25-сабақ.
Сурет. Қазақстан жануарлары. Түлкі.
Сабақтың мақсаты: Қазақстандағы жануарлар әлемінің бір түрі түлкімен таныстыру және оның суретін салуды үйрету. Сурет салуда шығармашылық қабілеттерін дамыту өз өлкесінің жануарларына деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту.
Қажетті құралдар: түлкінің суреттері, қағаз, бояу қылқалам, әліппе - дәптер.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші жұмбақ жасырады.
Өзі айлакер қу
Жүрген жері – у - да шу (түлкі)
Жұмбақ шешуін тапқаннан кейін балалардан енді осындай қу түлкі жайында қандай ертегі білесіңдер деп сұрайды. Ертегілерде түлкі қандай болып кездеседі? Түлкінің суретіне қарап, оның дене бөліктерін талдау (денесі, басы, құйрығы, құлағы, көзі). Оның денесінің пішіні неге ұқсайды? Басы, аяқтары ше? Оның түсі қандай? Оның сыртқы пішініне қарап тұмсығы сүйір, үшкір, көзі қысық, айлакер қу екендігі бірден білінеді. Түлкінің суретін салу үшін негізгі элемент "жапырақтар" болып келетінін ескерту. Үлкен-кіші жапырақтардың суретін салу арқылы түлкіні бейнелеуге болатынын және оны орналастыру ретімен таныстырып, сурет салудың жолдарын көрсетіп түсіндіреді.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Түлкінің ерекшелігіне назар аудару және кімнің суретінде өте қу. айлакер түлкі бейнеленгенін атап өту.
Балалар жұмыстарын талдау
26-сабақ.
Сурет. Тақырыбы: Бұлт.
Сабақтың мақсаты: Балалардың байқағыштығын дамыту сулау тәсілі мен жұмыс жасау дағдыларын бекіту әртүрлі пішіндермен түстерді алуан түрлі реңктерін сезіне білуге тәрбиелеу. Көркемдік талғамын қалыптастыру.
Қажетті құралдар: үлгі суреттер, бояулар, қылқалам, оны қоятын тұғырлар, су, сүлгі, әліппе - дәптер.
Сабақтың барысы: А. Саврасовтың "Ауыл" немесе И. Левитанның "Кешкі әуен" атты көркемөнер туындыларын көрсетіп әңгімелеу. Суретті қарағанда көптеген түстердің реңктеріне назар аударту. Тәрбиеші көк аспанның суретін салудың жолдарын түсіндіреді. Жоғарғы бөлігі ашық түспен, төменгі бөлігі одан да ашық түспен боялатынын ескерту. Ол үшін қағаздың жоғарғы жақ бөлігіне көк түспен екі сызық жүргізіледі. Оған көгілдір бояуды сумен қосып араластырып, 2-3 рет бір-біріне жақын етіп бояйды. Қылқаламды суға батырып алып тағы да бір рет жуады. Осы іс-әрекетті тез орындау керек, бұлттың суретін салғанша қағаз кеуіп қалмауы керек.
- Алдымен ақ түспен қағаздың жоғарғы бөлігіне бұлттардың суретін саламыз. Төменгі бөлігіне бұлттардың көлеңкесін түсіруге болады, оны да ақ түспен салып, сүр түспен реңктерін бейнелейміз. Бұл түстерді палитрада ақ бояуға көгілдір түсті және аз ғана қызыл түсті қосып араластыру арқылы аламыз.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Бұлттың суретін салуда балаларға қою түстерді көп қолданбауды ескерту. Бұлттардың әдемі болып орналасуын қадағалау. Балалар жұмыстарын аяқтау сәтінде тәрбиеші жұмбақ жасырады.
Көшіп жүріп желменен,
Сеуіп шықты тамшысын,
Қыраттарға шөлдеген.
(бұлт)
Дәу шүйкесін,
Күн алды,
Көк теңізге түсіріп,
Шығарды да жұлбасын,
Жел әкетті ұшырып. (бұлт)
Балаларға жұмбақтардың шешуін тапқыза отырып, бұлттың да пайдасы бар екенін, жаңбыр болып жауатынын және желге айдалып тарап кететінін, табиғат құбылыстарының ерекшелігімен байланыстыра әңгімелеп, олардың байқағыштығын дамыта отырып, сабаққа талдау жасайды.
Балалар жұмыстарын талдау
27-сабақ.
Мүсіндеу Тақырыбы: Өрнекті кесе.
Сабақтың мақсаты: Кесені белгілі бір рет пен мүсіндеуді үйрету (кесек ермексазды алақан арасына салып домалақтау, оны басып-жаншу арқылы жалпақтау, ішіне қарай бүгу).
Шеттерін және барлық бөліктерін таяқшаның көмегімен тегістеу.
Қажетті құралдар: өрнектелген кесе, ермексаз, таяқшалар, тақтайшалар, сүлгі.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші балаларға қыш құмыралар жасайтын шеберлер жайында әңгімелейді. Сол шеберлер жасаған ыдыстардың ішінде мынандай әдемі кеселер де болған деп үлгі ретінде өрнектелген кесені көрсетеді. Үлгіні талдау жасайды (әліппе - дәптермен жұмыс). Кесені жасау әдіс-тәсілдеріне, орындалу ретіне тоқталады: алдымен алақан арасына салып, доп тәрізді домалақтау оны басып жалпақтау, шеттерін саусақтарымен созып, кесенің пішінін келтіру. Балалардан кесені жасаудың өзі көрсеткен әдіс-тәсілдерінің ретін сұрайды, балалар қайталап айтып береді. Балалардың әдіс-тәсілдерді дұрыс айта білулеріне көңіл болу қажет (домалақтау, жалпақтау шымшып созу, тегістеу т.б.). Содан кейін кесенің қалай өрнектелгенін әңгімелеп, қандай ою-өрнек элементтерімен безендірілгенін және олар қалай кезектесіп орналасқанын сұрау. Ою-өрнектердің "ернек" немесе "бедерлі өрнек" деп аталатынын түсіндіру. Мұндай өрнектерді таяқшалармен (стекалар) батырып жасайтынын түсіндіреді. Балаларға бірнеше ою-өрнек элементтерін атауды және оны өрнектеуді ұсынады. Ою-өрнектерді саусақтардың көмегімен тегістеу, олардың беріктігіне мән беру және дұрыс орналасуын қадағалау Бірнеше бірдей өрнектерді, бірдей қашықтықпен орналастыру содан кейін олардың арасына басқа элементтерді орналастыруға тапсырма беріледі.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Жұмыс барысында тәрбиеші кесені мүсіндеудің ерекшеліктеріне. оны жасауда қандай әдіс-тәсілдер қолданатынына бақылау жасау. Өздері жасаған кесені тег істеуге, әдемілеп өрнектеуге бағыт береді. Ең жақсы жасалған және өздері ернектер ойлап тапқан балаларды мадақтап, ерекше атап өтеді.
Балалардың жұмыстарын талдау
28-сабақ.
Жапсыру Тақырыбы: Домбыра.
Сабақтың мақсаты. Қағазды қос бүктеу тәсілімен қиюға дағдыландыру. Бірнеше бөліктен тұратын заттарды қиып жапсыру, симметриялы заттарды кез мөлшерімен қиюға жаттықтыру. Патриоттық сезімдерге тәрбиелеу.
Қажетті құралдар. Түрлі түсті қағаздар, қайшы, желім, қарындаштар, фломастер, үлгі суреттер, үнтаспа.
Сабақтың барысы. Тәрбиеші үнтаспадан "Домбыра сазы" (Х.Талғаровтікі, әні И.Нүсіпбаевтікі) әнін балаларға тыңдатып, ән не туралы екенін сұрайды. Домбыра жайында әңгімелеп, суретін көрсетіп талдау жасайды.
- Қазақ халқы ән мен жырды, ойын-сауықты өте жақсы көреді. Сіздердің отбасыларыңызда халық әнің жақсы көретін, сүйіп айтатын адамдар бар ма?
- Сіздердің отбасыларыңызда ұлттық аспаптарды ойнайтын адамдар бар ма? ( домбыра, қобыз т.б).
Қазақтың ұлттық аспабы домбыра жайындағы әңгімеден соң балалар жұмысқа кіріседі. Ол үшін алдымен үлгі суретті немесе домбыраның өзін көрсетіп, оның бөліктеріне ерекше тоқталып талдау жасалады. Домбыра неше бөліктен турады?
Негізгі бөлігі сопақша дөңгелекке ұқсас, ал шегі мен пернелері орналасқан бөлігі жіңішке, ұзынша болып келеді. Домбыраның құлақ күйін келтіретін бөліктерін таныстырады. Тәрбиеші енді осындай домбыраны қағаздан жасауға болатынын айтып, негізгі бөліктерінін жасалу жолдарын түсіндіреді. Домбыраның пернелерін жасау үшін парақ қағаздың шетінен жіңішке жолақтар қиып алып жапсыруға болатынын көрсетеді. Домбыраның негізгі екі бөлігін бір-бірімен жапсырып болған соң фломастермен қос шекті сызып салуға болады. Қағаздың түстерін дұрыс таңдай білуге бағыт беріледі.
Балалардың өз беттерінше жұмыстары.
Сабақ барысында домбыраның негізгі бөлігі мен ұзынша мойнының қатынасын сақтау, әдемілеп безендіруге көңіл бөлу керек. Домбыраны қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен безендіру ұсынылады. Балалардың өз бетінше шығармашылықпен жұмыс істеулеріне бағыт беріп, жағдай жасап отыру қажет.
Балалар жұмыстарын талдау
29-сабақ.
Сурет. Тақырыбы: Менің мысығым.
Сабақтың мақсаты: Балаларға мысықтың баласынын суретін салуды үйрету, сулау тәсілімен сурет салуға жаттықтыру, іскерлік дағдыларын қалыптастыру. Үй жануарларына қамқорлық сезімдерін тәрбиелеу.
Қажетті құралдар: әліппе - дәптер, ақ қағаз, қызғылт сары түсті бояу қылқалам және оны қоятын тұғырлар, су, сүлгі.
Сабақтың барысы: мысық туралы ертегілерді еске түсіру.
"Мысық" Е. Өтетілеуұлы.
Мен - Мияу мысықпын,
Өзім сондай пысықпын.
Қастық ойлар дұшпанға –
Арамтамақ тышқанға
Жолбарысша атылам,
Тісті аямай батырам.
- Ал, бүгін біздің суретін салатын мысығымыз өте момақан, ешкімге тісін батырмайтын кішкентай ғана мысықтың баласы.
Мысықтың баласынын суреттерін (фотолар немесе ашық хаттар) көрсетіп әңгімелеу.
- Оның жүні үлпілдек, мамықтай жұмсақ екен. Осындай мысықты салу үшін ете оңай әдіс-тәсілдерді қолданып, оның суреттеп салуға болатының айтады. Қағазды қалай сулау керектігін көрсетеді. Тәрбиешіге сулаудың бірнеше тәсілін ұсынамыз. Олар жалпақ ыдыстағы суға қағаздың бір шетінен ұстап батырып, екінші шетінен судан шығарып алады да сол сорғытады;
- жалпақ қылқаламды суға батырып алып, кезек-кезек бірінің астынан бірін сызып, ақ қағазды таза сумен жуу арқылы сулау;
- губканы немесе мақтаны пайдаланып, оларды суға батырып алып сәл сығып тастап барып, қағаз бетіне сүйкеу арқылы сулау;
Қағаз суды өзіне сіңіре бастаған кезде сурет салуды бастауға болады. Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Сурет салудың ретін, алдымен денесі, содан кейін аяқтары, құйрығы ең соңынан басын салу ұсынылады. Алдымен денесін сопақша дөңгелек тәрізді қызғылт сары бояумен жүргізіп аламыз. Дөңгелектің шетін бояймыз. Жоғарыда құйрығына, төменде аяқтарын салуға орын қалдырады. Мысықтың алдынғы аяғын салғанда қылқалам жоғарыдан төмен қарай жылжи қозғалады, аяғының басын салғанда сәл ғана алға қарай қылқаламды бурамыз. Артқы аяқтарын салғанда, аяқтың жоғарғы бөлігі кішкене жалпақтау болғандықтан қылқаламды денесінен төменге қарай екі рет жүргіземіз, содан кейін аяғының ұшына келгенде қылқаламды тағы да алға қарай бұрып, аяғының басын саламыз. Енді құйрығы жоғарыға қарай бір рет сүйкей жағыс тәсілімен қылқаламды жоғарыға қарай сүйкей жаға отырып, құйрықтың ұшына жеткенде бұрып, имек бөлігін келтіреміз. Басын кішкене дөңгелекке ұқсатып, оның екі шетінен құлақтарын шығарамыз. Құлақты салуда қылқаламды қатты баспай жеңіл қозғалыспен сүйкей жағу тәсілін қолданамыз. Балалар жұмыстарына басшылық жасап, кейбір балаларға жеке нұсқаулар беріледі.
Балалар жұмыстарын талдау
30-сабақ.
Сурет, Тақырыбы: Күзгі жапырақтар шоғы.
Сабақтың мақсаты: Жұмсақ бор қарындаштармен сурет салу тәсілдерімен таныстыру акварель бояу мен борды араластырып пайдалану дағдыларын қалыптастыру бояу түстерін таңдай білу сезімдерін, көркемдік талғамын дамыту, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Қажетті құралдар: қағаз, жұмсақ борлар, акварель бояулар, жұмсақ қылқаламдар, палитра, су, сүлгі.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші бүгін балалармен күзгі жапырақтардың суретін салатындарын айтады. Суретті бүгін түрлі түсті борлармен салатындарын, олар өте жұмсақ, онымен сызса өте жалпақ із қалдыратынын көрсетеді. Бормен күзгі жапырақтардың суретін қалай салуға болатынын көрсетіп түсіндіреді.
- Жапырақтардың суретін салып болған соң акварель бояуды алып, қою түстерді таңдап аламыз да қылқаламмен жапырақтардың айналасын, қағаз бетін тегіс бояймыз (қағаз бетінде ашық жерлер қалмауы керек). " Қызыл, кек немесе қара түспен бояуға болады. Қою түсті фонда күзгі жапырақтар шоғы әдемі көрінеді.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Жұмыс барысында түстердің үйлесімділігіне назар аударылады. Кейбір балаларға жеке нұсқау беріледі.
Балалар жұмыстарын талдау.
31-сабақ.
Мүсіндеу. Тақырыбы: Филимонов ойыншығы. Ысқырғыш қораз.
Сабақтың мақсаты: Сәндік-қолданбалы өнер туындыларымен таныстыру. Мүсіндеудің әдіс-тәсілдерін меңгерту. Жеке бөліктері бойынша және созып шығару арқылы құрастырмалы әдіспен (комбинированный) мүсіндей білу дағдыларын қалыптастыру. Мүсіндеу барысында ара қатынасты сақтау бөліктерін дұрыс орналастыру, шымшып созу және тегістеу тәсілдерін меңгерту.
Қажетті құралдар: Филимонов ойыншықтарының үлгісі, суреттері, саз балшық немесе ермексаз, тақтайшалар, сүлгі.
Сабақтың барысы: Тәрбиешінің әңгімесі: - Ерте кезде Тулада Филимонов деген ауыл болған, ол ауылды Ресейде және оның барлық аймақтарында Филимоновтың әшекейлі ойыншықтары арқылы жақсы білген. Әсіресе, ысқырғыш ойыншықтарды бәрі білетін еді. Мұндай ойыншықтарды саз балшықтан жасайтын, оны терең жыралардан қазып алатын. Бұл саз балшықтар жұмсақ, қолмен қалай илесеңде икемді. Түстері: ақ, қызыл, ал қызыл, сары тіптен қара да түстері болады екен. Мұндай саз балшықтардан бойжеткен қыздардың, әскердің, құс пен аттың, лақтар мен басқа да аңдардың баласын мүсіндеген. Филимонов ойыншықтары бойлары биік, көңілді, қызықты, тартымды, олар бір нәрсеге таң қалып тұрған тәрізді әсер қалдырады. Олардың бәрі жай ойыншықтар емес, ысқырып ойнайтын ойыншықтар. Ысқырғыш бойжеткендер құмырада, ал әскерлер қазда жасырынған. Барлық ысқырғыштармен ысқырып көруге болады. Мүсінделген ысқырғыштарды арнайы пештерге қойып күйдіруге болады. Бұрын ондай пештер саз балшықты алатын жыраларда орналасатын. Саз балшықты күйдіргенде отта олар алғашқыда қып-қызыл болады да, соңында ағарады. Ал, ойыншықтар суығаннан кейін олар ал қызыл түс береді және тас сияқты қатты болып кебеді. Күйдіріліп кепкен соң ойыншықтарды өрнектейді. Оларды көбінесе түрлі түсті жолақтармен, тағы да шыршалармен, дақтармен, қарапайым жемістермен, күнге ұқсас өрнектермен әшекейлейді. Бояу түстеріне келетін болсақ, ашық түстер алынады: сары, қызғылт сары, қан қызыл, жасыл. Филимонов шеберлері халықтық дәстүрлерін ғасырларға жалғастырып сақтауда.
Тәрбиеші осындай ысқырғыш қораз ойыншығын мүсіндейтіндерін айтады. Бастапқы қалыпта цилиндр тәрізді пішінді алады. Оны алақан арасына салып езеді, тегістейді. Содан кейін дайын болған пішіннің екі жағында жоғары қарай созып көтереді.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Олардың жасаған жұмыстары кепкен соң оны қызыл, жасыл, сары түстермен, жолақтар және дақтармен бояйды. Балалардың жұмыстарын талдау.
32-сабақ.
Жапсыру Күміс өрмектегі алтын жапырақтар.
Сабақтың мақсаты. Қағазды ортасынан симметриялы қою дағдыларын қалыптастыру. Күзгі жапырақтарды қиып жапсыра білуге, көлемді композиция құра білуге үйрету. Балалардың көркемдік талғамдарын дамыту.
Қажетті құралдар: Түрлі түсті қағаздар, ақ қағаз, түрлі түсті борлар, желім, қайшы, сүлгі.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші күз мезгілінің ерекшеліктері, әсемдігі, тамаша көріністері жайында балалармен әңгімелеседі. Содан кейін бүгін күз тақырыбында әдемі жапсыру жұмыстарын жасайтындықтарын айтады.
Технологиялық мәліметтер.
1. Балалар қара түсті бормен немесе көмір қарындаштармен (ретушь) қағазға "өрмектер", торлар сызады.
2. Жапырақтарды кию үшін түсті қағаздардың түсін ішіне қаратып қос бүктеп алады да оған қарындашпен жапырақтардың жартысының суретін сызып салады. Дайындап қойылған қағазды толық пайдалану қажеттігі ескертіледі.
3. Балалар өздері қиған бірнеше жапырақтарын өрмекке желімдейді. Желімдеуде жапырақтың қос бүктелген ортасына ғана желім жағып жапсырады, шеттері жапсырылмайды. Жапырақтар желге қозғалып тұрған тәрізді көлемді болып жапсырылады. Күз және күзгі жапырақтар туралы балалар өлең, тақпақтарын айтып береді.
Балалардың өз бетінше жұмыстары. Балалар жұмыстарын талдау
33-сабақ.
Сурет. Тақырыбы: Ертегідегі аң.
Сабақтың мақсаты: Ертегідегі аң бейнесін мүсіндей білуге үйрету, ой-қиялын дамыту, шығармашылық қабілеттерін арттыру өзіндік еңбек нәтижесіне жете білуге тәрбиелеу. Ұқыпты жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру сурет салуға қызығушылығын арттыру.
Қажетті құралдар: қарындаштар, түрлі түсті борлар, әліппе - дәптер, ақ қағаз.
Сабақтың барысы: - Ертедегі суретшілер арыстанның суретін салғанды өте жақсы көрген. Ертегі арыстан - бұл жай аң емес, ол тағы өрнек. Ертегілерде аң патшасы арыстан екенін білесің бе? Сол сияқты өрнектерде де бұл негізгі орын алады. Ал, кез келген өрнек белгілі бір мағынаны білдіреді. Арыстанның тісін, аузын қарашы, ол күлімдеп тұрған тәрізді. Ол көп білетініне және бәрін өзі жасай алатынына қуанады. Ол алдыңғы аяқтарын айқастырып, енді ешкіммен соғыспайтынын, таласпайтынын, ешкімді ренжітпейтінін көрсетіп түр. Арыстанның жалы қандай көп болса біз де сондай көп нәрсені біліп үйренеміз.
Тәрбиеші арыстанның суретін салудың жолдарын көрсетеді.
1. Қарындашпен арыстанның денесін үлкен "қиярға" ұқсатып, сопақша етіп салып аламыз.
2. Арыстан аяқтарын астына басып жатыр. Оларды кішкене "қияр" тәрізді саламыз.
3. Басы дөңгелек, құлақтары да дөңгелек болып келген.
4. Арыстанның құйрығы артқы аяғының арасынан өтеді де ағаш немесе гүлге ұқсап кетеді.
5. Арыстанның жалы толқынды сызықтармен сызып салынады.
6. Енді көзі, тұмсығы және күлімдеп тұрған аузы салынады.
7. Арыстанның түсі ашыла түсу үшін суреттің шеттерін қызыл түсті бормен сызып шығамыз.
8. Денесіне, аяқтарына және құйрығына әр түрлі өрнектер пайдалануға болады. Мысалы: "завитушки" Гүлдер мен жапырақтардың суреттеп де салуға болады.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Мүмкіндігінше күрделірек өрнектерді салу қарастырылады. Балалар жұмыстарын талдау
34-сабақ.
Сурет. Тақырыбы: Әдемі балықтар.
Сабақтың мақсаты: Сәндік сурет салудың тәсілдерін қолданып, сызықтар, түстер, дақтардың көмегімен балықтардың ерекше ертегідегідей бейнесін беруді үйрету. Сурет салудың жаңа техникасымен таныстыру. Тушты пайдалануға жаттықтыру. Еңбек нәтижесіне жетуде баланың шығармашылық қабілетін, ой-қиялын дамыту.
Қажетті құралдар: қағаз, туш, жіңішке қылқалам, акварель бояу, құстың қауырсыны, су сүлгі.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші балаларға өздерінін қалаған тілектерін орындайтын ертегідегі балықтардың суретін салуды ұсынады. Біз бүгін бәріміз сурет салудың ерекше әдіс-тәсілдерін таңдап алайық. Бізге жұмыс жасау үшін қара туш көмекке келеді. Құстың қауырсынын тушқа батырып алып, оны қатты баспай жіңішке сызықпен сызып, балықтың денесін салады. Әрбір балықтың құйрығы және қанаттары әртүрлі болады. Балықтың кейбір бөліктерін өрнектеп түрлі акварель бояумен бояуға бағыт беріледі.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Балалар балықтың суретін салуда оның ертегідегідей болуына және суретті салу тәсілдерінің ерекшелігіне назар аударады. Балалар жұмыстарын талдау
35-сабақ.
Мүсіндеу Сырғалар.
Сабақтың мақсаты: балаларды қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарымен таныстыру. Таяқшаның көмегімен тузды қамырдан сырғаларды мүсіндеуді үйрету. Дайындалған сырғаны ою-өрнектермен әшекейлеу. Зергерлік бұйымдардың әсемдігін сезіне отырып көркемдік тәрбие беру.
Қажетті құралдар: "Қазақтың зергерлік бұйымдарының" альбомы (ашық хаттары), зергерлік бұйымдардың үлгісі (сырға, білезік, жүзік, қапсырма т.б.), тұзды қамыр, таяқшалар (стека), сым.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші балаларды қазақтың зергерлік бұйымдарымен таныстырады. Қазақстан жері ертеден мыс, қорғасын, мырыш. алтын, т.б. асыл, қымбат тастарға бай болған. Осы асыл тастарды қазақтың зергерлері әр гүрлі зергерлік бұйымдар жасауға пайдаланған және бұл шеберлік өнерді ұрпақтан ұрпаққа мура етіп қалдырып отырған. Олар әйелдерге арналған зергерлік бұйымдарды, балалар киімдерін әшекейлеуге арналған заттар, асхана бұйымдары, ыдыстар, киіз үй жабдықтары, ағаш бұйымдар, музыкалық аспаптар қару-жарақ және ат әбзелдерін жасайтын болған. Тәрбиеші балаларға зергерлік бұйымдардың әдемі әшекейлеріне назар аудара отырып, асыл тастармен безендірілгенін ою-өрнектеріне мән бере отырып түсіндіреді. Балалар зергерлік бұйымдарды қолдарымен ұстап көреді. Олар: жалпақ, ою-өрнегі бар, ай сырға деп аталатынын, сондай-ақ, шығыршық сырға, көп қырлы сырға т.б.
- Бүгін біз бәріміз ертедегі шеберлер сияқты зергерлер боламыз. Әйелдерге арналған зергерлік бұйымдар жасап көреміз. Ол үшін тузды қамырды илеп алып шар тәрізді домалақтаймыз, содан кейін оны басып жұқалап жалпақтаймыз. Шаблон бойынша стекалармен сырғаны қиып аламыз. Қамыр кеуіп кетпей тұрғанда жұмсақ сымдардан ілгектер жасаймыз. Қиылған дайын сымдарды иіп, оны сырғаның шетіне өткізудің жолдарын көрсетеді. Сырғаларды таяқшалармен батырып бедерлеуге немесе сыртына шығарып бедерлеп әшекейлеудің әдіс-тәсілдерін көрсетеді. Сырға кепкен соң гуашь бояулармен бояп, әдемілеп өрлеуге болады.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Балалардың жұмыстарын талдау
36-сабақ.
Жапсыру Тақырыбы. Мамық жүнді балапан.
Сабақтың мақсаты: Балаларға қайшыны пайдаланбай қолмен жұлмалап кию әдіс-тәсілдерін меңгерту. Ұқыпты жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру. Шыдамдылық, ерік-жігер сапаларын дамыту, кұстарға қамқорлық жасай білуге тәрбиелеу.
Қажетті құралдар: жұқа сары тусті қағаздар, желім, қарындаш, балапанның дене бөліктеріне сай дайындалған қағаздар, үлгі сурет.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші мамық жүнді балапанның суретін көрсетіп, балалардың өздеріне әңгімелетеді. Бұл балапанға қандай қамқорлық жасар едіңдер? (су береміз, жем береміз, жылы ұя жасап береміз т.б). Біз бүтін осындай үлпілдеген кішкентай мамық жүнді балапанды өзіміз қағаздан жасап үйренеміз. Ол үшін мына сұрақтарға жауап беріңдер:
- Балапандар қандай гүлге ұқсайды? (бақбақ гүліне).
- Балапандар қандай болады екен кім сипаттап айтып береді? (сары түсті, үлпілдек, жұмсақ, мамық, кішкентай, әдемі, сүйкімді т.б).
- Балапан сендерге ұнай ма? Кімнің үйінде балапан бар? Оны немен тамақтандырасыңдар? Неден қорғайсыңдар?
- Жем тауып алғанда тауықтар балапандарын қалай шақырады? (ко-ко, ко-ко, ко-ко).
- Енді балапанды жасау үшін біз жұлмалап кию тәсілін қолданамыз, өйткені балапанның жүні өте жұмсақ дедік.
Алдын ала дайындалған қағаздарды саусақтардың арасына салып отырып айналдыра қию тәсілін көрсетіп, түсіндіреді. Балалармен бірге жасап көреді.
Балалардың өз беттерінше жұмыстары.
Балаларға жұлмалап қиюға арналған қағаздар беріледі. Кию тәсілдерін қарап, кейбір балаларға жеке көмек көрсетіп, қағазды қиғанда үлпілдек, мамық жүнді бейнелейтіндей болуына бағыт береді. Балапанның дене бөліктерін дұрыс орналастыруын қадағалайды.
Балалардың жұмыстарын талдау
37-сабақ.
Сурет. Тақырыбы: Бейнелеу өнері түрлерімен таныстыру. Натюрморт.
Сабақтың мақсаты: Балаларды натюрморттың мазмұнымен, композициясымен таныстыру. Түстерді таңдай білуге, заттың пішіні мен түстердің үйлесімділігін сезінуге, жазықтықта дұрыс орналастыра білуге үйрету. Көркемдік талғамын қалыптастыру.
Қажетті құралдар: бірнеше суретшілердің бес-алты натюрморттары.
Сабақтың барысы: Тәрбиеші: - Балалар, айналаларыңа мұқият қараңдаршы: қандай көп, әдемі заттар бізді қоршап тұр. Суретшілер өте зейінді, көреген адамдар. Оларға не ұнайды, не толғандырады, солардың барлығын олар суреттерінде бейнелейді. Суретшілер айналадағы заттардың әсемдігін жақсы көре біледі. Олар арнайы бірнеше заттарды таңдайды және оларды әдемілеп қойып көреді де сондай әсемдікті біз де көрсін деп оның суретін салады. Міне, осындай суретшілер туындыларын НАТЮРМОРТ деп атайтынымызды сендер білесіңдер.
Бірнеше натюрморт суреттерін көрсетеді. Осылардың ішінен өздеріне ұнағандарын таңдайды, ол жайында әңгімелетеді, мұнда не бейнеленген және қалай орналасқан, олардың түстері қандай. Жетекші сұрақтар беріп балаларға көмектеседі. Балаларды бұл заттардың түсінде, көлемінде және орналасуында белгілі бір реттілік болатынын түсіндіріп, қорытындылай білуге бағыттайды. Суретшінің тұрмыс заттарын немесе табиғат заттарын осылайша орналастыруын натюрморт деп айтатының бекітіп, тиянақтайды. Атап айтқанда бірыңғай немесе біртектес заттардың үйлесімді орналасуы деп түсіндіреді.
Балалардың өз бетінше жұмыстары.
Әр түрлі заттардан натюрморт құруды ұсынады.
Балалар жұмыстарын талдау
38-сабақ.
Тақырыбы: Жүзім бұтағы.
Сабақтың мақсаты: Жүзімнің бұтағының суретін салуды үйрету. Жүзімнің жемістерін салуда өз еркімен бояу түстерін таңдай білу (ашық жасыл түс). Ұқыпты жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |