Топырақтың минералдық бөлігі. Топырақтың қатты фазасының 90-99 пайызы минералдық бөліктен тұрады. Топырақтың минералдық бөлігі әр түрлі минералдардың көлемі миллиметрдің миллионнан бір бөлігінен 1 мм- ге дейін және одан да ірі бөлшектерден тұрады. Оның минералогиялық және химиялық құрамы өте күрделі болып келеді.
Топырақтағы минералдар шығу тегіне қарай екі топқа бөлінеді: біріншілік (алғашқы) және екіншілік (екінші қатардағы) минералдар.
Алғашқы минералдарға кварц, далалық шпаттар, слюдалар, мүйіз жалатпасы және пироксендер жатады. Олар топырақта көбінесе құм (0,05-1 мм) мен шаң (0,001-0,05 мм) бөлшектері түрінде болады және аз мөлшерде лай бөлшектері (<0,001 мм) және коллоидтар (<0,25 мкм) түрінде кездеседі. Алғашқы минералдар топырақ түзуші аналық жыныстардың құрамында болады.
Химиялық құбылыстардың (гидратация, гидролиз, тотығу), топырақты мекендейтін ағзалардың әсерінен алғашқы минералдардан алюминий, темір тотықтарының гидраттары, кремнезем гидраттары, әр түрлі тұздар және екінші қатардағы минералдар (балшық минералдары) - каолинит, монтмориллонит, гидрослюдалар т.б. пайда болады.
Екінші қатардағы минералдар топырақта көбінесе лайлы және коллоидты бөлшектер түрінде болады, ал шаң тәрізді бөлшектер күйінде сирек кездеседі.
Химиялық құрамы бойынша минералдар екі топқа бөлінеді: кремний-оттекті қосылыстар немесе силикаттар және алюмокремний-оттекті қосылыстар немесе алюмосиликаттар.
Кремний-оттекті қосылыстар ішінде топырақта кварц SiО2 кеңінен таралған, ол көбіне құм және шаң бөлшектері түрінде болады. Барлық топырақтарда кварц мөлшері 60 %-дан асса, құмдақ топырақтарда 90 %-ға жетеді, ал кейде одан да көп болады. Кварц өте тұрақты және мықты минерал, оның химиялық реакцияға икемі көп емес.
Алюмокремний-оттекті қосылыстар әр түрлі алғашқы және екінші қатардағы минералдардан тұрады.
Екінші қатардағы минералдар химиялық қасиеттері бойынша үш топқа бөлінеді:
1. Монтмориллониттер (монтмориллонит, бейделлит т.б.). Олар аса жоғары майдалы (дисперсті) бөлшектер. Бұл минералдардың дисперстілігі, ісінуі, жабысқақтығы, тұтқырлығы жоғары.
2. Каолиниттер (каолинит, галлуазит). Бұл топқа жататын минералдардың дисперстілігі, ісінуі мен жабысқақтығы азырақ болады.
3. Гидрослюдалар (гидромусковит, гидробиотит, вермикулит). Олар далалық шпаттары мен слюдалардан пайда болады. Гидрослюдалардың химиялық құрамы тұрақты емес.
Топырақтың механикалық фракцияларының химиялық құрамы бірдей емес.
Топырақтың ірі механикалық (құм және шаң) бөлшектер құрамында кремний мөлшері көп, алюминий мен темір азырақ болады. Бөлшектердің көлемі кішіреюімен кремний саны азаяды, ал алюминий, темір және калий, кальций, магний мен фосфор мөлшері артады.
Топырақ қарашіріндісі (оның құрамына кіретін азот та) топырақтың жоғары дисперсті бөлігінде тұрады. Сондықтан өсімдік қоректенуі үшін лайлы және коллоидты фракциялардың маңызы зор. Сонымен қатар бұл фракциялар ең белсенді болып, топырақтағы адсорбциялық процестерді, оның сіңіру қабілетін анықтайды.