Әдеби KZ «Хан тағы» деген сөзді естігеннен-ақ Сүйіншіктің екі көзі оттай жайнап сала
берді. Уәзір бала жігіттің ең осал жерінен ұстағанын сезді, енді ол бір терең ойға
шомып кеткендей ұзақ уақыт үндемей қалды. Уәзір сөзі жанына жаға бастаған
Сүйіншік шыдай алмай:
— Хан тағынан дәметер менен де бөтен аға-інілерім бар ғой, — деді бірден
өзінің қаупін ашып, — олар да хан баласы.
— Қара қазақ баласы — әкесінің баласы. Хан тағының баласы — әкесінің
ажалы. Өйткені тақ біреу, отырамын деушілер көп.
— Хан әкеміз әлі елуге жеткен жоқ қой...
— Хан жасы — баласының жасымен байланысты. Баласы өзін нәресте санаса
— хан жас болады. Баласы ер жеттім десе — хан қартқа айналады.
Сүйіншік түксие қалған.
— Сонда сен...
Уәзір ақырын жымиып күлген.
— Шыдай тұр, ел билегің келсе, алдымен өзіңді өзің билей біл, — деген ол. —
Мен сені әкеңе қарсы салғалы отырғам жоқ. Қылшылдаған жас айғыр кезі
келгенде кәрі-құртаңды үйірінен өзі қуады. Хан иемізге қаншалық жаның
ашитынын кезінде көрсетерсің. Ал қазір айтарым: мүбаракті Әбілқайыр хан ауру
жан. Бүгін болмаса ертең, ертең болмаса бүрсігүні, оның төсек тартып жатып
қалуы ғажап емес. Құдай өзі бергенін өзі алады. Бұған тірі пенде араша түсе
алмайды. Әбілқайыр ханның тек сырты ғана сау, іші күйе түскен кигіздей шұрық-
шұрық. Құдай тағала қымбатты хан иеме мың жыл тіршілік берсін. Ал алда-
жалда... — уәзір қиналғандай төмен қарады, — жаман айтпай жақсы жоқ, егер хан
ием олай-былай бола қалса, бір таққа он ие бар, қайсың отырасың мен соны
айтайын деп едім.
Сүйіншік адуынды хан әкесінің көзі тірі екенін тіпті ұмытып кетті. Әлі өзі отырып
көрмеген алтын тақтың буы күні бұрын жүрегін тулата бастады. Ол енді қобалжи,
толқи сөйледі.