Қажетті құралдар: жүзімнің суреті салынған үлгі, гуашь бояу қылқалам, қағаз , су, сүлгі, қылқалам қоятын тұғыр.
Сабақтың барысы: Үлгі суретті талдау жасау жүзімнің суретіне қарай отырып, оның ерекшелігін анықтау Жүзім бұтағы үшбұрышқа ұқсайтынына көңіл болу. Жоғарғы бөлігінде жемістері көп болып келеді де, төменгі жағында азырақ орналасып, біртіндеп жіңішкеріп кетеді. Бүгін осындай жүзім бұтағының суретін салатындарын айтады. Оның пішінін, түсін балалар өздері таңдайды. Бұтақтағы жемістерді кейбір балалар дөңгелек, енді біреулері сопақша дөңгелекпен жасайды.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Балалардан жүзім бұтақтарын үшбұрышқа ұқсас болу үшін жемістер қалай орналастыруға болады деп сұрайды. - Қандай түсті таңдайсыңдар?
Салатын суреттері қағаздың ортасына орналасуын қадағалау. Жүзімнің сабағын салу үшін қара немесе қоңыр түсті қарындашты пайдаланады. Балалар жұмыстарын талдау
39-сабақ.
Мүсіндеу Тақырыбы. Қымыз құятын тостаған және ожау
Сабақтың мақсаты: Балаларды қазақтың сәндік-қолданбалы өнеріме таныстыру. Қымыз құятын ыдыстар тостаған мен ожаумен таныстыр; Ұлттық ыдыстардың ерекшелігіне назар аудара отырып, оны мүсіндеудің әдіс тәсілдерін түсіндіру. Ою-өрнекпен әшекейлеу. Көркемдік талғамын дамыту.
Қажетті құралдар: Қазақтың сәнді қолданбалы өнер жайында альбомдар, ыдыстардың үлгі суреттері, ермексаз, тақтайша, таяқшалар, сүлгі
Сабақтың барысы: Тәрбиеші балаларға қазақтың ыдыс - аяқтары бір түрі тостаған мен ожауды көрсетеді. Мұндай үлкен тостағанға қымыз құйылады, оны тостағанға ожаумен құяды. Балалар ожаудың пішініне, ою өрнек әшекейлеріне көңіл бөліп ерекшелігін анықтап қарайды. Содан кейін тәрбиеші ыдыстарды мүсіндеудің әдіс-тәсілдерін көрсетеді. Тостаған кес сияқты жасалады, бірақ көлемі жағынан үлкен болады. Ожауды төмендегідей әдіс-тәсілдермен мүсіндейміз:
1. Үлкен шар тәрізді ермексазды домалақтап алу, содан кейін барып саусақтармен екі жағынан басып қуыс жасаймыз.
2. Екінші кесек ермексазды алып есіп, ожаудың ұстайтын сабын жасаймыз. Оны сәл ғана басып жалпақтау қажет.
3. Екі бөлікті бір-біріне біріктіру және олардың берік орналасуын қадағалау.
4. Таяқшалардың көмегімен дайын болған ожауларды ою-өрнекпен әшекейлеу.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Балалардың жұмыстарын талдау
40-сабақ.
Жапсыру Тақырыбы: Қазақтың ұлттық камзолы мен желеті.
Сабақтың мақсаты: "Ұлттық киім" деген ұғымдарды түсіндіру (камзол желет). Қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің аттарын бекіту. Көз мөлшерін, түс пен ырғақты сезінуін, көркемдік талғамын дамыту.
Қажетті құралдар: камзол мен желеттің суреттері, түрлі түсті қағаздар, желім, қайшы, қарындаш.
Сабақтың барысы: Ұлттық киімдер камзол мен желеттің суреттерін қарау. Қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің үлкен болып келетініне назар аударту. Өрнектердің симметриялы болып келетінін түсіндіру. Олардың бояу түстері: ақ, сүр, қоңыр, жасыл, сары, көк, қызыл, қара болып келеді.
Қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің түрлері: қошқар мүйіз, сыңар мүйіз, жапырақ, жапырақ гүл, құс қанаты, тұмарша, төрт құлақ т.б.
Қазақтың ою-өрнек әлемі өте бай. алуан түрлі болып келетінін қорытындылау Олар сондай-ақ, геометриялық өсімдік тектес, жануарлар тектес өрнектерден турады.
Әрі қарай қамзол мен желеттің өрнектеріне назар аударып, оларды салыстыру, кию жолдарын көрсетіп түсіндіру. Түрлі түсті қағаздардан ою-өрнек элементтерін қиып, камзол мен желетті әшекейлеуге кіріседі.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Балалар өздеріне ұнайтын ою-өрнектермен камзолды немесе желетті әшекейлейді. Тәрбиеші балаларға көмектесіп, басшылық жасап, бағыт береді. Балалар жұмыстарын талдау
41-сабақ.
Сурет. Тақырыбы: Күзгі бұлыңғыр күн.
Сабақтың мақсаты: Суреттің мазмұнына сәйкес тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана білуге үйрету Бояуларды таңдай отырып, суретте табиғаттың құбылыстарын және ерекшеліктерін бейнелей білуге баулу Табиғатты аялай, сүйе білуге тәрбиелеу
Қажетті құралдар: бұлыңғыр күнді бейнелейтін суреттер, сүр түсті қағаздар, бояулар, қылқалам, оны қоятын тұғырлар, су сүлгі.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші балаларға: күздің соңғы айлары "қоңыр күз", деп аталатынын тағы да "алтын күз" деп неге айтатыны жайында сұрап, салыстырып, айырмашылығын түсіндіреді. Күзгі табиғат көрінісіндегі бояудың реңктеріне (колориті) балалардың назарын аудара отырып, күз көрінісінің суретін талдау жасайды. Сурет салмай бұрын тәрбиеші ағаштардың жапырақтарын, бұталарды және жерді қандай бояу түстерімен -суретті салатындарын сұрайды. Ағаштар мен бұталардың қалай орналасқанын, оларды салудың тиімді әдіс-тәсілдерін естеріне түсіреді. Егер балалар жаңбыр жауып тұрғанын бейнелегісі келсе, көгілдір түсті қарындашты пайдалануға кеңес береді. Ағаш басынан жерге ұшып түскен жапырақтарды жіңішке қылқаламның ұшыменен, жеңіл сүйкей жағыс тәсілімен салуға кеңес береді.
Балалардың өз беттерінше жұмыстары.
Балаларға белгілі бір бояу түстерін пайдалана отырып, ауа райының құбылысын және көңіл күйді де беруге болатындығын түсіндіреді. Балалар жұмыстарын талдау
42-сабақ.
Тақырыбы. Табиғат көрінісі.
Сабақтың мақсаты: "Пейзаж", "көкжиек", "кеңістік" туралы түсініктерін бекіту суретке байланысты жағымды көңіл күй туындату. Суретті салудың мәнерлеу құралдарын сезіне білуге баулу. Жыл мезгілдерінің ерекшелігін ажырата білу.
Қажетті құралдар: күз көрінісінің суреттері, гуашь бояулар, қылқалам және оны қоятын тұғыр, су, палитра.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші табиғат көрінісінің суретін көрсетіп, көкжиек сызығы жайында түсініктерін тиянақтайды (жер мен аспанның, аспан мен теңіздің қиылысқан сызығы). Содан кейін кеңістікті, жазықтықты пайдалану ережесін түсіндіреді. Аспан көкжиек сызығы арқылы жермен қиылысады. Көкжиек сызығы ағаштармен, шөптермен, төбелермен, ойлы-қыраттармен қоршалған.
Тәрбиеші табиғат көрінісінің суретін салу технологиясын ашып түсіндіреді.
1. Жіңішке түзу сызық арқылы көкжиек сызығын қағаздың ортасына сызып көрсетеді.
2. Жер тегіс емес, шөптермен, төбелермен көкжиек сызығын қоршап түр. Оны ашық түсті бояумен саламын.
3. Жақын жердегі шеп маясын саламын (стог - мая шөп). Олар өте алыстан көрінгендіктен оны кішкентай және қысқа сызықтармен саламын.
4. Жақын жердегі үйілген шөптің суретін саламын. Оны суреттің төменгі бөлігіне орналастырамын,ең үлкен үйілген шоп маясының суретін саламын. Ал қалған шөптер алыстан көрінетін болғандықтан кішкене және көкжиек сызығына жақын орналасады.
5. Жол жақын болған сайын кең, алыстаған сайын жіңішке, көкжиек сызығына жеткенде көрінбей кетеді.
6. Аспанды салу үшін алдымен қағаздың жоғарғы бөлігіне көк жолақ жүргіземіз, содан кейін оны сумен жуамыз, бояуды тегістеп, әдемілеп жағамыз. Аспан мен жердің қиылысқан жоғарғы бөлігіне қарағанда оның төменгі бөлігін ашықтау етіп бояймыз. Қағаз кеуіп кетпей тұрып, ақ түсті бояумен бұлттардың суретін салып аламыз.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Бұлттардың суретін салуды қылқаламмен жүргізудің әдіс-тәсілдеріне көңіл бөлу. Ол қағазға жеңіл қозғалыспен, билеп жүрген тәрізді із қалдыруы керек.
Балалар жұмыстарын талдау
43-сабақ.
Мүсіндеу Тақырыбы: Құстар.
Сабақтың мақсаты: Құстарды бірнеше бөліктен мүсіндей білуге үйрету. Олардың дене бөліктерін дұрыс орналастыру таяқшаларды пайдалана отырып өзіндік сипатын ерекшелеп мүсіндеу (қанаты, қауырсындары, т.б). Ұқыпты жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.
Қажетті құралдар: кұстардың суреттері, ермексаз, тақтайшалар, таяқшалар, сүлгі.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші: - Қазақстанда мекендейтін қандай кұстарды білесіңдер? - деп сұрайды (торғай, қарлығаш, тырна, аққу, қоқиқаз, бүркіт т.б.). Суреттерін көрсетіп әңгімелету. Олардың дене бөліктеріне (көлеміне, пішініне). түстеріне назар аударады. Содан кейін құстарды мүсіндеудің әдіс-тәсілдеріне тоқталады. Қандай құсты мүсіндегісі келетінін балалар қалауы бойынша таңдайды. Торғайды мүсіндеу үшін денесін сопақша дөңгелек етіп есіп алып, мойнын сәл созып шығару. Басын домалақтап жасап алып, мойнына әкеліп біріктіріп жабыстырады, саусақтармен тегістейді. Берік орналасуына мән беру. Тұмсығын басынан шымшып созып шығарады. қанаттарын таяқшамен (стекалар) екі жақ бүйіріне сызып бедерлеп түсіру. Ал қоқиқазды жасағысы келетін балаларға оның дене бөліктерінің ерекшелігін атап өтіп, денесін есіп сопақша жасап алып. Сол кесек ермексаздың өзінен ұзын мойнын созып шығарудың жолдарын көрсетеді. аяқтарына ағаш бұтақтарын пайдалануға болады (құрастырмалы және иілгіштік әдіс-тәсілдер катар қолданылады). Балалар әліппе - дәптер бойынша жұмыстың орындалу ретін тағы бір рет қарап шығады да өздері қалаған кұстарды мүсіндейді.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Балалар құстарды мүсіндеу барысында басшылық жасалып, кейбір балаларға көмек көрсетеді, жеке нұсқаулар беріледі. Кұстардың ерекше сипатын аша білуге бағыт береді.
Балалар жұмыстарын талдау
44-сабақ.
Жапсыру Тақырыбы. Қайық.
Сабақтың мақсаты: Геометриялық фигураларды қиюға жаттықтыру қайшымен жұмыс жасауға дағдыландыру. Үшбұрышты пішіндерді қолданып композиция құруды жалғастыру бірігіп жұмыс істеуге, бір-бірін сыйлай білуге тәрбиелеу
Қажетті құралдар: Көгілдір түсті қағаздан панно, желім, қайшы, сүлгі, түрлі түсті қағаздар.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші жұмбақ жасырады:
Жазда айдында жүзеді,
Қыста үмітін үзеді.
(қайық)
Жұмбақтың шешуін балалар тапқаннан кейін қайықтың суретін көрсетіп, балалармен сурет бойынша әңгімелеседі. Үлгіні талдау жасайды, қайықтың жеке бөліктеріне, түр-түсіне назар аударады. Қайықтың бөлігі нешеу және қаңдай геометриялық, пішіндерден тұратынын сұрайды. Тәрбиеші үшбұрыштан қалай қайықты қиюға болатынын көрсетеді. Түрлі түсті қағаздардан қайықтың қалған бөліктерін және композиция құруға ұсыныс жасайды. Балалардың өздігінен, дербес шығармашылықпен еңбек етулеріне бағыт беріп отырады.
Балалардың өз бетінше :
Балалар жұмыстарын талдау
45-сабақ.
Сурет. Тақырыбы: Бейнелеу өнері түрлерімен таныстыру.
Городецк өрнегі.
Сабақтың мақсаты: Городецк өнерінің өзіндік сипаты мен ерекшеліктерімен таныстыру. Элементтерінің суретін сала білу композиция құру түстердің үйлесімділігін бере білу дағдыларын қалыптастыру. Ұлттық ою-өрнек әсемдігін сезіне білу, көркемдік талғамын дамыту.
Қажетті құралдар: городецк бұйымдары, үлгі суреттері, городецк ойыншықтары, городецк ою-өрнек үлгілері, бояулар, қылқалам, су сүлгі.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші үстел үстіне городецк ойыншықтарын қойып, оның үстін сүлгімен жауып қояды. Тәрбиешінің шығармашылық әңгімесі.
Ресейде орам, ағаштар көп болғандықтан ағаштан әдемі бұйымдарды көптеп жасайды екен. Біз бүгін осындай Городецк қаласында ағаштан жасалған бұйымдарды қарап көреміз. Ол жақта өрнек салудың өзіндік дәстүрі бар. Сендер онымен таңысқанда Хохламаның ағаштан жасалған бұйымдарымен шатастырып алмаңдар. Городец де ағаштан жасалған бұйымдар олар шаруашылыққа қажетті түрлі заттарды жасай білген. Мынау асханаға арналған тақтайша (үлгіні көрсету), оның бір жақ беті түрлі түсті ашық бояулармен безендірілген, ал екінші жақ бетіне көкөністер т.б. тағамдарды ас үйге кесуге пайдаланады. Мұндай тақтайларды ас үйге іліп қойса да, олар әдемі безендіріп турады. Міне, тағыда ас үйге арналған заттар (ағаш қасықтар, түтікшелер т.б.) деп бірнеше үлгілерді көрсетіп талдау жасайды. Олар тек ас үйге арналған заттарды ғана емес басқа да заттар жасай білген. Ұсақ заттар (түйме, ине, жіп т.б.) салатын қобдишалар, бөлмеге ілетін әдемі паннолар т.б.
Шеберлер балаларды да ұмытпаған, сендерге арнап ағаштан әткеншек - ат жасап оны гулдермен және жапырақтармен безендірген.
Тәрбиеші балалардың алдына 3-4 городецк өрнегімен әшекейленген заттарды қалдырып олардың ерекшелігімен таныстырады. Барлық өрнектерде бүршік, гүлдер, жемістер, жіңішке жапырақтар бар екенін дәлелдейді. Мұндай гүлдерді сәндік гүлдер деп атайды, ал балалар оны ертегі гүлі деп те айтады.
Тәрбиеші балалардың назарын гүлдестелерге аударады. Гүлдестенің ортасында үлкен гүл, ал оң жағы мен сол жағында басқа гүлдер және кішірек жапырақтар орналасса, гүлдестенің шеттеріне бүршіктердің (қауызы) суреттері салынады. Осылайша гүлдестенің өрнектері ортасынан шеттеріне қарай ұсақтап кішірейе береді. Мұндай гулдестелердін он жағы мен сол жағы тең және бірдей болғандықтан оны симметриялы гүлдесте деп атайды.
Енді тәрбиеші балалармен түстерді үйлесімділігін анықтайды. Әр балаға бір гүлден немесе бүршіктен береді. Олардың түстері жайында сұрайды (ал қызыл, көгілдір). Әрбір элементте бір-біріне ұқсас екі түс болатынына балалардың назарын аударады. Ол түстер ал қызыл мен қызыл, көк пен көгілдір т.б. Городец гүлдеріне ақ түспен жиек жүргізіліп, нүктелер, үзік сызықтармен әшекейлейді. бұйымның өзі қою сары, немесе қоңыр (охристый) түсті болады. Бұл ағаштың түсіне ұқсас болып келеді және ол түстерде ашық бояулар әдемі өрнек түзеді.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Балаларға өз еріктерімен гүлдесте құруға бағыт беріледі. Гүлден жасаған өрнектерін фланелографқа орналастыру ұсынылады. Қорытындыда тәрбиеші городецк өрнегін басқа ағаштан жасалған бұйымдардан ажырата білуді ескертеді. Городец шеберлері өздерінің еңбектерін ежелден келе жатқан салт-дәстүр ретінде сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырған.
Балалар жұмыстарын талдау
46-сабақ.
Сурет. Тақырыбы: Әдемі гүлдермен өрнектелген кружка.
Сабақтың мақсаты: Городецк ою-өрнектерімен кружканы әшекейлеу. Городецк өрнектерінің түс үйлесімділігін сезіне білуді бекіту. Сурет салу іскерлік дағдыларын қалыптастыру. Көркемдік талғамын дамыту.
Қажетті құралдар: үлгі сурет, гүл десте, гуашь бояу, қылқалам оны қоятын тұғырлар, су, сүлгі.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші городецк шеберлерінің үлкен ағаш кружканы жасай алатыны және оны гүлдестелермен безендіретінін айтады. Дайындаған үлгіні көрсетіп, оны анықтап қарап алу ұсынылады. Гүлдердің ортасындағы өрнекке назар аударып, оны түсін және жапырақтарының пішінін сұрайды (жапырақтары жіңішке, ұштары сүйір болып келеді). Жапырақтардың ретімен орналасуын көрсете отырып, оның суретін салудың жолдарын түсіндіреді. Алдымен екі жапырақты жоғарыға және екі жапырақты төменге қарама-қарсы орналастырып, суретін салады. Содан кейін тағы екі жапырақты оң жаққа, екі жапырақты сол жаққа, олардың арасына да жапырақтар орналастырады. Гүл сегіз жапырақты болады. Кружкаға өрнек салмас бұрын балалардың суретті қалай бастау керектігін, салу ретін сұрап естеріне түсіреді (гүлі ортасында, бүршігі сол жағында және он жағында жапырақтары ортасында).
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Кружканы өрнектеу үшін алдымен гүл мен бүршікті орналастыратын дөңгелектер салып алу керектігі ескертіледі, ол кепкенше жапырақтардың суретін салады. Кепкен дөңгелектердің ішіне гүлдердің пішінін өрнектеп салады.
Балалардың жұмыстарын талдау
47-сабақ.
Мүсіндеу. Тақырыбы: Пиала.
Сабақтың мақсаты: Ұлттық тұтынатын бұйымдармен таныстыру ыдыстарды мүсіндей білуге үйрету (кесе, табақ). Ыдыстарды бедерлеп мүсіндеу арқылы өрнектеу әдіс-тәсілдерімен таныстыру. Мүсіндеу іскерлік дағдыларын қалыптастыру. Ұлттық ою-өрнек нақыштарынан әсемдікті сезінуге тәрбиелеу
Қажетті құралдар: Қыштан жасалған ыдыстар. Ыдыстардың суреттері, ермексаз, таяқшалар, тақтайша, сүлгі.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші балаларды жартылап шеңбер жасап отырғызады, олардың ортасына қыштан жасалған бірнеше ыдыстарды қояды. Балалардан бір сөзбен бұларды қалай атауға болады? - деп сұрайды.
- Ал, енді әрқайсысын жеке-жеке атаңдар. Мынау не? (кесе, табақ т.б.). Бұл ыдыстар неден жасалған деп ойлайсыңдар?
Олардың салмағы бар екенін сезіну үшін бұл ыдыстарды балаларға ұстап, көтеріп көрулеріне рұқсат етеді. Мұндай ыдыстар пешке қойып күйдірілген және кептірілген саз балшықтан жасалғанын естеріне түсіреді. Мұны қыштан жасалған ыдыстар деп атайды (керамика). Тәрбиеші ыдыстардың пішініне назар аударады. Алдымен аласа ыдыстарды көрсетіп, олардың бөліктерін қарайды (бүйірі, жіңішкерген мойны, қабырғалары, жоғары қарай аузының кенеюі), содан кейін барып, биік ыдыстарды қарап көреді (қыш құмыралар) және олардың бөліктері (бүйірі ұзынша мойнын салыстырып қарау). Қыштан ыдыс жасап оны әшекейлейтін шеберлерді керамист суретшілер деп атайды. Олар ыдыстарды әр түрлі пішінде және алуан түрлі әшекейлермен безендіреді. Осындай ыдыстарды балалардың өздері де жасай алатындарына көздерін жеткізіп, оларға көркем сурет салуды ұсынады. Ыдыстағы әшекейді көркем сурет деп атайды. Оны суретшілер бояудың көмегімен орындайды. Күнделікті үй аспаптары мен ыдыстарда қазақ халқының өмірі мен тұрмысы бейнеленген: аңшылық, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және қоныстары. Қазақ халқының ою-өрнектері алуан түрлі және әрқайсысының атаулары бар: құс қанаты, арқар мүйіз, сынық мүйіз, т.б.
Бұйымда ырғақпен орналасқанды білдіретін композиция ерекше маңызды білдіреді. Егер өрнектер кесенің сыртында орналасатын болса, онда кесенің көлемін қатаң сақтау керек.
Одан әрі педагог кесені мүсіндеп, оны әшекейлеуді ұсынады. Кесені мүсіндеудің жолдары көрсетіледі: кесекті дөңгелектеу қалың диск сияқты жапыру бүгу және шеттерін созу Содан кейін кесенің шетін әшекейлейтін әшекейге назар аудару керек.
Балалардың өз бетінше жұмысы.
Балалар жұмыстарын талдау
48-сабақ.
Жапсыру Тақырыбы: Шыршалар. Әнсауық.
Сабақтың мақсаты. Гармошка тәрізді қатпарлап бүктелген қағаздан бірнеше біртектес пішіндерді бірден кию тәсілдерін үйрету. Балалардың ырғақты сезінуін дамыту көркемдік талғамын қалыптастыру.
Қажетті құралдар. Түрлі түсті қағаздар, желім, қайшы, қарындаш.
Сабақтың барысы. Тәрбиеші балаларға қағазды қалай гармошка тәрізді қатпарлап бүктеуге болатынын көрсетеді. Осыдан өте қызықты, әрі әдемі пішіндерді қиюға болатыны түсіндіреді. Олар безендіру үшін әр түрлі бұйымдарды таңдап алады. Егер олар симметриялы затты бейнелейтін болса, оның жартысын ғана қарындашпен сызып алады. Мысалы, бүктеу сызығына жақын жартылай шыршаның суретін салып, оны қайшымен қиып алатын болсақ шыршалы орман қиылып шығады.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Жұмыс барысында балалардың қабілеттілігіне қарай тапсырманы біртіндеп күрделендіреді. "Шыршалар мен саңырауқұлақтарды" бірге қиюға болады. Ол үшін бүктеу сызығының тұсына біреуіне шыршаның жартылай суреті, екінші бөлігіне саңырауқұлақтың суреті салынып төбесінен төмен қарай қиып алу ұсынылады. Сондай-ақ, балаларға осындай әдіс-тәсілдермен қазақтың ұлттық ою-өрнегі "қошқар мүйізді" қиып алуға болатынын түсіндіреді.
Балалар жұмыстарын талдау
49-сабақ.
Сурет. Тақырыбы: Қазақтың ою-өрнегі. "Қайнар"
Сабақтың мақсаты. Белгілі бір тұтынатын бұйымдардың пішініне сәйкес ою-өрнектермен әшекейлей білуге үйрету. "Қайнар" өрнегімен таныстыру. Балалардың көркемдік талғамын қалыптастыру, ою-өрнектегі түс үйлесімділігі мен ырғақты сезінуге, әсемдікті қабылдай білуге тәрбиелеу.
Қажетті құралдар. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнері бұйымдары, қылқалам, бояулар, су, тұғырлар, сүлгі.
Сабақтың барысы. Тәрбиеші балаларға қазақ халқының тұрмыстық тұтынатын бұйымдарының үлгісін көрсетіп, олардың ою-өрнектеріне ерекше назар аударғаны.
- Сендер ою-өрнектердің қандай түрлерің білесіңдер? (тұмарша, төртқұлақ т.б). Біз бүгін "Қайнар" деген өрнектің түрімен танысамыз. Бұл өрнек неге ұқсайтынын айтып беріңдерші? (судың тамшысына). Дұрыс айтасыңдар, қайнар деген сөздің мағынасы да судың басталатын көзі тәрізді. Бастау, қайнар бұлақ деп атайды, сол бұлақ суынын бір тамшысына ұқсайды екен.
Тәрбиеші нүктелердің көмегімен оюды салуды және салып болғаннан кейін өз бетінше бояуға тапсырма береді. Дәптердегі табақшаны "қайнар" өрнегімен әшекейлеу жолдарын көрсетіп, түсіндіреді.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Балалар жұмыстарын талдау
50-сабақ.
Сурет. Тақырыбы. Сайқымазақ - сәнді адам.
Сабақтың мақсаты. Адам бейнесінің суретін салуға жаттықтыру. Дене бөліктерінің қатынасын дұрыс бере білуге бағыт беру. Қарапайым қимыл-қозғалысты бейнелей білу дағдыларын қалыптастыру.
Қажетті құралдар: қарындаштар, бояулар, адам бейнесі (модель).
Сабақтың барысы. Қағаздан жасалған адамның жеке мүшелерін "моделін" дайындап, ол сым темірмен бір-біріне біріктіріледі. Бұл - сайқымазақ (клоун). Ол тақтайдың үстіне ермексаз немесе желім арқылы орналастырылады. Балаларға сайқымазақ туралы әңгімелей отырып, оның қозғалыс белгілерін көрсету және оның суретін салуға дайындау.
1. Қарындашпен сурет салу. Сайқымазақтың аяқтары қағаздың ортасынан басталуы керек, ол қозғалады, билей алады.
2. Сызықтармен жолақ жасап, оны шалбары етіп және бәтеңкесін де қоса саламыз.
3. Бұл күртешесі: оның жоғарғы бұрыштарына жеңдерін саламыз.
4. Жеңдерінен соң саусақтары көрінеді. Бір қолында ол қолшатыр, ал екінші қолында доп ұстап түр.
5. Бас, мұрын, ауыз, көз және шашын салу керек. Басына бас киім кигізуге болады.
6. Сайқымазақтың киімдерін түрлі түсті бояулармен бояу: бір жеңін қызыл, екіншісін сары, шалбарын жасыл, бас киімін көк етіп бояуға болады деп бағыт беру.
Балалардың өз беттерінше жұмыстары,
Сайқымазақтың түр - сипатының ерекшеліктеріне назар аударту. Балалар жұмыстарын талдау
51-сабақ.
Мүсіндеу Тақырыбы. Геометриялық пішіндер.
Сабақтың мақсаты: Балалардың жалпақ және көлемді геометриялық пішіндер туралы түсініктерін бекіту. Оларды салыстыра білуге, ұқсастықтары мен айырмашылықтарына талдау жасауға қызығушылықтарын арттыру. Мүсіндеу іскерлік - дағдыларын қалыптастыру.
Қажетті құралдар: ермексаздан жасалған пішіндер мен бейнелер (көлемді және рельефті); қатты қағаздан қиылған геометриялық пішіндер, геометриялық денелердің суреттері (немесе өздері) ермексаз немесе саз балшық, тақтайшалар.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші балалардың назарын жазық және ауқымды геометриялық пішіндердің ұқсастығы мен айырмашылығына аударады. Олардың сызба және жазықтықтағы толық емес суреттеріне қарап ермексаздан осындай пішіндер мүсіндеуді өтінеді.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Мына заттарды мүсіндеуді ұсынуға болады:
- бірнеше пішіндерден тұратын үйді;
- баспалдақты;
- бір-біріне ұқсас бірақ әр түрлі пішінді балапандарды.
Балалар жұмыстарын талдау
Дидактикалық ойын: "Жаңа пішіндер"
Ойынның мақсаты: бірнеше дайын пішіндерден жаңа басқа бейне жасау дағдыларын қалыптастыру. Ой-қиялын дамыту, топтау жинақтау салыстыра білуге үйрету.
Қажетті құралдар: ермексаздан жасалған пішіндер: шар, дөңгелек, конус, мұнара (пирамида), куб т.б.
Ойын барысы: Тәрбиеші балаларға таратып берген комплектіден әр түрлі қызықты пішіндер жасауды ұсынады. Қызықты белгілі бір затты жасау үшін әр түрлі пішіндерді бірінің үстіне бірін қойып, бейнеге келтіріп үйренеді. Жаңадан жасалатын заттар: жығылмайтын қуыршақ, шамдар, гүлдер, үйлер, арбалар аққалалар және т.б. болуы мүмкін.
52-сабақ.
Жапсыру. Тақырыбы. Менің сүйікті кітабым.
Сабақтың мақсаты. Балаларды кітап жасау үшін мазмұнын өздері таңдап алуды үйрету бейнеленген заттың көлеміне сәйкес кітаптың бетінің өлшемімен келісу, қиюдың екі түрлі әдіс-тәсілдерін таңдап алу: симметриялы және қосарлы. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, өздерінін, жақын адамдарына және басқаларға сыйлық жасай білуге тәрбиелеу.
Қажетті құралдар. Кітапшалар, түрлі тусті қағаздар жинағы, қайшы, желім, сүлгі.
Сабақтың барысы.
Тәрбиеші жұмбақ жасырады.
Қабат-қабат қапталған,
Асыл сөзбен апталған,
Парағы бар сөйлейтін,
Ол қазына өлмейтін. (кітап)
Балалар жұмбақтың шешуін тапқаннан кейін: - Сендер кітапты жақсы көресіңдер ме? - деп сұрайды.
- Үйде ата-аналарың, балабақшада тәрбиеші апайларың сендерге қандай кітаптар оқып берді? Кім айтады, не туралы? (Бірнеше бала өздерінің ойларын айтады).
- Кітапты көп жинаған дана болмайды,
Кітапты көп оқыған дана болады, - деген мақал бар. Оны қалай түсінесіңдер.
Балалар жауабын толықтырып, мақалдың мәнін ашып түсіндіреді.
Балалар, неге ең жақсы сыйлық кітап болып есептеледі? Қалай ойлайсыңдар? Біз бүгін өзімізге ең жақын адамдарға, іні-қарындастарымыз, апайларымыз, әке - аналарымыз, атамыз бен әжелерімізге, жақсы көретін достарымызға суретті кітапша жасап қуантайық. Сендер қағазды қос бүктеу әдіс-тәсілдерімен танысасыңдар. Симметриялы заттарды қос бүктеу тәсілімен тұтас қиып алуды білесіңдер, ал кейбір суреттердің негізгі бөліктерін қиып алуға болады, басқа бөліктерін қабаттап қосарлы қию тәсілімен қиылады.
Бірнеше қағазды қос бүктеп бірінің ішіне бірін салып кітаптың парақтарын жасауға бағыт беріледі. Тақтаға ор түрлі заттардың силуэттерінің жартысы көрсетілген суреттер ілінеді. Балалар өздеріне ұнағанын үлгі ретінде таңдап алады.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Балаларға қиып жапсыратын заттардың көлемі, кітапшаның бетінің өлшеміне сәйкес келу керектігін ескертеді.
Балалар жұмыстарын талдау
Достарыңызбен бөлісу: |