Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет122/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   118   119   120   121   122   123   124   125   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
248 
күзетіне сақ болу еді. Құнанбай барлық ауылдарын қатар қондырып, бірге 
көшіріп, шоқтай қып, жиын ұстады. Сүйітті де үдере көшіп тарта берді. 
Өрттен қашқандай боп асығып жөнелді. «Тым кұрыса, жаудың беті басқаға 
бұрылар, бізді қуа бермес. Сонымен толас көрерміз!» - деп ойлаған. 
Қаша көшу азнаулақ ем болғаны рас. Соңғы күндер Жігітек, Көтібақ 
ішінен ұрланған малдардың хабарын көбірек жеткізеді. Бірақ сонда да 
Ырғызбай түгел аман қалған жоқ. Екі тай мен бір семіз байтал тағы жоқ боп 
шықты. Осы кезге жеткенде Құнанбай: «Енді білдім, таныдым» деді. 
Бірақ «білдім» дегенімен, айыпкердің атын атаған жоқ. Тек қана, жауды: 
«Алыстың жауы емес, іштің жауы» деп байлаған. 
Байсал, Сүйіндіктерге мұндай ой келген жоқ. Екеуі де әлі күнге құр 
дағдарып, құр санын соғып жүр. Құнанбай оларға: «Іздесін, іздей берсін» деп 
сәлем айтты. Бірақ өз топшылауын білдірмеді. Осы кезде көрші руларға 
бірнеше кісіні жай ғана жансыз етіп аттандырған. 
Ол кісілерге тапсыратын сөздерін де бір өзі ғана білді. Осындай 
бұйрықтармен жіберген адамдары да оқшау кісілер. Ойда жоқ жандар. 
Мысалы, Жігітек ішіне, Қарашаның аулына жібергені кәрі кемпір. Сол 
ауылдағы бір жалғыз үй кірмемен сүйек шатысы бар кемпір екен. Көтібақ ішіне 
де сондайлық елеусіз кедей шалды жіберді. Торғайға жібергені де бір шал 
түйеші болатын. Бұл кәрілер әсте сұрау салмайды. Тіпті мал жоғалғанын да 
білмейді. Жай әшейін құдай деген жандар ғана болады. 
Жалғыз-ақ барған ауылдарының үйді-үйлеріне ертеңді-кеш кіріп, ішкен-
жегендерін байқайды. Барлық тапсырылған міндет осы ғана. 
Сол шебер айланың арқасында, аз уақыт ішінде Құнанбай жауын тапты. 
Көп жылқыны алатын алғыштардың ұясын білді. 
Сүйтіп ендігі зіл салмағы түсетін жер тағы Жігітек. Оның ішінде Қараша, 
Қаумен айналасы болды. 
Құнанбай бұл жолы тұспалмен, ой жотамен соқтыққан жоқ. Бұрынғыдай 
емес, дәл мынау тұста кінәсі орынды болатын. Жігітектің бірнеше жігіттері 
шын айыпкер еді. 
Әңгіме Балағаз бен Абылғазыдан басталған. Балағаз Базаралының ағасы. 
Жігітек ішіндегі намыскер, отты, пысық жігіттің бірі. Абылғазы Қарашаның 
баласы. Қарашаның өзі сияқты, көп балалары да шеттерінен сотқар, қияс 
болатын. Ертерек кезде Құнанбай мен Бөжей арасын ұшқындырып жіберген бір 
уақиға осы Қарашадан басталып еді. Оған Қауменнің де қатнасы болған. Көпке 
мәлім Тоқпамбет төбелесі әуелі осы Қараша, Қаумендердің екі атшабарды 
сабауынан басталған-ды. Содан бері Мұсақұл төбелесі сияқты, Бөжейдін асы 
сияқты үлкен жиындардың бәрінде Қараша мен Қауменнің ержеткен азамат 
балалары көп аузына ілініп, көзге түсе беретін. Шетінен намыскер, өркөкірек 
және мықты, отты. 
Осылар арасынан шыққан Базаралы болса, ол әрі сымбатты, сұлу, әрі 
шешен жүйрік. Жігітек ортасы мақтан еткендей, атпал азамат, атан бітімді жігіт 
еді. Ерлік пен мықтылығы да сай. 
Бірақ биылғы Мамырдың жұтынан кейін осы бір топ жігіт елден ерекше 
жарым көңіл боп жүрді. 


 
249 
Қалың елмен бірге Жігітек көпшілігі де қатты жұтаған. Жер аз болған 
тапшылықтан жұтады. Сол көптің ішінде «ақ сирақ» боп қалғанның бірі - осы 
Қараша, Қаумен ауылдары, Базаралы, Балағаз, Абылғазы, Әділхан сияқты 
жігіттерде тек қана бір-бір ат қалды. 
Жаз бойы бұлар үйден шыққан жоқ. Аштықты да, кемтарлықты да көп 
көрді. Кісіге барып, көз сүзіп сауын сұрауға, жалпетек болуға намыстары 
жібермеді. Керек десе, Байдалыдай туысқанға да барған жоқ. Кәсіп етейін десе, 
мынандай жұтап калған елдің ішінде түк нәрсенің орайы жоқ. Жалғыз айла - 
жалға жүру. 
Бірақ ол бір ғана өз бастарын асырау болмаса, қатын-балаға талшық емес. 
Өмір бойы жалшылықта жүрсе де, көсегесі көгерген қойшы, жылқышы, түйеші 
жоқ. Алатын ақысы құр ғана «ішіп-жем» болғандықтан, талай жандар атадан 
бала, баладан немереге шейін үнемі кісі босағасын тоздырумен өтіп келеді. 
Жігіттер жаз бойы көргенде, не көрді? Ашыққан баланы көрді. Қаншырдай 
қатқан шеше мен жеңгені, қатын-қалашты көрді. Айнала күрсіну де күңірену. 
Осы жайларға сол жігіттер айла таппай, қарғыс айтатын. Жалғыз-ақ 
төменшіктеп, жасып айтпайды. Іштегі ызамен, қыжалмен айтатын. Барлығының 
сондай күйін Базаралы жақсы айтып беріп еді. Бір күн кешке дөң басында бір 
топ жігіттің ортасында отырып, ызалы мысқылмем сөйледі. 
- Ел еру болса, шаңырағына жоқшылык кеп шеру тартады. Көші-қон болса, 
әке-шешең, қатын-балаң ақтабан шұбырындыға ұшырайды. Жалғыз сиырға 
артқан ашамайдың үсті де арман бопты. Құдайдың бізден аяған несі қалды?.. - 
деген. 
Осы жазда, дәл осы жігіттерге Базаралы көп-көп күйік айтқан. Аман 
қалғанның тетігі неде? Жұтағанның жайы неден? Әділетсіздік қайсы? Ол 
қандай тон киіп, қалайша тіл қатып келеді? Солар туралы түкпірлеп, ойлаған 
ойларын айтатын. 
Сондай әңгімелер тұсында Балағаз бен Абылғазы тыным таппай әбігер боп 
қалушы еді. Базаралыға қадалып кеп: «Ақыл-айла тапшы, бет нұсқап, жол 
көрсетші! Істерлік іс бар ма? Соны айтшы?» дей беретін. Бірақ Базаралы ол 
сұрақтарына жауап айта алмаған. 
Ақыры, ендігі өмір өзгеше боп кетті. 
Балағаз бен Абылғазы екеуінің түнделетіп атқа мінетінін Базаралы көпке 
шейін білген жоқ. Ең алғашқы кезекте Майбасар жылқысы жоғалды. Одан 
кейін Жақыптан алынды. Осының жаманат сияқты хабарын естіп жатқанмен, 
Базаралы елең қылмаған. Үшінші кезекте Ырсай жылқысы алынды. Дәл осы 
орайда Базаралы бір түнде ұйқтай алмай, аунақшып жатып, таңға жақын тысқа 
шығып кетті. Көпке шейін үйге кірмей, далада болған. 
Үй сыртындағы көгалға барып, таң салқынға төсін төсеп, жапа-жалғыз 
ойланып отырып қап еді. Жап-жақын жерде көрші ауыл бар-ды. Қарашаға 
қараған төрт-бес үй болатын. Сол ауылдың Ақтөс дейтін бір сақ қаншығы 
болушы еді. Таң жаңа ғана сызып атып келе жатқанда Базаралы Ақтөстің 
үргенін естіп, елең етіп қалды. Шабаланып тұрып, оқыс үрді. Анық кісі 
көргенде үретін үрісі. 
Бұл не қылған бөгде кісі екен? Білейінші, - деп ойлап, Базаралы тосып 
қалған. Аздан соң Қарашаның. аулындағы шеткі үйдің тұсына екі атты кісі 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   118   119   120   121   122   123   124   125   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет