Сабақ тақырыбы: Абай аудармашы. «Қараңғы түнде тау қалғып» аудармасы Сабақ мақсаты



Дата14.04.2017
өлшемі78,67 Kb.
#13845
түріСабақ
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Евразиялық технико-гуманитарлық колледжі

« Бекітемін»

Директордың оқу ісі

жөніндегі орынбасары:

___________Сеилханова Қ.Қ.

«__» __ 2014 ж

Ашық сабақ әзірлемесі

Пән: қазақ әдебиеті

Тақырыбы: Абай аудармашы.

«Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі.



Мамандық: 1517000 «Төтенше жағдайдан қорғау»

Курс: 1 Топ: 100

Оқытушы: Турашева Ж.А.

Жалпы білім беретін пәндер

отырысында қаралды.

Семей қаласы.

Сабақ тақырыбы: Абай аудармашы. «Қараңғы түнде тау қалғып» аудармасы

Сабақ мақсаты:

Білімділік: Абайдың аудармашылық қырын ашу. Аудармаларымен танысу. «Қараңғы түнде тау қалқып» аудармасының тарихына тоқталу.

Тәрбиелік: Поэзияны сүюге, өлең мазмұнын ұғуға,табиғатты қорғауға баулу.

Дамытушылық: Аударманың орыс,неміс тілдеріндегі нұсқаларымен таныстыру, салыстыру жұмыстарын жүргізу.Авторлар жөнінде мағлұматтар беру.

Пәнаралық байланыс:орыс әдебиеті,қазақ тілі, музыка,сурет.

Сабақ көрнекіліктері: Мультимедиялық тақта, Абай, Пушкин, Крылов, Лермонтов, Гете суреттері, «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің үш тілде жазылған мәтіні, Абай шығармашылығынан кластер.

Сабақ типі: дәстүрлі,аралас сабақ

Сабақта қолданатын әдіс-тәсілдер:Топтастыру стратегиясы (кластер құру), топпен жұмыс, дәптермен жұмыс.

Сабақ барысы: 1.Ұйымдастыру кезеңі

2.Үй тапсырмасын сұрау (Топ оқушылары бес топқа бөлінген,әр топ өздеріне берілген тапсырма бойынша дайындалып, топтастыру стратегиясы бойынша тақтадағы «Абай» кластерін толтырады)

3.Әр топ келесі топқа өздері дайындаған сұрақтарын қояды.

Әр топтың басшысы тобындағы сабаққа қатысып отырған оқушыларды белгілеп отырады.

Топтардың тапсырмалары:


  1. топ: «Абайдың өмірі мен білім алу кезеңі»Топтастыру стратагиясы сызбасына «1845-1904,білгір» сөздері жапсырылады.

  2. топ: «Абайдың орыс достары,ақындық жолы». Сызба «шынайы дос,ақын» сөздері жапсырылады.

  3. топ «Абай-әнші,сазгер. Қара сөздері. Сызбаға «әнші, сазгер, философ» сөздері жапсырылады.

4-топ: «Абайдың табиғат лирикасы,әдебиетке енгізген жаңалықтары». Сызба «суреткер ақын,жаңашыл ақын» сөздерімен толықтырылады.

5-топ: «Абайдың ұстаздық қыры, шәкірттері, жолын қуған балалары». Сызбаға «ұстаз,өнегелі әке» сөздері ілінеді.



Топтастыру стратегиясы

1845-1904 білгір ақын шынайы дос

әнші Абай суреткер ақын

сазгер жаңашыл ақын

философ ұстаз өнегелі әке аудармашы

Бұдан әрі әр топ келесі топқа өздері дайындап әкелген 2 сұрақтан қояды. Сұрақ мына үлгіде қойылады: 1-топ 2-шіге, 2-топ 3-шіге,3-топ 4-шіге,4-топ 5-шіге, 5-топ 1-ші топқа қояды.



Жаңа сабақ:

Абайдың тағы бір шығармашылық қыры – аудармашылық. Бүгінгі сабақта біз осы аудармашылығына тоқталамыз.(Үй тапсырмасы бойынша топтастырылған қасиеттерімен бірге, «Аудармашы» сөзін кластерге жапсырамын) Кемеңгер жазушы, академик М.О.Әуезов былай дейді: «Ұлттық және бүкіл адамзаттық мәдениеттің үш түрлі мол арнасы данышпан ақынның творчестволық ісіне рухани азық болды. Оның біріншісі – қазақтың халық мәдениетінің бай мұрасы, екіншісі – Шығыс әдебиетінің тамаша мұрасы, үшінші арна – орыс әдебиеті мен Европа мәдениеті»

Расында да Зере мен Ұлжандай қос анадан қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін бала кезінен құлағына сіңірген Абай, медреседе оқыған кезіңде араб, парсы, шағатай тілдерін жеңіл менгеріп, Шығыс классиктері Низами, Фзули, Хафиз, Сағди, Навои шығармаларымен сусындап, 60 жылдардың соңыңда досы Михаэлистің көмегімен орыс әдебиетімен, сол арқылы Европа мәдениетімен танысты. Абай орыс әдебиетін ерекше бағаланды. Пушкин мен Лермонтовтың, Крылов пен Толстойдың, Салтыков-Щедрин мен Белинскийдің, Чернышевский мен Добролюбовтың шығармалары ақын үшін тек көркем шеберліктің емес, сонымен қатар өмір мектебі де болды. Пушкин мен Лермонтовтың аудармалары арқылы Абай өз халқын әлем әдебиетінің классиктері Гете, Байрон, Шиллер, Мицкевич шығармаларымен таныстырды. Орыс классиктерінің озық ойлы, реалистік еңбектері Абай творчествосының жаңа қарқынмен дамуына әсер етті. Абайдың Пушкин шығармаларын аударумен көбірек шұғылданғаны 1889 жыл. Ол «Евгений Онегин» романынан үзінді күйінде 8 өлең аударды. Олар Онегин мен Татьяна арасындағы хаттар. Абай аудармалары түпнұсқамен дәлме-дәлдікті сақтап отырмайды. Қазақ даласында кең таралған жастар арасындағы хат жазысу әдісін қолдана отырып, екі жастың айтар ойын қазақ тыңдаушысына лайық ұғыммен еркін жеткізді. Пушкин шығармаларын аудару арқылы Абай өз ойына ой қосты, жаңа тың өлеңдер туғызды. Оның «Көзімнің қарасы», «Қызарып сұрланып» өлеңдерінен Пушкин сарыны мол байқалады.Пушкинді аудару арқылы шалыс ұйқасты өлең түрін енгізді. Ол Татьяна әнімен қазақ әйелінің мұңлы сезімін жария етті.

Абайдың өте ұнатып оқығаны – Белинскийдің еңбектері. Белинский «Өнер – өнер үшін емес, өмір үшін, көркем шығарманың міндеті – өмір шындығын қаз қалпында сипаттау, ақынның міндеті – өз заманының жаршысы болу», - дейді. Көркем әдебиетке осындай көзбен қараған Белинский орыс әдебиетінің XIX ғасырдағы өкілдерінен Пушкинді үлгіге тартқан. Оның айтуынша, Пушкиннен бұрынғы және онымен тұстас орыс жазушыларының бәрі Ресей жерінде ағатын ұсақ өзендер болса,Пушкин солардың бәрін бойына жинайтын – Еділ. Белинскийдің пайымдауынша ,орыс әдебиетінде шын мағынасындағы бірінші ұлттық ақын – Пушкин. Белинскийдің осы пікірін өз творчествасына нысана тұтқан Абай да қазақтың бірінші ақыны болды.

90 – шы жылдардың аяғында Крылов мысалдарын аударды. («Шегіртке мен құмырсқа», «Бақа мен өгіз», «Есек пен бұлбұл», «Емен мен шілік» т.б) Барлығы 12 мысал аударған. Крылов шығармашылығына қол созуы Абайдың айналасына, өзі өмір сүріп отырған қоғамға ойшылдықпен қарауына себеп болды.Ел ішіндегі қулық-сұмдық, жалқаулық,енжарлық, мақтаншақтық, ашкөзділік сияқты жағымсыз істерді осы мысалдар арқылы сынап, әшкереледі.

Абайдың ерекше ұнатып аударғаны - Лермонтов шығармалары. Лермонтовтың өмірі сүрген дәуірі декабристердің қозғалысы басылып, Ресейде патшалық кертартпа күштердің өктемдік алған кезі болды. Сол себепті оның шығармаларының тақырыптары: өмір сүрудің мақсаты мен мән-мағынасы, тағдырына наразылық, достарының тұрақсыздығы, адамдардың екі жүзділігі болды. Лермонтов шығармашылығының осы сарыны Абайға тым жақын еді. Қазақ ортасындағы феодалдық-патриархалдық көзқарастармен аяусыз күрескен Абай осы жолда Лермонтов еңбектерін өзіне өлмес серік етті. Од Лермантовтан 27 шығарма аударды. «Демоннан», «Боярин оршадан», «Исмаил бейден», «Вадимнен» үзінділер мен «Жалғыз жалау», «Теректің сыйы», «Жартас», «Альбомнан», «Дұға», «Тұтқындағы батыр» т.б көптеген лирикалық өлеңдер аударды. Гетенің «Жолаушының түңгі жыры», Лермонтовтың «Тау шыңдары» («Горные вершины»), Абайдың «Қараңғы түнде тау қалқып» өлеңдерінің үндестігі әлемдік әдебиеттегі ғажайып құбылыс болып саналады.Немістің ойшыл ақыны Иоган Вольфганг Гете 1780 жылы Рейн өзенінің бойындағы Кикельхап тау бөктеріндегі шаруа үйінің есігіне «Вандрерс Нохтлид» өлеңін жазып кеткен екен. Кейін туыстары өлеңді сол үйдің қабырғасына, Тюринг пейзажының астына, көшірткен екен. Табиғаттың көрінісіне жазылған сегіз жол өлең әуенділігімен, құдіретімен оқырманды өзінді баурап алады. Міне, екі ғасырдан астам уақыт бұл өлең дүние жүзі халықтарының ауызында. 1840 жылы орыстың ұлы ақыны М.Ю.Лермонтов бұл өлеңді «Гетеден» деп аудырып, «Отечественные записки» журналының №7санына бастырған. Кейін «Тау шыңдары» деген атпен атаған. 1892 жылы бұл өлеңді Абай «Қараңғы түнде тау қалғып» деген атпен аударған, Гете өз өлеңінде қай мезгілді суреттегенін анық ашып айтпаса, Лермонтов аудармасында түннің тыныштығын нақтылап, жай шыңдар емес, тау шыңдарын, орыстың алқабын алып,құстың үнсіздігінің орнына «не дрожат листы» деген сөзді қосқан екен. Ал Абай болса, Лермонтовтың нақтылаған қараңғы түнін қалғытып, балбыратып, даланы дел-сәл қылып салбыратқан түн басып келе жатқанын суреттейді. Түнді қозғалысқа келтіріп, жандандырып жан берді. Абай сонымен бірге бұл өлеңге ән жазған. Әнді 1935 жылы Семей қаласындағы Архан Ысқақұлының айтуынан Латиф Хамиди нотаға түсірген. Алғаш таспаға 1938 жылы Жүсіпбек Елебековтың орындауында жазылған. 1979 жылы жазушы Қалмұқан Исабаев өлең жазылған мәрмәр тақта мен үнтаспаны Габелбахтағы Гете музейіне жеткізген. Содан бері Гете музейіне келген қонақтарды Абай әнімен қарсы алуда. 1983 жылы Абай елінде (Қарауылда) үш ұлы ақынның рухани үндестігін көрсететін ескерткіш барельеф ашылды. Мәрмәрге «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі үш тілде қашалып жазылған. Енді осы өлең мәтіндерін үш тілде тыңдайық.Оқушылар немісше, орысша, қазақша нұсқаларын жатқа оқыды. Магнитафоннан әні орындалды.



Жаңа сабақты бекіту мақсатында «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі талданып,дәптермен жұмыс жүргізілді.

1.Қараңғы түнде тау қалғып, 8 буын

Ұйқыға кетер балбырап, 8 буын

Даланы жым-жырт,дел-сал қып 8 буын

Түн басады салбырап. 7 буын

Шаң шығармас жол-дағы 7 буын

Сілкіне алмас жапырақ. 8 буын

Тыншығарсың сен-дағы 7 буын

Сабыр қылсаң азырақ. 7 буын

7-8 буынды, кезектес ұйқасты өлең.

2.Елінің даңқын батыр шығарар,

Батыры шығармаса ақыны шығарар (Мақал)

3.Синонимін табу: қалғу-мүлгу, жым-жырт-тыныш,тыншығу-тынығу,демалу.

4. Антонимін табу: қараңғы-жарық, түн-күн.



Әр топ басшыларының бағалау парағы бойынша білімдерін бағалау.

Үйге тапсырма беру. «Абай – қазақтың ұлы ақыны» шығарма жазу.Таңдау бойынша бір аудармасын жаттау.

Сабақты Абайдың өз сөзімен аяқтау: Өлді деуге сия ма ойландаршы,



Өлмей тұғын артына сөз қалдырған.

Аударма – құтты қашпас қазына. Оған Абайдың аудармашылық тәжірибесі айғақ.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет