Заттық үстелдің екі жағында макро- және микрометрлік бұранда орналасқан. Бұл препараттағы кез-келген нысанды көру аймағының ортасына жылжытып әкелуге көмектеседі. Үстел бетінде қысып ұстап тұратын екі қысқышы (клеммасы) бар. Заттық әйнек астында штативке конденсорлық кронштейн бекітілген.
Штативтің жоғары жағында тубусты ұстап тұрғыш бекітіледі, ол штативке бекітілген механизм көмегімен тубусты 50 мм тік көтеріп, төмен түсіріп тұруға көмектеседі. Бұл механизм макрометр және микрометр бұрандалардың арқасында жүзеге асырылады.
Тубус ұстағыштың төменгі жағында өз осінен айналып тұратын револьвер бар. Оның тесігіне объективтер мен тубус бекітіледі. Тубустың жоғары жағына окулярды орнатады.
Микроскоптың
оптикалық
бөлігіне
жатады:
окуляр
объектив
жарық бергіш қондырғы
Окуляр екі линзадан тұрады – жоғарғы (көздік) және жинақтаушы, олар нысананың объективтен берілетін бейнесін қарауға мүмкіндік береді, яғни, лупаның қызметін атқарады. Окуляр 5, 7, 10, 12, 15 және 20 есе ұлғайта алады, оның ұлғайту күші жиектеменің сыртында көрсетіледі, мәселен 15×. Окулярдың ұлғайту күші оны құрайтын линзалардың фокустық ара қашықтығына байланысты болады, неғұрлым линзалардың ара қашықтығы жақын болса, соғұрлым окулярдың ұлғайту күші артады, немесе керісінше. Сондықтан ұлғайту күші жоғары окуляр - қысқа, ал әлсіздері – ұзын болып келеді.
Жарық бергіш қондырғыға айна және заттық әйнек астына орнатылатын диафрагма мен конденсатор жатады. Конденсатор екі линзадан тұрады. Олар арқылы айнадан шағылысып келген сәуле конденсацияланып, препараттың тегіс бетіне бағытталады.