Зерттеуге алынған студенттердің дене массасының көрсеткіштерін анықтауға жоғары оқу орнындағы медициналық көмек көрсететін арнайы мамандар қолдау білдірді.
2. Студенттердің физикалық дайындығы организмінің жұмысқа (оқуға, еңбекке) қабілеттілік деңгейін көрсетеді. Студенттердің физикалық белсенділігін арттыру үшін келесі бағыттағы жаттығуларды орындату тиімді болады: жалпы төзімділікті дамытуға ықпал ететін циклдік аэробты жаттығулар; жалпы және арнайы (жылдамдық) төзімділікті дамытатын, аралас аэробты-анаэробты бағыттағы циклдік жаттығулар және күш төзімділігін арттыратын ациклдік жаттығулар. Осы ұсыныстарды ескере отырып, студенттердің жалпы төзімділігін, арнайы төзімділігін және күш жағынан төзімділігін анықтау мақсатында арнайы тесттік жұмыстар жүргіздік. Студенттердің физикалық даярлық деңгейлерін анықтау 5 баллдық шкала бойынша бағаланды:
Жақын қашықтыққа жылдам жүгіру (100 м) – жалпы және арнайы (жылдамдық) төзімділігі;
Күш төзімділігін арттыратын физикалық жаттығулар.
Студенттердің физикалық дайындық деңгейлері дене шынықтыру сабақтарын жүргізетін арнайы кафедраның оқытушыларының көмегімен бағаланды.
3. Зерттеу аясында көз жеткізгенімдей, студенттерді жоғары оқу орнына кәсіби бейімдеуде олардың физикалық дайындығынан бөлек, әлеуметтік-психологиялық ахуалы да маңызды рөл ойнайды. Зерттеу жұмысымыз студенттерді ЖОО-дағы кәсіби іс-әрекетке бейімдеу үдерісімен байланысты болғандықтан, физиологиялық аспектілерді әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық аспектілермен сабақтастыра отырып қарастырамыз. Сондықтан да, зерттеу жұмыстары барысында бірқатар әдістердің көмегімен психофизиологиялық бағыттағы зерттеу нәтижелері алынады.