Соня
шешей айтқан...
Коля – Кәрім
айтқан...
212
Тася апай
айтқан...
Оның (Әминаттың)
анасы
айтыпты...
Алексей
айтады...
деген тақырыпша етіп атайды, бұлардағы
етістік шақтарының әртүрлі болып келуінде стильдік мән бар:
айтқан
деп өткен шақ тұлғасымен келген әңгіме кейіпкердің
басынан бұрын өткен оқиғаларды баяндайды, ал
айтады
де-
ген Алексейдің сөзі оның сол кезеңдегі (әңгімелеген кездегі)
хал-жағдайын шерткенін білдіреді.
Айтыпты
деген шақтық
тұлғаның қызметі өз алдына, ол – айтқан әңгіменің ішіндегі
әңгіме, Әминаттың айтқанын жазушы-кейіпкер өзі тыңдап
отырған болса, Әминаттың анасының әңгімесін ол өзі тыңда-
ған жоқ, сондықтан
айтыпты
деген тұлғамен берілген. Бұл
жерде жазушы тілдің морфологиялық тұлғаларына стильдік
жүк арта білген. Осы «айтқан»-дарда, «айтыпты»-ларда, «ай-
тады»-ларда берілген мәтін қалыпты әңгімелеу мәнерінде
жазылған. Мұнда «қызыл сөз» де жоқ, яғни әдемі эпитеттер,
астарлы метафоралар, тосын теңеулер жоққа тән, – бұларда
өмір жолдарының қилы-қилы тарихы бар.
Шығарманың құрылымдық өрімінде жазушының және бір
тапқаны – әр тараудың алдында кіріспе сияқты (әлде бітімі
бөлек эпиграфы тәрізді) өз пәтеріне қолы жеткен кейіпкер-
автордың өзінің әңгімесі беріледі. Бұлардың тілдік-стильдік
суреті мүлде басқаша: тұнып тұрған «юмор» – әжуа-сықақ. «Біз
қалада тұрамыз» деп мәз болып жүріп, 5-6 жылдан кейін ғана
екі бөлмелі үйге қолы жеткен кейіпкер-автор ол үйдің дәлізін,
әжетханасын, балконын, ваннасын есептеп: «5-6 бөлмелі «кең
сарайға» ие болдық», – дейді. Оның «кеңдігі» сондай: бұрын
жалдап жүретін аядай бір бөлмеде «сықап тұратын» «мүліктері»
мынау қос бөлмеде кең сарайға «итке қос артқандай жараспай-
ақ тұр», – дейді. Төрт бөлмелі пәтер иесі болған көршілері
шетелдік мебельдер мен ыдыс-аяқтарды машина-машинамен
түсіріп жатқанда, көгілдір «Волганың» төрт доңғалағын жерге
жаныштап өңшең бір жәшіктерді тиеп кеп тұрғанда, әңгімеші
автор арзанқолды аяқ-табақтарды әйелі, қызы – үшеуі күн ұзын
дүкендерді түгендеп жүріп сатып алып, кішкене сәбилерінің
коляскасына «қайыстыра тиеп» қайтады, теледидарлары –
төбесінен жұдырықпен бір ұрмасаң, не сәулесі, не дыбысы
өшіп қалатын теледидар. Ал көршілерінің портретін бергенде,
213
журналистің тілі удай-балдай: қатар есіктегі татар көршісінің
бет-әлпеті «шала піскен қызанақтай (помидордай) шикіл
сары», бай көршісі – тіс дәрігері Турарчик «қаңқасына терісін
қаптап қойғандай арық қара жігіт», оның бәйбішесі алтын
жүзіктерді
майшабақ
сынды семізше саусақтарына
қос-қос-
тан мінгестірген;
Бағила қазақ рәсімімен жаңа көршілерінің
үйіне шашу-конфет шашса, оған үлкендер мән бермейді,
кон-
фет теру шаруасына
балалар кіріседі. Журналист автор-
кейіпкер көршілеріне қоныс құтты болсын деп айтпақ сөзін
айта салмайды, – «кеңірдегінде кептеліп тұрған құттықтау сөзін
ақыры
бостандыққа»
шығарады. Міне, бұлар – ең алғашқы
тараудың беташар бөлігінің сөз кестесі.
3-тарау да «кең сарайдың» иесі бола қалғанына өзі сен-
бейтін журналист-кейіпкердің жаңа орындағы әңгімесінен
басталады. Мұндағы Турарчиктің жұбайы, Тимурчик пен
Сәкенчиктің мамасы – Ақжамал жеңешесінің монологінің өзі
– нағыз сол кезеңдегі кейбір қазақ зиялыларының отбасындағы
дүниеқоңыздық, тоғышарлықтың «паспортындай», жаңа көр-
шісінің преферанс ойынына шақыруы, ондағы нағыз ойын-
шылардың қитұрқылары да – шындықтың бір көрінісі, тіпті
айна-қатесіз фото (ксеро) көшірмесі сияқты суреттелген. Бұл
жердегі диалогтер де стиль үдесінен шыққан.
Келесі кейіпкерлері – жас жұбайлар көшкен үшінші пәтер-
дің иесі Жүсіп пен Шағи шешей хикаясының берілу үні
(тоны) мүлде басқаша. Жүсекең – соншама бауырмал, көпшіл,
кімге жақсылық етсем деп тұратын жан. Оның «ой, шошқа»
дегенінің өзі – кейіпкер бейнесінің бір «куәлігі» іспетті. Жүсіп
бәйбішесіне: «Кемпір,
иманжүзді
бала тауып келдім» деуі,
үйінің бір бөлмесін тегін беретінін, журналист Қуаныштың
(автор-кейіпкер) мақаласының септігі тиіп, ойда жоқта тауып
алған қанды көйлек майдандас досы, ішіп кеткен Қасымханды
жұрт қатарына қосуы – Жүсекеңнің адами, моральдық
портретін көрсетсе, оның Қасым ханмен, Қуанышпен осы
тұстағы диалогтері, сөздері тағы да шығарманың тілдік
құндағын дұрыс тапқанын көрсетеді. «Әй, балам-ай, сендер-
ге біреуді сөгу, жұрт ал дында әшкерелеу оңай ғой (Қасымхан
туралы журналист Қуаныш репортаж жазып, оның жай-күйін,
214
яғни жайсыз күйін айдай әлемге паш еткен). «Әр дүниенің
себеп-салдарына үңілмей, байлам жасау – ағат іс», – деп ата-
лы сөз айтады. Жүсіп бейнесі, атап айтсақ, адамгершіліктің,
жақсылық жасауды өмірінің кредосы еткен жаны бай жанның
бейнесі тіл арқылы да сомдалған.
Төртінші пәтердің иесі – Николай Иванович немесе Кәрім
көкенің тағдыры – нағыз трагедия. Оның осы қиын тағдыры
іс-әрекетінен де, мінез-құлқынан да, тіпті тілінен де көрінеді.
Жазушы бұл кейіпкерді де өзінше сөйлетеді: көбінесе орыс-
ша сөйлейтін оның қазақшасы «үйленген?» («әйелің, бала-
шағаң бар ма?» дегені) деп сұрауға ғана жететін, сөзіне
сендіру үшін шоқына салатын, бірақ мұсылманмын (неме-
се өзін мұсылман санайтын:
какой там хри стиан менікі,
Зиночкаға
(әйелі)
еліктеп жасайды),
бірақ жаны таза, адам-
ды сүйе білетін (әйелі Зинаидаға деген сезімі), ата-ана қанын
сезінетін (
Көке десеңдер де, Жәке десендер де Кәрім дегенін
тастамасаңдар болды)
ғажап адам. Ең соңғы пәтер иесі – Тася
апайдың да хикаясы өзіне жетерлік: Ленинград қоршауында
қалған күндердегі, одан кейінгі жылдардағы елімізде мықтап
орын тепкен жоқшылықтың зардабын тартқан жесір әйелдің
бейнесін де жазу шы суреткер ретінде қандай жақсы берсе,
оны көрсететін тілдік-стильдік мәнері тағы да сәтті табылған.
Мысалы, баласымен арадағы диалогтері, «Айналайын, кешіре
көріңдер! Ашаршылықты да, тоқшылықты да көрген басым
артық ысырапқорлықтарыңа төзе алмаған соң айтып едім»
дегісі келеді, бірақ айтпайды, бойына сіңіп қалған аштық,
жоқтық психологиясы жібермейді. «Бұл да сондай бір кез еді»,
– деп түйеді автор.
Сөйтіп, пәтершілер де, ол пәтерлерді жалдап тұрған жур-
налист кейіпкер де бір-бірлерін жақсы таниды, таниды да
қам-қарекеттерімен не көңілдерімен жақсылық істесем деп
тұрады. «Адамды түсінен тану – оңай, ішінен тану – қиын»
деп әкесі айтқанды көкірегіне түйіп өскен Қуаныш журна-
лист-жазушы Кәдірбек Сегізбай пәтер иелері мен олардың
айналасындағыларды (Соня шешейді, Қасымхан майданда-
сты) іштерінен таниды, тани отырып сипаттайды. Шығарма
«Кіріспе сияқты кішкене тараудан» басталып, «Қорытынды
сияқты кішкене тараумен» аяқталады.
215
Кітаптың 1/3 бөлігін құрайтын «Жап-жасыл әлем» атты
повесін Кәдірбек: «Балалық шақ базарының қызығын да
бұйыртпаған сол бір жылдарға әлі наразы досым – Ақселеу
саған және әкелерін қу соғыс жалмап, жетімдіктің тауқыметін
тартып өскен барша тұстастарыма арнаймын», – дейді. Бұл
– жаның тебірене отырып оқитын, баяндалған әңгіменің ба-
сынан аяғына дейін шындық екеніне кәміл сенетін ғажап бір
толғау. Бұл повестің тақырыбы, идеясы, композициясы, баян-
далу стилі, тілдік көрсеткіштері – өз алдына кеңінен талдайтын
дүние. Ол талдау – әдебиеттанушылардың да, көркем шығарма
тілін зерделейтін лингвостилистердің де алдағы борышы деп
білеміз.
Ал «Біз қалада тұрамыз» туындысы – қайырымдылық ата-
улы біреуге жасаған қарапайым ғана жақсылықтан басталмақ
деп, сол қайырымды, мейірімді қасиеттерге шақырған толғау
дер едім. Адамды тани білу жайында жазылған поэма дер едім.
Міне, қазақтың көркем сөзі көтерілген, оған алыптардан кейінгі
ұрпақ көтерген биіктерінің бірін осылайша танығымыз келді.
216
Достарыңызбен бөлісу: |