207
жалғасып, 1841 жылы наурыздың 4-інде белгісіз біреулердің көрсетуімен Тілеков деген
қазақтың үйінде отырған жерінде қолға түседі. Орал әскерінің 40 адамнан құралған жасағы үй
иесі мен Махамбетті тұтқындап, Калмыков бекетінде 2 апта түрмеде ұстап, кейін Орынборға
аударады. Орынбор генерал-губернаторы Махамбет ісін әскери соттың қарауына тапсырады.
Сот «бүліншілікке»
қайта араласса, қатаң жазаланасын деген үкіммен тұтқыннан босатады.
1845 жылы ол баласы Нұрсұлтанды оқуға орналастырмақ ниетпен Орынборға келеді.
Шекарадан өтуіне байланысты генерал-губернатор істі қайта қозғаса, Кіші жүздің батыс
бөлігінің әкімі Б.Айшуақов та ақынды қудалауын қоймайды. Ол ақынның басына 1000 сом
тігіп, оны ұстау үшін арнайы адамдардан құралған қарулы жасақ жібереді. Махамбет
хорунжий Тұрымұлының қолынан қаза табады. Махамбет шығармалары - бұқара өмірінің
рухани-поэтикалық
шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық
поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді,
елдікті сақтап қалуға шақырды. «Мұнар күн» жырында ел басына түскен ауыртпалықты ашына
айтты. «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» жырларында
ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. «Біртіндеп садақ асынбай»,
«Арғымақтың баласы», «Қара нар керек біздің бұл іске», «Еменнің түбі - сары бал», «Жалған
дүние», «Еріскедей ер болса», т.б. шығармаларында
ұлт-азаттық қозғалыс рухы, ел тағдыры
мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттелген. «Халық қозғалса, хан тұрмайды тағында»
дейді ол отты жырларында. Махамбет ақындығымен қатар шебер күйші болды. Оның 11 күйі
1982 жылы «Шашақты найза, шалқар күй» деген атпен жарық көрді. Ақын өлеңдерінің халық
арасына тарауына Ш.Жарылғапұлы, Қуан ақын, кішкене Қобыланды, Қубала, Лұқпан, Мұрат,
Ығылмандар көп еңбек сіңірді. Алғаш 1908 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Мұрат
ақынның Ғұмар қажы оғлина айтқаны» атты жинақта Махамбеттің 100 жолдан астам 2 толғауы
басылған. 1939 жылы Қ.Жұмалиев ақын өлеңдерінің жинағын шығарды. 2003 жылы Махамбет
Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде кең түрде аталып өтіліп, 4
томдық жинағы жарыққа шықты. Интернетте Махамбет сайты ашылды. Астана қаласындағы
оқушылар сарайына ақын есімі берілді. Ресейдің «Выборг кеме жасау зауыты» ААҚ
Қазақстанның тапсырысы бойынша «Махамбет» атты мұнай
құю танкерін жасап шығарып,
суға түсірді. Атырау облысында Махамбет атындағы аудан, ауыл, көше бар. Ақын қайтыс
болған Атырау облысының Индер ауылынан 40 шақырым жерде кесенесі тұрғызылды. Белгілі
антрополог Ноэль Шаяхметов Махамбеттің бет-бейнесін жасап шығарды.
Достарыңызбен бөлісу: