Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет126/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   122   123   124   125   126   127   128   129   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
256 
- Сен енді жүре бер! - деді. 
Өзі Құнанбайдан төменірек жерде малдас құрып, отырып калды. 
Құнанбай әңгіме бастағанда, Базаралыға қатты сөйлеген жоқ. Балағаз бен 
Абылғазыны мұның өзіне шағып: «Сенің де бетіңе шіркеу ғой. 
Адамшылығың да, арың да бар еді. Сол арыңа салмақ салғаны ғой олардың. 
Ақтамассың, ақтамайсың деп білем, не дейсің?» деп еді. 
Базаралы бөгелген жоқ. Құнанбайдың жүзіне тура қарап отырып, қысқа 
жауап айтты. Бұ да баяу бастап, сабырмен, салмақпен айтты. Шешен сөйлейтін 
тәрізі бар. Айтқан жайы: «Ақтаймын деп келгем жоқ, кінәлаймын. 
Кінәлағандықтан аразбын. Атым туысқан, ал, жайылысымыз бөлек. Көріспей 
кетіскенімізге көп болды. Бірақ қолымда әмір құдіретім жоқ. Сондықтан істей 
алар шарам да жоқ...» деген еді. 
Жылы үйге келіп, шай ішіп алғаннан бері Базаралының жүзіне жақсы 
күндегідей нұр кірген. Батыр тұлғалы, ер сұлудың ойшыл сергек көзі де, ақ сұр 
жүзі де еріксіз елеткендей. Бетінің қызылы да балқығандай боп, нұрланып тұр. 
Кең иық, зор кеудесі төменшіктеп, иілмейді. Салалы келген аппақ сұлу 
саусақтарына шейін өзгеше. Бітімді, жақсы туысты білдіреді. 
Құнанбай бұл шаққа шейін Тобықты ішінің жасында өзімен бүйтіп еркін, 
тең сөйлескен жанды көрмеген. Ішінен Базаралының тұлғасына да, жауабына 
да шын сүйсінді. 
Бірақ, сүйте отырып, аз әңгіменің тұсында Базаралымен ырғасып кетті. 
Қонақ жігітіне Құнанбай салмақ сала бастап: «Айыптайтын болсаң, тыю салуға 
көмек ет!» деп еді. 
Осыған келгенде Базаралы: 
- Айыптайтыным шын, жалған емес. Оны айттым. Бірақ соларды осындай 
қып жіберген себеп не? Түп бәле неден? Ол кешегі жұттан, бүгінгі 
жоқшылықтан. Осы бәлелерге ілесе жүретін ағайынға әйгілі әділетсіздік бар, 
содан. Біреу аға болды. Барды алды. Біреу болса, кейін отырып, кенде қалды. 
Кірме болып, есесіз қалған тағы көп. Аяғында міне не болды? Бұрынғы аға 
болған аман калды. Бұрын мүйізделіп жүрген көп көр бала күңіренді де, ол 
қалды. Осыны ойлар жан бар ма? Жаны ашитын, қиналып ойлайтын ел ағасы 
бар ма? Менің сізге келгендегі өз аузымнан сұрамағым, білмегім осы еді? - деді. 
Жаңағы айтылған тілекке жауап бермей, сөзді басқаға бұрып кеткен 
Базаралыны үй иесі жақтырмай қалды. Қыжырта қарап, дау айтып кетті. 
Сөзінің салмағы - «құдай бұйрығы тағдырдың жазуы» дегендер. «Жұтты адам 
әкелген жоқ. Кімнен көрмек керек? Бардың бәрі қарайласпай отыр ма? Бірақ 
қаншаға жетпек? Ер азығы қанағат. Тәңір бұйрығына көнбек керек» деген 
болатын. 
Базаралы сол «бұйрықтың» өзіне де тоқтамады. «Құдай бұйрығы қалың 
елді қан қақсатып қойды. Ел қамқорымын дегендер көмек ойласа, нетуші еді? 
Мынау ақылдары көргеніне көне бер деген ғой. Олай болса, құдай бұйрығы деп 
көрге барып тірідей кіре берсін бе?» - деген. 
Құнанбай Базаралымен көп салғыласуды енді өз бойына мін көре бастап, 
түсін суыкқа салды. Дауды тұжыртып, тоқыратып кеп: 
- Сенен де арылғаным осы. Енді аяспайтынға кеткен екеміз. Жалғыз-ақ 
Балағаз, Абылғазы арандайды. Жаман арандайды... Қашан айтты демесін? - деді. 


 
257 
Сөздің осымен біткенін Базаралы түсініп, жүруге қамданып отырып, дәл 
кетер жерде: 
- Балағазда жұмысым жоқ. Не болса, о болсын! Бірақ көпті айтсам 
қорқытамын деп, сіз әуре, ұқтырам деп, ел әуре. Келісе алмас күн екен. Кере-
қармен кеткеніміз де баяғы, - деп тымағын киді. 
Соңғы сөзі жауапсыз қалды. Базаралы асықпай түрегеліп, қош айтты да, 
есікке беттеді. Нұрғаным мен Құнанбай бұдан көздерін алмай, қарап қалды. 
Ер жігіттің сырт сымбаты да соншалық өзгеше. Өр көңілді батыр 
бейнесіндей. Әрі байсал, әрі маңғаз. Тіп-тік бойы қымсынбай, қысылмай кетті. 
Құнанбай есіктен көз алмай ойланып қап еді. Аздан соң Нұрғанымға қарап: 
- Шіркін Базаралы! Бұл өңірдің жігітіне бітпеген сыртың мен нұрың бар. 
Ішіңде жатқан тұнық мөлдір сырың да бар. Тек сорлы жазған, қарымы шолақ 
Қауменнен несін тудың екен? - деді. Қызығып та, қызғанып та сөйлеген сияқты. 
Нұрғаным Базаралы дауларын үлкен ынтамен тыңдаған. Күйеуінің жаңағы 
сөзі, мынау сұлу жігітке мұны әдейі қызықтырып сөйлегендей әсер етті. 
Қызғанышын алған жоқ. Қызыққанын алды. Жас әйелдің жүрегі әлденеден 
өрекпіп, тулап қалды. 

Ел ішіне сайлау келді деген хабар шығып еді. Жидебайда жатқан Абайға 
Құнанбайдан шақырту келді. 
Абай күз бойы өзінше бір оқшау, жалғыз болған. Көбінше, домбыра тартып, 
күй күңіренте береді. Шешен қоңыр домбыра биыл тіпті ділмәр болып алғандай. 
Көп-көп сырлар айтады. «Саймақтың сары өзенін» тартса да, «Қос қыздың 
жылағанын», «Боз торғайдың шырлағанын» тыңдаса да баяғы сарын көп жайды 
баян ететін болды. Нелер айтады? Желді аяқ желмаясын жосытқан Асанкайғы 
да, ашты күйін бе-беулеткен Алшағыр да - барлығы да тыным таппай безек 
қағады. Ылғи бір көргеніне көне алмай, ансағанын ала алмай, зар-зар шеккен 
күйінділер. Бәрінің де қасиеті - іздене талпынады, толғана ширығады. 
Енді Абай ойының көбі, осы жазда Қадырбайдан естіген, соған өзі айтқан 
үлкен толғауларының жайы. Қадырбай сонда: «Өткен заман талай шерін тастап 
кеткен» дейтін. «Акынның аңсауынан, әншінің ырғағынан, күйшінің кер 
толғауынан соны көр» дегендей болатып. Абай өз ойына, сол өткен күндер 
тілшісі болған кәрі домбыраның сырын жалғайды. 
Бұрынғы қызык, сауық дегеннің, жастық жүріс дегеннің бәрін де әзірше 
ұмыткан тәрізді. 
Осы жақын шақта Ербол келіп, Абайды ертіп әкетпек болған. Еліктіріп, 
қызыққа салмақ болатын. Кейбір жүрістерді еске салып, сұлу қыздардың 
аттарын атап еді. 
Абай бұған да салқын қарады. Сол Ербол қонып жатқан күндерде, «Сап-
сап, көңілім, сап, көңілім» деген ұзак бір жыр жазды. Мұнысы Ербол ұсынған 
желіктерге өзінше жатырақ қарай бастаған бет сияқты. Ерболға айтқан жауап та 
осы. Домбыраға қосылып, ұзак әнмен айтып бергенде, Ербол дауласа жөнелді. 
- Тәңір, өзің жас дәуренге қош айтайын дегеннен аманбысың? Жиырма 
беске жасың келмей жатып, бұ неменең? Ондайыңа көнетін кісі жоқ!.. - деген. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   122   123   124   125   126   127   128   129   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет