма саласында озық үлгілі шығармаларды дүниеге
әкелгені – әдебиетіміздің алтын қорына қосылған құнды туындылар
ретінде бағаланғанын айтуымыз керек. Қазақстан Республикасының
Ұлттық кітап палатасында сақталған баспа өнімдері бойынша аударма
әдебиетінің тізімін қарасақ, соғыстан кейінгі жылдар мен 60-жылдардан
бергі уақыт аралығында шетел әдебиетінен, орыс әдебиетінен
аударылған шығармалардың дені әлемдік сөз өнерінде өзіндік орны бар,
классикалық туындылар екенін көреміз. 1989 жылы Қазақстан
Жазушылар Одағының жанындағы Тәржіме және Әдеби байланыстар бас
редакциясы алқасының ұйымдастыруымен өткен «Өзгермелі дүние және
көркем аударманың мәселелері» атты халықаралық конференцияда Кеңес
Одағында аударма ісінің ерекше жүйелі жүргенін, тәржімеленетін
дүниенің талғаммен іріктелетінін айта келіп, аударманың ахуалы туралы
пікірсайыстар болғаны белгілі. Кеңес кезеңіндегі большевиктердің бүкіл
әлемге ықпал ету ниетімен әлемдік ілім-білімді жинау, бүкіладамзат
мәдениетін игеру жөнінде жасаған жұмыстары халықтың пайдасына
шешілгенін жоққа шығаруға болмайды. Халықтар арасындағы мәдени
байланыстың дәнекері болған аударма туралы, әсіресе, көркем аударма
сапасы қандай деңгейде дамыды дегенде қазақ әдебиетшілері көптеген
нақты міндеттерді атқарғандары аян. Қазақ аударма саласының ғылым
ретінде қалыптасуына Мұхтар Әуезов мұрындық болса, С. Талжанов,
С.Сейітов, Н.Сағындықова, Ә. Сатыбалдиев, З. Тұрарбеков, С. Нұрышев, М.
Жанғалин С. Абдрахманов, Р. Шаханова, Қ.Алпысбаев, Г. Қазбек, С.
Әбдіраймова, А. Әлмұратова, Қ. Жолдасов сынды ғалымдар тікелей
аударма саласын зерттеумен шұғылданды. Ал, Ғ.Мүсірепов, З.Ахметов,
Ш.Сәтбаева, С.Қирабаев,Ә.Жәмішев, М. Қаратаев, Ш. Елеукенов, Е. Бөкетов,
А. Нұрқатов, Р. Нұрғалиев, М.Мағауин, Т. Кәкішев, С, Қасқабасов, Ж.
Тілепов, А. Егеубаев, Ж.Дәдебаев, Ө. Күмісбаев, Ө.Айтбаев, Қ. Кереева-
Қанапиева, А. Қыраубаева, З. Бисенғали, Ө. Әбдіманов, тағы көптеген
ғалымдарымыз өз зерттеулері мен мақалаларында осы мәселе төңірегінде
ой қозғап, пікірлерін білдіріп отырды. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы
84
аудармаға қатысты монографиялардың, диссертациялардың, жинақтардың,
мақалалардың көпшілігі осы зерттеу барысында назарға алынып,
мүмкіндігінше осы саладағы ғалымдардың еңбектері негізге алынды.
Бұрынғы ғасырлардағы арқауы өзге тілдердегі, ең алдымен түркі,
араб, парсы тілдеріндегі шығармалардан алынып, негізінен нәзира
түрінде қазақшаға түсірілген қисса, дастандарды айтпағанда, жазба
әдебиет берік орныққааннан бергі бір жарым ғасыр аясында қазақтың
поэзия аудармасы мол қазына жинады. Соңғы бір ғасырға жуық уақыт
көлемінде бұл жұмыс мемлекеттік деңгейде атқарылып, жүйелі,
мақсатты сипат алды. Тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған орыс
халқының төл поэзиясынан аударма жасау кең құлаш жайды. Орыс тілі
арқылы сол тілге аударылған әлем поэзиясының, күні кешеге дейін бір
елдің құрамында өмір сүрген, қазір де алуан-алуан ықпалдастық
жіптерімен жалғасып жатқан көрші елдер әдебиетінің таңдаулы үлгілері
тәржімаланды. Әсіресе, халықтар ынтымағын нығайту жолында көркем
аударма елеулі қызмет атқарады. Мемлекеттер арасындағы әдеби
байланыстардың жаңа кезеңі, әдебиет нұсқаларының жалпыға ортақ
рухани қазынаға айналған тұсы – Кеңес әдебиеті кезеңі екенін жоғарыда
айтып өттік. Орыстың талантты ғалымы В. Г. Белинский 1844 жылғы бір
мақаласында: «Бір халықтың тіліндегі әдеби шығармаларды екінші
халықтың тіліне аудару ісіне халықтардың өзара таныстығы, идеялардың
өзара ауыс-түйістігі, содан келіп әдебиеттің көркеюі және ақыл-ой
еңбегінің дамуы негізделеді»,– деген еді [84.163-б.]. Әдебиеттердің бір-
бірінен үйренуі, бейнелеу үлгілерінен өнеге алуы, образ, характер жасау
шеберлігін ұғып, түсіну осы таңдаулы шығармаларды бір тілден екінші
тілге аудару процесінде болатын құбылыс. Сондықтан да бүкіл аударма
мәселесі әдебиеттер байланысындағы ең маңызды факторлардың бірі
ретінде қаралады. Қазақ әдебиетінің көрнекті ғалымы М. Базарбаев: «
Аударма мәселесіне келгенде, классикалық аударма, немесе сюжет
желісін сақтап, жаңадан шығару, қазіргі совет халықтары әдебиетінің
туындыларын аудару, шетел жазушыларына көңіл бөлу – не керек
көркем аударма туған әдебиет теңізіне кеп құятын үлкен дариядай кең
арна болып отыр»,– деген болатын [85, 244-245 б.].
Көп ұлтты әдебиетіміздің тарихына көз жіберсек, біз әлемдік
деңгейдегі көркем шығармалардың бүкілхалықтық оқырманның рухани
игілігіне айналдыру жолында игі қадамдар жасалып отырғанын
байқаймыз. Әсіресе, орыстың классикалық және кеңестік әдебиеттің
үздік үлгілерінің ұлт тілдеріне тәржімалануы – мәдени өміріміздегі
айтарлықтай құбылыс саналады. Өйткені, ұлы Абайдан бастап орыс
әдебиеті ұзақ уақыт бойы рухани, эстетикалық, идеялық және
адамгершілік байлықтардың асыл қазынасына – баланған, әлемдік ақыл-
ой мен әдеби мұраны тануға апаратын даңғыл жол болғаны жасырын
емес. Шоқан, Ыбырай, Абай орыс мәдениетінің негізінде қазақ халқы
үшін озық өнер-білімнің, өрісі кең мәдениеттің жаңа арнасын ашып,
олардың дала тұрмысына бірте-бірте келіп, сіңісе түсуіне тың бастама
85
жасағаны тарихтан белгілі. Қазақ халқының демократиялық мәдениеті
мен әдебиетінің, өнері мен ғылымының, педагогикасы мен
публицистикасының алғашқы беттері жазылды. Орыс зерттеушілерінің де
қазақ фольклоры, этнография, тарих мәселелерімен көбірек айналысып,
өнімді еңбектер қалдырған кезі де осы тұс. Бұл кезде В.В. Радлов, А.Н.
Веселовский, А.Е. Алекторов, Г.Н. Потанин, П.Н. Мелиоранский, В.И. Даль
сияқты орыстың алдыңғы қатарлы зерттеуші ғалымдары қазақтың тілі,
әдет-ғұрпы, әдебиеті жайында көптеген бағалы мәліметтер жинап,
бастырып шығарды.
Орыс әдебиетінен аударма арқылы келген шығармалар қазақтың
жалпы қоғамдық өмірінде қандай прогресшіл роль атқарса, жаңа туған
жас жазба әдебиетінің есейіп, ер жетуі жолында да сондай маңызды
қызмет атқарды. Бұл әдебиеттің қоғамдық өмірге белсене араласып,
әлеуметтік мазмұнының тереңдей түсуіне әсерін тигізді. Қазақ ақын-
жазушылары орыс әдебиетінің нұсқаларын аудара отырып, өздерінің
эстетикалық көзқарастарын жетілдіре түсті, шеберліктерін арттыруға зор
мүмкіндік, бай үлгі-өнеге тапты.
Орыстың озық идеялы әдебиетінен қазақ тіліне шығармалар аудару
ісін алғаш дала оқырмандары Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылғы
«Қазақ хрестоматиясына» енген шығармалары арқылы оқып білді десек
болады. Орыстың асқақ та әсерлі поэзиясын бүкіл қасиеттерімен қазақ
өміріне таныстыруда Абай шығармашылығында шын мәніндегі
шығармашылық өнер дәрежесіне жетті. Бұл тұрғыда әдебиет
зерттеушісі, ғалым Ә. Дербісәлин: «Абай орыс поэзиясының дала өміріне
там-тұмдап үздік-создық келмей, тасқынды селдей мол арнамен түйдек-
түйдек келуіне жол ашты және әдебиетімізге орыс поэзиясының асыл
маржандарын әкелді»,–деп атап көрсеткен болатын [86.48-б.]. Ал аударма
саласын көп зерттеп, ауқымды еңбек еткен С. Сейітов: «Қазақ әдебиетінің
тарихында аударманы сөз өнері деп таныған және мұны поэзия
практикасына айналдырған, арнаулы мақала жазып, әдейілеп пікір
қозғамаса да, көркемдік дәлдікті негізгі нысана еткен адам – Абай. Ол
әлі күнге дейін асу бермес асқар бел тәрізді: поэзия үлгілерін аударуда
ол әлі де асқақтап, биік тұр. Қол жеткізер емес»,– дейді [87].
Байқауымызша, ғалым орыс-қазақ әдеби байланыстарына Абай
аудармалары арқылы келіп, солардан туындайтын мәселелер төңірегінде
тереңірек зерттей бастайды. Ол туралы алда тереңірек тоқталамыз.
Жалпы, ХХ ғасырдың бас кезінде орыс әдебиеті үлгілерін аудару ісі
барынша кең өріс алды. Бұдан орыс, қазақ халықтарының тарихи
тағдыр негізінде табысып, ұғынысқан достық қарым-қатынасының барған
сайын нығая, өсе түсуі жалпы әдебиеттің ілгері дамуына өзіндік әсерін
тигізгенін көреміз. Аударма жұмысын ХІХ ғасырда тек ағартушылар ғана
жүзеге асырған болса, ХХ ғасырда бұл игілікті істің дамуына белгілі
ақын-жазушылар, журналистер, ұстаздар, тіпті әдебиетке икемі бар
қарапайым оқырман да, қатысып аударма саласының дамуына үлес
қосты. Ілияс Жансүгіров, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қасым
86
Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Қуандық Шаңғытбаев
сынды ақындар аударма саласында жемісті еңбек еткені белгілі.
Көркемдік сапасы жағынан деңгейі әр түрлі болғанмен, қалың оқырман
осы шығармалардың ішінен өз қажеттерін таңдап оқып, салыстыру
арқылы даму бағыты айқындалды. Ілгеріде аттары аталған ақындармен
қатар Қайнекей Жармағанбетов, Ғафу Қайырбеков, Мұзафар Әлімбаев,
Қабдікәрім Ыдырысов, Жаппар Өмірбеков, Бүркіт Ысқақовтардың еткен
еңбектері де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Мұның себебін тікелей
әдебиет тұрғысынан бағалайтын болсақ, біріншіден, бұл қазақ жазба
әдебиетіндегі жетекші тенденция – озық өнер-білімді насихаттау тәрізді
ағартушылық бағытпен байланысты, өзектес болса, екіншіден, ұлы
ғұламалар Ыбырай, Абай салған тамаша дәстүрдің жаңа кезеңіндегі
жалғасы, нәтижесі сияқты еді.
ХХ ғасырдың алғашқы жылдарындағы жасалған аударма
шығармаларды тақырыптық ерекшеліктер мен аударылу мақсат-мүддесі
жағынан ғалым Ә. Дербісәлин шартты түрде екі топқа бөліп қарауға
болады деп көрсетеді. Мұның бірі тікелей ағартушылық, тәлім-тәрбие
мақсатына байланысты туса, екіншісі тұтас көркем шығарма жасау
мақсатынан туған дей келе, алғашқысын Ы.Алтынсарин, екіншісінің Абай
Құнанбаев негізін салған деп көрсетеді [86, 49-б]. Бірін-бірі шетке
шығармайтын, қайта бірін екіншісі толықтыра, байыта түсетін бұл екі
принцип өзара біріге келіп, әдебиетіміздің дамуына көп әсерін тигізді
және ХХ ғасырдың бас кезінде қарқынды дамыды. Мысалы, Ыбырай
Алтынсарин Спандияр Көбеев пен Бекет Өтетілеуов, сияқты педагог
жазушылар, оқулық-хрестоматия жасау мақсатында педагогикалық мән-
мақсаты айқын шығармаларды аударып, жеке кітап етіп жариялап,
өздерінің күнделікті ұстаздық жұмыстарында пайдаланып отырса,
Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Әкірам Ғалимов,
Мұхамеджан Сералин сияқты ірі таланттар өздерінің шығармашылық
мүмкіндіктерін Абай дәстүрінде көрсетуге талпынды. ХХ ғасырдың
басында А. Фердоуси мен А. Пушкиннен, М. Лермонтов пен Ғ. Тоқайдан,
И. Крылов пен А. Плещеевтен, Л. Толстой мен А. Чеховтан тағы басқа да
ірі суреткерлердің аударылуы қазақ әдебиетіне қосылған рухани зор
байлық болды. Өзге тілдердегі шығармалардың қазақ тіліне аударылуы
барысында Ә.Дербісалин үш түрлі ерекшелікті ашып көрсетеді.
Біріншіден, әдебиетімізде демократиялық бағыттың үстемдік танытуы,
екіншіден, орыстың классик ақын-жазушыларынан аударма жасау
арқылы әдебиетіміздің көркем шығармалармен молаюы және идеялық-
көркемдік жағынан есейе түсуі, үшіншіден, аударма шығармалар
әдебиетіміздің озық өнер-білімді насихаттау талабына да тікелей үндесуі
арқасында , қазақ оқушыларына орыс әдебиеті мен мәдениетіне есік
ашылғанын атап көрсетеді. С. Сейітов осы үш бағытты да өз
шығармашылығында басшылыққа алып отырғанын байқаймыз.
Аударма әдебиетіміздің ішінде Пушкин, Лермонтов, Гоголь,
Толстой, Тургенов, Гончаров, Короленко, Чернышевский, Островский,
87
Горький, Маяковский тағы басқа орыс әдебиеті үздіктерінің
шығармаларымен қатар Шекспир, Шиллер, Бальзак, Свифт, Дефо,
Сервантес, Марк Твен сияқты Батыс-Еуропа классиктерінің шығармалары
да басылып шықты. Сонымен қатар, туысқан халықтар мен қазіргі ТМД
елдер әдебиетінен де көптеген көркем туындылар төл тілімізге
аударылып, қалың жұртшылықтың рухани ізденістерін қанағаттандырды.
Әсіресе, 60-90 жылдарда қазақшаланған Шолохов, Островский, Федин,
Макаренко, Гайдар, Лацис, Айни, Баширов, Кербебаев, Айбек , т.б. көрнекті
қаламгерлердің туындылары халқымыздың әдеби қазынасына қосылған
рухани құнды дүниелер еді. Әрбір аударма шығармасына біз өзіміздің
ұлттық әдебиетіміздің, тіпті, жалпы мәдениетіміздің қорына кіретін,
болашақ ұрпақтарға мұра боп қалатын маңызды жәдігерлер ретінде
қарағанымыз дұрыс. Мысалы, М. Әуезов аударған Шекспирдің
«Отеллосы», Ғ. Мүсірепов аударған Островскидің «Таланттар мен
табынушылар», Шолоховтың «Олар Отан үшін алысты» шығармасы, Ғ.
Орманов аударған Л. Толстойдың «Анна Каренина » т.с.с. ондаған
классикалық аудармалар сөз жоқ біздің ұлттық әдебиетіміздің мазмұны
мен мерейін өсіруге қызмет етті. Осы үздік ойлы туындыларды оқыған
талай жас жазушылар өз шығармашылықтарын сара жолға бұрды,
таланттарын шыңдап, әдебиетімізге тың шығармашылық серпін әкелді.
Әдебиеттер туысқандығы Кеңес кезеңіндегі әдебиеттің ұлт
тілдеріне аударылуы арқылы мәдениеттің дамуына зор ықпал етті.
Қазақстан мен Орта Азия халықтары әдебиетінде жаңа жанрлардың
туып, қалыптасуына аударманың әсері мол болды. Қазақ классиктерінің
шығармалары орыс тіліне аударылу арқылы бүкіл Одақ көлеміне, одан
әрі басқа шет тілдерге аударылған туындылар арқылы қазақ халқының
салт-дәстүрі, ұлттық болмысы мен мәдениеті басқа халықтарға танылғаны
белгілі. Француз жазушылары Луи Арагонның, Андре Стильдің М.
Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына берген жоғары бағасы бүкіл қазақ
әдебиетін тану, сол арқылы барша қазақ халқына деген зор құрмет деп
танылғаны тарихтан барша халыққа аян.. Сол сияқты Ғ. Мүсіреповтың
«Қазақ солдаты», Ғ. Мұстафиннің « Миллионер», С. Мұқановтың «Ботагөз»
романдарының ағылшын, француз, неміс тілдерінде басылуы, олардың
аудармасы туралы пікір айтылуы қазақ әдебиетінің дүние жүзілік
әдебиетпен байланысын байқатады. Бұл ретте Көрнекті қазақ зерттеушісі
М. Базарбаевтың: «Әдебиеттердің бір-бірінен үйренуі, бейнелеу
үлгілерінен өнеге алуы, образ, характер жасау шеберлігін ұғып, түсінуі –
осы таңдаулы шығармаларды бір тілден екінші тілге аудару процесінде
өніп жатпақ»,– деген пікірі орынды [85, 243-б]. 60-жылдары көркем
аударма жөнінде біздің қалыптасып, белгілі бір арнаға түскен дәстүріміз
бола қойған жоқ. Ол біздің мәдениетіміздің жаңа саласы болды. Көркем
аударма шығармаларының қазақ тіліне аударыла бастаған алғашқы
кезеңдерінде саны бар, сапасы әр түрлі көркем шығармаларды өз
білгенінше аудару әдебиеттегі кемшіліктердің бірі еді. Кеңестік дәуірде
әдеби шығарманы сараптау, сынау, ортаға салып талқылау шаралары
88
Жазушылар Одағы атқарған негізгі қызметтерінің бірі болды. Кейінгі
жылдары осы шара тоқырауға ұшырады десе де болады. Көркемдік
сапасы төмен, кемшілігі көп аудармалардың орын ала бастағаны
жасырын емес. Осы ретте зерттеуші Ә. Ипмағамбетовтің пікірі дұрыс.
Ол: «Кеңес кезеңінде аудармашылардың еңбегін қадағалап отырды.
Туысқан халықтары әдебиеті мен дүниежүзілік мәдениеттің асыл
қазынасындағы шығармаларды өз тілінде оқып, білуіне мүмкіндік
беретін талантты аудармаларды қуанышпен қарсы алып, құнсыз
аудармаларды кешірмеді. Аудармашылардың қасиетті міндеті, көркем
аударманың шығармашылық, реалистік принциптеріне сүйене отырып,
заманымыздың өскелең тілектеріне сай жақсы аудармалар беру.»,– деуі
заңды [ 88]. Аударма саласында үлгі тұтар өнегелі мектептері
қалыптасқан орыс әдебиетінің өзінде бұл мәселе толық шешілген жоқ.
Шекспир, Флобер, Хеменгуэй, Кавабата шығармаларының тәржімалану
сапасы жөніндегі сын мақалалар, тіпті, «Отеллоның» орыс тілінде төрт
түрлі аударма нұсқасының барлығы соны танытады. В.Г. Белинский:
«Аударма көбінесе түпнұсқаны оқымағандарға және оқуға мүмкіншілігі
жоқтарға арналып жасалады, ең бастысы, бір халықтың тіліндегі әдеби
шығармаларды екінші халықтың тіліне аудару ісіне халықтардың өзара
таныстығы, идеялардың өзара ауыс-түйістігі, сонан келіп әдебиеттің
көркеюі және ақыл-ой еңбегінің дамуы негізделеді.»[84,163-б] дейді.
Көп ұлтты әдебиетіміздің тарихына көз жіберсек, халықтың рухани
игілігіне айналған әлемдік, одақтық деңгейдегі шығармалар аз емес.
Әсіресе, орыстың классикалық және Кеңестік әдебиеттің үздік үлгілерінің
ұлт тілдеріне тәржімалануы – мәдени өміріміздегі айтарлықтай құбылыс
болғаны рас. Өйткені, сол кезеңде орыс әдебиеті алдыңғы қатарлы рухани-
эстетикалық, идеялық-адамгершілік байлықтардың асыл қазынасы, кеңес
халқының өнерпаздық кемеңгерлігінің шыңы болып көрінді.
Халықтар әдебиетінің асыл дүниелерін ұлт тілінде аударылуы,
оның көркемдік сапасы, зерттелуі турасында қазақ әдебиетінде көп тер
төгіп, түп нұсқа мен тәржіманың сапасына текстологиялық сараптама
жүргізген, құнды пікірлер айтқан қазақ әдебиетіндегі айтулы еңбек еткен
ғалымдарымыздың бірі С. Сейітов болды. Ол өзінің саналы ғұмырында
осы тақырыпты жан-жақты қаузап, туысқан халықтар достығы
арасындағы әдеби байланыс бағытында маңызды зерттеулер жүргізгенін
жоғарыда атап өттік. Оның қаламынан жүзге тарта мақала, ондаған
ғылыми еңбектер туды. Оның ішінде мазмұны терең, мәні жоғары,
бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған ғылыми монографиялары бір
төбе. Айталық, жоғарыда атап өткен «Қазақ әдебиетіндегі Маяковский
дәстүрі», «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» деп аталатын
екі зерттеудің өзі бір-бір диссертациялық жұмыстың жүгін көтеретін
мәнді еңбектер. Оның сыртында Ш.Руставели. А.Тоқамбаев, Т.Шевченко,
т.б. туысқан елдер әдебиетінің көрнекті тұлғалары және олардың
шығармашылығына жасалған ғылыми талдаулардың әрқайсысы әлі де
маңызын жоймаған құнды ғылыми мақалалар. Ол жазған «Түпнұсқа: тең
89
түсу ме, кем түсу ме?», «Абай татарша қалай сөйледі?», «Мағжанның
аудармашылық әлемі», «Қос арна», «Міржақыптың екі тәржімесі», «
«Мцыриды» алғаш аударған Ахаң» т.с.с. мақалалары аударма мәселелсін
дұрыс бағытқа бұру жолындағы сүбелі зерттеулер. Ғалым аударылып
отырған көркем дүниенің авторы мен оның шығармасы туралы бір жақты
пікірмен шектелмей, оны қай ақын қалай аударды, қатар қойып,
салыстыра зерттейді. Шығарманың көркемдік сапасын суреткерлік биік
талғам таразысына салып тексереді. Байқап отырғанымыздай, қазақ
әдебиетінің ақтаңдақ беттерінде аты қалған Міржақып, Ахмет, Мағжан
шығармалары халыққа кейін қосылса да, ғалым олардың шығармалары
туралы тың пікірлер, байыпты байламдар жасайды. Ғалым: «Аса көрнекті
ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың көркем аударма саласындағы еңбектері
жайында там-тұмдап болса да айтылып, жазылып жүр. Алайда, ол
жасаған тәржімалар нақтылы талданып көрген емес. Лермонтов, Гете,
Гейне дүниелерін ол қалай қазақшалаған? Ол Лермонтовтың «Тұтқын»
(«Узник»), «Сарғайып келген егін толқынданса» («Когда волнуется
желтеющая нива») өлеңдерін тәржімалаған. Біз көркем аударма
жүйесіндегі салыстырмалы әдіске бой ұра отырып, Лермонтовтың
аталмыш нәрселерін басқа ақындардың әр тұста қалай игергендігін қоса
сөз етуді жөн санадық»,– дей келе,[89](000 «Мағжанның аудармашылық
әлемі» «Хал. Кеңесі» 05.11.92ж.) орыс ақынының осы екі өлеңін қазақ
ақындарынан Қасым Аманжолов, Қайнекей Жармағанбетов, Секен
Дайырбеков ( отызыншы жылдары), Ғ. Орманов, Ш.Мұхамеджанов
аудармаларын қатар қойып, сөз қолданысы, аударма ахуалы, көркемдік
кестесі туралы әдеби талдау жасай отыра, оның «сұңғыла тәржімашы»
екенін дәлелдейді. Аудармашының төңірегіндегі құбылысты байқаудағы
нәзіктігін, тапқырлығын нақты мысалдармен әдемі көрсетеді. Сондай-ақ,
әдебиеттану ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының
көркем аударма тақырыбына қалам тербегені туралы да зерттеуші
еңбегінде кездеседі. Міржақып Дулатовтың тәржіма төңірегіндегі еңбегі
сөз болып, текстологиялық талдаулар жасалады. Әдебиет зерттеушілері
Р. Нұрғалиев[], А. Ісмақова [90], зерттеулеріндегі Алаш зиялыларының
қазақ әдеби мұрасына қосқан үлестері кеңінен, тереңнен қопара
талданғаны белгілі. Дегенмен, С. Сейітов өзінің зерттеу объектісі
тұрғысынан қарастырған және жоғары бағалаған.
Ғалым еңбектеріне қарап, әдебиеттің келелі бір мәселесін немесе
бірімен бірі сабақтас, салалас сындарлы жайларын ғылыми зерттеудің
объектісіне айналдырып, арнаулы тақырып жүйесіне түсірудің, ол
жайында байыпты сөз қозғаудың, өзін қызықтырған құбылыстар хақында
егжей-тегжейлі ой тербеп, барынша байыпты талдау жасаудың нәтижесін
көріп отырмыз. 60-90 жылдардағы әдебиетімізде аударманың сапасы
турасында терең зерттеген С. Сейітов қаламынан туған еңбектердің
дені орыстың классик ақындарының қазақша қалай тәржімаланғанына
баса назар аударады. Ғалым, әсіресе, А.С.Пушкин, В.В.Маяковский
шығармаларының қазақ тіліне аударылу мәселесін жан-жақты талдап,
90
таразыға тартып, әдеби-көркемдік тұрғыдан баға береді. Қазақ әдебиеті
үшін А.С. Пушкин поэзиясының орны ерек екені сөзсіз. Абай бастап
аударған ұлы орыс ақынының шығармалары аса рухани жақындықпен
қабылданып, төл тілімізге сіңісіп кеткені ақиқат. Бірақ аударма деңгейі,
көркемдік сапасы қандай дегенде, М. Әуезовтың, Қ.Жұмалиевтің,
С.Сейітовтың, С.Қирабаевтың зерттеулерінде бірқатар озық ойлы
пікірлерді кезіктіреміз.
С. Сейітовтің «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» атты
зерттеу еңбегінің көтерер жүгі ауқымды, ғылыми маңызы жоғары. Бұл
еңбек 1985 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Көлемі 163 бет.
Мұнда А.С. Пушкиннің лирикалық шығармаларын ана тілімізге
аударудың бір ғасырдай уақыт ішінде қалыптасқан, дамыған дәстүрлері
ғылыми тұрғыдан қарастырылады, көркем аударманың кейбір теориялық
мәселелері сөз болады. Ғалым әдебиеттердің өзара байланысының, оның
ішінде шығармалардың біріне-бірінің аударылуы арқылы әдебиеттің
баюы, дамуы туралы терең талдаулар жасайды. Аударманың теориялық,
практикалық мәселелерін жан-жақты сараптайды. Сол кезеңдегі Кеңес
жазушыларының Бүкілодақтық екінші съезінде (1954ж.) Халықтар
әдебиетінің көркем аудармасы жөнінде арнаулы қосымша баяндама
жасалып, оның кеңінен талқылануы еліміздегі ұлттардың ынтымағын
арттыру, олардың арасындағы рухани алмасуға молынан мүмкіндік
жасау бағытында көркем аудармаға айрықша мән берілетінін айтқан
болатын. Реалистік бағыттағы әдебиеттің көрнекті өкілдері, аударма
ісінің беделді теориктері П. Г.Антокольскийдің, М.О. Әуезовтің,
М.Ф.Рыльскийдің осы жиында айтылған тың тұжырымдары мен
пайымдаулары көркем аударманың толғағы жеткен аса маңызды
мәселелерінің бірі болды. Советтік аударма мектебінің теориялық,
практикалық проблемалары жөнінде арнаулы зерттеулері мен мақалалар
онда аса құнды пікір айтқан жазушылар мен ғалымдар К. Чуковский, М.
Рыльский, А. Федоров, И. Кашкин, М.Әуезов, А.Кундзич, Г. Гачечиладзе, т.б.
болды.
Алпысыншы жылдардың басында әдеби басылымдар бетінде дүркін-
дүркін айтыстар өткізіліп, онда не аударамыз және қалай аударамыз
деген тақырыптарда әлденеше мақалалар жарияланды. «Литературная
газета» алпысыншы жылдардың аяқ кезінде «Поэзия аудармасы және
аударма поэзиясы» деген арнаулы айдар тағып, белгілі қалам
қайраткерлерінің (Я.Смеляковтың, И.Абашидзенің, Ж.Молдағалиевтың, т.б.)
газет редакциясы қойған сұрақтарына жауаптарын ұсынды.
Аудармашының жауапкершілігі, ұлттық рухты, нәр-нақыстарды сақтау,
тіл бедеріне, бейнелеу жүйесіне адалдық, түпнұсқа топырағын, оның
тарихы мен мәдениетін жете білу – аталған автордың сұхбаты осы
тарапта ой бөліседі. Айтылған пікірлерді ғалым сын тұрғысынан талдап,
тұжырымдайды. Автор сондай-ақ, сол кезеңдегі орыс тілді басылымдарға
шолу жасап, «Дружба народов», «Вопросы литературы», «Иностранная
литература» журналдарының бетінде жарияланған аударманың ахуалы
91
туралы мәселелерге тоқталады. Республика шеңберінде орыс прозасы мен
поэзиясының қазақшалануы хақында мақалалар мен зерттеулер шыға
бастады. Ғалым осыларды қарастыра отырып, өзіндік ғылыми көзқарасын
білдіреді. Ол: «Бірақ бірсыпырасының профессионалдық дәрежесі төмен,
аясы тар, айтары аз, тайыз болғандықтан, санатқа кірмей, сыртқары
қалып қояды» ,– деп кейбір кемшіліктерді атап көрсетеді.
Қазақ әдебиетіндегі аударма саласы кенжелеу қолға алынғандықтан,
ол туралы ғылыми тұжырым, сыни сараптама ол уақытта мүлде жоқтың
қасы еді. Сондықтан С. Сейітов өз кезеңінде бұл тұрғыдан алғашқы
пікір білдіріп, ауқымды еңбектер жазған ғалымдарымыздың бірі болды.
Аталған еңбегінде де осы ғылыми таяздықты, аударма саласындағы
сыннның кемшін тұсын толықтыру үшін жазғандығын байқаймыз. Ғалым
ол туралы : « Бүкіл дүниежүзінде әдебиеттің дамуына зор ықпал жасаған
орыс классиктері А.С. Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Некрасов тәрізді
данышпан ақындардың негізгі шығармалары ана тілімізге аударылғалы
және бірнеше рет қайта басылымдары жарық көргелі қашан. Кезінде
мерзімді баспасөздерде сиректеу болса да жарияланатын азын-аулық
рецензияларды атамасақ, бізде әлгі ақындардың поэзиялық дүниелерінің
қазақшаға қалай аударылғанын жүйелі түрде қарастыратын, ғылыми
тұрғыдан толық талдайтын еңбек әзірше көрінбей келеді. Біз мұны
толғағы жеткен түбегейлі мәселелердің бірі деп білеміз. Сондықтан да
әлемдік әдебиет алыптарының бірі А.С.Пушкин мұрасын қазақ
ақындарының әр кезде қалай игергені, жұртшылық кәдесіне жаратуға
қандай күш жұмсағаны, жеткен межелері, ала алмаған асулары туралы
ауқымды әңгіме қозғауды қажет деп таптық. Осының өзінде біз ақынның
поэзиялық шығармаларын тұтас алмай тек лирикасына тоқталуды мақұл
көрдік»,– [93.8-б]. Зерттеуші өзі айтып отырғандай, бұл еңбегінде А.С.
Пушкиннің лирикалық шығармаларының таңдаулыларын ғана іріктеп
алып, жан-жақты сараптайды. Пушкин шығармашылығына тоқталмай
өткен қазақ қаламгерлері сирек болар, С.Сейітов солардың
бірсыпырасына шолу жүргізеді. Оның үстіне, бір өлеңнің әр
жылдардағы бірнеше аудармасын жіті қатастырып, өзара салыстыру,
алдыңғы аудармаға қарағанда соңғысында түпнұсқаның қандай дәрежеде
игерілгенін анықтау – айтуға ғана оңай шаруа. «Инемен құдық қазғандай»
көздің майын тауыса, тер төккен ғалым шын мәніндегі мағыналы, әрі
бағалы еңбек жазғанын мойындау ләзім.
Орыстың басқа ақындарына емес, Пушкинге неге тоқталды? Оның
бірнеше себептері бар. Солардың ішінде бастысы – Пушкиннің қазақ
топырағына жақындығы. С.Сейітовтің өзі мына мәселелерді атап өтеді:
біріншіден, Пушкиннің қазақ жерінде болуы, қазақ халқының тұрмыс-
тіршілігімен танысуы, оның мәдениетіне ыстық ықылас білдіруі болса,
екінші – 1823-24 жылдары Одессада айдауда жүрген кезінде әйгілі
шығыстанушы А. Левшинмен достасып, қазақ елінің тұрмыс қалпы, әдет-
ғұрпы жайында ұғым-түсінігін тереңдетіп, алған әсерін молайта түседі.
1933 жылы Пушкин атышулы Пугачев қозғалысы болған жерлерді өз
92
көзімен көру, болашақ кітабына материалдар жинау мақсатымен
Орынбор өлкесіне, одан Батыс Қазақстанға, Орал қаласына келеді. Сол
жылдың 21-23 сентябрінде Оралда болып, Жайық жағасындағы қаланы
аралайды. Осы сапарында А.С. Пушкин «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»
жырын естіп, қатты қызыққан. Жолсеріктеріне жырдың желісін
жаздырып алған. Сонымен қатар, ұлы орыс ақынын мәдениетіміз бен
әдебиетіміздің шыңы Абайдың өзі де аударып, ұлтымыздың рухани
баюына зор ықпал еткені мәлім. Ғалым: «Пушкин поэзиясының ана
тілімізге аударылуы әдебиетіміздің қорын байытып қана қойған жоқ,
сонымен бірге ақындарымыз үшін үлкен шеберлік мектебіне айналды.
Оның лирикалары мен поэмаларын аудару поэзиямыздың тынысын
кеңейтті, көркемдік дүниесін байытты, өз топырағымызда бұрын-соңды
кездесіп көрмеген жаңа суреттеу құралдарын табуымызға көмектесті»,–
дейді [92].
Көркем аударма – халықтар достығының дәнекері, ұлттар
ынтымағының ұйытқысы. Пушкин мұрасын игеру, халқымыздың рухани
игілігіне айналдыру – ғалымның басты мақсаты болды. Себебі белгілі:
оның поэзиясы дүние жүзілік әдебиеттің ең асыл қазынасы, онда зор
адамгершілік, терең ойшылдық, керемет көркемдік мәнерлесе қиысып,
тоғысқан. Пушкин шығармашылығы туралы Гоголь былай деген: «В нем,
будто в лексиконе, заключалось все богатство, сила и гибкость нашего
языка. Он более всех, он далее раздвинул ему границы и более показал
все его пространство. Пушкин есть явление чрезвычайное, и может
быть, единственное явление русского духа: это русский человек в его
развитии, в каком бы, может быть, явится через двести лет. В нем
русская природа, русская душа, русский язык,, русский характер
отразилось в токой же чистоте, в токой очищенной красоте, в какой
отражается ландшафт на выпуклой поверхности оптического стекла».
([93, 33-б.] Міне, орыс халқы өз таланттыларын қалай әспеттейді. Біз де
өзіміздің осал халық емес екенімізді ұлы шығармалардың бір ғана емес,
бірнеше нұсқада аударылуы арқылы көрсете алдық. С. Сейітов Пушкин
лирикаларының қазақ ақындарының талантымен туған толғамдарына
тоқталады. Зерттеу еңбегі мынандай тараулардан тұрады: «Сөйлейді
Пушкин қазақша», «Әңгіме ахуалы – аударма ахуалы», «Түпнұсқа: тең
түсу ме, кем түсу ме?», «Тармақтар таразыға тартылғанда», «Салалап сөз
сарасын салыстырсақ», «Талдаудан туындайды тұжырымдар». Көріп
отырғанымыздай, монография салмақты мәселелерге жауап іздейді.
Зерттеуші кіріспеде Пушкинге неге тоқталғанын дәлелді фактілермен
атап көрсетсе, енді оның аудармаларына, көркемдік сапасына нақты
мысалдармен сын тұрғысынан талдаулар жасайды.
Бірінші тарауда А.С.Пушкинннің шығармаларының қазақ тіліне ғана
емес, басқа да туысқан халықтар тілінде аударылғанын санамалай емес,
салыстыра сипаттайды. Мысалы, украин тіліне «Құзғынға құзғын кездесті»
(«Ворон к ворону летит»), өлеңі 1830 жылы, «Полтава» поэмасы 1836
жылы ақынның тірі кезінде аударылғаны, ал «Евгений Онегин»
93
романының бірінші тарауын П.А. Грабовский 1831жылы Иркутск
түрмесінде отырған кезінде аударғанын айтады. «Пайғамбар», «Бұлбұл»,
«Бұлт» өлеңдері армян тілінде 1843 жылы жарық көрсе, грузиннің әйгілі
ақыны Илья Чавчавадзе «Пайғамбарды» 1857 жылы аударғанын атап
көрсетеді. Азербайжанда Пушкиннің шығармалары алғаш 1880-81
жылдардан бастап аударыла бастайды. Татарстан жұртшылығы 1899
жылы «Бақшасарай фонтаны», 1901 жылы «Балықшы мен балық
туралы ертегіні» тәржімалады. Ал қазақ әдебиеті тарихында Пушкинді
аудару ұлы Абайдан (1887-1889) басталады. Ол дүниежүзілік әдебиеттің
асыл ескерткіші «Евгений Онегинді» қазақша сөйлетті. Осы
шығармалардың аударылуы туысқан халықтар әдебиетінің ортақ рухани
байланысын таныта отырып, әлемдік әдебиеттің көшіне бет бұрғандығын
байқатады. Қазақ әдебиетінде аударма саласы ұлы Абайдан бастау
алатыны сөзсіз. Осы еңбекте де С.Сейітов Абай аудармасының көркемдік
сипаты мен нәрлі сөз айшықтарының оқырманды баурап алатын
сиқырлы әсерін терең, әрі дәйекті дәлелдейді. Автор Абай
аудармаларының тағлым аларлық өнегесі мен еркін аудармада да поэзия
қасиетін берік сақтағанын көрсетеді. Абай оқымаған, сауаты кенде
қауымның ыңғайына бейімделмей, әсіресе, жастарды өресі биік, өрісі
кең, мәдениетті поэзия үлгісіне қарай жетелейді. Зерттеуші Абайдың
оқымаған өрендерді тәрбиелеп,ойын өсіріп, әлемдік әдебиеттің ірі
туындыларын түсіну дәрежесіне жеткізудегі мақсатын танытуға
тырысады. Абайдан кейін Б.Өтетілеуовтің «Жиған-терген» жинағында
А.С.Пушкиннің «Көктемнің келуі», «Жүрсем де қай ортада, қайсы жақта»
деген екі өлеңі аударылды. Мұнда ол Өтетілеуовтің түпнұсқадан пәлендей
ауытқымай, ақындық ойды сол күйінде жеткізуге тырысқандығын айта
келе, Абайдан кейінгі Пушкин шығармаларын аударған қаламгерлердің
шығармаларын салыстыра сипаттайды. Мысалы, 1915 жылы «Айқап»
журналының 4-санында «Пайғамбар» өлеңінің қазақша аудармасы жарық
көреді. Оны тәржімалаған сол кездегі 19 жасар жас ақын – Қошке
Кемеңгерұлы. Зерттеуші: «Қ.Кемеңгеров «Пайғамбардың» желісін бұзбай,
лұғатын, көркемдік суреттеу құралдарын қалпынан айнытпай түсіруге
тырысқан. Түпнұсқаның рухын ұғынып, көпшілікке түсінікті, оқуға
жеңіл болар деген ниетпен ол кәдімгі 11 буынды, 4 жолды өлең
формасын таңдап алған. Тәржіманың тілі жатық, сөз кестесі
әжептәуір»,– дей келе, тәржіманың осал тұстарын да дөп басып
көрсетеді. «Ақынның «Глаголом жги сердца людей» деп келетін ең
мықты, ең негізгі түйінін жеріне жеткізе айта алмаған. Әсіресе, «күйдір»
сөзі күшті де, дәл де емес. Ол « жандыр» мағынасында алынса
әлдеқайда мағыналы болатын еді. Тәржіманың елеулі міні: кейбір
тармақтардың түпнұсқадан алыстап кетуінде. Мәселен, төртінші
шумақтың алғашқы екі тармағы орысшадағы : « И дальней лозы
прозябане» сөзінен басқашалау – «Сай-сайды өрлеп біткен бала қайың,
Толықсып гүлденгенін күн-күн сайын» болып шыққан. Осындай
ауытқуларына қарамастан Пушкиннің ең бір күрделі де көрікті
94
шығармасы «Пайғамбар» тұңғыш рет ана тілімізге тәржімаланып, орыс
поэзиясын насихаттау, оның жанды мұрасын игеру бағытындағы ортақ
іске азды-көпті себін тигізді»[92] С. Сейітов әдеби процестерге осылайша
салмақты, ойлы талдау жасай отырып, қазақ әдебиетінің алғашқы
қалыптасу, даму кезеңіндегі аяқалысын, бағыт-бағдарын бақылап,
жанашырлықпен ұлттық руханиятқа зор үлес қосты. Ғалымның жан-
жақты ізденімпаздығы мен тереңдігі талайды тәнті етті. Екі тілге жүйрік
С. Сейітов зерттеулеріндегі әсіресе, аударма саласы туралы терең,
мағыналы пікірлер – біздің бүгінгі әдебиетіміз үшін құнды мұра екені
белгілі. Құндылығы сол – бұл қазақ әдебиетінің енді қалыптасып жатқан
кезеңдегі , әдебиет алыптарының М.Әуезов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.
Мұқанов сияқты тұлғалармен иықтас жүріп, көзін көріп, өз құлағымен
естіген тарихи деректерге толы ғылыми еңбектер. Жалаң сөзге емес,
нақты дереккөздерге сүйеніп, жылнамаларды дәл келтіріп айту – С.
Сейітов шығармашылығына тән басты ерекшелік. Әлемдік әдебиеттен
орын алған А.С. Пушкинннің шығармашылығын терең талдап, жан-
жақты зерттеу аса білімділікті талап етеді. ХХ ғасырдың басындағы
әдебиетші қауымның Пушкиннің шығармашылығына соқпай өткені кем
де кем. Бірақ оның бәрі асыл ма, жасық па? С. Сейітов зерттеулері
осыны сараптайды.
1918 жылы Бернияз Күлеев Пушкиннің «Соловей и роза» , «Брожу
ли я вдоль улиц шумных» өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Алғашқысын
«Бұлбұл», екіншісін «Ажал» деп атаған. Қошке тәрізді жас ақын Бернияз
да Пушкин өлеңін аударуға талпынып көрген. Ғалым: «Бұлбұл мен гүл»
түп нұсқада – 8 жол, тәржімада – 12 жол. Сонда 4 жол ненің есебінен
қосылған десеңіз, орысшадағы тармақтар қысқа буынға сыймай, келесі
жолға көшірілген.
В безмолвии садов, весной,
Во мгле ночей,
Поет над розою восточный соловей.
Осы екі жол аудармада:
Қараңғы жазғы бір түні,
Дыбыссыз бақша ішінде,
Сайрады шарық бұлбұлы
Бәйшешек гүлдің үстінде,–
болып төрт жолға айналған. Бернияз тәржімасы түпнұсқаға біршама
жақын »,– деп, бірінші өлеңге оң бағасын берсе, келесі аудармаға
«тәржімада өлеңдік жағы солғындау» деген сын айтады. Қазақ ақындары
мұнан басқа да Пушкин шығармаларын өз шығармашылықтарына арқау
етіп, хал-қадерінше аударды. Мысалы, Пушкиннің «Дубровский» өлеңін
алғаш аударған – Шәкәрім Құдайдерді ұлы. Осы кітапта С. Сейітов сол
кезде тыйым салынған Шәкәрімнің есімін атап көрсеткен. Кітап 1985
95
жылы жарық көрген. Ал, Шәкәрім шығармалары 1988 жылдан бастап
жариялана бастайды: «Шәкәрімнің «Дубровскийі» Октябрь қарсаңындағы
қазақ әдебиетінің ең үлкен табыстарының бірі болды. Жұртшылықтың
Пушкин атына біржола қанығуы, орыс мәдениетінің сәулесін бойға
сіңіруі, Адам атаулының бауырластығын сезіне түсуі өз алдына, жаңа
заманға аяқ басқан, жаңа тақырыптар игеріп, жаңа үлгіге көшкен,
көркемдік танымы жетіліп, қаламгер шеберлігі артып, тың тұғыр, соны
өріс іздеген қазақ әдебиетінің даму жолындағы елеулі белестердің бірі
болды. Қазақ тіліндегі «Дубровсий» тек ұлттық әдебиет ауқымындағы
ғана емес, бүкіл әлемдік Пушкининадағы ең елеулі құбылыстардың бірі
реінде бағалануға лайық»,– деген пікір айтады ғалым М. Мағауин
«Шәкәрім» кітабының алғы сөзінде [94, 23-б.]. С. Сейітов Мағауиннен
бұрын тәптіштеп талдап, жоғары бағасын беріп үлгерген: ақиқатты
айтып, үлкен азаматтық танытқан еді. Кейінгі басылған Шәкәрімнің толық
шығармалар жинағында бұл өлең туралы: «А.С. Пушкиннің «Дубровский»
атты повесінің аудармасы. Қазақша өлеңмен аударылған бұл хикая, Ахат
Құдайбердиевтің айтуына қарағанда, 1903-1909 жылдары аударылса
керек»,– деген түсінік берілген [95.584-б.]. Ғалымның айтып отырғаны
осы аударма. Бұл шығарма кезінде 1935 жылы Б.Кенжебаевтің
құрастырған А.С. Пушкиннің өлеңдер жинағына да енеді. Бірақ ол жыл
қуғын-сүргін жылдарынан бұрын еді. Кеңестік қызыл империяның
билік құрған кезеңінде жазылған бұл зерттеуінде С. Сейітов кітапта
Шәкәрім аудармасына батыл барып, орынды бағасын берген.
Пушкин шығармаларын аудару әсіресе, отызыншы жылдарда қызу
қолға алынады. 1935 жылы «Кавказ тұтқыны», «Цыгандар» (аударған – Т.
Жароков), 1936 жылы «Молда мен бала» (аударған – Ө.Тұрманжанов), 1938
жылы «Өлеңдері» (аударған – Қ.Тоғызақов) оқырмандардың қолына тиеді.
Қ.Тоғызақов тәржімесімен құрастырған жинақ 27-28 өлеңнен тұрады.
Оған ақынның «Деревня», «А.П.Кернге», «Бұлбұл», т.б. өлеңдері енеді.
1936-37 жылдары А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл
толуына орай, ақынның үш томдығы жарық көреді. Бұл қазақ әдебиеті
үшін маңызы зор үлкен мәдени оқиға болды. І томға мына аудармалар
енгізілген: «Руслан мен Людмила» (аударған – Ә.Тәжібаев), «Кавказ
тұтқыны»(аударған
–
Т.Жароков)
«Жебірейілнама»
(аударған
–
І.Жансүгіров), «Ағайынды қарақшылар», «Цыгандар» (аударған –
Т.Жароков), «Бақшасарай фонтаны» (аударған – Қ.Тоғызақов.) «Мыс
салтатты»(аударған – М.Дәулетбаев) енсе, ІІ томына «Евгений Онегин»
романы ( аударған – І. Жансүгіров) және 56 өлеңі енгізілген. ІІІ томына
қаламгердің прозалық шығармалары кірген. Үш томның жалпы
редакциясын басқарған – Сәкен Сейфуллин. Зерттеуші осылардың
ішінде жоғары бағаланғаны – Ілияс Жансүгіров, Тайыр Жароков, және Ғ.
Орманов аудармалары.
Осы орайда қазақ тіліне алғаш рет толық аударылып отырған «Евгений
Онегиннің» қазақшасы туралы тоқталып кету мақұл тәрізді. Аталған
жинақтың алғы сөзінде І. Жансүгіровтың өзі былай дейді: «Аударғандағы
96
алған жолымыз – мүмкіндігі болғанша Пушкиннің үлгісіне жақындау.
Ақынның сөз кестесін, образын ақындық рухын сақтап аудару. Бұл
аудармада Пушкинді қазақ өлеңінің қарапайым (стандарт) үлгісіне
салғанымыз жоқ, қайта қазақ өлеңін Пушкин үлгісіне қарай тарттық»
[96, 214-215 б]. Қазақ әдебиеті дамуының осынау биік белесінің көрінісі
туралы көрнекті қаламгер М. Әуезов арнайы мақала жазып, І.
Жансүгіровтың еңбегін жоғары бағалайды. Аудармаға алты ай уақытын
бөлген Ілиясың еңбегіне куә болған классик жазушы: «Ілияс әуелі
романның бір үзіндісін әр түрлі үлгімен де аударып көрді. Бірақ
мынандай істі тарихи зор міндет деп түсінудің өзі оған Пушкинді
дұрыс әдіспен аударудың негізгі дұрыс жолын таптырды. Ол әдіс асыл
нұсқаның өз стилін, өз түрін бұлжытпай түсіру әдісі болды»,– дейді
[97,3-б.]. Бұл мақалада Мұхаң Ілиястың аудармасы туралы ғана емес,
көркем аударма проблемасын тікелей қозғап, теориялық тұрғыдан
қарағанда барша ұлт әдебиеттеріне ортақ міндеттерді алға тартады.
Ақын, зерттеуші С.Сейітов те осы еңбегінде аударманың көркемдік
сапасын талдай отырып, ақынның осы көлемді шығармасының қазақша
нұсқасының деңгейін анықтауға тырысады.
Кейін 1949 жылы Пушкиннің туғанына 150 жыл толуына орай
«Таңдамалы шығармалары» жарық көреді. Аударманың редакциясын
басқарған М. Әуезов пен Ғ. Мүсірепов болды. Мұнда Абай
аудармаларынан бастап, 52 тәржіма енеді. Ал 1953-54 жылдары Қазақтың
мемлекеттік көркем әдебиет баспасы «Шығармалар» деген атпен
Пушкиннің төрт томдығын шығарады. Бұл жинақта біраз өлеңдер
жаңадан аударылды. Атап айтқанда, «Ағайынды қарақшылар»,
«Бақшасарай фонтаны» (аударған – Т.Әлімқұлов), «Таз ит» (аударған –
Ғ.Қайырбеков) т.б. Мұнан басқа жеке басылымдарда орыс халқының
«Хан Салтан туралы ертегі» (аударған – Ж.Молдағалиев), «Балықшы мен
балық туралы ертегі» (аударған – З. Қабдолов) жарық көреді. Осылайша
Пушкин шығармалары ана тілімізге аударылуы арқылы халқымыздың
көркем сөз қазынасы байии түсті. Ұлы Абайдан бастау алған аударма
саласы туралы қазақтың көрнекті қаламгері С. Сейітов осы асыл
қазыналардың құндылығын құнттап, өз уақытында әділ баға беруге ақын
ретінде де, ғалым ретінде де белсене атсалысты. Ол ұлттық аударма
саласында өз міндетін абыроймен орындаған санаулы білікті
ғалымдарымыздың бірі болған еді.
Ендігі сөз аударманың сапасы, ахуалы туралы. Сонымен Пушкинді
қазақ тіліне аудару әдебиетімізге нендей сипаттар әкелді, ол жөнінде қай
кезде қандай пікірлер қозғалды десек, бұл бағытта біраз ілгерілеу барын
көреміз. Пушкиннің ұлт әдебиеттеріне, соның ішінде қазақ әдебиетіне
әсері оның шығармаларының ана тілімізге аударылу мәселелері жайында
60 - 70 жылдарда әр алуан мақалалар жарияланды. Ертеректе «Әдебиет
майданы», «Казахстанская правда» газеттерінде С.Сейфуллиннің, М.
Әуезовтің, С.Мұқановтың, І.Жансүгіровтің, т.с.с. ірі әдебиет
қайраткерлерінің мақалалары мен ғылыми пікірлері жарық көрген еді.
97
Көркем аударманың әлі терең ғылыми-теориялық принциптері қалыптаса
қоймаған алғашқы кезең үшін де, бүгінгі әдебиет тарихы үшін де бұл
пікірлер ерекше құнды. С. Сейітовтің осы аталған зерттеу еңбектері
аударма мәселесін мәтіндік деректер арқылы ғылыми тұрғыдан нақты
сараптауымен ерекшеленеді. Ол ХХ ғасырдың Кеңес дәуірі әдебиетінің
алғашқы қалыптасу кезеңіндегі өзі бастан кешіріп, бел ортасында бірге
жүрген, көзімен көрген тарихи шындықтың куәсі болды. Сондықтан дәуір
сипатын өз зерттеулеріне арқау етіп, әдеби құндылықтар ақиқатын
аршып айтқан шыншыл ғалым. Әдебиетші Пушкин шығармаларының
аудармалары арқылы қазақ әдебиетінің жан-жақты байып, дами
түскендігін дұрыс дәлелдеп көрсетеді. Жазушыларымыз бен
ақындарымыздың ұлттық рухты әлемдік кеңістікке көтеру жолында
жасаған еңбектерін ғылыми тұрғыдан дәйектеп береді. Мысалы, С.
Сейфуллиннің,
М.Әуезовтың,
І.Жансүгіровтың,
С.Мұқановтың
мақалаларына тоқталып, Пушкин аудармасының қазақ әдебиетіне
ықпалын ғылыми дәлелдермен тарата сипаттайды. Сәкен: «Пушкин
аудармасы арқылы біз дана қарапайымдылықты, үнділікті, сөз кестелілігі
мен дәлдікті, бейнелердің тереңдігін, ой байлығын үйренуіміз керек»,–
[98 деген пікірін қаперге түйсек, Мұхтар Әуезов қазақта Пушкинді
тұңғыш аударған Абай екенін баса айтады [97,271-б]. Абай
аудармаларының ерекшеліктеріне тоқталады. Көркем аудармаға қандай
талаптар қажеттігін айта отырып, ол әр әдебиеттің, әр жазушының
өзінше теңеуі, өзінше лұғаты, өзінше сөз мәдениеті, үлгі-стилі бар
дегенмен есептесу керектігін ескертеді. Ал, І.Жансүгіров Пушкин
шығармасын аудару арқылы қол жеткізген әдеби олжа туралы
толғанады. Ол: «Біз алдымен әдебиетімізді Пушкинмен байыттық. Әлемге
әйгілі данышпан ақынның шығармаларын қазақ оқушыларына бердік.
Ақынның атақты романындағы («Евгений Онегин» романын айтады) өлең
түрі, сөз үлгісі, шумақ айшығы, образ, теңеу, ұйқастары сияқты түрін
сақтап, аудару бұрын қазақ әдебиетіндегі аударма тәжірибесінде
болмаған жаңа үлгі»,– деп жазады [96]. Көрнекті қаламгер С.Мұқанов
болса, Пушкинді «қазақтың ақыны» дейді [98]. «ХІХ ғасырдың өзінде
Пушкин қазақ даласынаең әйгілі, ең білікті, ең сүйікті ақынның біреуі
болды»,– деуі артық айтқандық емес.
Пушкин аудармасы туралы зерттеуде ғалым осындай құнды пікірлерді
дереккөз ете отырып, қазақ әдебиетіндегі аударма саласының қалай
дамығанын тайға таңба басқандай байыпты баяндалады. Ақ пен қараны,
жақсы мен жаманды барынша әділ сараптайды. Мұндай салыстырмалы
зерттеудің әдебиет тарихы үшін қажет екенін өз уақытында терең
түсінген С. Сейітов талмай тер төгеді. Әдебиет алыптарымен араласа
жүріп, көкірекке түйген ой олжасын ұрпақтың қажетіне жаратуды мақсат
етеді. Пушкин – әлемдік әдебиет тарихында өз атын алтын әріппен
жазып қалдырған кесек тұлға. Оның шығармаларын төл тілімізге
тәржімалаған ұлы Абайдан бергі ақын-жазушылардың ерен еңбегін
бағалау, сараптау терең білімділікті қажет ететін іс. Әлбетте, Пушкин
98
аудармасы туралы пікірлер тек мұнымен ғана шектеліп қоймайды.
С.Сейітовтың ізденімпаздығы үздіксіз жалғаса түседі. Оның назарынан
әдеби аударма айналасында жазылған ешбір еңбек қағыс қалмайды. Осы
ретте, зерттеуші Р. Жаманқұловтың [99], Қ. Өтеповтың [100], Қ.
Жұмалиевтың [101],С. Қирабаевтың [102], Б. Кенжебаевтың [103] т.б.
көптеген ғалымдарымыз бен әдебиетшілеріміздің еңбектерін талқылайды,
түрлі ғылыми пікірлердің мәнін ашып түсіндіреді.
Аударма – өнер. Сөз өнері. Ғалымның «Түпнұсқа: тең түсу ме, кем
түсу ме?» деген сауал тастап, сөз сиқырының астарына үңілген тұсы
осы. Осы зерттеуде ол Пушкиннің лирикалық шығармалары қалай
қазақшаланғанын, оларды кімдер алғаш аударғанын, көркемдік
сапасының қай дәрежеде екенін тереңірек тоқталып, жан-жақты
талдайды. Алғаш аударған ақындардан І. Жансүгіровтың, Т. Жароковтың,
Ғ. Ормановтың, одан бері қарай, Х. Ерғалиевтің, Қ.Бекхожиннің,
Қ.Шаңғытбаевтардың түпнұсқаның рухын сақтай отырып аударған
жемісті еңбектеріне шолу жасайды. Мысалы, І. Жансүгіров аударған
Пушкиннің «К Чадаеву» өлеңіндегі аударманы алайық:
Любви, надежды, тихой славы
Недолго нежил нас обман,
Исчезли юные забавы,
Как сон, как утренний туман;
Мы ждем с томленьем упованья
Минуты вольности святой,
Как ждет любовник молодой
Минуты верного свиданья.
Қазақшасы:
Үміт, сүю, паң атақ
Алдаумен аз тұрғандай,
Бітті біздің жас ойнақ,
Түтін, таңғы тұмандай.
Бейне біз де бірдейміз
Жарын күткен жігітпен.
Еркіндікті күтеміз
Талықсыған үмітпен.
С.Сейітов осы аударманы түпнұсқамен біршама тең келетінін айта
келе, қазақ ақындарының аударма мәселесін игере бастағанына
ризашылығын аңғартады. Ол сондай-ақ, Қ. Бекхожиннің, Х. Ерғалиевтің,
Қ. Аманжоловтың, Ғ. Қайырбековтың, М. Әлімбаевтың, Қ. Ыдырысовтың,
99
т.б. тірталай ақындардың тәржімаларын салыстыра зерттеп, қазақ
әдебиетіндегі қалыптасу кезеңіндегі аударма мәселесін ашып көрсетеді.
Сыншы тек жалпы атап өтпей, ақ-қараны айырып, бірсыпыра
кемшіліктерді де көзге түртіп көрсетеді. Мысалы, Т. Әлімқұловтың
аудармасындағы «Ай» өлеңіне («Месяц») мынандай пікір білдіреді: «Осы
өлеңдегі біраз сөздерді Тәкен бұзып тәржімалаған. «Гордым разумом
моим» – «салқын оймен», «летите прочь, воспоминания» – «Еске
алмаймын!», «Сияние тусклое наводишь?» – «Сәуле төгіп дірілдетіп
»
делінген. Бұл арада «тусклое» эпитетінің қалып қоюы мағынаға нұқсан
келтіріп тұр. Аударма сөзін толтыру шарт емес. Мұны орыс, қазақ
тілдеріне, көркем аударма теориясына жетік Әлімқұлов білмейді емес.
Сөйте тұра, тастап кетуге болмайтын, міндетті түрде қазақшалануға
тиісті бейнелі сөзді елемейді, ескермейді»,– дейді [92, 51-бет]. Мұнан
нені байқауға болады? С. Сейітовтың әр сөзге мұқият мән беріп, зерттеу
ісін терең меңгерген үлкен ғалым екенін аңғарамыз. Өзінің осындай
тиянақтылығымен қазақ әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан ол
өзін танытуға ешқашан тырыспаған. Қазақ әдебиетінің кешегісі мен
бүгінгісінің куәсі болып, өз ұстанымын таныта білген, терең
білімділігімен дараланған ғалымдарымыздың бірі болды.
Әлемдік рухани кеңістік төрінен орын алған А.С. Пушкин
шығармаларының аударма сапасын сараптау – оңай іс емес. Десек те, С.
Сейітовтың теориялық білімі мен ақындық таланты және екі тілге
жүйріктігі осындай салмақты зерттеудің мән-мағынасын тереңдете
түскендігі анық. Пушкинді түсіну – оның поэзиясында ақынның өзіне
ғана тән таңғажайып қасиеттер, дарын даралығы, болмысты қабылдау,
суреттеу байлығы орасан күшпен көрінетіндігін қатесіз байқау, сезім
арпалысы мен болмыс қайшылықтарын дөп басу. Пушкин поэзиясының
рухани сұлулығын, нәзіктігін, сезім күйлерінің ізгілігін, кісілік ойының
тереңдігін поэмаларын оқыған шақта ғана емес, аударған тұста да
қадір-қасиеттерін жоғалтып алмауды басты назарда ұстаған ғалым өзі
зерттеген ақындар шығармашылығына осы бағытта үңілген. Ұлттық
әдебиетімізге аударма арқылы көркем образдардың, сиқырлы теңеулер
мен сыршыл сөздердің мол қоры қосылды. Арзан сөзді қабылдамай, кіл
жауһарларды теріп, асылдарды ғана жинауды үлгі еткен ғалым өз ісін
мұқият атқарды. Ол туралы әріптесі Ә.Нілібаев былай дейді: «Сәкеңнің
ғылыми еңбектеріндегі кейбір ерекшеліктерді айтсақ, біріншіден – оның
еңбектері құрғақ ғылыми талдау емес, жеңіл оқылатын, оқушысына сан
алуан ғибрат ұқтыратын қызықты шығарма ретінде оқылатындығы, яғни
тілінің байлығы. Екіншіден – автордың өрісінің кеңдігі, тың, нақтылы
дәлелдермен анық, түсінікті етіп айтып беретіндігі, мол білімдарлығы.
Үшіншіден – ғылыми еңбектерінде үнемі халықтар достығын, әдебиеттер
достығын үзбей уағыздап отыратындығы»,– дейді [63].
Бұл пікірдің растығын осы еңбектегі Пушкиннің әрбір өлеңінің
қалай аударылғаны және оның қыр-сырын ашып көрсете білген
зерттеушілігінен толық тани аламыз. Мәселен, ақынның «Пайғамбар»
100
өлеңіне жасалған талдауды қарайық. Зерттеуші бұл өлеңнің қашан және
қандай жағдайда жазылғанына егжей-тегжей тоқталады. Пушкин
пайғамбар образына неліктен бет бұрған? Декабристер қозғалысы
күшпен жанышталғаннан кейін ақын өзін жападан-жалғыз қалғандай
сезінгені де тарихтан мәлім. Бірақ қайғы-мұңға көмілмей, халық пен
Отан тағдырын өз мүддесінен жоғары қойған ақын, үстем тап
өкілдерінің опасыздығын, озбырлығын аяусыз әшкерелеу мақсатында
ащы шындықты айту, халайықтың көзін ашып, санасына жол салу үшін
ауыр салмақты өз иығына жүктейді. Осы жолдан алып шығар тура жол
– пайғамбардың салған жолы деп түсінеді. Ол бәрін көріп-білетін, бәрін
жазбай танитындай қасиеттер мен сипаттарға ие. Ол қоғам мен
табиғатты басқарудың ең жоғарғы заңдарына әбден қанық, өзі өткір
тілді, ыстық жүректі келеді. Оның аузынан шыққан сөз адамның ақыл-
ойын, жігер, еркін түгел баурап алатындай, қалтқысыз сендіретіндей
құдіретті де. Ол кезде тіршіліктегі ұсақ-түйектің, әуре-сарсаңдықтың,
жадағайлықтың, келеңсіздіктің бәрі жер бетінен жым-жылас жойылуға,
өліп-өшуге, топыраққа, күлге айналуы тиіс. Осы ұлы идеяны Пушкин өз
өлеңіне арқау еткен. Бұл өлеңді қазақ ақындарының біразы аударды. С.
Сейітов – осы туындының жазылуы, аударылуы, идеясы туралы алғаш
ғылыми пікір білдірген адам. Кеңестік идеологияның тұсында мұндай
ойды айтып, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеп, кітапқа шығару – кез-
келген қаламгердің қолынан келе бермейтін шаруа еді. Оның себебі
белгілі. Сағынғали Сейітовтің ғылымға адалдығы, туралығы сонда, ол
өзіне қажетті емес, халыққа қажеттіні жазып қалдырғандығы . «Пушкин
өлеңдерінде дүниені танып-білудің ең жоғарғы түрі пайғамбарға қалай
келгені, қалай дарығаны асқақ сезімдер арқылы суреттеледі. Адам өзін
құрбандыққа салады. ( ғаси тілін суырып алуы, аузына дана жыланның
тілін салуы, көкірегін семсермен қақ жарып, тітіреп, дрілдеген жүрегін
суырып алуы, қуыс кеудеге жанған қызыл шоқты тығуы) Жапа-жәбір,
бейнет азап шегу арқылы адам пайғамбарға айналады»– деп атап
керсетеді зерттеуші [92,115-б.].
Бұл өлең алғаш 1915 жылы аударылып, «Айқап» журналында
жарияланғанын жоғарыда атап өттік. Енді Кеңестік дәуірде, 60-
жылдардан бері қазақ әдебиетінде кімдер тілге тиек етті, ғалым
еңбегінде осы бағытта сындарлы сөз еткен. І. Жансүгіровтен бергі
жарияланған аудармалармен толық танысып, әр қайсысының түпнұсқа
рухына қаншалық сәйкес келетіндігіне тоқталады. Ғалым тек қазақ
ақындарының аудармасымен ғана шектелмейді, туысқан халықтар
әдебиеті өкілдері өзбек, ұйғыр, азербайжан ақындарының да
«Пайғамбар» өлеңін қандай дәрежеде аударғанына тоқтала келіп,
халықтар арасындағы біртұтас ортақ рухани дүниенің, ішкі үйлесімі мен
байланысын талғаммен таразылайды. Сөзіміздің басында айтқандай,
Сағынғали шығармашылығының өзектілігі де осы – әр халықты іштей
бауырластырып тұрған рухани байланысты көрсету, насихаттау. Осы
еңбекте ғалым сол жолынан таймаған. «Пайғамбардың» туысқан тілдерде
101
қалай өрнектелгенін түгел салыстырып көрсетпесе де, қорытынды
шумақтарына тоқталып, әр елдің ақындарын сөйлеткен.
Мысалы :
«Азербайжанша:
«Әй пейгамбар! Дүр кәл эшит, гиям эт,
Кет эмрими мәхлугата элам эт!
Саһра, дәря мөвчудатыны ояндыр,
Кәләмыила халгын гәлбини яндыр!
(А.Сәһһат тәржімасы)
Өзбекше:
– «Тур, кур эй пайғамбар, қулоғингин сол,
Иродом-ла тулиб чинлик таратгил.
Денгизда, тупроқдо айлап, айт мақол,
Сузла, инсонларнинг қалбин еқабил.
(Міртемір тәржімасы)
Ұйғырша:
«Тұрғин, пәйғәмбәр, көз ач, сал құлақ,
Кәлтүргин бәжа мениң әмримни.
Деңизу – йәрни чарлап һәммә як,
Сөз билан яндур инсан қәлбини»
(Х.Абдуллин тәржімасы)
Үш үзіндіден де
Достарыңызбен бөлісу: |