Қазіргі заман мұғалімі қызметіндегі ең басты ерекшеліктердің бірі -жастарға рухани тұрғыдан ықпал жасауды күшейту, сол арқылы еліміздің нағыз белсенді азаматтарын, еңбеккерлерін, отан қорғаушыларын тәрбиелеп шығару. Бұл үшін мұғалім табиғат, қоғам, саясат, өнер, адам, айнала қоршаған дүние туралы ең жаңа ғылыми біліммен қаруланған болуы керек. Мұғалімнің балаға шынайы сезіммен, құрметпен қарауы балада мұғалімге деген сыйластық сезімін тудырады. Сондықтан мұғалімнің жалпы мәдениетінің жоғары дәрежеде болуы, оның интеллектуалдық мүмкіндігі, ой-өрісінің кеңдігі, рухани байлығы тұтас педагогикалық үдерісті тиімді ұйымдастыруға зор ықпал жасайды. Мұғалім профессиограммасы негізінде маманның бұл кәсіпке жарамдылығын немесе жарамсыздығын анықтауға болады. Адамның педагогикалық қызметке жарамдылығы теориялық білімнің молдығында ғана емес, сол білімді үздіксіз дамытып отыруында, нақты педагогикалық үрдіс жағдайына бейімдей алуында. Сонымен қатар мұғалімнің өз білімдерін педагогикалық қызметтің мақсатымен, әдістерімен, нақты жағдайларымен байланыстыра, ұштастыра білу шеберлігі шешуші көрсеткіш болып табылады. Мұғалім тұлғасын сипаттайтын негізгі кәсіби маңызды қасиеттері оның педагогикалық әдебінің көрсеткіші де болып табылады. Тәжірибелі педагог И.Е.Синицаның пікірінше, педагогикалық әдеп әр мұғалімнің жас мөлшеріне, темпераментіне, мінез-құлқына байланысты келеді. Педагогикалық әдеп – мұғалімнің ізденісінің нәтижесі. Сонымен қатар зерттеушілердің пікірінше эмпатия ұғымы да мұғалімнің кәсіби маңызды қасиеттерінің бірі болып саналады. Эмпатия – мұғалімнің оқушылардың психикалық жағдайын, көңіл-күйлерін түсінуі, өзін басқа адамның орнына қоя алуы. Мұғалім - өз пәнін оқытудың әдістерін жете игерген, шығармашылық еңбек ететін, педагогикалық шеберлігін үнемі жетілдіріп отыратын адам. Педагогикалық шеберлік– кейбіреулерге ғана берілген табиғат сыйы емес, ол үздіксіз ізденудің, өзін-өзі үнемі кәсіби жетілдірудің және өзінің қалаған мамандығына деген құштарлығынан туындайтын іс-әрекеттер жиынтығы.
Достарыңызбен бөлісу: |