Бақылау сұрақтары
Түркістан мәселесінің халқаралық деңгейде қойылуы
1 М. Шоқай Түркістан үшін Ресейдің маңыздылығын қалайша сипаттайды?
2 М. Шоқай тәуелсіздік идеясына 1926 жылы түпкілікті бет бұрады. Оның ұлт-азаттық қозғалыс барысындағы жаңа мазмұндағы идеологияға өзгеруін қалайша сипаттар едіңіз?
3 М. Шоқайдың Түркістанның толық тәуеліздігі идеясына көшуін орыс эмиграциясы қалайша қабылдады?
4 М. Шоқайдың мәлімдемелері бойынша, ол орыс қоныс аудару саясатына қарасты қандай пікірде болды?
5 М. Шоқай қазақ даласындағы ашаршылық мәселесіне қаншалықты көңіл бөлді?
Түркістандықтардың ішкі бірлігін нығайту
6 М. Шоқай түркістандық жастарға қандай үміттер артты?
7 Мұстафа Шоқай кеңес билігі жағына өтіп кеткен қазақ зиялы қауымы туралы қандай пікірде болды?
8 М. Шоқайдың «Түркістандық ұлт» теориясын қалай түсінесіз?
9 М. Шоқайдың пікірінше, Түркістанның ұлт-азаттық қозғалысындағы мұғажырлардың орны қандай болмақ еді?
Түркістан бірлігінен түрік бірлігіне
10 Пантюркизм дегенді қалай түсінесіз?
11 М. Шоқайды «түрікшіл қайраткер» деп есептеуге бола ма?
Түрік бірлігінен халықтардың біртұтас майданына
12 Польша неліктен Кеңес Одағына қарсы саясат ұстанып, «Прометей» ұйымын құрды? Түсіндіріңіз.
13 Кейбір авторлардың М. Шоқайдың поляк барлау қызметіне жұмыс істегендігі туралы пайымдаулары шындыққа жанаса ма?
14 1935 жылы Жапонияның өкілі Усуй мырза М. Шоқай белгілі-бір шарттарды орындау арқылы, түркістандықтардың күресіне материалдық және басқа да көмек көрсетуді ұсынады. Бірақ, М. Шоқай бұдан бас тартты. Неліктен?
6 М. Шоқай – халықаралық сарапшы және тарихшы
Алғысөз
Бұл тарауда М. Шоқай халықаралық сарапшы және тарихшы ретінде көрсетілген. М. Шоқайдың Түркістан мәселесіне қатысты пікірлері, Түркістан мәселесін халықаралық деңгейде көтеру мәселесі, М. Шоқайдың белгілі саясаткерлермен пікір алмасуы көрсетіледі. Яғни тараудың басындағы мәлімет бойынша біз Мұстафа Шоқайдың Түркістан мәселсінің көтерілуіндегі белсенді азаматтардың бірі екендігін көреміз.
Мұстафаның халықаралық деңгей алуына көп ізденгенін көреміз. Оның жазбаларында сол кездегі халықаралық оқиғалардың даму барысы келтірілген. Ол олардан өзіне түйін шығарып, өзекті мәселелерді іріктеген.
Сонымен қатар Мұстафа Шоқайдың Лондонға алғашқы сапарлары туралы баяндалады. Ұлыбритания парламентінің қауымдар палатасының мүшесі, саяхатшы және шығыстанушы В.Д.Аллен таныстығы туралы мәлімет берілген. Одан кейін оқиғалар үрдісі жалғаса береді. М. Шоқай Лондонға бірнеше рет барып, әлемдік өзекті мәселелер, Түркістан өлкесіне қатысты большевиктердің көзқарастары туралы сөз үрбітеді. Бұл жердегі Мұстафа Шоқайдың басты мақсаты – Ұлыбританияда түрік халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы туралы обьективтік түсініктің қалыптасуы.
Осымен Мұстафа Шоқайдың Ұлыбританияға сапарлары таусылмайды. Одан кейінде Лондон тарапынан шақыру хаттары келіп түсе береді. Бұдан мынадай түйін жасауға болады: Мұстафа Шоқай - халықаралық дәрежедегі мықты сарапшы, білгір саясаткер.
Халықаралық қатынастар жөніндегі Король интитутында конференция өтеді. Бұл конференцияға белгілі ағылшындардың өзі қатысуға мүмкіндіктері болмайтын. Осыға конференция шақыру алған М. Шоқайдың баяндама оқуынан кейін барлық қатысушылардың М:Шоқайдың білімдарлығы мен мықты білімне көз жетті.
Тарауда пайдаланылған мәліметтер арқылы осындай қорытындыларға келуіміз қажет: М. Шоқайдың еңбектері Батыс елдерінде Ортаазиятанудың әдіснамалық негізін қалайды.
М. Шоқайдың еңбектері Батыс елдерінде Ортаазиятанудың әдіснамалық негізін қалайды. Оның ой-тұжырымдарының негізінде “кеңес отаршылдығы”, “кеңес реформаларының қымбатқа түскендігі” секілді тұжырымдамалар қалыптасады. Олар бойынша кеңес шығыс республикалары Ресейдің өнеркәсіптік аудандарының шикізат көзі, саяси құқықтарынан айырылған оның халықтарын орыстандыру және олардың этностық бірегейлігін жоюды көздеген толассыз мәдени эксперименттердің нысаны ретінде суреттеледі.
Патшалық Ресей тұсындағы орыс отаршылдығының жалғасы ретінде қарастырылатын “кеңес отаршылдығы” тұжырымдамасы Ж. Кастаньенің, В. Монтей, А. Беннигсен, Э. Каррер д'Анкос, Ш. Лемерсье-Келькеже (Франция), В. Конолли, Дж. Уилер, Х. Сетон-Уотсон, О. Кэроу, В. Коларц (Англия), Г. фон Менде, Й. Бенцинг, Г. Клейнов (Германия), А. Парк, Р. Пирс, Ч. Хостлер, С. Зеньковский, Р. Пайпс, М. Рывкиннің (АҚШ) еңбектерінде алға қарай өрбітіледі. Саяси тұрғыдан алғанда М. Шоқайдың зерттеушілік қызметі әлемнің көптеген елдерінде Кеңес өкіметінің ұлттық саясаты жөніндегі қоғамдық пікірді қалыптастырады.
Тарауда саяси қайраткер ғана емес, сондай ақ Түркістанның тарихымен, этнодемократиялық ахуалымен, мәдениетімен, тұрмысымен байланысты ғылыми жұмыстармен айналысқан ғалым ретінде де көрсетілген. Батыста өмір сүрген ол әлемге Шығысты танытуды мақсат етті. Еуропалықтарға түрік әлемінің қайталанбас, бірегей қасиеттерін жеткізуді мақсат етті. Мәселен, бұл мақсатқа баратын жолда француздық белгілі ғалымдар Ж. Кастаньемен, П. Пеллионмен, Э. Блошемен, Г. Феррандпен, ағылшын профессорлары Эдвард Браунмен, Денисон Росспен, неміс профессоры Герхард фон Мендемен және белгілі түркістантанушы Аннемари фон Габенмен тығыз қарым-қатынас жасады.
М. Шоқай Түркістан ұлттық қозғалысының мақсат-міндеттері мен оған ниеттес күштерді анықтаумен бірге, тәуелсіздік үшін күресте қолайлы жағдайдың қалыптасуына, оған мемлекетаралық қатынастардың ықпал ететіндігіне үлкен мән береді. Түркістан мәселесінің халықаралық сипат алуы өзінен-өзі түсінікті және ол жағдай, біз қалағаннан емес, Еуропа мен Америка Құрама Штаттарының Ресеймен қарым-қатынасы нәтижесінде пайда болады дейді ол. Сонымен бірге Мұстафа батыс елдерінің ұлт-азаттық қозғалысына қолдау көрсету әлеуетіне де аса сақтықпен қарайды; Еуропаның отарлық пиғылдан бас тарта қоймағанын, Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрес Индияға ықпал етіп кетпей ме деген қорқыныштың да барлығын, дегенмен Англия мен Францияда оған қолдау көрсететіндердің де жоқ еместігін [1] ескертеді. Оның пікірінше, Түркістан мәселесіне халықаралық сипат беру әрекеті 1919 жылдың ақпанында Түркістан өлкесі мұсылмандары орталық кеңесінің Еуропа елдеріне Түркістанға Антанта әскерін енгізу және бұл өңірдің халқына В. Вильсонның доктринасы негізінде өзін-өзі басқару құқығын іске асыруына көмектесу жөніндегі меморандумынан басталды. Бірақ Түркістан ұйымының өтініші (яғни 1931 ж. – К. Е.) “Еуропа түркістандықтардың әдемі көздеріне немесе езгідегі халықтың тапталған құқықтарына бола большевиктермен қызыл кеңірдек болмайды және олармен соғысуға бармайды” дейді Мұстафа.
Мұндай жағдайда Түркістан мәселесін халықаралық деңгейге көтеру ол үшін түрік бірлігінен Ресейге бодан халықтардың бірлігіне көшу болып табылады. 1931 жылы 16 қазанда В. Дамбровскийге жолдаған хатында Мұстафа оған былайша түсінік береді: “Бізге қарсы жүз миллион орыс халқы тұр. Оның ұлттық үстемдігіне қарсы күресті біз барлық аймақтармен, кавказдықтар, украиндар және басқалармен тығыз байланыста жүргізуіміз керек. “Интернационалдандыру” тек осы мәнде ғана маңызды және сөзсіз қажет. Ол – орындалатын нәрсе және біз оны ұйымдық жағынан іске асырамыз” [2). М. Шоқай бұл жерде Түркістан мәселесі – Ресейдің, не Кеңес Одағының ішкі ісі емес, ұлттық езгінің қазақ, өзбек, грузин, әзірбайжан т. б. халықтарға тән екендігі арқылы оны халықаралық аренаға бірлесіп алып шығу жөнінде айтып отыр. Дегенмен ол Ұлыбритания, Франция, Германия, Америка Құрама Штаттары секілді ірі мемлекеттер тарапынан ұлттық қозғалысқа көрсетілер моральдық қолдаудың маңыздылығын жоққа шығармайды. Осы мақсатта Мұстафа ағылшын, француз, американ басылымдарындағы Түркістан ұлттық қозғалысы туралы материалдардың бірде-бірін қалт жібермейді.
Сонымен қатар ол Еуропа мен Азиядағы халықаралық оқиғалардың даму барысын, ірі державалар мүдделерінің қақтығыстары себептерін қадағалап отырады. Ол жөнінде М. Шоқай мұрағатында мынадай жазбалар сақталыпты:
– Орыс үкіметі, Пекинді айналып өтіп, жергілікті билік органдарымен қатынас орнатуда;
– Ресейдің кедендік салықтарды өзі белгілеу құқығын беру туралы Қытайға талаптары;
– Моңғол-Тибет-Синьцзян мемлекеті туралы орыс баспасөзінің қорқынышы;
– Гоби – Ресейдің табиғи шекарасы (Куропаткин). Уәжі – “сары қауіп”;
– “Ұлы Тибет империясын” құруға ниеттенгені үшін Франция Англияны айыптауда;
– Германиядағы фашистік үкімет – Еуропадағы соғыс өртін тұтандырушы.
М. Шоқай Англияға қатысты материалдарға көбірек назар аударады, олардан мына жолдарды көшіріп жазып алады:
– Англияның протектораты ретінде Тибет-моңғол-мұсылман мемлекетін құру жобасы;
– Англияның басты мақсаты – кімді болса да Индия шекарасына жақын жібермеу (лорд Кэрзонның сөзі);
– Ағылшын империализмі Орталық Азияда кең түрдегі шабуылға шықты;
– Ағылшын-американ империализмі дүниежүзіне үстемдік жасау үшін түпкілікті шабуылға шықты [3].
Әрине, ол бұлардың барлығынан өзінше ой түйеді. Әсіресе, Англияның Орталық Азиядағы ықпал аймағы үшін Ресеймен күреске түсуі, мұның Түркістан тағдырына әсері ойландырады.
Мұстафа Лондонда алғаш рет 20-жылдардың орта кезінде болғанға ұқсайды. 1925 жылдың 19 мамырында “Матэн” газетінің әкімшілік-кеңес президентімен жазысқан хатына қарағанда, ол сол шамада ағылшындардың астанасында болып, ондағы беделді басылымдармен, мемлекет, қоғам қайраткерлерімен танысады. Солардың бірі Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасының мүшесі, саяхатшы және шығыстанушы В. Д. Аллен болатын. 1929 жылдың 22 маусымында Станислав Казимировичке жазған хатында “жоғары лауазымды досым” деп осы адамды айтады. Хатта досының Лондонға келіп қайтқанын дұрыс көретіндігі, осыған байланысты ағылшын консулдығында болғаны және визаны тездету жөнінде Лондонға да хабар салғаны [4] айтылады. Олай болса Мұстафа Лондонға 1929 жылы да барып қайтады.
М. Шоқайдың Ұлыбританияға шақырылуы жеке В. Д. Алленнің бастамасына ғана емес, Мұстафаның ірі қайраткер және халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылуына да байланысты еді. Әлемдік сахнада іргелі орны бар азулы елдің билеуші топтары М. Шоқайдың халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері, олардың ішінде, әсіресе, Шығыс Түркістандағы ахуал, Кеңес өкіметінің Орталық Азиядағы саясаты туралы пікірін білгісі келеді.
1928 жылы ағылшындар М. Шоқайдың “Эйшатик Ревью” (Лондон) журналында жарияланған “Түркістандағы басмашылық қозғалыс” [5] деген мақаласымен танысады. Журнал редакциясының мақалаға берген кіріспе сөзінде: “Батыс Еуропада бұрынғы орыс империясы мұсылмандарының Кеңес Одағына қарсы ұзақ уақыт бойы жүргізген күресіне байланысты маңызды проблема жөнінде ақпарат өте аз; қазір біз М. Шоқайдың Түркістандағы басмашылар қозғалысы туралы жұмысын жариялауға бақыттымыз; ол 1917 жылы қарашада Түркістан мұсылмандарының төтенше съезінде автономды Түркістанның Уақытша үкіметінің президенті болып сайланған, сол себепті тақырыпты жақсы біледі” [6] делінеді.
М. Шоқай түрік халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы тарихына ғана емес, батыс елдерінің шығыс халықтары жөніндегі саясатына да қанық екендігін көрсетеді. 1929 жылы 2 наурызда Польша өкіметі органдарының өтініші бойынша ол Ұлыбританияның Ауғанстан мен Түркия жөніндегі сыртқы саясаты тақырыбына жазған ақпаратында Түркістан ұлттық қозғалысы шетелдіктердің, олардың ішінде ағылшындардың қолдауына ие болып отыр деген конъюнктуралық пікірге бой алдырмай, шындықты айтумен шектеледі. “Англия ұлттық қозғалысқа аяушылық білдіреді. Ұлттық қозғалыстың қандай да бір өмірлік құлшыныстары Англия тарапынан сүйемелденеді, бірақ оларды большевиктерге, не болмаса басқа да орыс күштеріне қарсы күреске шақыра алмайды. Егер Кавказда, не Түркістанда жергілікті үкімет ұйымдастыруға қол жеткізілген жағдайда, Англия сонда ғана халықаралық деңгейде ашық көмек бере алады” [7] деп жазады.
Басқаша сөзбен айтқанда, М. Шоқай Ұлыбритания халықаралық құқық шеңберінде ғана әрекет ете алады, оның көмегіне тәуелсіздікті жариялағаннан кейін ғана арқа сүйеу мүмкін дейді.
1929 жылы шілденің 4-і күнгі бір хатында М. Шоқай “ертең мен Лондонға жүргелі отырмын. Лондоннан мені шақырған хат келді. Хат иесі – Палатаға қайта сайланған менің жақсы танысым” [8] деп хабарлайды.
М. Шоқай Лондонда екі жұма болады. “Осы уақыт ішінде көптеген адамдармен кездестім және олармен өзіме қызықты тақырыптар жөнінде әңгімелестім. Біздің тақырып жөнінде Лондонның ұстанымы бұрынғыдан гөрі біраз өзгерген... Маған, шын мәнінде, біздің ұлттық қозғалысымыздың мүмкіндіктері мен өңірдегі шиеленісті жағдай туралы сұрақтарды жаудырды” [9] дейді ол.
Лондонға келері қарсаңында Мұстафаның “Эйшатик Ревью” журналында “Большевиктер және Ауғанстан” деген мақаласы жарияланып, оған редакция мен В. Д. Аллен кіріспе сөз жазады [10]. Мақаланың негізгі мазмұны Түркістан ұлттық күштерінің бағдарламасына ұқсас, бірақ Түркістан ұлттық қозғалысының түрік кемализмінен айырмашылығы сыртқы саясатта оның Мәскеуге қарсы бағытталғандығында, себебі, басты қатерді сол бағыттан көрдік және болашақта да содан күтеміз деген пікірге саяды.
Ұлттық қозғалыстың өзекті проблемалары төңірегінде көптеген адамдармен пікір алысады, үнді ұлттық қозғалысының жетекшілерімен де кездеседі, 1929 жылдың тамыз айында қайтадан Лондонға келіп, Кеңестік Ресейдегі мұсылмандардың жағдайы туралы баяндама жасауға олардан шақырту да алады. “Үнділер үшін арнайы бір еңбек жазбақпын, ол ағылшын тілінде шығар деген үміттемін” [11] деп жазады Мұстафа.
М. Шоқай осы сапары кезінде Лондон университетінің жанындағы Шығыс тілдері институтының директоры, профессор Дениссон Росспен кездесіп сұхбаттасады. Д. Росс Мұстафаға Ресейдегі ойына келгенді істеп жатқан большевиктердің лаңы, ондағы халықтың адам төзгісіз жағдайы мен моральдық, материалдық қайыршылыққа ұшырағаны туралы [12] әңгімелеп береді.
Ағылшын-кеңес қатынастарының жандануы Шығыс халықтарына қаншалықты әсер ететіндігі туралы ағылшын журналистерімен сұхбаттасады. 1929 жылдың 29 шілдесінде осы сұхбаттың мәтіні “The Mornіng Post” газетінде жарияланады. Лондондағы “The Near East” журналы үшін Орта Шығыстағы Кеңес өкіметінің үгіт-насихат саясаты жөнінде мақала жазады.
М. Шоқайдың халықаралық мәселелер жөніндегі пікірлері батыс елдеріндегі қоғамдық пікірге ықпал жасайды, баспасөз беттерінде талқыланады. “Морнинг Пост” газетіндегі сұхбаты 1929 жылдың 29 шілдесінде кеңес өкіметі өкілі Довгалевскийдің Лондонға келуіне орай беріледі. Онда Мұстафа Англияның Кеңес Одағын тануы Азия елдеріне теріс ықпал жасайды деп түйіндейді. Мұстафа Кеңес үкіметінің, бір жағынан, өз насихатында Макдональдтың үкіметін озбыр ретінде көрсетуге, екінші жағынан, кеңес-ағылшын қатынастарын қалпына келтіруге тырысып отырған екіжүзділік саясатын әшкерелейді. Мұндай жағдайда Ұлыбритания мен Ресей арасындағы келісім большевиктердің күштілігі және ағылшындардың әлсіздігі ретінде қабылданады [13] дейді.
Осы пікірді, М. Шоқайға сілтеме жасай отырып, Варшавадағы шығатын “Возрождение” газеті де құптайды [14]. М. Шоқай екі ел арасындағы қатынастарды қайта жандандыру туралы келісімшартқа қол қойылуының себептеріне де назар аударып, оның, біріншіден, Мәскеудің Англияның “моральдық қолдауына” аса зәру болғандығына, екіншіден, ағылшын мемлекеттік қайраткерлерінің халықаралық қатынастарға Ресейді араластыра отырып, соғыстың және әлемнің түрлі елдеріндегі төңкерістер салдарынан орын алып отырған экономикалық және саяси қиындықтарды жеңуге бағытталған [15] ұмтылысына байланысты деп атап көрсетеді.
М. Шоқайдың сұхбаттары мен баяндамалары кеңес баспасөзін дүрліктіріп, оған қоқан-лоқы жасалады [16].
М. Шоқайдың “Ақ Польшаның астанасында сөйлеген контрреволюциялық сөзі” жөнінде ТАСС хабарында беріледі, тіпті ол Сібірдегі саяси жер аударылғандарға да жетеді [17].
Ағылшын парламентінің Қауымдар палатасындағы қызметінен кейін де В. Д. Аллен М. Шоқаймен хабарласып тұрған секілді. Мұстафаның жеке мұрағатындағы оның 1939 ж. “East Europe” журналында жарияланған “Кавказ және Түркістандағы үлкен саясат” деген мақаласы [18] осы қарым-қатынастың бір дәлелі деуге болады. Себебі, оның идеялық мазмұнында М. Шоқайдың ықпалы анық байқалады. Автордың өкімет билігі үшін күресте большевиктердің ұлт-азаттық қозғалысына одақтас ретінде арқа сүйеуі, орыстан өзге халықтардың өзін-өзі билеуге құқы барлығы туралы ұран тастауы және әбден күш жинап алғаннан соң одан бас тартып, ұлттық күштерді қудалай бастауы, Түркістандағы 20–30-жылдары Кеңес өкіметіне қарсы ұлттық қозғалыс [19] жөніндегі баяндаулары М. Шоқай еңбектерінің тұжырымдамалық бағыттарына толық сәйкес келеді.
В. Д. Алленнің Кавказ халықтарының тілдік, мәдени, нәсілдік бірлігі және географиялық тұрғыдан жақындығы туралы тұжырымы да [20] М. Шоқайдың түрік халықтарының мемлекеттік құрылысын тілдік және нәсілдік факторлар негізінде анықтауға болмайтындығы туралы теориялық ұстанымын қайталайды.
Ұлыбританияға барып қайтқан осы сапарынан кейін орыс эмиграциясының басылымдарында М. Шоқайды ағылшын үкіметінің “тыңшысы” деп көрсетуге әрекеттер жасалады. Алайда мұның барлығы мұсылман халықтары орыс отаршылдығына қарсы бой көтерсе, олардың “шетел империализмімен” байланыстары туралы “ертегіге” бой ұратын шовинистік идеологияның ежелден бергі дағдысы болатын. В. Д. Алленнің тарапынан ондай ұсыныстың болғаны рас, бірақ М. Шоқай одан бас тартады [21].
М. Шоқай Ұлыбританияда түрік халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы туралы объективтік түсініктің қалыптасуын ғана қалайды.
М. Шоқай келесі жолы Лондонға Ұлыбритания жағының ресми шақыртуымен барады. 1933 жылдың наурыз айында ағылшын үкіметінің және ғылыми қоғамдарының өкілдерімен жазысқан хаттарына қарағанда, ол Лондонға қай уақытта келе алатындығы, онда орналасуы, баяндамаларының тақырыбы, кімдермен кездесетіндігі жөнінде келіссөздер жүргізеді. 1933 жылы 2 наурызда Лондоннан келген хатта В. Д. Аллен мырзаның Австрияда жүргендігі, Лондонға 8 наурызда оралатыны хабарланады. Келесі хатта: “Сіз наурыздың 20-ларында келетін шығарсыз. Сіз сол кезде менімен бірге Беркли алаңы, Маунт Роу көшесіндегі (14-үй) менің анамның үйінде түскі асқа келуге келісім берсеңіз қуанышты болар едім” [22] делінеді (өкінішке қарай хат иесінің қолы анықталмады).
13 наурызда Корольдік Орталық Азия қоғамының хатшысы М. Н. Кеннедиден: “Сэр Перси Сайкс және осы қоғамның кеңесі Лондонда болған уақытыңызда Орталық Азия жөнінде бізбен әңгіме өткізсеңіз сізге алғыс айтар едік” деген хат келеді. Ақырында осы қоғамнан 15 наурызда “Түркістандағы Кеңестер саясаты” деген тақырыпта ғылыми конференцияда баяндама жасау жөнінде өтініш түседі.
М. Шоқай Лондонға 23 наурызда келеді. Оған дейін Мұстафа 27 наурызда Халықаралық қатынастар жөніндегі Король институтында (The Royal Іnstіtute of Іnternatіonal Affaіrs) “Кеңес Одағы және Шығыс Түркістан” және 29 наурызда “Корольдік Орталық Азия қоғамында” (“The Royal Central Asіan Socіety”) “Түркістан большевиктік диктатураның 15 жылғы билігінен кейін” деген екі баяндама қоюға уағдаласады.
Бірінші баяндама кезінде жиынға сэр Перси Сайкс (Sіr Persy Sykes) төрағалық етеді. Баяндамаға дейін ол М. Шоқайға Халықаралық қатынастар жөніндегі Король институтының жабық мекеме екендігін, баяндамаға ағылшын азаматтары мен Мұстафаның жерлестері ғана шақырылып отырғандығын айтады [23].
П. Сайкс – ұзақ уақыт бойы Англияның Персия мен Қашғардағы елшісі болған, парсы тілін жетік меңгерген адам, Орталық Азия тарихы мен мәдениетінің білгірі.
Институтта баяндама жасау жөніндегі құрмет кез келген шетелдік ғалымның пешенесінде жазылмаған, Институтқа мүшелікке қабылдаудың өзі де ағылшындар үшін шектеулі болатын. Институт жарғысы бойынша шетел азаматтарына мәртебелі жағдайына орай ғана ондағы кездесулерге рұқсат берілетін-ді.
Осындай қатаң талаптарға қарамастан М. Шоқай өзінің білімдарлығымен жиналған қауымды таңғалдырады. 1933 жылы 30 наурызда Халықаралық қатынастар жөніндегі Король институтының Ғылыми кеңесінің төрағасы сэр Н. Малькольм (Nell Malcolm) М. Шоқайға баяндамасының өте қызықты болғанын және оны Кеңес мүшелерінің барлығының құптағанын хабарлап, алғыс сезімін білдіреді.
М. Шоқайдың Орталық Азия қоғамындағы екінші баяндамасы да үлкен қызығушылық тудырады. Баяндамаға мұнда да сэр П. Сайкс, “Таймс” газетінің редакторы Филипп Грэвс (Phіlіpp Graws) қатысады.
Халықаралық қатынастар жөніндегі Король институтында М. Шоқайға Шығыс Түркістандағы ахуал, кеңес-жапон қатынастары жөнінде сұрақтар қойылады. Лондонда болған бір жұма сапары барысында М. Шоқай ағылшын парламентінің мүшелерімен, дипломаттарымен және журналистерімен пікір алмасады.
Парламент мүшесі, Қытай мәселесі жөніндегі ерекше комиссияның төрағасы Уильямс Наннмен (Wіllіams Nunn) әңгіме барысында М. Шоқай Англияның КСРО мен Қытай арасында буферлік мемлекеттің болуын қалайтындығын, осыған байланысты Шығыс Түркістанға қолдау көрсетуге бейімділік танытатынын анықтайды. Мұстафаның өз баяндамасында осындай көзқарас білдірілген болатын. У. Нанн М. Шоқайдан әңгіме мәтінін толықтай қағаз бетіне түсіріп беруді сұрап, өз тарапынан оның негізінде Қытай мәселесі жөніндегі ерекше комиссия мен Консервативтік партия фракциясының отырысында мәлімдеме жасайтындығын айтады. Ағылшын депутаты 1934 жылдың 17 шілдесінде осы уәдесінің орындалғаны жайында М. Шоқайға хат жазып, Шығыс Түркістанға қолынан келетін көмек беруге әзір екендігін [24] хабарлайды.
М. Шоқай Түркістан мәселесі туралы да өз пікірін білдіргенге ұқсайды. Хатта: “Құрметті мырза! Сізге меморандумыңыз үшін үлкен рақмет айтамын. Оны іждағатпен оқып шықтым және ол бойынша оң шешім қабылдату бағытында күш-жігерімді аямаймын” делінеді. Бұған қарағанда М. Шоқайдың Ұлыбританияға сапары ғылыми-танымдық сипатпен шектелмегендігін, оның үлкен саяси мақсаттарды көздегенін байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |