Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы – Қостанай облысы Наурызым және Әулиекөл аудандарында орналасқан мемлекеттік қорық.
1931 жылы ұйымдастырылған (320 мың га), 1966 жылы ауданы ықшамдалып (87,7 мың га), қайта құрылды. Оған Терсек(көлемі 4,7 мың га), Сыпсың (көлемі 7 мың га) және Наурызым (көлемі 37,2 мың га) орман алқаптары мен Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын көлдері енеді. Олардың үлесіне бетегелі-жусанды 5 мың га тың жазық дала кіреді. Қорық орналасқан аумақтың климаты континенттік; қысы – суық, ызғарлы; жазы – ыстық. Жылдық жауын-шашын мөлшері 200 – 250 мм. Топырағы құмайтты. Мұнда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 700-ге жуық түрі (қарағай, қайың, көктерек, тобылғы, тал, мойыл, қырыққұлақ, т.б.) өседі. Қорық жан-жануарлар дүниесіне бай: сүтқоректілердің 40-тан астам, құстардың 250-дей, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 3 және балықтардың 10-ға жуық түрлері тіршілік етеді. Сондай-ақ, ор қоян, елік, борсық, түлкі, суыр, т.б. мекендейді. Қорықтан аққу, безгелдек, дуадақ, ақ сұңқар, тарғақ сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Бұл аймақта су көздерінің мол болуы көктемде жыл құстарының ұшып келуіне, ұя басуына мүмкіндік береді. Қорықта “Табиғат мұражайы” жұмыс істейді.
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы — Тентек сағасының табиғатын және Алакөл аралдарындағы сирек кездесетін жануарларды сақтап қалу мақсатында ұйымдастырылған. Алматы облысының Алакөл және Шығыс Қазақстан облысының Үржар аудандарында орналасқан. Аумағы 65672 га. Қорықтың аумағы 12 телімге бөлінген. Қорықта өте сирек кездесетін реликті шағаланың ұя салып, балапан өрбітетінін қазақ орнитологы Е.Әуезов 1968 – 69 жылдары жүргізген ғылыми жұмыстары кезінде анықтады. Қорық аумағындағы аралдар құстардың топталып ұя салуына өте қолайлы. Сондықтан да қорықты нағыз «құс базары» деп атауға болады. Қорық жануарлар дүниесіне өте бай. Мұнда балықтардың 17, қосмекенділердің 2, бауырымен жорғалаушылардың 14, құстардың 324 және сүтқоректілердің 33 түрі кездеседі. Омыртқасыздардан инеліктердің 34 түрі бар. Құстардың 16 түрі (бұйра бірқазан, қалбағай, қара дегелек, безгелдек, дуадақ, үкі, т.б.) және балқаш алабұғасы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Өсімдік жамылғысына да бай (өсімдіктің 286 түрі өседі). Қорықта жеті тақырыптық жоба бойынша ғылыми - зерттеулер жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ «Табиғат жылнамасы» жазылады. «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді, шағын дендрарий ұйымдастырылған. Қорық шекарасында ұзындығыы 2 км болатын қорғаныш белдем салынған. 2004 жылдан Қазақстан Республиканың Үкіметі мен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің біріккен ұзақ мерзімге арналған жобасы қолға алынды. Алакөл қорығының туризмді дамытудағы маңызы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |