С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология


Етістіктің салттылық және сабақтылық



бет69/97
Дата15.11.2022
өлшемі1,93 Mb.
#158238
түріОқулық
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   97
Байланысты:
ЛЕКЦИЯға 2

Етістіктің салттылық және сабақтылық сипаты оның жалпы грамматикалық семантикасына, яғни тура объектіні қажет ету-етпеуіне байланысты екені белгілі. Салттылық-сабақтылық мәнді көрсетерлік етістіктің арнайы грамматикалық (парадигмалық) формалары жоқ. Етіс жұрнақтарының көпшілігі салттылық-сабақтылық мәнмен яғни өзгелік етіс сабақтылықпен, өздік етіс пен ырықсыз етіс салт етістікпен байланысты, бірақ бұл қасиет – оның бірден-бір грамматикалық көрсеткіші емес. Салттылық-сабақтылық мән етістіктің грамматикалық мағынасы арқылы түсініліп, сөйлеу процесінде тура толықтауышты (тура объектіні) меңгеру-меңгермеу сипаты негізінде көрінеді. Сөйтіп, бұл құбылыс етістіктің таза грамматикалық сипаты емес, әрі тікелей семантикалық, әрі синтаксистік-қатынастық қасиеттерінің көрінісі болып табылады. Сондықтан салттылық-сабақтылық сипатты (грамматикалық ерекшелікті) етістіктің лексика-грамматикалық категориясы деп таныған жөн (ХА. -ЕЛГС, 209).
Рас, қазақ тіл білімінде етістік категорияларын осындай ерекшеліктеріне қарап, бірнеше топқа бөлу тәжірибесі бар. Педучилищеге арналған оқулықта етістікті лексика-семантикалық категориялар (көсемше, есімше, болымды және болымсыз етістік, сабақты және салт етістіктер, етістер) және грамматикалық категориялар (рай, шақ) деп екі топқа бөледі (Ә.-ҚТ, 175-188). И.Маманов етістік атаулыны ең алдымен негізгі етістік және функциялық етістік деп екіге бөліп, одан кейін негізгі етістіктің өзін түбір етістіктер және модификациялы етістіктер деп бөліп, „түбір етістіктерге сөздің лексикалық мағынасын білдіретін бөлігі жатса, модификациялы етістіктерге белгілі қосымшалар немесе көмекші етістіктер арқылы үстеме грамматикалық мағына білдіретін етістік формаларын" жатқызады, яғни модификациялы етістікке етістіктің салт және сабақты етіс, күшейтпелі етістік, күрделі етістік, сыпат, болымсыздық етістік категориялары енеді де, олар мынадай тәртіппен сатылап бөлінеді: „Бірінші орында түбір етістіктер, екінші орында модификациялы етістіктер, үшінші орында функциялық етістіктер тұлғалары, төртінші орында рай, шақ категориялары" (М.И. -ҚҚТ, 3-5).
Автор функциялық етістік тұлғаларына жіктік және тәуелдік жалғаулары арқылы жаққа бөлініп жіктелетін тұйық етістік, көсемше, есімше, шартты рай түрлерін жатқызады. Бірақ автордың „Осы функциялық етістіктердің жіктелуі арқылы етістіктердің рай, шақ формалары пайда болады",– деген пікірімен (М.И. -ҚҚТ. 5-Б) келісуге болмайды, өйткені рай, шақ мағыналары етістіктің жіктелу тұлғасы (жіктік жалғаулары) емес, одан бөлек арнайы грамматикалық формалары яғни олардың грамматикалық мәні есімше, көсемше формалары арқылы беріледі, ал жіктелу – жақ категориясының көрсеткіші. Н.Оралбаева етістік түбірге бірінші болып етіс тұлғалары және күрделі етістіктер, екінші орында қимылдың өту сипатын білдіретін категория тұлғасы, үшінші орында модаль категориясының көрсеткіштері, төртінші орында рай тұлғалары тұратынын, жіктік жалғаулары, көсемше, есімше және тұйық етістік көрсеткіштері етістікті аяқтайтын формалар екеніи көрсетеді (О. -ҚТЕК). Бұдан етістіктің грамматикалық тұлғалары өздері білдіретін мағыналық ерекшеліктері жағынан да, сөзге жалғану тәртібі жағынан да бірдей емес екенін, оларды бір қатарға қойып қарауға болмайтынын байқаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, осымен байланысты, жалпы грамматикалық категория деген ұғымды және етістік сөз табына байланысты оның шегін айқындап алу қажет. Өйткені жоғарыда көрсетіліп өткендей, бұл туралы қазақ тіл білімінде, тіпті жалпы тіл білімінде, тиянақты бір тұжырым жоқ, әр зерттеуші бұл ұғымдарды өзінше түсінеді. „Қазіргі қазақ тілі" оқулығында грамматикалық категорияның сөз таптары дегеннен бастап (сөз таптары категориясы, есімдер категориясы, етістік категориясы, зат есім категориясы, сын есім категориясы, сан есім категориясы, жалғау, жұрнақ категориялары т.б.) жалғаулар мен сөз тудыратын және сөз түрлендіретін категорияға дейін бөлініп жіктелуі – осының көрінісі (Ы. А - ҚҚТ, 22-23). Бұдан грамматикалық категория деген ұғымның мәні мен өзіндік сипаты айқындалмай, оның шекарасы бөлінбей, басқа ұғымдармен араласып кетіп отыр. Тіпті кейде бір ғана тұлға бірнеше грамматикалық категорияның көрсеткіші болып, әр түрлі грамматикалық категория деп аталу қаупі байқалады. Мысалы: есімшенің -ған, -ген, -қан, -кен тұлғасы, бұл тұрғыдан келгенде, біріншіден, есімше категориясы, екіншіден, қосымшалар категориясы, үшіншіден, жұрнақ категориясы, төртіншіден, сөз түрлендіретін категория, бесіншіден, шақ немесе өткен шақ категориясы т.б. сияқты танылуға тиіс.
Тіл білімінің қол жеткен соңғы жетістіктеріне сүйенсек, грамматикалық категорияның мәні мынадай сипаттары арқылы айқындалады. Ол әрине, бірден грамматикалық мағына үғымымен тікелей байланысты. Бірақ грамматикалық категория деп тану үшін, ең алдымен, бір ғана грамматикалық мағынаның болуы жеткіліксіз. Яғни бірнеше (кем дегенде екі) грамматикалық мағына болуы керек. Екіншіден, ол грамматикалық мағыналар бір деңгейдегі мәндес, ыңғайлас сипатта болуы керек. Айталық, өткен шақтық және айтушы (бірінші) жақтық немесе қимылдың болымсыздық мәнін білдіретін мағыналар бір деңгейдегі ыңғайлас сипатта емес. Олардың бір грамматикалық категория құрауы жайында әңгіме болуы мүмкін де емес. Яғни, олар бір фамматикалық категория шеңберіне ене алмайды. Үшіншіден, ол грамматикалық мағыналар өз ішінен бір-бірінен ажыратыла алатын қайшы мәнді сипатта болуы қажет. Төртіншіден, солардың бәріне лайық тұлғалық немесе парадигмалық берілу ерекшеліктері, грамматикалық көрсеткіштері болуға тиіс. Бесіншіден, сол грамматикалық мағынаның әрқайсысы белгілі грамматикалық амал-тәсілдер, тұлғалар арқылы беріліп отыруы керек. Алтыншыдан, осындай қасиеттер белгілі бір топтағы сөздердің грамматикалық немесе лексика-грамматикалық (семантикалық-грамматикалық) сипатын айқындай алатын мағыналық, тұлғалық белгісі болуға тиіс. Міне, осындай грамматикалық мағыналар жиынтығы мен олардың грамматикалық амал-тәсілдері я парадигмалық тұлғалар (формалар) арқылы беріліп, бірлікте тұруын грамматикалық категория деп тануға болады. Сондықтан осындай грамматикалық сипаттары бір грамматикалық лексика-грамматикалық категориялар мен белгілі сөз табының ерекше мағыналық-тұлғалық, құрамдық түрлері және мағыналық топтары деген үғымдарды бір-бірімен шатастыруға болмайды.
Мысалы, сын есімнің сапалық және қатыстық болып бөлінуі сын есімнің мағыналық – құрамдық түрлері деп танылады. Есімдіктің жіктеу, сілтеу, сұрау, топтау, белгісіздік, болымсыздық, өздік есімдіктер болып бөлінуі есімдіктің мағыналық топтары деп аталады. Бұндай топтар түрленбейтін, грамматикалық жағынан өзгеріске түспейтін сөз табы үстеуде де бар. Бірақ бұлар грамматикалық категория болып табылмайды. Демек, морфологиялық тұлғадан сөз табының грамматикалық категориясы оның өз ішінде белгілі топ құрай алатын грамматикалық мағыналар жиынтығына және соған сәйкес түрлену жүйесімен, парадигмалық сипатымен тікелей байланысты. Бірақ түбір білдіретін жалпы грамматикалық мағынаға тигізер әсері жағынан, парадигмалық түрлену тұлғалары арқылы берілуі жағынан грамматикалық категориялар біркелкі емес. Бірде грамматикалық мағыналар жүйесі түбірдің жалпы грамматикалық семантикасы арқылы көрініп, жүзеге асып отырады. Әрине, ол грамматикалық семантиканы (мағынаны) лексикалық мағынадан ажырата білу керек. Мысалы, зат есімнің жалпы грамматикалық мағынасы жағынан жалқы және жалпы болып бөлінуі немесе адамға байланысты (кімдік) зат және адамнан басқаға байланысты (нелік) зат болып бөлінуі сөздердің тек лексика-грамматикалық семантикасына байланысты, ондай мағына грамматикалық тұлғалар, түрлену жүйесі арқылы берілмейді. Осындай ерекшеліктер жоғарыда көрсетілген етістіктің салттылық-сабақтылық қасиетінен де анық көрінеді.
Етістіктің грамматикалық категорияларының жіктелуінде (топталуында) мынадай елеулі ерекшеліктер бар. Біріншіден, ол – етістік түбірінің, бір жағынан, грамматикалық сипатын өзгертпей, екінші жағынан, түбірдің семантикасына (мағынасына) аз да болса өзгеріс енгізіп, басқаша грамматикалық мағына, немесе жаңа мән үстейтін тұлғалар. Олар әдетте етістіктің басқа тұлғаларынан түбірге бұрын жалғанады. И. Мамановтың оларды модификациялы етістік деп ерекше бөлуі тегін емес. Бірақ оны таза грамматикалық мағынамен сыбайластыру, сөйтіп, „етіс, күшейтпелі етістік, күрделі етістік негіздері түбір етістіктерге, таза грамматикалық мағына үстейтін модификациялы формалар болып табылады", – деп (М.И. -ҚҚТ, 3-5-10) түбір мағынасына тигізетін кейбір өзгерістерді ескермеу
олардың сипатын ашуға көмектесе алмайды. Сондықтан етістік тұлғаларының бұл түріне лексика-семантикалық та, грамматикалық сипат та тән. Оларға салттылық-сабақтылық етістік категориясы, етіс категориясы, күшейтпелі етістік категориясы, болымсыз етістік категориясы жатады.
Бұл категорияның бір түрінде тұрған етістік тұлғасының түбір етістіктен грамматикалық сипаты жағынан өзгешелігі, айырмашылығы болмайды: 1) бұйрық райдың 2-жақ анайы түрімен сәйкес, ұқсас келеді, яғни омоформалық сипатта болады; 2) сол күйінде қолданылмайды, яғни тікелей басқа сөздермен синтаксистік қарым-қатынасқа түсе алмайды; 3) тікелей жіктелмейді; тек рай, шақ (есімше, көсемше) тұлғаларын үстеп барып қана жіктеле алады. Қалып етістіктерінің (отыр, тұр, жүр, жатыр) тікелей жіктеле алуының сыры ерекше, бұлар тарихи жағынан негізгі түбірлер емес, отыр - ол тұрұр, тұр-тұрұр, жа-тыр -жатырұр, жүр-жүрүр дегеннен қалыптасқан да, қосымшалар түбірге сіңісіп кетсе де, не түсіп қалса да олардың грамматикалық сипаты (жіктелу қасиеті) сақталып қалған. Бұл етістіктердің осы қасиеті олардың 3-жақта ол отыр, ол тұр, ол жатыр, ол жүр болып, ұқсас тұлғалық түрде қолданылуынан да көрінеді. (Х.А -ЕЛГС 73) және тікелей осы шақ көрсеткіші болуы да соған байланысы. Ол тұлғалар түбір білдіретін мағынаға әсері болатындықтан да, сөз тудыру сипатына жақын немесе сөзжасам қасиеті байқалып отырады. Мысалы, етістіктің салттылық-сабақтылық қасиетін кейбір ғалымдар етістік түбірлерінің омоним немесе полисемиялық сипатының межесі, критерийі ретінде де ұсынуы ("Айтылуы мен жазылуы бірдей, тіпті бір сөз табына енетін омоним сөздерді жеке-жеке лексикалық единица деп тану үшін, олардың салт немесе сабақты етістіктерінде қолданылуы негізгі критерий есепті қаралуы керек тәрізді" (X. А. ЕЛГС, 210, 211), етіс күшейтпелі етістік (немесе көрініс) тұлғаларын жаңа мағыналы сөз тудыратын (сөзжасам) жұрнақтары деп тануы (Х.А -ЕЛИС, 12) бұл пікірді бірден-бір шешілген, қалыптасқан деп танымасақ та, бұларда грамматикалық сипатпен бірге тұлғаларында парадигмалық түрлену жүйесі болумен бірге лексикалық (сөзжасамдық) сипат та бар екенін көрсетеді. Сондықтан бұларды етістіктің лексика-грамматикалық категориясы деп қарау жөн.
Ал етістіктің болымсыз түрін (-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе) И. Маманов „етістіктің негіздері (яғни түбір етістіктер мен модификациялы етістіктер (-И.С.) мен жіктелетін формаларының (яғни етістіктің рай, шақ, есімше, көсемше тұлғалары (И.С.) шегін айыратын қосымша болып табылады", – десе (М.И. -ҚҚТ, 79), АХасенова (Қалыбаева): „Етістіктің басқа грамматикалық категориялары (шақ, жақ, рай, т.б.) тәрізді болымсыздық (-ма, -ме) жұрнағы да етістік түбірінің лексикалық мәнін өзгертіп тұрған жоқ", - деп оны таза грамматикалық топқа қосады. (ХА. -ЕЛГС, 57).
Болымсыз етістік көрсеткіші сырт тұлғасы жағынан етіс, күшейтпелі етістік қосымшалары сияқты түбірдің грамматикалық ерекшеліктеріне сәйкес келеді, бұлардың грамматикалық сипаты бір-біріне жақын, 2-жақ бұйрық раймен сәйкес, тікелей жіктелмейді. Семантикалық жағынан болымсыз етістік тұлғасы түбір білдіретін мағынаға өзгеріс ендіреді, яғни түбір білдіретін қимылдың болуын емес, керісінше болмауын көрсетеді, сөйтіп, тікелей түбір семантикасына әсер етеді, ал, рай, шақ (есімше, көсемше), жақ тұлғалары түбір семантикасына (мағынасына) ешбір әсер етпей, тіке соның үстіне қосымша мән (грамматикалық мағына) үстейді. Міне, осындай лексика-семантикалық және грамматикалық сипаттары жағынан болымсыз етістік тұлғасы рай, шақ, есімше, көсемше тұлғаларынан гөрі етіс, күшейтпелі етістік тұлғаларына жақын болғандықтан, оны (болымсыз етістікті) да етістіктің лексика-грамматикалық категориясы қатарына жатқызған дұрыс.
Екіншіден, етістік түбірінен, бір жағынан, грамматикалық сипаты өзгеше, екінші жағынан, оның семантикасына (мағынасына) ешбір өзгеріс енгізбей, соның (сол түбір білдіретін және қосымшасы бар болса, лексика-грамматикалық категорияның білдіретін мағынасының) үстіне қосымша грамматикалық қана мағына үстейтін және тікелей жіктеле алатын рай, шақ сияқты тұлғалар жүйесінің жиынтығы етістіктің таза грамматикалық категориясы деп аталады. Мысалы, бар-са-м, бар-ғы-ң келеді; бар-сын, бар-ған-мын, бар-ып-ты сияқты етістік формаларында бару қимылы ешбір өзгеріске түспей, оған тек сол қимылдың болуында шарттылық, қалау, ниеттілік, бұйрық-тілек, өткен шақтық мәндер сияқты модальдық үстелген.
Сөйтіп, етістіктің грамматакалық категорияларын лексика-грамматикалық (салт-сабақты етістік, етіс,
күшейтпелі етістік немесе көрініс, болымсыз етістік категориялары) және таза грамматикалық (рай, шақ, жақ немесе жіктеу) категориялары деп екіге бөліп қараған жөн, өткені рай, шақ категориялары етістіктің мағыналық жағынан оны өзгеріске түсірмейтін ғана тұлғасы емес, сонымен бірге етістікті басқа сөздермен байланысқа түсіруге дәнекер болып, жіктеліп, сөйлем ішінде қолдануға негіз болатын тұлғалары.
Бірақ бұл категориялардың ішіне есімше, көсемше, тұйық етістік немесе қимыл атауы енбей қалады. Өйткені бұлар етістіктің грамматикалық категориялары емес, ерекше түрлері болып табылады. Ал қазақ тілінің грамматикаларында, сондай-ақ етістікке байланысты зерттеу еңбектердің көпшілігінде-ақ есімше, көсемшелер өкінішке қарай, етістіктің грамматикалық категориялары деп беріледі. Тіпті кейбір түркологтар етіс көрсеткіштерін сөз түрлендіретін таза грамматикалық категория деп таныса да, етіс жұрнақтарының жаңа сөз тудыру (сөзжасам) мәнін де ескеріп отырады (К. -ГУЯ, 245, 258 және 10. -ССГБЯ, 10-11).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   97




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет