№14 Аудиофайл
Сұхбатты тыңдаңыз. Сұрақтарға жауап беріңіз.
– Сәлем! Таныс болайық. Есімім - Асқар.
– Сәлеметсіз бе! Мен Олжаспын.
– Танысқаныма қуаныштымын. Мазаңды алған жоқпын ба? Кітап оқып отырған жас азамат өзің ғана
екенсің.
– Жо-жоқ, бәрі дұрыс. Көмек қажет пе? Бір нәрсе сұрайын деп пе едіңіз?
– Мен қазақ киносы туралы мақала жазайын деп едім. Соған байланысты әңгімелессек, қалай қарайсың?
– Жарайды. Қарсы емеспін. Қазақ киносы туралы дейсіз бе? Бірақ мен біздің отандық киноны жасауға
үлес қосқан адамдарды білмейді екенмін. Сіз білесіз бе?
– Қазақ киносын Шәкен Аймановсыз, Сұлтан Қожықовсыз елестету мүмкін емес. Осы екеуі негізін
қалаған десем, ешкім қарсы болмас. Ал кинода ойнаған қазақ әртістерін білесің бе?
– Маған Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді ағаларымыздың рөлдерді келістіріп
ойнаулары қатты ұнайды. Олар театрдың да гүлі ғой.
– Иә, дұрыс айтасың. Бекежанның рөлін Асанәлі ағамыз керемет ойнады. Ал Тұңғышбай ағамыз Абылай
хан рөлін театр сахнасында тамаша ойнады. Маған да қатты ұнайды.
– Маған екі әртістің де түрлері, мінездері ұнайды. Менің ойымша, екеуі де қатал мінезді, бірақ мейірімді
адам сияқты.
– Ал сен өзіңді сахнада батырды ойнаған әртіс сияқты елестетіп көрші. Сенің әртіс болғың келе ме?
– Иә, бала күнімде әртіс болуды, мәнерлеп өлең оқыған ақын болуды армандайтынмын. Інім екеуміз
үйде әртіс болып рөл бөлісетінбіз. Мен үнемі хан болғанды ұнататынмын, ал ол жаумен шайқасқан батыр
болғысы келетін.
– О-о, жақсы екен. Уақыт бөліп, әңгімелескеніңе рақмет! Аман бол!
– О не дегеніңіз! Сізге де рақмет! Сау болыңыз!
330
№15 Аудиофайл
Сұхбатты тыңдаңыз. Сұрақтарға жауап беріңіз.
– Мағжан Кәрімұлы, сізді табысты кәсіпкер деп білеміз. Жас кәсіпкерлерге айтар ақыл-кеңестеріңіз бар
ма? Табысты болудың сырымен бөлісесіз бе?
– Еңбекке ерте араластым. Жеке кәсібімде жетістікке жету үшін көп еңбектендім. Алғашында қиын
болды, әрине. Бірақ еңбекқорлығым және өмірге деген қызығушылығым жеңіске жетуіме көмектесті.
Сонымен, табысқа жеткізетін 8 қасиетті айтайын. Менің ойымша, олар өз ісіңе деген қызығушылық,
сонымен бірге еңбекқорлық, тәжірибелілік, мақсатшылдық, алдыңа қойған мақсатыңа жетем деп
ұмтылмасаң, кәсібіңді дамыта алмайсың. Ал табандылық, талпынушылық – өте қажет қасиеттер. Өз
жұмысыңнан шаршамау үшін шығармашылық қасиет те керек. Үнемі жаңа ойлар тауып, өз жұмысыңды
өзіңе қызықты етуге тырысуың қажет. Ал жауапкершілік болмаса, жоғарыда аталған қасиеттер бір сәтте
мағынасыз болып қалады. Егер осы сегіз қасиет сіздің бойыңыздан табылса, сіз табысты кәсіпкер боласыз.
№16 Аудиофайл
Сөйлемдерді толықтырыңыз.
Ештеңеге үлгермеуіміздің себебі
Ойланып қарасақ, кей күндеріміздің босқа өтіп жатқанын аңғармаймыз. Оған зерттеулер нәтижесінде
анықталған жеті себеппен таныс болыңыз.
Біріншіден, жұмыс күнін дұрыс жоспарламаушылық. Телефонмен шешуге болатын шаруалар үшін де
кездесу жасау. «Созбалау» синдромы. Телефонмен, хаттармен, әңгімемен айналысып ұзақ отыру.
Екіншіден, өзін-өзі тәртіпке келтіре алмаушылық. Табысталған тапсырманың орындалуын
қадағаламаушылық, нәтижесін тексермеу.
Үшіншіден, нақты мақсатты айқындай алмаушылық. Жұмысқа деген қызығушылық төмендеп, істі
соңына жеткізе алмау. Бір істі қайталап орындай беру.
Төртіншіден, жауапкершілікті сезінбеу. Жұмысыңыз нәтижелі болсын десеңіз, алдымен бітіру керек
істерге басымдық беру қажет.
Бесіншіден, сапарға жиі шығу. Құжаттар мен ақпараттарды сенімді жерде сақтамау.
Алтыншыдан, әріптестерге «Жоқ» деп айта алмау. Өзгенің жұмысын орындау.
Жетіншіден, өмірдегі, көңілдегі, ойдағы шашыраңқылық, асығыстық, шыдамсыздық. Қиын мәселеге
қатысты сұрақтарды талқылауға дайын болмау.
№17 Аудиофайл
Сұхбатты тыңдаңыз. Сұхбат берушілер туралы ақпаратты толтырыңыз.
– Бауырым, таныс болайық. Менің атым – Мұрат.
– Есімім – Нұрлан. Алматыда тұрамын. Өзіңіз ше? Қай жақтансыз?
– Мен де. Шымкенттен, іссапардан келе жатырмын. “Әсем-ай” фирмасының тарату бөлімінде менеджер
болып жұмыс істеймін. Төрт жарым жыл болды, міне. Өзің не істейсің?
– О-о, үлкен кәсіпорын ғой ол. Мен шағын фирмада есептеу бөлімінің маманымын. Жұмыс өтілім көп
емес, екі-үш жыл болды. Жалғыз келесіз бе?
– Иә, жалғыз келемін. Әйелім – жұмысбасты адам. Балабақшада, күндіз-түні балалармен бірге.
– А-а, ал мен жалғызбастымын. Бала-шаға дегенді енді ойлап жүрмін. Жұмыс реті енді болғандай.
– Е-е, дұрыс екен. Үйлі-күйлі болғаның дұрыс. Жұмысың ұнай ма өзіңе?
– Жұмысым ұнайды. Бір кемшілігі компьютерде ұзақ отыруға тура келеді. Өзіңіз ше?
– Аздап шаршап жүрмін. Жұмысымды ауыстырғым келеді. Демалыссыз жұмыс істеуге тура келеді кейде.
– Сонда кім болғыңыз келеді?
– Әзірге білмеймін. Кеңседе отырып істейтін бөлімге ауысатын шығармын. Көрерміз.
№18 Аудиофайл
Сұхбатты тыңдаңыз. Сұрақтарға жауап беріңіз.
– Нұрлан аға, еліміздегі тауар сапасын анықтап, сол үшін берілетін жүлде «Алтын сапа» сыйлығы
туралы айтып өтсеңіз. Қалай өткізіледі, қанша кәсіпорын қатысады? Отандық өндірушілер бұрынғыдай
он шақты емес, қазіргі таңда анағұрлым көп емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Бүгінде отандық өндірушілер саны едәуір көп, қуаныштысы жылдан-жылға артып
331
келеді. Сондықтан мұндай байқау өте қажет. Бұл байқау жыл сайын өткізіледі. Қазіргі таңда қатысамын
деген кәсіпорындар саны анағұрлым көп. 3-4 жыл бұрын қатысушылар саны жүз шақты болатын.
– Ал бұл байқауға қатысудың шарттары қандай?
– Байқауға қатысудың негізгі шарттары – бесеу. Онша қиын да емес. Ең бірінші, тауардың сапасын
қадағалау керек, екіншіден, тауардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сосын сапаны жақсартудың тиімді
әдістерін пайдалану, төртінші, халықаралық стандарттарды енгізу және соңғысы, тұтынушылардың
сұраныстарын қанағаттандыру.
– Сонда жеңімпаз кәсіпорын біреу ғана бола ма? Жүздеген қатысушы болады деп едіңіз? Сонда қалай?
– «Алтын сапа» байқауына қатысушылар үш түрлі санат бойынша сайысады.
1) «Үздік өндірістік тауарлар»;
2) «Үздік халықтық тауарлар»;
3) «Үздік қызмет саласындағы тауарлар».
Нәтижесінде жүлдеге үш кәсіпорын ие болады деген сөз.
– Нұрлан аға, ал бұл жүлдені беру қандай қажеттіліктен туды?
– Оған үш себеп бар. “Алтын сапа” байқауы, біріншіден, отандық тауарлардың сапасын көтеру, екіншіден,
шетелге шығару мүмкіндігін арттыру және қазақстандық өнімдердің беделін жоғарылату үшін қажет.
– Нұрлан аға, уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет! Көріскенше, сау болыңыз!
– Сізге де рақмет. Сау болыңыз.
№19 Аудиофайл
Сұхбатты тыңдаңыз. Сұхбат берушілер туралы ақпаратты толтырыңыз.
– Сәуле, тыңдармандарымызға сіздің «Рахат» акционерлік қоғамының қоғаммен жұмыс істеу бөлімінің
бас маманы деп таныстыруға рұқсат етіңіз. Қош келдіңіз!
– Қош келдік! Айнұр, таныстырып өткеніңізге рақмет. Сәлеметсіздер ме!
– «Рахат» акционерлік қоғамының Қазақстандағы кондитерлік өнім өндіретін ірі өндіріс орындарының
бірі екені баршаға мәлім. Алайда алғашқы өнімдеріңіздің қашан және қалай шығарылғаны туралы айтып
берсеңіз.
– «Рахат» акционерлік қоғамының 70 жылдық тарихы бар. Кондитерлік өнімдер алғаш рет 1942 жылы
арақ - ликер зауыты алаңында соғыс кезінде Мәскеу мен Харьковтан көшіріліп әкелінген жабдықтармен
шығарылды.
– Алғашқы тәттілерді соғыс кезінде таратқан екенсіздер ғой. Сонда сіздер елде қанша адамға жұмыс
беріп отырсыздар?
– «Рахатта» 3500-ге жуық адам жұмыс істейді.
– Міне, отандық өндіруші деген қандай! Қалай мақтамайсың?! Ал бүгінгі таңда тәттінің неше түрін
өндіресіздер?
– Бүгінде біздегі тәттілердің 250-ден аса атауы бар. Сонымен бірге сусамыр ауруынан зардап шегетін
адамдарға арнап арнайы өнім шығаруды игерген Қазақстандағы бірден-бір кәсіпорын.
– Сәуле ханым, ал сіздердің өнімдеріңіз тек өз елімізде ғана сатыла ма? Жоқ әлде шет елге де
жеткізесіздер ме?
– Біздің өніміміз отандық нарықта ғана емес, таяу және алыс шет елдер нарығында да танымал.
Қазіргі кезде «Рахат» өнімдері Қазақстан нарығында ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан,
Германия, Қытай, Ауғанстан аумағына да тараған.
– Компанияның алға қойған мақсаты бар ма? Ол қандай мақсат?
– Компаниямыз келешекте өндіріс көлемін ұлғайтуды және экспорт көлемін арттыруды және осы
арқылы өнімді өткізу нарығын кеңейтуді жоспарлауда.
– Компания өз қызметкерлеріне қамқор ма?
– Бірінші және екінші ауысым жұмыскерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылған.
Асхана, жоғары санатты дәрігерлер қызмет көрсететін медициналық-санитарлық жұмыс істейді,
тренажер залы бар, сауықтыру орталығы қызмет көрсетеді. Түрлі саладағы мамандардың біліктілігін
көтеру бойынша сабақтар үнемі өткізіліп тұратын оқу кластары бар, мемлекеттік тілді үйрету курстары
ұйымдастырылған.
– Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдай жасалған екен. Бәрекелді! Барлық отандық өндірушілерге де
тілеріміз осындай жағдай және табысты еңбек. Сәуле, уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Тыңдармандар маңызды мәліметтер ала алды деп ойлаймын. Еңбегіңізге табыс тілеймін! Көріскенше!
– Сізге де рақмет! Жұмысыңызға шығармашылық табыс тілеймін. Сау болыңыз!
332
№20 Аудиофайл
Сұхбатты тыңдаңыз. Сұрақтарға жауап беріңіз.
– Әсет, әлемдегі қызық заңдар туралы естігенің бар ма?
– Иә, Нұржан, өткенде ғаламтордан оқығаным бар. Кейбір заңдар тіпті күлкілі болса, ал кейбіреулері
адамды ойлантып тастайды.
– Мен 1-2 заң ғана білемін. Айтып берейін...
– Ал айта ғой, егер менікінен өзгеше болса, саған өзімнің білетінімді қосамын.
– Егер біздің елде әйелдердің көлік айдауы қалыпты болса, Сауд Арабиясы нәзік жандыларға көлік
айдауға тыйым салады екен. Сондай-ақ, Сауд Арабиясында тұратын әйел азаматы дәрігер мамандығын
иемдене алмайды. Бұған заң үзілді-кесілді қарсы.
– Сауд Арабияның біздің заңнан ерекшеленетін жақтары көп деп ойлаймын. Ал сен мына заңдарды
естіп пе едің? Канадада радиотолқын арқылы шырқалатын әр бесінші әннің орындаушысы міндетті түрде
канадалық азамат болуы керек. Сондықтан Селин Дион мен Брайн Адамның әні эфирден жиі беріледі екен.
Ал француздар торайларды Наполеон деп атай алмайды екен. Бұл Наполеон Бонаппартқа деген құрметтің
бір белгісі болса керек.
– Ойпырым-ай, не деген отансүйгіш заңдар десеңші! Ал сен Сингапурда болып па едің? Егер онда
болсаң, менің айтқаныма таң қалмассың. Сингапурлықтар тазалық жанашырлары екен. Ол елге сағыз
апаруға да, ол елде жүргенде сағыз шайнауға да тыйым салыныпты. Сонымен бірге көшеде кішкентай
қоқыс тастайтын болсаң, 500 АҚШ долларын айыппұл ретінде төлейсің.
– Иә, таза болған жақсы ғой. Мен оларды құптаймын. Егер бізде де сондай заңдар қабылданса, жақсы
болар еді деймін. Ал бірақ қытайлықтардың мына заңымен мүлдем келіспеймін. Қытайда суға батып бара
жатқан адамды құтқару заңға қайшы әрекет болып саналады. Өйткені бұл әрекет адамның жеке өміріне
қол сұғумен пара-пар.
– Шын айтасың ба? Сұмдық екен! Адамды құтқару – әр адамның азаматтық борышы емес пе? Иә, әр
елдің салты басқа деген осы екен ғой.
№21 Аудиофайл
Мәтінді тыңдаңыз. Сұрақтарға жауап беріңіз.
Әлемдегі ең ауыр мысық 15 келі тартады.
Америкалық Animal Haven деген зообаққа салмағы 15 келі тартатын “Спанч Боб” атты сары түсті
мысық түскен. Хайуанаттарды паналататын Animal Haven қызметкерлері бұл мысықтың салмағы төрт
жасар баланың салмағымен бірдей екеніне таңғалып отыр.
Болливудтық актриса Джиоти Амджи әлемнің «ең кішкентай әйелі» атанды.
18 жастағы үнді қызы Джиоти Амджи өзінің қысқа бойының арқасында Гиннестің рекордтар кітабына
енді. Ол отбасымен бірге Үндістанның өзі туған Нагпур қаласында тұрады. Джиоти Амджи әлемдегі «ең
кішкентай әйел» атанғанына, сонымен қатар осы жасында атақты болғаны үшін өзін бақытты сезінеді.
Оның бойы небәрі 62,8 сантиметр, салмағы 5,4 келі екен.
Өлшеу нәтижесінде Джиоти Амджидің бойы Гиннестің рекордтар кітабына бұрын енген 22 жасар
американдық Бриджит Джорданнан 7 сантиметрге кіші екені анықталған. Сол себепті де «ең кішкентай
әйел» атағы осы уақытқа дейін екі фильмге түсіп үлгерген актриса Джиоти Амджиге берілді.
Джиоти Амджидің әке-шешесі қыздарының өзін жақсы сезінуі үшін керекті заттары мен бөлмесіндегі
жиһаздарын ыңғайлы етіп жасап берген. Ол оқушы кезінде мектепке құрдастарымен бірге барғанымен,
өзіне арналып жасалған партада бөлек отырады екен. Сондықтан ол мектепте өзін бөтен сезінбеген,
барлық балалармен тең дәрежеде болыпты.
“Манчестер Юнайтед” – әлемнің ең қымбат тобы. Forbes (форбс) журналы жылдың ең қымбат
топтарының рейтингісін шығарды. Бұл жолы тағы да “Манчестер Юнайтед” тобы әлемнің ең қымбат
топтарының көшбасында қала берді. Нарықтағы “Манчестер Юнайтедтің» бағасы бүгінгі таңда 2,23 млрд
доллар деп бағалануда.
Рейтингтің екінші сатысында 1,88 млрд доллармен мадридтік “Реал” тобы тұрақтапты.
Ал үздік үштікті америкалық “Нью-йорк Янкиз” және “Даллас Ковбойз” иеленген. Олардың нарықтағы
бағасы 1,85 милрд доллар шамасында бағалануда.
Әлемдегі ең қымбат жеке меншік үй Үндістанның ең бай адамы, 53 жастағы миллиардер Мукеш
Амбанидікі. Ол 1 млрд қаражатын шығындай отырып, әлемдегі ең қымбат үйді салғызды. Бүгінгі таңда
тарихта бұрын-соңды болып көрмеген ең қымбат үйде алты отбасы тұрып жатыр. 27 қабаттық үйді
салғызу үшін жеті жылға жуық уақыт кеткен.
333
№22 Аудиофайл
Тыңдаңыз. Мәтін не туралы. Дұрыс жауаптың тұсына белгісін қойыңыз.
Сән әлемінің көшбасшысы
Бұл күнде Сабыркүл Асанованы танитын жұрт оның есімін «Сымбат» сән академиясынан бөліп
қарамайтыны белгілі. Талапшыл да талғампаз жан осы ұжымды 1990 жылдан бері басқарып келеді.
«Сымбат» дизайн және технология академиясының негізі 1947 жылы тігін лабораториясы ретінде
қаланған. Бұл өнер ордасы мықты мамандарымен, олардың тәжірибелерін кейінгілерге жеткізіп келе
жатқанымен мақтана алады. Тәуелсіздіктен кейін «Сымбат» сән үйі 30-дан астам мемлекетте ұлттық сән
үлгілерін паш еткен. Қазақстанның абыройын арттырған.
Сұхбат
– Сабыркүл ханым, қазір жастардың көпшілігі сәнгер болуды армандайды. Сәнгер болу оңай ма?
Ешкімнің иығына ілінбеген, бәрі армандаған көйлекті ойлап табу, келістіріп пішу, тігіп шығу оңай болмақ
па?
– Қиын! Өте қиын. Мен 45 жылдан бері қызмет етіп келе жатырмын. Адамға жарасар мінсіз көйлек тігу
үшін көп тәжірибе, көп білім керек!
– Бізге Кеңес өкіметі тұсында сән болмаған секілді.
– Кеңес одағы кезінде сән болмады деген жай сөз. Сән болды. Сонау 1975 жылдан бастап біз бүкіл
еліміздің бетке ұстар адамдарын киіндірдік. Еліміздің айтулы өнер жұлдыздарының жарқыраған
көйлектерінің көпшілігі «Сымбат» сән үйінде өмірге келген.
– Жұмыс кезінде есіңізде қалған оқиға болды ма?
– Бір күні мынадай жағдай болды. Бір тапсырыс беруші әйел келді. Менің киген киіміме таңдана
қарап, дәл менікіндей костюм тіктіргісі келетінін айтты. Мен ол кісінің бітіміне қарап, оған ондай түс
жараспайтынын түсіндіре алмадым. Сатып алушы ашулана бастады. Сол кезде мен оған:
– Менің костюмімді киіп көріңіз, – дедім. Ол менің костюмімді иығына ілді де, айна алдына барғанда түрі
бұзылып кетті. Сөйтті де үн-түнсіз киімімді өзіме қайтарып берді. Біздің өлшеміміз бірдей болғанымен,
жаратылысымыз, бейнеміз – әртүрлі ғой. Бұл кәсіп мені шыдамды болуға, төзімді болуға және өз
эмоциямды игеруге көмектесті.
– Біз де айтары бар адамдардан тағылым аламыз. Жүсіп Баласағұн айтқандай: «Адамда жақсы қасиет
болмаса, оған бақ та бақыт та қонбайды» деген сөз ақиқат екеніне әрбір аттаған қадамымыз бен жасампаз
жандардың үлгісі көз жеткізе түседі.
№23 Аудиофайл
Тыңдаңыз. Дұрыс жауапты белгілеңіз.
СӘН ӘлЕМІ
«Сән әлемі» десе, бұл әлем кеше ғана пайда болып, жер жүзіне бірден тарағандай болып елестейді. Себебі
бүгінгі ауызекі тілдегі «мода» ұғымы заман ағымымен қоса шапшаң жылжып, жаңарып отыру дегенді
білдіреді. Дегенмен біле білсек, «сәндік», «сәндену» деген ұғымдар сонау тас дәуірінде Еуропада пайда
болған. Ер адамдар пілдердің, мүйізтұмсықтардың, сусиырлардың тісі мен жүндерінен әртүрлі әшекей
бұйымдар жасап, мойындарына таққан. Бірте-бірте аң терісін оң иыққа жамылып жүруді ең алғашқы сән
түріне енгізген. Ал біздің дәуірімізге дейінгі 2900 жыл бұрын, ең алдымен теріден, содан кейін біртіндеп
матадан тігілген белдемшелер пайда болған. Ақырындап Вавилонда шәлі тағу, жейде кию жиілей
бастаған. Темір дәуірінде сән әлемі барынша дами түскен.Гректер белдікті ойлап тапқан. Біртіндеп плащ,
халаттар тігілген. Еркектер алтын ободок, ал әйелдер бастарына жеңіл тәж тағуды сәнге айналдырады.
Осылайша, сонау ХІV ғасырда, нақтырақ айтқанда, 1350 жылдары Франция мен Италияның суретшілері
гильдиялар мен цехтар ашып, өмірге «сән әлемін» әкелген. Франция, Италия, Англия, Испания, Америка
сынды елдерде жылдам дамыған «мода» 1900 жылдары бірте-бірте Кеңес үкіметінің құрамында болған
елдерге де жетеді. Қазіргі атағы жер жаратын Поль Пуаре мен Кристиан Диор да сол 1903-1905 жылдары
жарық көрген.
№24 Аудиофайл
Тыңдаңыз. Сұраққа жауап беріңіз.
Тоңазытқышта сақтауға болмайтын 12 азық-түлік
Төмен температурада бұзылып қана қоймай, пайдалы қасиеттерін жоғалтып, түрі мен дәмі өзгеретін
өнімдер бар. Бұл орайда тоңазытқышта сақтауға болмайтын азық-түлік тізімін ұсынамыз.
Егер толық піспеген авокадоны тоңазытқышта сақтасаңыз, жеміс жұмсарады, бірақ қабығы арқылы
ылғал сіңіреді. Осы себепті оны тоңазытқышта сақтамағыныңыз жөн.
334
Картоп та суық сүймейтін көкөністер қатарынан. 7°С-тан төмен температурада тәтті дәмге ие болады.
Ал мұндай картопты пісірген кезде құрамындағы канцерогенді акриламдид мөлшері артады. Аталған
көкөністі сақтаудың тиімді әдісі қағаз пакетке салып, салқын жерге қою.
Төмен температурада сақталған шоколад бетінде ақ түсті қабыршақ пайда болады. Себебі суық
салдарынан сахароза кристаллдар шоколад бетіне шыға бастайды. Нәтижесінде тәттінің бұл түрі дәмін
жоғалтып, түрі өзгереді.
Тропикалық жемістер төмен температурада сақталғанда шіри бастап, зиянды заттар бөледі. Дұрысы
оларды қағазға орап, бөлме температурасындағы құрғақ жерде сақтау керек.
Тоңазытқыштағы ылғал салдарынан пияз балғындығын жоғалтып, жұмсарып, тез бұзылады. Оған
қоса шамадан тыс ылғал зиянды бактериялардың пайда болып, көкөністің көгеруіне себеп болады.
Егер кофе тағамдар иісін сіңіріп алғанын қаламасаңыз, оны тоңазытқышқа қоймаңыз. Ол суық пен
ылғал себептерінен хош иісін жоғалтады. Дұрысы кофені қараңғы, құрғақ әрі салқын жерде сақтаңыз. Ал
ұзақ уақыт сақтағыңыз келсе, мұздатқышқа салып қойыңыз.
Зәйтүн майын +12-16°С температура аралығында сақтау керек. Ал тоңазытқышта қатпарланып, тұнба
түзілуі мүмкін. Сонымен қатар майдың сұйықтан қою күйге өзгеруі ықтимал.
Тоңазытқыштағы суық пен ылғал кристаллдануына ықпал етіп, бал өзіндік құрылымын, дәмін және
пайдалы қасиеттерін әдеттегіден жылдам жоғалтады. Дұрыс сақталған балдың жарамдылық мерзіміне
шек жоқ. Ол үшін құтыға салып, қақпағын қатты жауып, бөлме температурасында, қараңғы жерде
сақтаңыз.
Қызанақтар тоңазытқышта дәмдік сапасын жоғалтады. Себебі суық ауа көкөністің пісу процесін
тежейді. Мұнымен қоса суық әрі ылғал ауа қызанақ мәйегінің құрылымына әсер етеді.
Кей әйелдер нанды тоңазытқышта сақтайды. Алайда мұның салдарынан нан жылдам қатып қалады.
Сондықтан артық қалған нанды кептіріп, қытырлақ нан жасағаныңыз абзал.
Баялдыға да төмен температура жағымсыз әсер етеді. Тоңазытқышта сақтағанда дәмін жоғалтып,
жылдам солады әрі дақтар пайда болады. Сондықтан бұл көкөністі бөлме температурасында сақтағаныңыз
дұрыс.
Тоңазытқышта сақталған банан жылдам қараяды. Егер дүкеннің жеміс сатылатын бөлімінен қарайған
банан көрсеңіз, ол жемістің піскендігінің белгісі емес. Демек жеміс тасымалдаған кезде дұрыс сақталмаған.
№25 Аудиофайл
Қазіргі заманда тағамдардың арасындағы ең зияны қандай?
1. Консервіленген ет. Ғалымдар мұздатылған, тұздалған, химиялық консерванттар қосылған ет ас
қорыту жолдары ауруларына алып келеді дейді. Консервіленген, құрамында өте көп тұз, май, холестерин
бар бұл етте пайдалы заттар да қалмайды.
2. Мұздатылған тағамдар. Мұздатылған тағамдар қазірде әлем бойынша кең таралған. Дайын тамақты
жемес бұрын жылытады. Бұндай тамақта калориялар шамадан көп, натрий мөлшері тым көп болады.
3. Ұн өнімдері. Қуырылған бәліштерде зиянды майлар, қант, ақ ұн сияқты пайдасы аз заттар бар. 10-20
грамм майға қоса 250-300 “бос калориялар” бар.
4. Қурылған картоп қытырлақтары. Оның ішінде салмақ жинайтын зиян көмірсулар көп. Картоп
қытырлақтары мен фри картобында акриламид атты канцероген бар. Ол тамақты жоғары температурада
дайындағанда пайда болады. Бұл жыл сайын бірнеше мың аурулардың пайда болуына себеп болады.
5. Майсыз тамақтар. Қорабында “майсыз”, “май үлесі 0” деген жазуларға алданбаңыз. Майдың
аздығынан дәмін жоғалтқан тағамның дәмін келтіру үшін өндірушілер құрамына тұз, қант, басқа да
қоспалар қосады. Диетолог мамандардың айтуынша, ондай тамақтан гөрі, майлылығы бар тағамдарды
таңдаған дұрыс.
6. Газдалған су. Газдалған сусындарға құмар болу - артық салмақ, ұйқы безінің ауруына алып келеді. Бір
бөтелке газдалған суда 10 қасық қант бар. Газдалған сусынды күнделікті емес, анда-санда ішетіндердің өзі
ауруға шалдығуы мүмкін. Жүрек-тамыр аурулары, диабет, міне, газдалған сусындарды сүйгіш жандардың
болашағы.
Аурулардың бәрі ауыздан кіреді демекші, не жеп-ішкенімізді қадағалап, мән берсек, мүмкін ұзақ,
бақытты, сау ғұмыр кешерміз.
№26 Аудиофайл
Тыңдаңыз. Сұрақтарға жауап беріңіз.
Тележүргізушілер жауап береді
Қайырлы күн, құрметті тілші, жүргізуші қонақтар! Бүгін сіздермен бәріміз «тарыдай болып кіріп,
таудай болып шыққан» мектебіміз жайлы әңгімелесуді жөн көріп отырмыз. Сіздерге қояр 2 сұрағым бар.
335
Алғашқы сұрағым:
– Сұрағымызға бірінші болып КТК телеарнасы жаңалықтарының жүргізушісі Мәдина Балғабаева жауап
береді. Сіздің алғашқы ұстазыңыз есіңізде ме? Аты кім? Қандай адам?
– Алғашқы ұстазым – Сәуле Мәжитқызы. Өмірімдегі алғашқы қоңырауыма төрт-бес күн қалғанда қатты
толқып, ұйықтай алмағам. Соншалықты ынтам мықты болды, мектепке барам деп қуанып, күтіп жүрдім.
Мектеп табалдырығын аттаған екінші күн-ау деймін, Сәуле апай: «Үйіңде қалай жүрсең, мектепте де
сөйтіп жүресіңдер. Ешқандай айырмашылығы болмасын. Үйіңді қалай жақсы көрсең, мектепті де сөйтіп
жақсы көр», - деп бізге кәдімгідей түсініктеме берді. Содан мен келесі күні мектептің алдында үйдегідей,
аяқ киімімді шешіп кіргем ғой. Бәрі аң-таң қалып, күлгені бар. Сондай бір қызық болған.
– Келесі сұхбат беруші тілшіміз – Асыл Махмет, КТК жаңалықтарының жүргізушісі
– Жалпы, біздің әулетте ұстаздар көп. Нағашы әжем қазақ тілі әдебиетінің маманы. Анамның әпкесі
физика пәнінің мұғалімі. Ал енді менің алғашқы ұстазым - әкемнің туған әпкесі. Бастауыш сыныпта сабақ
берген. Сондықтан ұстаздар мерекесінің біздің әулетте алатын орны ерекше. Ең бірінші өзімнің әжемді,
әпкемді құттықтаудан бастаймын. Алғашқы ұстазым – Ділдәш Жанәділқызы бірінші сыныптан төртіншіге
дейін ұстаздық етті.
– Келесі сұхбат беруші тілшіміз – Ерланби Дәулетияр, КТК жаңалықтарының жүргізушісі
– Негізі, «мұғалім», ұстаз сөздері білімді де, тәрбиені де береді, яғни мағынасы кең. Мектепке қабылдап
алған алғашқы сынып жетекшім мәңгі есімізде қалады, екінші анамыз сияқты. Тек білім берумен
шектелмеді, тәлім-тәрбиесін сіңдірді. Сол кезде ол кісілер бізге қатал сияқты көрінетін. Кейін ойлап
қарасаң, ешқайсысы бізге жамандық тілеген жоқ. «Осылар жақсы боп кетсе екен, осылар білімді болса
екен» деген тілегі болды. Алғашқы ұстазым – Жанат Сағатқызы. Төртінші сыныпқа дейін жетекшілік етті.
Мұғалімдерімнің бәріне ризамын.
– Екінші сұрағым, мектепте оқыған кездеріңізден қандай ұмытылмас, жарқын естелік қалды?
– Ұстаздарымның айтқанын екі еткізбей, мұқият орындайтынмын. Мұғалімімнің қаталдығы әсер етті
ме, күні бүгінге дейін өзіме сеніп тапсырылғанды бұлжытпай орындайтын әдетім сақталып қалды. Міне,
мектеп бітіргенімізге жиырма бес жыл уақыт өтіпті, ал мұғалімдеріміз сіңдірген білім мен тәлім бүгінге
дейін жалғасын табуда. Жақында сыныптастарымызбен гүлімізді, сыйлықтарымызды алып, Сауле
Мәжитқызына алғысымызды айтып мәре-сәре боп бас қостық.
– Менің бойыма сіңген қандай да бір қасиет болса, сол кісілерден дарыған. Өйткені, біріншіден – ұстазым,
екіншіден – туыстарым. Талап өте қатал болды. Егер сыныпта біреуі бір нәрсе бүлдірсе, сындырса, ылғи
да таяқты мен жейтінмін. Қазір ойлаймын, маған қалай ұрысса да - өз баласы, ал басқасы соған қарап
бой түзейді дегендері екен ғой деп. Үнемі алда болуға да септігін тигізген өзімнің апайым. Біріншіден -
әпкелерім, әжем, сосын - ұстаздарым.
– 9-шы сыныпта оқып жүргенімде теледидардан таңертең француздық белгілі бір жастар сериалы
көрсетіліп жатты. Соның қызығына әбден кіріп кеткем, жібермей қарайтынмын. Кино сағат 8-де бітеді, ал
үйім мектептің дәл жанында. Фильм біте салысымен, мектепке құстай ұшып жүгіріп жетем. Сөйтіп бір күні
мектептің есігінен ентігіп,ентелеп кіре бергенде, мектеп директоры да менімен қатар кірді. Екеуіміз есікте
кездесіп қалдық. Ол кісі бетіме тесіле қарады да, ештеңе деген жоқ. Екінші күні де тура солай кездестік. Ал
үшінші күні директор шыдамай кетіп: «Осы мектептің директоры сен бе, мен бе?! Екеуміз неге бір уақытта
келеміз?!», - деп дүрсе қоя берді. Ал менің «Сіз де сол сериалды қарайсыз ба?» - деп сұрағым кеп кетті.
Мектепте бұзық болған жоқпын, «Алтын белгі» алып кетпесек те, ел қатарлы оқыдым.
Достарыңызбен бөлісу: |