Топырақтың сіңіру қабілеті – оның ерітіндідегі түрлі заттардың молекулалары мен иондарын өз бойына сіңіріп және оларды ұстап қалу қабілеті.
Топырақтың механикалық сіңіру қабілеті – топырақтың басқа қуыс денелер сияқты, өзінен су өткенде, ондағы үлкен, кіші бөлшектерінің топырақта сүзіліп немесе желмен келген әр түрлі заттарды ұстап қалуы.
Топырақтың бұл сіңіру қабілеті оның механикалық құрамы мен түйіртпектігіне байланысты болады.
Топырақтың биологиялық сіңіру қабілеті –топырақтағы өсімдік тамырлары мен микроағзаларының (микроорганизмдерінің) топырақ ерітіндісінен қоректік элементтерді сіңіріп, өз денелерін құру үшін түрлі органикалық заттарды түзілуі. Биологиялық сіңіру топырақты қоректік элементтердің шайылуынан қорғайды және органикалық затқа байытады.
Биологиялық сіңіру тыңайтқыш қолдануда маңызды рөл атқарады. Микроорганизмдер көмегімен өсімдіктер бойларына сіңірмей қалған нитраттар топырақтарда қатты шайылып кетпейді, жинақталады. Өйткені нитраттар физикалық, физика-химиялық немесе химиялық жағынан топырақтарда сіңірілмейді.
Топырақтың биологиялық сіңіру қабілетінің қарқынына топырақ ылғалдылығы, аэрациясы, топырақта энергетикалық заттардың (өсімдік қалдықтары, органикалық тыңайтқыш) болуы елеулі әсер етеді.