Құрастырушы: аға оқытушы Рахметова А. М



бет15/21
Дата25.08.2017
өлшемі9,41 Mb.
#26550
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21

25-сурет. Тундра жануарлары:

1- қызыл жемсаулы қараша қаз; 2- айдарсыз сүңгір (үйрек); 3- жүнбалық жамансары; 4- қаратөс құмдауық; 5- күжіркей; 6- ақ тырна; 7- солтүстік бұғысы; 8- ақтүлкі.

Тундра белдемінде ең көп тараған батпақ құстарының бірі- қаратөс құмдауық (Erolia alpine). Ол таяз судан және батпақтың арасынан ұсақ жәндіктерді теріп жеп қоректенеді. Батпақ пен таяз суда мекендеуіне байланысты аяғы және тұмсығы ұзын. Тамағы мен жемсауының түсі қара, көкірегі мен басқа бөлігі түгелдей ақ. Қорегінің басым бөлігін жәндіктер, шаянтәрізділер және былқылдақденелілер иеленеді. Қаратөс құмдауық суда жақсы жүзеді, жылдам ұшады, жермен де жақсы жүгіреді. Ұясын батпақтың арасындағы томпақтарға салады, ескі шөптермен жауып жасырады.

Тундраға тән тағы бір құс- күжіркей (Philomachus pugnax). Шағылысар кезінде еркек күжіркейдің мойынының мамық жүндері әртүрлі өңге бөленіп өзгереді және ұзарып өсіп мойынды жуандатып көрсетеді, басының қауырсындары да ұзарып айдары бар тәрізденіп көрінеді. (25-суреттің 5).

Тундрада әсіресе қызғылт шағала (Rhodostethia rosea) көптеп кездеседі. Оның арқа жағы сұрғылт, ал кеудесі мен құрсақ жағы қызғылт түсті. Қызғылт шағалалар саны шағын топ құрып колониямен тіршілік етеді, су жағалауының шөптесін өсімдіктерінің арасына ұя салады. Судан ұсақ шаян, балық ұстап жеуімен қатар құрлықтан жәндіктерді және жәндіктердің дернәсілдерін теріп жеп қоректенеді.

Тундраға келіп жұмыртқалайтын құстың бірі- ақ тырна –Grus leucogeranus. Ақ тырнаның аяғы мен мойны ұзын, денесі зор, тұмсығы істік тәріздес үшкір. Ол- саны азайып бара жатқан, сымбатты құстың бірі. Қауырсындары мен мамық жүндерінің түсі тұтастай ақ болғанымен құйрығының ең ұшындағы желпуіш қауырсындарының ұшы қара түсті. Көбінесе су астындағы қияқөлеңдермен қоректенеді. Сонымен қатар суда тіршілік ететін омыртқасыз жануарларды басқа құстардың жұмыртқасын жеуден де тайсалмайды. Әдетте екі жұмыртқа табады. Жұмыртқадан жаңа ғана жарылып шыққан балапандары өзара жиі төбелесіп, аяусыз шабуылдасады. Ақырында бірі өліп, біреуі ғана қалады. Күзде екі ересек тырнаның жанында бір ғана балапан тырна еріп жүретіні осыған байланысты. Ақ тырнаға анық жойылып кету қаупі төніп тұр. Адамның шаруашылық іс-әрекеті, заңсыз атып аулау, қыс мерзімінде табиғи шығынға ұшырап және өсімінің аздығы бұлардың санының күннен күнге азаюына әкеліп соқтыруда. Ақ тырна табиғат пен табиғат қорларын қорғау Халықаралық одағының және Ресейдің қызыл кітабына енгізілген.

Тундраға көктемде ең ерте ұшып келіп ұя салатын құс- ақ торғайлар ( Pleetrophenax nivalis). Олар тундраның қары әлі ерімей тұрғанда ұшып келіп, таулы өлкелердің ұсақ тастақты, қорымды беткейлеріне мекендейді. Ақ торғайлардың жалпы денесі ақ болсадағы қанаты мен құйрығының ұшы қара, арқасы да қаралтым түсті. Ақторғайлар ұясын тастың үңгір, қуысына жасырын жерлерге салады. Балапандары ересейіп, ұясынан ұшқан соң ақ торғайлар бір жерге жиналып тобыр құрады. Содан соң көп ұзамай тобымен ұшып жылы жақа қайтып кетеді.

Бұл аталған құстардың барлығы да тундра белдеміне көктемде келіп, жаз бойы жұмыртқа басып, балапанын өсіріп, күз бастала қыстық мекеніне қайтып кететін жыл құстары.

Тундрада жыл бойында тұрақты мекендеп отырықты тіршілік ететін құстар өте аз. Мұнда ақ жапалақ (Nyctca scandiaca), аққұрлар ғана жыл бойында отырықты тіршілік етеді.

Аққұрдың қыста қарды қазып, қар астынан өсімдіктің тамыры мен тұқымын тауып қөректене алатыны және қыс басталардан бұрын түлеп, жүні ағаратындығы оның тундралық табиғатың маусымдық өзгерісіне терең бейімделгенін дәлелдейді. Қыста аққұр қардан айрылып көрінбейді, ал жазда сұр қоңыр түске айналып түлейтіндіктен өсімдіктің арасынан қандай да қырағы көзге оңай шалынбайды.

Сүтқоректілерден тундрада ең көп кездесетін және кең тараған жануар лемминг. Тундра белдемінде леммингнің бірнеше түрі тіршілік етеді: норвег лимминг (Lemmus lemmus ) , сібір лемминг ( L. sibiricus), сары бауыр лемминг (L. chzysogaster) қаратабан лемминг ( L. nigripes) т.б. Жазда жер беті жібіген кезде лемминглер топырақтың 15-20сантиметр терең қабатында көп тармақты ін қазып, жер астынан шым-шытырық күрделі жол тартады. Оның кей жерлерін кеңейтіп ұрпақтарын өсіретін ұя жасайды. Олар өсімдікпен қөректенеді: жапырақ, тамыр, жеміс жидектің қай-қайсын талғамай жейді.Лемминглер өте өсімтал. Аналық бір лемминг бір ретте 3-9 ұрпақ табады. Туған ұрпағы 2 айдан соң ересейіп жыныстық қатынасқа түсіп күшіктей бастайды. Сондықтан олардың саны бірнеше жылда бір рет шектен тыс көбейіп тұрады. Мұндай көрініс популяцияның « сандық жарылысы» немесе популяцияның күрт өсуі деп аталады. Күрт өскен кезде леммингінің саны әдеттегіден 40-100 есеге дейін артады. Ондай кезде леммингілер жаппай көшіп қоныс (мекен) аударуға мәжбүр болады. Леммингілер ақ түлкі, ақкіс қатарлы терісі бағалы аңдардың негізгі қорегі болғандықтан тундрадағы жануарлардың қоректік тізбегінде маңызды рөл атқарады.

Тундра белдемінде тіршілік етуге бейімделген айыр тұяқты сүтқоректі жануарлардың бірден бір өкілі- солтүстік бұғысы (Rangifer tarandus). Солтүстік бұғысының айыр тұяғының арасы ашылып ауданы үлкейетіндіктен батпаққа батпай еркін жүруіне қолайлы. Бұғының саусақтарының тұяғы жалпақ және тұяқтың ішкі жағына қарай имек болатындықтан қарды теуіп қазуына өте қолайлы. Тұмсығының ұшы мұрынының тесігіне дейін жүнімен қапталғандықтан қандай суықта да қар астынан жем тауып жей алады. Солтүстік бұғысы жазда шөптесін өсімдіктермен, саңырауқұлақтармен және талдың жапырағы мен қөректенеді. Ал қыста қалындығы 70-80 см-ге жететін қарды тұяғымен, мүйізімен қазып, қар астынан қына теріп жейді. Солтүстік өлкелерде мекендейтін халықтардың кәсібінің негізгі көзі – солтүстік бұғысы. Тундраның кең байтақ алқабында солтүстік бұғысы мың-мыңдаған үйірімен кездеседі. Солтүстік бұғысы тундра жерінде жабайы түрде кездесумен қатар қолға үйреткен үй жануары ретінде бағып, күнделікті сүтін, етін, терісін, мүйізін пайдаланатын бұғылар да аз емес. Тундрада бұғы шаруашылығы жақсы дамыған. Бұғының негізгі жауы – қасқыр (Canis lupus).

Тундра биоценозында лемминг тышқандарымен қөректеніп екінші реттік тұтынушы (консумент) рөлін атқаратын жануарлардың бірі ақтүлкі (Alopex logopus). Ақтүлкі (25-сурет) солтүстіктің табиғи жағдайына өте жақсы бейімделген. Леммингілермен қөректенудің сыртында көктемде құстардың жұмыртқасын жейді. Қыста леммингіні қар астынан ұстап жей алмайтындықтан ақтүлкілер оңтүстік өлкелерге ауып мекен ауыстырады. Ақтүлкі күшігін інге туып өсіреді 8-18-ге дейін күшік табады.

Қорытып айтқанда, тундра биомының жануар қауымдастығында төмендегідей негізгі сипаттар бар екенін көреміз: а) тундра жерінің 50-60 пайызы жануарлар тіршілік етуге жарамсыз (мәңгі мұз, тоң, су, батпақ т.б). Сондықтан тіршілікке жарамды жерлерінде жануарлар тығыз қоныстанады. (Мысалы, қияқөлең - мүкті тундраның 1 шаршы метр жерінде құстың 16-24 ұясы кездеседі); б) тундра жануарларының көбі қыста жылы жаққа көшіп, қоныс аударып кетеді, қалғандары қысқы ұйқыға кетеді (омыртқасыз жануарлар), белсенді тіршілік ететін кейбіреуі (лемминг, тоқалтіс тышқан) қыс бойы жер бетіне шықпай, қар астында өмір сүреді; в) тундра жануарларының зат алмасу (метаболизм) үрдісі жаз мезгілінде өте екпінді жүріледі. Соның нәтижесінде олар жаздың қысқа мерзімінде көбейіп үлгерумен қатар, қыс түскенше өсіп жетіліп, денесіне азықтық заттың қорын жинап та үлгереді, г) дене температурасы тұрақты (гомоеотермді) тундра жануарларында қыста температурасын азайтып реттеу қабілеті жақсы дамыған. Денесінің температурасы төмендеуіне байланысты олар ішкі энергиясын аз жұмсайды. Энергияны бұлай үнемдеу қыста азығы аз, қары көп, суық белдемнің жануарларына аса қажетті қасиет; д) тундра жануарларының тіршілігінде тәуліктік айырмашылық аз, оның есесіне маусымдық айырмашылық айқын жүріледі; е) әр жылдың өзгешілігіне сәйкес тундра жануарларының саны өте ауқымды мөлшерде ауытқыйды. Осыған байланысты олардың арасындағы қоректік өзара байланыс та тұрақты емес – тез өзгереді. Мысалы, тундрада лашын әдетте шалшықшы, аққұр қатарлы құстармен қөректенеді, бұл құстар аз жылдарда лашын леммингімен қоректенуге ауысады. Жалпы өзінің экологиялық талабын тез өзгертіп, кезіндегі табиғи жағдайға оңай бейімделу – табиғаттың қатаң да өзгермелі мінезіне сәйкес сұрыпталып аман қалудың негізгі бір жолы деп көрген жөн.



Орман белдемі

Орман белдемі - әлемдегі ең үлкен белдем. Ол тундра белдемінің оңтүстігінде Солтүстік Америка, Европа, Азия құрлықтарында жалғасып орналасқан. Европа құрлығында Норвегия, Швеция, Финландияның жерінің көп бөлігін, Ресейдің батыс шекарасынан Тынық мұхиттың жағасына дейінгі аса ауқымды аймақты орман белдемі иеленеді. Ал солтүстіктен оңтүстік бағытта 2 мың шақырымдық кең байтақ аймақты орман белдемі иеленеді. Орман белдемі қылқанды орман белдемшесі яғни тайга, қоңыржай өлкенің жапырақты орман белдемшесі деп бөлінеді.



Қылқан жапырақты орман белдемшесі

Қылқан жапырақты орман, яғни тайга белдемшесі тундраның оңтүстігінде қылқанды ағаштардан құралған бітік, байтақ орман алқабын иеленіп жатыр. Тундрамен салыстырғанда қылқан жапырақты орман белдемшесінің климаты жұмсақ. Желі де, аязы да сонша қатты емес және вегетациялық кезең айтарлықтай ұзаққа созылады. Жылдың ең жылы айы – шілденің орташа температурасы тайга белдемшесінің солтүстік өлкелерінде +12°С, оңтүстігінде +19°С. Батысынан шығысына қарай қысы суыта, жазы – жылы, қуаңдана түседі. Жылдың ең суық айы – қаңтар айының орташа температурасы батысында – 10-15°С, ал шығысында - 43°С, жылдық жауын-шашынның мөлшері бұл белдемшенің батысында 600мм, ал шығысында 300 мм-ден аспайды. Жылдық жауынның мөлшері жылына жер бетінен буланатын ылғалдың мөлшерінен көп, сондықтан өсімдіктің өсуіне ылғал жеткілікті ғана емес, қажеттіліктен артық. Сондықтан мұнда топырақтың шайылуы және батпақтану құбылысы орын алады.Евразия құрлығында қылқан жапырақты орманның негізін шырша (Picea), самырсын (Abies), қарағай (Pinus), балқарағай (Larix) туыстарына жататын ағаштар құрайды. Неарктикалық тайгада (Солтүстік Америка), бұлардан басқа тсуга (Tsuga), туя (Thuja) деп аталатын қылқан жапырақты ағаштар орманның негізін қалайды.

Қылқан жапырақты ағаштардың жапырағы қылқан тәріздес (яғни тікен тәріздес) жіңішке, үшкір. Ол көбінесе қыста да түспей, ағашта сақталады. Сондықтан вегетациялық кезеңді кеңінен пайдаланып фотосинтезді ұзақ уақыт жүргізуге мүмкіндік береді. Және ағаштарды қыста қураудан сақтайды. Қылқанының демтесігі жабық кезде қылқанды ағаштар денесінен ылғалды өте аз буландырады. Қылқанды ағаштар қыстың суығына төзімді, қандай да салқын кездердің өзінде ассимиляция жүргізуге қабілетті. Олардың сұлбасы (крона) жіңішке және ұшар басына қарай конус тәріздес сүйір болғандықтан қыста бұтағына қар аз тоқтайды (қардың салмағын көтере алмай сыну қаупі аз). Сұлбасы конус тәріздес болғандықтан күн сәулесі барлық бұтақтарына біркелкі түсу мүмкіндігі мол.

Қылқан жапырақты орман көбінесе монодоминант немесе олигодоминант құрылымды, белдеулік қабаты (ярус) көп емес: ағаш, бұта, бұташалы-шөптесін белдеулері және топырақ бетіндегі мүк немесе қына қабаты деген 3-4 белдеу қабаттан тұрады.

Орман түзуші ағаштардың құрамына және олардың экологиялық ерекшелігіне сәйкес қылқанды орманды күңгірт қылқанды және ақшыл қылқанды деп бөледі. Күңгірт қылқанды тайгалық орман шырша, самырсын, сібір қарағайы қатарлы ағаштардан құралады. Ақшыл қылқанды тайганы балқарағай құрайды. Күңгірт қылқанды орманды түзетін шырша, самырсын, сібір қарағайлар – көлеңке сүйгіштер. Сондықтан олар өте бітік өседі. Ондай бітік орманның жер бетіне күн түспейді, түссе де күн сәулесі жетіспейтіндіктен бұталар аз, бұташық пен шөптесін өсімдік мүлдем өспеуі де ықтимал. Сол себептен оның фитоценозы ағаш белдеуінен басқа шөптесін және мүк белдеуінен немесе ағаш және мүк белдеуінен ғана құралады.

Ақшыл қылқанды орман жарықсүйгіш ағаштардан (балқарағай, кәдімгі қарағай) құралады. Сондықтан олар өзара алшақ орналасып сирек орман алқабын тұзеді. Орман ағаштары сирек, күн сәулесі жеткілікті болғандықтан ағаштардың арасына әлпеншек (Rhododendron), гүлбұршақ (Cytisus), қарақат (Ribes), итмұрын (Rosa) қатарлы бірталай бұталар және шөптесін өсімдіктер өседі. Топырағының бетін жапқан әртүрлі қыналар мол кездеседі. Шұғыл континентік климат жағдайы өскен сайын сібір балқарағайының орынын даур балқарағайы басып, ақшылқылқанды орман онан сайын сирей түседі. Қылқанжапырақты орман белдемшесінің кейбір тау қойнаулары мен өзен аңғарларында қайың (Betula), терек (Populus), қандыағаш (Alnus) т.б. ұсақжапырақты орман алқаптары да кезделеді және олар тайгалық орманды мекендейтін жануарлардың алуантүрлігінің көбеюіне үлкен рөл атқарады.

Тундрамен салыстырғанда қылқанжапырақты орман белдемшесі жануарларға бай. Себебі: орманда қоректік заттар мол, қысқы суықта көптеген жануарлар орманды паналайды және жыртқыштардан жасырынып қорғанады. Қылқанжапырақты орманның ағаштары мен бұталары алуан түрлі жәндіктер мен ұсақ құстардың мекенжайы, қорғанышы және қоректік көзі бола алады. Тайгалық орман жануарларының арасында қоректік байланыстың сан алуан түрін кездестіреміз. Әртүрлі жәндіктер өсімдіктің шырынын, балын сорып, жапырағын, тамырын, сүрегін т.б. вегетативтік және генеративтік мүшелерін жеп тіршілік етеді. Орманның жасыл ұлпаларымен (жапырақ, өркен, бүршік) қоректенетін жәндіктер өте көп. Олар хлорофитофагтардың қоректік тобын құрайды. Мысалы, қарағай жібеккөбелегінің, сібір жібеккөбелегінің дернәсілдері күрт көбейген жылдары қыруар орманның қылқанын әп-сәтте «жалмап» қояды. Жәндіктердің келесі бір тобы орман ағаштарының қабығын, тінін, сүрегін жеп зақымдайды. Бұлар діңжеушілер, яғни дендрофагтардың қоректік тобын құрайды. Бұл топтың өкілі ретінде қылқанды орман ағаштарда, кең тараған қабық жегі (Ipidae), сүген (Cerambycidae), зер (Buprestidae) қоңыздар тұқымдасына жататын көптеген түрлі қоңыздарды атауға болады.

Жылы маусым басталысымен қылтанжапырақты орман белдемшесінде маса, сона, құмыты, қатарлы көптеген қансорғыш жәндіктер құжынап шығады да жаз бойы ұрпақ шашып, популяциясының санын көбейтеді. Бұлар қансорғыш тоғышар жәндіктердің яғни гематофаг паразит жәндіктердің қоректік тобына жатады. Тайга орманында көптеп кездесетін және адамның денсаулығына аса қауіпті гематофаг паразиттің бірі-тайга жөлек кенесі (Ixodes persulcatus). Ол өрмекші тәрізделер класының кенелер (Acari) қатарына, жөлек кенелер (Ixodidae) тұқымдасына жатады. Тайга жөлек кенесі кеміргіштердің қанын сорған кезде энцефалит ауруының вирусын өзіне алады да келесі ретте адамның қанын сорса адамға жұқтырады. Энцефалит – мидың қабыну ауруы. Асқынған жағдайда адамды өлімге ұшырататын, не жарымжан болдыратын қауыпті ауру.

Тайга орманында жыртқыш жәндіктердің яғни зоофагтардың қоректік тобын құрайтын ызылдақ қоңыздар (Carabidae), көптеген түрлі өрмекшілер (Aranei) мен қырықаяқтар (Myriapoda) және құмырсқаның (Formicidae) түрлері көптеп кездеседі. Бұлар орманның зиянкес жәндіктерін жеп, олардың санын тұрақты деңгейде ұстап тұратындықтан орман шаруашылығына маңызы зор.

Орманда жыл сайын қурап түскен жапырақ, ескі шөп, ағаш бұталардың қалдығын және өлген жәндік пен жануарлардың өлексесімен қоректеніп, олардың ыдырап қарашіріндіге айналуына көмегін тигізетін омыртқасыз жануарлардың тобы аса көп. Олар тайга орманының топырағында (басым көпшілігі топырақтың 5-20 сантиметрге дейінгі беткі қабатында) кездеседі. Олар шіріндіжегілердің яғни сапрофагтардың қоректік тобы деп аталады. Бұл қоректік топқа топырақта тіршілік ететін жұмыр құрттар (Nematodes), буылтық құрттар (Annelides), сауытты кенелер (Oribatei), есек құрттар (Isopoda), көптеген жәндіктердің дернәсілдері жатады. Заттектердің табиғаттағы айналымын жылдамдатып, топырақта қарашірінді түзіп құнарландыруға бұл қоректік топтың маңызы орасан зор.

Қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар – жылу сүйгіш жануарлар, олардың көпшілігі климаты жылы субтропикалық белдемде кездеседі. Салқын қанды омыртқалы жануарлардың ішінен суыққа ең төзімді кейбір өкілдері ғана тайга белдемшісінде кездеседі. Атап айтсақ төртсаусақты құйрықты бақа яғни тритон (Hynobius keyserlingi), сібір бақасы немесе қызылаяқ бақа (Rana amurensis), шөп бақа (R.temporaria) қатарлы өкілдері тайга белдемшесінің тундрамен шектесетін солтүстік шекарасына дейін жетіп тараған. Тайганың Европалық бөлігінде сүйіртұмсық бақа (R.arvalis) кең тараған. Ол тіршілігінің көбін құрлықта өткізеді. Тек уылдырық шашатын кезінде ғана суда мекендейді. Тайга белдемшесінің оңтүстік бөлігінде құрбақаның (Bufo) кейбір түрлері кездеседі. Бауырымен жорғалаушылар класынан сұржылан (Vipera berus), балалағыш кесіртке (Lacerta vivipara) қылқан жапырақты орман белдемшесінің барлық жерінде, ал сарбас жылан (Natrix natrix) оңтүстік бөлігінде тараған.

Қылқан жапырақты орман белдемшісі құстарға бай. Бұл белдемшеге тән негізгі құстарға сұрқұр (Bonasa bonasa), меңіреу құр (Tetrao urogallis), кәдімгі құр (Lyrurus tetrix) және ақ құр (Lagopus lagopus) қатарлы тауықтәріздес құстар жатады (26-сурет). Бұл құстардың биоэкологиялық тіршілігінде көптеген ұқсастық бар: қай қайсысы жыныстық қатынасқа түсерінде қанат-құйрығын жайып, ерекше қозғалыстар жасап қораздану жоралғысын жасайды. Қыста қардың астынан үңгір жасап сол үңгірде түнейді, күндіз тіршілігінің көбін жерде өткізеді, әредік ағаштың бұтағына шығып қайың, қандыағаш, талдардың бүрін, бүршігін, сырғагүлдерін және бұтақтардың ұшының жіңішке жұмсақ бөлігін жеп қоректенеді. Жазда өсімдіктің жапырағын, жемісін тұқымын қорек етеді. Балапандары әртүрлі жәндіктерді де теріп жейді. Бұл құстардың ұрғашысы жұмыртқа басады, ал еркегі ұясының маңайында ұрғашысын қорғаштап жүреді. Аталмыш тауықтәріздес құстар ширақ балапанды құстар тобына жатады: жұмыртқадан жаңа ғана жарылған балапаны қауырсынының суы кеуіп бола бере ұясынан шығып, енесіне еріп өздігінен тіршілік ете бастайды.

Жоғарыда аталған құрлар – отырықты құстар: жылдың барлық мезгілінде қоныс ауыстырмай бір орында ғана мекендейді.

Қыста қардың астын қуыстап үңгір жасап, сонда түнеп және суықтан қорғануға бейімделгенінің нәтижесінде бұл құстар тайга орманының табиғи жағдайына жақсы бейімделген.

Тайга орманының табиғи жағдайына жақсы үйлескен тағы бір құс – шыршашыл қайшауыз - Loxia curvirostra (26-сурет). Оның тұмсығының астыңғы және үстіңгі жақтауы өзара айқасып орналасқан. Тұмсығының осындай айқыш құрылымының арқасында ол қылтан жапырақты ағаштардың бүрін оңай және өте тез жарып, бүрдің ішіндегі тұқыммен қоректенеді.Шыршашыл қайшыауыздың қорегінің 85-90 пайызы қылтан жапырақты ағаштардың тұқымынан құралады.

Қылқан жапырақты орманға жақсы бейімделген, тұқым жегіш құстың тағы бір өкілі – самыркеш (Nucitraga caryocatactes). Бұл құстың тұмсығы ұзын, бұтақтан бұтаққа өте ептілікпен секіріп, ағаштың бүріне аспақталып тұрып аса шеберлікпен бүрді жарып, тұқымын теріп жейді. Ол көбінесе қарағай, шыршаның тұқымымен, аздап жәндіктермен қоректенеді. Тұқымнан қысқа қор жинайды. Бірақ оны қыста түгелдей пайдаланбайды.



Тайгада жыртқыш құстардың да көптеген түрі кездеседі. Мұнда тұрақты және жиі кездесетін жыртқыш құстарға қаршыға (Accipiter gentilis), қырғи (A. nisus) қатарлы күндіз белсенді тіршілік ететің жыртқыштар ұсақ құстарды және тиін, қоян, борша тышқандарды қорек етеді. Түнде белсенді тіршілік ететін жыртқыш құстардың тайгалық орманға тән өкілі – кезқұйрық жапалақ (Strix uralensis). Ол тайгада тұрақты тіршілік ететін отырықты құс. Бірақ кей жылдары тайгада қоректік жануарлар жетіспеуіне байланысты аралас орманға немесе жапырақты орманға қоныс аударады. Кезқұйрық жапалақ тайга орманыңда ұсақ құс, кеміргіштермен қоректенеді.




  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет