Алайда М. Шоқай Англия Кеңес Одағы жөнінде екіұдай көзқараста, дегенмен Консервативтік партияға жақын топтар бұл елге, оның сыртқы саясатындағы әрекеттеріне теріс ұстанымда деген қорытындыға келеді. Ол герцогиня Атольскаяның салонына шақырылған кезінде консерваторлардың Кеңес Одағындағы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, ұлт араздықтары [25] туралы әңгімелерден осындай әсер алып шығады. Осыған қарамастан Англияның КСРО-ны Ұлттар Лигасына қабылдауға келісім беріп отырғанын, бұл қадамының Германиядағы жағдайға байланысты екендігін естиді.
М. Шоқай Лондонда эмиграциядағы ұлттық топтардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай барлығына, бірақ олардың ұлттық мүдделеріне әлемдік деңгейде назар аударылу үшін Кеңес өкіметіне қарсы ортақ майдан құрылуының маңыздылығына [26] көзі жетеді.
М. Шоқайдың Халықаралық қатынастар жөніндегі Король институтында жасаған баяндамасы “Шығыс Түркістанды жаулап алу” деген, атымен Лондонның “The Slavonіc and East European Revіew” деген, әлем жұртшылығына белгілі журналында жарияланады [27]. Ал, екінші баяндамасы ешбір өзгеріссіз Орталық Азия қоғамының баспасөз органында жарық көреді [28].
Саяси қайраткер және халықаралық сарапшы, ғалым ретінде танылуына байланысты мүмкіндіктерді М. Шоқай жеткілікті пайдалана алмайды, қаражатының таусылуы себепті 30 наурызда елге (Парижге) аттануға мәжбүр болады. Бұл да Мұстафаны “ағылшын тыңшысы” деген сөздердің шындыққа жанаспайтындығын дәлелдейді. Ол мақалаларының басылуы мен ағылшын тіліне аударылуына дейінгі шығындардың барлығын өзі төлейді. Кейін Мұстафа Лондонда тағы да бес күнге қалуға өтініш жасағанын, “өкінішке қарай, оған мүмкіндігінің болмағанын” [29] еске алады.
М. Шоқайдың Англияның түрлі саяси топтарындағы көңіл-күйді толық танып-біле алмағандығына өкінуі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының жеңіске жетуінде қолайлы халықаралық жағдайдың қалыптасуының маңызды орын алатындығына байланысты болатын. Ол “Яш Түркістанның” беттерінде жарық көрген “Алманиядағы қаржы дағдарысы”, “Ағылшын дағдарысы”, “Қытайда”, “Маньчжурия мәселесі және дүниежүзі баспасөзі”, “Қиыр Шығыста”, “Америка мен Кеңес үкіметінің Жапонияға қарсы жоспары”, “1936 жыл ішіндегі халықаралық жағдай”, “Алмания, Италия және Жапонияның Кеңестерге қарсы бағытталған келісімі”, “Австрия мәселесі”, “Халықаралық өмірден: АнглияИталия келісімі” және басқа да мақалаларында халықаралық өмірдің өзекті мәселелеріне талдау жасайды.
Журналда жарық көрген “Қытайлар мен Кеңес өкіметінің Шығыс Түркістандағы достығы”, “Шығыс Түркістан мәселесі төңірегінде”, “Шығыс Түркістан, сыртқы дүние және біздің міндеттеріміз”, “Шығыс Түркістанда” деген мақалалар халықаралық қауымдастықта түрік халықтарының ұлттық бостандық үшін күресі төңірегінде оң пікір қалыптастыруға көмектеседі. 1934 жылы “Последние новости” газетінде М. Шоқаймен сұхбаттасу негізінде жазылған “Шығыс Түркістанда не болып жатыр?” деген мақала жарық көреді. Онда М. Шоқай Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысының Кеңес өкіметінің көмегіне сүйенуі және Қытайға ғана қарсы бағытталғандығы жайлы жорамалды жоққа шығарып, бұл қозғалыстың отаршылдықтың қандай түрін де қабылдамайтындығын айтады.
1933 жылдың көктеміне қарай көтеріліске шыққан қазақтар, ұйғырлар, қырғыздар, дүнгендер мен моңғолдар Шығыс Түркістанның тоқсан пайыз аумағына бақылау орнатады. Сол жылы 10 шілдеде олар азат етілген аудандарда Шығыс Түркістан Республикасын жариялайды. Кейінірек Қашғар қаласына орын тепкен Шығыс Түркістан Ислам Республикасының уақытша үкіметі құрылып, оны Мұхаммед Имин мен Сәбит Дамолла басқарады.
Мұстафа үкімет құрамы мүшелерінің көпшілігімен, үкімет қабылдаған құжаттармен танысады. Оның басшылығымен ТҰБ 1933 жылы 12 қарашада Шығыс Түркістан Республикасымен қатынас орнатады.
М. Шоқай Шығыс Түркістанның географиялық, экономикалық және саяси жағдайы туралы әдебиетті, Ресей мен Шыңжаң арасындағы сауда жолдары, Шәуешек, Хоргос және Қашғар жөніндегі көне зерттеулерге дейін, батыс баспасөзіндегі материалдарды оқып, маңызды деп тапқан ой-пікірлерді жазып алып отырады [30].
Өмірінің соңғы күндеріне дейін Мұстафа Тяньцзинде (Қытай) шығатын “Шарк авазы” (“Шығыс үні”) атты айлық журналды алдырып, Қытай аумағында өмір сүріп жатқан түркістандықтардың өміріне зер салады. Оның Париждегі мұрағатында осы басылымның 1941 ж. 4 маусымдағы 22-саны мен сол жылдың 1 шілдесінде шыққан 23-саны сақталған. Оның беттерінде жарияланған “Көктүрік империясы”, “Қоқан автономиясы” секілді мақалалармен, кейбір жолдарының тұсына белгі қоя отырып, танысып шығады [31].
Мұстафа Шығыс Түркістандағы жағдай жөнінде ТҰБ-ның Пешавардағы өкілі Междеддин Делил арқылы үнемі хабардар болып отырады. Шығыс Түркістанды азат ету комитетінің үндеуін алдыртып, ондағы талаптардың прогресшілдік сипатта екендігіне көзі жетеді. М. Шоқайдың мұрағаттық қорында сақталған осы үндеудің кейбір тармақтары мынадай:
1) Шығыс Түркістанның үкіметін осы өлкеде тұрып жатқан барлық ұлттардың санына орай құру;
2) Үкімет басшысының түрік ұлтынан болуы;
3) жергілікті басқару сол өңірдегі халыққа тапсырылып, ісқағаздарын сол жерде көпшілікті құрайтын ұлт тілінде жүргізу;
4) Шығыс Түркістанның ресми тілі ретінде түрік тілін жариялау, орталық өкіметпен ғана қарым-қатынаста қытай тілін қолдану;
5) мектептердегі оқудың оқушылардың ана тілінде жүргізілуі, халыққа білім беру ісінің мемлекет тарапынан қаржыландырылуы;
6) көтерілісшілердің барлығына бірдей рақымшылық жариялау;
7) Ішкі Қытайдан Шыңжаңға Түркістан үкіметінің рұқсатынсыз қоныс аударуға тыйым салу;
8) Қытай жасақтарымен қосыла отырып көтерілісшілерге, жалпы түрік халқына айуандық қатыгездіктер жасаған орыс ақгвардияшылары қарусыздандырылып, олардың басшыларын жазаға тарту т. с. с. [32].
М. Шоқай 1936 жылы С. Ростовскийдің “XІX – XX ғасырлардағы патша өкіметі және Синьцзян” деген еңбегімен, ағылшын, итальян, француз тілдеріндегі басылымдармен танысады [33].
М. Шоқай шығармашылығындағы басты тақырыптардың бірі Кеңес Одағының Түркия және басқа мұсылман елдері жөнінде жүргізіп келген саясатының екіжүзділігін әлем халықтарына жария ету болып табылады. “Түркия-кеңес достығы”, “Большевиктердің “түрік достығы” (“Яш Түркістан”), “Константинополь және бұғаздар” [34], “Персияда не болды?” [35], “Большевиктер және Ауғанстан” [36], “Жаңа емес, ескі ұран” [37] атты еңбектерінде Мұстафа Кеңес өкіметінің шығыс халықтарына дос болып көрінуге тырысуы, ондай саясаттың түпкі мақсаты Түркияны әлжуаз мемлекетке айналдырып, Ауғанстан мен Иранды өздеріне қарату екендігін жазады. Большевиктердің Түркия жөніндегі саясаты М. Шоқайдың бұрынырақ жарияланған “Большевиктер және шығыс мәселесі” [38], “Большевиктер және анатолиялық қозғалыс” [39], “Большевиктердің шығыс-түрік мәселесіндегі тайсақтығы” [40], “Кемалистер және большевиктер” [41] деген мақалаларында да сынға алынған-ды.
М. Шоқайдың мұрағаттық қорында “Ayіn Tarіhі” журналында жарияланған египет-ағылшын қатынастары туралы көлемді мақаланың [42] сақталуы, басқа да сан алуан мағлұматтар, Иерусалимде шығатын “Эль-Джамиет-эль-Араб”, Каирдегі “Эль-Иттихад” газеттерімен шығармашылық байланыстар орнатуы қазақ қайраткерінің дүниетанымы көкжиегін кеңітіп, халықаралық қатынастарды жеке ел, не өңір шеңберінде емес, әлемдік аумақта бағалауына мүмкіндік береді.
“Париж шолуы”, “Париж дауысы”, “Темп”, “Женева газеті”, “Саясат және парламент шолуы” [43] секілді басылымдардағы Түркістан туралы материалдардың барлығы дерлік М. Шокайдың сараптамасынан өтеді. 30-жылдардың орта кезінен ол француз-кеңес қатынастарына қатысты материалдарды жинастырумен шұғылданады. М. Шоқайдың мұрағаттық қорындағы “La Revue des deux mondes” (Париж, 1933), “Osteuropa” (1934, aprіl) журналдарының кейбір сандары, “Le Populaіre”, “Le Quatіdіen”, “Parіs-mіdt”, “Nouvelles de L'йtrangere”, “Trіbune Lіbre”, “Le Matіn” т. б. француз газеттерінен, кеңес баспасөздерінен (“Известия”, “Правда”) қиып алынған материалдар, Андре Тардьенің “Alerte aux Franςais” (1936) атты еңбегі [44] Франция мен Кеңес Одағы арасындағы мемлекетаралық қатынастардың қаншалықты жүйелі түрде зерттелгенін көрсетеді.
М. Шоқай назарына “Остойропа” журналында жарияланған неміс профессоры Отто Гётчтің “Ресей және Шығыс Еуропа” [45] деген мақаласы да ілігеді. Онда Кеңес Одағының Шығыс Еуропа мемлекеттеріне орай жүргізіп отырған саясаты баяндалған болатын.
Мұстафаның Кеңес Одағының сыртқы саясаты, әсіресе, неміс-кеңес қатынастары жөнінде жинастырған материалдары 200 беттен асады [46]. Олардың ішінде шетел баспасөздерінен қиып алынған А. Канторовичтің, Н. Корнеевтің, Карл Радек, Д. Ихок, Иоганн Вальтер, С. Викторов, К. Гофман, Н. Аржанов, А. Трайнин, Б. Сергеев т. б. авторлардың мақалалары, ТАСС-тың мәлімдемелері бар.
М. Шоқай шабуыл жасамау туралы кеңес-герман келісімшарты туралы итальян, француз, неміс, ағылшын, американ, канада, жапон, қытай, түрік баспасөздеріндегі жұртшылық пікірлерін сарапқа салады. Осыған қарағанда ол Түркістан азаттық қозғалысының тағдыры Кеңес Одағы мен Германия арасындағы қарым-қатынастардың өрбуіне, Италия, Франция, Ұлыбритания, Түркия секілді мемлекеттердің қандай ұстанымда болатындығына байланысты деп ойлайды.
Халықаралық қатынастарды, әлем елдерінің бір-бірімен байланыстарын зерттеу Мұстафа үшін жай қызығушылық емес, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының стратегиялық мақсат-мүдделерін жүзеге асыру қажеттіліктерінен туындайды. Осы мақсатта ол “Түркістан Ұлттық Бірлігі” ұйымын бірнеше мемлекеттердің басын қосып отырған Ұлттар Лигасында танытуға күш салады. 1931 жылы шілде айында Ұлттар Лигасының қыркүйектегі Ассамблеясына табыстау үшін М. Шоқай ТҰБ-ның меморандумын дайындауға кіріседі. Құжатта большевиктердің Орта Азия республикаларындағы әлеуметтік-экономикалық эксперименттеріне баға беріліп, ТҰБ-ның мақсаттары мен міндеттері айтылады. “Ұйымның мұндай қадамының, өзіміздің ішкі топтасуымыз бен ұлттық, саяси нығаюымызға ықпалын былай қойғанның өзінде, отандастарымыз үшін қаншалықты маңызға ие болатынын айтып жату артық болар” [47] деп ескертеді М. Шоқай.
Меморандумды Женевада Ұлттар Лигасына ТҰБ-ның төрағасы, хатшысы және оның Еуропадағы өкілі М. Шоқайға табыстау жүктеледі.
1934 жылдың 9 қыркүйегінде Түркістан, Кавказ және Украина орталықтары Ұлттар Лигасына Кеңес өкіметі тарапынан аталмыш өңірлердің халықтарына жүргізіліп отырған ұлттық езгі жөнінде мәлімдеме жасайды. Осыдан кейін бұл ұйымның бірқатар беделді мүшелері осы наразылыққа жауап ретінде Кеңес үкіметіне орыс емес ұлттардың талаптарын ескеру қажеттігі туралы мәселе көтере бастайды [48].
Келесі жолы М. Шоқай Мирякуб Мехтиев (Әзірбайжан), Т. Чакман (Солтүстік Кавказ), А.Чхенкели (Грузия), А. Шульгин (Украина) секілді қайраткерлермен бірге 1936 жылы 25 қыркүйекте Ұлттар Лигасы XVІІ Ассамблеясының президенті М. Сааведра Ламасқа “Қызыл империализмге қарсы наразылық” [49] жолдайды.
М. Шоқайды 30-жылдардың аяғына қарай шиеленісіп бара жатқан халықаралық қатынастардың барысы, бұл мәселенің Түркістан, Украина, Кавказ елдері халықтарының тәуелсіздік үшін күресіне тигізер ықпалы аса мазалайды. Ол саяси оқиғалардың даму барысын алдын ала болжауға ұмтылады. М. Векилли 1938 жылдың 4 мамырында “Құрметті Адаш!” деп хат жазып, М. Шоқаймен осы мәселе төңірегінде ой бөліседі. “Соңғы кездегі саяси оқиғалар біздің көкжиектерді біресе айқындайды, біресе ойға қалдырады. Сіздің пікіріңіз қандай екенін білмеймін: биыл оқиғалардың өрбуі біз күткен бағытта ма, әлде тағы бұйығы жылдар мен ұзақ күту тосып тұр ма?! Қиыр Шығыста әскерлердің соншама көптігіне қарамастан, мұнда жұмбақ тыныштық” дейді ол.
10 мамырда М. Шоқай М. Векиллиге “барлық сыртқы белгілер соғыс болатынын меңзейді... мұндағы (Еуропадағы) сыртқы жағдай біздер үшін ең қолайлы болып көрінеді. Бірақ біз оны пайдалана аламыз ба, ол біздің мүдделерімізге сай келе ме, жоқ па, бұл – үлкен мәселе. Көп нәрсе біздің кавказдық достарымыздың тәртібіне байланысты” [50] деп жауап қайырады. Бұл орайда да М. Шоқай көрегендігімен, терең ойшылдығымен ерекшеленеді. Азия мен Еуропадағы ірілі-ұсақты мемлекеттердің тарихын, ішкі және сыртқы саясатын сарыла зерттеудің арқасында ол Еуропада соғыстың болатыны туралы тоқтамға келеді. Үлкен гуманист ретінде ол қантөгістің болуын қаламайды, бірақ Германия мен Кеңес Одағы арасында соғыс бола қалған жағдайда оны ұлттық мүдделерге орай қалай пайдалануға болатындығына, оның Украина, Кавказ, Түркістан халықтарының тәуелсіздігі үшін күресіне не беретіндігіне көңіл бөледі.
Мұстафа бір халықты екінші халықтан астам көретін фашистік Германияның нәсілшілдік теориясына да, басқа халықтардың орыс ұлтына сіңісіп жоқ болып кетуін мақсат тұтатын Кеңес Одағының “интернационалистік идеологиясына” да бүкіл жан-тәнімен қарсы шығады. Ол бірде-бір халықты тегіне, нәсіліне қарап кемітіп көрген емес, санына, тіліне, дініне қарамастан барлық халықтарды тең құқылы деп есептейді. Өмір бойы езілген, зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың жағында болады. ІІ дүниежүзілік соғыс басталған кезде Мұстафа мен оның жақын серіктері А. Оқтай мен Т. Шағатай немістер оккупациялаған халықтармен ынтымақтастықтарын білдіреді.
1939 жылдың 2 қыркүйегінде А. Оқтайдың Мұстафаға Анкарадан жолдаған хатында ондай көңіл күйі айқын байқалады. “Күтілген соғыс ақыры басталды. Мұның артының не боларын заман өзі көрсете жатар. Германия әскерінің Польшаға шабуылға кіріскендері жөнінде хабарлар бар... Бұл жағдайда біздің, Түркістан тәуелсіздігі жолындағылардың, ықыласы, әрине, өз туған жерін, өз мемлекетін қорғаушылар жағында” [51] дейді ол.
Осыдан біраз күн өткеннен кейін А. Оқтай Анкарадан: “Достарымыздың (поляктарды айтады. – К. Е.) басына түскен пәлекет, сөз жоқ, біз үшін де сол дәрежедегі қасірет. Халқымыздың дұшпандары – бәрімізге ортақ дұшпан... Мен ұлттық мүддені түсінген, ұлт намысын жанынан да жоғары қоятын халықтардың, оның жанды мысалы – достарымыздың бүгінгі душар болып отырған қасіретін өткінші, уақытша деп білемін және ақиқаттың қандай мықтыны да жеңетініне сенемін” [52] деп жазады. А. Оқтайдың бұл ұстанымы – өзінің рухани ұстазы М. Шоқайдың да ұстанымы екендігіне күмән жоқ.
М. Шоқайдың саяси қызметінің де, халықаралық оқиғаларды зерделеуі мен ғылыми-публицистикалық ізденістерінің де негізін тарихилық принциптері құрайды. Ол үшін өткенді пайымдау оқиғалар мен құбылыстардың орын алуы мен дамуының түпкі себептерін ашу, сол арқылы белгілі бір саяси мақсатқа жету жолындағы кедергілерді жеңу, жіберілген кемшіліктерді түзету үшін қажет. Олай болмаған жағдайда өткен-кеткенді саралау ділмарлық пен жай мылжыңға айналады дейді Мұстафа. 1917 жыл туралы естелігінде ол қызыл сөздің құлы болудан, өзін дәріптеуден бойын аулақ ұстап, алғашқы ұлттық құрылым – Түркістан Мұхтариятының дүниеге келуіндегі объективтік қиындықтармен қатар, ұлттық күрескерлер тарапынан жіберілген қателіктерді пайымдауға күш салады. Өзін-өзі басқару жолындағы маңызды қадам болып табылатын Мұхтарияттың тарихтан алатын орнын анықтап, ол құлағаннан кейін өріс алған басмашылықты жалғыз Түркістанның ғана емес, “жалпы алғанда кеңестік билікке қарсы қозғалыс тарихында ерекше маңызы бар күллі халықтың көтерілісі” деп бағалайды.
Мұстафа саяси күрестің бағыт-бағдарын дұрыс анықтау үшін тарихи оқиғалардың шынайы зерттелуіне үлкен мән береді. Осыған орай ол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің, Түркістан Мұхтарияты мен басмашылар қозғалысының бір-бірімен өзара тығыз байланыста, бір арнадағы, бір сипаттағы оқиғалар екендігіне назар аударады. “1916 жылғы көтерілістер “Қоқан автономиясы” және “басмашылар әрекеттерімен” қосылып, орыс тепкісіне қарсы бағытталған ұлттық қозғалыс тарихымыздың ең маңызды құбылыстарының бірінен саналады” деп жазады.
1916 жылғы қозғалыс – жалпы алғанда ұлттық қозғалыс, онда таптық күрестің елесі де болған жоқ. Осыған қарамастан кеңес тарихшылары оны Түркістан шаруалары мен ұлттық пролетариатының орыс мұғажыр мұжығы және орыс пролетариатымен бірлесе отырып, орыс пен Түркістанның буржуазия табына қарсы жүргізген күресі ретінде түсіндіреді.
“Орыс мұжығы мен орыс пролетариатын 1916 жылғы көтеріліс кезінде түркістандықтарға көмектескен етіп көрсету тарихи шындықты бұрмалағандық қана болып қалмастан, өтірікті ойдан шығарудың теңдессіз үлгісі де бола алады” дейді Мұстафа.
1916 жылғы қозғалыстың түптамыры патшалық Ресейдің қоныс аудару саясатынан, орыс мұжықтарына жергілікті халықтың шұрайлы жерлерін тартып алып беруден, отарлық зорлық-зомбылықтардан туындайды.
Орыс мұжықтар, кеңес тарихнамасында көрсетілгендей, отаршылдық саясаттың құрбаны емес, қайта оның ең басты әлеуметтік тірегі болды. Өйткені патша өкіметі мұжыққа сүйенсе, мұжық патшалық өкімет жүргізіп отырған жер саясатының игілігін көріп, өз жерінде түсіне енбеген байлыққа кенелді.
Осылайша М. Шоқай қоғамтанушылардан бірінші болып Ресейдегі жалпы революциялық процестің біртұтастығы туралы лениндік тұжырымдаманың негізсіздігін көрсетті, себебі орыс пролетариатының алдына қойған өз мақсат-мүдделері болды, ал ұлттық қозғалыстар олармен жанаспай, өз арнасында дамиды, өзінің мұң-мұқтажын көздейді. Сондықтан, “1916 жылғы Түркістан көтерілісі – Ресейге және жалпы орыстыққа қарсы бағытталған ұлттық бас көтеру” деп түйіндейді М. Шоқай. М. Шоқайдың “Түркістан ұлттық күресінің себептері мен мақсаттары” атты еңбегі Истанбұлда шығатын “Ақшам” газетінің 1931 жылдың 19 шілдесіндегі санында жарық көрген “Агент Лоуренс Түркістан халқын орыстарға айдап салды” деген мақаласына орай жазылады. Онда Мұстафа түрік халықтарының азаттық қозғалысының түпкі себептерін қайдағы бір ағылшын тыңшысының әрекеттерінен іздеушілікті тарихи шындықты көпекөрінеу бұрмалаушылық екендігін, олардың күресінің кеше ғана басталмағандығын, 1916 жылғы патша жарлығына жаппай көтеріліспен жауап бергенін оқырмандар есіне салады. Түрік халықтарының бойкөтерулерінің большевиктік үстемдікке қарсы жалғасып отыруының басты себебі мен мақсаты тәуелсіздікке қол жеткізу деп нақтылайды. Бұл мәселелерді ол 1923 жылы “Orіent et Occіdent” журналындағы “Ресей саясаты және Түркістанның ұлттық саясаты” деген еңбегінде де көтереді.
Қантөгісті жолдармен билік басына келген большевиктер тарихты да бұрмалап көрсетуге мүдделі болады. Сондай әрекеттердің бірі П. Алексеенковтың 1931 жылы Ташкентте жарық көрген “Қоқан автономиясы” [53] атты кітабы болатын. Ондағы әуелі М. Тынышпаев, кейін М. Шоқай басқарған бұл мемлекеттік құрылымның қозғаушы күштерін, үкімет құрамын және большевиктердің оны аяусыз жаныштауын бұрмалап көрсетуге бағытталған айла-шарғыларды талдау арқылы М. Шоқай өлкеде орыс пролетариаты диктатурасы үшін ешқандай әлеуметтік негіз болмағанын көрсетеді. П. Алексеенков Түркістан Мұхтариятының халықтық сипатын жоққа шығаруға тырысады [54].
М. Шоқай орыс тарихшысының алдына мақсат етіп қойған осы тұжырымды дәлелдеу үшін ғылымға жат зерттеу әдістеріне жүгініп, тарихи фактілерді үзіп-жұлып пайдаланғандығын жазады. Оның “Бір ғылыми өтірікке қарсы” деген мақаласын өткір памфлет ретінде де, зерттеу әдістері мен принциптерін толық меңгерген ғалымның салиқалы ізденісі ретінде де қабылдауға болады. Онда таптық принципке негізделген тарихнаманың осал тұстары дөп басып атап көрсетіледі. Ол жөнінде ғалым-тарихшы М. Шоқай былай деп жазады: “Тарих жазудың екі жолы бар. Бірінші жолы: зерттеуші өмірде болып өткен оқиғаларды көңіл қойып жинастырады. Оларды хронологиялық реті бойынша заманның жағдайына, ахуалына қарай зерттейді. Мәліметтер мен ақпараттардың бұлақтарын іздейді. Жиналған мәліметтерді өзінің ғылыми зердесінен өткізеді, орнына салады және ол мәліметтерден өзін бейтарап ұстай отырып, талдау жүргізеді. Шын мәніндегі ғылыми тарих, міне, осындай тәсілмен жазылады.
Екінші жол: зерттеуші көздеген мақсаттарын күні бұрын белгілеп алады да, соған жету үшін оқиғалар құрастырады” [55].
Кеңес тарихшыларының көпшілігі, оның ішінде жоғарыда аталған П. Алексеенков та, осы соңғы топқа жатады.
Ғылыми ақиқатты бұлайша “түсіндіру” тәсілінің көзбояушылық пен дүмшелік екендігіне Мұстафа нақтылы мысалдар келтіреді. Дүниежүзінің біршама елдерінде белгілі бола бастаған шығыстанушы А.-З. Валидидің өзі де М. Шоқайдың бұлтартпас дәлелдерге негізделген құрығынан құтыла алмайды. Қазақ қайраткері кімнің алдында болса да кібіртіктемей, бүкпесіз сөйлейді.
М. Шоқай саяси күресте де, зерттеу әдістерінде де белгілі бір моральдық принциптердің болатындығын, шындыққа апаратын жолдың өзі де шынайы болуы керектігін ескертеді.
М. Шоқай шынайы тарихи ізденістердің сабақтарын саяси мақсатта пайдалануды қалағанымен, тарихи ізденістерді саяси мүддеге бағындыру арқылы жүргізуге үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Оның қандай еңбегін алсақ та, осы зерттеу принципінен айнымайды. Ілгері жылжудың басты шарты – “қаншалықты зор, ащы болсын – ақиқатын айту” екендігінен ауытқымайды. Мұны ол, тіпті, ұлт-азаттық күрес барысында шейіт болғандардың алдындағы парыз деп ұғынады.
М. Шоқайдың “Яш Түркістан” журналында да, ағылшын, француз басылымдарында да түркістандықтардың ұлт-азаттық күресі тарихына қайта-қайта үңілуі өлке тұрғындарының сыртқы күштерге қарсы шығуының оң да, теріс те тұстарын ашып, алдағы уақытта ондай келеңсіздіктерге жол бермеу ниетінен туындайды.
Тарихи зерттеу әдіснамасының кейбір мәселелері оның “Кеңес патриотизмінен – орыс ұлтшылдығына” деген мақаласында көтеріліп, мұнда тарихи ізденістер мен идеология арасындағы өзара қарым-қатынас туралы өзекті тақырып қозғалады.
М. Шоқай кезінде марксизмнің негізін қалаушылардың Ресейді “халықтардың түрмесі” деп атағандығын, ал профессор М. Н. Покровскийдің орыс тарихын осы тұрғыдан жазып шыққандығын, алайда оның бұл зерттеуі жаңа кезеңде орыс ұлтшылдығына қайшы келетіндіктен, “ленинизмге қарсы” деп жарияланғандығын еске салады. Мұнан кейін осы “жаңа теория” бойынша Кеңес Одағы құрамындағы халықтардың тарихы қай тұрғыдан, қандай бағыттарда жазылуы жөнінде тиісті нұсқаулар берілгендігіне тоқталады. “Сталиннің айтуынша, Ресей тарихын күштеп отарлау тарихы деп сипаттау дұрыс емес. Ресей империясының тарихы көрші елдермен оңды қарым-қатынастар, өзара кірігулер нәтижесінде “табиғи түрде” жасалған тәрізді. Бұл көзқарас бойынша, Ресей Түркістанды да, Кавказды да немесе басқа бір орыс емес өлкелерді де отар етпеген көрінеді. Олардың бәрі жағырапиялық жағдайлар мен тарихи заңдылықтар жолымен Ресейге табиғи түрде қосылып кеткен сияқты” [56].
Орыс ұлтшылдығын дәріптеу барлық баспасөз беттерінде жүргізіліп, мектеп оқулықтарына енгізіледі. “Правда” газетінде: “Кеңестік республикалар арасында ұлылығы жағынан бірінші орында Ресей Федерациялық Республикасы тұрады... Тең құқылы халықтар арасында біріншілік орыс халқына, орыс жұмысшысына, орыс еңбекшілеріне тиесілі. Өйткені төңкерістің алғашқы жеңістерінен қазіргі күн сәулетті дәуірге дейінгі барлық істерде оның (яғни орыс халқының) орны ерекше” [57] деп көрсетіледі. Осылайша кеңес дәуірінде де орыс үстемдігі идеологиялық тұрғыдан негізделеді. Басқаша сөзбен айтқанда, Кеңес өкіметінің саясаты патша өкіметі саясатының тікелей жалғасы ретінде көрінеді.
М. Шоқай кеңес ұлт саясатының негізгі мақсаты орыс емес халықтарды ұлтсыздандыру, олардың ұлттық белгілерін жоспарлы түрде жоя отырып орыстандыру екендігін дәлелдеп береді. Орта Азияны әкімшілік-аумақтық межелеу, қоныс аудару саясатын жүргізе отырып, өлкедегі демографиялық ахуалды өзгерту және орыстардың басымдылығын қамтамасыз ету осы мақсатты көздейді. Осы шаралардың қатарында идеологиялық мүдделерге орай тарихты бұрмалау және өкімет пен орыс ұлтын бір мағынада ұғынуды халық санасына енгізу секілді әрекет те орын алады.
М. Шоқай еңбектерінің әдіснамалық негізін елдегі орыс ұлтшылдығының үстемдігі мен тоталитарлық жүйе арасындағы өзара байланыс жөніндегі қағида құрайды. Мұсылман республикаларында орнатылған отарлық, тоталитарлық жүйе идеологиясының ұлттық күрестің жетекшілеріне жала жабу, оларды қаралап, кертартпа ағымдарға жатқызу арқылы жүргізілетіні Мұстафаның “Түркістан лениншілдеріне жауап” деген (1930 ж.) мақаласында жан-жақты талданады. Онда Кеңес өкіметінің әлеуметтік, экономикалық және мәдени салалардағы дағдарысты жекелеген адамдардың іс-әрекеттерінің салдары деп түсіндіру, соңғыларын “шоқаевшыларға” жатқызуға тырысу әрекеттері әшкереленеді. Ұлт жетекшілеріне қарсы отаршылдардың күрес тәсілдерінің бірі – оларды Англияның, Түркияның, Жапонияның немесе басқа да мемлекеттердің “тыңшысы”, “сыбайласы” етіп көрсету. Оның бір мысалын кеңес баспасөзінің М. Шоқай Түркістанды ағылшын доминионына айналдыру үшін күресуде деген жаласынан көруге болатын.
Кеңес қайраткері Нәби Қыдыров өзінің бір еңбегінде: “Біз өз тағдырымызды кімдермен бірге және қайсы жолмен шеше аламыз: Мәскеудің басшылығымен, Мәскеудің көрсеткен жолымен бе, жоқ әлде ағылшындармен бірге ме?” деп жазады. Қазақ, не өзбек халқын тарих субъектісі деп есептемейтін мұндай адамдардың, әрине, М. Шоқайды да өз пайымдаулары шеңберінде ғана бағалауға тырысатыны белгілі. Себебі олар – Мұстафа шыққан биікке шыға алмаған жандар.
Ұлт-азаттық қозғалысының мәні мен мақсатының өңін айналдырып көрсету әрекеттеріне М. Шоқай: “Кеңес өкіметіне, “орыс басшылығына” қарсы бағытталған біздің күресімізді Түркістанда ағылшындар үстемдігін орнату жолындағы күрес деп есептеу ардан безген адамдардың ісі болмақ” [58] деп тойтарыс береді. Ұзақ жылдар бойы жат жұртшылықтың езгісінде болып келген халықтың бір бөлігінде болса да құлдық психология қалыптаспай қоймайды. Ондай жандардың Н. Қыдыровша ойлау парқы да бұл тұрғыдан алғанда “заңдылық” болып көрінеді. “Нәби мырзаның ойынша, Түркістан не орыстардың, не ағылшындардың қол астында болуы керек тәрізді. Кеңестердің тәрбиесінде өскен Түркістан лениншілдерінің кейбіріне орыс отаршылдығының ықпал еткені соншалық, олар тіпті өз атамекенінің тәуелсіз, еркін өмір сүре алатынын саналарына сыйғыза алмайтын күйге жеткен” дейді М. Шоқай.
Жат жұртшылықтың тәртібімен өмір сүруді “жетістікке” санаушылық “тұтқын синдромы” секілді құлдық психологиядан ғана туындайды. Осыған байланысты М. Шоқай үндістандық Лайпорт Ройдың “Кез келген ұлт үшін дүниедегі ең зор бақытсыздық – басқа бір ұлттың тепкісіне түсу” деген пікірін келтіреді. Сондықтан да ұлттық дербестікке құштарлығы таусылмаған, өз мәдениеті, өз тілі бар, өз атамекенінде тұрған халықтың азаттыққа ұмтылысы ешқашан да тынбайды.
Он жерден озық деп есептелсе де, бөтен халықтың боданы болу – тұтқында болумен тең. Ал, ұзақ уақыт тұтқында болу адамның сана-сезімін өзгертіп, оны ерік-жігерінен айырады, ақырында тұтқындаушысыз өмір сүре алмайтындай болып көрінеді, қанаушысын “қамқоршы” деп санауға келеді (Қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында да кейбір қазақтардың орыс тілінсіз, орыс билігінсіз өмір сүрудің “қиындығы” туралы “философиялық пайымдары” осы жағдайды еске түсіреді).
М. Шоқайдың “Шовинизм”, “Большевиктер “тарихты” қалай жазады?” деген еңбектерінде де тарихи зерттеулер әдіснамасына орай біршама құнды пікірлер айтылады.
Мұстафа еуроцентристік тұжырымдамаларға қарсы шығып, барлық халықтардың тең құқылығы туралы идеяны алға тартады. “Жалпы адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ. Халықтың бәрі бірдей” [59] деп жазады ол. Оның өмір бойы осы қағиданы бұлжытпастан ұстанғаны жөнінде бір мысалды келтіре кеткен жөн. Шетелде жүрген орыс кадеттерінің мұсылман әлеміне қарсы бағытталған шовинистік насихаты “Последние новости” газетінің 1923 жылдың 10 наурызындағы бас мақаласында тағы бір көрініс береді. Онда Александрия кітапханасын өртеуге Халиф Омардың “бұйрық бергені” туралы аңыз қайталанады. Осыған орай М. Шоқай “Брокгауз және Ефронның энциклопедиялық сөздігіне” сүйеніп, кітапхананы Омардың тұсында (642 ж.) Александрияны арабтар “жаулап алғанда” емес, одан әлдеқайда бұрын фанатик-христиандардың өртеп жібергенін айтып, жауап жазады. Әрине, оның түркістандықтардың ұлттық намысын қорғап, мұсылман халықтарына жала жабушылыққа тойтарыс беруі өмірінің соңғы күндеріне дейін жалғасады.
М. Шоқайдың тарих әдіснамасы мен тарихи зерттеу әдістерін жетік меңгергендігі С. Брайнин мен Ш. Шафироның “Алашорда тарихының очерктері” [60] деген кітабы жөнінде айтқан ой-пікірлерінен айқын көрінеді. Мұстафа бұл авторлардың да басшылыққа алған таптық принципі де шындыққа жетудің кепілі бола алмағанын, Алаш қозғалысының түрік халықтары ұлттық күресінің жалаугері болғандығын жасырудың мүмкін еместігін айтады. “Кітап авторлары Алаш қозғалысын большевиктік тәсілімен талдап болған соң, оқырмандарды осы қозғалыстың кейбір құжаттарымен, соның ішінде партия бағдарламасымен таныстырып кетуі пайдасыз болмас деп ойлаған. Сол себепті олар бұл құжаттарды өзгертпестен және оған түсіндірме беріп отырмастан кітапқа енгізіп жіберген. Мәскеу “Правдасының” ашу-ызасын келтірген, кітапты “Алашорда ақтаушысы” деп атауына себепші болған, міне осы жайт еді” деп жазады М. Шоқай [61].
Алаш қозғалысының тарихын бұрмалаушылыққа қарсы күресі барысында Мұстафа мұнан бір жыл бұрын “Историк-марксист” журналында жарияланған С. Брайнин мен Ш. Шафироның “Алаш қозғалысының тарихын дәріптеу мен оны қара дүрсін түсінуге қарсы” деген мақаласымен де танысып, оны талдауға алады. Мақала 1933 жылдың 8 желтоқсанында Қазақ марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтында оқылған баяндаманың қысқартылған түрі секілді [62].
Мақаланың негізгі катехизисі Алашорданы дәріптеу тап жауларының қарсылық көрсету формасының бірі болып табылады дегенге саяды.
Саяси мүддеге бағындырылып, Алаш қозғалысын қаралауды мақсат тұтқан мақаладағы авторлардың “Ә. Бөкейханов Торғай облысындағы қазақ еңбекшілерінің көтерілісін басты”, “М. Шоқаев Шкапскиймен бірге Жетісуда қазақ және қырғыз еңбекшілері бұқарасына қарсы бүлік ұйымдастырды”, “Алаш интеллигенциясы еш ойланбастан самодержавие жағына шығып, ісімен де, сөзімен де оған көтерілісті жаныштауға көмектесті”, “Алаш интеллигенциясы көшпелі өмір салтын, феодалдық ескіліктің барлық варварлық институттарын қорғады” [63] деген секілді “опустарының” жанына сұрау белгілерін қойып, мұның барлығын “нақтылы материалдар дәлелдейді” [64] деген жалаң сөздің астын сызып, “қайда ондай нақтылы материалдар?” деп жазады.
М. Шоқай кеңес авторларының КСРО-дағы ұлттық қатынастарда ешқандай проблема жоқ деген тұжырымдарын сынға алып, ең болмағанда ұлттық республикаларда басқару аппаратын жергіліктендіру мен ісқағаздарын жергілікті тілге көшіру жөнінде әлі де кескілескен күрестің жүріп жатқандығы [65] туралы жазады.
М. Шоқай тұжырымдарының шыншылдығы оның көптеген дереккөздерін сараптап, мағлұматтарға салыстырмалы талдау жасау арқылы тарихи оқиғалар мен құбылыстардың түпкі мәнін анықтауға тырысуына тікелей байланысты. М. Шоқай І. Қабыловтың “қазақ ұлтшылдығы” жөніндегі мақаласының көшірмесін алып [66], автордың Алашордаға байланысты отыз үш тармақтан тұратын жала жабушылығына тоқталады. “Известия” газеті тілшісінің “Кулактар – отаршылардың ұясы”, “Красная новь” журналынан Н. Юргиннің, С. Ростовскийдің “Патшалық Ресей және Шыңжаң XІX–XX ғасырларда” [67] атты еңбектеріне талдау жасауы М. Шоқайдың дереккөздерін ішкі және сыртқы сынға алу принциптерін жетік меңгергендігінің айғағы бола алады. Мұстафа, әсіресе, авторлар тұжырымдарының негізделуіне үлкен мән береді.
М. Шоқай дереккөздерімен танысқан уақытында мәтіндердің жанына құптарлық, не наразылық қатынасын білдіретін леп, не сұрау белгілерін қойып, кейде қысқаша реплика жасап отырады. Мысалы, І. Қабыловтың мақаласын оқығанда “алашордашылар Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жергілікті жерлерде милитаристік насихат жүргізетін мұсылман комитеттерін құрды” [68] деген жолдарының шетіне сұрау белгісін қоюы – М. Шоқайдың автор пікірінің негізсіздігін білдіргені. Ол мақала авторының алашордашылар “капиталистер, помещиктер, хандар, сұлтандар, байлар, ақсақалдардың мүдделерін қазақ халқының мүдделері ретінде көрсетті” деген жолдарын да жала жабушылық деп бағалайды.
Мұстафа таптық күрес принципі І. Қабылов секілді “интернационалистердің” қаламымен ұлттық аймақтарда өз үстемдігін орнатуда Мәскеудің қолындағы “қаһарлы қаруға” айналып отыр деп жазады. М. Шоқайдың ғылыми жұмысының негізгі бағыты Түркістан ұлттық қозғалысының себептерін батыс әлеміне кеңінен түсіндіру, Кеңес өкіметінің мұсылман халықтарына “азаттық әкелгендігі” туралы насихатын әшкерелеу болады. Оның 1928 жылы француз тілінде шыққан “Түркістан Кеңестер қол астында” деген шағын кітабы да осы мақсатты көздейді. Кітап өзінің публицистикалық пәрменділігі мен ұлттық санаға ықпалы тұрғысынан көптомдық іргелі еңбектің өзінен де басым түсетін еді. Себебі ол бұлтартпас дәлелдерге, ресми құжаттарға негізделеді, сол арқылы Кеңес өкіметінің сөзі мен ісі арасындағы жер мен көктей алшақтықты әлем жұртшылығына ашып береді.
Кітап жөнінде КСРО Орталық Атқару Комитетінің ІV сессиясында Ш. З. Элиава сөйлеп, өзбек үкіметіне М. Шоқайдың бұл еңбегіне жауап беруді ұсынады. “За партию”, “Заря Востока” (Тифлис), “Правда Востока” (Ташкент) басылымдарында қарсы материалдар жарияланады.
Кітабының кіріспесінде М. Шоқай: “Мен деректемелер, оның үстіне жоққа шығарылмайтын деректемелер туралы әңгімелеймін, өйткені бұлардың бәрі кеңес баспасөзінің өзінде тіркелген. Оларды тек қана қабылдап, мойындау қалады” [69] дейді. Кітапқа алғы сөз жазған француз қайраткері Пьер Ренодель: “Шоқаев мырза ең жақсы, ең сенімді тәсілді қолданған. Ол оқырманды өз байқаулары мен пайымдары жәрдемімен иландыруға тырыспайды. Ол мұны большевиктік құжаттардың өздерінің жәрдемімен жасайды” деп жазады.
Кітаптың ғылыми құндылығы жөнінде Францияда, Түркияда және басқа да елдерде пікірлер білдіріледі. Әзірбайжан қайраткері Әлимардан Топчибашы, кітапты оқып шыққаннан кейін, М. Шоқайға келтірген “салмақты” да, “сенімді” дәлелдерінің “кеңестік жұмақ” жөніндегі насихаттың қисынсыздығын, “халықтар теңдігі және бауырластығы дегеннің ауылы әлі алыс жатқандығын” көрсететіндігі жөнінде 1928 жылдың 30 тамызында хат жазады. Ол кітапты “Түркістанның бүгіні туралы Еуропа тілдерінде бұрын-соңды болмаған еңбек” [70] деп бағалайды.
1929 жылдың 24 сәуіріндегі бір хатында М. Шоқай былай деп хабарлайды: “Мәскеуден ұжымдық бір хат келді. Менен брошюрамды енді орыс тілінде шығарудың керектігі өтініледі. “Біз үшін брошюра әшкерелеуші материалдардың жинағы болар еді” делінеді ол хатта” [72].
Хат авторларының “брошюра” деп отырғаны Мұстафаның француз тіліндегі кітабы екені анық. Осы сұранысқа орай жазылған М. Шоқайдың орыс тіліндегі кітабы 1935 жылы Парижде жарық көреді. Онда Түркістанда Кеңес өкіметінің орнауы, оның әлеуметтік-экономикалық және мәдени салалардағы реформалары және олардың салдарлары жөніндегі тақырыптар кеңірек қамтылғанымен, бұрынғы зерттеу әдістері сақталады.
Мұстафа ең алдымен “пролетариат диктатурасының” жергілікті халыққа материалдық игілік әкелмегендігін қазақ халқының жаппай ашаршылыққа ұшырауы мысалымен түсіндіреді.
Мұнда Қазан төңкерісінен кейін іле-шала жүргізілген аштық саясаты он шақты жылдан соң мейлінше қаныпезерлік, жәдігөйлік жолдармен қайталанады. 1917 жылдың қарсаңындағы 40 млн бас мал Кеңес Орта Азиясында 1934 жылы тоғыз жарым миллионға дейін кеміп кетеді. Қазақстандағы мал басының саны да төрт есе кемиді. “Мал бағушы түркістандық халықтың шаруашылықтағы “жетістігіне” бұдан өткен сендіргіш мысал келтіру мүмкін бе?” дейді М. Шоқай.
Ресми мінбелер мен кеңес баспасөзінде тағы да жаппай қырғынды бастарынан кешіріп жатқан қазақтар жөнінде емес, мал басының азаюына ғана өкініш білдіріледі.
Қазақтарды құлдық және мәңгүрттік жағдайға түсіру мақсатында оларды жерінен, тілі мен дінінен айыру саясаты аса құйтырқылық әдістермен жүйелі түрде жүргізіледі. 1917–1918, 1920–1921, 1931–1933, 1941–1953 жылдардағы ашаршылық, рухани және мәдени өмірдегі халықты орыстандыруға бағытталған айла-шарғылар, саяси қуғын-сүргін салдарынан қазақ халқы өзінің ұлттық бірегейлігінен айырылады, миллиондаған қазақ шет елдерге қоныс аударып бассауғалайды. 1917 жылға дейінгі 6 млн қазақ 1939 жылы екі миллионға жетер-жетпес болып қалады.
Мұрағаттық материалдарға қарағанда, М. Шоқай Түркістан тарихына арналған шолу кітап жазуға ниеттенгенге ұқсайды және оны Мұстафа хронологиялық рет бойынша емес, өзіне әбден танымал тақырыптан бастауды жөн көреді. Париждегі жеке мұрағаттық қорында Мұстафаның 1939 жылдың 12 маусымында “Түркістанды орыстардың жаулап алуы тарихынан” деген мақала жазғандығы, ал оған дейін, яғни 1931 жылдың 17 маусымында “Түркістанға енудің алғашқы әрекеттері” деген тақырыпты қарастырғаны жөнінде мағлұмат сақталған. Оларды Дж. Лаззерини “Түркістанда” деген атпен бір бумаға топтайды [73]. Материалдың қайда жарияланғаны белгісіз. Осыған қарағанда ол кітаптың құрамды бөлігі болуы тиіс.
М. Шоқайдың 1941 жылғы “Түркістан” деген материалы да осы ниетпен жазылған секілді. Онда Мұстафа VІ ғасырдан бері біте қайнасып дамып келе жатқан, Тұран ойпатын мекендеген халықтардың дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесіне тоқталып, олардың экономикалық және мәдени тұрғыдан өте жақындығын көрсетеді, “ал мұның өзі оларды “біртұтас дене” ретінде қарауға мүмкіндік береді; Кеңес өкіметінің оларды жеке республикаларға бөлуі түркістандықтардың ұлттық-саяси бірлігіне жол бермеу әрекетінен туындайды” [74] дейді.
М. Шоқайдың қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, татар, башқұрт, қарақалпақ, ұйғырларды “түркістандық ұлт” деп танитындығы, ал оларды жеке-жеке “ұлыс” (“народность”) деп санайтындығы көрінеді.
М. Шоқай әмбебап ғұлама ретінде қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік әдебиетіне көңіл бөліп, оларды сипаттауға ұмтылады. Түркістан тұрғындарының ауыз әдебиеті Мұстафа дүниетанымының бір бұлағы болғандығы, оның қазақ, өзбек, қырғыз халықтарының өнері мен мәдениеті мәселелері туралы зерттеулерді шет жерде жүргенде де назарынан тыс қалдырмағаны белгілі. Оның бір мысалы – М. Шоқайдың 1931 жылы “Остойропа” журналында жарияланған “Түркістан ақындары мен олардың өлеңдері” және “Муа” журналындағы “Түркістан әдебиетіндегі өлеңдер” атты мақалалар туралы пікірлері. Соңғы басылымдағы мақала жөнінде Мұстафа: “Түркістан поэзиясының гүлденуі ұлттық сана-сезімнің оянуына тікелей байланысты. Большевиктер мұндай процесті болдырмауға тырысады. Алайда халықтың өмір сүру қабілеті барған сайын күшейе түсуде. Түркістан тек ұлт тәуелсіздігі үшін ғана емес, өзінің рухын өшіріп алмау үшін де күресуде” [75] деп жазады. Мұнан М. Шоқайдың әдебиет пен өнердің қоғам өміріндегі маңызын қаншалықты жоғары бағалағандығына куә боламыз.
М. Шоқай ойға алған кітабын жазып үлгере алмайды, дегенмен ол, әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер ғана емес, дарынды тарихшы, публицист ретінде көзі тірісінде-ақ танылған-ды.
Оның “Түркістан Кеңестер қоластында” атты француз және орыс тілдеріндегі екі кітабы Кеңес өкіметінің мұсылман халықтары жөніндегі саясатының мән-мағынасын танып-білуге қажетті құралға айналып, оқымыстылардың кітапханаларынан берік орын алады. Мұстафаның жеке мұрағатында сақталған хаттар осының айқын дәлелі деуге келеді. 1930 жылдың 14 қарашасында голланд ғалымы Л. Грот Гаагадан жолдаған хатында “Түркістан Кеңестер қол астында” деген (француз тіліндегі) кітабының бірнеше данасын алғандығын және оны “елдің белгілі тұлғаларына үлестіргенін” хабарлайды [76].
Хат мәтініне қарағанда голланд ғалымы мен қазақ қайраткері біраздан бері шығармашылық байланыста екендігі көрінеді. Сол жылы 15 желтоқсанда жазған хатында голланд ғалымы Орта Азия республикаларындағы астық, мақта шаруашылықтары, Ресейдегі азамат соғысы, басмашылар қозғалысы, Түркістандағы жәдитшілдік, оның бастаулары, жақтастары, саяси рөлі жөнінде материалдар мен “Эйшатик Ревю” журналында жарық көрген мақаласын жіберуді сұрайды. Соңғы рет кездесіп, әңгімелескенінде Түркістандағы жәдитшілдік қозғалысы туралы мәліметтер берермін [77] деген Мұстафаның уәдесін есіне салады.
Әзірбайжан қайраткері Ә. Топчибашы 1933 жылдың 12 ақпанында жазған хатында “Шыңғысхан” кітабының авторы Е. Хара-Даванның М. Шоқайдың “Орта Азия Кеңестер қол астында” деген кітабымен танысқысы келетінін және өзінің кітабын жіберу үшін оның мекенжайын сұратқанын [78] хабарлайды.
М. Шоқай итальян ғалымы Энрико Инсабатомен де хат жазысып тұрады. 1930 жылы ол “Дипломатия курьері” деген итальян журналында басылған Жафар Исахи Оғлу [79] мен Э. Инсабатоның Хельсинкиде, Варшава, Бухарест, Берлин және Париж қалаларында орналасқан Украина, Кавказ және Түркістан эмигранттық ұйымдары, олардың баспа органдары туралы [80] мақалаларымен танысады. Мұстафа Э. Инсабатоның одан кейінгі мақаласын да [81] журналдан қиып алып, өз мұрағатында сақтап қояды.
М. Шоқайдың орыс тіліндегі кітабы да ғалымдар тарапынан үлкен сұранысқа ие болады. Әсіресе, оның бұл орайда америкалық ғалымдармен байланысын ерекше атауымыз керек. Йель университетінің (АҚШ) кітапханасындағы “Түркістан Кеңестер қоластында” (1935) кітабының ұшырасуы [82] сол кезеңдегі қарым-қатынастардың бір көрінісі болса керек.
1935 жылдың 8 желтоқсанында Филадельфиядан (АҚШ) А. П. Демидов “Түркістан Кеңестер қол астында” (орыс тіліндегі) деген кітабының шығуымен құттықтап, оның авторды “жаңа даңққа бөлейтіндігіне сенім” білдіреді [83]. Өз тарапында А. Демидов кітапты Пенсильванияда (АҚШ) тұрып жатқан ақгвардияшылардың генералы А. Федоров-Уайтқа береді.
1936 жылдың 15 қаңтарында Стэнфорд университеті жанындағы Гувер институтының ғылыми қызметкері Н. Н. Головин Мұстафаға “Түркістан Кеңестер қол астында” деген кітабы үшін алғысын айтып, Гувер кітапханасындағы “Яш Түркістан” журналының коллекциясын толықтыруды өтінеді [84]. Америкалық профессор келесі хатында “Гувер кітапханасы Сіздің кітабыңызға аса қызығушылық танытуда, бір данасын кітапханаға да жіберуге мүмкіндігіңіз болса” деп жазады.
М. Шоқай Н. Головинге қайтарған жауабында кітапты пошта арқылы салып жібергенін, ал “Яш Түркістанның” керекті сандары жөнінде Берлиндегі кеңсесіне нұсқау бергенін хабарлайды.
“1917 жыл туралы естеліктерден үзінділер” кітабын баспаға дайындаған Ә. Такенов пен М. Қойгелдиев М. Шоқайдың “Еуропа мен Америкадағы Түркістандағы ұлттық қозғалысты зерттеушілердің маған сонша көңіл аударулары...” деген сөздеріне жазған ескертуінде мынадай мағлұмат береді: “Калифорниядағы Стэнфорд университетінің Орыс төңкерісін зерттеу институты (Соғыс, революция және бейбітшілік жөніндегі Гувер институты. – К. Е.) Түркістандағы төңкеріс пен Кеңес үкіметіне қарсы халық көтерілісіне қатысты деректерді жинақтап, ағылшын тілінде еңбектер шығаруға кірісті. Осы орайда Мұстафа Шоқайдан Түркістандағы көтеріліс пен Қоқан автономиясы жайында жазып беруді өтінді. Мақала 1937 жылдың алғашқы айларында әзірленіп берілді” [85].
Өкінішке орай, авторлар бұл мағлұмат жөнінде ешбір дереккөзге сілтеме жасамайды, дегенмен ол М. Шоқайдың Гувер институтымен шығармашылық байланыстарының сипатына қайшы келмейді.
1937 жылдың 24 наурызында Стэнфорд университетінің Орыс зерттеулері комитетінен М. Шоқайға мына мазмұндағы хат келеді: “Бізде “Революция и национальности”, “Новый Восток”, “Жизнь национальностей” деген журналдар бар, бірақ “Коммунистическая мысль” мен “Казахстанская правда” жоқ. Сонымен бірге Комитетте басқа да басылымдарға зәрулік артып отыр. Олар:
– 1919 жылғы Осиповтың бүлігі және ағылшындардың Түркістандағы ісәрекеттері;
– большевиктердің Бұхара әмірімен күресі және Бұхарада Кеңес өкіметінің түпкілікті орнауы (“Құмдағы соғыстан” басқа еңбектер);
– Жетісудағы “Қосшы одағы”;
– 1916 жылғы көтеріліс кезінде Қытайға қашқан қазақтардың оралуы және оларды орналастыру жөніндегі кеңес шаралары;
– 1920 жылы Верныйдағы Қызыл Армияның көтерілісі және оның себептері”.
Тіпті, Бакуде өткен Шығыс халықтарының І съезінің материалдарына да ықылас барлығын ескертіп кетеді. “Т. Рысқұловтың “Революция және Түркістанның жергілікті халқы”, Е. Федоровтың “Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалысының очеркі” (Ташкент, 1925), Т. Рысқұлов пен Ф. Қожаевтың “Орта Азиядағы революциялық қозғалыстар жөніндегі очерктер” деген кітаптары Сізден табылмас па екен” [86] деп қолқа салады.
Мұрағаттан М. Шоқайдың америкалық ғалымдардың бұл өтінішіне жауап хаттары табылмады, дегенмен оның да жауапсыз қалмағаны белгілі. Қазіргі уақыттағы Гувер институтының кітапханасында ұшырасатын Т. Рысқұловтың аталмыш еңбегінің, Орта Азия мен Қазақстанда өткен ғасырдың 20–30 жылдарында орын алған оқиғалар туралы түрлі басылымдардың кезінде М. Шоқай жіберген әдебиетке жататыны сөзсіз.
1937 жылы қараша айында Италияның Шығыстану институты М. Шоқайдан француз тіліндегі кітабын, 1938 жылы 28 шілдеде осы Институт кітапханасындағы “Яш Түркістан” журналының коллекциясын толықтыру үшін осы басылымның 1937 жылғы сәуір айындағы (№ 89) санын, Польшаның Шығыс институтында жасаған баяндамасын жіберуді сұрайды.
Көрнекті түріктанушы ғалымдармен және Батыс елдерінің зерттеу орталықтарымен шығармашылық байланыстар орнатуға мүдделілік танытқанымен, М. Шоқай өзінің саяси ұстанымдарына қайшы келетін қадамдарға бармайтын. Ол орыс бодандығындағы мұсылман халықтарының дербес өмір сүруге құқылылығын мойындамайтындармен қандай да болсын қарым-қатынастан ашық түрде, ешбір күлбілтесіз бас тартып отырады. Солардың бірі орыс монархиясын қалпына келтіру үшін күрескен, жеңіліс тапқаннан соң Америка Құрама Штаттарына қашып барып паналаған генерал Федоров- Уайт болатын. Ол А. П. Демидовтан алған кітапты оқып шыққаннан кейін 1936 жылдың 28 ақпанында М. Шоқайға хат жолдап, онымен өзінің ғылыми жоспары жөнінде пікірлескісі келеді. Орыстардың Түркістанды отарлау кезеңіне арналған кітап дайындап жатқанын айтып, осы тақырып бойынша қосымша материалдар болса жіберуін [87] сұрайды. Сол жылдың 19 наурызында қайтарған жауабында Мұстафа Федоров-Уайтқа Түркістан өлкесінің халықтары туралы орыс, батыс елдері тілдерінде көптеген кітаптардың жазылғандығы, бірақ оларда қазақ, өзбек, тағы да басқа түрік халықтарының “этнографиялық материалдар” ретінде ғана қарастырылатыны, олардың тарих субъектісі ретінде алынбайтыны жөнінде “дәріс” береді. Тіпті П. Галузоның “Түркістан – отар ретінде”, В. И. Масальскийдің “Түркістан өлкесі”, В. Бартольдтың “Түркістанның мәдени өмірі” деген белгілі еңбектерінің өзінде, назар аударарлық мағлұматтар болғанымен, жергілікті тұрғындардың рухани әлемінің, орыс билігіне деген көзқарастарының айтылмайтынын, не дұрыс пайымдалмайтынын [88] ескертеді.
Мұнан М. Шоқайдың Орта Азия және Қазақстан тарихы мен мәдениетін, олардың әлем әдебиетінде зерттелу деңгейін қаншалықты терең білетіндігін аңғаруға болады.
М. Шоқайдың туындылары батыс елдерінде сенімді дереккөз ретінде саналады. Өмірінің соңғы күндеріне дейін оған Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Италия, Түркия, Польша, Румыния, Голландия, Швециядан Орта Азия мен Қазақстан тарихы, Ауғанстан мен Шығыс Түркістандағы жағдай, халықаралық қатынастар мәселелері бойынша ақыл-кеңес сұраған хаттар легі толастамайды.
1934 жылы 8 қаңтарда Бельгиядан В. Гаврилов: “Сізге өтініш жасағаным үшін кешірім сұраймын, бірақ мені антропология, география, ауыз әдебиеті, жалпы алғанда орыс-қытай Түркістаны қатты қызықтырады. Түркістан өңірін жақынырақ білгіміз келеді, оны теориялық тұрғыдан зерделегеннен кейін... ол жөнінде қандай әдебиет барлығы туралы мағлұмат беруіңізді өтінемін” [89] деп жазады М. Шоқайға.
Мұстафа еңбектерінің пәрменділігі – саясат мүддесі үшін тарихты зерттеуде қылдай қиянатқа бармауында, логикалық ойлау қуаты мен деректемелік негіздерінің шынайылығында еді. Ол ақпарат көздері ретінде “Еңбекші қазақ”, “Казахстанская правда”, “Қазақ әдебиеті”, “Ақ жол”, “Қызыл Өзбекстан”, “Жаңа Ферғана”, “Азат Бұхара”, “Шарк хакиқаты”, “Шуралар Түрікменстаны”, “Туркменская искра”, “Қызыл Юлдуз”, “Авази Тәжик”, “Рехбер-и-Дониш”, “Куртулуш”, “Правда Востока”, “За партию”, “Советская степь”, “Правда”, “Известия” секілді басылымдардағы ресми материалдарды пайдаланады [90].
М. Шоқайдың көптеген шетел ғалымдарымен қарым-қатынас орнатуы да оның шығармашылық және саяси қызметімен біте қайнасып жатады. Парижге келіп орналасқан бойда ол Франция Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтін, бұрыннан да етене таныс, тарихшы, археолог, этнограф Жозеф Кастаньемен байланысады. Оның 1918 жылға дейін Орынбор өлкесінде, кейін (1912 жылдан) Түркістанда тұрып, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеумен, археологиялық қазба жұмыстарымен шұғылданғаны белгілі. 1910 жылы ол “Қырғыз даласы мен Орынбор өлкесінің ескерткіштері” [91] деген кітабын жариялайды. Орынбор ғылыми мұрағаты комиссиясының, кейін Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі болып сайланады.
1920 жылы Кастанье еліне оралғаннан кейін дипломатиялық жұмысын Орта Азия мен Қазақстанның саяси тарихын зерттеумен ұштастырады. Ол М. Шоқайдың кейбір басылымдармен де, Францияның мемлекет және қоғам қайраткерлерімен танысуына қол ұшын берген. Мұстафа да оған қарыздар болып қалмай, Ж. Кастаньеден Париждегі “Мұсылман әлеміне шолу” (“Revue de monde musulmane”) атты журналда жарияланған “Түркістандағы орыс революциясы”, “Орыс мұсылмандарында Кеңестердің ұйымдастырылуы”, “Большевизм және ислам” [92] деген еңбектерді дайындауы барысында ақылкеңесін аямайды. Өзі де 1923 жылы осы басылымға мақалалар бере бастайды.
1925 жылы француз авторының Парижде “Басмашылық: Орта Азияның жергілікті тұрғындарының азаттық қозғалысы” деген еңбегі жарық көреді. Онда да Ж. Кастаньенің концепциялық тұжырымдары М. Шоқайдың 1928 жылы жазған “Түркістандағы басмашылық қозғалысы туралы” деген көлемді мақаласымен үндесіп жатқаны айқын байқалады. Ж. Кастаньенің басмашылық қозғалысының ұлт-азаттық сипаты, немесе большевизм мен ислам дінінің бір-бірімен сәйкес келмейтіндігі, табиғаттарының жаттығы туралы тұжырымдары М. Шоқай еңбектерінде нақтылы материалдар негізінде тереңірек өрбітіледі.
Жалпы алғанда Ж. Кастаньенің М. Шоқайды француз жұртшылығына таныстырудағы еңбегін ерекше атаған жөн. 1923 жылы француз тіліндегі “Шығыс және Батыс” деген журналда, өзінің 1930 жылы жарияланған “Қазаққырғыздар мен шығыс түрік халықтары арасындағы бақсы-балгерлік” атты еңбегінің соңында М. Шоқайдың өмірі мен қызметіне арнайы тоқталып, оны батыс оқырмандарына Түркістанның азаттық қозғалысының жетекшісі, ірі саяси қайраткер ретінде таныстырады. Олардың екеуара жазысқан хаттары ізгі ниеттегі, өркениетті адамдардың бір-біріне тілектестік, достық ықыластарын білдіреді [93]. Бір хатында Ж. Кастанье М. Шоқайдан Бұхара әмірі Сеид Әлімханның Түркістан тұрғындарына үндеуін сұратса (1929, 26 маусым), келесі жолы (1930, 4 желтоқсан): “Сіз маған соңғы рет әңгімелескенімізде Түркістандағы жәдитшілдік туралы мағлұматтар беремін деп уәде етіп едіңіз ғой. Мен оны сіздің қозғалысыңыз туралы жазылатын мақаламда пайдаланар едім... Жәдиттердің Сізде сақталған бағдарламасының кейбір тармақтарына сілтеме жасауға рұқсат берсеңіз көп-көп рақмет айтар едім” дейді. Мұрағатта Ж. Кастаньенің М. Шоқайға 1936 жылы жазған соңғы хаты сақталыпты.
Француз ғалымдарының қатарын Поль Пеллио (1878–1945), Париж университетінің (Сорбонна) профессоры Жан Дени (1870–1963), араб және парсы тілдерінің маманы Габриэль Ферран, Париж Ұлттық кітапханасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі Э. Блоше құрайды. Осылардың әрқайсысы – француз шығыстану ғылымында бір-бір төбе. П. Пеллио – 1900–1930 жылдар аралығында моңғол жазба деректері негізінде жазылған орта ғасырлар кезіндегі Орталық Азия тарихына арналған бірнеше еңбектің авторы. Оның “Түркістан туралы В. Бартольдтың жазбалары” деген мақаласы жарық көреді. Бұл орайда да француз авторының М. Шоқайдан алар ақыл-кеңесі аз болмаған. Шығыс Түркістанда қазба жұмыстарын жүргізген П. Пеллиоға бұл өңірдің тарихы мен мәдениетіне әбден маманданған М. Шоқаймен ортақ әңгіме табылатын.
Қыпшақтар тарихының дереккөздерін зерттеуші Ж. Дениге де қыпшақ Мұстафаның айтары жеткілікті еді. М. Шоқаймен әлемдік ғылымға кеңінен танымал ағылшын шығыстанушы-ирантанушы, Кембридж университетінің профессоры Эдвард Браун (1862–1925), шығыстанушы және дипломат сэр Эдвард Денисон-Росс (1871–1940) келіп танысады. М. Шоқайдың білімі мен ғылыми ізденістеріне орай, әсіресе, соңғы тұлғаға тоқтала кеткен жөн . Э. Денисон-Росс 1905 жылы (Н. Элайеспен бірге) Қазақ хандығы құрылуы тарихының басты дереккөзі болып табылатын Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарих-и Рашиди” еңбегін өз түсіндірмелерімен ағылшын тіліне аударып шығады. 1927 жылы көне түрік тарихы дереккөздерінің бірі болып табылатын “Тарих-и Мубарак-шахи” деген парсы тіліндегі үнді қолжазбасын ағылшын тілінде жариялайды. Ол 1899 жылы Ф. Скрайнмен бірге “Азияның жүрегі. Орыс Түркістаны және Орталық Азия хандықтары” атты еңбек жариялайды. М. Шоқайдың есімі неміс ғалымдарына да жетеді. Олардың ішінен Шығыс Түркістанды зерттеуші, 1913–1914 жылдардағы төртінші неміс экспедициясының жетекшісі А. фон Лекокты, түріктанушы, “Коман халқы туралы” атты іргелі еңбектің авторы Йозеф Марквартты (1864–1930), профессор Ф. В. К. Мюллерді атауға болады. Профессор Й. Маркварт 1892 жылы Моңғолияға барған ғылыми іссапары кезінде “көктүріктердің петроглифтерін” (яғни Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін) тауып, олардың “құпиясын” ашу мақсатында түрік тілдерін үйренумен айналысады. Ал, фон Лекок Германияның Этнографиялық музейінің директоры болып істейтін.
Ф. Мюллер де Түркістанда археологиялық зерттеулер жүргізеді, түрік, соғды, ұйғыр тілдеріндегі деректерді іздестіреді.
М. Шоқай, әсіресе, неміс профессоры Герхард фон Мендемен (1904–1964) тығыз шығармашылық байланыста болады. Ол Берлин университетінде Ресей тарихынан сабақ бере жүріп, өткен ғасырдың 30-жылдары Орта Азия республикаларындағы отарлық жүйе, Ресейдегі түрік халықтарының ұлт-азаттық және түрікшілдік қозғалысы туралы мәселелермен айналысады. Оның 1936 жылы жарық көрген “Ресей түріктерінің ұлттық күресі” деген кітабының Мұстафаның қолына да тигендігіне шүбә жоқ. Кітапта Еуропаның түрік-мұсылман дүниесіне ықпалы, исламшылдықтың күшеюі, ұлттық ояну және ондағы ұлттық мектептің рөлі, түрік ұлтшылдығының діни аспектілері, түрік халықтарының ұлттық-саяси талаптары жөнінде сөз болады. Еңбектің соңғы тараулары (ІV, V) Ресей құрамындағы түрік халықтарының өздерінің ұлттық мемлекеттерін құруы жөніндегі талпыныстарына (120–149-бб.) және олардың азаттық қозғалысына (150–184-бб.) арналады.
Кейін Б. Хаит Г. фон Менденің жетекшілігімен “Алашорда және Қоқан автономиясы” деген тақырыпта диссертация қорғайды.
Мұстафа Берлин университетіндегі кездесулердің бірінде болашақтағы аса көрнекті неміс түріктанушысы Аннемари фон Габенмен (1901–1993) ұшырасады. 1933–1937 жылдары А. фон Габен Анкара университетінде, 1937 жылдан бастап Берлин университетінде сабақ береді. Ол көнетүрік ескерткіштерін, көнетүріктердің мәдениеті және ерте замандағы түрік халықтарының дүниетанымын зерттеуге орасан зор үлес қосады. “Түрік тіліндегі турфан мәтіндері” деген бес томдық монографиясын, “Көнетүрік тілінің грамматикасын” жариялайды. Сонымен бірге А. фон Габен – жаңа замандағы қазақ этнографиясы мен лингвистикасына арналған бірнеше ғылыми мақаланың авторы. Бірақ Мұстафамен алғаш кездескенінде неміс ханымының ғылым әлеміне жаңа ғана қадам басқан кезі болатын. Сол уақыттан бастап олардың арасындағы шығармашылық, адами қарым-қатынастар терең сыйластыққа ұласады. А. фон Габен Мұстафаны өлгеннен кейін де үлкен құрметпен еске алып отырады.
М. Шоқай Аннемаридің қазақ тілін толық меңгеріп алуына көп көмек береді. Ал, кейін Берлин университетінде онымен бірге қызмет істеген Йоханнес Бенцингті шын мәнінде Мұстафаның шәкірті деуге толық негіз бар.
Йоханнес Берлин университетінің түріктану факультетін Мұстафаның жан-жақты көмегі арқасында бітіріп шығады. Осыдан кейін ол “Милли Түркістан” журналының редакторы болып істейді, тіпті Берлин университетінде қазақ тілінен сабақ беретін дәрежеге жетеді. Түркістандық мұғажырлар қауымымен араласып тұрады, олардың ішінде М. Шоқайдың серіктері Абдуақап Оқтаймен, Тахир Шағатаймен достасады, кейін, 40-жылдары, түркістандық соғыс тұтқындарымен, көбіне қазақ жазушысы Хамза Абдулинмен аралас-құраласта жүреді.
1939 жылы Й. Бенцинг докторлық диссертация қорғап, соғыстан кейінгі жылдары Тюбинген университетінде түріктану курсынан сабақ береді. 1950 жылы қайтадан Сыртқы істер министрлігіне ауысып, 1950–1955 жылдары Парижде, 1955–1958 жылдары Боннда, 1958–1963 жж. Истанбұлда дипломатиялық қызметтер атқарады. Бірақ ол еш жерде түріктану саласындағы зерттеулерін тоқтатпайды. Түркияда дипломатиялық жұмыста жүріп, Истанбұл университетінде жаңа түрік тілдерінен дәріс береді. Ақырында 1963 жылы Майнц университетіне түбегейлі оралып, Майнц Ғылым академиясының мүшесі болып сайланады. Осы университеттің “Seminar fьr Orientkunde” профессоры шенінде 1981 жылы зейнетке шығады.
Мұстафаның Бенцингке қамқорлығының, неміс азаматының түркістандық мұғажырларға деген көзқарасы мен қарым-қатынастарының кейбір сәттерін А. Оқтай мен Т. Шағатайдың хаттарынан байқауға болады.
– Берлин. 22.ІV.1939. Оқтай – Мұстафаға
Бенцинг бектің таяуда үйленгенін Сіз де білсеңіз керек... Кеше Тахир, Сабыр, Сағадат, Мәжидаддин бек және мен, бәріміз Бенцинг бектің жаңа үйінде кешкі тамақта болдық, жақсы отырдық. Бенцинг бек жақын күндері әйелімен туған қаласына бармақ. Сонда ол жергілікті салттары бойынша той жасағаннан соң, қайтадан Берлинге оралмақшы.
– Берлин. 29.ІV.1939. А. Оқтай – М. Шоқайға
Біздің досымыз Бенцинг бек емтиханын жақсы өткізді.
– Берлин. 20.V.1939. Тахир – Мұстафаға
Бенцинг Берлинге оралды. Танысымыздың кітапшасы таяу уақыттарда шығып қалар. Сіз осында болғанда оған тағы бір істі бастау хақында сөйлесіп едіңіз ғой. Келісілген сол нәрсе “Ислам дүниесі” жинағында шықты [94].
Екінші Дүниежүзілік соғыстың басталуына және Берлиндегі “Яш Түркістан” журналының жабылуына байланысты А. Оқтай мен Т. Шағатай Түркияға қоныс аударуға мәжбүр болады. 1939 жылдың 8 қыркүйегінде А. Оқтай Мұстафаға “заттарының бір бөлігін Бенцингтің үйінде қалдырғанын” хабарлайды [95].
Й. Бенцинг М. Шоқайды ұстазы ретінде және туған ағасындай сыйлайды. 1933 жылы ол “Мұстафа Шоқайұлы туралы жаңа өзбек әдебиетінде не жазылуда” [96] деген мақаласын жариялайды. Онда Бенцинг кеңес жазушыларының шығармаларынан үзінділер келтіріп, кеңес баспасөзіндегі М. Шоқайға жала жабушылықтың негізсіздігі, оның Түркістанның ұлт-азаттық қозғалысы тарихында алатын орны туралы баяндайды.
Мұстафа қайтыс болғаннан кейін де ол Мария Шоқаймен,
А. Оқтай, Т. Шағатаймен хабарласып тұрады. 1943 жылдың мамыр айында Т. Шағатайға жазған хатында А. Оқтай: “Осыдан үш күн бұрын Ганс (солай да атаған. – К. Е.) Бенцингтен открытка алдым. Бесім Аталай жариялаған Махмуд Қашғари сөздігін өзі үшін тауып беруді өтініпті” дейді. Ал, Мария Шоқай 1965 жылы 22 қарашада Истанбұлда тұрып жатқан Әлім Алматқа “Мен өз кітабым туралы Бенцингке әлі жазған жоқпын” деп хабарлайды [97].
Й. Бенцингтің қазақ тарихы мен әдебиетінің білгір маманы болғанын ерекше атауымыз керек. Х. Абдулиннің сөзіне қарағанда, Бенцинг М. Жұмабаевтың өлеңдерін неміс тілінде аударып жарыққа шығарғанға ұқсайды. Аударма Германия мұрағаттарының бірінде сақталуы мүмкін, бірақ біздің ізденістерімізден әзірге ештеңе шықпады. Дегенмен Ә. Қашаубаевтың Мұстафаның үйінде болған кезінде Мағжанның “Алыстағы бауырыма” деген өлеңін қазақ, неміс, француз тілінде тыңдағаны мәлім.
1952 жылы Йоханнес “Түркелі” журналында М. Шоқайдың “Естеліктері” жөніндегі жазған мақаласында қазақ қайраткерінің өмірі мен қызметін жаңа мағлұматтармен толықтырады, оның өзіне ұстаздық, ғұламалық ықпалын жоғары бағалайды [98].
Й. Бенцинг – Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихына арналған бірнеше еңбектің авторы. 1936 жылы “Dіe Welt des Іslams” журналында оның “Кеңес Одағы түркілерінің Берлиндегі саяси ұйымдары” деген мақаласы жарық көреді [99]. Оның еңбектері тақырыптық және идеялық бағыт-бағдары, Ж. Кастанье туындылары секілді, М. Шоқай ұстанымдарының шеңберінен шықпайды. Ол да Түркістан халықтарының бостандық үшін күресі, оның ішінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, большевиктердің ұлттық саясаты жөніндегі тақырыптарды қозғайды [100].
А. фон Габеннің және Й. Бенцингтің түркістандық эмигранттармен жақын қарым-қатынаста болғанын, әсіресе, олардың А. Оқтай, Т. Шағатай, Саадет Исхаки-Шағатаймен араласып тұрғанын, олардың А. фон Габенді “Мариям апай” деп сыйлайтындықтары жөнінде ұзақ жылдар бойы Германия мен Түркияда жұмыс істеген профессор Ахмет Темір де баяндайды [101].
Соғыс тұтқыны Ғайпен Бейісов 1943 жылдың шілде айында Подстам қаласында Шығыс министрлігі ұйымдастырған арнайы курста оқып жүргенінде Г. фон Менденің лекциясынан М. Шоқай мен М. Жұмабаевтың есімдерін алғаш рет естиді. Оған М. Шоқайдың “ұлы тұлға екендігі” туралы әңгіме айтқан неміс зиялыларының бірі А. фон Габен болатын. Онымен Ғайпенді 1944 жылы қыркүйек айының аяқ шамасында Х. Абдулин таныстырады, ол кезде Хамза “Милли Түркістан” газетінің редакторы болып қызмет істеп жүреді. Берлин университетінің түріктану факультетіне арнайы іздеп барған оларды Аннемари қошеметпен қарсы алып, өзін “маған түркістандықтар Мария апай деп ат қойып кетті. Қазір Мария атанып кеттім” деп таныстырады. “Мен түркістандықтарды ұнатам, оның ішінде ұлы адам Мұстафа сөйлеген тілді бөлек санаймын. Ұлы адамның несін айтасың, ол туып кеткен бір тұлға еді ғой” деп әңгіме арнасын М. Шоқайға қарай бұрады. Әңгіменің үстіне Берлин университетінде профессор болып қызмет атқарып жүрген Йоханнес Бенцинг келеді. Әуелі телефон арқылы сөйлескен Йоханнесті А. фон Габен Ғайпенге: “Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін алғаш алман тілінде сөйлеткен, 1929 жылы бір томдық шығармаларын тәржімелеген... Ұлы адам Мұстафа бектің досы болған кісі. Мен қазақшаны сол кісіден үйренгенмін. Ол да ұлы адамнан үйренгендігін жасырмайды” деп сырттай таныстырып үлгереді.
Й. Бенцинг аман-саулықтан соң келген бойда М. Шоқай туралы қазақ тілінде тебірене, көсіле сөйлейді: “Ұлы адамның ұлылығын мойындамаған адам, ол арсыздардың қатарына кіреді. Сөйтіп жүріп өзін зиялымын деп есептеп, өзі зиялы адам болғысы келетіні күлкілі; өзі сыйлап мойындауды білмесе, оны кім ұлықтайды. Ұлы адам елудің айналасында дүние салды. Бұл жас қарапайым адамға аздау көрінгенімен, ұлы адамға аз жас болмаса керек. Шоқан Уәлиханов, Лермонтов тіпті шикі жас кеткен жоқ па?! Сонда да артында қыруар еңбектер қалдыруы осының айғағы емес пе. Ұлы адам барлық ұлтқа ортақ, ал қанға бөлу ерсі. Жалпы бірен-саран болмаса, ұлы адамдар көп жасамайды. Соның бірі Мұстафа бек еді-ау. “Ұлы адам” деп өзі өлсе де, артында жалғастырарлықтай идеясы қалған адамдарды айтамыз. Қалай болғанда да қара жер бәрібір уақыты келгенде жас деп, кәрі деп талғамай, бірдей қабылдайды” [102].
Бұлай деп М. Шоқайдың жақын серіктері де айта алмаған шығар.
Екі неміс профессоры мен екі қазақ жігітінің шұрайлы қазақ тілінде әңгімелесуі жөнінде Ғайпен: “Ол (Бенцингті айтады. – К. Е.) қазақша ойланбай, сөзімнен қате шығып кетпесін деп қаймығып отырған жоқ, төселіп алып, бабына жаңа келген арғымақтардай шабысын енді-енді үдете түскендей болып отыр. Біздер тыңдаудан жалығар түріміз жоқ. Әңгіме толастар емес. Оның түнімен әңгіме айтқанда, тыңдар құлақ болса, шаршайтын түрі байқалмайды” [103] дейді.
1942 жылы Лейпцигте Р. Ольцша мен Г. Клейновтың “Түркістан: Саяси тарихы және әлеуметтік проблемалары” деген 409 беттік кітабы жарық көреді [104]. Х. Оралтай, С. Шілдебай, басқа да зерттеушілер осы кітаптың соңғы 60–70 бетін М. Шоқай жазған деген пікір білдіреді. Шындығында да кітаптың соңғы тарауларында “Қозы Көрпеш”, “Ер Тарғын”, “Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан” секілді қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері, “Исатай-Махамбет”, “Бекет”, “Амангелді”, “Жалбыр”, “Бекболат” пьесалары, С. Сейфуллин, С. Мұқанов, І. Жансүгіров, Б. Майлин, А. Тоқмағамбетов, Т. Жароковтың шығармашылығы туралы ой түйіндеулер, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, Қоқан автономиясы және оны большевиктердің жаныштауы, “Шуро-и-Исламия”, “Улема Жамияти” ұйымдары, Түркістандағы 1917–1918 жылдардағы саяси күштердің арасалмағы, Кеңес өкіметінің өлкеде отарлық жүйені сақтап қалуға тырысушылығы, осы кезеңде қазақтардың жаппай қырғынға ұшырауы, 1919 жылы Түркістан мұсылмандарының коммунистік ұйымдары бюросының (“Мусбюро”) құрылуы жөніндегі пайымдаулар, сонымен бірге мәтіндегі кейбір сөздерді Мұстафаға тән қысқартулар (мысалы: “Крас” – “Краевой Совет”) бұл еңбектің 337–409 беттерінің М. Шоқайдың қаламынан туындағанына иландырады.
М. Шоқайдың мәдениеттілігі, кісілік қасиеттері мен терең ойлылығы зиялы адамдарды өзіне тартып тұратын. Оның таныстары мен достарының қатары сиремейді, қайта уақыт өте келе көбейе түседі. 1940 жылы М. Шоқай шығыстанушы, орысша таза сөйлейтін неміс ғалымымен танысады. Осыдан кейін ол үйіне: “Онымен кездескеніме қуаныштымын. Ол егде тартқан, оның үйінде өте сирек кездесетін шығыс авторларының кітаптары бар. Бұхарада болған, Түркістанды жақсы біледі, өзбек тілін де меңгерген” [105] деп, көтеріңкі көңіл-күйде оралады.
М. Шоқайдың еңбектері Батыс елдерінде Ортаазиятанудың әдіснамалық негізін қалайды. Оның ой-тұжырымдарының негізінде “кеңес отаршылдығы”, “кеңес реформаларының қымбатқа түскендігі” секілді тұжырымдамалар қалыптасады. Олар бойынша кеңес шығыс республикалары Ресейдің өнеркәсіптік аудандарының шикізат көзі, саяси құқықтарынан айырылған оның халықтарын орыстандыру және олардың этностық бірегейлігін жоюды көздеген толассыз мәдени эксперименттердің нысаны ретінде суреттеледі.
Патшалық Ресей тұсындағы орыс отаршылдығының жалғасы ретінде қарастырылатын “кеңес отаршылдығы” тұжырымдамасы Ж. Кастаньенің, В. Монтей, А. Беннигсен, Э. Каррер д'Анкос, Ш. Лемерсье-Келькеже (Франция), В. Конолли, Дж. Уилер, Х. Сетон-Уотсон, О. Кэроу, В. Коларц (Англия), Г. фон Менде, Й. Бенцинг, Г. Клейнов (Германия), А. Парк, Р. Пирс, Ч. Хостлер, С. Зеньковский, Р. Пайпс, М. Рывкиннің (АҚШ) еңбектерінде алға қарай өрбітіледі. Саяси тұрғыдан алғанда М. Шоқайдың зерттеушілік қызметі әлемнің көптеген елдерінде Кеңес өкіметінің ұлттық саясаты жөніндегі қоғамдық пікірді қалыптастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |