263
Жігітек ішіне келіп бейбіт отырған Қараша, Қаумен ауылдарының ірі
қараларын қуып кетті. Жалғыз бұл ауылдар емес, көршілес Үркімбай,
Қарақандардан да мал алды. Әр үйдің бір-бір бұтартарын, жапа-жалғыз
сауындарын қуып кетті. Бұндай істер де бұл күнге шейін болып көрген еместі.
Не көрсе, айыпкердің өзі көрегін. «Қолы еткеннің мойны көтереді» десетін.
Тәкежан
жаңа сұмдық бастап, кемпір-шал мен қызыл қарын жас баланың
талшығына да шеңгел салды.
Кешке шейін осы хабарды тегіс естіген Жігітек ауылдары үрпиісіп қалды.
«Заман не боп барады? Күн райы қалай бұзылды? Ит ашуын тырнадан алғаны
ма» деп тіксінді. Сыбайлас Көтібақ, Бөкенші де мынау қимылдарды ұнатпады.
Әсіресе, батқаны - жазықсыз Қауменнің жаза шеккені. Бұның Балағаздан безіп
шыққанын жұрттың бәрі есіткен. Ал Үркімбай, Қарақандар болса, тіпті
жазықсыз.
Кімнен көрерін, не деп көрерін білмесе де, қалың ел: «Тағы
бір бәле
түйілді» деп, күңкілдеп қалысты.
Болыстың кеңсесін Тәкежан Мұсақұлға әкеп, өз қыстауына құрған-ды.
Айналасында тілмаш, старшын, атшабарлармен бірге, Майбасар, Жақып сияқты
ақылшылары көп. Топыры мол. Бұл жиын Балағаздың қылығына кіжіне түсіп,
Жігітек ішіне істеп отырғандарын орынды сыбаға деп білді.
Осыдан үш күн өткен соң отряд қайтып кетті. Бұлар кешелер тағы шығып,
іздеп көрсе де Балағаздарды кездестіре алмаған.
Тегінде жұртты сескендіріп, қашқындардың жүрегін шайлықтыру үшін
шығарылған отряд еді.
Жаңа ұлықтың қоқан-лоқысы істелді. Енді қайтқанына болыс та қарсы
болмаған. Оларды жөнелтіп жіберіп, қазірде «піргауар» жиып, қағаздарын
мығымдап қалаға шағым жолдағалы жатыр.
Тәкежанның әскер әкелгенінен Абай жиренген болатын. Қалың елді
өрекпіткен сотқар қылықтарын Жидебайға
келуші жұрттан есітіп, Абай атқа
мінген-ді.
Масақұлға келсе, Базаралы да сонда екен. Ол Абай көзінше Тәкежанға
салмақ салды.
- Алыссаң, тентек деп бізбен алыс. Онсыз да титығына жетіп отырған
момында нең бар? Қатын-баламызды аштан қырам демесең, алғаныңды қайтар!
Жалғыз-жарым сауын мен тірлігі осы сен әкеткен азғана қарада тұр.
Жайымызды ұқ, ағайын... - деп еді. Тәкежан оң сөйлеспей ашуға басты: «Әлі
түк көрген жоқсың. Балағаз, Абылғазыны ұстамай басылмаймын. Елге әрекет
салып отырған мен емес. Солар!» - деген.
Базаралы ыза болды.
- Ендеше, Балағаз ұсталғанша тамам елді көгендеп, тізем десеңші.
Тәкежан бұған қарсы дүрсе қоя берді.
- Әлі сен қайдан ара ағайын боп шықтың? Өзіңді би ететін кім осы? Балағаз
үшін айыпкер етпей, кепіл етпей отырғанымды неге ағайындық деп білмейсің?
Шынға келсең, мен айтайын, Балағаз тыйылмайтын болса,
ендігі отқа сен
күйесің. Құтылмайсың!
Бұл зілінен Базаралы қорыққан жоқ.