103. Өмірінің соңғы күндері қалай өткен?
Пайғамбарымыз (с.а.с.) да адам баласы болып туылып, ажалы жеткенде
дүние салды, бірақ міндетін мінсіз атқарып кетті. Өмірінің соңында жер-
жерге елші жөнелтіп, Исламды барша адамзатқа таратып бақты. Аллаһтың
уәде
еткен жеңісі мен биігіне жетіп, жұрттың бәрі топ-тобымен Исламды
қабылдап жатты. Тіпті араб түбегі емес, маңайдағы мемлекеттерде де
Исламға төтеп берер дін қалмады. Бағындырылған жерлерде дінді үйрету
тұрғысынан үлкен мұқтаждық туындады. Мәселелерді шешу үшін
Пайғамбарымыз өзі жетілдірген сахабаларды осы аймақтарға жіберді.
Әр рамазанда он күн иғтиқаф жасайтын. Бұл жылы жиырма күн
иғтиқафқа кірді. Жыл сайын бұл уақытта Құранды Жәбірейілден толығымен
тыңдайтын, бұл жылы екі рет толығымен хатым еттірді және де соңғы
қажылығында қажылықтың рәсімдерін үйретіп жатып, «жақсылап үйреніп
алыңдар, биылдан кейін қажылыққа келер-келмесім екіталай» деген еді. Ұхұд
шейіттерін зиярат етіп оларға көп-көп дұға етті.
Мұнымен қатар кей жерлерде пайда болған бүліктерді тоқтату үшін қол
жасақталып, қолбасшы етіп Ұсама ибн Зәйд таңдалды. Мұны естігенде
мұнафықтар қарсы шығып, аңдаусызда өздерінің бет перделерін ашып алды.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) жұрттың бәрін жинап Зәйдтің бұл іске лайық екенін
айтты. Ақырында, ансарлар мен мұхажирлер
болып тегіс соғысқа шығуға
дайындалды, бірақ сол кезде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) денсаулығы сыр
беріп, әскер Мәдинаның сыртында аялдай тұрды.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бас ауруы күннен күнге асқына берді.
Ақыры төсек тартып жатып қалды да, жұбайларынан сұранып Айша
анамыздың үйіне біржола көшті. Анда-санда есінен танып, жанындағылар
үстіне салқын су төккенде ғана ес жинайтын. Ауырғанын басу үшін
басын
таңып алды. Намаз оқытып, жұртқа уағыз айтқаннан кейін, Ұхұд шейіттеріне
ұзақ дұға етті. Сосын «Аллаһ тағала құлына дүние мен Өзінің құзырын
таңдауды еркіне берді. Құлы Раббысының құзырын таңдады », – деді. Мұны
естіп, сөздің төркінін ұға қойған досы Әбу Бәкір (р.а.) жылап жіберді.
Жүруге шамасы келіп тұрғанда мешітке келіп намазды атқарып жүрді.
Ең соңғы оқытқан намазы ақшам намазы еді. Басын таңып алып ақырғы
намазда «Мүрсалат» сүресін оқыды. Түн батқаннан кейін «Намаз уақыты
кірді ме?» – деп сұрады. Сахабалар: «Бәрі сізді күтіп отыр», – деп жауап
берді. Жуынып мешітке жүре бергенде тағы да талықсып кетті. Есін
жиғаннан кейін «Намаз уақыты кірді ме?» – деп екінші мәрте сұрады. Жұрт
бағанағы сөзді қайталады. Бой дәретін жаңалап, жүре бергенде қайта талып
қалды. Есін жиды да намаз уақытын сұрады. Тағы да жаңағы жауап берілді.
Үшінші рет мүбәрак денесіне су төккізіп,
жамағатқа намазды Әбу Бәкір
оқытуын тапсырды. Біле білген адамға бұл өте үлкен жауапкершілік. Айша
анамыз әкесіне бұл жауапкершіліктің ауыр тиетінін айтқанда, Аллаһ елшісі
(с.а.с.) жоғарыдағы сөзін қайталады да, жұртқа қарап былай деді: «Уа,
халайық, маған ең жақының – Әбу Бәкір. Егер жақын дос таңдар болсам, Әбу
Бәкірді таңдар едім. Әбу Бәкірдің есігінен басқа мешітке қарай ашылған
барлық есік жабылсын. Мен сендерді ақиреттегі Ислам байрағының астында
күтемін. Қазірдің өзінде хауызымды көріп тұрмын. Негізінен маған жер
бетінің кілті берілген. Аллаһтың атымен ант етейін, сендердің қайта мүшрік
болуларыңнан емес, дүниеге беріліп бір-біріңмен жауласуларыңнан
қорқамын », – деді. Бұл кезде ауруы басылып, басы қоя бастаған. Ол кісінің
намазға келгенін сезген Әбу Бәкір намаздағы имамдықты Аллаһ елшісіне
ұсынғысы
келіп кері шегіне бергенде, қолымен ишара етіп намазды
жалғастыруды бұйырды. Өзі Әбу Бәкірдің артында отырып әрі оған ұйып,
намаз оқыды.
Дүйсенбі күні, ақиретке аттанатын күні, жүрегінде тыныштық,
жанында рақат бар еді. Таң ата терезеден мешітке қарағанда жұрттың таң
намазын оқығалы жатқанын көрді. Сыртқа көз тастап жүзінен жылылық
білінді. Бұл сахабаларының парасат Падишасын (с.а.с.) соңғы көруі еді.
Рабиул-әууәл
айының он екісі, дүйсенбі күні, түстен кейінгі уақытта,
мүбәрак басын Айша анамыздың кеудесіне қойып ақтық демін шығарды.
Айша анамыз Расулаллаһтың соңғы сағаттарын былай еске алады:
«Аллаһтың маған берген үлкен нығметтерінің бірі Расулаллаһтың (с.а.с.)
өмірінің соңғы сәтінде менің бөлмемде болып, мен аузыма салған мисуакты
оның да қолданып, жанымда отырып жан тапсыруы. Абдуррахман қолына
мисуак алып бөлмеге кірген-ді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мисуакқа қарап
қалғанын көрдім де мисуакты алып берейін бе деп сұрадым. Ол кісінің
мисуакты қатты жақсы көретінін білуші едім. Ол басын изеді. Мен мисуакты
жұмсарттым да жайлап тістерін ысқылай бастадым. Ал ол болса жанындағы
суға қолын малып алып: «Лә иләһә иллаллаһ! Өлімнің ауырлығы бар екен »,
– деді. Сосын қолдарын көтеріп демі үзілгенге дейін «Уа, Аллаһ тағалам,
Рафиқул-Ағланы қалаймын!» – деп жатты. Ақырында, талай мұғжизаға себеп
болған мүбәрак қолдары сылқ еткен күйі жансызданып сала берді» (Бұхари,
Мәрда 19, Фәзайлус-Сахаба 5, Дағуат 28) .
Хазірет Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың
өлмегенін айтып, «Ол тек
Мұсаның Раббысына кеткені секілді кетті. Ол екіжүзділерді жоқ етпейінше
өлмейді», – деп өліміне сенгісі келмеді. Сонда Әбу Бәкір оған қарап: «Омар
өз-өзіңді ұста, тыныштал», – деді. Омар сөзін жалғастырып тоқтамады.
Сонда Әбу Бәкір Омардың тоқтамайтынын сезіп, халыққа қарап былай дейді:
«Ей, халайық! Араларыңызда Мұхаммедке табынатындарың бар болса, біліп
қойсын ол өлді. Ал кімде-кім Аллаһқа табынатын болса, біліп қойсын, ол
мәңгі тірі, өлмейді» Аллаһ тағала былай дейді:
Достарыңызбен бөлісу: