ПОӘК 042. 18-24 10/03 2013 18. 09. 2013ж. №1-ші басылым



бет5/10
Дата15.09.2017
өлшемі2,04 Mb.
#33268
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Нитрозобояғыштар – құамында NH = O тобы бар, бірақ хинон тотықтарының изомері түріде болатын зат. Мысал ретінде жасыл нафтолды келтіруге болады.

Нитробояғыштар – құрамында хромофор ретінде нитротоптары бар және ауксохром ретінде тотық топтары бар заттар. Мысал ретінде сары нафтолды келтіруге болады. Гистология мен гистохимияда белоктардың шоғырлануын зерттеу үшін қолданылады.

Азобояғыштар – бояғыш заттардың ең көп тараған тобы, құрамында бір-(моно), екі-(би) немесе бірнеше(поли) –N = N топтары бар заттар. Мысал ретінде виталды бояу үшін және рН-ты анықтауда индикатор ретінде қолданылатын қызыл метилді және майлардың гистологиялық бояғышы Судан ІІІ-ті келтіруге болады.

Нафтохинонды бояғыш заттар. Оған мысал ретінде Alcanna tinctoria- дан алынатын қара-қошқыл түсті, индикатор ретінде қолданылатын алканнинді келтіруге болады.

Антрахинонды бояғыш заттар – құрамында антрохинонның хинон құрылысы бар зат. Мысал ретінде тұздың қатысымен бояғанда лак түзетін сіңіргіш бояу алазаринді келтіруге болады. Ол темірдің үш валентті ионы бар жерде қызыл түске, ал темірдің екі валентті ионы бар жерде сия түске бояйды.

Хинониминді бояғыш заттар – хинонимин және хинондимин туындылары. Мысал ретінде С витаминін анықтау үшін, гистологияда метахромды бояу ретінде қолданылатын индофенол бояғыш затын келтіруге болады.

Тионин-тиазинді негізгі бояғыш заттар. Гистологияда метахромды бояу ретінде қолданылады. Галлоцианин – оксазинді әлсіз қышқыл бояғыш зат, гистологияда нуклеин қышқылдарын анықтау үшін хром лагы түрінде қолданылады; бейтарап қызыл – виталды бояу үшін және рН-ты анықтауда индикатор ретінде қолданылатын азинді бояғыш зат.

Екі- және үшарилметанды бояғыш заттар. Молекуласындағы сутегінің екі немесе үш атомы ароматты радикал арилмен алмастырылған және оның біреуінің хиноидты құрылысы бар метан туындысы. Көбірек тарағаны үшфенилметанды түрі. Мысал ретінде гистохимияда лейкопарофуксинкүкірт қышқылы ретінде альдегид топтарын анықтау үшін қолданылатын парарозанилин-парафуксинді – фенолфталеинді, метил көгін келтіруге болады. Бұл топқа ксангенді бояғыш заттар да жатады. Оған мысал ретінде нуклеин қышқылдарының гистохимиясында қолданылатын пиронитті және акридинді бояғыш заттарға жататын, флуорресцентті микроскопта қолданылатын – акридин сарғышын келтіруге болады.

Полиметинді бояғыш заттар. Құрылысында оттегі, азот немесе күкірт атомдарымен шектелген, түйіндес екі қатардағы байланысты көміртегінің тақ санды атомдарының түйдегінен тұратын заттар. Мысал ретінде қызыл жарыққа сезімтал фотографияның пластинкаларын алу үшін қолданылатын пинациано немесе 1,1 – диэтил; 2,2 – хинокарбоцианин-иодидтерді келтіруге болады.

Каротиноидті бояғыш заттар. Оларға жататындар: каротин, биксин майларды, маргариндерді бояу үшін қолданылады.

Аталып өткен бояғыш заттардан басқа әртүрлі салада, әртүрлі мақсатта қолданылатын бояғыш заттардың класстары да бар. Оларды материалдарды бояу үшін және гистологиялық тәжірибеде қолдануда өз ерекшеліктері бар. Оған жататындар: азотметинді, индигоидты, оксиокетті, полициклді, фталоцианинді, күкіртті және т.б. бояғыш заттар.

Бактериологиялық бояулар.
Микроорганизмдерді бояу – індетті аурулардың микробиологиялық диагностикасында микроорганизмдерді табу және микроскоп арқылы микроорганизмдердің морфологиясын зерттеу үшін қолданылатын әдіс.

Микроорганизмдерді бояу микроб компоненттерімен бояғыш заттың арасында жүретін интрохимиялық реакцияларға жатады. Ондай бояулар екі топқа бөлінеді – негізді және қышқылды болып. Негізді бояуларда бояғыш катион және түссіз анион болады, ал қышқылды бояуда – бояғыш анион және түссіз катион. Негізді бояулар белсендірек болып келеді. Оның себебі кәдімгі жағдайда бактериялардың сыртқы заряды теріс болып келеді, ал олардың ішіндегі заттардың табиғаты қышқыл (ДНК және РНК).

Негізді бояғыш заттардың бояйтын бөлігі оң зарядты, олар қышқылды бояғыш заттарға қарағанда микроб торшаларының құрылысымен көп ұқсас, қышқылды бояғыш заттар торшаларды тек рН-тың төменгі көрсеткішінде ғана бояйды. Қалыпты рН көрсеткішінде қышқылды бояғыш заттар торшаға нашар сіңеді және жуған кезде жуылып кетеді. Сондықтан қышқылды бояғыш заттармен қалыпты жағдайда препараттың фоны боялады да, онда боялмаған микроорганизмдер жақсы көрінеді.

Бояулардың негізді және қышқылды түрлерінен басқа бейтарап түрі бар. Ол түрі негіздік және қышқылдық түрлерінің қоспасы, онда катионның да, анионның да бояулық қасиеттері бар. Бұл бояу ацидофилді де, базофилді де элементтерді бояйды. Бұған мысал ретінде Гимза бояуын келтіруге болады. Оны спирохеттерді де, қарапайымдарды да бояу үшін қолданады.

Құрамындағы белоктардың амфотерлігіне байланысты торшалар бір жағдайда қышқылдық бояғыш затпен, ал екінші бір жағдайда негіздік бояғыш затпен боялуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда орталықтың рН көрсеткішіне байланысты торша бірде қышқылдық, ал бірде негіздік қасиет байқатады.

Көбірек қолданылатын бояғыш заттардың қатарына жататындар: метилен көгі, тиопин (көк), негізгі фуксин, сафранин және эозин (қызыл), бис-марк-браун немесе везувин (қоңыр), метилгрют (жасыл), метилвиолет, кристаллвиолет (сия түсті). Олардың ішінде тек эозин ғана қышқыл бояу. Ол кейбір арнайы жағдайларда қолданылады. Барлық бояулар аморфты немесе кристаллды ұнтақ түрінде сатылады. Олардан бояғыш ертінділер дайындайды.



Бояғыш ертінділерді дайындау. Жұмыс бояуларының барлығының дерлік әуелгі материалы спирттің қаныққан ертіндісі болып келеді. Оны қорда, жақсы, тығыз жабылатын шыны ыдыста сақтайды. Дайындау технологиясы: тығыз жабылатын тығынды флаконға 10 г құрғақ бояуды салады да, оған 100 мл 96º спирт ректификат құйып, күнделікті араластыра отырып, бірнеше күнге қояды. Осындай қаныққан ертіндіден микроорганизмдерді бояуға жарайтын спирттің судағы ертіндісін жасайды.

Жиі қолданылатын ертінділердің қатарына жататындар: карболды фуксин (Циль фуксині)– 10 л фуксиннің спирттегі қаныққан ертіндісі және 909 мл 5 %- ды карбон қышқылының ертіндісі.



Сұйытылған фуксин - 10 мл карболды фуксин және 90 мл дистілденген су.

Сілтілі метилен көгі – 30 мл көктің спирттегі қаныққан ертіндісі, 100 мл дистілденген су және 1 мл 1 %-ды сілтінің ертіндісі.

Микробиологиялық жұмыстарды орындағанда ең негізгі компонент су болып табылады. Лабораторияларда бейтарап реакциялы дистілденген су қолданылады.

Суды бейтараптау үшін екі колбаға 200 мл- ден зерттелетін суды құяды да, олардың әрқайсысына 1-2 тамшыдан дистілденген суда дайындалған 1 %-ды нейтральрот ертіндісін қосады. Егер судың рН-ы 5,4-5,5-ке тең болса, онда су қызыл-қызылша түске боялады. Енді бір колбаға тамшылатып 1 %-ды көмір қышқыл сода ертіндісін оның түсі өзгергенше қосады. Екінші колба бақылау ретінде болады. Бейтараптылықтың көрсеткіші ретінде сарғыш- (оранжевый) түс алынады. Егерде ол түс 10-30 сек. аралығында өзгермесе, онда реакция аяқталған деп есептеледі.

Микроорганизмдерді бояу үшін Лабораториялық жануарлар рН-ы 6,8 – 7,0 аралығындағы суды қолданған дұрыс.


Лабораториялық жануарлар

Лабораториялық жануарлар – лабораториялық жағдайда, питомниктерде эксперимент немесе өндірістік тәжірибе жүргізу мақсатымен арнайы өсірілетін жануарлардың әртүрлі түрлері. Оларды ауруларды анықтау, әртүрлі физиологиялық және патологиялық жағдайларды кескіндеу, аурулардан емдеу-сақтандыру және химиялық факторларды зерттеу мақсаттарында; биологиялық препараттар – ауруларға қарсы қолданылатын сары сулар, вакциналар, культуралар, тіндер және т.б. өндіру үшін қолданылады.

Олардың қатарында әртүрлі систематикалық топтарға жататын жануарлар – қарапайымдылар, құрттар, буынаяқтылар, инетерілілер, амфибиялар, құстар, сүтқоректілер болады.

Лабораториялық жануарларды көбінесе омыртқалылар және омыртқасыздар деп бөледі.



Омыртқалыларға жататын лабораториялық жануарлар.
Жануарларды ғылыми мақсатта пайдалану біздің эрамызға дейінгі V ғасырдан басталады. Бастапқы кезде сирек және кездейсоқ жағдайда, көбінесе үй жануарлары пайдаланылды. Кейіннен жануарларды тірі организмнің әртүрлі ағзаларының құрылысын және функцияларын зерттеу үшін пайдалана бастады. Мысалы, ерте ғасырдағы Греция табиғат зерттеушісі Диогеннің (б.э. дейінгі V ғасыр) малдың өлексесін сою арқылы жүректің алдыңғы қарыншақтарының қызметтерін анықтағаны белгілі. XV ғасырда Аз Жәнібек ханның тапсырмасы бойынша қазақтың зерттеушісі Өтеубойдақтың малдарды сойып тексеру арқылы жүргізген зерттеулері бізге келіп жеткен. Кейіннен жануарлар арқылы Аристотель, К.Гален, У.Гарвей т.б. анатомияны, физиологияны зерттеген. Бірақта XVII ғасырда кең өріс алған экспериментті биология, XIX ғасырға дейін тоқырауда болып, өз жалғасын таба алмады.

Осыдан 100 жылдай бұрын зерттеу тәжірибелері үй жануарларына және оңай ұстауға болатын тағы жануарларға жүргізіле бастады. Ол кезде жануарлардың түрлерін таңдау аз және кездейсоқ жағдайларда жүргізілді. Тіпті «лабораториялық жануарлар» деген ұғым да болмады. Ондай ұғым тек XIX ғасырдың аяғында ғана қалыптаса бастады. Биология сызба, жазба түрінен экспериментті түріне айналды. Үй жануарларынан басқа тағы жануарлардың түрлері: егеуқұйрықтар мен тышқандар, одан кейін үй қояндары мен теңіз шошқалары экспериментте кең орын ала бастады.

Әсіресе егеуқұйрықтар мен тышқандар үй жағдайында көбейтуге және биологқа керекті бағытта қасиеттерін өзгерту үшін өте қолайлы жануарларға айналды. Олар табиғи жағдайда кез келген тамаққа бейім, өміршең және тез өсімтал; көлемі кішкене, тағылықтан ажыратқаннан кейін бірнеше ұрпақтан соң қолға үйреншікті болып шыға келеді. Сондықтан оларды ұстау арзан және қолайлы. Олардың өздері жандары үшін лабораторияның «есігін қағуға» мәжбір болды. Адамдарға қажетті зерттеулерді жүргізу үшін өте пайдалы.

Ал теңіз шошқаларын лабораториялық жануарға айналдыру тарихы басқаша жағдайда жүргізілді. Олардың отаны Оңтүстік Америкада олар нағыз үй жануарлары ретінде өмір сүрді. Олардың физиологиялық қасиеттері де егеуқұйрықтар мен тышқандарға қарағанда ерекше. Кейбір қасиеттері адамдарға жуық деуге де болады. Мысалы, олар туберкулез, бруцеллез ауруларын тез жұқтырады; аскорбин қышқылына бейімділігі жоғары.

Үй қояндарының лабораториялық істе кеңінен қолданылуы олардың көп тарауына, шөп қоректілігіне, өсімталдығына тікелей байланысты болды. Олар мех және ет өнімдері үшін өте арзан және оңай табылатын жануарлар.

Лабораториялық жануарлардың жаңа түрлерін еңгізудің өз қиыншылықтары бар. Оларды үйрендіру үшін, негізгі көрсеткіштерінң сипаттамасын білу үшін алдын ала көптеген жұмыстар жүргізу қажет.

Сондықтан да жоғарыда аталған лабораториялық жануарлар барлық жер жүзі мемлекеттерінің зерттеу жұмыстарында негізгі орын алады. Олардың ішінде омыртқалы лабораториялық жануарлардың 70 %-ы тышқандар, 15 %-ы егеуқұйрықтар, 9 %-ы теңіз шошқалары, 3 %-ы құстар, 2 %-ы үй қояндары, 1 %-ы басқа жануарлар.

Олардың ішінде кеміргіштердің ерекшеліктері олардың бірнеше айлық өмірінде адамда бірнеше жылда болатын барлық процесстерді байқаюға болады. Ақ тышқандардың орташа өмір сүруі 1,5-2; егеуқұйрықтардікі 2-2,5; теңіз шошқаларынікі 6-8; үй қояндарынікі 4-9 жыл деп есептеледі.

Жалпы биологиялық зерттеулерде 250-ге дейін жануарлардың түрлері пайдаланылады. Олардың ішінде лабораторияларда, питомниктерде өсірілетін ақ тышқандар, ақ егеуқұйрықтар, теңіз шошқалары, үй қояндары, атжалмандар, иттер, маймылдар т.б. бар. Басқаларын аулау арқылы әр кезде ұстайды: дала тышқандары, құмдықтар, саршұнақтар, амфибиялар, балықтар т.б. Лабораториялық құстардың тобы бар: тауықтар, көгершіндер, бөденелер т.б. Ауылшаруашылық малдарынан: қойлар, шошқалар, ірі қара, жылқылар, түйелер және т.б. пайдаланылады.

Лабораториялық жануарларды пайдалану мақсатына байланысты бірнеше бағытты анықтауға болады:



  1. Ауруларды анықтау бағыты. Адамдардан немесе малдардан алынған зерттеу материалдарын лабораториялық жануарларға егу арқылы тексеру. Мысал ретінде туберкулез бен бруцеллезге тексеру үшін сүтті теңіз шошқаларына егуді келтіруге болады.

  2. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған арнайы бағыт. Әртүрлі теориялық зерттеулерден бастап жаңа препараттардың улылығын, фармакологиялық және емдік қасиеттерін анықтау үшін жүргізілетін күнделікті жұмыстарды жатқызуға болады.

  3. Онкологиялық зерттеу бағыты. Бұл бағытта тышқандар мен егеуқұйрықтар көптеп пайдаланылады. Олардың көбі инбридті, қасиеттері жақсы зерттелген қатарларға жатады. Ондай қатарлардың онкология үшін қажеттігі ғылымның басқа салаларына қарағанда әлдеқайда ертерек анықталған.

  4. Студенттерді оқытуға қолдану бағыты. Оқу орындарының қаржыларының тапшылығы студенттерге қажетті тәжірибені жүргізетін материалдармен қамтамасыз етуге мүмкіншілік бере бермейтіндіктен ол мақсатта лабораториялық жануарлардың көптеген түрлері пайдаланылады.

  5. Биопроба бағыты. Көптеген дәрілер мен дәрілік заттар клиникада қолдануға ұсынылуы үшін тексеруден өтулері керек. Ондай тексерулер лабораториялық жануарларға жүргізіледі. Иммундық сары суларда қарсы денелердің титрлерін, ертінділердегі белсенді заттарды, вакциналардың белсенділігін анықтау тағы басқа да көрсеткіштер үшін. Мұндай биопробалардың көбі стандартталған, оларды жүргізу фармакология мен фармацептикалық ережелерде көрсетілген.

Ғылым мен техниканың қазіргі талаптарына сай қажетті мөлшерде сапалы лабораториялық жануарлармен қамтамасыз ету технологиялық проблемаға айналуда. Әсіресе ондай жануарлар көп мөлшерде онкологиялық, радиобиологиялық және фармакологиялық зерттеулерде қажет.

Жануарлардың ешбір түрін адамның көшірмесі деп қарауға болмайтындықтан, тәжірибеде лабораториялық жануарларды қолдану арқылы алынған нәтижелерді, белгілі бір мөлшерде эксперименттің жасанды түрі деп қарау керек. Мысалы, сапасын арттыру үшін «аган» препараты қолданылған бидай ұнында түзілетін зат күшіктер мен үй қояндарына өте улы, ал теңіз шошқаларына ондай улылығы жоқ. Адамдарға ондай улылығы бар ма, жоқ па белгісіз. Қалай болғанда да ол препаратты ұн өндіру өнеркәсібінде қолданбайды.


Омыртқасыздарға жататын лабораториялық жануарлар.
Омыртқасыз жануарлардың ішінде қарапайымдылар, құрттар, буынаяқтылар – шыбын-шіркей, кенелер т.б. жиі қолданылады.

Оларды қолдану мақсаты мен әдістері де әртүрлі болып келеді. Қарапайымдылар жылдам көбейетіндіктен, кішкентайлығынан, лабораториялық жағдайда ұстаудың қолайлылығынан өте ертеден арзан экспериментті модель ретінде қолданыс табуда. Оларды қатырып ұзақ уақыт сақтау әдісін қолдануға болады. Олардың көбі жыныссыз көбейетіндіктен таза линиясын – клондарын алу мүмкіншілігі бар. Ондай жағдай генетикада, иммунологияда т.б. зерттеулерге өте қажет. Оларды экспериментте қолданғанда оларға сыртқы ортаның биотикалық және абиотикалық жағдайларын ескеріп отыру керек.

Лабораториялық жануарлар ретінде тоғышар амебалар (адамдарда кездесетін амебиоз ауруының қоздырғыштары), бос өмір сүретін амебалар кеңінен қолданылады.

Амебаның ірі түрлері (Ameba proteus, Chaos, Pelo myxa және т.б.) цитогенетикалық зерттеулерде, әсіресе тұқым қуалаушылық өзгергіштікті, мутацияның пайда болуы мен жиілігін зерттеулерде пайдаланылады. Микрохирургиялық тәжірибелерде ядролық цитоплазматикалық гибридтер – гетерокариондар алынған. Олар арқылы трансплантациялық бірікпеушілікті, эпигенетикалық өзгергіштік құбылыстарын зерттейді. Иондаушы және ультракүлгін сәлелерінің, химиялых мутагенездің әсерлерін бақылау жүргізіледі.

Паразит жібшелері – трихомонад, лямблий, трипаносом, лейшмандарды пайдалану арқылы әртүрлі зерттеулер жүргізіледі. Оларды қолдану арқылы нуклеин қышқылдарының, басқа да органеллалардың құрамын зерттейді; паразиттер мен олардың иелерінің ара қатынастарын зерттеу моделі ретінде қолданады. Адамдардың малерия ауруына қарсы вакцина дайындауға мүмкіншілік туды. Кеміргіштер мен құстардың малерия ауруларының қоздырғыштарын зерттеу эксперименттері жүргізілуде.

Инфузориялардың әр түрлері де лабораториялық жануарлар қатарына еңгізілуде. Балатидиоз ауруының қоздырғышы биохимиялық, физиологиялық, цитологиялық, экологиялық, радиациялық зерттеулерде қолданылады. Олар өзгергіштік пен тұқым қуушылықты зерттеуде генетикалық анализ жүргізуде классикалық объект. Инфузорийлардың кейбір түрлері молекулалық биологияның гендік инженерия саласында қолданыс табуда.

Паразит құрттар – гельминттерді қолдану арқылы олардың биологияларына байланысты химиотерапевтикалық препараттардың әсерлерін зерттейді. Әсіресе адамдар мен жануарларда бірдей кездесетін тоғышарларды зерттеудің маңызы бар. Оларды иелерінің организмінен бөліп алып,арнайы ыдыстарда жағдай туғызып, өсіріп-сақтап барып зерттейді.

Дүние жүзінің көптеген лабораторияларында лабораториялық жануарлар ретінде буынаяқтылардың түрлері пайдаланылады. Шыбындар, қандала, қан сорғыш жәндіктер, кенелер т.б. түрлері паразитологиялық лабораторияларда кеңінен орын алған. Олардың ішінде қан сорғыш жәндіктер көптеген трансмиссивті індеттерді таратушылар ретінде белгілі.

Лаборатория инсекторияларында қан сорғыш жәндіктерді арнайы колбаларда, пробиркаларда, отырғызғыштарда ұстайды. Аргасты және иксод кенелерін спирохеттердің, риккетсиоздардың, арбовирусты индеттердің қоздырғыштарын ұзақ уақыт сақтау үшін пайдаланады.
Лабораториялық жануарлардың генетикалық сипаттамалары.
Лабораториялық жануарларды көбейткенде бақылауда ұстайтын жағдайлар:


  1. Жануардың денсаулығы;

  2. Генетикалық көрсеткіштері;

  3. Экологиялық көрсеткіштері;

  4. Морфологиялық көрсеткіштері.

Оларды генетикалық жағынан сызықты (гомозиготты) және сызықты емес (гетерозиготты) деп бөледі. Сызықты емес жануарлар кездейсоқ будандастырудың салдарынан туындайды, сондықтан да олар жоғарғы деңгейде гетерозиготты. Бұл топтағы жануарларда инбридинг (жақын туыстық будандастыру) 1 %-дан аспауы керек.

Сызықты (линейные) жануарларда жоқ дегенде 20 ұрпағы жақын туыстық будандастырылған. Ондай жануарлар биологияда, медицинада экспериментальды тәжірибеде пайдаланылады. Биологиялық, физикалық және химиялық факторларға жауап реакциялары тексеріледі. Сызықты емес жануарлардан айырмашылығы олардың гомозиготтығы және генетика жағынан бір туындылығы. Олардың белгілі бір биологиялық қасиеттері ұрпақтан ұрпаққа берілуінде.

Жануарлардың ішінде бактерия, вирус агенттеріне, радиацияға, химиялық қосылыстарға жоғарғы сезімтал немесе төзімді линиялары бар. Сызықты жануарлардың ішінде конгенді және мутанты линиялар бөлінген. Конгенді линия - тек бір локуста ғана ерекшеленетін жануарлардың инбридті линиясы. Оларда бір немесе ген арқылы тығыз байланыстағы бір топтың тиімділігін тексеруге болады. Мутанты линия - организмнің әртүрлі аномалиясын тудыратын гендері бар линия.

Қазірде тышқандардың 700-ге жуық, егеуқұйрықтардың 170, теңіз шошқаларының 20, атжалманның 70, песчаноктардың 6 инбриндті, конгенді, мутагенді линиялары белгілі. Олардың гомозиготтығын 2 жылда бір рет тері трансплантация әдісі арқылы тексеріп отырады. Транспланттардың 100 % оң нәтиже беруі линияның гомозиготтығының дәлелі болып саналады. Биохимиялық және цитогенетикалық зерттеулер тексерудің қосымша әдістеріне жатады. Линияның генетикалық стандартын қалпына келтіру үшін гетерогенді белгілері бар жануарларды жояды немесе барлық жануарларды басқа орталықтан алынған жануарлармен алмастырады.

Сызықты жануарлар сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына өте сезімтал, өмір сүрулері қысқарақ болып келеді. Ұзақ уақытқа созылатын эксперименттер қойғанда оны ескеру керек.

Сонымен, генетикалық тұрғыдан алып қарағанда жануарлардың 3 классын ажыратуға болады:



  1. Инбридті емес, гетерозиготты, гендері жағынан әртүрлі ;

  2. Инбридті, гомозиготты гендері жағынан бірыңғай;

  3. Бірінші тұқымның гибридтері, гетерозиготты, бірақ гендері жағынан бірыңғай.

Бірінші топтың жануарлары өміршең, төзімді. Бірақ фенотиптік белгілерінің өзгергіштігіне байланысты зерттеуге қолайсыз. Екінші топтың жануарларының төзімділігі төмендеу және сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына өте сезімтал. Ал үшінші топтың жануарларында екі топтың да қасиеттері бар.

Инбридинг – ауылшаруашылық малдарының кейбір жақсы асыл тұқымды түрлерін алуға жақсы әсер етті. Бірақ оны кеңінен қолдану малдың өсіміне, өніміне, конституциясына кері әсерін тигізеді. Малдарды қолдан ұрықтандыру, әсіресе ірі қара малының ішінде, инбридингтің тарауына жол ашады.

Қазақтардағы жеті атаға дейін қыз алып, қыз берісуге тиым салуы осы заңдылыққа сәйкес келеді.

Америкада, Францияда, Японияда, Швецияда XX ғасырдың 20-50-ші жылдары жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде екі атадан қосылған ағайындылардың ұрпақтарының ішінде өлі туғандар мен ерте өмірден озғандар, физикалық және психикалық дефектілермен туғандар саны 1,5 – 3,5 есе жоғары болған.


Лабораториялық жануарларды көбейтудің негізі.
Қажетті жануарлардың конституциясы талапқа сай, белгілі бір жаста болуы керек. Тұқымды аз және сапасыз беретін аналық жануарлар аласталады. Тұқымдыққа іріктеп алынған жануар жөндеу тобына ауыстырылып, ерекше күтімге алынады. Олар арнайы жұрналдарға тіркеліп, карточка ашылады.

Үй қояндары. Еркек, ұрғашыларын жеке-жеке, 2-3 бастан әр клеткада ұстайды. Еркектері мен ұрғашыларының ара қатынасы 1:8 – 1:10 қатынасындай болуы керек. Бірінші рет шағылыстыру ұрғашылары 6 айға толғанда жүргізіледі. Буаздық уақыты 28-32 күнге созылады. Буаз аналығы жеке клеткада бір-бірден ұсталады. 1 аналықтан 1-12 көжек алынады. Енесінің сүттілігіне қарай бір басқа 6-8 көжек қалтыруға болады. Көжектері туғанда соқыр, он күннен кейін ғана жетіле бастайды. Оларды 20 күндей енесінің сүтімен асырайды да, содан кейін азық бере бастайды. Анасынан бір айдан кейін бөледі де, 2-3 бастан әр клеткаға орналастырады. Келесі шағылыстыру туғаннан кейін 1-1,5 айдан кейін жүргізіледі. Тұқымдық жұмыс 2-3 жылға созылады.

Теңіз шошқасы. Шағылыстыруға 9 айда жіберіледі, еркін түрде. Бос торшаға алдымен еркегін орналастырады да, бір күннен кейін онда төрт ұрғашысын қосады. Аналықтарының буаздығы анық білінгенге дейін оларды бірге ұстайды. Одан кейін аналықтарын бір-бірден жеке орналатырады, буаздығы екі айға созылады, сүт бөлу уақыты бір ай. Көздері ашық 2-3 балапан дүниеге келеді. Олар 2-3 күннен кейін жүгіре бастайды. Төлдерді 30 күндік жастан 4-6 бастан жеке торшаларға отырғызады. Олар сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына төзімсіз келетіндіктен өте сақтықпен күтіп-бағады. Жылына 3-5 рет төл алынады. Тұқымдық жұмыс 2, сирек 3 жылға созылады.

Ақ егеуқұйрықтар мен тышқандар. Тұқымдық тышқандар 5-6 ұрғашысы, 1 еркегі бірге бір торшада ұсталады. Сол жерде шағысады, төлдерін өсіреді. Егеуқұйрықтардың да еркегі мен ұрғашысы бірге, бір торшада 10-12 аналық пен 2-3 еркегі болады. Аналығының буаздығы білінісімен еркегі басқа торшаға ауыстырылады. Аналықтарын екіден бір торшаға орналастырады. Олар сонда туады, төлдерін өсіреді. Олардан 5-6 ұрпақ алғаннан кейін шығысқа шығарады. Тышқандардың буаздығы 18-25 күнге, ал егеуқұйрықтардікі - 16-22 күнге созылады. Оларды аналарынан 25-30 күнге толғанда бөледі де, 20-25 бастан әр торшаға орналастырады.

Жануарларды ауық-ауық клиникалық тексеруден өткізіп отырады. Олардың салмағын, тік ішек арқылы дене қызуын анықтайды. Ауруы бар шаруашылықтан алынған жануарларды екі жұма карантинге ұстап барып жалпы топқа қосады.


Лабораториялық жануарларды азықтандыру.
Ең негізгі мақсат лабораториялық жануарлардың түрлеріне қарай оларға берілетін азықтың мөлшері мен құнарлылығын анықтау. Олар жабайы жануарларға қарағанда өздеріне қажетті заттарды өздіктерінен тауып жей алмайды. Жануарлардағы бар инстинкт - өз баласын өзі жеу (егеуқұйрықтар), нәжісін жеу - капрофагии (үй қояндары) және т.б. ондай қажеттілікті өтей алмайды. Сондықтан, жалпы ереже бойынша, әртүрлі жануар ерекше азықтандыру режімін қажет етеді. Олардың жылдам өсуі, буаздығы, ұрпақтарын сүтімен азықтандыруы, кейде сыртқы ортаның температурасының өзгеруі де азықтандыруды күшейтуді талап етеді. Егерде азықтың құрамында қажетті ингредиенті жеткіліксіз болса, онда жануарла әртүрлі ауруларға шалдығады. Азықтың мөлшерінің аз болуы олардың өсіп-өнуін тежейді. Ондай жануарлардың организмінің резистенттілігі төмендейді.

Сүтқоректі лабораториялық жануарлардың диеталық азықтарының құрамында дәнді дақылдар, бұршақты өсімдіктер, жапырақтар, көк шөп, сүт өнімдері, майлы өсімдіктердің тұқымдары, балық, ет, сүйек, ашытқы, әртүрлі экстрактылар, витаминдер, минеральды заттар және су болуы қажет. Бұл ингредиенттердің өзара сиымдылығын, бірінің қасиетін бірінің жоймауын ескерген жөн. Таза емес азық кейбір індетті аурулардың көзі болуының мүмкіндігін де ескеру керек. Сүт және сүт өнімдері әсіресе тышқандарға, ал ет және ет өнімдері егеуқұйрықтарға қажет. Рационда ет өнімдері жетіспегенде егеуқұйрықтардың бірін-бірі жеуі байқалады. Егеуқұйрықтардың рационындағы ет өнімдерінің мөлшерін экспериментте қолданылған, індетті аурулардан таза мысық, үй қояндары т.б. сияқты жануарлардың еттерімен толықтыруға да болады.

Дәнді дақылдардан дайындалған қоспасының құрамы, жуықтап алғанда, төмендегідей болғаны жөн: сұлы – 50 %, тары – 20 %, арпа – 15 %, бидай – 10 %, күнбағыс немесе кендір 5 %. Балық майын нанмен немесе дәнді дақылдан дайындалған азықтарға қосып береді. Сәбізді тартып берген жөн. Борды кесек түрінде, ал тұзды ботқаға қосады. Сүтті таза түрінде немесе қайнатылған сумен сұйылтып қолданады. Витаминді, тамырлы азықтар қыста қажет. Ал жазда оларды көкпен толықтырады.

Егеуқұйрықтар үшін дайындалған жемде 70 % сұлы, 30 % кебек немесе сығынды болғаны дұрыс. Оларға етті пісіріп береді.

Теңіз шошқаларына қызанақ шырынын немесе қышқыл капустаны балық майының орнына береді. Себебі балық майында С витамині болмайды. Оларға беретін жемнің құрамында 50 % сұлы,10 % арпа, 25 % кебек, 15 % сығынды болғаны жөн. Кебектіңжелінуін жақсарту үшін оны ыстық сумен буландырып барып берген дұрыс.

Ұнтақ ингредиенттерден ертерек дайындап қойып берер алдында сумен араластырып паста түрінде беретін де әдіс бар. Оларды ластанбаулары үшін арнайы астаушаларға салып берген дұрыс. Құрғақ пасталарды да қолдануға болады. Паста бактериялардың өсуіне жақсы орта және тез ашығыш.

Тауықтар мен егеуқұйрықтарды ұнтақ немесе ұнмен де азықтандыруға болады. Басқа жануарларға беру үшін оларды салатын ыдыстар дайындау қиынға түседі.

Әртүрлі көлемді тығыздалған брикеттерді қолданудың келешегі бар.


Лабораториялық жануарларды күтіп-бағу.
Лабораториялық жануарлардың көптеген түрлерінің (әсіресе тышқандар) жақсы үйренетіндіктері сонша, олар кез келген жағдайда өсіп-өне береді.

Лабораториялық жануарларға арналған бөлмелерді саларда олардың көлемі мен пішініне және микроклиматтық жағдайға көңіл бөлу керек.

Вивариялар мен питомниктерде жартысы жануарларға, ал қалған жартысы әтүрлі зерттеулер жүргізуге арналады.

Виварий (лат. Vivarium – аңдар қорығы) – малдәрігерлік және денсаулық сақтау саласында ғылыми зерттеу мақсатында тәжірибе жұмыстарын жүргізу үшін қолданылатын лабораториялық жануарларды күтіп-бағып және оларды көбейтетін жер.

Лабораториялық тәжірибеде екі ұғым бар:



  1. Виварий – тәжірибеге қолданылатын жануарларды тиісті жағдайда ұстайтын жай;

  2. Питомник – жануарларды тәжірибеге дейін ұстайтын және көбейтетін жай.

Сондай-ақ арнайы және жалпы немесе комплексті типті виварийлерді ажыратады. Оларда аквариумдер, терраримдер (амфибийлер мен рептилийлерге), вольерлер мен торшалар құстар үшін және тағы басқа да қолдануға қолайлы әртүрлі бөлмелер болады. Қыстық, жаздық, тұрақты, уақытша бөлмелер деп те бөлінеді. Міндетті түрде карантин бөлмесі, изолятор, клиника, санитарлық жұмыс жүргізуге арналған, өлген жануарларды соятын және өлекселерді сақтайтын, басқа да өндіріске қажетті бөлмелері анықталады.

Виварийді желдету мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Едені тастан немесе цементтен, қабырғалары кафельмен қапталуы керек.

Виварийде төрт секция болғаны дұрыс:


  1. Сау жануарларға арналған секция;

  2. Тәжірибеге қолданылатын жануарларға арналған секция;

  3. Азық, төсеніш, таза қордағы торшалар және құрал-саймандар сақталатын секция;

  4. Торшаларды, кір төсеніштерді тазалайтын, өлексені аластайтын секция.

Бөлмелерде екі есік болуы керек. Біреуі арқылы таза заттар еңгізіледі, ал екіншісі арқылы қолданылған кір заттар шығарылады.
Лабораториялық жануарларға арналған торшалар, жатқызғыштар

және басқа да құрал-саймандар.
Қазіргі кезде көлемі әртүрлі, бірнеше түрлі материалдардан жасалған, конструкциялары да сан қилы торшалар баршылық.

Жатқызғыштардың қандай түрлері болмасын: төбеге ілінетін, қабырғаға жапсырылатын, дөңгелекке орналастырылатын – барлығына қойылатын негізгі талап - олардағы жатқызғыштардың (полкалардың) жылжымалы болуы және оңай ауыстырылуы. Қазірде кең орын алған жылжымайтын полкалы жатқызғыштар ертеңгі күннің талабына сай болмай қалулары әбден мүмкін.

Торшалардың көлемі туралы әртүрлі пікірлер бар. Қалай дегенмен де қарапайым конструкция торшалары арзан, тазалағанға да қолайлы; ұзақ уақыт пайдалануға болады. Оларды жасайтын материалдардың ішінде ең қолайлысы ағаш. Көп жағдайларда пластмассалар жиі қолданылып жүр. Олардың кемшіліктері: тозығы жеткен торшалардың шеткергі жақтарында шыны талшықтары пайда болады да, олар жануарлардың терісінің қабынуын – дерматит ауруын тудырады; тығыз емес пластмассалар жылулықтың әсерінен деформацияға ұшырайды; кейбір кеміргіштер олардың шеттерін кеміріп, тесіп те жібереді. Темірден, болаттан жасалған торшалар қымбат және тез арада өзгертіп отыруға қолайсыз.

Иттерге арнайы торшалар темірден жасалады. Олардың үлкен (100х80х100 см) және кабиналы (2м*) түрлері болады.

Мысықтар тар жерде өмір сүре алмайды. Оларға үлкен вольерлер керек (350х700 см, оданда үлкен), онда 15-20 мысықтарды ұстауға болады. Вольердің ішінде әрбір мысыққа ұйықтауға арналған кабина-дупло (40х40х30 см) ұйымдастырылады. Вольерге үгіндіге толтырылған ящик, инфрақызыл сәулелі лампа қойылады.

Үй қояндарының торшаларының көлемі 50-70х40-50 см-ден кем болмауы керек. Арнайы жатқызғыштар үш этаж етіп орналастырылады. Торшаны да, жатқызғышты да металлдан жасаған жуып тазалауға, дезинфекция жүргізуге қолайлы.

Теңіз шоқаларын үй қояндарының торшаларында ұстауға болады.

Бір торшада 15 тышқан, 10 егеуқұйрық, 1 үй қоянын, 5 теңіз шошқасын және 5 қалтаауыз ұстауға болады. Олардың санын одан арттырмаған жөн.

Бақаларға аса терең емес цементтелген бассеиндер немесе ванналар қолайлы. Онда төсеніш немесе құмнан аралша істеп қойған дұрыс.

Аквариумды ұйымдастыру үшін аквариум туралы нұсқауларға сүйену керек.

Рептилийлерге арналған террариумдарда температура, жарық және ылғалдық режімдерін қатаң сақтау керек.

Ал тағы жануарларды ұстаудың жағдайларының әртүрлілігіне қарап, виварий саларда олардың қандай түрлері болатынына арналған бөлімдерді ойластыру керек.

Виварийдің орналасатын жеріне дейін күні бұрын жоспарлап, оны тұрғындарға кедергі жасамайтын маңайға орналастырған жөн. Егер ондай жекеленген алаңға орналастыруға мүмкіншілік болмаса, онда оны үй астындағы жайларға емес үй үстітіндегі жайларға орналастырған дұрыс.

Лабораториялық жануарларға жұмсақ шымтезек, шөп, ағаш ұнтағы, дәнді дақылдардың қауыршығы жақсы төсеніш бола алады. Олардың азықтарына қойылатын талаптар:


  • азықтың мөлшерден артық емес, бірақ жеткілікті болуы;

  • бүлінген, жатып қалған азықтардың болмауы;

  • құрамында витаминдердің жеткілікті мөлшерде болуы;

  • күніне 2-3 реттен кем берілмеуі, әсіресе буаз жануарларға;

  • азықты таза, дезинфекция жасалған ыдыстар арқылы беру;

  • азықтың бір түрінен екінші түріне біртіндеп көшіру;

  • құрғақ азық бергенде, жануарлар туар алдында сумен қамтамасыз ету;

  • кеміргіштердің торшаларына, әсіресе тістері шығар кезде ағаш таяқшаларын тастау;

  • мүмкішілігінше ұсақ жануарларға араластырылған азықтарды брикет түрінде беру;

  • азықтардың сапасын ауық-ауық тексеріп отыру.

Лабораториялық жануарларды азықтандырудың мөлшері туралы денсаулық сақтау және ауылшаруашылық министірліктерінің біріге отырып шығарған нұсқаулары бар.

Виварийлер малдәрігерлік ұжымдардың қадағалауында болады. Міндетті түрде ауруларға қарсы сақтандыру шаралары жүргізіліп отырады.



Микробиологиялық виварийлердің өз ерекшеліктері бар. Онда індетті ауруларға бейім жануарлар көптеп ұсталады. Кез келген жерден жануарларды алу қауіпті. Ауыра қалған жануарларды жекелеп ұстайтын жайлар болуы қажет. Ауруларды жұқтыру үшін экспериментке пайдаланылатын жануарларды орналастыратын жайға ерекше көңіл бөлу керек. Індеттің тек виварийлердің өз ішінде ғана емес, одан тысқары жерлерге де тарамауына аса көп көңіл бөледі. Басқа жақтан әкелінген жануарларды екі жұмадай карантинге қояды.

Виварийларда селекция жұмысы дұрыс жолға қойылуы керек. Экспериментке дайындалған жануарлардың таза линияларын алуға барлық жағдайды туғызған дұрыс.

Жануарлардың денсаулықтарын үнемі қадағалап отыру үшін жеке диагностикалық-бақылау лабораториялары жұмыс істейді.
Лабораториялық жануарларды пайдалану.
Лабораториялық жануарларды таңдап алуға қойылатын негізгі талаптар:


  1. Таңдап алынған жануардың зерттелетін микроорганизмге сезімталдығы. Егер қоздырғыш толық белгілі болмаса, онда сол аурумен табиғи жағдайда ауыратын жануарлар алынады;

  2. Жануарды күтіп-бағу кезінде және онымен эксперимент жүргізгенде оның қауіпсіздігі және ыңғайлылығы;

  3. Жануарды арзан бағаға оңай табуға болатындығы;

  4. Жануардың бұдан бұрын осы мақсатта қолданылмауы;

  5. Жануардың бацилла сақтаушы болмауы.

Эксперименттің алдында жануарларды білгілі бір бояумен белгілейді. Ол үшін құлағына немесе аяғына металлдан жасалған номердерді де қолдануға болады. Жануарлардың денсаулығына, массасына, жасына және жынысына көңіл аударады. Кей кезде түсіне де қарауға тура келеді. Кейбір жануарларды тәжірибе жүргізер алдында әдейілеп дайындау керек болады: диета, бейтараптаушы дәрілер, күтіп-бағуда белгілі бір режім т.б..

Лабораториялық жануарлардың аурулары.
Лабораториялық жануарларды виварийларда ұстаудың ерекшеліктері олардың ауруларды жұқтыруға бейімділігін жоғарылатады. Әсіресе тышқандар мен теңіз шошқалары өте сезімтал болып келеді. Аурудан сақтандырудың, оларды күтіп-бағудың негізгі ережелерін сақтамау індетті аурулардың тарауына жол береді.

Лабораториялық жануарларды микробиологиялық статусы бойынша стандарттауда оларды екі топқа бөлуге болады:



  1. Конвенциональды (кәдімгі) жануарлар;

  2. Гнотобиотикалық жануарлар.

Конвенциональды жануарлар көбейткен кезде микробиологиялық бақылаудан өтулері керек - тышқандар, егеуқұйрықтар, қалтаауыздар, теңіз шошқалары және үй қояндары – сальмонеллезге, түберкүлезге, листериозға, лептоспирозға, пастереллезге, пневмококкозға, дерматомикоздарға, лимфоцитарлық хориоменингитке; эктопаразиттер мен гельминттердің барлық түрлеріне; тышқандар, егеуқұйрықтар және теңіз шошқалары қосымша – Streptobacillus moniliformis-ке, микоплазмозға; тышқандар – Corinebacterium murium-ге, А тобының стрептококктарына, шешек вирусына; үй қояндары - Treponema cuniculi-ге.

Гнобиотикалық жануарлар – арнайы патогенді факторы немесе қоздырғышы жоқ жануарлар. Олар аса маңызды эксперименттерде кеңінен қолданылады.
Індетті аурулар. Вирус аурулары.
Лабораториялық жануарлар індетті ринит, індетті стоматит, миксоматоз т.б. вирусты аурулармен жиі ауырады.

Індетті ринит – қоздырғышы парагрипп-2, бронхосептикус бактериялары, стафилококктар, пастереллалар. Үй қояндары барлық жастарында ауырғыш келеді. Аэрогенді жолмен ауру жануарлардан жұғады. Аурудың пайда болуына және тарауына өкпе жел, температураның тұрақсыздығы, ылғалдық, шаң-тозаң; виварийда қауырсын, аммиактың шоғырлануы әсер етеді.

Індетті стоматит – қоздырғышы вирус. Төлдер, әсіресе үй қоянының көжектері ауырады. Аурулардан жұғады. Тазалықтың болмауы, темреатураның күрт төмендеуі, ылғалдылықтың жоғары болуы, тығыз ұстау т.б. әсер етеді.

Миксоматоз – қоздырғышы вирус. Негізгі тасымалдаушылары – масалар, шіркейлер, биттер, қандалалар, кенелер. Ауру малдардан жұғады.

Вирустық індеттерге диагноз қою үшін вирусологиялық, серологиялық, биологиялық әдістер қолданылады.


Бактериялар тудыратын аурулар.
Бұл аурулардың қатарына пастереллез, листериоз, түберкүлез, псевдотүберкүлез, колибактериоз, сальмонеллездер, пневмококкоз, стафилококкоздар, плевропневмония және т.б. көптеген аурулар жатады.

Пастереллез, геморрагиялық септицемия – қоздырғышы грамм теріс таяқша пастерелла. Үй қояндары, теңіз шошқалары, егеуқұйрықтар, тышқандар ауырады; ірі қара малдарына, шошқаларға, қойларға, қаздарға, тауықтарға да жұғады. Аурудың жұғатын негізгі көздері: ауру, аурудан кейінгі бойында әлі қоздырғыш бар малдар; лас азықтар, инвентарлар; таратушылар қатарына жануарларды күтіп-бағушы адамдар, құстар, кеміргіштер жатады. Ауру көбінесе тыныс алу жүйесі арқылы жұғады, басқа жолдарының да болуы мүмкін.

Сальмонеллез – барлық лабораториялық жануарлар, олардың ішінде әсіресе ақ тышқандар, үй қояндары, төлдер жиі ауырады. Қоздырғышы паратифоз тобының микробтары – сальмонеллалар (Salmonella Breuslau, Gartneri, Suipestirper және басқалар). Жұғу жолдары жоғарыдағыдай.

Стафилококкоз. Қоздырғышы іріңді стафилококк. Олар шиқан, сыздауық, іріңді жаралар, өкпе қабынуын, сүйек ауруларын, сепсистерді тудырады. Организмнің жалпы улануы байқалады. Ауруды тарататын негізгі көз – ауру жануарлар.

Негізгі белгілеріне қарай септикопиемияны, қаңғырма пиемияны, желін қабынуын және жалпы пиемияны ажыратады.



Колибактериоз – қоздырғышы ішек таяқшасы. Көбінесе тышқандар, теңіз шошқалары, көжектер жиі ауырады. Негізгі жұқтыру көзі – ауру жануарлар. Жануарлардың әлсіреуі, азықтың құнарсыз болуы, лас су, кокцидиоз инвазиясы, гельминтоздар және басқа да факторлар аурудың пайда болуына және дамуына әсер етеді.

Пневмококкоз. Қоздырғышы – пневмококктар (Streptococcus pntumoniae). Көптеген лабораториялық және басқа да жануарлардың, адамдардың іріңді-қабыну процесстерінің себебі болып табылады.

Псевдотүберкүлезбен үй қояндары, теңіз шоқалары, тышқандар ауырады. Аурудың тарайтын көзі қоздырғышпен ластанған азық, төсеніш, топырақ, ауру малдың нәжісі. Барлық жастағы жануарлар ауырады, Ауру көбінесе ас қорыту, сирек тыныс алу жолдары арқылы жұғады. Аурудың белгілерінің ерекшеліктері жоқ. Кей кезде өте ауыр түрде жүреді.

Түберкүлез. Қоздырғышы – Mycobakterium tuberculosis, M. вovis. Ауру ауа-тамшысы, шаң-тозаң; кейде ас қорыту жолдары арқылы жұғады. Негізгі көздері – ауру малдар, ластанған азық пен төсеніштер, ауру малдың сүті. Жұғуы ауыз қуысы, сирек тыныс алу жолдары арқылы. Әсіресе шлабораториялық жануарлардың төлдері жиі ауырады.

Листериозбен жануарлардың көптеген түрлері және адам ауырады. Қоздырғышы – листерия микробы. Ауру ауру жануарлардың танау ақпасы, зәрі, нәжісі, іш тастаған кеміргіштердің ұрықтары, ластанған азық, су, төсеніш, инвентарь арқылы жұғады.

Теңіз шошқаларының плевропневмониясы. Қоздырғышы – диплококктар тобының микробтары. Көбінесе жазғытұрым және күзде байқалады. Ауру жануарлардан тарайды және ылғалдылық, жел өті, санитарлық ластық, құнарсыз азық, бациллотасушылар аурудың тамуына себеп болады.

Бактериялық індеттерді микробиологиялық жолмен анықтауда бактериоскопиялық, бактериологиялық, серологиялық, биологиялық және т.б. зерттеулер қолданылады. Олардың ішінде қоздырғыштардың таза культураларын алып, саралайтын бактериологиялық әдіс нақтылы әдіс болып саналады.


Саңырауқұлақтар тудыратын аурулары (микоздар).
Олар қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктеріне, даму процесстеріне, клиникалық белгілеріне қарай әртүрлі болып келеді. Негізгі топтары:

  1. Дерматофиттер – тері және оның туындыларының ауруларының қоздырғыштары;

  2. Кандида түрінің саңырауқұлақтары – терінің, кілегей қабықтардың, сирек ішкі ағзалардың аурулары – кандидоздарды және кандидомикоздарды тудыратын қоздырғыштар.

  3. Криптококктар, гистоплазмалар, бластомицеттер, кокцидиоидтар және көгерткіш саңырауқұлақтар - әртүрлі ағзалар мен тіндерді жарақаттайтын терең микоздардың қоздырғыштары.

Лабораториялық жануарларда кең тарағандары құрғақ теміреткі, аспергеллез және т.б.. Ал азықтарда – сапролегниоздар (дерматикоздар).

Құрғақ теміреткі лас, жоғарғы ылғалдылықты жерлерде кездеседі. Қоздырғышы дерматофит саңырауқұлағы терінің сыртқы, шаштың қаптарына кіріп жарақаттайды. Онымен барлық лабораториялық жануарлар, ауылшаруашылық малдары, аңдар және адамдар ауырады. Әсіресе тышқандар, үй қояндары, барлық жануарлардың төлдері өте сезімтал болып келеді. Лаборатория жануарлары олардың екі түрлерімен – трихофития және микроспорья түрлерімен ауырады. Трихофитияның негізгі тасымалдаушылары - дала және үй тышқандары, егеуқұйрықтар және басқа да кеміргіштер; ал микроспорийлердікі – мысықтар. Ауру ауру жануарлардан, ластанған заттардан жұғады.

Қоздырғыш барлық жерлерде кең тараған, жылдың кез келген мерізімінде кездеседі.



Аспаргиллез (пневмомикоз). Қоздырғышы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына төзімді көгерткіш саңырауқұлақ – аспергиллюс. Көзі – қоздырғышпен ластанған азық, төсеніш, ауа, қолданылатын заттар. Әсіресе көгерген асхана қалдықтары, ластанған құрғақ шөп және т.б..
Инвазиялық аурулар.

Қарапайымдылар тудыратын аурулар.
Оған жататындар: дизентерия амебасы, малерия плазмодийі, лейшмандар, токсоплазмоздар және басқалары. Олардың көпшілігі сыртқы ортада, иелерінің және тасымалдаушыларының организмдерінде әртүрлі пішінде кездесетін, өздеріне тән даму циклдері бар торша ішінің тоғышарлары. Көп тараған ауру кокцидиоз. Оның қоздырғышының әртүрлі жануарлар организмінде өз ерекшеліктері бар.

Кокцидиоз – қоздырғышы бір клеткалы қарапайым кокцидии-тоғышар. Олардың тарату көздері ауру жануарлар, тасымалдаушылар. Әр түрлерінің өз ерекшеліктері бар. Мысалы: үй қояндары олардың 10 түрлерімен ауырады. Олардың 9 – ы ішектердің кілегей қабықтарында, ал 1-уі бауырда өмір сүреді. Үй қояндарында кокцидиилерді организмде сақтау кең тараған.

Ауру ластанған азықтар, су, топырақ, төсеніш, инвентарь арқылы беріледі. Екі түрі – ішек және бауыр түрлері кездеседі. Бірақ көбінде аралас түрін ажыратады. Үй қояндарында эпизоотия ретінде де кездеседі.


Гельминттер тудыратын аурулар.
Мұндай аурулар кең тараған. Лабораториялық жануарларда пассалуроз және цистицеркоз аурулары жиі тіркеледі.

Пассалуроз. Қоздырғышы жұмыр құрт – пассалура. Жануарлардың тоқ ішектерінде мекендейді. Көзі - қоздырғышпен ластанған нәжіс пен ішетін су. Қоздырғыштың аналықтары көтенішектің қыртыстарына жұмыртқа салады. Ол жер қатты қышиды. Көбінесе үй қояндарында кездеседі.

Цистицеркоз (финноз). Қоздырғышы жалпақ құрт – цестодтың личинкасы. Негізгі таратушы иттер. Олар нәжісі арқылы тоғышардың жұмыртқаларымен азықты, суды ластайды.

Кенелер тудыратын аурулар (арахноздар).


Олардың ішінде көбірек тарағандары – қышыма және құлақ қотырларының қоздырғыштары.

Қышыма қотыр (саркоптоз, нотоедроз). Қотыр кенелері тудыратын ауру. Жануарларға аурулар, сайман-мүліктер арқылы жұғады. Теріге еңген кенелер қабыну процессін тудырады, қатты қышу пайда болады, жануарлар қатты тынышсызданады, тәбеті жоғалады, өлім-жітімге ұшырауы да мүмкін. Диагноз клиникалық белгілері және тері қырмасын микроскоппен тексеру арқылы қойылады.

Құлақ қотыры. Қоздырғышы тері үстінде өмір сүретін кене. Барлық лабораториялық жануарлар, әсіресе үй қояндары жиі ауырады. Жұғыуы жоғарыдағыдай. Құлақ қалқанының тұсында қышыма, экзема пайда болады. Ауру асқынғанда құлақтың дабыл жарғағы, орта құлақ, ішкі құлақтар жарақаттанады. Егер ми қабы жарақаттанса, онда жануарлар өліп кетуі мүмкін.
Жұқпалы емес аурулар.
Лабораториялық жануарлардың жұқпалы емес ауруларының себептері өте көп. Олар: ас қорыту, тыныс алу жүйелерінің, көздің аурулары; үсіну, күн және жылу соққыларына ұшырау; мешел, авитаминоздар т.б. болып кездеседі. Бұл аурулардың көпшілігі жануарларды күтіп-бағудың, азықтандырудың, эксплуатацияға пайдаланудың дұрыс болмауынан туындайды.

Ас қорыту жүйесінің ауруларына: іштің және ішектердің кебуі, асқазан мен ішектердің кілегей қабықтарының қабынулары жатады.

Пододерматит. Жануарларды тор көзді едендерде ұстағанда пайда болатын ауру. Әсіресе артқы аяқтың төменгі жақтарының жүндері түседі, ол жерлері қотырланып, ойылады, жара пайда болады. Кейде іріңді жарадан сепсис құбылысы туындайды. Жануарлар өліп кетуі де мүмкін.

Тыныс алу жүйесінің аурулары көбінесе суықтықтан пайда болады. Олардың ішінде танау қуысының кілегей қабының қабынуы – ринит, бронхит, өкпе мен плевраның қабынулары жиі кездеседі.

Күн көзінің және жылулық соққылары. Ыстық күндері күн көзінде қалғанда, организм қатты ыстықтағанда, жануарларды тығыз, қапырық, жоғарғы ылғалды жайларда ұстағанда; желдеткіш болмағанда, ұзақ уақыт тасымалдағанда т.б. жағдайларда кездеседі. Айырмашылықтары: күн көзінің соққысын орталық жүйке жүйесіне тиеді, ал дене қызуы көтерілмейді; жылулық соққысында ол барлық организмге тиеді және дене қызуы көтеріледі.

Үсіну төменгі температураның әсерінен құлақ, төменгі аяқтардың қан тамырлары жіңішкереді, қан айналу процессі бұзылады, температура реттелмейді. Ұзақ уақыт әсер еткенде организмнің жеке бөліктері ғана емес толықтай үсінуден жануар өліп кетуі мүмкін.

Үсінудің үш сатысын анықтайды: жеңіл түрі – ісіну, ауырсынғандық байқалады; орташа түрі – күлдіреуіктер пайда болады, олар жарылғанда орнында жазылмайтын жара қалады; үшінші түрі - өлі еттену, бөліну процессі.



Конъюнктивит – көз кілегей қабығының қабынуы. Көздің шаң-тозаңмен, ұнтақпен, құммен т.б. заттармен ластануы; әртүрлі өткір заттармен жарақаттануы; азықта А витаминінің жеткіліксіздігі. Жеңіл және іріңді түрлері кездеседі. Көзге ақ түсіп, кератитпен асқынады.

Мешел. Азықта Д витамині, кальций мен фосфор тұздары жеткіліксіз болғанда, организмде фосфор мен кальцийдің алмасуы бұзылғанда дамитын ауру. Аяқ сүйектерінің, омыртқаның қисаюымен; буындардың жуандауымен; жануарлардың өсіп-өнуінің төмендеуімен сипатталады.

Авитаминоздар. Лабораториялық жануарлар үшін А, В, С, Д, Е витаминдерінің маңызы өте зор. Олардың ішінде үй қояндары мен теңіз шошқаларына А, В, С, Д; ал егеуқұйрықтар мен тышқандарға А, В, Д, Е витаминдері өте қажет. Үйткені олар С витаминін өз организмдерінде синтездейді.

Негізгі себептері: азықта олардың аз, не болмауы; азықтарды дайындау, сақтау технологияларының бұзылуы, витамин антагонистерінің болуы, жарықтың жеткіліксіздігі, ультракүлгін сәулесінің кемшілігі, қараңғы жай т.б. факторлар.

Лабораториялық жануарлардың ауруларының пайда болу себептерін талдай келе олардың ішінде төрт басты шешуші факторларды атап өтуге болады:


  1. Әр жануарлардың организмдеріндегі генетикалық текті жетілдіру;

  2. Толық қанды азықпен қамтамасыз ету;

  3. Әр жануардың биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып оларды күтіп-бағудың жағдайын реттеу;

  4. Жануарларды тиімді пайдалануды үнемі қатты қадағалап отыру. Ол жануарлардың ветеринариялық ғылымды дамытудағы ролінің келешегін айқын дәлелдеп көрсете білу.

Лабораториялық жануарларды аурулардан сақтандыру үшін:

    • санитарлық-гигиеналық ережелерді қатты сақтау, бақылауда ұстау;

    • жануарлар тұрған жерді, ауаны, құрал-саймандарды, азықтарды, төсеніштерді зарарсыздандырып отыру;

    • жануарларды күтіп-бағудың оптимальды жағдайын түғызу;

    • карантиндік шаруаларды дұрыс жүргізу;

    • ауру жануарларды уақытында аластап отыру керек.

Қазірде лабораториялық жануарлардың індетті және инвазиялық ауруларының 100 түрлері сипатталған. Жануарлардан адамдарға аурулар жұқпас үшін оларды күтіп-бағушы адамдар жеке басының гигиенасын сақтап, жүйелі түрде медициналық тексеруден өтіп отырулары керек.

Лабораториялық жануарларға мұқтаждықты толық қамтамасыз ету үшін көптеген мемлекеттерде жеке шаруашылықтар – лаборатория шаруашылықтары бар. Оларға арнайы кадрлар дайындау, қажетті базалармен қамтамасыз ету мәселелері шешілген. Міне осындай жағдайда ғана лабораториялық жануарларды пайдалануды дұрыс жолға қоюға болады.



Тақырыбы: Ветеринариялық лабораторияда жұмыс істеу тәртібі.

Сабақтың мақсаты: ветеринариялық лабораторияның бөлімдерімен және оларда жұмыс істеу тәртібімен таныстыру.
Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет