101. Қоштасу құтбасында қай тақырыптарға ерекше тоқталған? Қоштасу қажылығында адам құқықтарына, жаһандық әрі өзгермейтін
жалпы қағидаларға тоқталған. Бұл кездесуден кейін, осы араға қайта
келмеуінің бек мүмкін екенін айтып, адамдардың қай ұлттан, қай діннен
болса да жандары мен малдарының бір-біріне харам екенін, жан мен малға
қол сұғылмаудың Исламдағы негізгі қағида екенін айтқан.
Жаһилия кезеңіндегі ел ішіндегі надандық қалдықтарының біржола
жойылып, енді қайтып келмеске кеткенін тілге тиек еткен.
Қай дәуірде болмасын, адамның ата жауы шайтан екенін, оның
қияметке дейін пенденің қыр соңынан қалмайтындығын ескерткен.
Бір жылдың он екі айдан тұратынын, олардың төртеуі харам екенін,
харам айлардың орнының ауыстырылуы күпірлік екенін айтқан.
Әсіресе, әйелдерге қатысты міндеттерді орындауды, ер адамның
Аллаһтан қорқуын өсиет етіп, неке мен отбасылық өмірге мұқият қарауды
тапсырған. Әйелдің де, ерінің де отбасында өздеріне қатысты құқықтары мен
жауапкершіліктерін бекіткен. Еркектердің отбасы нәпақасын табуға, әйелдің
сол табысты шашпай-төкпей жұмсауға міндетті екенін айтқан.
Өзінен кейін келетін барлық мұсылмандарға баяғы қателіктеріне бой
алдырмауын, дүние мен ақирет бақытына жетер жолдағы темірқазық Құран
кәрім мен өзінің сүннетін аманат ретінде қалдырып бара жатқанын айтқан.
Адамдарға қол астындағы қызметшілерге жақсы қарауды, өзінің ішіп-
жегенін бөлісуді, шама-шарқынша кешірімділікті ұстануды тапсырған.
Айтқан осы өсиеттеріне бекем болуды, мұсылмандардың бір-біріне
бауыр екенін, кісі малын ақысыз жеудің харам екенін тағы да баса айтқан.
Бәрінің дәмі таусылған күні Раббыларының алдына баратынын, өзі кеткеннен
кейін қайтадан ескі әдеттеріне бас ұрмауды шегелеп тапсырған.
Бұл айтқандарының бәрі жұрттың білуі керек маңызды мәліметтер
екенін және естімегендерге сол жердегі мұсылмандардың жеткізуін өсиет
еткен.