Байланысты: Изтелеу Жаннааа-Науырызым мемлекеттік табиғи қорығы
3. Ормандары мен өсімдіктері.
Қазіргі кезде қорықтың орман көлемі 17662 гектары түгел орманды алқап аталғанымен, оның тек 4396 гектарын орман алып жатыр. Онда қарағай—934, қайық 805, көктерек 1034 га жерге орналасқан. Жоғарыда айтылғандай,қорықтың жері үш оқшау орман учаскелерінен тұрады. Бұлардың арасындағы көлемдірегі Наурызым қарағайы. Бұл қарағайлы алқап Сарымойын және Ақсуат көлдері атырабында батыстан шығысқа қарай 20 километрге созылып жатыр, ені 10 километрдей. Топырағы құмайтты. Орманды-дала өсімдіктері өседі. Наурызым карағайлы орманы - Қазақстанның жазықтық бөлігінің ең оңтүстігінде орналасқан. Ол - ерте дүниенің жұрнағы. Мұнда қарағай, аққайың көктерек, қызыл тобылғы, тал, мойыл, папоротник
өседі. Қалыңда - қоян, елік, құр еркін жайылады. Орманмен қанаттас бетегелі-жусанды,бозды шексіз дала жатады. Мұнда суыр, зорман, күзен, дуадақ, безгелдек, аққоян, қосаяқ, Сибирь елiгi, аққұр сияқты кейбір бағалы және өте сирек кездесетін андар мен құстар мекендейді. Мойыл мен жиде ағаштарын көруге болады. Сондай-ақ өсімдіктердің бірнеше жүздеген түрі өседі.
Торғай ойпатының өн бойында сонау Арал теңізінен бастап тайгаға дейін созылып жатқан ірілі-ұсақты көлдер тізбегі де ғажайып сұлулық құрайды. Шөл және шөлейт аймақтары су құстары үшін таптырмайтын мекен. Наурызым-Торғай көлдері жоғарыда аталған құстар ұшып өтер, ұя салар дүние жүзіндегі бірден-бір маңызды мекен.
Орман алқабы негізінен қайыңнан тұрады.Оның шет жағасында далалы жерде өсетін бұталар кездеседі. Бұта мен ағаштардың аралықтарындағы аралдарда көбіне құм селеу немесе құм бетеге кездесетін құмды дала орналасқан. Сыпсыңның шоқ-шоқ қайың орманының көбірек бөлігі құмды ойпатының табанындағы ылғалды жерде немесе оның беткейінде кездеседі. Бұл аймақтар ақ қайыңның өсуіне өте қолайлы. Терсек қарағайлы орманы жеке-жеке шоғырланып тұрады. Бұлардың аралығындағы учаскелерде дала өсімдіктері өседі. Терсектің орманды аралдарының орталық бөлігін қолдан отырғызылған қарағайлар алып жатыр. Шоқ карағайдың шетінде кайын, көктерек және тобылғы өседі. Ал қарағайдың неғұрлым қуаңшылық учаскесінде қына да кездеседі. Сыпсың мен Терсек орманы - орман құстары мен аңдары қоныстанатын және паналайтын қолайлы аймак. Наурызым ормандары – тек табиғат ескерткіші ғана емес, ол бұл үшін ылғал қорын жинаушы да болады. Бұл орман бүкіл аудан климатына әсер етеді.
Енді қорық қорық алқабында және оның төңірегіндегі аудандарда өсетін негізгі ағаштарға қысқаша сипаттама беріп өтейік. Қарағай - биіктігі 20—40 метрге дейін жететін мәңгі жасыл ағаш. Ауа ылғалдылығына аса зәру емес. Құрғақ континентті климатқа, ауа райына төзімді. Топырақты аса талғамайды. Негізгі тамырлары тереңге бойлап, жанама тамырлары кейде 15 метрге дейін жетеді,соның арқасында ылғалды тереңнен де, жан-жағынан да пайдаланады. Қарағай төзімді, жарықта қуаңшылыққа, суыққа төзімді, жақсы өседі. 350—500 жыл өмір сүреді. Діңі сапалы. Қарағай орманы көбінесе құрғақ құмды жерде өсетін қалың тоғай. Ол осыдан мыңдаған жыл бұрын, мұз дәуірінде пайда болған. Қарағайдан бағалы құрылыс материал алынатыны мәлім. Қылқанының шипалық қасиеті бар. Қайың - биіктігі 20 метрге жететін ағаш, кейде өскен жерінің жағдайына қарай бұта болып та келеді. Ол көбінесе шiлiк және ылғалды жерлерде кездеседі. Топырақты көп талғамайды, ылғалды жерді, күн сәулесін сүйеді, суыққа шыдамды. Қайың 150 жылдай тіршілік етеді. Сүрегі өте пайдалы. Жапырағы мен бүрiнен дәрі дайындалады. Көктерек - биіктігі 35 метр, диаметрі 1 метрге дейін баратын ағаш. Өзен алқаптары мен ормандарда кездеседі. Тамыры өте жақсы өрбиді. Тез өседі. 15—20 жылдық діңінің биіктігі 10—15 метрге жетеді. 80—100 жасқа жеткенде шіріп, құлай бастайды. Сүйегі жеңіл, жұмсақ, сондықтан да көктеректің сүйегі қағаз өнеркәсібінде және жасанды жібек алу үшін қолданылады.
Орманның халық шаруашылығы және адамзат өмірі үшін де зор маңызы бар екені белгілі. Орман алдымен, ауасының тұрақтылығы жағынан өте-мөте пайдалы болып келеді. Орманды жерге қар көп сіңеді. Мұның өзі жер асты суының мол болуына мүмкіндік туғызады. Орманды жерде топырақ эрозиясы болмайды. Оның егістік жерге қар тоқтатуға және егісті дауылды желден қорғауда пайдасы көп. Табиғи және жасанды орманның эстетикалық маңызы зор. Орман адам жасының ұзаруына, денсаулығының жақсаруына да жақсы әсер етеді. Өйткені, ол ауа құрамынан көмір қышқыл газын пайдаланып, оттегін өзінен бөліп шығарады. Сондықтан да орман-тоғайлы жерде ауа құрамы микробтардан таза болады. Сондай-ақ, нелер құнды аң терілері, ауланатын жабайы құстардың дәмді еті мен мамықтары орманның жемісі. Халық шаруашылығында орман өнімдерін пайдаланбайтын бір де бір
сала жоқ. Күнделікті тұрмысқа қолданылатын қалам, қағаз, шырпы, т.б. - орман өнімдері.Орман - жомарт табиғаттың адамға тартқан сыйы, бар байлықтың қасиетті қоймасы. Жайқалған «жасыл теңіздің» адамзатқа берері мол. Жинақтап айтқанда, орман - баға жеткісіз табиғат қазынасы, халық байлығы.Оны қорғаумен қатар, жасыл желек көлемін ұлғайтуға, қалпына келтіруге ұдайы көңіл бөліп, қамқорлық жасап отыру - қорық қызметкерлерінің міндеті.