82
сұлтан басымен Бөжейдің аулын шапты, өз қолымен қыруар елді қырқа
матады... дүреледі» деген сөздер бәле боп, ұлғаймай тұра ма?.. Бөжейдің
«арызы» деген - «аяспау»
деген сияқты, әр жерден шаң беріп жатқан жайдың
бәрі сол дүмпудің белгісі...
Құнанбай Алшынбайдың жүзіне ойлана қарап: «Ендеше барыңды айтшы!»
дегендей, үндемей тосып қалды. Алшынбай енді Құнанбайға қадала қарап
отырып, жіті сөйлеп:
- Бүгін мына мешіт бітіп, абыройың асып отыр. Атағың көпке кетіп жатыр.
Соны күндейтін де кісі көп. Алдымен анау көрпіс, мына жаңағы Майыр
күндейді. Кішіреймейсің, кешірім етесін. Ақ көңілің мүлде ағарсын. Мұның да
бір Кұнанбайлығың болсын. «Игі жұмыс үстінде кірбеңнен арылам» дегенің
болсын. Ана Бөжей ағайыныңды жау қып жатқа жіберме!.. Бауыр қып қасыңа
тарт, татуласшы осы! - деді.
Құнанбай көпке шейін үндеген жоқ. Татулықты Алшынбай сұрағанда, қай
жауабын болса да ойланбай айту қиын.
Анығында, бар Қарқаралы дуанының
шын дүмшебайы осы Алшынбай. Көп рудың нелер үлкен дауы да осының
алдынан тарайды. Одан бері де ана бір кезде Құсбектей төре Алшынбайды
өкпелетіп алған соң, аға сұлтандығынан айрылған.
Алшынбай достығы арқылы ғана аз ғана Тобықтының Құнанбайы аға
сұлтандықты алған... Және Бөжейді жау қып қуа берсе, астында жатып та аяғын
шайнайтын түрі бар. Аңғар солай боп барады. Онан соң істесе Бөжейге бұл
істеді, Бөжей әлі бұған не істеді?.. Алшынбай сұраса бергеннен абзалы жоқ
екен деген байлауға кеп еді. Өздігінен «тез келермін» деген байлауы емес екені
рас. Алшынбай емес, өзге кісі айтса да бүйтіп тез қайтпас еді.
Енді мына тұс оның бәрінен бөлек... Сол себепті Құнанбай бекінді де:
- Алшеке, айналаны көріп, болжап айтып отырсын ғой.
Достықпен айтып
отырсың. Аңғармасам айыпты болар ем. «Қайтпас-ақпын» деп едім. Бірақ
жалғыз қатыбас мен болайын ба? Ақыры құдай білсін, өзің біл, өзің аяқта! -
деді.
Сөз сонымен бітті де, Алшынбай біраз отырып үйіне қайтты. Абай Бөжей
үшін риза еді. Тіпті Алшынбайға да іштей көңілі жылы тартқандай болды...
Түсі суық, рақымсыз жаулықтың енді беті жылынып, татулыққа айналғанын
Абай «уһ» деп, күрсіне сүйсініп қабылдады.
3
Осы сөз болған күннің кешінде Абай Қарқаралы
қаласын жапа-жалғыз
аралап кетті. Кейде бір іші пысып, жүдеу тартса, немесе бір нәрсеге риза боп,
көңілі өрбісе, осылайша жалғыз кетіп қалушы еді... Күн кешкіргенмен әлі
батқан жоқ екен. Қала желкесіндегі әсем таудың карағайлы жотасында қызыл
арай сәуле бар. Тау басында жел тұрды білем. Тоғайсыз ашық жондар да сырғақ
көрінеді. Жаяу борасындап, ұйтқи түсіп қызғылт құйын ұшқындайды.
Қала ішінде желсіз шыңылтыр аяз білінеді. Жайсыз суық емес. Бойды
ширықтырып, жинақы ұстататын жеңіл мезгіл. Таудың қалаға қараған бетін
кеш көлеңкесі басқан. Жақын жердегі жақпар тастардың өзі де қазір көкшіл
көлеңке ішінде көгілдірленіп, алыстай түсіп, түнге бейімдеп барады...