Эпилог
(грек сөзі
–
epilogos
– соңғы сөз).
Шығармада суреттелінген
оқиғалар әбден аяқталып болғаннан кейін жазылатын автордың
қорытынды сөзін
эпилог
дейді. Пролог тәрізді эпилогтың да шығарманың
құрылысымен тікелей байланысы жоқ. Роман, әңгіме, поэмаларда
суреттелген адамдардың бірнеше жылдар өткеннен кейінгі тіршілік, іс-
әрекеттерінен ақпар береді. Кім қайда, не істеп жүр деген сұрақтарға
жауап ретінде, автор олардың қазіргі жайларын баяндайды.
Эпилогтың шығарма құрылысымен тікелей байланысы болмаса
да, идеясы жағынан байланысты. Егер прологта шығарманың идеялық
мазмұнын оқушы дұрыс ұғынуына бағыт сілтелсе, эпилогта сол көркем
шығармадағы автордың образ арқылы ай тайын деген ой-пікірінің
дұрыстығы дәлелделінеді. Солай деп айтпаса да, мен шығармамда
мына тәрізді идея, ой-пікірлерді сіздерге ұсынып едім ғой, көрдіңдер
ме, сол ақыры дұрысқа шықты. Оның дұрыстығын сол шығармаға
қатысушылардың бір- неше жылдардан кейінгі өмір тарихының өзі-ақ
дәлелдеп отыр дегендей болады.
С.Көбеевтің «Қалың мал» әңгімесінде әйел халқын ғасырлар бойы
ескі феодалдық салт-сананың торына шырмап келген, әлі де соны
жалғастыра беруді ойлаушы үстем тап өкілдерінің іс-әрекеттеріне жаңа
дәуір, жаңа заман жастарының қарсылық күресі суреттеледі. Романның
идеялық өзегі әйелдің бас бостандығы. Ер сүйгенін алса, әйел сүйгеніне
барса, тату-тәтті тұратын қандай семья құрар еді
деген пікір. Осыған
лайықты ол тақырып алды, сюжет құрды, Қожаш пен Ғайшаны бір-біріне
ғашық етіп, әрі ірі бай, әрі белді феодал Тұрлықұлдың үйінен Қожашқа
Ғайшаны алып қашқызып, олардың іс-амалдарын, қосылуларын өзінше
дәлелдеп, әңгімесін аяқтайды.
Ол оқиғаның өткеніне он жыл толғаннан кейін, Қожаш пен Ғайшалар
жөнінде автор қысқаша мәлімет береді. «Анау орағын иығына салып,
пішеннен қайтып келе жатқан кім? Анау шай қайнатып жатқан қызыл
шырайлы келіншек кімнің келіншегі, шекесі торсықтай анау ойнап жүрген
балалар кімнің баласы? Үй маңындағы анау бес-он қара кімнің малы?», –
деп жазушы сұрақ қояды да: «Пішенші – Қожаш, шай қайнатушы – баяғы
Ғайша, ана балалар – солардың баласы, малдар да солардікі», – деп өзі
жауап береді. Әңгімесінің эпилогын С.Көбеев осылай бітіреді.
Бұл эпилогты жазғандағы мақсат – «Қалың мал» әңгімесінде автордың
оқушыларына ұсынған идеялық пікірінің дұрыстығын растау.
Қорыта айтқанда, пролог пен эпилогтың шығарма құрылысымен
тікелей байланыстары болмаса да, оның идеялық мазмұнын оқушылар
дұрыс ұғыну үшін мәні зор.
|