7 тапсырма. Мәтінді мұқият оқыңыз. Мәтін ішінде кездесетін тыныс белгілері, сұраулы, лепті сөйлемдерге интоннация қойып оқыңыз.
Бақша ағаштары (Ы.Алтынсарин.)
Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.
- Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? - деп сұрады баласы.
- Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса өсіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен,- деді атасы.
- Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой,-деді баласы.
- Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым; мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады; сен жас ағашсың саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің,- деді.
8 тапсырма. Мәтінді әртүрлі эмоционалдық реңкті қолдана отырып, оқыңыз.
Сабырсыз, арсыз, еріншек.
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін,
Алты бақан алауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді
Ол — арсыздық белгісі.
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай
Iс қылмай ма үлгісі?
Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ қарғып түсем деп,
Мертігеді, жатады.
Ұрлықпен мал табам деп
Егессе ауыл шабам деп,
Сүйтіп құдай атады.
Бұл нең десе, біреуге
Жоқ нәрсені шатады.
Құтылам деп ісінен,
Бәрін көріп кісіден,
Шығынға әбден батады.
Бұл болмаса онысы,
Аударылып қонысы,
Алыстан дәм татады
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы
Үйде жарап қатады.
Еңбегі жоқ еркесіп,
Бір шолақпен серкесіп,
Пысық деген ант шықты.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.
Пысық кім деп сұрасаң —
Қалаға шапса дем алмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Достарыңызбен бөлісу: |