Рахимгалиева пакизат сармановна


Студенттердің дезадаптациялық жағдайының алдын-алудың негізгі бағыттары мен профилактикалық бағдарламасы



бет24/56
Дата21.11.2023
өлшемі0,75 Mb.
#192716
түріДиссертация
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   56
Байланысты:
rahimgalieva-pakizat-sarmanovna-phd-s-sp
ТҮЙІНДЕМЕ Сейдахметова Асел, Эндрюстің эксперименттік изотермдері., Camtasia Getting Started Guide.1ppt, Сайыс сабақ қазақ тілінде Қызықты физика 7-сынып, Ұстаз 2 курс каз.яз ВШП -, аксезим, МКБ, Авесхан Анель Пмно 22-1-3, Модульное обучение, Тілек
2.3 Студенттердің дезадаптациялық жағдайының алдын-алудың негізгі бағыттары мен профилактикалық бағдарламасы

Студент жастар еліміздің болашақ еңбек ресурстарының негізгі резерві, әрі маңызды бөлігі ретінде физикалық және психикалық даму үдерісінде жүрген динамикалық топ болып табылады. Студенттер қауымы денсаулықты бақылаудың арнайы ойластырылған жүйесінің болуын қажет етеді. Студенттің жас организмі профилактикалық және сауықтыру шараларына белсенді жауап беруге қабілетті болғандықтан, осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттыра түседі. Оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттыру және студенттердің денсаулығын жақсарту мақсатында ұйымдастырушылық-әдістемелік және физиологиялық-педагогикалық сипаттағы жұмыстарды ұйымдастыру дезадаптация көріністерінің алдын-алуға бағытталған бір қадам болып табылады.


Адам ағзасының тіршілік қабілеттілігінің оңтайлы деңгейін қамтамасыз ету, оның функционалдық резервтері мен бейімделу қабілеттерін арттыру жолдарын іздеу – ең өзекті физиологиялық-психологиялық мәселелердің бірі.
Университетте білім алу ағзаның барлық функционалды жүйелерінде қысым мен күшті талап етеді, өйткені жоғары білімнің жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайында күрделі, көп деңгейлі бейімделу үдерісі жүзеге асады. Күнделікті ақыл-ой және психологиялық-эмоционалдық күйзелістер, сондай-ақ еңбек, демалыс және тамақтану режимінің бұзылуы жиі кәсіби бейімделу процесінің бұзылуына және бірқатар аурулардың пайда болуына әкеп соқтырады.
Соңғы жылдары адам ағзасының физиологиялық резервтерін көбейту жолдарын іздестіру зерттеулердің ғылыми тұжырымдамалық негіздерінің болмауына қарамастан белсенді түрде жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін анықталғандай, ешқандай дәрілік заттарды қолданбай-ақ, алуан түрлі әдістер, тәсілдер мен құралдар көмегімен адамның жалпы функционалдық жағдайын, еңбекке қабілеттілігін арттыруға, денсаулығын жақсартуға қол жеткізуге болады.
Ғылыми әдебиеттер мен деректерді талдау адам ағзасының функционалдық жағдайын түзетудің фармакологиялық емес әдістерін негізгі 3 топқа бөлуге мүмкіндік береді:
- ырғақты сенсорлық әсерлер (мидың транскраниальды электрлік тітіркенуі, электроакупунктура, электр ұйқысы және т.б.);
- физиологиялық функциялардың өздіген өзін-өзі реттеу әдістері (аутогендік жаттығулар, гетеросуггестия, кері байланыс функциясымен биобасқару, имидждік терапия, ментальды тренинг және т.б.);
- физиологиялық функцияларды реттеудің қосалқы құралдары (функционалды музыка немесе тыныс алу жаттығулары, массаж және т.б.).
Тәжірибеде кеңінен қолданылатын функционалдық жағдайды түзетудің дәрілік емес түрі – басқарылатын релаксация болып табылады. Оның әртүрлі әдістері эмоционалды стресстің адам ағзасына кері әсерін болдырмау, түзету және жою құралы ретінде қолданылады.
В.С.Лобзиннің пікірінше, бұлшықеттің босаңсуы жағымды эмоциялардың пайда болуына, жалпы тыныштық пен тепе-теңдік күйіне ықпал жасайды. Сондықтан, бұлшықет релаксациясына қол жеткізу эмоционалдық қысымнан арылуға немесе оны төмендетуге көмектеседі. Онымен қоса, релаксация афференттік және эфференттік импульстардың айтарлықтай төмендеуімен қатар жүреді [176].
Релаксациялық терапияны қолданудың едәуір ауқымына байланысты әмбебап әсер ету әдісі болуы мүмкін емес. Сондықтан әрбір жеке жағдайда белгілі бір тәсілдер жиынтығы қажет. Релаксация әсеріне жетудің бірнеше әдісі бар. Бұл ағзаға жалпы әсер, мысалы, ванна қабылдаудың түрлері, функционалды музыка және спецификалық әдістер: прогрессивті бұлшықет релаксациясы, аутогенді жаттығулар, әртүрлі медитация әдістері т.б қамтиды.
Жұмыстың кез-келген түрінің жетістігі көбіне оны орындайтын адамның жағдайымен анықталады. Бұл оқу үдерісіне, жүйелі интеллектуалды жұмыспен айналысатын студенттер, ғалымдар мен оқытушыларға қатысты. Жаңа білімді игерудің жылдамдығы мен сапасы көбінесе адамның ақыл-ой қабілетінің деңгейіне, эмоционалды қозғыштық дәрежесіне, әр түрлі стресстік физикалық және психикалық факторлардың әсеріне төзімділігіне байланысты келеді.
Психикалық өзін-өзі реттеудің негізгі әдісі болып табылатын аутогендік жаттығулар оңтайлы жұмыс күйін қалыптастыруға, іс-әрекеттерді орындау үшін жағымды эмоционалды-мотивациялық жағдайды құруға, психофизиологиялық саланы экстремалды мобилизация жағдайына дейін белсендендіруге немесе керісінше, стресс пен уайымнан арылуға, жағымсыз эмоцияларды тоқтатуға, терең және толық демалуға мүмкіндік береді.
Аутогендік тренингті эмоционалды стресстің алдын алу үшін пайдалану көбіне тиімді бола бермейтіндігін атап өткен жөн. Оның негізгі себебін орындалған тренинг элементтерінің тиімділігін объективті бағалау мүмкіндігінің болмауынан, яғни оның нәтижесінің параметрлері бойынша кері байланыстың орын алмауынан деп түсіндіруге болады.
Сондықтан да, жоғары оқу орны жағдайында студенттердің функционалдық жағдайын оңтайландыруға, олардың қазіргі жұмыс қабілеттіліктерінің деңгейін көтеруге және жалпы денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретін әдістер мен тәсілдерді іздеу көкейкесті болып қала береді [177].
Біз профилактикалық іс-шара бағдарламасының мазмұнын құрарда, ең алдымен студенттердің физикалық белсенділігін арттыруға мән бердік. Сонымен қатар, мамандықтың кәсіби қызметтері мен біліктіліктеріне сәйкес келетін әдістерді табуға күш салдық. Студенттердің физикалық мәдениет және спортпен шұғылдануға деген белсенділігін зерттеу нәтижесінде анықталғандай, дене шынықтырудан және спортпен айналысудан студенттердің бас тартуының басты себебі: оқу жүктемесінің артуы емес, ерте жастан бастап дене тәрбиесімен тұрақты түрде айналысу қажеттілігінің болмауы, спортқа деген құндылық мотивациясының қалыптаспауы, денсаулықтың мәнін түсінбеу екендігі анықталды. Сондықтан, студенттердің дене шынықтыру және спорттық белсенділігін арттыру үшін салауатты өмір салтына деген қажеттілікті, қызығушылықтар мен мотивтерді қалыптастыру үшін ұзақ мерзімді, мақсатты тәрбие жұмыстары қажет деген тоқтамға келдік.
Физикалық даярлық – бұл адамдардың денсаулығының жай-күйін сипаттайтын маңызды көрсеткіш. Физикалық дайындығы жоғары адамдар сыртқы қысым мен жүйке-психикалық стрессті жеңіл өткереді және қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына оңай төзеді.
Физикалық даярлық адамның физиологиялық, психологиялық және моральдық қасиеттерінің күрделі кешенін қамти отырып, көбіне адамның кәсіби іс-әрекетке деген физикалық жарамдылық деңгейін білдіреді. Сонымен қатар, ол адам денсаулығының маңызды көрсеткіші ретінде қарастырылады.
Адамның физикалық дайындығы организмнің суық тиюге және басқа да ауруларға төзімділігіне әсер ететіні белгілі. Сонымен қатар, түрлі аурулардың алғашқы профилактикасы ағзаның функционалдық жағдайын ескере отырып, белгілі бір шектегі физикалық белсенділік арқылы жүзеге асырылады [178].
Физикалық дайындық деңгейі бұл қозғалысты білдіреді. Қозғалыс – организмнің тіршілік әрекетінің ең маңызды көрінісі және ол эволюция процесінде жетекші гомеостаздық факторға айналды. Өз кезегінде, бұлшықет белсенділігімен бірге жүретін кернеу гомеостазы демалыс гомеостазын сақтаудың қажетті шарты болып табылады. Тұрақты дене жаттығулары дененің функционалдық жағдайын арттырады, ал денені шынықтыру жаттығулары физикалық қабілеттілікті жоғарылатады. Физикалық белсенділік, яғни қозғалыс көптеген ауруларды емдеу және алдын алу үшін тәжірибеде сәтті қолданылады.
Физиологиялық тұрғыдан алғанда, бұлшықет белсенділігіне бейімделу – бұл жоғары физикалық дайындыққа қол жеткізуге және физиологиялық шығындарды азайтуға бағытталған дененің жүйелі реакциясы. Осы позиция тұрғысынан дене белсенділігіне бейімделуді динамикалық процесс ретінде қарастыруға болады.
Физикалық жаттығуларының ағзаға әсер ету сипаты ең алдымен жаттығу түріне, қозғалыс әрекетінің құрылымына байланысты. Сауықтыру бағытындағы жаттығулардың үш негізгі түрін қарастыруға болады:
- жалпы төзімділікті дамытуға ықпал ететін циклдік аэробты жаттығулар;
- жалпы және арнайы (жылдамдық) төзімділікті дамытатын, аралас аэробты-анаэробты бағыттағы циклдік жаттығулар;
- күш төзімділігін арттыратын ациклдік жаттығулар.
Дене шынықтыру процесінде қолданылатын жүктемелер организмдегі бейімделу өзгерістерін қоздыратын тітіркендіргіш рөлін атқарады. Жаттығу әсері түсірілген жүктемелердің әсерінен болатын физиологиялық және биохимиялық өзгерістердің бағыты мен шамасымен анықталады. Денеде болатын өзгерістердің тиімділігі физикалық белсенділіктің негізгі сипаттамаларына, яғни орындалатын жаттығулардың қарқындылығы мен ұзақтығына, жаттығулардың қайталану санына және жаттығуларды қайталау арасындағы демалыс аралықтарының ұзақтығы мен ерекшелігіне байланысты.
Ғылыми деректерді талдау, адамның функционалды жағдайын оңтайландыруға, оның қазіргі жұмыс қабілеттілігін арттыруға және жалпы денсаулық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін көптеген әдістердің бар екенін көрсетті. Студенттер контингенті қарқынды ақыл-ой еңбегі санатына жататындығын ескере отырып, зерттеудің негізгі бағыттары ретінде төмендегі әдістердің тиімділік дәрежесіне назар аударылды:
- психорегуляция әдістерімен аутотренинг және гетеросуггестивті әсер ету тәсілдерін пайдалану;
- биологиялық кері байланыс принципін қолдана отырып, адаптивті биобасқару әдістері;
- ритмикалық сенсорлық әсерлерді пайдалану әдістері (фото және фоностимуляция);
- биологиялық белсенді нүктелерге селективті әсер етудің рефлексопрофилактикалық әдістері, сондай-ақ тыныс алу ырғағын енгізу әдістері және орташа қарқындылықтағы гипоксиялық жаттығулар.
Психофизиологиялық белсенділікті, эмоционалды саланы (алаңдаушылық деңгейін төмендету, аффективті компоненттерді жою) және вегетативті функцияларды қалыпқа келтірудің тиімді әдісіне өзін-өзі сендіруге негізделген аутогендік жаттығулар жатады.
Өз эмоцияларын игеру, ерік қасиеттерін нығайту, жоғары жүйке қызметін нығайту - бұл эмоционалды стресс жағдайында адам ағзасының функционалды жағдайын және оның ақыл-ой қабілеттерін оңтайлы деңгейде ұстап тұруға көмектеседі. Аутогендік жаттығулар барысында терең бұлшықет релаксациясына қол жеткізіледі, оң ассоциативті байланыстар пайда болады және жалпы психикалық релаксацияға көзқарас бекітіледі.
Оқу жүктемелері мен оқу режимін қалыпқа келтіру, жоғары оқу орнында түрлі бағыттағы сауықтыру шараларын жүргізу (бассейн, массаж, жаттығу терапиясы, физиотерапиялық кабинет) студенттер арасындағы ауру белгілерінің төмендеуіне, бейімделу мүмкіндіктерінің артуына және оқу үлгеріміне ықпал ететін сыртқы факторлардың теріс ықпалының төмендеуіне алып келеді. Алайда, бұл жағдайларды ұйымдастыру көбіне жоғары оқу орнының материалдық қамтылу деңгейіне тәуелді болады.
Біз ЖОО студенттерінің денсаулығын сақтау және нығайту бойынша жеке (студенттің мотивациялық белсенділігін белсендіру) және ұжымдық деңгейдегі (білім алушылардың физикалық дайындығына жағдай жасау, білім беру үдерісін жан-жақты қолдау) профилактикалық іс-шаралар жұмысын қамтитын арнайы бағдарлама құрастыруға шешім қабылдадық.
Осылайша, студенттерді университеттегі оқу жағдайында бейімдеу үдерісін оңтайландыруға бағытталған «Салауатты студент» атты профилактикалық іс-шара бағдарламасын құру бағытындағы жұмыстар орындалды. Оқу жүктемесінің әсерінен төмендеген денсаулықты нығайтуға, функционалды жағдайды және жұмыс қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүйесі деп – адамның психофизиологиялық жағдайын функционалды түзету әдістерінің кешенін түсіну керек.
Жалпы, профилактика дегеніміз – аурулардың пайда болуының, аурулардың ерте сатыларда өршуінің алдын алуға және өршіп кеткен асқынуларды, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені. Біздің жағдайымызда, профилактикалық бағдарлама – бұл кәсіби іс-әрекетке бейімделу үдерісінде студенттердің дезадаптациялық жағдайының алдын-алуға бағытталған психологиялық және физиологиялық бағыттағы іс-шаралар кешені болып табылады. Профилактикалық іс-шаралар жүйке-психикалық стрессті жеңуге және жоғары интеллектуалды өнімділікті қамтамасыз етуге бағытталады.
Денсаулықты сақтаудың тиімді профилактикалық бағдарламаларын құрудың заманауи тәсілдері студенттерге денсаулыққа қауіпті мінез-құлық тәуекелдері туралы білім беруді, салауатты өмір салтын ұстану дағдыларын қалыптастыруға, әртүрлі өмірлік жағдайлардағы өзін-өзі реттеуге және стрессті басқаруға ықпал етеді. Осыған байланысты, салауатты өмір салтын оқыту тиімділігінің қажетті шарты интерактивті іс-әрекеттің (тренингтер, рөлдік ойындар, жағдайларды модельдеу) кең ауқымын пайдалану болып табылады.
Қазіргі уақытта болашақ педагог-психолог мамандарды кәсіптік дайындау барысында белсенді әлеуметтік-психологиялық оқыту әдістері кеңінен қолданылады. Іскерлік және рөлдік ойындар, миға шабуыл, әлеуметтік-психологиялық тренингтер, жағдаяттық және имитациялық ойындар, пікірталастар, дебаттар – болашақ мамандарды дайындауды белсенді әдістеріне жатады [179].
Көптеген ғалымдар топтық әдістерді «...тұлғааралық қарым-қатынас жағдайында білімді, әлеуметтік ұстанымдарды, іскерлік пен тәжірибені дамытуға бағытталған әрекеттесу құралы» ретінде қарастырады [180].
Зерттеу жұмысымыз барысында, Ю.Н.Емельянов пен Е.С.Кузьминаның белсенді топтық әдістерді 3 ірі топқа бөлген жіктеуін (пікірталас әдістері, ойындық әдістер, сенситивті тренинг) басшылыққа аламыз. Ю.Н.Eмeльяновтың зeрттeулeрінe сүйeнсeк, бeлсeнді топтық әдістeр оқу нeмeсe мaқсaтты топтa қойылғaн оқу-тaнымдық, шығaрмaшылық, психокоррeкциялық тaпсырмaлaрғa тәуeлсіз, коммуникaтивті үдерістерді сaнaлы бeлсeндeндіреді [181].
Психологияда диагностикалық немесе профилактикалық бағытта қолданылатын ойын әдістері 3 топқа бөлінеді: іскерлік ойындар (дидактикалық, шығармашылық, басқарушылық), рөлдік ойындар (мінез-құлықтық, интонациялық-сөздік тренингтер, ойындық тренингтер) және кері-ойын пікірлердің, позиция, қарым-қатынас стилдерінің қақтығысына негізделген (коммуникативті мінез-құлықты құрудың трансактілі әдісі).
Сенситивті тренингке өзін-өзі түсінудің жаттығулары, тұлғааралық сезімталдық, эмпатия жатады. Біздің жағдайымызда қолданылатын барлық белсенді әдістер тұлғаға әлеуметтік-психологиялық жағынан ықпал жасауға, оның физикалық белсенділігін арттыруға бағытталады.
Жоғарыда аталып өтілгендей, әрбір сабақтың, онымен қоса әрбір қосымша бағдарламалар мен іс-шаралардың студенттердің қызығушылығын тудыруы маңызды. Тек қана, мотив пен қызығушылық негізінде ғана алға қойылған мақсат-міндеттерді орындауға болады. Егер, студент біз ұсынып отырған профилактикалық іс-шаралар бағдарламасын тек қана мәжбүрліктен орындайтын болса, ол келешекте ешқандай нәтижеге қолжеткізуге мүмкіндік бермейді.
Сондықтан да, біз профилактикалық іс-шара бағдарламасын студенттермен бірлесе отырып құруға шешім қабылдадық. Ол үшін алдын-ала сауалнамалар мен әңгімелесу әдісі негізінде студенттерге өздеріне қолайлы және барынша ынтасын арттыратын әдістерді таңдап алуына жағдай жасадық. Яғни, біздің тарапымыздан студенттердің бейімделу мүмкіндіктері мен физикалық белсенділігін арттыратын, топтағы психологиялық климатты жақсартатын тиімді әдістер мен жұмыстардың кешенді бағдарламасы ұсынылды. Солардың ішінен студенттер қызығушылықтары мен қалауларына сәйкес келетін әдістерді іріктеп алды, сондай-ақ қосымша өздерінің ұсыныстарын да білдірді.
Ортақ шешімдер негізінде әлеуметтік-психологиялық тренингтерге, рөлдік ойындарға, психологиялық әдістемелерге басымдық берілді. Бұл жағдай студенттердің кәсіби іс-әрекет ерекшелігімен байланысты болды деген ойға келдік. Өйткені, техникалық бағытта немесе басқа да салада білім алатын студенттер біздің тарапымыздан ұсынылған профилактикалық іс-шара бағдарламасындағы физикалық күшті талап ететін әдістерге көбірек қызығушылық танытты.
Тренинг әлеуметтік-психологиялық оқытудың белсенді әдісі ретінде топтағы шиеленісті жағдаяттарды өзара түсінісу позициясы негізінде шешуге мүмкіндік беретін, сондай-ақ өзіндік сана мен өзара әрекеттесу деңгейінің жоғарылауына септігін тигізетін әдістердің бірі.
Тренинг әдістерінің мақсаты әртүрлі болуы мүмкін. Тренингтік топтың мазмұны мен бағытын біріктіре келе тренингтің келесі ортақ мақсаттарын бөліп қарастыруға болады:

  • Топтың қатысушыларының психологиялық мәселелерін зерттеу және оның шешіміне көмек көрсету;

  • Субъективті өзін-өзі сезінудің жақсаруы мен психикалық денсаулықтың нығаюы;

  • Адамдармен гормониялық және нәтижелі қарым-қатынасты құру үшін тұлғааралық қарым-қатынастың тәсілдері мен психологиялық заңдылықтардың механизмдерін зерттеу;

  • Ішкі және мінез-құлықтық өзгерістер негізінде қатысушылардың өзіндік санасы мен өзіндік ізденімпаздықтарын дамыту;

  • Тұлғалық даму үдерісіне жәрдемдесу, шығармашылық әлеуетін жетілдіру.

  • Физикалық бағыттағы жеңіл жаттығулардың көмегімен қатысушылардың физикалық белсенділігін арттыру және т.б.

Топтық тәжірибе тұлғааралық мәселелерді шешуге көмектеседі, топтың қатысушысы өзінің қиындықтарымен жалғыз қалмайды. Топтық жұмыстардың тәжірибесі қатысушылардың мәселелері тек оларға ғана тән еместігін, ондай сезімдер барлық адамның бойында болатындығын дәлелдеп көрсетеді.
Топта тренинг барысында шынайы өмірдегі сияқты өзара байланыс пен қарым-қатынас жүйесі моделденеді. Бұл өзінің және өзге адамдардың мінез-құлықтық және қарым-қатынастық психологиялық заңдылықтарының психологиялық қауіпсіз жағдайын көруге және талдай білуге мүмкіндік береді. Топ қатысушылары арасында кері байланыс орнайды. Қатысушылар топта өзін өзгеге ұқсатуға, мінез-құлықтың жаңа нәтижелі тәсілдерімен танысуға мүмкіндік алады. Тренинг барысында туындаған эмоциональды байланыс, жанашырлық, эмпатия тұлғаның өсуі мен өзіндік сананың дамуына әсерін тигізеді [182].
Топтағы өзара әрекеттесу, топтық динамика әр қатысушының психологиялық мәселелерін түсінуге көмектесетін қысымды тудырады. Психологиялық қысым қосымша кедергілерді тудырғанымен, қатысушылардың одан әрі ашылуын, рефлексия, өзін-өзі тану процесін күшейтеді [183].
Бұл жұмыс студенттерге aқпaрaтты қaбылдап, есте қалдыруға көмектеседі, тәжірибелік жұмыстa іскерліктер мен дaғдыны бұрын қaбылдaнғaн білімдермен сaбaқтaстыруға жaғдaй жaсaйды. Оқытудың белсенді әдістері тренингтерден бөлек, іскерлік және рөлдік ойындaр, проблемaлық, топтық пікіртaлaс, миғa шaбуыл және т.б әдістерді қaмти отырып, студенттердің белсенді ізденушілік әрекеттерін іске қосуға мүмкіндік береді [184].
Ал, физикалық бағыттағы жаттығулар денсаулықты бірте-бірте және жүйелі түрде нығайтуға, дененің бейімделу механизмдерін жетілдіруге, әлеуметтік, биологиялық және психикалық бейімделуді қамтамасыз етуге және нәтижесінде студенттердің физикалық қабілеттілік деңгейін арттыруға ықпал жасайды.
Тұрақты дене жаттығулары жүйелерді және жалпы денені физикалық жүктемені жоғарылатуға бейімдейді және функционалдық жағдайды оңтайландырады. Сонымен қатар, дене шынықтыру да психикалық шиеленіс, күйзеліске түсу, үрейлену сияқты түрлі келеңсіз құбылыстарға қатысты тиімді алдын алу шарасы болып табылады.
Жалпы, жоғары оқу орнында студенттердің физикалық белсенділігін арттыру олардың кәсіби іс-әрекетке оңтайлы бейімделуіне ғана емес, сонымен қатар басқа да қызметтерінің дамуына оң ықпалын тигізеді. Денені шынықтыратын жаттығуларды орындау және студенттердің физикалық даярлығы бейімделуден бөлек, келесі педагогикалық функцияларды да атқарады:

  • Диагностикалық – физикалық дамудың қазіргі деңгейін анықтау және жүйелі дене шынықтырумен айналысуға эмоционалды қатынасты орнату;

- Алдын алу жұмыстары – оқу материалын игерудегі физикалық ауытқулардың ықтималды мүмкіндіктерін ескерту және құрдастарымен және оқытушылармен қарым-қатынастағы қиындықтардың алдын-алу;
- Кәсіптік-жасампаздық – жеке тұлғаның физикалық дамуының, даярлығы мен жетілуінің қажетті деңгейіне қол жеткізуді, оның денсаулығын нығайтуды, оны кәсіби қызметке даярлауды қамтамасыз ету;
- Коммуникативтік-ұйымдастырушылық – студенттерді уақытша және тұрақты бірлестіктерге, командаларға, клубтарға, ұйымдарға, бірлескен дене шынықтыру-спорттық іс-шараларға арналған одақтарға біріктірудің мүмкіндіктері мен жеке құндылық ерекшеліктерін анықтау;
- Жобалық – студенттердің кәсіби-тұлғалық және дене шынықтыру-сауықтыру дамуының модельдері, шығармашылық ұжымдық және жеке жобалары құрылатын дене шынықтыру-спорт қызметінің мәртебелері мен мазмұнын анықтау;
- Болжамдық – дене шынықтыру және білім беру саласындағы студенттер аудиториясын кеңейтуге, дене шынықтыру және спорт саласындағы білімді белсенді пайдалануға және осы қызметті олардың кәсіби жоспарлары мен әлеуметтік мәртебемен байланыстыруға мүмкіндік береді;
- Құндылық-бағдарлық – іске асыру барысында студенттердің дене шынықтырумен тұрақты айналысуының мазмұны мен бағытына байланысты олардың университетте кәсіби және жеке мәртебелері туралы кәсіби және жеке құндылық бағдарлары қалыптасады.
- Экзистенциалды-рефлексивті – қазіргі студенттердің жеке басының денсаулық сақтау педагогикасы мен дене шынықтыру тұрғысынан оқытудың, әлеуметтік өмірдің және мақсат қоюдың жеке-жеке ерекшеліктеріне студенттердің назарын аудару;
- Коммуникативті-шығармашылық – әлеуметтік дене шынықтыру және спорт іс-әрекетінің белгілі бір түрлерінің қатысушылары ретінде қарым-қатынас және шығармашылық өзара әрекеттесу нәтижесінде студенттердің әлеуметтік-мәдени мінез-құлқы мен көзқарастарын түзету;
- Рекреациялық – студенттердің белсенді және мазмұнды бос уақытын ұйымдастыру мәселелерінде олардың оқу және кәсіби бейімделу қызметін шоғырландыратын, ұжымдық көңіл-күйге, күйзелістерге, әлеуметтік-этикалық және эмоционалды-эстетикалық қажеттіліктерді қанағаттандыруға оң әсер ететін, психикалық денсаулықты сақтау және қалпына келтіру, студенттердің физикалық және эмоционалды белсенділігін психобелсенді заттарды тұтынудан, темекі шегуден, алкогольден және есірткі мен физиологиялық тәуелділіктің басқа да түрлерінен сақтау жұмыстары;
- Әлеуметтену – оның барысында жеке тұлға тұрақты дене шынықтыру-сауықтыру мерекелеріне және фестивальдерге қызығушылық таныту негізінде құрылған қоғамдық қатынастар жүйесіне қосылады, онда студенттер қарапайым және қолжетімді түрде өздерінің оқу топтарының, курстарының, университеттерінің қоғамдық өміріне қатыса алады;
- Әлеуметтік-мәдени түзету – адам мен азаматтың әлеуметтік, кәсіби және экзистенциалды құндылығы ретінде дене мәдениетімен, денсаулығын қорғаумен байланысты құндылықтар мен нормативтік көзқарастарға органикалық ену үшін студенттерге қажет және т.б.
Демек, физикалық белсенділікті арттырудың көптеген мүмкіндіктері мен атқаратын фнукциялары бар және профилактикалық іс-шара жұмыстарын ұйымдастыру барысында осы мүмкіндіктерді барынша пайдалану оң нәтижелерге жетуге жағдай жасайды деп есептейміз.
Жоғары оқу орнындағы студенттердің (оның ішінде, болашақ педагог-психологтардың) дезадаптациялық көріністерінің алдын-алуға бағытталған «Салауатты студент» профилактикалық бағдарламасын жүзеге асыру үшін алдымен, топ қатысушыларын іріктеу, топтық жұмыстың жобасын дайындау және топтық жұмыстың нәтижелілігін бағалайтын әдістерді таңдау жұмыстары орындалды.
Профилактикалық іс-шаралар өткізудің жалпы құрылымы танысу, жұмыстың басталуы, ширату, тақырып бойынша жаттығулар, бекіту, іс-шараны аяқтау кезеңдерінен тұрды. Танысу кезеңі жұмыстың басталғандығын білдіріп, барлық қатысушыларға топқа енудің қолайлы атмосферасын қалыптастыруды көздеді. Жұмыстың басталу кезеңінде қатысушылар өздерінің ішкі уайымдарымен бөліседі, әр әрекеттері мен сезімдеріне сырттай баға бере алады.
Топтық жұмыстардың ширату кезеңдері нақты ережелері бекітілген ойындардан тұрды. Ең бастысы, ширату кезеңінде ойындар мен жаттығуларды орындаудың нақты ережелері мен шекаралары белгіленіп, тренер қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әр тұлғаның жеке шекарасының бұзылмауын қадағалауы тиіс болды.
Жоғары оқу орнындағы оқыту жүйесі жеке тұлғаға бағдарланады десек, аудиторияларда студенттерге барынша тиімді жағдай жасау үшін келесі талаптардың орындалуын қатаң бақылауда ұстадық:
- Студент өзін қолайлы және еркін сезінетіндей жағдай жасау, оның бойында оқуға қызығушылықты оята біліп, теориялық білімді практикалық тұрғыда қолдана алуға деген қажеттілік пен оқуға деген мотивацияны туғызу.
- Студенттің жеке тұлғасын тұтас қамтып, оның көңіл күйін, сезімін, түйсігін оқу үдерісіне қатыстыра алу, оның нақтылы қажеттіліктерімен санасу, оның тілдік, когнитивті, шығармашылық қабілеттерін ынталандыру.
- Оқу үдерісінде студенттерді басты әрекет етушіге айналдыра отырып, белсенді түрде жұмыс жасауына мүмкіндіктер беру.
«Салауатты студент» профилактикалық бағдарламаның негізгі мақсаты: студенттердің кәсіби іс-әрекетке оңтайлы бейімделуіне әлеуметтік- психологиялық және физиологиялық тұрғыдан ықпал ету болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет