Сабақ жоспарлары 1-сабақ. Сурет. Тақырыбы: Сиқырлы қылқалам


-сабақ. Сурет. Тақырыбы. Айдаһар



бет5/8
Дата01.04.2017
өлшемі1,51 Mb.
#13189
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8

53-сабақ.

Сурет. Тақырыбы. Айдаһар.

Сабақтың мақсаты: Гуашь бояумен сурет салу техникасымен таныстыру. Түстерді ажырата білу сезімдерін дамыту, жұмыс барысында түстерді мәнерлі пайдалану. Кейіпкердің сипатын суретте бере білуге баулу.

Қажетті құралдар: Гуашь бояу үлкен-кіші қылқаламдар, оны қоятын тұғырлар, су, сүлгі, қатырма қағаз.

Сабақтың барысы. Тәрбиешінің шығармашылық әңгімесі.

- Шығыстағы белгісіз бір жұмбақ елде өздері киім тігетін, әр түрлі ыдыстар жасай алатын адамдар тұрады. Сондай-ақ олар көктемде ақ және қызыл түсті гүлдері бар ағаштар отырғызады. Осы елдің халықтары сурет салуды жақсы көреді екен. Айдаһардың суретін салу ең сүйікті тақырыбы. Айдаһарлар әр түрлі болады: Біз бүгін әр түрлі бояулар алып, айдаһарларды салып көрейік. Мұндай қиял-ғажайыпты салу үшін олардың денесіне, құйрықтарына, басын салу үшін түстерді таңдап алу маңызды.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Бояу түстерімен айдаһардың бейнесінің ерекшелігін аша түсуге болатынын ескерту.

Балалар жұмыстарын талдау

54-сабақ.

Сурет. Тақырыбы. Бұтаққа қонған құс.

Сабақтың мақсаты. Бояуды пайдаланудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру. "Еркін" қимыл-қозғалыс дағдыларын бекіту. Кұстарға қамқорлық жасай білуге тәрбиелеу.

Қажетті құралдар. Гуашь бояу, су, сүлгі, қылқалам, қағаз, кұстардың суреті, үлгі сурет.

Сабақтың барысы. Ақ және қара түсті бояуларды дайындап алу ұсынылады. Содан кейін жиі кездесетін құстардың суреттерін көрсетіп әңгімелеу. Олар: торғайлар, қараторғайлар, көгершін, қарғалар т.б. Бұтаққа қонған құстың суретін салу технологиясын түсіндіру.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

1. Алдымен сүр түсті бояу таңдап аламыз, ақ бояуға аз ғана қара түсті бояуды қосып араластырамыз, сүр түс өте қою болмауы керек.

2. Кұстың денесін саламыз. Қылқаламды қағаздың сол жақ ортасына қарай қойып алып, оны дөңгелек жасай қозғалтамыз. жеңіл билеп жүрген тәрізді қозғалыспен құстың денесін үлкейте береміз.

3. Дөңгелектің жоғарғы бөлігінен құстың басының суретін саламыз, ол үшін қылқаламның жеңіл қозғалысы мен дөңгелек пішінге келтіріледі.

4. Құстың құйрығын саламыз. Қылқаламды жумай қара түспен суға батырып алып әрі қарай жалғастырып саламыз.

5. Құстың құйрығының қауырсындары тегіс болады. Қылқалам солдан оңға қарай қозғалып отырады.

6. Құс бұтаққа қонып отырған соң оны тырнақтарымен қысып отырады. Оның тырнақтарын кішкентай жапырақтар тәрізді етіп саламыз.

7. Тұмсығын тез ғана жеңіл қозғалыспен саламыз.

8. Осындай өздері пайдаланып отырған бояу түстерімен жылдам қозғалыс­пен құстың қанатын саламыз.

9. Бұтақты саламыз. Қылқалам қағаз бетінде женіл қозғалыспен қозғалады, аяқтарының тұсына келгенде қозғалыс үзіледі. Үзіп алып әрі қарай жалғастырады.

10. Құстың денесінің бояуы кепсе, оның көздерін саламыз. Қылқаламның ұшын ақырын ғана қағаз бетіне тигіземіз.

Балалар жұмыстарын талдау

55-сабақ.

Мүсіндеу Тақырыбы. Дастарқанды жаяйық.

Сабақтың мақсаты: Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту (өздігінен ыдыстарды таңдап алу және оны әшекейлеу үшін ою-өрнектер ойлап табу). Өздерінің қалыптасқан іскерлік дағдыларын жана затты мүсіндеуде пайдалану. Қазақтың ұлттық ыдыстары туралы балалардың түсініктерін кеңейту.

Қажетті құралдар: Ермексаз немесе тұзды қамыр, таяқшалар, дөңгелек үстел, қазақтың ұлттық ыдыстары: кесе, пиала, ожау тостаған т.б

Сабақтың барысы: - Бүгін біз сендермен қызықты сабақ етеміз. Мен сендерді қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтар көрмесіне шақырамын. Көрмеде экспонаттар бар.

Тәрбиеші балаларға көрмеге қойылған заттарды қарап көруге және олармен танысуға мүмкіндік береді. Содан кейін ыдыс-аяқтардың пайдасын, ерекшелігін, қандай материалдардан жасалғанын, тұрмыста қолданылуын талдап, ол туралы түсінік береді. Ыдыстардың кейбіреулері теріден жасалғанына назар аударады. Осындай ыдыстарды шеберлер жасайтыны атап өтіп, сол шеберлер тәрізді бүгін біз жұмыс істеп көреміз деп балаларды жұмысқа дайындайды.

Балалар өздері білетін торсық, кесе, ожау т.б ыдыстарды жасауға кіріседі. Тәрбиеші дастарқанға қоятын тамақтарды да ұмытпауларын ескертеді.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалардың жасаған жұмыстарын үстелдің үстіне қойып, олардың әдемілігіне, жасалу сапасына мән бере отырып қарайды. Тәрбиеші жұмбақ жасырады:

Алға жайып тұз-дәмін,

Келтіреді үй сәнін.

Ол халқымның ақ жаны,

Жақсы дәстүр маржаны,

Кең пейіл де арайлы,

Осы жерден тарайды. (дастарқан)

Балалар жұмбақтың шешуін тапқан соң тәрбиеші өздері өрнектеп жасаған дастарқанның мән-маңызы туралы айта отырып, сабақты қорытындылайды.

Балалар жұмыстарын талдау

56-сабақ.

Жапсыру Тақырыбы: Қысқы орман.

Сабақтың мақсаты: Қысқы орманды бейнелеуде "қолмен жұлмалап қию" әдіс-тәсілдерін меңгеруді жалғастыру. Түстерге сәйкес эстетикалық қабылдауын дамыту Жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін айқындап бере білу іскерліктерін қалыптастыру

Қажетті құралдар: түрлі түсті қағаздар, желім, ашық түсті қағаздар: ал қызыл, көгілдір, сүр.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші балалардың жақында қысқы орманға саяхатқа барғандарын естеріне түсіреді. Сурет салғандарын әңгімелейді.

- Ал бүгін біз жапсыру арқылы қысқы орманды бейнелейміз. Тәрбиеші балаларға ағаштарды "жұлмалап кию" тәсілімен жасайтындарын айтады. Жолақ қағаздан қиындылар дайындап алады, оны түсті қағаздың бетіне жапсырады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары:

Алдымен қоңыр түсті қағаздан ағаштың діңін жасату содан кейін барып бұтақтарын жасайды, ағаш дайын болған соң ақ түсті, ұсақ қағаздардан кар жамылған ағашты бейнелеп жапсырады. Қағазды "жұлмалап қию" тәсілін тәрбиеші арнайы көрсетеді. Қағазды екі саусақтың арасына салып, екі қолда қағазды қозғалта отырып жұлмалап қияды.

Балалар жұмыстарын талдау

57 - сабақ.

Сурет. Тақырыбы. Шебер-фломастер.

Сабақтың мақсаты: сызықтардың көмегімен белгілі бір бейнені бере білу қабілеттерін дамыту қарындаш пен фломастерде дұрыс ұстай білу дағдыларын бекіту. Көркемдік талғамын қалыптастыру

Қажетті құралдар. фломастерлер, маркерлер. қарындаштар, қосымша материалдар: ұсақ моншақтар (бисерлер), дәндер, жұмсақ сым темірлер, сапасы ор түрлі қағаздар, мақта, конфеттердің қағаздары,түймелер. т:б. (бұл заттарды балалар қарындашпен немесе фломастерлермен жұмыс жасағысы келмесе пайдаланады.

Сабақтың барысы: тәрбиеші фломастерлер мен маркердің түсі қарындашпен салыстырғанда ашық, қанық болатынын түсіндіреді. Олар суреттерді бояғанда бірден көзге түсу үшін өте ыңғайлы, және мультипликациялық стилдегі, ақпараттық иллюстрациялар үшін қолдануда тиімді. Фломастер мен маркерлердің көлемі, пішіні жағынан әр түрлі болып келеді. Маркердің екі түрі болады: сулы сия құйылған, екіншісі спиртпен дайындалған. Спиртті фломастерлер ұзақ сақталатын және бояуларды бір-біріне ауысып кетпейді. Ал сиямен жасалған фломастерлер бояулары бір-біріне араласып кетеді. Жіңішке фломастерлермен ұсақ бөліктерді анық бояуға болады. Жалпақ маркерлер тұтас бетті бояуға ыңғайлы. Тәрбиеші фломастер мен маркерді өз еріктерімен сурет салуға береді.

Балалар өз бетінше жұмыстары.

Балаларға бір түстің үстіне екінші түсті бояп, басқа жаңа түс алуға бағыт береді. Олардың жұмыстарының барысында басқа заттарды пайдалануға болатынын айтып оған көмектеседі.

Балалар жұмыстарын талдау.



58-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Қазақтың ұлттық ою-өрнегі. Құс қанаты (кесе).

Сабақтың мақсаты. Тұтынатын заттардың пішініне сәйкес ою-өрнектермен әшекейлей білуге үйрету. Құс қанаты өрнегімен таныстыру Ұлттық сәндік-қолданбалы өнерге деген қызығушылықтарын дамыту.

Қажетті құралдар: бояулар, қылқалам, оны құятын тұғырлар, ұлттық ою-өрнек элементтерінің суреттері, кесенің үлгісі.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші ұлттық ою-өрнек элементтерінің суреттерін көрсетіп, олардың. аттарын атауды ұсынады (тұмарша, төртқұлақ, қайнар, сынық мүйіз, қошқар мүйіз т.б).

- Бүгін біз сендермен "құс қанаты", "бұғы мүйіз" деп аталатын ою-өрнек түрлерімен танысамыз.

Тәрбиеші оларға екі элементтің ерекшелігі мен айырмашылығын, ұқсастығын салыстыра отырып түсіндіреді.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалар дәптердегі ою-өрнектерді қарындашпен сызып және оны бояйды. Кесенің суретін салып, осы ою-өрнекпен әшекейлеуді ұсынады. Балалардың жұмыстарын талдау

59-сабақ.

Мүсіндеу "Билеп тұрған адамдар"

Сабақтың мақсаты: Адамның бейнесін мүсіндей білуге үйрету күрделі емес қимыл-қозғалысты бере білуге жаттықтыру. Ұқыпты жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.

Қажетті құралдар: әр түрлі қимыл-қозғалыстағы адамдар бейнесінің, сызба суреттері, бірыңғай түсті ермексаз немесе саз балшық.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші балалармен бірге адамның бейнесінің суреттерін қарайды, олардың дене мүшелерінің орналасуына көңіл бөледі. Қимыл-қозғалыстарды сезбен айтып жеткізулерін сұрайды. Саз балшықтан осындай өздеріне ұнаған бейнелерді мүсіндеуге тапсырма беріледі. Балалар адам бейнесін мүсіндеудің жолдарын өздері қарастырады. Әліппе - дәптердегі мүсіндерге мұқият қарап естеріңе түсіруге болады. Егер де тапсырманы балалар тез орындап қойса, онда басқа қимыл-қозғалыстағы адамның бейнесін мүсіндеу ұсынылады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалар мүсіндеп отырғанда жасаған бейнелерінің қимыл-қозғалыстарын өзгертуге көмектесуге болады. Тәрбиеші ол үшін қолды көтеріп қоюға, бүйірін таянып тұруға, шынтақтың бүгуге, адамның жүріп немесе жүгіріп келе жатқанын қалай жасауға болатынын көрсетеді. Балалардың жұмыстарына талдау

60-сабақ.

Жапсыру Шыршаны безендіреміз.

Сабақтың мақсаты. Балалардың өз ойларынан қиып жапсыру дағдыларын қалыптастыру. Ой-қиялын шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Қажетті құралдар. Түрлі түсті қағаздар, шырша қиып жапсырылған қағаздар.

Сабақтың барысы. Шырша жайында өлең оқылады. "Жаңа жыл келді". Сөзі. Д. Қанатаев. И. Нүсіпбаев.

Бізге жаңа жыл келді, Ойыншықты мұншама,

Аяз ата бізге енді. Кім ілді екен шыршаға?!

Алақай, айнала түрленді, Алақай, айнала түрленді?!

Балақай би биле, тұрма енді! Балақай, би биле тұрма енді!

Шыршаның ойыншықтарын көрсетіп, осындай шыршаны безендіретіндерін айтады. Шыршаға ілінген ойыншықтарды қарап көреді. Әр балаға өзіне берілген шыршаны безендіру ұсынылады. Балалар шыршаны өз ойларынан, кергендерінен еске түсіріп, түрлі түсті қағаздарды пайдалана отырып жасайды. Балаларға ойыншықтарды қиюға және онымен шыршаны безендіруде дұрыс орналастыра білуге бағыт береді. Ұқыпты жұмыс істей білулері қадағаланады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалар жұмыстарын талдау



61-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Қар ханшайымының әдемі өрнектері.

Сабақтың мақсаты: Бейнелі өрнекті көре білу іскерліктерін дамыту. Жіптердің көмегімен белгілі бір бейнені бере білу дағдыларын қалыптастыру. Түстердің үйлесімділігін сезіну, көркемдік талғамын, ой-қиялын дамыту.

Қажетті құралдар: жіптер, көк түсті гуашь бояу ақ қағаз, әліппе - дәптер.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші балаларға өлең оқиды. "Суретші қыс". К.Нүсіпов.

Қонақтайды бақтарға,

Ақ көбелек, ақ мамық

Аунап таза ақ қарға.

Балалар жүр мақтанып.

Тазартып бар кір шаңын,

Қыс өнерін бастады.

Терезеге қыраудан;

Сурет салып тастады.

Балалардың көңілін терезедегі аяз өрнектеріне аудару, шығарманың мазмұнымен байланыстыра отырып түсіндіру Осындай суреттерді Қар ханшайымы да салғанын айтады. Бүгін біз сиқыршыға айналамыз да осындай әдемі өрнектерді сиқырлы жіптердің көмегімен өзіміз де саламыз. Тәрбиеші жұмыстың орындалу ретін түсіндіреді:

- алдымен жіпті бояуға тұтас батырып алу шүберекпен артық бояуды сүрту;

- жіптің бір ұшын ұстап, екінші ұшын қағаздың бетіне түсіру қағазды жабу;

- қолмен қағаздың үстінен сипап шығу үстіндегі қағазды алу; Аязды өрнектерге ұқсайтын Қар ханшасының суреттері пайда болады.

Балалардың оз беттерінше жұмыстары.

Жұмыстарының ішінен ең сәтті шыққан жұмыстарды таңдап алады. Балалар жұмыстарын талдау

62-сабақ.

Сурет. Тақырыбы. Үлкен және кіші шыршалар.

Сабақтың мақсаты: Қағаз бетінде кеңістікті бағдарлай білуге жаттықтыру, (алыс және жақындағы ағаштар), бұрынғы және кейінгі өскен ағаштардың ерекшеліктерін бере білуге дағдыландыру олардың түстерін ажырата алуды үйрету.

Қажетті құралдар: қағаздар, қылқалам, бояулар, су сүлгі, үлгі суреттер.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші қыс туралы өлең оқиды. Оған талдау жасайды. Енді қысқы орманға саяхатқа баратындарын айтады. Балаларға үлкен иллюстрациялы қысқы орманның бейнеленген суретін көрсетеді. Сурет бойынша балалар әңгімелейді. Осындай қысқы орманның суретін салуды ұсынады. Орманның ішіндегі үлкен, кіші шыршалардың дұрыс орналасуына көбірек мән береді.

Балалардың өз беттерінше жұмыстары.

Тәрбиеші балалардың кеңістікті бағдарлау ережесін естеріне түсіреді: алыстағы орналасқан ағаштар бізге кіші болып көрінетіні, жақындағы ағаштар үлкен. Жұмыстың орындалу ретін көрсетеді. Алдымен көкжиек сызығын сызып алу. Содан кейін шыршалардың суретін салу Діңін түзу сызып, бұтақтары жоғарыдан төмен қарап көлбеу орналасатының ескерту. Шыршаларды салып болғаннан кейін женіл сүйкей жағу тәсілі арқылы ақ бояулармен бұтақтарға түскен карлардың суреттерін салады. Шыршалардың үлкен және кіші әр түрлі келемде болып салынуы қадағаланады.

Балалар жұмыстарын талдау.



63-сабақ.

Мүсіндеу Тақырыбы: Қар домалатқан қыз.

Сабақтың мақсаты: Қысқы киім киген адамның бейнесін қарапайым қимыл-қозғалыста мүсіндей білуге үйрету. Дене бөліктерін бір-біріне берік орналастыра білуге, таяқшаларды пайдаланып, киімдерін әшекейлеуге және тұғырға орналастыра білуге дағдыландыру. Ұқыпты жұмыс істеуге, еңбек ете білуге тәрбиелеу.

Қажетті құралдар: қыздың мүсіні (үлгі), ермексаз, таяқшалар, тұғырға арналған ұзынша келген қатырма қағаз, екі-үш статуэткалар.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші фото суреттер немесе статуэткаларды көрсетіп мүсіндердің ерекшелігіне, қимыл-қозғалыс мәнеріне назар аударады. Бұл мүсіндерді фарфордан немесе қыштан мүсіншілер жасаған, Осындай кішкентай мүсіндерді статуэтка деп атайды. Балалар өздері де осындай мүсіншілер сияқты қысты күпі тон киіп кар домалатқан қыздың бейнесін мүсіндеуді ұсынады. Балалардың назарын мүсінді дұрыс, пакты бере білуге бағыттау. Ол үшін тәрбиеші алдымен балалардың оның орындалу ретін сұрайды. Ермексазды неше бөлікке болу керек, қай бөлігінен қыздың денесін, қай бөлігінен қолдары мен аяқтарын жасауға болатынын сұрайды. Қолдары мен аяқтары тең болып шығу үшін ермексазды тең бөлікке бояу керек (цилиндр жасап оны тең екі бөлікке бөлу). Сабақ барысында балалардың шағын бөліктерді жақсылап мүсіндеуге және берік бекітуге, үстінен сылап-сипап тегістеуін қадағалау Балаларды мүсіндеуде шағын бөліктерді өз ойларынан қосып мүсіндегендерін мадақтау (мысалы: бет пішіні, түймесі, мойын орағышы т.б) Егер де кейбір балалар қар домалақтарын мүсіндесе, онда қыздың денесін иіп, еңкейтудің жолдарын көрсетеді.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Тәрбиеші қыз баланың қысқы киіміне балалардың назарын аударады (пальто, қысқы бас киімі т.б.) Қысқы киімнің жағасы мен жеңдерін мүсіндеу үшін алдымен жіңішке цилиндр тәрізді етіп, ермексазды есіп аламыз да оны мойнының және қолының жеңіне қойып, үстінен жалпақтап бастырамыз.

Балалар жұмыстарын талдау



64-сабақ.

Жапсыру Тақырыбы. Тұскиіз.

Сабақтың мақсаты: Қазақтың ұлттық ою-өрнек элементтерін қағаздан кию дағдыларын қалыптастыру «тұскиіз», «текемет», «сырмақ», «алаша», «түкті кілем» деген ұғымдармен таныстырып, олардың айырмашылығын түсіндіру. Ою-өрнек элементтерін шаршы немесе тік төртбұрышқа орналастыра білуге үйрету. Көз мөлшерін дамыту, ұқыпты жұмыс істей білуге, шыдамдылыққа, төзімділікке, сабырлылыққа тәрбиелеу.

Қажетті құралдар: қазақтың ұлттық тұтынатын бұйымдарының суреттері (өзін көрсетуге де болады), түрлі тусті қағаздар, желім, қайшы, қарындаш.

Сабақтың барысы. Балалармен бірге ұлттық тұтынатын бұйымдарды қарап (немесе суреттерін) олардың ерекшелігі, ою-өрнегі, түр-түсіне назар аударады.

- Жақсылап қараңдар киіз үйден бастап, барлық тұтынатын бұйымдар: текемет, сырмақ тұскиіз, әдемі кілемдер үйге көрік беріп турады. Текеметтің бояуының түстері әр алуан: көк, сары, қызыл т.б. Ал, сырмақтың түсі ақ және қара. Тұскиіз - қызыл және қара матадан жасалып әр түрлі ою-өрнектермен әшекейленген. Кілемдердің түсі де әр түрлі өрнектермен безендірілген. Түкті кілемдерден басқа түксіз алашалар болады. Олардың өрнектері жолақта ретімен орналасқан, оның кілемнен айырмашылығын ың өзі ою-өрнектерінің ерекше орналасуында.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Тұскиізді өрнектеудің әдіс-тәсілдерін көрсету. Балалардың қалауы бойынша сырмақ алаша немесе сүлгіні әшекейлеуге болады. Безендіру кезінде түстеріне, олардың үйлесімділігіне назар аудару.

Балалар жұмыстарын талдау

65-сабақ.

Сурет. Тақырыбы. Жаңа жылдық шырша.

Сабақтың мақсаты. Жаңа жылдық шыршаның бейнесін сала білуге үйрету. Бейнені қабылдауын дамыту түстер мен ырғақты сезіне білуге баулу.

Қажетті құралдар. бояулар, фломастер, қосымша материалдар: жіптер, жылтырақтар, конфетти қағаздары.

Сабақ барысы: Тәрбиеші шыршаға катысты жұмбақтар жасырады.

Жасыл тонның бояуы

Жыл оң - екі ай оңбайды,

Діңі, бүршіктері, сояуы

Қысқы аязға тоңбайды. (шырша)

Жұмбақ жауабын шешкен соң осындай шыршаға ұқсас ағашты тапқызады. (қарағай)

- Оның ұқсастығын қалай білуге болады.

Бұл ағаштың иісін сезуге бола ма? Жаңа жыл мерекесінде шырша жанында би билеп, ән айтқанда ән сауық кезінде хош иісті сездіңдер ме?

Барлық балаларға шыршаның бұталарының орналасуына мән бере қарау ұсынылады. Шырша бұталары тікенді инелерімен ауыр салмақпен төменге иіліп тұрғандарын тәрбиеші көңіл бөледі. Шыршаның суретін салу әдісін көрсету. Шырша салып болған соң, ойыншықтармен әшекейлеуді ұсынады. Балалардың ынтасы бойынша суретке керекті материалды таңдайды.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалар жұмыстарын талдау

66-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Шырша жанындағы Ақшақар.

Сабақтың мақсаты. Ақшақардың ертегідегідей бейнесін оның киімдері арқылы бере білу киімдерінің суретін салу үшін суық түстерді (көгілдір, көк, күлгін, қара көк) таңдап алу. Қарындашты әртүрлі басып (қатты, ақырын, жуан, жіңішке із түсіру). Сурет салуға, шыршаның бұтақтары мен оның тікендерін көлбеу сызықпен үзіліссіз сызып салуға жаттықтыру.

Қажетті құралдар. Ақшақардың және шыршаның суреттері, түрлі түсті қарындаш, ақ қағаз, бояулар, қылқалам оны қоятын тұғырлар.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші: - Балалар, бүгін біз сендермен не салатынымызды өздерің тауып көріңдерші. Ол жылына бір рет келеді, өзімен бірге атасын ертіп көрікті мерекеге келеді. Оны әдемі киімінен –ақ тануға болады. Ол қар, мұз, сабан түстес болып келеді. Бұл кім болды екен?

Балалар жауабы тыңдалады. Суық түстер жайлы түсінік беріледі.

Балалардың өз беттерінше жұмыстары.

Әр бала сурет салу үшін қарындаштардың ішінен суық түстерді таңдап алады. Қыздың тонын және бас киімін салғанда шеткі сызықтарын анық батырып, сызып салу керектігін ескертеді. Ақшақардың бейнесі суретте жақсы көрінетін болсын. Шырша бұтақтарына оның тікендерін салғанда жоғарыдан төменге қарай көлбеу сызықты үзбей салады. Тікендері шырша бұтақтарының ұшында иіліп турады. Соңынан шыршаның бұтақтарындағы карды көгілдір қарындашпен сызып салып көрсетеді. Балалардың өздеріне шығармашылықпен толықтырулар жасауға ұсыныс беріледі.

Балалар жұмыстарын талдау

67-сабақ.

Мүсіндеу. Тақырыбы. Қысқы серуендегі балалар.

Сабақтың мақсаты. Белгілі бір таныс заттарды мүсіндеу оны мазмұн бере үйлестіріп орналастыруға жаттықтыру. Екі-екіден бірігіп жұмыс жасауға дағдыландыру жасайтын бейнені қимыл-қозғалыс үстінде беруді жетілдіру. Мазмұнды мүсіндеуге қызығушылығын арттыру, таяқшалар арқылы заттың бейнесін айқындауға бағыт беру.

Қажетті құралдар. Балалардың қысқы ойынын бейнелейтін суреттер, үлкен ақ тусті қатырма қағаз, ермексаз, қосымша материалдар: кішкене бұтақтар. шырша тікендері, жіптер.

Сабақтың барысы. Тәрбиеші балалармен ауладағы қызықты ойындары мен сүйікті сабақтары жайлы әңгімелеседі. "Қыс қызығы" суретін қарастырып, суреттегі әp кейіпкердің қозғалысына, тұрған тұрысына назар аударады.

Тапсырманы түсіндіру: Қосылып кар атысып ойнап жатқан, аққала жасап жатқан немесе шана теуіп жүрген қысқы киімдегі екі баланы мүсіндейді. Мүсіндеген пішіндерді жалпы тұғырға не істеп немесе ойнап жатқаны түсінікті етіп қояды. Жалпы жұмысты бастар алдында бір-бірінің тілектерін тыңдап, не мүсіндейтінін шешу керек екенін ескерту.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Мүсіндеу барысында балалар бір-біріне кеңес беріп, жұмыстарын талқылап көмектесіп отыру керек. Кейіпкерлердің кейпін мәнерлеу үшін қосымша материалды қолдану

Балалар жұмыстарын талдау.

Барлық жұмыстарды бір композицияға қосу.

68-сабақ.

Жапсыру. Тақырыбы. Кактус (жұлмалап қию).

Сабақтың мақсаты. Балаларды өз жұмыстарын жоспарлай білуге баулу жұлмалап қию әдіс-тәсілдерімен композиция құра білуге үйрету. Ұқыпты жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру. Өсімдіктерге қамқорлық көрсете білуге тәрбиелеу.

Қажетті құралдар. Түрлі түсті қағаз, желім, кактустың бірнеше түрлері (бөлме гүлдері) немесе суреті, қайшы, сүлгі.

Сабақтың барысы. Тәрбиеші бөлмеде өсірілген кактустың бұрын көрмеген түрлерін әкеліп көрсетеді. Оны балалардың мұқият қарап алуларына мүмкіндік туғызады. Кактустың жапырақтары тегіс емес екенін, шеттерінің ирек-ирек болып келетінін жасау үшін біз жұлмалап қию әдіс-тәсілдерін қолданады. Жалпы кактустың негізгі пішіні сопақша дөңгелекке ұқсайды. Балаларға алдымен кактусты отырғызатын ыдысты дайындап алу қажеттігін ескертеді. Тік төртбұрышты қағаздан қайшымен қиып ыдысты дайындап алады. Содан кейін кактустың өзін түрлі түсті қағаздың түссіз жағына қарындашпен сызып алып, сызықтың бойымен екі қолдың саусақтарының арасына салып отырып жұлмалап киюын жапсырады. Балалар тапсырманы ертерек орындап болса, оларға кактустың гүлін қиып жапсыру ұсынылады. Гүлдеп тұрған кактус әдемі көрінеді. Ондай жұмыстарды ерекше атап өтеді.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалар жұмыстарын талдау.

69-сабақ.

Тақырыбы. Өнермен таныстыру Портреттерді қарay

Сабақтың мақсаты. Портрет жайында түсініктерін қалыптастыру.

Өнердің түрлерін қарау арқылы көркемдік талғамын дамыту Өнерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу



Қажетті құралдар: бірнеше портреттер,

Сабақтың барысы: Тәрбиеші топтағы балаларға қарамай біреуінің ауызша сипаттамасын береді. Айтылған мінездеме бойынша достарын таниды. Содан соң тәрбиеші балалардың біреуіне өз досын сипаттап беруді ұсынады және ауызша сипаттамадан басқа адамның суреті - портреті болатынын түсіндіреді. Суретшілер өз майлы бояумен салынған суреттерінде адам бейнесін жиі суреттейді (әр түрлі портреттер репродукциясын қарастыру). Бұл маталарда суретші тек қана адам бейнесін салмай, оның сезімдерін және көңіл күйін жазғанына балалардың назарын аудару. Бірнеше портретке талдау жасалады.

Сабақтың қорытындысы:

- Бүгін біз әр түрлі адамдардың портреттерін қарастырдық. Оларды суретшілер ор түрлі уақытта жазған. Портретте адамдардың бейнесін ғана көрмей, оның көңіл күйін көріп, мінезін білуге болады. Суретшілер сияқты өз аналарының суретін салғыларың келе ме?

- Үйлеріне барғанда аналарының келбетін мұқият қарап алыңдар. Оның көзінің, шашының түсі, шашының сәні, сүйікті көйлегі қандай екенін анықтап алыңдар. Келесі сабақта аналарыңның портретін саласыңдар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет