Құзыреттіліктер:
Қатысымдық (коммуникативтік) құзыреттілік: ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениетінің негіздері мен сөйлеу әрекеттерінің барлық түрлерін меңгеру; тілдік қарым-қатынастағы әлеуметтік-мәдени нормаларды және стереотиптерді білу, тілдің әлеуметтік-қатысымдық нормаларын меңгеру, тілдік фактілерді қатысымдық жағдаятқа қарай орнымен жұмсау, сөздің жанама тәсілдерін (бейнелі сөздер, әдемі әзіл, жеңіл юмор) қолдану, түсіну; тыңдаушының назарын өзіне аудару, сөзге тарту, сөз тақырыбына қызығушылығын оята білу; яғни, экспрессивті эффект тудыру арқылы пікірлесушіні қызықтырып отыру, сөз этикасын сақтау.
Лингвистикалық құзыреттілік:лексика-грамматикалық, фонетикалық түсінігінің қалыптасуы, грамматикалық, синтаксистік, стилистикалық нормаларға сәйкес және оларды тілді қолдану үдерісінде пайдалана білуі, әдеби тілді және жазуды еркін білуі. Лингвистикалық сөздіктермен жұмыс жасай білу.
Сөйлеу құзыреттілігі: прагматикалық қабілеттерін тіл арқылы іске асыра білуі, яғни, тілдік мәтіндер мен материалдарды оқып, түсіне алуы, қабылданған тілдік ақпараттар туралы өз көзқарасы мен пікірін білдіре алуы, қарсылығын білдіру, құптау, таңдану, мақтау, қайта сұрау, ұсыныс жасау, анықтау, шешім қабылдау.
Мәдениет-танымдылық құзыреттілік: қазақ тілін рухани құндылық ретінде ұғыну және оның ұлттық-мәдени ерекшеліктерін, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, мәдениетін, тарихын, ұлттық ерекшеліктерін тану, оларды өзге ұлттардың тарихымен, әлем мәдениетімен салыстыру, саралай білу, тарихи және тілдік байланыстарды білу; басқа да мәдени қауымдастық өкілдерінің салт-дәстүрлерін, тілін құрметтеу; өзінің практикасында ұлттық және жалпыадамзаттық әдеп нормаларын ұштастыра алу; этикеттік орамдарды орынды қолдану, тілдің тереңінде жатқан халықтық танымның ерекшеліктерін айыра білу; өз елінің тарихи жәдігерлерін сақтауға мүдделілік таныту; өз ойын жеткізе алу.
Азаматтық құзыреттілік:белсенді азаматтық позициялар мен жоғары отаншылдық сезім қалыптастыру; өз Отанына қызмет етуге және оның мүдделерін қорғауға дайын болу; өмірдегі түрлі жағдаяттарда мемлекет мүддесі үшін шешім қабылдай білу; саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, қазақ халқы мен Қазақстан жерінде тұратын басқа да этностардың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін және басқа да құндылықтарын құрметтеу.
Оқу-танымдық құзыреттілік: шығармашылық тапсырмалар арқылы өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдап, қорытынды жасай білу, өз пікірін айту, өз талғамын қорғай білу.
Ақпараттық-технологиялық құзыреттілік: қазіргі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқу және ғылыми-зерттеу қызметі аясындағы зерттеу жобаларында пайдалана білу; оқушының кез келген ақпараттарды өздігінен түсініп, өңдеп қолдануына мүмкіндік тудыру. Осы құзыреттілік негізінде оқушы бойында дамытылатын қабілеттер: өз мақсатына сай ақпараттарды іздеуді жоспарлай алу; ақпараттардағы негізгі және қосалқы мәселелерді ажырата алу, ақпараттарды өңдей алу; ақпараттарды талдауда ой операцияларын пайдалана алу, ақпараттарды сызба, кесте түрінде жинақтай білу, тілдік кодты түсіну қабілеттері. Бұлар оқушының ақпараттық мәдениетін дамытуға оң ықпал етеді.
Тұлғаның өзін-өзі дамыту құзыреттілігі: отбасылық, еңбек, экономикалық және саяси-қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің, өзін-өзі тану және қазіргі адамға қажетті тұлғалық қасиеттерді дамыту қабілеттерінің болуы; қоғамдағы өз орнын табу, әртүрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білу; өзін-өзі қалыптастыруға, дамытуға талпыну.
Достарыңызбен бөлісу: |