Топырақтың физикалық сіңіру қабілеті – топырақ бөлшектерінің әр түрлі заттардың молекулаларын тарту күшімен сіңіріп, өз бойында ұстап тұру, оң немесе теріс адсорбциясы.
Қатты заттардың бөлшектері неғұрлым майда болған сайын олардың сыртқы тарту күші үдейді. Бұл тұрғыдан, майда дисперсті коллоидты бөлшектердің тарту күші зор, сондықтан топырақ бөлшектерінің бетінің көлемі үлкен болса, оның физикалық сіңіру қабілеті жоғары болады.
Физикалық сіңіру қабілеті тыңайтқыштарды қолданудың мерзімін белгілеуге көмектеседі. Мысалы, хлор ионы бар тыңайтқыштарды күзде, ал нитратты тыңайтқыштарды тұқым себер алдында немесе үстеп қоректендіруде берген жөн. Себебі топырақтағы хлор ионы мөлшерінің көп болуы өсімдіктер үшін зиянды. Мұндай тыңайтқыштарды күні бұрын қолдану хлор ионының топырақтың астыңғы қабатына шайылуына әкеп соғады.
Топырақтағы физикалық сіңіруді бөліп ажырату өте қиын. Ол әрдайым химиялық және физика-химиялық сіңіру құбылыстарымен өзара тығыз байланыста болады.