Құрастырушы: аға оқытушы Рахметова А. М



бет16/21
Дата25.08.2017
өлшемі9,41 Mb.
#26550
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21

26-сурет. Тайғалық орман белдеміне тән жануарлар:

төрт саусақты құйрықты бақа – тритон; 2- сұр құр; 3- меңіреу құр; 4- қайшауыз; 5- самыркеш; 6- қаршыға; 7- кезқұйрық жапалақ; 8- ұшар; 9- борсық; 10- сусар; 11- құну; 12- сілеусін. Тайгалық орман інде тіршілік ететін кеміргіштерге онша бай емес, бірнеше түрлі тоқалтістер (Microtus) мен орман тоқалтісі (Clethrionomus) туысына жататын түрлер жиі кездеседі. Соның бірі қызыл тоқалтіс (Clethrionomys rutilis) тышқан. Бұл тышқан орман ішінде ін қазып мекендеумен қатар орманда жығылған ағаштың кеуектерін, қуыстарын мекен етеді. Қылтанжапырақты ағаштардың тұқымымен қоректенеді.

Орман ағаштарын тұрақты орынжай етіп тіршілік ететін кеміргіштер яғни дендробионт кеміргіштерден тиін (Sciurus vulgaris), ұшар (Pteromys volans), борша тышқан (Tamias sibirica) тайга орманында кең таралған (26-сурет). Бұлар тайганың табиғи жағдайына нағыз бейімделген кеміргіштер. Қылтан жапырақты ағаштардың ұрығын, ормандағы жеміс жидек, саңырауқұлақтармен қоректенуі, оларды қысқа қор болдырып жинауы, ағаштан ағашқа, бұтақтан бұтаққа аса ептілікпен секіріп қозғалуы, ағаштың қуысына ұя салып мекендеуі, бүршікті жарып жаңғақ шағуға шеберлігі міне осының бәрі бұл кеміргіштердің тайгалық орман тіршілігіне ежелден бейімделген, орман жануарлары екенін дәлелдейді.

Тайга орманының ең ірі жануары – бұлан (Alces alces). Бұлан көбінесе ағаш, бұталардың жапырағымен, аздап шөптесін өсімдіктермен, саңырауқұлақ, мүк, қыналармен қоректенеді. Бұланның сирағы ұзын, түяғы жалпақ. Сондықтан ол тайгада жиі кездесетін батпақтарға да, қыста қалындығы 40-50 сантиметрге жететін қарға да ешбір бөгелмейді.

Тайгалық орманға тән жануарлардың біріне борсық (Meles meles) жатады. Борсық өте күрделі және терең ін қазады. Інінің тереңдігі 3 метрге дейін жетеді және жер астында бірнеше тармақтанады. Борсық жауын құрты, былқылдақ денелілер, жәндіктер, бақа, кесірткелермен және ұсақ құс, кеміргіш жануарлармен қоректенеді. Сонымен қатар жеміс, жаңғақ, әртүрлі шөптесін өсімдіктерді де қорек етеді. Осылайша кез келген қоректік заттың бәрін жейтін талғамсыз жануарлар пантофаг қоректілер деп аталады.

Тайгалық орманның негізгі бір пантофаг жануары – қоңыр аю (Ursus arctos). Қоңыр аюдың түсі қылтан жапырақты ағаштардың діңінің түсіне, мүктің түсіне ұқсас. Бұл көрініс аулап жейтін жеміне көрінбей баспалап жақындауына пайдалы. Қоңыр аю ешбір қорек талғамайтын нағыз пантофаг жануар: жеміс, жидек, өсімдіктің тамырын араның балын, құмырсқа, жәндіктерді, жәндіктердің дернәсілін жеумен қатар елік бұғы , бұландарды әсіресе олардың жас төлін ұстап жейді . Қыста апанға жатып ,ұзақ ұйқыда қысты өткізеді. Әйткенмен қысқы ұйқыға жату жатпауы жеміс жидек ,қоректік заттың табылуына да байланысты.

Қиыр Шығыстың тайгалық және аралас орманында қоңыр аюдан басқа ірбіс яғни қабылан (Panther pardus ), жолбарыс (Panther tigris), қиыр шығыс мысығы (Felis bengalensis) қатарлы ірі жыртқыштар мекен етеді.

Сібірлік тайгаға тән сусар тұқымдас ұсақ жыртқыштардың бірінше түрі бар.Олар сары күзен (Mustela sibirica),аққалақ (M.nivalis),ақкіс ( M.erminea),сусар (Martes martes ), бұлғын (Martes zibellina), құну (Gulo gulo). Бұлар інде тіршілік ететін ұсақ кеміргіштермен, тиін, борша тышқан, қоян, жертеселермен және тауық тәріздестер, торғай тәріздестер қатарына жататын ұсақ құстармен қоректенумен қатар жеміс, жаңғақ жеуден де тартынбайды. Бұлғын ,сусарлар жемін жерден аулаудың сыртында ағашқа да жақсы өрмелейді. Ағаштың қуысына қорым тастардың арасына ұялап , жылына бір рет 2-5 күшік туады. Ақкіс, аққалақтардың түсі қыста ағарады. Барлық сусар тұқымдастар тәрізді ақкіс аққалақтардың да денесі ұзын және жіңішке, иіліп бүгілуге икемді. Осындай икемділігі оларға кеміргіштердің ініне кіріп, жаппай жеп жоюына мүмкіндік туғызады.

Сусар тұқымдас бұл жыртқыштардың барлығы да терісі бағалы және тышқан тәріздес кеміргіштерді жеп, олардың санын реттеушілер ретінде маңызы зор.

Осылайша біз қылқан жапырақты орман белдемшесінде тіршілік ететін жануарлардың құрамына шолу жасап таныстық. Бұнда қалыптасқан жануарлар бірлестігінің экологиялық негізгі ерекшелігіне тоқталсақ: а) жануарларының басым көпшілігі суыққа төзімді , эврибионттардан құралдары ; б)тайганың солтүстік шекарасына қарай жақындаған сайын жануарлар популяциясының тығыздығы азая түседі; в) мұнда қысты бұйыққан, қысқы ұйқыға кеткен күйде өткізу, немесе қысқа арнап азықтың қорын жинау көптеген жануарларға тән қасиет; г) тайга жануарларының дерлік барлығы тек көктемде ,жазда (жылы мезгілде) ғана көбейеді.(Тек шыршашыл қайшыауыздар ғана қылқан жапырақты ағаштар мол тұқым берген жылы қыста жұмыртқалайды;) д) тайгалық жануарлар бірлестігінің құрамы мен құрылымы жылдың мезгіліне байланысты үлкен өзгерістерге түседі: жануарлардың жазғы құрамының шамамен оннан бір бөлігі ғана қыста тайгада белсенді тіршілік етеді. Өзгесі қыста басқа жаққа ауып көшіп кетеді немесе қысқы ұйқыға кетіп қозғалыссыз енжар, бұйықпа күйде қысты өткізеді. e) есесіне тайга жануарларында сөткелік өзгеріс бәсең байқалады: түнде белсенді тіршілік ететін жануар өте аз. Қоңыржай климатты өлкенің жапырақты орман белдемшесі

Жапырақты орман тайгалық орманның оңтүстігінде, тайга мен дала белдемінің аралығында орналасқан. Еуропа, Азия , Солтүстік Америкада жапырақты орман біртұтас белдемше түзбей әр жерде үзіліп орналасады. Жапырақты орманның климаты оншалық қатал емес. Қыстың орташа температурасы -1-5С. Қыста қатты суық болмаса да біршама қарлы болады. Жылына 750-1500мм ылғалдылық түседі. Жаз айларының орташа температурасы 10°С -тан артық .

Қоңыржай климатты өлкенің жапырақты орман белдемшесінде өсетін ормандардың ең негізгі сипаты олар көктем мен жаз айларында жапырақ жайып өнім береді де күзде жапырағы қуарып түседі, ал қыста орман ағаштары бұйыққан тыныштық күйде өткізеді.

Жапырақты орман белдемшесінің Европалық және Қиыр Шығыстан ылғалды, жұмсақ климатты бөлігінде емен (Quercus), жөке (Tilia), үйеңкі (Aser), шаған (Fraxinus), шамшат (Fagus) қызыл қайың (Carpinus) бастаған жалпақ жапырақты орманның түрлері басым кездеседі. Сібір өлкесінде көбінесе қайыңнан құралған ұсақ жапырақты орман кең таралған. Бұл белдемшенің көптеген өлкелерінде жапырақты және қылқанды орман аралас өсіп аралас орманның түрін құрайды. Жапырақты орман соншалық бітік өспейді. Орман ағаштарының арасы сирек, күн сәулесі жеткілікті мөлшерде түсетіндіктен бұта, бұташа, шөптесін өсімдіктерге бай. Шөптесін өсімдік жамылғысының басым көпшілігін көлеңке сүйгіш көпжылдық мезофит өсімдіктер құрайды.

Жапырақты орманның топырағының бетінде қурап түскен жапырақ, ескі шөптерден құралған едәуір қалың түспе (опад) қабаты болады. Қураған өсімдіктер түспесінен құралған бұл төсенішті ұсақтап жеп, ыдыратып қара шіріндіге айналдыратын аса көп түрлі жәндіктер жапырақты орманның топырағында тіршілік етеді. Солардың ішінен жауын құрты яғни шұбалшаң (Lumbricidae), энхитрейд (Enchytracidae),жұмырқұрттың (Nematodes) көптеген түрлері, қосжұпаяқтар (Diplopoda) және есекқұрт (Isopoda), құрлық шаяны т.б. сапрофаг жануарлар басты рөл атқарады. Орманның топырағында сапрофагтармен қатар өсімдіктің тірі тамырымен қоректеніп зақымдайтын жәндіктердің дернәсілдері де көптеп кездеседі. Әсіресе шыртылдақ қоңыз (Elateridae), тақтамұрт қоңыз (Scarabaеidae), бізтұмсық қоңыз (Curсulionidae) тұқымдастарына жататын қоңыздардың тамыр жегіш (ризофаг) дернәсілдері жиі кездеседі.

Орман ағаштарының бұтағы мен діңінде орналасып тіңін және сүрегін жеп зақымдайтын (ксилофаг) жәндіктердің негізгі өкілі ретінде бұғы қоңыздың (Lucanus cervus), сүгенқоңыздардың (Cerambycidae) дернәсілдерін атауға болады. Ағаш, бұталардың қабығын жеуге машықтанған зерқоңыздар (Buprestidae) мен қабықжемір қоңыздардың (Ipidae) да көптеген түрі кездеседі.

Жапырақты ағаштардың сыртқы сұлбасындағы жапырақ, бүршік, өркен т.б. жұмсақ жасыл мүшелерін қорек және орынжай болдырып тіршілік ететін жәндіктер орасан көп.Әсіресе сүйемші көбелек (Geometridae), жапырақширатқыш көбелек (Tortricidae), жібек көбелегі (Bombycidae) тұқымдастарына жататын алуан түрлі көбелектердің дернәсілдері, жапырақ жемір қоңыздар (Chrysomelidae), тақтамұрт қоңыздардың ересегі және дернәсілдері басымдық көрсетеді. Жапырақ пен өркеннің шырынын сорып физиологиялық зақым келтіретін ерекше бір фитофаг жәндіктердің тобын біте (Aphididae), сымыр (Coccoidea), шилан(Cicadidae) және қандалалар құрайды.

Қиыр Шығыстың жалпақ жапырақты орман белдемшесінің климаты жайлы, жұмсақ болғандықтан салқын қанды омыртқалы жануарлардың көптеген түрі кездеседі. Мысалы, қосмекенділерден шөпбақа (Rana temporaria), сүйіртұмсық бақа (R. arvalis), бақбақыл бақа (Hyla japonica), жасыл құрбақа (Bufo viridis), кәдімгі құрбақа (B.bufo), бауырымен жорғалаушылардан жасыл кесіртке (Lacerta agilis), ұршықсап кесіртке (Anguis fragalis), кәдімгі сұржылан (Vipera verus), кең таралған. Бұлардың барлығы құрлықта тіршілік етіп жәндіктермен қоректенетін жануарлар (27-28-сурет). Қиыр Шығыстың суында қиыршығыс тасбақасы (Trionyx chinensis) тіршілік етеді. Бұл тасбақа қатер төнген кезде суға секіріп түседі де батпаққа кіріп кетеді. Ол балықтармен, былқылдақ денелілермен, шаяндармен, жәндіктердің дернәсілімен қоректенеді. Қыста су түбінің батпағына батып, қысқы ұйқыға кетеді. Жазда 2-3 рет жұмыртқалайды. Су жағалауының күнге жақсы қызатын құмына жұмыртқаларын көмеді. Жұмыртқасы 45-60 күнде кішкене тасбақаға айналып жетіледі.

Жапырақты орман әртүрлі ағаштар мен жеміс жидек өсетін бұта, бұташаларға бай, климаты қоңыржай, қысы сонша суық емес болғандықтан құстардың әртүрлі экологиялық топтары мекендейді. Әсіресе мысықторғайлардың (Oriolidae), содырғының (Prunellidae), сайрауықтардың (Turdidae), тоқылдақтардың(Piсidae), көкшымшық тұқымдастардың (Paridae), шыбыншы торғайлардың (Sturnidae), қарға тұқымдастардың (Corvidae), көптеген түрлері тұрақты мекендейді (27-28-сурет).Орман құстарының кейбіреуі орманның ағаш, бұталарымен тығыз байланысты. Олар ағаштың діңіне өрмелеушілердің экологиялық тобын құрайды. Мысалы, үлкен ала тоқылдақ (Picoides major), жасыл тоқылдақ (Picus viridis), шымшықтардан сары бауыр шымшық (Parus major), шөре шымшық (P.ater), айдарлы шымшық (P.cristatus), томпыш шымшық (P.montanus) үнемі орман ағаштарының діңін орынжай болдырып орналасады және қорегін де содан тауып жейді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет