Фосфоржеткіліксіз болса, өсімдіктің пісуі кешеуілдейді және бәрі бір мезгілде тегіс піспейді, ауа райының қолайсыз жағдайына төзімділігі төмендейді, өнімнің сапасы нашарлайды. Егер фосфор аса жетіспесе өсімдіктің сабағы мен жапырақтарының өсуі баяулайды, тұқым салмайды. Өсімдіктің жапырақтарының шеттері ширатылады, жапырақтарда күрең теңбілдер пайда болады, сабақтар күлгін түске бояланады.
Калий. Өсімдіктер тіршілігі үшін аса қажетті элементтер қатарына жатады. Калий өсімдікте ион түрінде болады, ол органикалық қосылыстар құрамына кірмейді. Негізінен калий цитоплазма мен вакуоляларда, ал ядро ішінде болмайды.
Калий өсімдіктің жас мүшелерінде көбірек болады, әсіресе өсімдік тозаңында. Егер азот пен фосфор дәнде көп болса, калий дәнді дақылдардың сабанында көбірек кездеседі. Орта есеппен астық дақылдарының дәнінде калий мөлшері 0,5-0,6 %, сабанында 1-2% болады. Әр алуан ауыл шаруашылығы дақылдар калийді әр түрлі сіңіреді. Калийді көп қажет етеді жеміс-жидекті дақылдар, қант қызылшасы, қырыққабат, тамыржемістілер, картоп, беде, жоңышқа, күнбағыс, қара құмық, дәндібұршақ дақылдары, жүгері. Астық дақылдары анағұрлым азырақ сіңіреді.
Өсімдік тіршілігінде калий көптеген үрдістерге қатысады. Фотосинтез үрдісі өсімдіктің калиймен қоректену деңгейіне байланысты. Калий қарапайым және күрделі көмірсулардың синтезделуіне ықпал етіп, жапырақтағы көмірсулардың тамырға жылжуына себепші болады. Сөйтіп қант қызылшасының тамырында қанттың, картоп түйнегінде крахмалдың молаюына көмектеседі.
Калий протоплазма коллоидтарының су тартқыштығын арттырып, өсімдіктердің құрғақшылыққа төзімділігін күшейтеді. Калий суыққа, қысқа және түрлі саңырауқұлақ пен бактериалды ауруларға төзімділігін арттырады, дәнді дақылдардың сабақтарының қалыңдығын арттырып, олардың жатып қалмауына жағдай жасайды.