31
Конституциясы) деп көрсетілген. Зерттеу жұмысының алғашқы бөлігінде
осы жердегі төртінші сипаттама – «әлеуметтік мемлекет» түсінігіне
қысқаша тоқталамыз және оған анықтама беріледі. Сондай-ақ Қазақстан
Республикасының әлеуметтік мемлекет ретінде жүргізген саясатына,
оның ішінде COVID-19 пандемиясы кезіндегі саясатына қысқаша шолу
жасалады.
Философияда, саясаттану мен экономикада «әлеуметтік мемлекет»
ұғымы төңірегіндегі көзқарастар мен тұжырымдар сан алуан. Бұл
ой-көзқарастар әлеуметтік мемлекет ұғымын «әл-ауқат», «теңдік»,
«қажеттілік», «әділдік», «құқық», «этика» секілді түрлі түсініктер және
салалармен
байланыстыра тұжырымдап, азаматтардың әл-ауқатын
жақсартуға ұмтылуды, азаматтардың әл-ауқатын қолдауды немесе
әл-ауқаттың, кем дегенде, ең төменгі деңгейімен қамтамасыз етуді –
мемлекеттің жауапкершілігі ретінде алға тартады (Hamlin, 2008). Бұл
тұжырымдардың барлығы дерлік Британ энциклопедиясының «әлеуметтік
мемлекет» ұғымына беретін «Мемлекет немесе жақсы қалыптасқан
әлеуметтік институттар желісінің азаматтардың экономикалық және
әлеуметтік әл-ауқатын қорғау мен көтеруде шешуші рөл атқаратын
басқару тұжырымдамасы» (britannica.com, 2020) деген анықтамасы
арқылы бір ортақ нүктеде түйіседі. Ендеше әлеуметтік мемлекет дегенміз
– азаматтардың білім алуына жағдай жасау, денсаулық сақтау жүйесімен,
тұрғынүймен
қамтамасыз ету, кедейлік және жұмыссыздықпен күрес,
ауыз су, электр жарығымен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау,
қауіпсіздік, зейнетақы және түрлі сақтандыру жүйелерімен кепілдендіру
т.б. сынды әлеуметтік қажеттіліктерді басты ұстаным ретінде белгілейтін
мемлекет.
Әлеуметтік мемлекет түсінігі сөз жүзінде осындай қарапайым ғана
анықтамамен сипатталады. Алайда іс жүзінде көптеген қайшылық,
кедергілердің бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі уақытта өзінің
әлеуметтік саясатын жүзеге асыру барысында көптеген мемлекеттің
басымдықтары арасындағы шекарасының бұлыңғырлығы, ресурстарының
шектеулі болуы және моральдық ұстанымдарға
байланысты қарсылыққа
тап болып, бірінің үстіне бірі жамалған мәселелер астында қалғаны
байқалады. Мысалы, қоршаған ортаның тазалығын сақтау маңызды
ма әлде экономикалық өсу маңызды ма? Азаматтарды тұрғын үймен
қамтамасыз ету ме әлде баршаға қолжетімді білім беру жүйесін дамыту
ма? Әлеуметтік мемлекет жоғарыдағы мәселенің барлығына шешім
ұсынуға тиіс болғанмен, бұлардың барлығын бір уақытта іске асыру
қиындық тудырады.
Заманауи әлеуметтік мемлекет түсінігі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ
ғасырдың басында Еуропа және Солтүстік Америка елдерінде қалыптаса
бастады. Әлеуметтік мемлекет жүйесінің дамуына британ экономисі Джон
Мейнард Кейнстің идеялары зор ықпал еткен. Ол классикалық нарықтық
экономикалық жүйенің ресурстарды әділ бөлуге мүмкіндік бермейтінін,
нарықтың әлеуметтік проблемаларды
өз бетімен шеше алмайтынын
алға тартып, мемлекеттің экономикадағы серпінді рөлін және нарыққа
араласуын құптаған болатын (Jessop, 2009:107). 1960-70 жылдары Еуропа
және Солтүстік Америка елдерінде мемлекеттің нарықтағы үлесі өсіп,
әлеуметтік салада көп жауапкершілікті өз мойнына алады. Бұл халықты
әлеуметтік қамсыздандыру жолында мемлекетті орасан зор шығынға
батырды, ал 1980 жылдардың басында, Иран ислами революциясынан
кейін ірі индустриялы мемлекеттерге энергетика ресурстарының
32
жетіспеуінен туған әлемдік рецессия кезінде, жағдай тіпті күрделене
түсті. Осы сәтте неоклассикалық экономика көзқарасы белең ала бастады.
Неоклассикалық экономика бойынша мемлекет шығындарды азайтып,
экономика дамуы үшін өз жауапкершілігінің
бір бөлігін жекеменшік
секторға тапсыруы қажет еді. Нәтижесінде Британияда – тэтчеризм, АҚШ-
та – рейганомика аталып кеткен неолиберал саясат жүзеге аса бастайды.
Бұрын мемлекет бақылауында болған білім мекемелері, ауруханалар,
мәдениет үйлері жекешелендіріліп, ақылы қызмет көрсетеді (Eser,
Memisoglu, Ozdamar, 2011).
КСРО ыдырағаннан кейін, 1991 жылдан бастап Қазақстан Республикасы
мемлекет құрылымын қайта жасақтауға мәжбүр болды. Бұрын одақтас
мемлекет болса, енді тәуелсіз ел ретінде өз әлеуметтік саясатын
жүргізуі қажет еді. Тоқсаныншы жылдарда Қазақстан экономикасы
күрт құлдырап, бүкіл бағыттағы әлеуметтік саясат нашарлайды, алайда
2000 жылдардың басында жағдай оңалып, даму көрсеткіштері жақсара
бастайды. Зерттеушілер халықтың әл-ауқатын
жақсарту бағытында
тоқсаныншы жылдардан бері Қазақстан билігі жүргізген саясат туралы
екіұдай көзқараста. Мысалы, Елена Мальцева (2016) Қазақстан билігі
әлеуметтік салада жақсы реформа жасап, ұқсас жағдайдағы көршілес
Ресей Федерациясына қарағанда оң нәтижесін көріп отырғанын атап
өтеді. Оның пайымынша, Қазақстан үкіметінің 1994 жылы бастаған
әл-ауқат реформасы елдегі экономикалық жағдайды жақсартып,
халықтың жағдайын көтерген: «Әлеуметтік саладағы шығындарды күрт
азайту арқылы мемлекет әлеуметтік көмекке құқылы азаматтардың
санын азайтты. Бұл шара дағдарыс кезінде бюджетке түсер салмақты
жеңілдетіп, қысқа мерзімді мақсаттарға тезірек қол жеткізуге септесті».
Сондай-ақ ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халық менталитетін
жақсы түсініп, оңтайлы коммуникация орната білгенінің (дискурстарға
бақылау жасай білу) де маңызды рөл ойнағанын алға тартады: «Назарбаев
қазақ халқы туысшыл әрі жомарт екенін түсіндіріп, мемлекеттен емес,
жақындардан қолдау күту қажеттігін айтқан (Maltseva, 2016). Алайда
зерттеуші Линда Кук Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде жүзеге
асырған саясатын Ресей және Польша секілді
посткоммунист елдердің
саясатымен салыстыра отырып, нәтижесінің оң бола қоймағанын айтады.
Кук, тоқсаныншы жылдарда ауруханалардың жаппай жабылуы, бірыңғай
медициналық сақтандыру жүйесінің сәтсіздікке ұшырауы, зейнетақы
реформасы нәтижесінде азаматтардың орташа зейнетақы мөлшерінің екі
есеге жуық төмендегені секілді негатив салдарды атап өткен (2007).
2001 жылы Қазақстан парламентінің бір топ депутаты зейнетақыны
қайта есептеу туралы үкімет қаулысының Конституциядағы
«әлеуметтік мемлекет» ұстанымына қайшы келетінін, зейнеткерлердің
конституциялық құқығының бұзылғанын алға тартып, ҚР Конституциялық
Кеңесінен Конституциядағы «әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыру»
тіркесіне түсініктеме беруді сұраған. Конституциялық
Кеңес жауап ретінде
Қазақстан Республикасы әлеуметтік мемлекет міндетін мемлекеттің
шынайы мүмкіндіктеріне сәйкес орындауға тырысатынын айтады (adilet.
zan.kz). Бұл жауап – мемлекеттің Конституциядағы «әлеуметтік мемлекет
ретінде орнықтыру» тіркесіне қандай мағына бергенін көрсететін жалғыз
ресми құжат.
Қазақстан Республикасы әлеуметтік саясатын COVID-19 пандемиясы
кезінде де жүзеге асыруға тырысып бақты. Атап айтқанда, шағын және орта
бизнесті қолдау, халықты жұмыспен қамту, медицина қызметкерлеріне
33
үстемақы төлеу және жұмысынан айырылған азаматтарға ең төменгі
жалақы – 42500 теңге мөлшерінде жәрдемақы беру секілді шараларды
қолға алды (primeminister.kz, 2020; primeminister.kz, 2020a). Сонымен
қатар
инфекцияның таралуын тежеу үшін экономикаға зор соққы болғанына
қарамастан, төтенше жағдай жариялап, қашықтан оқытуды енгізуін,
түрлі мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіруін әлеуметтік
саясат ретінде атай аламыз. Себебі бұл шаралар халықтың қауіпсіздігін
қамтамасыз үшін қабылданған болатын.
Достарыңызбен бөлісу: