2 – жаттығу. Берілген сөйлемдерді көшіріп жазып, қарамен боялған диалектілердің қай тілден енген кірме сөздер екенін анықтаңыздар.
– Әкелерімнің жараса қалғанын қарашы! – деп ақкөңіл Қайырбек төрдегі қонақтарына бір, өз қызы Қатираға бір қарап мәз боп отыр (Қ.Сланов, Шалқар. 4-т. 56-б.). Қауғаны астауға сырғытып жіберіп, әйкелде талтайып тұрып алды (Ә.Кекілбаев. «Ең бақытты күн» 36-б.). - Шәйдың дәмі ұнай ма, айтыңыз. Сізге шәйді басқа дүмшеден құйсын. (Ә.Кекілбаев. «Ең бақытты күн» 42-б.). Қасқыр болар, сірә, - деді жігіт көкалақан дойырын нығарлап. (Қ.Сланов, Дөң асқан. 8-б.). Шәбіктің аузына балықтың бал дәмі келе қалды; жас балықтың кеспелері тұздықталып, алдына тартылып келгендегіден жақсы иіс мұрнын жарып кеткендей болды ма, қалай, суы тізеден асатын жағадағы аудың бір ұшына байланған қайың соққыны ұстай алып, сүріне-қабына үйіре жөнелді (Қ.Сланов, Дөң асқан. 1-т. 45-б.). Құмның бұта-бұтасын қуалап жүгірген шақырықтың, өзен бойында аяулы келте әнін қайыра бастаған қызғыштың әуені анда-санда естіліп қояды (Қ.Сланов, Дөң асқан. 1-т. 45-б.). Құмның көп жері әлі де баяғы қалпында болғанмен, өзен тескен жерлері оралым-оралым балғын тоғай: қазот, бидайық, шырмауық, ажырық, таспа жоңышқа сияқты өсімдікке бөленді (Қ.Сланов, Дөң асқан. 1-т. 33-б.). Сондай сабырлы кісі екен, екінші тақасын енді қаға бастаған алдындағы жігіттің шоңқайма етігін алдына қояды да баласына назарын салып үнсіз қарайды (Қ.Сланов,Таңдамалы. 4-т. 253-б.). Қара кемпір арқасындағы ішіне түйе жүн салып сырыған пүліш кәжекейін баласының аяқ жағында бір уыс боп бүрісіп жатқан келінінің иығына жапты (Ә.Кекілбаев, Құс қанаты. 51-б.). Осы запоным болмаса, көйлегімнің алды дақ болар еді (Ә.Нұрп., Курл.).
Достарыңызбен бөлісу: |