Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет125/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   121   122   123   124   125   126   127   128   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
254 
Осы араға жеткенде Қаумен сыр берді. «Тастай алмай жүрген жаным жоқ, 
ақ екен деп кепіл болар да жайым жоқ» деді. 
«Қаумен тайқып шықты. Кепіл болмаймын. Ақ деп ара түспеймін деп, 
аяғын тартыпты. Қарашаның аулы айыпкер боп шықты!» деп, Ырғызбай іші 
өрекпи жөнелді. «Ағайынмын деп отырып, жаттан бетер қастық етті. 
Жазығымыз не? Кешпейміз, аямаймыз, шауып аламыз, үйелменімен өртейміз» 
деп, Майбасар, Жақыптар лаулап кетті. 
«Азуыңды бас, аяма!» деп, Құнанбайға да салмақ салды. 
Құнанбай дәл бұлардай емес. Биылғы жылдың ауыртпалығын ойлап, іштей 
сескеніп қап еді. Оның үстіне қазір Байдалымен шырайы тәуір болатын. 
Ұрылар да жалғыз Ырғызбай емес, Көтібақ, Бөкеншіні қоса шығындатып отыр. 
Байдалының өзін де аман қойған жоқ. Олай болса, енді сол Байдалының өзімен 
тізе қосып, іс істеу керек. Қолдан келсе, соның өзіне жаулату қажет. Тіпті 
болмаса, Жігітекті кінәға жықпақ. 
Сонымен Майбасарлардың алқынын басып: 
- Өрекпімей тұра тұр! Қараша қайда барып кұтылушы еді! Ең әуелі сабыр 
тап! - деді де, Жігітек ішіне қайта іске жіберді. Жөнелткені Жұмабай. 
Ол әуелі Байдалыға барды. Алдыңғы сәлемді орындап, Қауменді қағып 
бергені үшін Құнанбай Байдалыға ырзалық айтыпты. Соны жеткізді. Осыдан 
кейін Қараша мен Абылғазыны Құнанбай өз алдына шақыртқан екен, осыны 
білдірді. Байдалы да Құнанбайдың бұл мінезін кінәлаған жоқ. 
- Ағайынын өзі көрсін! Өз аузымен арылсын! Мұнысы мақұл. Қарашаға 
жолдаған хабарын мен жеткізейін, - деді. 
Бірақ шақырту жетсе де, Қараша мен Абылғазы Құнанбай алдына бармады. 
Байдалы зіл салып та көріп еді. Көндіре алмады. Сүйтіп, Қарашалар: «Әрі мал 
алады, әрі жауап бермейді» деген екінші түрлі айыпқа тағы кезікті. 
Құнанбайдың ұпайы көбейіп келе жатты. 
Ырғызбай іші енді күндіз-түн Қарашаның аулын баққан. Абылғазы
Әділхан, Балағаз бар - бәрі де ел ортасында жоқ. «Сусып, тайқып кетіпті», 
дескен хабар шықты. 
Сезік пен жорамалдың көлемі ұлғайды. Қараша, Қаумен ауылдарының 
үйде жоқ жігітінің бәрі де ұры атанды. Абылғазы жалғыз емес. Биылғы қимыл 
аз кісінің де қимылы емес. Бұлар көп. Енді солардың сонына көп ел болып түсу 
керек дескен дақпырт бар. 
Бұл сөздер, көбінесе, Ырғызбай ішінен шығып, көпке жайылып жатады. 
Сондай лақаптар Абылғазы қатарына Балағаз бен Әділханды да әлдеқашан 
қосқанды. Алғашқы шақыртуына Абылғазы келмеген соң, Құнанбай тағы да 
кісі жіберіп, Балағаз бен Әділханды шақыртты. Қараша мен Қаумен Балағазға 
сәлем айтып, барып қайтсын деп еді. 
Балағаз бармаймын депті. Жолдастарына бұл жерде айтқан дәлелі: 
- Құнанбай мені аяйын деп отырған жоқ. Қандай айламен қан құстырсам 
деп, соны ойлап отыр. Ендеше, мен несіне момақан боп, алдына барам? Неден 
аянам? Одан да әуелі қолына түсіріп көрсін, Құлақтап басып, жығып алсын да, 
құл ноқтасын сонан соң кигізсін. Әйтеуір сұм атанған екем. Оған жеткен соң 
«момын сұм», «ақылды сұм», «көнгіш сұм» деген жақсы атқа құштар болар 
жайым жоқ. Өлсем де, ол жағына өктемей өлем! - деген. 


 
255 
Балағаз бен Абылғазының ендігі қияс мінезі Құнанбайды дағдарта бастады. 
Баяғы дағдыға салып шауып алайын десе, мынадай аш-арық боп, суық тартып 
жүрген елдің ішінен өрт шығарып алам ба деп қорықты. 
Ойға келген бір шара - ұлыққа шағу еді. Ең оңайы отряд шығартып, 
урядниктерге ұстатып, кісендеп тыю. 
Бірақ осы тұста заң өзгеріп кетті. Бұрынғы аға сұлтандық қалып, «болыс» 
деген жаңалық кіргелі жатыр. Тобықтының дуаны да өзгерді: жаздан бері бұл 
ел Семейге қарайтын бопты. Және түгел Тобықты бұрын бір ғана старшын еді. 
Тобықты енді үш болыс ел боп бөлінетін көрінеді. Жаңа дуан жана ұлыктың 
қолында. Олармен жүз көрісіп, сырмінез болған Құнанбай да жоқ. Ертең 
сайлауы келеді. Сондай кездің қарсаңына өз елінің ішімен қағаздасып жату 
лайық емес.
Ең болмаса сайлау өткенше қоя тұру қажет. 
Бірақ аял қылайын десе, Балағаздар асып барады. Екі бұйрығын 
орындамады. Енді: «Біржолата құрық әкеткен боп, тіпті дандайсып кете ме?» 
деп, тағы қобалжиды. Осындай шарасыздық үстінде, Құнанбай бір топ мықты 
жігітті аттандырып: «Тау ішінде жүргенде үстінен түсіп, тегіс ұстап әкеліңдер!» 
- деп бұйырып еді. 
Оған көнетін Балағаз емес екен. Мойынды қашыққа салып барды да, 
бірден-екіден бытырап кетті. Титығы құрыған қуғыншылар ел ішіне қайта 
айналып келгенде, Балағаздар да ілесе оралды. Келе бере Құнанбай 
жылқысынан тағы алды. Бірақ қауырт алмай, біртіндеп, тай, байталдан алды. 
Бұл уақыт ел-елдің қыстауға қонып, ақтан ажырап, нағыз күйзеулікке түсетін 
шағы еді. Ендігі бірен-саран ұсақ қараны аш-арықтың сойысына алып жатқан 
сияқты. 
Аз күнде Тобықты ішіне келетін болыстық сайлауын тосып отырып, 
Құнанбай енді Базаралыны шақыртты. Жігітектің өзге жігіттеріндей емес, 
Базаралы іркілген жоқ, тез келді. 
Құнанбай жас тоқалының үйінде екен. Тамға жаңа кіріпті. Үй жылы. 
Жасау-жабдық жас жігіттің отауындай. Толық денелі, дөңгелек жүзді 
Нұрғаным сұлу да, сәнді екен. Әсіресе, қоңырқай келген, үлкен өткір көздері 
ерекше ажарлы. Жүзінде жастық пен саулық, тоқтық, баршасы да нұрлана түсіп 
шырай береді. Ақаусыз бетінде мөлдіреген тұтас қызылы бар. Ерге біткен 
көрнекті мұрнының оң жағында кішкене, томпақша меңі бар екен. Нұрлы 
қызыл жүзіне біткен қап-қара мең, өзінше, қатты жарасып тұр. Олдағы 
Нұрғанымның ерекшелігі. Өзге әйелге бітпеген нысанасы тәрізді. 
Құнанбайдың сөз бастауын күтіп отырып, Базаралы Нұрғанымды әбден 
болжады. Ішінен: «Япыр-ай, мына тоқалды қалай таңдап, қайдан тауып алған?» 
деп, тамашалай қызғанды. 
Нұрғаным біртүрлі байыпты және еркін, батым көрінді. Құнанбай мен 
Базаралыға шай жасатып, соны қызметші қатынға құйғызып беріп отырып, 
күйеуіне де, қонаққа да қымсынбай қарайды. Бірер ұсақ шаруаның жайын да 
Құнанбайға еркін айтты. Күйеуі мұны «қалмақ» дейді екен. Шай аяқтап 
келгенде: 
- Қалмақ, шайыңды жиғыз! Мына Базаралымен сөзім бар, - деді. 
Нұрғаным асықпай отырып, бұйрығын орындады да, малшы қатынға: 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   121   122   123   124   125   126   127   128   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет