Бақылау сұрақтары
1 М. Шоқайдың Түркістан мәселесі туралы ой-пікірлері туралы не белесің?
2 М. Шоқай халықаралық оқиғалардың даму барысын, ірі державалар мүдделерінің қақтығыстары себептерін қадағалап отыруын дәлелдеп бер.
3 М. Шоқайдың Лондонға алғашқы сапарлары туралы баянда.
4 М. Шоқайдың Англияның халықаралық аренадағы рөлі туралы пікірі?
5 М. Шоқайдың Лондонға үшінші сапары және онда көтерілген мәселелер туралы не білесің?
6 1929 жылғы Мұстафа Шоқайдың жариялаған мақалаларының мәні мен мазмұны және оған кеңес баспасөзінің реакциясы?
7 Мұстафаның Лондонға 1933 жылғы шақыру алуы?
8 Халықаралық қатынастар жөніндегі Король интитутындағы конференция және ондағы М. Шоқайдың рөлі?
9 М. Шоқайдың Англиядан Францияға оралуы?
10 М. Шоқайдың баспасөз көздерімен жұмыс істеуі, ондағы көтерілген мәселелер?
7 Соңғы күндері
Алғысөз
Тарауда Мұстафаның шет елдегі саяси-қоғамдық қызметінің соңғы күндері нақты дәлелдер, архивтік құжаттар арқылы расталады. Бұл тарауда М. Шоқай туралы А.Темір, А.Қараның, Ғ.Бейісовтың, Г.Көкебаеваның зерттеулері, жұбайы М. Шоқайдың естеліктерінен, оның А.-З.Валидовпен т.б.қоғам қайраткерлерімен хаттарынан деректер келтірілген. Сонымен қатар тарауға М. Шоқай мұрағатындағы жеке құжаттар, оның ішінде неміс карталарының бірі, урду тіліндегі материалдардың бір беті, жұмыс орнындағы өзінің фото суреттері, барлау органдарының тергеу жүргізгенде сұратқан анықтама т.с.с. тарихи құжаттардан тұратын құнды мәліметтер енгізілген.
Тарауда келтірілген мәліметтер негізінде мынандай негіздер мен қорытындыларға жетелейді:
М. Шоқай 1935 ж. Франция мен Кеңес Одағы арасында өзара көмек көрсету келісімі, Ұлыбританияның Шығыс Түркістанға және Кавказға ғана көз тігуі – бұл елдерден шығыстық мүдделері жоқтығына көзі жетті;
Мұстафаның Германияға сапары басында тұтқынға алынған түркістандық эмигранттардың өзінің туған жеріндегі ахуалы жайлы жазғандарының дұрыс па, жоқ па соны білгісі келгендіктен еді;
Өзінің соңғы жазбасында Мұстафа өмір шындығына орай қызмет ететін, мақсатқа жету жолында елес қумайтын саясаткер екендігін байқатады. Егер лагерлердегі түркістандықтармен жолығысқан уақытта олардың тарапынан Кеңес өкіметін жақтаған әңгімелерінің куәсі болса, М. Шоқайдың қандай ұстанымдарға иек артатыны белгісіз. Бірақ жағдай керісінше болады да, олардың большевиктердің де,Германияның да жағында емес екендігі, өздерінің және өз халқының тағдыр-талайы көбірек толғандыратыны анықталды;
М. Шоқайдың фашистік Германияға ешқандай да қызмет істемегендігін, Шығыс министрлігімен қарым-қатынасын өз мүддесіне, Түркістанның тәуелсіздігі идеясына орай пайдаланғысы келгендігі жөніндегі уәждердің шындыққа толық сәйкес;
Отандық және шетелдік тарихнамадағы даулы мәселенің бірі – ол М. Шоқайдың қазасы жөнінде, мысалы кейбіреулері Берлин ауруханасында сүзек ауруынан қаза болды десе, кейбіреулері А.Розенберг тапсырысы бойынша у беріп өлтірілді деген, не Кеңес Одағының пиғылды саясатының жемісінен тағы сол сияқты түрлі пікірлер қазіргі уақыттың өзінде де нақты тоқтамға келе алмай отыр.
Сонымен, бұл тарауда М. Шоқайдың үлкен гуманист, өз ісіне шын берілген, ақылды да данышпан адам екеніне аса көңіл бөлу керектігі сөзсіз. Себебі М. Шоқай бодандықтағы барлық халықтардың ұлт-азаттық қозғалысына өлшеусіз үлес қосады. Кеңес Одағы құрамыдағы қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз т.б. халықтардың ұлт зиялылары ішінде М. Шоқай – Түркістанның тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алына дербес өмір сүруін алғаш көтерген, негіздеген және сол үшін күрескен бірегей тұлға екенін есте сақтау қажет.
Түркістанның, Украина, Әзірбайжан және басқа да елдердің азаттығы үшін жүргізіліп жатқан күресте барлық бодан халықтардың интернационалистік одағын құру жолында М. Шоқай тағдырлас Польшадан басқа да мемлекеттерге, олардың ішінде Ұлыбританияға, Францияға, Германияға назар аударады. Алайда оның 1922 жылы Парижге келген бойда Франция Сыртқы істер министрлігіне Түркістанның ұлт-азаттық қозғалысына нақтылы көмек көрсетуді сұраған меморандумы жауапсыз қалады. “Франция сенатының сыртқы істер жөніндегі комиссиясының төрағасы Беранже Кеңес Одағында жалғыз орыстар ғана тұрмайтындығына таңданыс білдірген-ді. Францияның шығыстық мүддесі жоқтың қасы” [1] дейді М. Шоқай.
1935 жылдың 2 мамырында Франция мен Кеңес Одағы арасында өзара көмек жөніндегі келісімге қол қойылады.
Ұлыбританияның Шығыс Түркістанға және Кавказға ғана көз тігіп отырғанын Мұстафа Лондонға барған сапарында анықтап қайтқан-ды.
М. Шоқайдың Германияға көңіл бөлуі өткен ғасырдың 30-жылдарының орта кезінен ғана біліне бастайды. Бір жағынан, оған М. Шоқайдың сол кездегі халықаралық жағдайға сараптама жасап, Түркістанға қол ұшын созар мемлекеттің жоқтығына көзі жетуі болса, екінші жағынан Германия өкіметі басшыларының М. Шоқайға күдікпен қарауы себеп болғанға ұқсайды. Қалай болғанда да Мұстафаның Германияға Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына одақтас мемлекет ретінде қарауы бірден бастау ала қоймайды. 1929 жылдың 7 қыркүйегінде Польша Бас Штабы ІІ бөлімінің 2-экспозитурасына жазған хатында Г. Исхаки М. Шоқайдың Берлинге келуі үшін визаны үлкен қиындықтармен алғанын [2] ескертеді. Алайда мұрағат қорларында М. Шоқайдың 30-жылдардың бас кезіне дейін Германияның билік орындары қызметкерлерімен қарым-қатынаста болғандығы туралы ешбір мағлұмат ұшыраспайды. Профессор А. Темір М. Шоқай 1933 жылға дейін Берлинге мейрам күндері, жерлестерінің жиналыстарына жиі келіп тұратын, әсіресе, ол Берлинге өзі басқаратын “Яш Түркістан” журналының жұмыстарына орай соғатын деп еске алады. “Бірақ 1936 жылдан 1941 жылға дейін Берлинде тұрған кезімде мен онымен бірде-бір рет кездеспедім. 1933 жылы 3-Рейх режимі құрылған соң оның Берлинге келгісі келмегенін болжап айтуға болады” [3] дейді ол.
1933 жылы Гитлер өкімет басына келгеннен кейін М. Шоқайдың Берлинде болып, НСДАП Сыртқы саяси басқармасының жоғары лауазымды чиновнигі Г. Ляйббрандтпен кездескендігі, кейін (1938 ж.) оның А. Розенбергке М. Шоқайдың “түркістандықтардың көсемі”, “мәдениетті де, саяси жоғары білімді адам” екендігін [4] баяндағаны туралы мағлұматтар ұшырасады.
Г. Ляйббрандт М. Шоқаймен әңгіме барысында Кеңес Одағы халықтарының ұлттық, нәсілдік, тарихи ерекшеліктеріне, ұлттық жігеріне және қарсыласу әлеуетіне назар аударады [5].
Бірақ басты мәселе Г. Ляйббрандты, не болмаса А. Розенбергті қандай мәселе қызықтырғаны емес, М. Шоқайдың неміс чиновнигімен кездесуге не мақсатпен барғандығы болса керек. Ол жөнінде, тура құжаттар ұшыраса қоймағанымен, сол кезеңдегі эмигранттық басылымдар мен шағын хабарлардан түсінік алуға болады. Еуропадағы бірінің ізін бірі баққан мұғажырлық топтардың, олардың ішінде “Возрождение” газетінің мәліметі бойынша, М. Шоқай Г. Ляйббрандтың қабылдауында 1934 жылдың қаңтар айында болып, Германияның Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрес жөнінде қандай көзқараста екендігін, осы негізде қарым-қатынас орнату мүмкіндіктерін анықтауға әрекеттенеді [6].
Келіссөз барысында қандай уағдаластыққа қол жеткізілгені белгісіз, бірақ нақтылы бір шешім қабылданды деуге негіз жоқ, себебі оған Г. Ляйббрандтың өкілеттігі жете қоймайтын. Дегенмен М. Шоқай өз жұмыстарымен Берлинге келіп-кетіп тұрады. 1935 жылы 18 наурызда Берлиннен Лондондағы орыс эмигранты А. В. Байкаловқа жазған хатында М. Шоқай: “Мен бұл жерде айдың соңына дейін боламын. Берлин – Еуропадағы біздің эмиграциямыз бар жалғыз орын. Сондықтан да мен бұл жерге жылына бір-екі рет келіп тұрамын” [7] дейді. Осыған қарағанда А. Темірдің М. Шоқай Берлиннен 1933 жылдан қол үзіп кетті деген хабары шындыққа толық сәйкес келе қоймайды, тек ол 3-Рейхтың лауазымды адамдарымен ғана кездесуін тоқтатқанға ұқсайды. Бірақ НСДАП Сыртқы саяси басқармасы Шығыс бөлімінде істейтін Г. Ляйббрандт 1938 жылы М. Шоқай жөніндегі “оперативтік істі” қайтадан қолға алады. Сол жылдың 21 наурызында Сыртқы саяси басқармасының Шығыс бөліміне А. Розенбергтің атына “өте құпия” түрде жолданған қатынас қағазда М. Шоқайдың мұнан екі жыл бұрын бір рет қана келіп кеткендігі, сөздеріне қарағанда, “мәдениетті де саяси жағдайды терең білетін адам ретінде көрінді” деп хабарланады. Құжат авторы “М. Шоқайдың 1917 жылы Түркістан ұлттық үкіметінің басшысы болғанын, Берлиннің Кеңес Одағына көзқарасын, әсіресе, Берлиннің ондағы ұлтаралық қатынастар мәселесі жөнінде қандай пікірде екендігін білуге”, сонымен бірге шетелдегі түркістандықтардың қызметі жайлы немістерді хабардар етуге Парижден келгенін жеткізеді.
Мұстафа бірнеше мәселе төңірегінде әңгіме қозғайды және өзұсыныстарын білдіреді. Олар: 1) “Яш Түркістан” журналының таралымын және көлемін ұлғайту; 2) Ана тілінде (яғни шағатай тілінде болса керек. – К. Е.) кітапша шығару; 3) Түркияда, Иранда және басқа да елдердегі түркістандық жастарға Германия оқу орындарында стипендия бөлу. Құжат мазмұны төмендегідей: “Шоқаев маған украиндар мен кавказдықтардың шетелдегі жұмысы жөніндегі көптеген құнды материалдар берді. Кавказ мәселесінде үлкен қайшылықтар бар. Баммат “Прометейдің” ұстанған бағытын қатты сынға алып, оны меньшевиктік-марксистік көзқарас ретінде сипаттайды. Итальяндықтар да бұл мәселелерге қызығушылық танытуда.
Шоқай бүкіл түрік-татарлар рейхсляйтер Розенбергтің бөлімімен қатынас орнатқысы келеді; рейхсляйтер Розенберг Германиядағы шығыс проблемасын түсінетін және Кеңес Одағындағы ұлттық мәселені шешу барысында Германия үшін барлық мүмкіндіктерді көре білетін адам деп есептейміз. Бұл мәселелерде ол алдағы уақытта беделді болып қала береді деп сенеміз және оған біздің құрметімізді жеткізуді сұраймыз” дейді [8].
М. Шоқайдың А. Розенбергті “құрмет тұтатыны” басшының алдында бас июді міндетті рәсім ретінде түсінетін неміс авторының өз сөзі болуы да мүмкін. Бірақ құжаттағы өзекті мәселе Мұстафаның өз басқаруындағы “Түркістан Ұлттық Бірлігінің” өз мойнына ешбір жауапкершілікті алмағандығы, Германиямен қатынас орнатуы жөніндегі әңгімеде Түркістанның тәуелсіздігіне байланысты тақырыптың ғана қозғалғандығы анық.
1938 жылдың 21 наурызында А. Розенбергке жолданған қатынас қағазда: “Мені журналының көлемін ұлғайту және стипендиялар үшін қаражат көзін табу жөніндегі түркістандықтардың тілегін қанағаттандыру бағытында тиісті шаралар жүргізуге өкілеттік беруіңізді сұраймын” [9] делінеді. Бұл құжаттың авторы Г. Ляйббрандт екендігінде күмән жоқ.
Мұнан әрі қарай М. Шоқаймен “жұмыс істеу” немістердің сеніміне кірген Вели Каюмға тапсырылғанын оқиғалар логикасы дәлелдейді.
Мұстафаның В. Каюммен алғаш танысуы жөнінде Мария Шоқай былай деп жазады: “Күздің бір күні (1939 жылы. – К. Е.) таңертең жасы 20-лар шамасындағы қара торы, сүйкімді, оңтүстік адамдарға ұқсайтын бір жас жігіт келді. Мұстафа онымен өзбекше сөйлесті. Бұл жігіттің түркістандық екені, бірақ та Берлинде тұрып жатқаны белгілі болды. Мен ол туралы бұрын-соңды естімеген едім. Мұстафа да танымайтын. Бірақ өзінің қызметтес жолдастарынан Берлинде гестапода жұмыс істейтін бір бұхаралық өзбек жігіт бар екенін және оның Түркістан туралы немісше журнал шығарып жүргенін естіген болатын. Жолдастары Мұстафаға онымен жақын таныс болмағандарын, неміс милициясында істейтіндіктен одан біраз тартынғандықтарын айтып ескерткен еді” [10].
В. Каюм М. Шоқайға Берлинге шақырған тапсырмамен келеді.
В. Каюм 1904 жылы Ташкенттің Пышақшы махалласында, саудагер отбасында дүниеге келеді. Берлинде ауылшаруашылығы техникумын бітіріп, Германияда қалады. В. Каюм, Мария Шоқай көрсеткен уақытта емес, одан бұрынырақ М. Шоқаймен танысуға әрекеттер жасаған. Ол үшін өзіне куәлік алуға “Түркістан Ұлттық Бірлігі” атынан негіз боларлық құжаттың қажеттігі туралы “аңыз” (“легенда”) пайдаланылады. Әрине, “Түркістан Ұлттық Бірлігіне” мүше емес, ең бастысы, бұрыннан тексеріліп, тергелген, неміс полициясында қызмет істейтін адамға эмигранттық ұйымға Каюмның – Каюм екендігін растайтын қағаздың керек болғандығы үлкен күмән туғызады. Дегенмен М. Шоқай В. Каюмның өтінішін қанағаттандырып, Берлиндегі кеңсесіне нұсқау береді. 1939 жылдың 2 маусымында А. Оқтай М. Шоқайға “Вели Каюм үшін керекті куәлікті мұнда немісше жазып беретін болды” [11] деп хабар салады. В. Каюмнің “туысым (ағам) Оқтайдың ағасымен бірге өскен, әрі менің әулетім де саудагер әулетінен болғандықтан Тахир да, басқа жолдастар да жақсы біледі” деуіне қарағанда, “Яш Түркістан” журналына қатысты адамдар оған түгелге жуық таныс секілді.
В. Каюм 1939 жылдың 6 маусымында сұратқан құжатты алғандығын және “шексіз алғысын” айтып Мұстафаға хат жазады. “Құрметті мырза! Хатыңызды алып шексіз қуанышта болдым. Мен үшін қажет болған кепілдіктің берілуіне жол ашқаныңыз үшін көп құлдық” деп басталатын хатында В. Каюм қазақ қайраткері мүдделілік танытатын, яғни “Яш Түркістан” журналын қаржыландыруды жақсартып, оның көлемін ұлғайту жөнінде ұзын-сонар, патетикаға толы ұсыныстар жасайды. “Біздер өз арамызда ақша жиып, “Яш Түркістанның” көлемінің кеңейтілуіне үлес қосуымыз керек... Егер біздер әрқайсымыз ай сайын 10 маркадан берсек, ең аз дегенде 3 мың марка жинай аламыз. Бұл жағдайда “Яш Түркістан” үшін бір баспахана ашуға да мүмкіндік туады. Өз машинамыз болады. Онымен біраз іс атқаруға да жағдай жасалады. Өз тарапымыздан “Яш Түркістан” тарапынан баршамызды толғандырып жүрген мәселелер жөнінде кітаптар, материалдар шығарамыз, сөйтіп мойнымыздағы ұлттық борышымызды өтейміз деп түсінемін” дейді.
Хат мәтінінен В. Каюмнің ізгілікті мақсат тұтатыны, мақсат-мүдделерінің бірлігі, Мұстафаның ойынан шыққысы, сол арқылы оның көңіл-күйін өзіне бұрғысы келетіндігі анық сезіледі. Хат иесі “Яш Түркістан” редакциясындағы адамдармен, әсіресе, Тахирмен таныстығын айтып, М. Шоқайдың қызметі жөнінде сырттай жақсы хабардарлығын, “Түркістан үшін күрескен кез келген түркістандыққа үлкен құрметпен қарайтындығын” білдіреді. “Мен бұл әңгімелерді, әлбетте өзіңізді құрмет тұтқандықтан, қазірге дейін жасаған қызметіңізді білгеннен соң жазып отырмын” деп нығарлай түседі.
Осыған қарағанда В. Каюм Мұстафамен бұрын ұшыраспаған. Ол өзінің “ұлтшыл” жан екендігін сипаттай отырып, өзінің Еуропадағы баспаханаларда жұмыс істегенін, журнал шығарып келгенін, “үкіметтің арнайы және басқа да мекемелерінде таныстарының” барлығын айтады. “Бас қосу керектігі” жөнінде ықыласын сездіріп, “Еуропадағы жағдайдың қандай болары әзір беймәлім. Бірақ біздің ісіміз үшін жолдар бар. Уақыты келгенде, бәлкім, ауызба-ауыз сөйлесерміз” [12] деп, М. Шоқайды қызықтыра, дәмелендіре түсу ниетімен хатын аяқтайды. Мұнан В. Каюмнің фашистік Германияның билік орындарымен, ондағы лауазымды қызметкерлермен М. Шоқайды таныстыру ниеті барлығы, “түркістандық идеяны” осылармен байланысқа түсу арқылы жүзеге асырудың мүмкін екендігін білдіруі айқын аңғарылады. Тіпті, “Яш Түркістан” журналының таралымы мен көлемін ұлғайту жөніндегі пікірі де Г. Ляйббрандтың А. Розенбергке жазған қатынас қағазын еске түсіреді. Әрине, В. Каюм ол құжатпен таныса қоймаған болар, бірақ осы екеуінің бірінен ол М. Шоқайдың көңіл-күйін дөп басу үшін тиісті нұсқау алғанға ұқсайды.
Неге екені белгісіз, М. Шоқай В. Каюмге жауап беруге асықпайды, әдепкіде қандай хат-хабарға да бір-екі күн ішінде жауап жазуға отыратын ол бұл жолы ондай іждағаттық танытпайды. Осы себепті 1939 жылдың 24 маусымында В. Каюм оған тағы бір хат жолдайды. “Қайсы күні Сізге ұзақ хат жазып, уақытыңызды алған едім. Енді бүгін тағы бір өтінішпен назарыңызды аударуға мәжбүр болдым. Менің осында орналасқаным Сізге мәлім болса керек. Әйткенмен жаңа тұрмысқа кірігу үшін де қолда біраз қағаздар болуы қажет екен... Сізден көптен-көп қиылып өтінерім – “Түркістан Ұлттық Бірлігінен” немесе “Яш Түркістан” атынан маған төмендегідей мазмұнда бір қағаз жіберсеңіз екен. “Вели Каюм Әлімхан оғлы – Ташкентте 1904 жылы 15 шілдеде туған түркістандық түрік. Бүтін әулеті (анасы, атасы, бабасы) – түркістандық таза түріктер және ислам дініндегілер” [13] делінеді бұл жолы.
“Менің осында орналасқаным Сізге мәлім болса керек” деген В. Каюм сөзінің не туралы екені, жұмыс орнын ауыстырғаны, не мекенжайының өзгергені белгісіз. Хатта бұрынғыдай “ұлттық парыз” жайлы ағыл-тегіл сөз тіркестері ұшыраспайды, Каюм оның тек “мәжбүрліктен” жазылғандығын еске салады. Тым артық жазып, шошындырып алдым ба деген ой хаттың қоңырқайлау құрастырылған мәтінінен де байқалады. Мұның өзі де, В. Каюмнің бұл жолдамасы да Германияның үгіт-насихат бөліміндегі кәнігі қызметкерлердің ақыл-кеңесімен жазылған деген ойға итермелейді.
А. Оқтаймен, Т. Шағатаймен жазысқан хаттарына қарағанда М. Шоқай 1938–1939 жылдары В. Каюммен кездесу түгілі, жалпы Берлинге барудан қашқақтаған сыңай танытады. А. Оқтай 1939 жылдың 7 ақпанында “көптен бері Берлинге келмедіңіз, осы айдың аяғына қарай келсеңіз еді” деп М. Шоқайға хат жазады.
Осы өтініш бойынша ма, әлде басқа жағдаймен бе, Мұстафа сәуір айында Берлинге барып қайтады. 20 сәуірде А. И. Чхенкелиге хат жазып, оған сапар барысы жөнінде хабарлайды. “Жақында Берлиннен оралдым. Онда біршама адамдармен кездестім, маңызды, елеулі көп нәрселер естідім... Немістерге мені “масон” деп жеткізіпті, осыған байланысты жағымсыз жағдайлар туындап, біршама күрделі мәселелерді бастан кешіруге тура келді” [14] дейді.
М. Шоқай түркістандықтардың әзірбайжан, грузин, украин халықтарының эмигранттық ұйымдарымен ынтымақтастығы туралы пікірін немістердің алдында да қорғайды. Олардың грузиндерді “меньшевиктер” деп айыптауларына былайша уәж айтады: “Грузин меньшевиктеріндегі “марксизмнің” сапасы мен ерекшелігі туралы мәселе біздерді – кавказдық еместерді қызықтырмайды және қызықтыруы мүмкін де емес. Біз олардың ІІ Интернационалға қатысып отырғанын білеміз. Бірақ олар онда “нақты” бір ойлармен бе, басқа себептер бойынша отыр ма, бұл да бізді қызықтырмайды және қызықтыруы мүмкін емес. Кавказдық емес біздер үшін грузин меньшевиктерінің өз елінің және Кавказдың тәуелсіздігі үшін күрескер болып табылатындығы, олардың кеңестік Ресей мен Ресей империализміне қарсы күрес жүргізетіні маңызды. Одан артық олардан талап етуге біз де, басқа ешкім де (ойлаймын, оның ішінде сіздер – немістер де) бара алмайды және ондай құқығы жоқ” [15].
М. Шоқай немістерге ешкімнің сыртынан ешқандай мәлімет бермейді; бұл әңгіменің кіммен болғандығын, құпия еместігін бұрында да, осы барғанында да Розенбергті “жақыннан да, алыстан да” көрмегендігін айтады. Айтып отырғандарымның “дәлдігін ол немістен тексеруіңізге болады, оның мекенжайын саған бере аламын” дейді Чхенкелиге. Осыған қарағанда М. Шоқайдың кездесіп әңгімелескен адамы неміс билік иерархиясының жоғары, тіпті орта басқышында да тұрмаған секілді. Осы сапары барысында Мұстафа серіктерімен өз денсаулығы жайында сөйлеседі. А. Оқтайдың оған 2 мамырда жазған хатында: “Сіздің жалпы дәрігерлік тексеруден өту үшін май айының бас кезінде Берлинде болуыңыз жөнінде сөйлескен едік қой. Сіз ақша мәселесі туралы айтасыз. Сіздің денсаулығыңыз қандай мәселеден болсын оқшау тұр... Қолымдағы сақтық қорға арналған нәрселерден және мүмкіндікке қарай басқа да жобасын келтірерміз” [16] делінеді.
Т. Шағатай да “Француз лабораториясының қорытындылары мен дәрігерлерінің сөздеріне құлақ асыңыз” [17] деп өтінеді.
Мұстафаның денсаулығының сыр бере бастағаны 1939 жылдың көктеміне қарай белгілі болып, Түркиядан, Германиядан, Ауғанстаннан оның көңілін сұраған хаттар түсе бастайды.
Маусым айында Т. Шағатай, ең болмаса, жұмыс жағдайымен “Берлинге бір келіп кетсеңіз жақсы болар еді” [18] деп қолқалайды. Мұстафа мұнан кейінгі уақытта да, тіпті емделуге де аяқ баспайды.
1939 жылдың 23 тамызында “Бір-біріне шабуыл жасаспау жөніндегі” совет-герман келісіміне қол қойылады. Бұл жағдай Германиядағы Кеңес Одағынан шыққан эмигранттардың жағдайын қиындата түседі. Сол жылдың 25 қазанында гестапоның шефі Г. Мюллер эмигранттық ұйымдар мен оның жетекшілерін қатаң бақылауға алу жөнінде бұйрық береді. Екінші Дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты гестапода эмигранттық ұйымдарға кеңес тыңшыларының ұясы деп қараған көзқарас үстем болады. “Яш Түркістан” журналы жабылып, А. Оқтай мен Т. Шағатай Түркияға қоныс аударғаннан кейін М. Шоқайды түрлі мазасыз ойлар қаумалайды. Түркістан мәселесі жөнінде Германияның лауазымды адамдарымен бір шешімге келе алмаушылық, дәрменсіздік, жаңа жағдайда өзінің саяси ұстанымын анықтай алмаушылық оны абыржушылыққа салады. Мұстафаның осы кездегі көңіл-күйі туралы әйелі Мария былай дейді: “Мен (М. Шоқай. – К. Е.) өзім де Түркістаннан келген әскерлермен кездесіп сөйлескім келеді. Туған жерімдегі халқымның рухани ахуалы туралы жазғандарым дұрыс па, бұрыс па – соны білгім келеді. Мен қазір олардан алыстамын. Айтып отырған жорамалдарымды да советтік баспада жарияланған материалдарға сүйеніп айтып отырмын... Мына соғыс кезінде мен үнсіз дене ғанамын. Қиялым таусылып біткен. Мен шаршадым. Егер осылай жалғаса беретін болса, жынданып кетуім ғажап емес” [19]. Ол “саяси оқиғалардың шешімін табу үшін көп ойланады, тарихты беріліп оқиды”. Бірақ ол фашистік Германияға қызмет етуді барып тұрған азғындық деп есептейді. Оған дәлел ретінде мына құжатты келтірейік. Ғайыптан тайып М. Шоқайдың қолына 1939 жылдың 1 қыркүйегінде жазылған грузин “колониясының” төрағасы А. Кизирияның үндеуінің мәтіні түседі. Осы құжатты сол күйінде келтірейік:
“В тяжелый текущий момент, переживаемый страной, где мы более 18-ти лет нашли убежище и пользуемся всеми благами, в задачу каждого грузина входит своим поведением и действием доказать, что он, пользуясь всеми правами и добрым отношением в этой великой стране, готов нести все обязанности и идти на жертвы, которые ему продиктует момент. Помните, сородичи, что в 918-ом году, когда в нашу страну вторглись турки в войне против них на Нотанебском фронте вместе с грузинскими войсками сражались войска могущественной Германии для защиты территории нашей Родины.
Пожелаем победы германской нации и его Вождю.
Председатель грузинской колонии А. Кизирия.
1 сентября 1939 г”.
А. Кизирияның барлық жерлестерін фашистік Германияға қызмет етуге шақырған үндеуін қаншалықты жеккөрініштілікпен қабылдағаны мәтіннің жоғарыдағы сол жақ бұрышына М. Шоқайдың “Отвратительное Сталина отродье!” [20] деп қара қарындашпен жазған ескертуінен айқын көрінеді.
1939 жылы Германияның сыртқы істер министрлігінде эмигранттар жөнінде гестаподан өзгеше көзқарас қалыптаса бастайды. Мұнда оккупацияланған елдермен шұғылданатын Шығыс министрлігі (Ostmіnіsterum) құрылады. М. Шоқайдың келесі жолы Берлинде болуын неміс командованиесінің эмигранттық топтарды соғыс мүддесіне орай пайдалану ниетімен түсіндіру шындыққа қайшы келмейтін сияқты. 1940 жылдың күзінде В. Каюм Париждегі М. Шоқайға Г. фон Менденің Берлин университеті жанындағы Шығыс институтына қызметке шақырған сәлемін жеткізеді [21]. Бірақ Мұстафа В. Каюмге еріп жүре бермей, Г. фон Мендеге хат жазады. Неміс профессорының өзінен тікелей хат алғаннан кейін ғана ол Берлинде бір аптадай болып қайтады. Бірақ Мұстафаның кімдермен кездескендігі, не бітіргені белгісіз. Осы кезеңдегі оқиғаларды сараптай келіп, немістердің М. Шоқайды біржолата сенімсіздер қатарына қосқаны жөнінде тұжырым жасауға болады. Себебі 1941 жылы 22 маусымда Кеңес Одағына қарсы соғыс басталған күні немістер Мұстафаны тұтқынға алып, үш аптадай Компьен концлагерінде ұстайды. Кейбір зерттеушілердің Мұстафаны бір жылдай тұтқынға отырды [22] деуі қателік, немістер оны шамамен шілде айының ортасында босатып, үйіне жібереді. Екі күнге ғана үйінде болуға рұқсат алған М. Шоқай Германияға жүруге дайындалады. Онда “тұтқындағы отандастарымның хаттарын аударуым керек, уақытым өте тығыз. Бұдан басқа тағы бір нәрсе жазуым керек... Маған радиода сөз сөйлеуге ұсыныс жасалды, бірақ мен түркістандық тұтқындармен әзірше кездеспейтінімді, радио арқылы оларға ештеңе айтпайтынымды кесіп айттым... Хабарласып тұруым үшін уәкіл Каюм сарайының адресін беріп, ашық хаттар жазып тұруымды өтінді” деген Мұстафа мен әйелінің арасында болған сөздерді саралап көргенде, Шығыс министрлігі мен М. Шоқай арасында, мүмкін, В. Каюмның қатысуымен бір уағдаластыққа қол жеткізілген. Оның негізгі түйіні – соғыс тұтқындарымен жұмыс істеуге қажетті адамдар тізіміне М. Шоқайдың да енгізілуі.
Сыртқы істер министрлігінде эмигранттық топтардың жетекшілері жөнінде ақпараттық материалдар жинастырылады. 1941 жылдың 25 маусымында Бірінші дүниежүзілік соғыстан бері Германияда тұратын, 1939 жылдың мамыр айынан Германияның Үгіт-насихат министрлігінде істейтін Әлімжан Идрисиге түрік халықтарының эмиграциядағы барлық жетекшілеріне анықтама жазу тапсырылады. Ол Г. Исхаки, М.-Э. Расул-Заде, Абдул-Ғани Осман, А.-З. Валиди, М. Шоқайдың барлығына да “күдікті” “Прометей” ұйымымен байланысты “жікшілдер” деген сипаттама береді [23]. 1941 жылы 13 тамызда Германияның Түркиядағы елшісі Франц фон Папен Сыртқы істер министрлігіне “Түркістан Ұлттық Бірлігі” туралы мәліметтер жинап, оның Орталық Комитеті құрамына Ахмед Қарадағлы, Азам Оғыз, Тахир Шағатай, А.З. Валиди, Халим Сабит, М. Шоқай кіретіндігін, оның белсенді мүшелері қатарында Илхан Мұсақайды, Кади Рашид Ибрагим, Осман Тоқымбет, Әлімжан Идрисиді атауға болатындығын хабарлайды.
1941 жылы 5 қыркүйекте Ә. Идриси келесі “мінездемесінде” М. Шоқайды “поляк-еврей марксизмінің” жақтаушысы, “жартылай орыс”, “бүгінгі Германияның жауы” деп суреттейді. Бүгінгі Герман Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Саяси мұрағатында кеңесші фон Хентингтің (1941 ж. 25 ақпан), дипломат Рудольф Надольнийдің (1941 ж. 24 қараша) түрік мұғажырларының жетекшілеріне, олардың ішінде М. Шоқайға берген “мінездемелері” ұшырасады.
Сайып келгенде М. Шоқай жөнінде оң көзқарастың қалыптасуы Шығыс министрлігіне профессор Герхард фон Менденің қызметке тағайындалуына байланысты болуы керек. 1941 жылдың 17 шілдесінде азаматтық мекеме ретінде құрылған бұл министрлік “Саясат”, “Басқару” және “Экономика” деген үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімді А. Розенбергтің ескі танысы Г. Ляйб
бранд басқарады. Оның құрамындағы Еділ бойының, Орта Азия және Кавказдың түрік-мұсылман халықтары қамтылатын құрылымын фон Менде басқарады.
Ақырында неміс басшылығы түрік эмиграциясының жетекшісі М. Шоқайдың беделіне иек артуға бекінеді. М. Шоқайды немістер Берлинге шілде айының бас кезінде алып келеді (кейбір авторлардың көрсетуінше, шілденің ортасында емес). Франциядағы мұрағаттық қорында Мұстафаның осы кезден қайтыс боларына дейінгі қызметі жөнінде өзі машинкаға басқан тоғыз беттік құжат бар [24]. Құжат Мұстафаның не мақсатпен Берлинге әкелінгені жөніндегі жоғарыда айтылған Мария Шоқайдың сөздерін растайды. “Шілде айының (1941) алғашқы күндерінде, Парижден Берлинге аттанардың алдында, маған Түркістанға арнап сөз сөйлеу ұсынылды” деп бастап, осыдан соң ашықтан-ашық мұндай қадамға баруға бата алмағандығының екі себепке байланысты болғандығын, ең бастысы 22 жыл бойы (1919 ж. Қазақстаннан кетуінен бастайды. – К. Е.) жырақта жүргендіктен елдегі жағдайдан бейхабарлығын, бұрынғы көрнекті интеллигенция өкілдерінен құтылғаннан кейін большевиктердің жас түркістандықтарды өзінше “тәрбиелеп” шығарғанын, сондықтан соңғыларының, жалпы халықтың кеңестік өзгерістерге қалай қарайтынын, жаңа жағдайда күресті жалғастыру туралы үндеуді қалай қабылдайтынын білгісі келгендігін айтады.
Мұстафаның микрофон алдына шығудан бас тартуы осы жағдайлардан туындайды. Сонымен бірге алғашқы айларда майданнан жеткен хабарларда соңғы жауынгеріне дейін аса қаһармандықпен соғысып жатқан қазақ, өзбек бөлімдері туралы айтылатыны М. Шоқайдың большевиктер түркістандықтардың бойына өз “уын” дарытып үлгерді ме деген күдігін қоюлата түседі. Бұл сұрақтардың барлығына жауапты М. Шоқай түркістандық тұтқындармен кездесіп, сөйлесуден іздейді.
Шығыс министрлігінің тапсырмаларына тартылуының бір себебі – М. Шоқайдың беделінің жоғарылығында деп ойлайды А. Темір. Немістердің концлагерлерін бірге аралаған ол бұл жөнінде: “Неміс әскерлері ірі жеңістерге жетіп, Еділ мен Кавказға жақындағанда Кеңестік Азия бөлігінде, яғни Түркістанда танымал, эмиграцияда жүргенде де ұлттық істермен айналысып жүрген адамдар арасынан бір саяси жетекшіні іздей бастады. Германия үкіметі сол кезде көбіне Түркияда эмиграцияда жүрген Идель-Урал, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Өзбекстан, қазақ, қырғыз және Шығыс Түркістанның зиялы көсемдерімен жолығуды қажетсінбей, өздері басып алған Парижде тұрып жатқан М. Шоқаймен сөйлесуді жеткілікті санайды” [25] деп жазады.
1941 жылдың тамызында тұтқындардың көңіл-күйін, ұлттық құрамын, санын анықтау үшін 600 адамнан тұратын 25 комиссия құрылады. М. Шоқайға “түркістандық комиссияға” жетекшілік ету жүктеледі, ол В. Каюмді өзінің тілмашы және адъютанты ретінде таңдап алады [26]. Тұтқындармен кездесуге эмиграциядағы басқа ұлт өкілдеріне де рұқсат беріледі.
М. Шоқайдың тұтқындармен кездесу жөніндегі шешімін баяндауда әдебиетте түрлі бұрмалаушылықтарға орын беріліп келеді. Ол алғашқы кезде лагерьлердегі түркістандықтарға барып сөйлесерінде алдына олардың жағдайын жақсартуды бірден-бір мақсаты ретінде қоймаған. Себебі Мұстафа өздерін аса мәдениетті халық есептейтін немістердің тұтқындарға жаман қарауы мүмкін емес деген сенімде болатын.
Өзінің соңғы жазбасында да Мұстафа өмір шындығына орай қызмет ететін, мақсатқа жету жолында елес қумайтын саясаткер екендігін байқатады. Егер лагерьлердегі түркістандықтармен жолығысқан уақытта олардың тарапынан Кеңес өкіметін жақтаған әңгімелердің куәсі болса, М. Шоқайдың қандай ұстанымдарға иек артатыны белгісіз. Бірақ жағдай керісінше болады да, олардың большевиктердің де, Германияның да жағында емес екендігі, өздерінің және өз халқының тағдыр-талайы көбірек толғандыратыны анықталады.
Мұстафаның өзі де осы ұстанымда қалады, Кеңестерге қарсы болудың немістер жағына шығу еместігін білдіреді.
Түркістандық тұтқындармен кездесу жөніндегі тілегін М. Шоқай Парижде тұрған кезінде білдіргенін, оған рұқсатты герман жоғары командованиесінің бергенін [27] ескертеді. Яғни М. Шоқайдың немістермен келіссөзі Компьен лагерінде басталады. Мұстафа лагерьлерді аралау тамыздың соңынан қарашаның бас кезіне дейін жалғасып, он мыңдаған жерлестеріммен кездестім деп көрсетеді. Оның желтоқсан айында да тұтқын лагерьлерінде болғанын ескерсек, бұл құжат қараша айының бірінші жартысында жазылғанға ұқсайды.
26 тамызда штурмбанфюрер Гейбельдің басшылығымен Берлиннен Ганновер бағытында жолға шыққан комиссия құрамындағы Мұстафаны жоғарыда сөз болған мәселелер ғана толғандырады. “Шынымды айтайын, лагерьлерде тұтқындардың орналасуы мен үшін “екінші қатарда” болды, өйткені Германияда олар біршама дұрыс орналасқан болуы тиіс деп жорамалдадым. Тұтқындармен алғашқы жүздескен кезде-ақ менің бұл үмітімнің күлі көкке ұшты” [28] дейді ол.
Міне, осыдан кейін ғана тұтқындардың жағдайына байланысты мәселе М. Шоқайдың жоспарында алдыңғы орынға шығады. Түркістандықтардың азапты жағдайда тұрып жатқанын көзімен көргеннен кейін, оларға көмек беру жолдарын іздестіреді.
Түркістандық тұтқындар Простакан, Эбендорд, Пагеген, Дембица, Сувалки, Деба, Ярослау, Дебис, Лемберг және тағы басқа лагерьлерде шоғырланады. Тұтқындардың әңгімелері мен арыз-шағымдарынан мұсылман халықтарының Кеңес өкіметі жүргізген өзгерістерді, оның ұлттық саясатын қабылдамағаны жөнінде тұжырымға келеді. “Дала жартылай өлді, кеңес диктатурасына дейін ондағы 6 млн 600 мың қазақтан 3 млн ғана жан қалды. Тарихта бұрын-соңды болып көрмеген мұндай ұлттық қасіреттің алдында менің отбасымның, туыстарымның қазасы... сол үш миллион шейіттің бір тамшысы ғана” [29] деп жазады М. Шоқай.
Мұстафа бұрынғыдан да бетер қарқынмен Түркістанға орыстардың қоныс аударуы, қала халқының санының славяндардың есебінен өсіп жатқандығы, Ташкентте 1917 жылға дейін 60 мың орыс тұрса, одан кейінгі жиырма жыл ішінде оның санының 600 мыңға жеткені, Қарағанды тұрғындарын да негізінен орыстардың құрайтыны, жергілікті халықтың өзі де Кеңес өкіметінің “меншігіне”, яғни басыбайлы құлына айналғаны жөнінде жеткілікті мағлұматтар алады. Тұтқындар Мұстафаға әскери дайындық түгіл, мылтық та ұстай білмейтіндерді де қан майданның өтіне айдап салғанын, араларында мектеп оқушыларының да барлығын, түркістандықтардың көбінің майданға қарусыз кіргендіктерін айтып береді. Жалпы алғанда, Мұстафа өз көзқарасы мен саяси ұстанымының, Түркістанның дербестігі үшін күресінің мақсат-мүддесі мен міндеттерін анықтаудағы ой-пікірлерінің дұрыстығына толық көзі жетеді. М. Шоқай тұтқындар лагерьлеріндегі немістердің түркістандықтарға көрсетіп отырған айуандық іс-әрекеттерін көргеннен кейін терең жан күйзелісіне ұшырайды. Мария Шоқай күйеуінің мынадай сұмдыққа шыдай алмай, жүрегінің қан жылағанын, ашына да күйіне өзіне хат жазғанын айтады. Оның бүкіл болмысын тағдыр қатыгездігіне ұшыраған мыңдаған жерлестерін апаттан құтқару, оларға қол ұшын беру жөніндегі ой ғана мазалайды.
1941 жылдың қазан айында тұтқындардың адам төзгісіз жағдайы жөнінде В. Каюмге хат жолдап [30], оны ешкімге көрсетпеуді тапсырады. Хат Мұстафаның 7–28 қазанда А. Темірмен бірге Польша жеріндегі тұтқындар лагерьлерін аралап келгеннен кейін жазылған болуы тиіс.
М. Шоқаймен бірге болған В. Каюмнің өзі де Сувалки лагеріндегі бұл жағдайды білетін. Азғана уақыттың ішінде 40 мың тұтқыннан 25 мыңы ғана қалады. Өзі де адамгершілік қасиетін аяққа таптаушылықтың куәсі болады. 20 қазан күні А. Темірмен бірге өздері тұрған барақтан офицерлер казиносына келе жатқанында “маған жол бермедің!” деп, қарсы келген неміс Мұстафаны соққыға жығады.
Немістердің осы секілді жабайы қылықтарын баяндай келіп, олардың “азиялық варварларды” Батыс өркениетіне қалай үйрететінін әшкерелейді. Бірақ бізге Түркістан тәуелсіздігі үшін күресімізді жалғастырудан басқа жол жоқ деп түйіндейді.
Түркістандықтардың жағдайы жөнінде немістердің әкімшілік орындарына шағымданып, ХХ ғасырдағы сіздердің әрекеттеріңіз ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның жасаған ісінен асып түсті деп көрсетеді. Сонымен В. Каюмге жазған хат мәтініне, тұтқындардың жағдайы жөніндегі пікірлеріне қарағанда, М. Шоқай фашистік Германияны гуманистік принциптерге негізделген, оған қызмет істейтіндей мемлекет деп есептемейді. Көзбен көрген, білген-түйген фактілердің барлығы ол ұстанған демократиялық, гуманистік принциптерге қайшы келеді. “В. Каюмге сенгеннің өзінде де, басын осынша қатерге тігіп хат жазуының себебі неде?” деген сұрақ та әлі күнге жауапсыз қалуда. “Қымбатты Вали! Бұл жолдарды жеке өзіңіз үшін ғана жазып отырмын, өте құпия ұстауыңызды сұраймын. Хат мазмұнымен біздің достарымыздың ішінен қызмет бабына байланысты жақын да сенімді қарым-қатынастағыларды, оның өзінде де олар қызығушылық танытқан жағдайда ғана, таныстыруыңызға болады... Басқа жағдайдың барлығында хат өте құпия болуы тиіс.
Вали, есіңізде ұстаңыз, мұнда жазылғандар сіз үшін ғана” делінеді.
Хаттың көшірмесі М. Шоқайдың Париждегі жеке мұрағат қорында сақталған. Құжаттың бұрыштамасында “П-4” [31] деген белгі бар, оның құпиясы да бізге белгісіз.
Тұтқындардың жағдайын өзі де жақсы білетін В. Каюмге хат жазудың бір ғана себебі бар. Ол – М. Шоқайды мұндай іске В. Каюмнің өзі ойыстырған жағдайда ғана мүмкін болуы тиіс.
М. Шоқай әйеліне жазған соңғы хатында: “Түркістандық тұтқындармен кездесуім көп нәрсені өзгертті. Тұтқындар арасынан жақын туысымды да тауып алдым. Үйге келген соң оны қасыма алуға тырысамын. Менің жоғары орындарға жазған хатым жақсы әсер еткен сияқты... Тезірек, қалайда карантинге жауып тастамай тұрғанда құтылып шығуым керек” [32] дейді.
Алайда Мұстафа карантинге түсіп, одан босап шыққанымен, Берлин ауруханасында, неміс медиктерінің қорытындысы бойынша, сүзекпен ауырып, 1941 жылдың 27 желтоқсанында қайтыс болады.
Екі-үш айдың ішінде ол қыруар жұмыс атқарады, жүздеген түркістандық тұтқындардың жағдайын жақсартуға көмектеседі. 1941 жылдың 9 қарашасында 80 түркістандық тұтқынның тізімін жасайды, олар мамандықтар алу үшін Люкенвальд (Luckenwalde) қаласына жіберіледі [33].
Тұтқын лагерінде М. Шоқаймен желтоқсан айының бас кезінде ұшырасқан Ғ. Бейісов: “Ұлы адам (М. Шоқай. – К. Е.) келіп, кейін түркі тілдес тұтқындардың жағдайы біртіндеп жақсара бастады. Бізді Варшавадан 20 шақырым жердегі Логинова лагеріне жеткізді. Киімімізді ауыстырып, жуынып-шайынып алдық” деп көрсетеді.
Зерттеушілерді М. Шоқайдың немістермен қарым-қатынасы қандай сипатта өрбігені көбірек мазалайды. Оның “Түркістан легионына” қатысының жоқтығы айдан анық.
1941 жылдың желтоқсан айының басында А. Розенберг Гитлерге түркі халықтары тұтқындарынан тұратын легиондар құру жоспарын ұсынады, оны Гитлер қолдағаннан кейін, 22 желтоқсанда Вермахт командованиесі ондай құрылымдар жасақтау жөнінде бұйрық береді [34].
Мұстафа тұтқындармен әңгімелерінде олардың Кеңес Одағына қарсы соғысуы жөнінде аузына да алмайды. Желтоқсанның бас кезінде Логинова концлагерінде кездесуін еске алып, Ғ. Бейісов Мұстафа “легионға кіресіңдер ме, кіргілерің келе ме?” деп бірауыз сөз қозғаған емес” [35] дейді.
Германияның “Саяси мұрағатындағы” (“Polіstіsches Archіv”) Түркістан легионының құрылуына қатысты 1941–1942 жылдардағы бұйрықтарда, есепті баяндамалар, анықтамалықтар т. б. құжаттарда да М. Шоқай есімі мүлде аталмайды [36]. Тек мұрағатта “Кавказ халықтарының штабында” 1941 жылдың 1 қазанында “Империя мүддесіне орай әскери тұтқындардың лагерлерін аралау үшін генерал-губернаторствоға (бұрынғы Польша) бара жатқан Мұстафа Шоқай мырзаға бір қысқы пальто, бір пуловер, екі көйлек, екі ішкиім, бір пар ботинка алу үшін тиісті карточка берілсін” [37] деген секілді интенданттық сипаттағы құжаттар ғана ұшырасады.
Немістер М. Шоқайды сенімді адамдар қатарына қоспайды, оған келетін хат-хабарлар іждағатты тексеруден өтеді. А. Оқтайдың 1941 жылдың 11 қазанында Истанбұлдан жазған хатын Мұстафа 18 қарашада ғана алады [38]. Мұстафа жөнінде немістерде түпкілікті оңды көзқарастың орнамауына эмигранттық топтардың арасындағы алауыздықтар, Ә. Идриси мен В. Каюмнің оны немістерге жамандауы да әсер етеді. 1941 жылдың 10 қазанында Германия Сыртқы істер министрлігінде тұраншылдық қозғалысына жауапты ретінде араб және мұсылман дүниесінің білгірі Вернер Отто фон Хентинг тағайындалады. Ол түрік эмиграциясы жөніндегі мәселе бойынша Ә. Идрисиге сенім артады [39]. Империя қауіпсіздігі Бас басқармасы, Берлиндегі НСДАП ұйымы В. Каюмге қандай да бір күдіктен тыс екендігі жөнінде А. Розенбергтің ведомствосына анықтама береді. Каюм-хан азаматтық ведомствода істесе де, өкімет оған ең жоғары разрядтағы карточкамен нан, ет, май және басқа да тамақ өнімдерін алып тұруға “қамқорлық” көрсетеді [40]. Ол өзінің Берлиндегі жеке үйінде (Кайзераллее, 69) тұрып жатса, М. Шоқай қаладағы Хайуанаттар паркі жанындағы Орталық пансионға орналастырылады.
М. Шоқай қайтыс болғаннан кейін құрылған Түркістан Ұлттық Комитетінің төрағасы В. Каюмді 1943 жылдың ақпанында граф фон дер Шуленберг құттықтайды.
Ал, М. Шоқайға жала жабушылық, оның беделін көре алмаушылық ол дүниеден озғаннан кейін де жалғасады. “Шоқаев Милюковтың еврей газетінде істеді”, “Шоқаев жыл сайын Лондонға барып, көмек алып тұрды”, “Шоқаев еврейлердің көмегімен Германиядағы қазіргі режимге қарсы үгіт жүргізді және оның жауы болды” деген өсек-аяңдар газет бетінде де жарық көріп, олар тіпті неміс тіліне аударылып, Шығыс министрлігінің қызметкерлері Г. Барон Лудон, Рейтенбах дегендердің тексеруіне беріледі [41]. Дегенмен 1941 жылдың 1 желтоқсанында Шығыс министрлігі Империялық қауіпсіздіктің бас бөліміне оккупацияланған шығыс облыстарына М. Шоқайды жіберу жөнінде “қандай да бір күдік бар ма” деп сұрау салады [42]. А. Розенберг 1942 жылдың 10 қаңтарында “күдікті жағдай белгісіз”, бірақ М. Шоқай 1941 жылдың желтоқсанында қайтыс болды деген жауап алады.
Отандық зерттеушілердің көпшілігі М. Шоқайдың қазасына А. Розенбергтің тұтқындарды әскери және саяси мақсатта қолдану жоспарымен келіспеушілік себепкер болды деп есептейді. Шығыс министрлігіндегілер, бір жағынан, тұтқындардан “Татар легионы”, “Түркістан легионы”, “Кавказ легионы” секілді жасақтар құрумен, екінші жағынан, болашақта Ресейдің саяси бөлшектенуі жөніндегі жоспар жасаумен айналысады. Ол жоспар бойынша, Ресейдің еуропалық бөлігінде соғыста жеңгеннен кейін азиялық бөлігін соғыс қимылдарынсыз жергілікті халықтың билігіне тапсыру көзделеді. М. Шоқай болса лагерьлерден тұтқындарды босатып, шаруашылық жұмыстарға пайдалануды, мамандықтарға үйретуді, ақыр аяғында, олардан құрылған жасақтардан болашақта тәуелсіз Түркістанның қарулы күштерінің ядросын құруды ұсынады.
Ұлттық Қауіпсіздік комитеті мұрағатының материалдары негізінде А. Кәкен М. Шоқай А. Розенбергтің алдына екі шарт қояды, олардың біріншісі – немістердің көмегімен болашақ Түркістан мемлекетінің кадрларын дайындау; екіншісі – тұтқынға түскен жауынгерлерден әскери бөлімшелер ұйымдастырып, оларды Орта Азия республикаларының шекарасына жеткенше Қызыл Армияға қарсы пайдаланбау [43] дейді.
Соғыс тұтқындары Әйткеш Толғанбаев пен Мұхаметқали Батыркереевтің айтуларына қарағанда да, М. Шоқай немістерге шын ниетімен қызмет істемеген, Түркістан легионын құруға келісім бергенімен, оны өз мақсатында пайдалануды ойлаған.
Б. Хаит М. Шоқайдың қазасынан кейін көп ұзамай жазған бір мақаласында оның соғыс тұтқындары лагерьлеріне баруының астарында түркістандықтарды ауыр жағдайдан құтқару мақсаты болды [44] дейді. Бірақ біздің жоғарыда көрсеткеніміздей, алғашқы кезде Мұстафа ондай мақсатты көздемеген.
Ғ. Бейісов М. Шоқайдың кезінде түркістандық тұтқындарды қалай пайдалану жөнінде реферат жазғандығын және онымен Вермахттың полковнигі фон Мронговиюстен алып танысқандығын айтады. Осы жерде Мұстафаның Компьен лагерінен босап, бір-екі күнге үйіне келгенде Берлинге барғаннан кейін “тағы бір нәрсе жазамын” деген сөзі еске түседі. Рефератты М. Шоқай Берлинге келгеннен кейін шілде-тамыз айларында жазып, ол А. Розенбергке табыс етілген болуы керек. Осы рефераттан есінде қалғандарын Ғ. Бейісов былай деп баяндайды:
1) Түркістан комитетін ұйымдастыру;
2) Түркістан қарулы күштерін құру;
3) сарбаздарын тұтқынға түскен еріктілерден топтастыру;
4) тұтқындар ішінен әскерге жарамайтындарын Алманияның зауыт, фабрикаларында ерікті азамат ретінде пайдалану;
5) Түркістандық тұтқындардың үй болып кетуіне тыйым салмау;
6) Үкімет тарапынан бірнеше жылға кесіп қарыз беру;
7) Түркістан командирлер курсын ашу;
8) Түркістан солдаттарының құқын неміс солдаттарының құқымен теңестіру;
9) Түркістан ұлттық баспасөзін ұйымдастыру;
10) келешек Түркістанның дипломатиялық кадрларын осы бастан Алман жоғары оқу орындарында оқытып, үйрете беру;
11) Түркістан солдаттарын шығыс майданға жібермеу. Орыс жері Түркістан жері емес екенін ескеру. Түркістандықтарға өз Отанының шекарасына барғанда ғана майданға кіруге рұқсат беру, т. с. с. [45].
Ғ. Бейісов реферат, негізінен, Түркістан жерінің тарихына арналған, көлемі 70–80 парақтай, неміс, қазақ, орыс тілдерінде жазылған дейді. Рефератты Ғ. Бейісовке беріп жатып, неміс полковнигі “Бұл дәптер өз уәзифасын аяқтап шықты. Бұл жоба рейхсгауляйтердің өзін де кезінде ашуландырып алған” деп ескертеді.
Жобамен таныс адамның бірі Ә. Идриси немістер рефератты қажетсінбеді, оларға тек Мұстафаның атағы ғана керек болды; “Түркістан сіздермен қарулас болмайды. Түркістан солдаттары мен неміс солдаттары тең құқылы болса ғана қолдарына қару алады” деген сөздері әлі есімде” [46] дейді Ғ. Бейісовпен кездескен кезінде. Ә. Идриси М. Шоқайдың “бір құлдықтан шығып, екінші құлдыққа түсе алмайтындығы” жөніндегі сөздерін еске алып, оның өлімі немістерден келмеді ме екен деген жорамалын жасырмайды. “Немістер ұлы адамның ақылдылығынан бұрын, өлімнен де қорықпайтын бірбеткей адам екендігінен қауіптенді. Ол кісіні еш нәрсе қызықтыра алмайтынын білді. Сатып тағы ала алмайтын болғасын, кім білген, “сүзек жұқты” деген күмән туады... Сүзекті емдеп жазатын вакцина, препараттар жоқ дегенге кім нанады” [47] дейді Идриси. Ол да Мұстафаның алдына қойған мақсатын тұтқындағы мыңдаған түркістандықтарды аман алып қалу, оларды кеңес әскерлерімен соғысқа жібермей, уақыт өткізу деп бағалайды.
М. Шоқайдың “Түркістан легионын” құруға, немесе Кеңес Одағына қарсы бағытталған қандай да болсын барлаушылық-диверсиялық әрекеттерге қатысының жоқтығы соғыстан кейінгі жылдары оған жүргізілген тексеру-тергеу барыстарында толық анықталды. 1948 жылдың 18 маусымында КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігі өзінің Берлиндегі 4-оперативтік секторының 2-бөліміне М. Шоқайға байланысты “Наличие компрометирующих материалов” деген құпия түрде сұрау салады. Осы тапсырма бойынша жаңағы құрылым “Берлиннің СВ оперативтік-анықтамалық картотекасында ондай мағлұматтар жоқ” [48] деп жауап береді. Олай болса, М. Шоқайдың фашистік Германияға ешқандай да қызмет істемегендігін, Шығыс министрлігімен қарымқатынасын өз мүддесіне, Түркістанның тәуелсіздігі идеясына орай пайдаланғысы келгендігі жөніндегі уәждердің шындыққа толық сәйкес екендігін айтуымыз лазым.
М. Шоқайдың немістердің Кеңес Одағымен соғысы нәтижесінде туындайтын жаңа ахуалға үміт артқанын жоққа шығаруға бола қоймас. Неміс зерттеушілері де “нацистік Германияның Орта Азия жөнінде нақтылы аннек сиялық немесе отарлаушылық жоспары болған емес” [49] деп көрсетеді. Граф фон дер Шуленберг те 1943 жылы ақпан айында “Германия үкіметінің Түркістан өңіріне ешқандай да аумақтық талабы жоқ” [50] деп кесіп айтады.
Отандық және шетелдік тарихнамадағы даулы мәселенің бірі – М. Шоқайдың қазасы жөнінде түрлі пікірлердің орын алып, осы уақытқа дейін басы ашық бір тоқтамға келе алмаушылық. Мұстафа түркістандық тұтқындарды соңғы рет 13 желтоқсанда Польшаның Ченстахов лагерінде көреді. Мұнда ашыққан, ауруға шалдыққан 32 мыңнан астам түркістандықтардың арасында үш күн болады. 16 желтоқсанда лагерьдегілердің жаппай ауруға шалдығуына байланысты ол карантинге, 18 желтоқсанда Берлин ауруханасына түседі. Бұл – Б. Хаиттің жазуы. “Ауруханада жағдайының ауырлығына қарамастан Каюм-ханмен бірге үнемі Түркістанның келешегі жөнінде жоспар құратын.
Ауруханада жатқан кезінде Каюм-ханнан басқа көңіл сұрап келетін ешкім жоқ еді. Ол Каюм-ханға: “Мен көрген Түркістан жігіттерін ұлттық рухта тәрбиелесек, әлбетте, Түркістан азат болады” деп айтқан еді” [51] дейді Б. Хаит.
Мұнан М. Шоқайдың Түркістан тәуелсіздігінің болашағы жөнінде Германияға, не басқа мемлекеттің көмегіне емес, мыңдап тұтқынға түсіп жатқан түркістандық жастарға үміт артқанын көреміз.
В. Каюмді жақсы білген және онымен қоян-қолтық істес болған Б. Хаит В. Каюм өлгеннен кейін бес жыл өткенде ғана, тарихшы Ерол Жиһангирмен болған сұхбатында М. Шоқайдың уланып өлтірілгенін айтады [52].
М. Шоқайға у беріп өлтірілгені жөніндегі мәлімет мұнан әлдеқайда бұрын тараған. Т. Шағатайдың 1959 жылы Истанбұлда басылған “Түркістандағы ұлт- азаттық қозғалысына байланысты оқиғалардан үзінділер” деген кітабында осы уәжге ден қойылады. Жалпы алғанда зерттеушілердің пікірі осы жерде ғана тоқайласып, удың кімнің тарапынан берілгені жөніндегі мәселеде айырылысады. Бірі кінәні А. Розенбергке артса, екіншілері оны В. Каюмнен көреді. В. Каюмнің бұл іске қатысы барлығын жоққа шығарушылар да табылады. Тұтқынға түсіп, “Түркістан легионына” алынған ақын Мәжит Айтбаев В. Каюмнің Мұстафаға у беріп өлтіргендігі жөніндегі алыпқашпа әңгіменің өсек екендігін ескертеді. Ал соғыс тұтқындары Әйткеш Толғанбаев, Мұқаметқали Батыркереев, Қарыс Қанатбаев (Свердловскіде Тау-кен институтын бітірген), 1934 жылы МГУ-дың журналистика факультетін бітірген Мәулікеш Қайбалдин, Қазақ мұғалімдер институтын бітіріп, соғыс кезінде Берлин радиосының қазақ бөлімінде хабарлаушы болып істеген Дүйсен Қожанов бұған қарсы пікірде.
Әсіресе, жұртшылық тарапынан М. Шоқайдың карантинде ұсталып, әскери дәрігердің тексеруінен өткеннен кейін Берлинге оралуға рұқсат берілгені, пойызда дені сау адамдармен келе жатқанда кенеттен ауруға шалдығуы күдік тудырады. Мария Шоқайдың өзінің де В. Каюмнан күдігі арылмайды. Алайда В. Каюм өле-өлгенше М. Шоқай жөнінде жылы лебіздер білдіріп, оның өліміне қатысы жоқтығын айтумен болады. В. Каюм 1992 жылы өзбек журналисі Мұзаффар Асадуллаевқа берген сұхбатында: “Мұстафа – үлкен ғалым, әрі Түркістанды сүйген азамат, өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік деген нәрсені білмейтін еді. Ол терең білімді, сырласа білетін ұлы тұлға... Мұстафа Шоқайға у бермедім. Ол қайтыс болғанда екеуіміз екі жерде едік” [53] дейді. Бірақ Вели Каюм мен Алихан Кантемирдің М. Шоқаймен пойызда бір купеде бірге келгені, кейін Б. Хаиттің айтуынша, Мұстафаның ауруханада жанында болғаны белгілі. Өлерінің алдында барлық қағаздарын бір папкаға жиыстырып В. Каюмге беріп кеткендігін Мария Шоқай да айтады. Мұны “Бундесархивтің” құжаттары да растайды. 1945 жылдың 26 қаңтарында В. Каюмнің жеке басы мен қызметіне берілген мінездемеде: “Шоқай лагерьде бөртпе сүзекпен ауырған кезінде Каюм Шығыс министрлігімен түркістандықтардың өкілі ретінде хабарласып тұрды” [54] делінеді. Сонымен бірге бұл құжатта неміс басшылығының В. Каюмнің түркістандық саяси эмиграцияның арасында белгісіз болғандығы, шенқұмар екендігі т. б. теріс қасиеттері, неміс басшылығының 1942 жылға дейін оны ескермегендігі айтылады. Сонда М. Шоқайдың жанында, тіпті Берлинде болған жоқпын деген өтірік В. Каюмге неге керек болды? Мұның астарында жатқан сыр іздеушілерді Шығыс министрлігіне жетелейді. Бұл ведомство 1941 жылдың 1 желтоқсанында М. Шоқайды да, В. Каюмді де кезекті тексеруден өткізгенімен, Мұстафа жөнінде Империялық қауіпсіздік екі айдан кейін ғана (өлгеннен соң) оң жауап береді. Осыған қарағанда Шығыс министрлігінің саяси курсында бір өзгеріс орын алған және ол қазақ қайраткерінің тағдырын шешкен секілді.
М. Шоқайдың түркістандық тұтқындарды соғысқа салмай, тылдағы жұмыстарға пайдалануды ұсынуы неміс басшыларының жоспарларына қайшы келеді де, оның орнына В. Каюмге есеп жасалуы ғажап емес. 1941 жылдың 22 желтоқсанында Вермахттың Түркістан легионын құру жөніндегі бұйрығы шыққаннан кейін А. Розенберг оны жүзеге асыруға кедергі болатын жағдайлардың бәрін тез арада жоюға кіріседі. Оған да, тура құжат болмағанымен (ондай болуы да мүмкін емес), бірнеше дәлелдер ұшырасады. Мұстафаның жақын достарының бірі саналатын осетин халқының қайраткері А. Кантемир 1963 жылы жарық көрген естелігінде қазақ қайраткерінің немістер тарапынан у беріп өлтірілгенін хабардар етеді.
М. Шоқай жұбайына жазған соңғы хаттарының бірінде бірнеше күн ішінде Парижге қайтатындығын хабарлайды. Тахир Шағатайға да: “Бұл жердегі кездесулерім аяқталды. Парижге қайтуға шешім қабылдадым... Парижге оралғаннан кейін жазатын егжей-тегжейлі хатымды күтерсің” [55] дейді.
М. Шоқайдың жоғарыда әңгіме болған қараша айында өзінің түркістандық тұтқындармен кездесулері жөнінде жазған “есебі” де (Шығыс министрлігіне болуы керек) осы кезде дүниеге келген. Парижге кетуіне рұқсат болмағаннан кейін ол желтоқсан айында бесінші сапарға – әскери тұтқындар лагерьлерін аралауға шығады.
1945 жылдың қаңтар айында В. Каюмге берілген мінездемеде М. Шоқай “бірінші Түркістан ұлтшылы” деп аталады. Сол себепті одан тірілей айырыла салуға болмайтын. Міне, осындай жағдайда А. Розенберг М. Шоқайдан құтылу жөнінде шешімге барған. Ал, В. Каюмнің Мұстафаға қастандық жасауға қандай да бір қатысы болса, ол тек А. Розенбергтің әмірін орындаушы рөлін ғана атқарады. Бірақ бұл мәселе онша маңызды емес, ең бастысы Мұстафаның өліміне А. Розенбергтің қатысы барлығы басқа да қисынмен дәлелденеді. М. Шоқайдың Т. Шағатайға үйіне (Парижге) қайтуға жиналып жүргені жайлы хат жазуы және Кеңес Одағы Мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігінің Мұстафаның қызметінен фашистік Германиямен “ынтымақтастығы” үшін айыптауға жарарлық еш нәрсені таба алмауы, немістердің талабы бойынша оның түркістандық тұтқындарды Қызыл Армияға қарсы соғысқа шығуға шақырып радиодан сөйлемегендігін дәлелдейді. Мұстафа өлімінің “құпиясы” да осында болса керек. Мұстафаның қазасы немістер тарапынан болған деген жағдайда, сол кездегі неміс дәрігерлерінің оның “сүзектен өлгендігі” жөніндегі медициналық қорытындысына таңғалуға болмайды. “Арбайтсгемайншафт” барлау институтының қызметкері, Берлиндегі СС Бас штабы Шығыс бөлімінің бастығы доктор Р. Ольцшаның орынбасары профессор Конрад Шломс 1947 жылы “Түркістан легионы” ісі бойынша өткізілген сот барысында: “Мұстафа Шоқайды Шығыс министрі Розенбергтің тапсырмасы бойынша у беріп өлтірді” деп мойындайды.
Кеңес барлау органдарының мағлұматтары да осы жорамалмен сарындас. “Қазақстан қауіпсіздік органдарының тарихы” деген кітапта: “М. Шоқай Түркістан Ұлттық Комитеті мен Түркістан легионының негізін қалағаннан кейін Вели Каюм-хан немістермен КСРО-ға соғыста Германияға ортаазиялық ұлтшылдардың күшімен дереу көмек көрсету жөніндегі пікірімен бөліседі. Сонымен бірге бұрын Англиямен сыбайлас Шоқаев “түркістандық” кадрларды тиімді пайдалануға саналы түрде кедергі жасап отыр деп хабарлайды. Неміс барлау органдарының қатысуымен Вели Каюм-хан Шоқаевты құртады да, ТҰК-ның президенттік орнына отырады” [56] деген пікір білдіріледі.
Алайда өзінің істеген ісін басқаға жаба салатын бұл құрылымның (Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің) ашық ақпаратына сену де қиын. Мемлекеттік қауіпсіздік органдарының эмиграцияға қарсы жұмысы өткен ғасырдың 20–30-жылдары олардың қызметінің басым бағыттарының бірі болғандығы белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде эмиграция жетекшілеріне қарсы әрекеттер күшейе түседі. Бұл жерде М. Шоқайдың өліміне Кеңес Одағының “қалқан мен қанжар” девизді органдарының қатысы болмады ма деген тағы да сұрақ туады.
Орта Азия республикалары, Солтүстік Кавказ және Закавказьенің эмиграциясымен 1936 жылға дейін Бүкілодақтық Төтенше Комиссияның (ВЧК) шетелдік бөлімі, Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) ОГПУ, ГУГБ атты құрылымдары, кейін НКВД-ның Мемлекеттік қауіпсіздік бас басқармасының 7-інші және 5-інші бөлімдері, ІІ Дүниежүзілік соғыс уақытында НКВД-ның І Басқармасы және Мемлекеттік Қауіпсіздік халық комиссариаты айналысады. Олардың қызметі шетел барлауының эмиграцияны өз мүдделеріне пайдалануға бағытталған әрекеттері, эмигранттық ұйымдардың немістермен байланыстары, эмиграцияның өз іштеріндегі процестер, олардың беделді жетекшілерінің саяси платформасы және нақтылы жұмысы жөніндегі мәселелерді қамтиды.
Кеңес барлау органдарында батыс мемлекеттеріндегі өздерінің тәуелсіздігі үшін күресте тәжірибе жинақтаған түрік халықтарының қауымына көбірек назар аудару жөнінде түсінік қалыптасқан болатын. Сол себепті 20-жылдардан бастап Германия, Жапония, Түркия, Франция және Польшадағы түрік халықтары эмиграциясының жетекшілері ерекше есепке алынады. 1924 жылы Қазақстан ОГПУ-і М. Шоқайға қарсы № 145 агентуралық іс көтереді. ОГПУ органдарының “Двуликий”, “Светоч” және “Франц” деген атаулармен істер қозғап, олар бойынша М. Шоқайға және оның байланыстарына орай астыртын барлау-тергеу жұмыстарының жүргізілгендігі Ә. Бәкір мен А. Кәкен еңбектерінде біршама баяндалған. Түркістан Ұлттық Бірлігі және М. Шоқай жөнінде ақпарат жинауға жұмсалған агенттердің бірі Ғалымжан Садықұлы туралы материал Мұстафаның мұрағат қорында да сақталған [57].
Кеңес барлауының тыңшысы түрік эмигранттық топтарына енгізіліп, ол бірнеше рет Жафер Сейдаметов, М. Векилли және басқа да көрнекті басшылармен кездеседі. “Громов” деген лақап есіммен белгілі кеңес тыңшысы 1932 жылы Мешхедке (Иран) келіп, кейін М. Шоқаймен үнемі хабарласып отырған Ауғанстандағы Садреддин-хан басшылық ететін ұйымға енеді. Оған Жапонияның Кабулдағы әскери атташесі Миязакиге Түркиядан Пулат Ходжаев пен Сұлтан Бақтиярбековтің келуіне байланысты тапсырма беріледі. П. Ходжаев кезінде Бұхара Халық Республикасының басшысы болса, екіншісі (шын аты-жөні Пірмұхамедов) Ташкентте біршама уақыт барлау органдарында істейді [58]. Бұл бағыттағы істер де кеңес барлау органдарына белгілі болады. Бірақ М. Шоқайға байланысты басқа мағлұматтар ұшыраспайды, алайда одан кеңес қауіпсіздік органдары Сталиннің өзіне де абыржушылық туғызған М. Шоқайға қарсы әрекет етпеді деген ұғым тумайды. Дегенмен әзірге белгілі мағлұматтар А. Розенберг пен В. Каюм жөнінде жоғарыда жасаған тұжырымымызға түзету енгізе алмайды.
М. Шоқайдың қазасы Түркістан ұлттық қозғалысына үлкен соққы болып тиеді. Оның беделінің жоғарылығы соншалық, жалғыз түркістандықтар ғана емес, грузин, украин, әзірбайжан, татар, башқұрт т. б. эмиграциялық ұйымдар мен олардың жетекшілері аза тұтады, қазанама жариялайды [59].
“Ең алдымен, ол – үлкен гуманист, өз ісіне шын берілген, ақылды да данышпан адам” [60] деген болатын А. Темір. Басқаларының да пікірі осыған саяды. Себебі М. Шоқай бодандықтағы барлық халықтардың ұлт-азаттық қозғалысына өлшеусіз үлес қосады. Кеңес Одағы құрамындағы қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз т. б. халықтардың ұлт зиялылары ішінде М. Шоқай – Түркістанның тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес өмір сүруін алғаш көтерген, негіздеген және сол үшін күрескен бірегей тұлға.
Достарыңызбен бөлісу: |