Әдеби KZ Қазалы ауылға таяғанда «Ой, бауырымдап!» ат қою қазақ руларының сан
заманнан келе жатқан көне дәстүрі. Бұл дәстүрді тек Шыңғыс тұқымы ғана
қолданбайтын. Сонау Монғол жерінен келген Шыңғыстың бар ұрпағын, нөкер,
нояндарын өзі тіліне, өз ғұрпына көшіріп алған қазақ елі сұлтан тұқымының бұл
әдеттен бас тартуын дұрыс-бұрыс деп көңіл қоймайтын. Ал, Шыңғыс тұқымы хан
басымен, жай қазақтай өлік шыққан үйге «ой, бауырымдап!» далбақтай шаба
жөнелуді өздеріне лайық көрмеген. Осы себептен де Әбілқайыр тобы қаралы
ауылға үрдіс аяңмен таяп келе жатқан. Кенет «Ой, бауырымдаған!» дауыс шықты,
хан соңындағы жауынгерлер мен нөкерлерінің бір қанаты опырыла шапты. Бұлар
Арғын, Найман тәрізді қазақ руларының жігіттері еді. Хан оларға «кейін қайт!» деп
ақырмағанмен, тобының рұқсатсыз бұлай бөлінуін жақсы ырымға санаған жоқ.
Түйілген қабағы түйіле түсті. «Хан Ордасына бір қауіп жақындап келе жатқан
тәрізді. Өзіңді безенген садақтай дайын ұстаған жөн». Әбілқайыр тобы қара
орданың сыртына келіп түсті. Сұлтандарға арнап тартылған кермеге аттарын
байлады.
Басында қошқар мүйіз етіп ойған алтын тәжі, тор көз жеңіл қорасан сауыт
сыртынан киген алтын зерлі, Герат шеберлері тоқыған қызғылт торқа шапаны күн
сәулесіне малынып, Әбілқайыр қара орданың есігін ашты. Төр алдында басына
қара құндыз бөрік, үстіне жағасын қара құндызбен көмкерген қара мақпал қаралы
шапан киген, алтын белбеулі Керей мен Жәнібек сұлтан отыр. Қастарында қазақ
руларының он бестей атақты би, батыр, жыраулары. Орданың сол жағында өлік.
Өліктің
бас
жағында
баласы
қаза
болғаннан
бері
ша-
былған қурай тәрізді кеуіп, қаусап қалған Қотан жырау, қобызын күңіренте көзінен
жасы парлап, даусы шығар-шықпас боп сарнайды. Үйге кірген ханды көріп,
қайғылы қабақтарын ашпай, Жәнібек пен Керей баяу жылжып орталарынан орын
берді. Хан нөкерлері де үйдегілермен үнсіз амандасты да, дәрежелеріне қарай
тиісті орындарына отырды. Хан келді деп жалғызынан айрылып тұл қалған Қотан