Білімалушы Мәтінде көтерілген мәселені талдайды
Мәтіннің негізгі ойын анықтап, автор позициясымен байланыстырады
Ойлау дағдыларыныңдеңгейі
Қолдану
Орындау уақыты 40 мин
Тапсырма Мәтінді мұқият тыңдаңыз.
Манифест. «Әлем. ХХІ ғасыр»
Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елестің сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды және бұл қатер – жаһандық соғыс! Жер өркениеті, ғалымдардың есебі бойынша, 15 мыңнан астам соғысты, яғни әр жыл сайын 3 соғысты басынан өткерген. Оларда жүздеген миллион адам қаза тауып, жер бетінен қалалар мен елдер жоғалған, мәдениеттер мен өркениеттер жойылған.
ХХІ ғасырға аяқ басқан адам баласы қиялдың өзін таңқалдыратын ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа буын технологияларын жасап жатыр. Адамзат өз дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұр. Көптеген қорқынышты аурулардың тамырына балта шабылуда. Бірақ соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр.
Соғыс вирусы алдағы жасанды интеллект төңірегіндегі жаңалықтарға кесел жұқтыруға дайын тұр. Милитаризм адамдардың санасы мен мінез-құлқына тереңдей еніп кеткен. Халықтың қолында қазір 1 миллиардтан астам атыс қаруы болса, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Әскери қауіп бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналуы әбден мүмкін. Осындай өліммен аяқталатын қатердің белгілері анық байқалады. Халықаралық қатынастарда жанжалдастық тәуекелдері күшейе түсіп отыр. Әскери қақтығыстардың географиясы өткен екі әлемдік соғыстың – Еуропаның шығысындағы, Африканың солтүстігіндегі, Таяу Шығыстағы соғыстың іс-қимылдарының тарихи шегін қамтуда.
Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Уақыт өте келе оның терроршылардың қолына түсуі әбден мүмкін.
Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі- жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық
санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр.
Планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қырғи-қабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады. Дүние әзірше өткен төрт онжылдықтың оң инерциясының арқасында сақталып тұр.
ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдары айтарлықтай қысқарған болатын. Бес ядролық держава атом қаруын сынау мораторийін жариялады және оны ұстанып келеді. Планетаны жойып жіберу қатері едәуір азайды. Қауіпсіздіктің өңірлік жүйесін құру үдерісі жеделдеді.
Өзара сенім қағидаттарына сәйкес еуразиялық-атлантикалық мегақұрылым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы құрылды. Державалардың бейбітшілікті сақтау жөніндегі үйлесімді іс-қимылдары мен БҰҰ-ның көпқырлы операцияларының нәтижесінде жанжалдар мен соғыстар мәселесі ретке келтірілді. Міне, енді біз осы барлық жетістіктердің эрозиясын көріп отырмыз.
Мәтінде қандай мәселе көтерілген?
Көтерілген мәселе қаншалықты маңызды? Дәлелдер келтіріңіз.
Мәтіндегі қоғамдық-саяси, ғылыми тұрғыдан автор позициясы айқын көрінетін тұстарды түртіп алыңыз.
Мәтіннің негізгі ойын автор көзқарасымен байланыстырып, «Жаһандану процесі әлем үшін қауіпті ме?» тақырыбында қысқаша ойыңызды білдіріңіз.