Түсіру тобы:
Камерагер,
Камерагердің ассистенті,
Дыбыс режиссері,
Жарық беруші техник,
Режиссердің ассистенті,
Көлік жүргізуші,
Директор.
Аппаратура:
Камера, қосымша қондырғыларымен,
Арнайы аксессуарлар (жоғары сезгіш линзалар, т.б.)
Магнитофондар мен микрофондар,
Жарық.
Ашық алаңдардағы түсірілімдер:
Көлікті жалға алу,
Жанар май,
Топ мүшелерін тамақтандыру,
Майманханалар құны,
Теміржол билеттері.
Таспалар, бейнекассеталар сатып алу.
Б. Монтаж
Монтаж:
Монтаж режиссері,
Режиссердің ассистенті;
Дыбыс режиссері;
Монтаж студиясы мен жабдықтар.
Зертхана мен өзге де шығындар:
Дыбысты белгілеу,
Дыбыс пен музыканы жазу,
Компьютерлік графика,
Титрлар,
Дикторлық мәтінді жазу,
Дыбысты реттеу,
Бірінші және екінші монтаждық көшірмелер,
Телеарналарға ұсыну үшін арнайы кассеталарға көшіру.
Қызметкерлер:
Продюсер,
Сценарий жазушы,
Режиссер,
Диктор,
Әдеби және өндірістік маман,
Кеңесші.
Қосымша құн салығы:
Әлеуметтік салық,
Міндетті зейнетақы өтемі,
Компания табатын таза пайда.
Жоғарыда аталған бюджеттік баптардың 90 пайызы көптеген фильмдерге міндетті түрде қажет. 10 пайыздық мәселе ғана жобаның көлемі мен қаржыландыруына байланысты өзгеруі мүмкін. Егер жоба шағын әрі күрделі болмаса, режиссер мен сценарий жазушы қажеттілік туындап жатса, қосымша зерттеу ісімен де айналыса береді.
Асылында, біздегі тәжірибеде жиі кездесетін жәйт режиссер мен сценарий жазушы бюджеттің аздығынан атқарылар жұмыстың көбісін өз мойындарына алып жатады. Сондықтан да бюджет жасалғанда қаражаттың 30-40 пайызы осы екі қызметкерге кететіндігін ескерген жөн.
Фильмді түсіру тобы
Фильмді түсіретін шығармашылық топтың жұмыс кезінде бір отбасындай өзара сенім, түсіністік туғызатын адамдардан құрылғаны құба-құп. Деректі фильмді түсіру сәттерінде әртүрлі жағдайларға куә боласыз. Сондай сәттерде тіл табыса білу, бір-біріңді қолдап, кемшілікті көзге шұқымай, қажетсіз ренішті ушықтырмай әріптесіңнің қателігін байқатпай түзетіп жіберсеңіз, бастаған істеріңізді көтеріңкі көңілді күймен аяқтауға мүмкіндік туары анық.
Біздегі қалыптасқан қағида бойынша, алыс іссапарға түсірілім жүргізуге шығатын шығармашылық топ үш адамнан тұрады:
сценарий жазушы
режиссер
камерагер
Себебі, егер шығармашылық топтың құрамы тым көп болса кейіпкерлермен арадағы қарым-қатынас ресми қатынасқа ауысып, сенім мен сырластық ахуалын қашықтатып жібереді. Оның үстіне, деректі фильмге берілетін қаражат мөлшері де шектеулі. Мұндай жағдайда режиссер мен сценарийшінің өздері-ақ камерагердің ассистенті, дыбыс қадағалаушы, жарық түсіруші міндетін атқара алады. Егер де режиссер сценарийді өзі жазатын болса, іссапарға шығатын топ екі адамнан ғана тұрады. Әдетте олар бір-бірін ертеден білетін, бірнеше туындыны бірлесе жасаған етене таныс адамдар екендігі белгілі.
Соңғы жылдары фильм жасау – режиссер мен сценарий авторларына сеніп тапсырылатын болды. Әрі ол бізде қалыпты, үйреншікті жағдайға айналды. Және де ол бірқатар тақырыптық жобалар үшін аса қажет шара. Сондай‑ақ жақсы фильм жасаудың бірден-бір ұтымды жолы. Ал, шетелдік тәжірибеде режиссерлердің камерагер қызметін де атқаруы “сәнге” айнала бастады.
Осының өзі байқатқандай, бірте-бірте бізде де камерагерлер режиссерлік мамандықты игеретін шығар. Өйткені бүгінгі күнге дейін камерагер болуды мақсат еткен режиссерлер бар болғанымен, олар ауыр техниканы күн ұзақ иықтарынан түсірмей көтеріп жүруге оншалықты ықыласты емес. Ал, камерагерлердің режиссерлік мамандыққа бет бұра бастағаны ептеп байқалады.
Фильмнің режиссері
Кез-келген фильмнің темірқазығы драматургиядан тұрады. Драма – идеялардың түпсіз тұңғиығы. Әрбір сценарийді жазуға отырған сәтте сансыз идеялар ішінен ең сәттісін, ұтымдысын іздейсің. Деректі фильмді қалай бастаймын деген бір ғана идеямен талай парақты аямай-ақ шимайлайсың. Әу, дегеннен-ақ көрермен назарын жаулап алатын оқыс оқиғаларды сараптайсың. Ол бүкіл фильмнің беташары болатындықтан, көздеген тақырыбының негізгі жүйесін жоспарлауың қажет. Кейде фильм кейіпкерімен етене жақындасқан сайын ертеректе сені мазалаған бірқатар идеялардың туынды үшін ешқандай қажеттілігі жоқтығын да байқайсың.
Деректі фильмді түсіру - үлкен өнер. Алдымен жан-жақты білімділік, содан кейін кәсіби шеберлік фильмнің сәттілігін айқындайды. Ең бастысы деректі фильмді түсіру кезінде басқару қабілетіңнің кәсіби тұрғыда шыңдалғанын тексере аласың. Барлық режиссерлерге ортақ мәселеге қатысты Ф. Феллини былай деген: “Режиссер – кемедегі Колумбқа құсайды. Колумб Американы ашқысы келеді, ал командасы үйге қайтуға асығады”.
Түсірілім алаңындағы жалғыз қожайын – режиссер. Режиссерлік мамандық міндеті камераға түсіріліп жатқан кадрларды қадағалауда ғана емес, деректі фильмді жасайтын шығармашылық топты ортақ іске жұмылдыра білуінде де. Ұйымдастырушылық қабілетпен бірге әріптестеріңді дос ретінде танитын риясыз қарым-қатынасты қалыптастыра алсаң, ортақ істің игілікті табысын бір табан жақындата түсесің. Егер де шығармашылық топ өз мамандығын жетік игерген кәсіби шеберлерден тұрса, режиссердің жұмысы да жеңілірек болмақ. Ол:
деректі фильм кейіпкерінен сұхбат алу үшін жақсы орын табу;
камерагерге техниканы қоятын жерді көрсету;
бас кейіпкердің образын жан-жақты ашу үшін оны тыңдай білу; Алдын-ала дайындаған сұрақтарыңды төпелеп қоя бермей, әңгіме барысына ыңғайлап сұхбатты жәй- жаспармен жалғастыру.
Жалпы деректі фильмді әзірлеу барысында, тек бас кейіпкерді “сүттен ақ, судан таза” етіп дәріптеуді ғана мақсат етпей, аудиторияның фильмді қалай қабылдайтынын назардан қағыс қалдырмай, оны да ойлаған ләзім. Әрбір фильмде кішкене болса да телекөрермен бұрын ести қоймаған жаңалықты көрсетіп, ынта-ықыласын арттыру, қызығушылық туғызу - табыстың бастау бұлағы. Сонда режиссер де, тапсырыс беруші де, көрермен де разы.
Көтерілген тақырып адамның сезімін селт еткізетіндей қуат берсе, қызықтырып, жүрегін толқыта алса телекөрермен экранды басқа арнаға ауыстырмайды, не өшіріп тастап, өзге шаруаға алаңдап кетпейді. Тақырып мазмұны бірте-бірте қызып, күшейіп, үрлемелі аспаптай, әуені үдей түссе, көрерменнің ынтазарлығы күшейіп, оқиға ортасында жүргендей, оған араласып кеткендей күй кешпек. Әр шаңырақтың төрінен орын алған теледидар қазір 100 арнаға дейін көрсетілімді ұсына алады. Міне, осы бәсекелестікте үй иесінің назарын өзіңе аудара алуы, жалықтырып алмауы деректі фильм көтерген идеяның көрермен көңіл-күйін селт еткізіп оята білуінде.
Газеттерде берілетін апталық теледидар бағдарламасымен танысуға, оқуға құлқы жоқ көрермен, қолына теледидар пультін алып, арналарды аралап кетеді. Күн ұзақ жұмыстан шаршап оралған, жантайып жатып демалуды ғана ойлаған көрермен көңіл-күйін дөп басу үшін фильмнің бүкіл ұзақ желісінде қызықты жәйттарды бөліп-бөліп ұсынсаң, ұтылмайсың. Әйтпесе, бұл тақырып осы оқиғамен тәмәм деп телекөрермен Сіздің шығармадан сырт бұрылмақ.
Сондықтан да деректі фильмнің алға қояр мақсаты – таңдап алған мәселенің шешімін бірте-бірте, рет-ретімен тарқату. Мазмұнының мәнісін әу бастан ашып тастамай, информацияны сыр сандықтан суыртпақтап шығарып, көрерменнің тағатын тауысу, шыдамын мазалау. Режиссер деректі фильмді қалай өрбітем десе - өз еркі. Ендеше, ол көрермен білгісі келген жайды там-тұмдап, тұздықтап жеткізіп отырса, көрермен ықыласы артады, әрі фильмнің соңына дейін экран алдынан алысқа ұзап кетпейді.
Ал басты мәселе – ең түйінді мықты информацияны фильмнің соңына қалдыруда. Сонда ғана режиссердің фильм соңындағы шығармашылық топтың тізімі тіркелген ақырғы кадрларды көрермен ризашылықпен оқып, танысатынына шүбәсіз сенімі болмақ.
Деректі фильмнің табиғатында өмір шындығы жатады. Онда көркем фильмдегідей қиялдан алған көріністер жоқ. Әлбетте, деректі фильм режиссері де, көркемфильм режиссері секілді фильмнің әліп биін, тілін білуі екеуіне ортақ ұғым. Бірақ деректі фильм режиссерінің міндеті мен туындыны зерделеуі, көруі мүлде басқаша.
Ең алдымен, деректі фильм режиссері техника тілін жетік білуі шарт.
Алдымен, деректі фильм режиссерінің білуі тиіс негізгі техникалық шеберліктерін тізбелеп көрелік.
Камераның түрлі жағдайдағы қозғалысы
Бұл панорамалық кадрларға, көлденең панорамалар жасауға, камерагер кранының немесе арбасының қозғалыстарын реттеп отыруға байланысты шеберліктер. Деректі фильм режиссері бұл тәсілдерді қалай және қандай кездерде пайдалануы керектігін жетік білуі шарт.
Көрерменді иландыру
Режиссурада бұл басты талаптардың бірі. Сіз көрермен назарын белгілі бір кадрға көз тоқтатқыздыңыз дейік. Мысалы, кейіпкер қамшысын көтеріп, алысты меңзеп тұрған сәт, ендеше келесі кадрда сонау көкжиекте жайылған жылқылар немесе осы тектес кадрлар көрінуі қажет. Көру мен сезіну түйсігі бір-бірімен қабысып жатса, оқиғаға илану бар. Егер фильмдегі кадрлар бейберекет монтаждалса алдымен ол көзді шаршатады, түйсікті тұмшалайды. Нәтижесінде нашар режиссердің сапасыз жұмысы деген баға аласыз.
Аралық кадрлар (перебивка)
Мұндай кадрлар фильм уақытын тиімді пайдалануға және күрделі эпизодтарды бөліп-жарып, сабақтастыра көрсетуге қызмет жасайды. Яғни, оқиғаларды байқатпай жымдастырып жалғайтын бейнеқатарлар атауы.
Көңіл-күйлік әсерлер
Фильм дүниетанымдылығының деректілігін арттыру үшін ірі кескіндегі кадрлар да керек (көңіл-күйлік әсерлерге де назар аударып отырған жөн). Егер Сіз экранда кейіпкер келбетін ерекше ірілендіріп танытқыңыз келсе, камерамен кадрды төменнен жоғарыға қарай жақындатып түсіресіз. Егер белгілі эпизодқа сыртқы күштің үстемдік сезімін аңғартқыңыз келсе, бейнеқатарды жоғарыдан төменге алыстатып түсіріңіз.
Оптика
Ұзын фокусты объектив - кадрдағы қозғалысты баяулатып, қанықтандыра түседі. Фотографтардың суреттері оптикаларына сәйкес сапалы, сапасыз болып жатады. Деректі фильмдерде кездесетін керемет кадрлар оптиканы пайдалану арқылы жүзеге асады.
Әрине, техникалық біліктілігімен қоса, деректі фильм режиссерінің жанрға сай көрегендік пен оңтайлы тәсілдерге түсінігі бай болғаны абзал. Деректі фильм өндірісі өзгеше пайым мен жұмыс әдістерін талап етеді. Кейде тіпті сценарийде жазылмаған, ештеңесі жоспарланбаған тақырыпқа жолығуыңыз ғажап емес. Идеясы да бұлыңғыр, тек болмашы жазбаларға сүйене отырып деректі фильмді қолға алуыңыз мүмкін. Бәрі кездейсоқ аяқ астынан тууы да жиі кездесетін жағдай. Оқиғаның маңыздылығын түйсікпен сезіне келе, аса қажетті детальдарды іздеп тауып, оны картинаңыздың өзегі ете бастайсыз. Бұлар деректі фильм өндірісінің көркем фильмге еш ұқсамайтын қырлары.
Жалпы режиссер не істеу керегін және қалай істеу қажеттігін білуі керек. Фильмде не айтқысы келгенін дөп басуы қажет.
6. Фильм мәнері (стилі) туралы
Режиссер фильмге кіріспес бұрын-ақ қалаған жұмысының мәнерін анықтап алып, оны одан әрі де өзгертпей ұстанып отырады. Тегінде көркем фильмдердің режиссерлері бұйыруға, ұнатпаса зекіп тастауға бейім болады. Бірақ бұл әдет деректі фильм режиссерлеріне қажетсіз. Деректі фильм режиссері бедел мен билікке онсыз да ие. Дегенмен, ең алдымен ол басқаларды тыңдай білуі шарт. Әр нәрсеге зейін сала жүріп, ақпаратты сұрыптап, жинап сахнаны да, адамдар назарында қағаберіс қалдырмауы керек. Мұндай уақытта режиссер әріптестері тарапынан қосымша идеяларға кілт іздейді. Сондай саңылаулар дастархан басындағы әңгіме барысында да туындауы ықтимал. Сөзден сөз шығып бір іс-әркетке тосыннан айтылған ой-пікірдің, фильмді түсіру барысына үлкен өзгеріс енгізетіні бар. Игі идеяларды талантты режиссер жерге түсірмей қағып алады, назардан тыс қалдырмайды. Сондықтан осы айтылғандардың бәрін ойдағыдай атқару үшін деректі фильмнің режиссеріне өзгелерді жалықпай тыңдай білуі ауадай қажет. Өйткені бір адам байқамаған құбылысты басқа кісі аңғаруы әбден мүмкін ғой.
Кино өнеріне қатысты теориялық оқулықтарда режиссердің қабілеті мен қасиеттері санамаланып, тізбеленіп жатады. Әлбетте, бір қарағанда көрегендік, ақыл, төзім, жоғары білім секілді қасиеттер қатардағы деректі фильмнің қарапайым режиссеріне деген тым жоғары талаптар болып көрінері анық. Дегенімен, болжағанын түйсікпен көре білу қасиеті де режиссер үшін басты нәрсе екенін екінің бірі аңғара бермесі белгілі.
Телефильм - қоғам мен адамның түсінісу құралы. Оны режиссер ұтымды пайдаланып, сәтті қолданудың жолын іздестіреді. Бірақ соңғы жылдары деректі фильмдерде қалыптаса бастаған жәйт - жалықтырып жіберетін, ұзын-сонар бейнесұхбаттар, белең алуда. Кейде осындай фильмдер жоспарды орындап, уақытты өткізу үшін жасалады ма дерсің... Режиссердің мұндайда сөз жарысына елігіп, бейнесәттердің құдіретін ұмытатыны өкінішті.
Сонымен, Сіздің режиссер көзі қарақты, қайталанбас суретті сезінетін елгезек жан делік. Деректі фильмде түсірілетін маңызды нысанды режиссер түпкі мақсаттан тамыр тартқыза таңдайды. Мұндайда қойылған идеяны жақсы білген режиссер ғана көре білу мәнері арқылы түсірілетін оқиға орындарын дәлме-дәл сұрыптамақ.
Түсіру әдісін зерделеп біткеннен соң, ол камерагермен пікірлесіп, ақылдасуы керек. Камерагер режиссердің түпкі ойлары мен мақсаттарын айқын аңғаруы тиіс. Сонда ғана ол фильм жөніндегі режиссер шешімін жүзеге асыра алады. Фильм көріністері штатив, кран немесе арба арқылы түсірілсе, Сіздер оқиғаны сырттай бақылаушы ретінде боласыздар. Егер бейнесәттер камераны иыққа, не қолға ұстап жүріп түсірілсе, көрермен де өздерін оқиғаға тікелей қатысушы ретінде сезінбек. Режиссер осы тәсілдердің қайсысы қажет екенін камерагерге қайталап айтуы артықтық етпейді.
Сондай-ақ, режиссер камерагерге түсіру тәсілдері: жалпы, орта планда оқиғаны ірі кескінде немесе аса ірі кескінде түсірудің қажет не қажет емесін де ескертіп отыруы шарт. Режиссер композицияны сезінуі үшін ең ұтымды ракурсты іздейді. Әдетте, маңызды көріністер аяқ астынан туындап жатса, режиссер аузын ашып тұрып қалмай камерагерді сәтті бейнеқатарды жіберіп алмай таспаға жедел түсіруіне септігін тигізуі керек.
Ақиқатында фильмнің тағдыры – режиссер мен камерагердің шығармашылық қарым-қатынасының жемісі. Тегінде есімі танымал режиссердің продюсерге бірінші қоятын талабы ол өз деңгейіндегі тәжірибелі камерагермен ғана жұмыс жасауға келісім беретіні сондықтан. Продюсер режиссерді таңдайды, ал режиссер өз кезегінде камерагерді қалауына сай іздейді. Режиссер мен камерагердің идеясы ұқсас, мақсаттары бір болса, олар тонның ішкі бауындай тіл табыса еңбек етіп, діттеген мұраттарына жетеді.
Команда осылайша құрылып жатса, режиссермен камерагер фильмге кіріспес бұрын сценарийді жан-жақты талқылап, пысықтайды. Екеуара фильмнің идеясы, түсіру түрлері, пайдаланылмақ аппаратураларды, тәулік мерзіміне байланысты жарық түсіргіш құралдарын қалай қолдануды және күрделі детальдарды әбден пісіріп барып қана іске кіріседі. Өйткені режиссер фильм тұсаукесерінен кейін ғана “бұл менің туындым” деп мақтана алмақ. Оған дейін ол камерагерге тәуелді. Себебі таспаға не жазылып жатқанын ұдайы қадағалау мүмкін емес. Қорытындылап түйіндесек, егер жақсы бейнеқатар болмаса, фильм де қарабайыр болып шықпақ.
Әдетте, режиссерлердің өзіне ежелден сыралғы, қолтаңбасын бұрыннан жақсы білетін камерагермен жұмыс істеуі - кино әлеміндегі қалыптасқан заңдылық. Себебі, тәжірибелі камерагер бірте-бірте режиссерлік мамандықты игеретіндіктен, кей кезде салиқалы камерагерлердің жас режиссерлерді тыңдамай, тіптен бағынбай қоятыны бар. Мұндай жағдайда фильм табысты боларына күмән көп. Режиссер мен камерагердің көзқарасы қабыспаған кезде идея жолайрыққа тіреліп, мақсат орындалмайды.
Ұзақ жылдар бойы фильм түсіріп, көп тәжірибе жинақтаған камерагерлер жас режиссерлердің түсіру алаңында өзіне қайта-қайта тықақтап, мазасын алғанын жақтырмайды. Шығармашылық шабыт еркіндігін талап етеді. Желкеңнен біреудің үнемі төніп, ақыл үйрете бергенін кім қалайды дейсің.
Дегенмен, режиссерге жүктелер жауапкершілік аса салмақты. Ол фильмге жауапты тұлға. Камерагер өзі қалаған кадрды түсіріп болсын. Бұдан кейін де режиссер дегенінен қайтпай, ойындағы көріністі қайталап түсіртуі міндет. Түсіру алаңдарында барынша тиімді жұмыс істеген дұрыс. Артық бейнеқатар бас жармайды. Режиссердің камерагерге тапсырған эпизодтарын толық таспаға жазылғанда ғана, фильм монтажы кезінде қосымша бейнеқатарлардың молынан жететіндігіне сенімі нық болмақ.
Түптің түбінде фильмнің тағдыры режиссердің мойнына ілінеді. Оның шығармашылық топпен кеңесіп, ақылдасуы - фильмге қосымша деректер жинастыру тәсілі. Мұны басқаша ұғынып, камерагердің режиссермен дауласа беруі – қателік. Фильмдегі кадрлардың орыны және маңызын камерагер мен режиссер бірлесіп анықтайды, бірақ соңғы шешім бәрібір режиссердің құзырында қала бермек. Режиссер әр уақытта өзіне қандай кадр керек екенін камерагерге айтып отыруы керек.
Ұйымшыл еңбек - фильмнің ұтысы. Режиссер – қашанда да түсіруші топтың жігерін жандандырушы, шығармашылық ұжымның тізгінұстары.
Монтаж
Түсіру жұмыстарын шикізатқа теңесек, монтаж соны әдемі дүниеге айналдыратын өндіріс орны. Бұл нағыз шығармашылықтың шыңдалатын, тер тоқтаусыз тамшылайтын жұмыс кезеңінің қайнар көзі. Бұған дейін режиссер камерагермен қалай тіл табысса, енді монтаждаушымен де солайша түсіністік орнатуы тиіс. Фильм монтажын жасауға ұзақ уақыт қажет болатындықтан, режиссерлер кәсіби камераға түсірілген бейнеқатарларды тұрмыстық таспаға көшіреді. Бұдан кейін үйде отырып-ақ, кадрларды сараптауға мүмкіндігі бар. Тәжірибеде ондай тұрмыстық қолданыстағы таспа тайм-кодпен көшіріледі. Ол, әр минут, әр секундына дейін бейнеқатарды іріктеп, эпизодтардың бірінен соң бірін тәртіппен орналастыру мүмкіндігін монтажға дейін-ақ ойша саралауға, қағазға түсіруге көмектеседі.
Сценарийдің парақшасына тайм-кодтарды тізбелеп, қай сөйлемді қандай кадрмен жабатындығыңызды пысықтайсыз. Осындай қара жұмыстың монтажға көп уақыт жоғалтпауға септігі зор. Әрі қаражатты да үнемдейсіз. Бұл – жұмыс материалдарын алғашқы іріктеу кезеңі. Осындай фильмді жасаудағы ең ауыр жұмыстан кейін көңіліңіз қалаған жақсы материалдарды сценарийге лайықтайсыз. Қазір режиссерлер тізбекті жүйе тәсілі - компьютерде монтаждауға ерекше ықылас көрсетеді. Екі немесе үш экранды көлемді компьютер мониторынан режиссер 20-30 кадрды бірден көре алады. Қалаған бейнеқатарларды рет-ретімен тізбектейді. Ал магнитофондар арқылы монтаждағанда (тізбексіз жүйе тәсілі) таспадағы көріністі табу үшін кассетаны ары-бері айландырып тоқтаусыз жылжытумен боласың. Ал, компьютер монтажында өзіңе қажетті деген бейнеқатарларды ғана компьютер қаперіне құясыз да, жайланып отырып жұмысқа кірісесіз.
Әдетте, режиссер монтаждаушыға бейнеқатарлардың орналасу тәртібі жазылған монтаж парақшасын беріп, сыртта ойланып-толғанып жүріп алады. Қарадүрсін монтаж сұлбасы көрінгенде эпизодтардың ішкі ырғақтары, кадрлардың қысқа-ұзақтығы фильмнің идеясына сай келетіндігі, сабақтасулары айқындалады. Режиссер сценарий авторы болса, монтаж жұмысында бар жауапкершілікті өз мойнына артып еркін қимылдайды. Фильмді қарап шығу мен оған қажетті дүниелерді іріктеу процесі бірнеше күнге, тіптен апта, айларға ауысуы мүмкін. Режиссер уақыт өте көздеген идеясына дер кезінде жете алмаса, монтажды белгілі мерзімге доғаруы да ықтимал. Сөйтіп бір-екі апталық демалыстан соң, шаршаған жанар қалпына келіп, ой толығып, фильмдегі әрбір идеяны жақсарта түсуге жол ашылады.
Түпкілікті монтаж басталысымен, фильмге соңғы өзгерістер енгізіліп, диктор мәтіні, музыкасы салынып, арнайы эффектілер қолданылады. Артық-ауыс жерлері тегістеліп, екпін, ырғақтары, оқиғаларының өрбуі даңғыл жолдай түзетіледі.
Ендігі мәселе – фильмнің музыкасы, диктордың мәтіні, дыбыстары.
Көркемфильмде музыка тұрақты түрде беріліп тұрады. Асып-төгіліп жататыны да бар. Ал, деректі фильмде музыка әуенінің нақты өмір көріністерін қаз-қалпында сезінуге кедергі келтіретіндіктен оны мүмкіндігінше шектеп қолданады. Сөйтсе де, асқан шеберлікпен астастырылған музыка әуені деректі фильмді құлпырта түспек. Эмоциялық сезімдерді серпілтіп асқақтатады. Еліміздегі авторлық құқық мекемесінде сазгерлер еңбегі ерекше қадағаланып, сақталатындықтан дыбыс режиссерлері фильмге музыка таңдағанда әр туындыдан қысқа-қысқа үзінді алады. Бұған себеп - дайын әуенді рұқсатсыз пайдалансаң сазгер Сізді сотқа беріп, қомақты ақшаны талап етеді. Ал композиторлар бүгінде өз еңбектерін жоғары бағалайды. Фильмге тапсырыс берушілер режиссер, камерагер қаламақысына түсіністікпен қарағанымен, сазгерлер еңбегін елегісі келмейді. Бәлкім уақыт өте деректі фильм үшін сазгерлердің дербес еңбегі де қажет болатын шығар. Әзірге әрбір эпизодқа қолайлы әуен түрлі композциялық туындылардың жиынтығынан құрылады.
Асылында, фильм бюджетін бекіткенде демеушілер мен тапсырыс берушілер бірте-бірте фильм үшін музыканың да маңызды роль атқарарын түсінер деген ойдамыз. Бұл тұста айтпағым, егер деректі фильмге композитор арнайы музыка жазатын болса, оның көркемдігі арта түспек. Әзірге тәжірибеде ол өте сирек кездесетіндігін мойындаймыз.
Продюсерлер фильмге бөлінетін қаржының жетіспеушілігінен композиторлармен түсіністік тілінде сөйлесуге мұршалары жоқ. Содан барып, фильмнің музыкамен көркемделуін дыбыс режиссеріне тапсырады. Ол фильмді музыкамен әспеттеуде шама-шарқы жеткенше, ешбір композитор “туындымды рұқсатсыз пайдаландың” деп сотқа жүгінбейтіндей дәрежеде пайдаланылады. Бұл үйренген әдет, сірә ұзаққа созылатынға ұқсайды.
Фильмде дыбыстық эффектілер жиі қолданылады. Кейбір шулар бейнеқатарлармен қоса, қабыса жазылады. Кейбір шулар түсіру алаңында арнайы таспаға түсіріледі. Болмаса, фонотекадан, музыкалық кітапханадан, компаниялардан сатып алынады. Алғашқысы фильмді монтаждау кезінде жазылса, екіншісі мәтін мен музыка жазылып болған соң қапсырылады. Шулар фильмнің нақты өмірдегідей әсер етуіне жол ашады. Нақты өмірдегі шулар (дүрсіл, мал-құстың өзіне тән дыбысы, көлік гүрілі, аяқ басқан дыбыстар т.б.) бейнеқатарлармен кадрға бірге түседі. Өйткені шетелдегі деректі фильмдердің бюджеті шамамен 50 мың доллардан 500 мың долларға дейін жетіп жығылады. Біздегі қалыптасқан жағдай 3 мың доллар мен 20 мың доллар аралығынан асып шыға алмайды. Бұл сомадан жоғары тұратын бюджетті қорғап алып шығу үшін қолдаушың мықты болуы тиіс. Мұнымен бірге қазір фильмді эфирге қою үшін де қосымша қаражатты шығындауға мәжбүр боласың. Ол әр телеарнаның өзіндік рейтингісіне байланысты. Таңертеңгі, күндізгі және кешкілік уақыт эфирінің кестеленген төлемдері бар. Бұл әрине республикаға толық тарайтын, рейтингісі жоғары арналарға тән құбылыс.
Ал, мемлекеттік тіл заңының орындалу барысын ресми мекемелер міндетті түрде қадағалауды бастағаннан бері облыстық, қалалық деңгейдегі коммерциялық телеарналар деректі фильмдерге жылы шырай таныта бастады. Бірақ ондай ортақол телеарналарға көбінесе ортақол дүниелер ұсынылатындығы анық. Сондықтан да жаңа фильмдерді сұрыптайтын, республикалық арналардың жақсы уақыт кестесіне (прайм-тайм) міндеттеп енгізетін комиссияның құрылғаны құба-құп болар еді. Қазақстанда жобаланатын деректі фильмдердің 90 пайызға жуығы саяси-әлеуметтік, тұсаукесерлік фильмдерден тұрады. Нарық заңдылығынан туындаған бұл дәстүр деректі фильм саласында енді-енді қадамын бастаған жас кинематографистерге аса пайдалы. Әлеуметтік тақырыпты қозғайтын фильмдер жаңа идеяларға жол ашпақ. Ізденістердің ұшан-теңіз мүмкіндіктерін алға тартады. Жас дарындар да алғашқы қадамнан тәжірибе жинақтап, қомақты дүние жасауға апарар даңғыл жолдың жақсы мектебінен өтеді.
Экран және мәдениет
Әлемнің барлық елдерінде әлеуметтік-мәдени дәстүрлердің қалыптасуына тікелей әсері бар – экран мәдениеті заманауи мәселеге айналды. Тасқа басылған сөздерден, бірнеше рет асып түскен бейнедыбыстық коммуникациялар, экран арқылы – ғасырлар бойы қанға сіңген әдет-ғұрыптарды бірте-бірте өзгертіп, ғаламдық ортақ ұғымдарды бойға сіңіруде. Бұдан қашып құтылмассыз. Дегенмен, ата-бабаларымыздан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрлі әлеуметтік-мәдени игі әдеттеріміз үшін күреспей жатып, құлдық ұрмайық. Өйткені ұлттық мүдделерді қорғап, шешудің ешқандай да әмбебап әдістері болмайды.
Қазір Қазақстан жаңа дәуірде. Қазақ зиялысы зұлмат-нәубетке, қорлық-зорлыққа, ғасырларға созылған темір бұғауға мойымаған. Өр кеуделі, тәкаппарлық – қазақтың әні мен күйінде, жыр-дастандарындағы жеңімпаз рухта. Ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміздің сақталу тірегі, ғаламат рухын экран тіліне көшіру, заман талабынан қалыспай елімізде экран мәдениетін орнатуға жол ашпақ. Көп тілді, көп ұлтты Қазақстан идеологиясының қазақ идеясы арқылы қалыптасуын – мемлекеттік мүдде темірқазығы деп түсінемін.
Ел мен жердің иесі, мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқының мәдени-әлеуметтік тарихы, барлық ұлттар мен ұлыстарға ортақ: адамзат дамуының бір-бірімен тікелей қарым-қатынасындағы байланыс мәдениеті, жазбаша мәдениеті арқылы өркениеттілікке бастау алды. Ал, бүгінгі күн биігіне мәдениеттегі басым бағыт экран мәдениеті бел алғанын мойындау керек. Сол экран мәдениеті қазақстандықтарға телеарналар, компьютерлер арқылы не ұсынып отыр?
Ел-жұртымыз қызыға көретін фильмдер шет елдердікі (онда көркем не деректі фильмдер жағы басым). Әзірге электронды ақпарат құралдарындағы хабарлардың тең жартысы “мемлекеттік тілде жүргізілсін” заңы біржақты орындалуда. Телеарналар шетелдік дайын дүниелерді қазақшалау үшін аудармашыларды жалдайды. Негізінен шет елдерден алынған хабарларды асығыс қазақшалау үрдісі басым. Бұл біріншіден, қазақ тілінің абыройын аяусыз балталаумен бірдей. Аудармадан аздап нәпақа табуды кәсібіне айналдырғандардың “жүрдім-бардым” қазақшалаған дүниелерін екі-үш диктор әр түрлі мәнерге салып оқып шығып, “заңды орындағандай” болған жайымыз бар. Өкініштісі, ондай аудармаларды басқа емес, мәтінмен жұмыс істеген дикторлардың өздері де түсінбей жатады. Сондықтан да редакторлар аудармаларды оқып түзетуге құлқылары жоқ. Ондай аудармаларды түзету де мүмкін емес. Сірә, қайтадан қазақша мәнерге салып, жазып шыққан дұрыс болар. Амалдың жоқтығы осы. Жоспар орындалды, жоғары жақ үндемесе болды. Телеарналар қаражаттарын үнемдеп, “заңды орындаса” бәріміз тынышпыз. Тегінде экран арқылы қазақтың өзі түсінбейтін қазақша аударма хабарлар көбейген тұста, мемлекеттік тілді көркейтеміз деу бос әурешілік.
Демек, экран мәдениеті қазақ үшін, Қазақстан үшін маңызы зор - әлеуметтік мәселе. Өйткені телевизия мен кино өнері арқылы көрерменге хабар айтылып, насихат жүргізіледі, білмейтін жәйттерге үйретіп, тәлім-тәрбие береді. Қоғам мен жеке тұлғаның ішкі дүниесіне дендеп еніп, мәдени қөзқарасын қалыптастырады.
Адамның рухани дүниесінің аса нәзік пернелері тоғысатын ой-өрістегі сенім мен сезімділік ұғымды - мәдениет десек, ал ол экран арқылы тек басқа мәдениетпен сусындаса, ондай азамат мемлекеттік тілге, ұлттық салт-дәстүріне салқын, салғырт болып өспек.
Ендеше, қазақтың намысшылдық әдетіне қамшы басумен қатар, оның ой-өрісіне, сондай-ақ парасаттылығы жоғары зиялы жандардың ұлттық экран мәдениетін ұштастырмақ ұлттық таным мен ізгілікті ниет жолындағы қадамдарына қамқорлық қажет.
ЖАРНАМА
Жарнама дегеніміз не? Бұқаралық ақпарат құралдарында жарыса жағаласқан “менікі ғана ақиқат” дейтін айғайды тұтынушылар назарына дөп тигізу тәсілі – әрбір жарнаманың міндеті. Мұнда жақсысын асырып, жаманын жасыру әрекеті кездеспеуі қажет. Өкінішке орай, жарнама беруші тиесілі қаржысын төлегеннен кейін, өз дегенінен қайтпасы белгілі. Осындайда жарнаманың тек шындықты хабарлайтынын реттейтін құрал керек-ақ. Өйткені көптеген жарнамалық фильмдердің авторы тауарлар мен қызмет көрсету жөнінде фильм жасай отырып, сауда агентіне айналып кеткенін байқамай қалады. Белгілі бір компания, мекемелердің имиджін жасайтын корпоративті фильмдерде де режиссерлер ерекше тер төгіп, елімізде одан мықты қызмет орны жоқтай мадақ-мақтауға жөнсіз лағып кететіндері бар. Сондықтан да тапсырыс берушімен арадағы қарым-қатынасты әу баста шегелеп, реттеп алған дұрыс.
Фильм аяқталған соң тапсырыс беруші әр нәрсені сылтау етіп, кемшіліктеріңізді тізбелей бермеуі үшін, әуел бастан-ақ әзірленбек дүниенің кімге, қандай аудиторияға арналатындығын, мақсатын, көрсетілу ауқымын анықтап алыңыз. Сонда ақша бөлген мен, мақтау мен мадақтау жетпей жатыр деген сыңайдағы тапсырыс берушінің қисынсыз көп сұрақтарынан құтыласыз. Әдетте жарнамалық сипаттағы деректі фильмге тапсырыс беруші киноның жасалу үрдістері жөнінде мүлде хабарсыз болып келеді. Көбі деректі фильмдерге тапсырыс берген күннің өзінде қойылар талап ‑ орындалу мүмкіндігінен он есе артық болады. Сондықтан фильм жасау жолында үнемі күресуге, тапсырыс берушінің бүгінгі тұрмыс шындығынан асып ‑ асыра сілтеуіне көрермен күлкімен қарайтындығын иландыру керек. Сонда өмірге жақын жарнамалық фильм түсіре аласыз.
Біріншіден, тапсырыс беруші көрерменге нені басты мәселе ретінде хабарлағысы келетінін білу керек. Сол сәттен-ақ, көп сөзбұйдаға сала бермей тапсырыс берушінің идеяларына дұрыс, қанағатанарлық құнды бағалар беруге әрекет етіңіз. Фильм түсіретін ұжымынан сценарийге мүмкіндігінше ақыл қоса алатын, мамандығын жете меңгерген бір-екі адамды табу керек. Бұл тапсырыс берушіні үнемі мазалай бермей, қажет материалдарды тездетіп табуға мұрындық, әрі босқа уақыт өткізбеуден құтқарады. Ал бастысы фильмге бөлінбек қаржының нақтылығына сеніміңіз мол болсын. Шартты мұқият оқып, өз құқықтарыңыздың мейлінше анық жазылуын қадағалаңыз. Өйткені жарнамалық туындыға бөлінер қаражат орасан. Оны қағып қалуға тырысатындар одан да көп.
Мысалы, 2003 жылы Солтүстік Америка жарнамаға 154 миллиард доллар жұмсаған. Ал, Еуропа елдеріндегі көрсеткіш 78 миллиард доллар. Азия мен Тынық мұхиты аймағындағы елдер үлесі 65 миллиард доллар. Латын Америкасына қатысты мемлекеттерде 15 миллиард. Көршіміз Ресей бұқаралық ақпараты құралдары 2,63 милллиард долларға жарнамалық қызмет көрсеткен. Қазақстандағы жарнама көлемі 100 миллион доллардан асып түседі. Жалпы әлемдік нарықта жарнаманың бір жылдағы өсімі 3%-ті құрайды. Жарнама енді-енді күшіне енген елдерде мұндай өсім бірнеше есеге жоғары. Мысалы Ресейде ол 2003 жылы 31%-ке көтерілген. Көзіміз үйрене бастаған “Проктер энд Гэмбл”, “Филип Моррис” жарнамасы миллиард доллардан асып кетсе, “Кока-Кола”, “Пепси Кола” сияқтылар жылына 500 миллион доллардан астам қаражатты жарнамаға жұмсайды. Жалпы АҚШ-тың жарнама шығыны дүниежүзілік жарнама бюджетінің тең жартысын құрайды.
Әлбетте бұл компаниялардың жарнамалары жоғары деңгейде дайындалып, әр елде жергілікті тілге аударылады. Мұндай мықты компаниялар жарнамаларының әділдігін Америка Құрама Штаттарында 14 мемлекеттік агенттігі тікелей бақылайды. Егер берілетін жарнамада жалған фактілер кездессе, компания миллиондаған доллар шығынға батып, жарнамаларындағы жалғандықты тұтынушыларға түсіндіруге міндетті.
Енді осы Америка Құрама Штаттарындағы жарнамаларды реттейтін федералдық органдардың функциялары мен міндеттеріне қысқаша шолу жасап көрейік.
1. Федералдық сауда комиссиясы (ФСК)
1914 жылы құрылған. Штаттар арасындағы барлық сауда түрін қадағалайтын жарнама саласындағы ең ірі оган болып есептелінеді. Сондықтан жарнама берушілер ФСК-дан өте қатты сескенеді. Оның тексеруінен өту ең басты табыс саналады.
2. Коммуникация құралдарының федералдық комиссиясы
1934 жылы коммуникация құралдарының заңымен бекіген орган. Оның құзырына радио мен телевизия, телефон байланыстары және телеграф енеді. Әуе толқынына хабар тарататын станциялар қызметіне лицензиялар беретіндіктен, осы өкілеттігін пайдалана отырып, жарнамаларды жанама түрде бақылайды.
3. Тамақ өнімдері және дәрі-дәрмек басқармасы
Қадағалауына жарнама, таңбалау, буып-түю және сатып алынатын тауарлар мен дәрі-дәрмек өнімдерінің номенклатурасы кіреді. Этикеткалар мазмұнының жазбаларын талап етеді, қорапта бейнеленген терминдердің пайдалануы және сақталу мерзімін бақылайды. Сонымен қатар улы және қауіпті өнімдердің таратылуын ерекше қадағалап отырады.
4. Патент және сауда басқармасы
Патент және сауда маркаларының тіркелуін қадағалайды. 1947 жылдан бері сауда маркалары заңының орындалуын бақылап отырады.
5. АҚШ Конгрессінің кітапханасы
Жарнамаға қатысты авторлық құқықтарды, музыка, кітап, буклет, компьютерлік бағдарламаларды және басқа да шығармашылық сипаты бар материалдардың құқығын қорғап және тіркеп отырады.
6. Алкогольдік және темекі өнімдерінің салық басқармасы
Спирттік сусындар жарнамасының толық иесі. Осы өкілеттігіне сүйене отырып, спирттік өнімдер шығаратын кез-келген компанияның заңды бұзғаны үшін толықтай тоқтатып, тіптен жабуға, ешбір жарнама түріне рұқсат бермеуге де билігі бар басқарма.
7. Тұтынушы мәселелері жөніндегі басқарма
Федералдық үкіметтегі тұтынушы құқығын қорғайтын Бас орган. 1971 жылы құрылған. Федералдық үкіметтің тұтынушы құқығын қорғау туралы шараларына қатысты ақпараттарды жинап, үйлестіреді.
АҚШ-тың пошта қызметі
Пошта қызметі пайда табу үшін пайдаланылатын фирмалар мен азаматтардың хат-хабарын иесіне табыстамауға өкілеттігі бар, АҚШ-тың пошта басқармасы жалған ақпарат тарататын жарнамаларды, порнография, лотерея ойындарына шақырулар мен тұрғындарды алдау пиғылындағы хабар-ошарлардың пошта арқылы таратылмауын қадағалайды.
9. Ауылшаруашылығы министрлігі
Дұрыс таңбаланбаған немесе тіркеуге қойылмаған улы химикаттарды мұқият қадағалап отырады. Ауылшаруашылық министрлігі федералдық сауда комиссиясымен бірлесе отырып саудаға түсетін өнімдерді сатуға рұқсат береді.
Ұлттық авиациялық кеңес
Қызметі бірнеше штатты қамтитын авиатасымалдаушылардың әуе хабарлары мен барлық жарнамасын қадағалап отырады.
Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты бидай басқармасы
Бидай өнімдерінің жарнамасын бақылайды. Тұтынушыларға жалған ақпараттар таратылмауына жауапты орган.
12. Құнды қағаздар мен биржалық операциялар жөніндегі комиссия
Акциялар, облигациялар мен құнды қағаздар жарнамасы кіреді. Комиссия құнды қағаздарды сатып алушылардың алданбауы үшін толық ақпараттардың жария етілуіне бақылау жүргізеді. Тіптен ұсыныстар берілген кезде, онда кемшіліктердің де тұтас көрсетілуін қадағалайды.
13. Әділет министрлігі
Жарнамаға қатысты заңдардың тәжірибеде қолданылуын бақылдайды, осыған қатысты федералдық органдардың ұсыныстары, толықтырулар мен өзгертулерімен шұғылданады.
14. Тұтынушы тауарларының қауіпсіздігі жөніндегі комиссия
Адам өміріне қауіп төндіретін тауарлардың таратылмауын қадағалайды. Мұндай тауарлар сауда айналымына түссе, барлық ақпарат құралдары арқылы оның қауіптілігін жұртшылыққа жария етеді. Тұтынушылар тарапынан ‑ сатып алған заттары берілген жарнамаға сай еместігі туралы мәлімет алса, соны тексеріп Әділет министрлігі арқылы шара қолдануын талап етуге өкілеттігі бар.
Міне, АҚШ-тағы жарнаманы реттейтін осы органдар жалған жарнамалардың жолына тосқауыл қойып, тамырына балта шабады. Ал, біздегі жарнамалар, тек шындықты насихаттайтындығын кімдер дәлелдемек, кімдер бақылау жүргізбек. Көбіне-көп телерадио арналары жарнаманы өздері әзірлеп, көрермендер назарына ұсынады. Және жарнама берушіге ерекше жеңілдіктер жасалынады. Өйткені кез-келген БАҚ қожайындары қоятын талап – жарнаманы ұлғайтып, шығынды азайту. Мұндай ақша табу жарысында ақиқат болмасы анық. “Алтын көрсе – періште де жолынан таяды” демекші БАҚ-ы өздері тарататын жарнамаға кепілдік бермейтіндіктерін міндетті түрде ескертіп отырады. Оған көрермен де үйренген. телеарнада жарнама басталса, көрермен басқа арнаға ауысады. Сондықтан да бай мекемелер ауа-райы, спорт бағдарламаларына демеуші болып жатады. Кейінгі жылы арақ-шарап пен темекі өнімдеріне жарнама беруге тоқтам салынғаннан бері, жарнама берушілерге талас тіптен көбейді. Жарнама құны да күрт құлап, кейбір арналар үшін ол тиімсіз болып қалды. Бірақ қоғам дамыған сайын бизнес те қалыспауға тырысуда. Мұндай бәсекелестікке жарнамасыз алға басу жоқ. Жарнама көбейген сайын ол елдегі тұрмыстық деңгейдің өскенін хабар береді. Әрі, ел тұрғындарының жағдайы жақсарғанын байқатпақ.
Республикамызда бұқаралық ақпарат құралдарының қатары ұлғайған сайын, сірә жарнама бағасы да әркелкі болмақ. Бірте-бірте ол бірқатар ақпарат құралдарының жабылуына себеп те болатын шығар.
Жарнама – бүгінде жер бетінде тиімді құралға айналды. Елдің саяси бейнесі, идеясы мен ұстанымы да жарнама арқылы бейнеленуде. Демек, озық елдердегідей бізде де жарнаманы бақылап, қадағалайтын органдар қажет.
Тәуелсіз кино-бейнестудияларын құру және оның қызметін үйлестіру
1983 жылы КССР Министрлер Кеңесінің “Кеңестік кинематографияның шығармашылық, ұйымдық және экономикалық қызметін қайта құру туралы” №1003 Қаулысы негізінде үлкен Одақта жүздеген студиялар өмірге келді. Біздегі бір “Қазақфильмнің” 20 студияға бөлінген тұсы сол жылдары болған. Мықты режиссерлер, фильм директорлары, билігі барлар бір-бір студияны меншіктеді. Тәуелсіз телерадиоарналар да сол кезде ашыла бастады. Киномен салыстырып қарасақ, телерадиоарналардың ғұмыры баянды жалғасты. Ал, кино-бейнестудиялар шашырап, жабылып жатты. Ақырында “Қазақфильмге” қайтадан қосылуға мәжбүр болды. Мұндағы мәселе, киностудиялардың өнімі бәсекелестікке шыдас бере алмағандығында.
Телеарналар арзан бағалы бейнеаппаратураларды пайдаланып, жарнамадан пайда тауып, демеушілердің қаржылай қолдауы арқасында біртіндеп, қаз-қаз тұрып кетті. Ал “Қазақфильмнен” шыққан студиялар киноаппаратуралардың және кинотеатрлардың қымбаттылығына төтеп бермеді. Олардың өнімдеріне де сұраныс болмады. Еуропадағы бірқатар жүлделерді елімізде жасалған кейбір кинофильмдер иеленгенмен, олардың Қазақстан үшін экономикалық шығыны ойсырай көрініп, пайда әкелмеді. Ал идеологиялық тұрғыда бұл фильмдерден өз қотырымызды өзгеге қасытумен бірдей жағдайда қалдық. Міне, осындай жылауық фильмдер қайғы-мұңға толы, трашкомедияны, ажарсыз өмір-өткеліндегі сәттерді бейнелеп, тіршілік салмағы еңселерін жаншып жіберген кейіпкерлердің образын сомдаумен аяқталып бітетін.
Ақырында ондай фильмдер тек тақырыптық фестивальге арналып, ғұмырына сол фестивальдегі арзан марапаттаумен нүкте қойылып жатты.
Асылы кино мен деректі фильмнің әлеуметтік, қоғамдық парызы өз халқының арман-мүддесіне, ой-сезімін тереңдетуге, мәдениетін көтеруге қызмет етуі – міндет. Бұл таласқа түспес тақырып.
Міне, 90-шы жылдардың басында құрылған қазақстандық тәуелсіз киностудиялар ғұмырының қысқа болуы - ұлттық мәдениетті өгейсітіп, жалпы адам баласын өзінің дәстүрі алдында бейшара жағдайда көрсету қателігінен туындады. Ары кетсе мың адам көрген ондай фильмдер ұлттық өнерге, мәдениетке қажетсіз болып қалды. Сол себептен де жаңарған заман талабына сай келетін фильмдер түсіргенде ғана сүбелі жетістіктерге үміт артуға негіз бар. Егер қазақстандықтардың “Голливуд” туындыларын, “Discovery” мен “Animal Planet” бағдарламаларын сүйіп тамашалайтындығын біле тұра, көркем фильмдеріміз кешегісімен кері тартқан дүниелерге көңіл аудара берсе кинематографиямыз кенжелеп қала бермек. Бұл тұрғыда енді-енді құрылып, біртіндеп қанат жая бастаған кинобейнестудияларға мемлекеттік қамқорлық - қаржылай көмекпен қатар, телеарналардан көрсетілу жағын қамтамасыз етуге ресми түрде тікелей қолғабыс жасалынуы қажет деп есептеймін.
Сонымен қызметін енді ғана бастамақ продюсер, кинобейнестудиясын қалай құруы керек? Алдымен еліміздегі орта және шағын кәсіпкерлікті тіркейтін заңға сүйене отырып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашқан жөн. Оның атауын өз қалауыңызша қоясыз. Бұрындары мұндай студиялар: қоғамдық бірлестік, мәдениетке қолдау көрсету, қайырымдылық қоры айдарымен тіркелетін. Ондағы мақсат қосымша құн салығынан құтылу мәселесі болатын. Қазіргі Жеке шаруашылық серіктестіктер 10 миллион теңгеге дейінгі айналым қызметіне ҚҚ салық төлемейді. Дегенмен де кинобейнестудияларды да республикамыздағы бұқаралық ақпарат құралдарына жаппай қолданылатын қосымша құн салығынан толықтай босату мәселесін күн тәртібіне қоятын кез келді.
Сонымен кинобейнестудиялар жарғысы жазылғанда жеке шаруашылық серіктестіктерде қолданылатын өндірістік-шаруашылық қызметіне оның кәсіби мақсаттағы қызмет түрлерін енгізуі керек.
кинобейне өнімдерін шығару, дайындау;
кинобейне мұрағатын құру;
еліміздегі және шетелдік әріптестермен бірлесе отырып фильмдер жасау;
заңда көрсетілгендей шығармашылық қызметтің басқа түрлерімен де шұғылдану;
студия дайындаған кинобейнефильмдерді елімізде және шет елдерде көрсетіп, көбейтіп, тарату;
аудио,- бейне,- кино және басқа өнімдерді сату, көбейту, көрсету құқықтары;
жарнама саласында қызмет көрсету;
Қосымша басқа да қызмет түрлерімен айналысқыңыз келсе, оны да айшықтап атап өткен артықтық ептейді.
Жалпы, кинобейнестудиялар үшін басты мәселе түсіру мен монтажға қажетті аппаратуралардың болуы. Оған 30 мың доллардан 100 мың долларға дейін қаражат керек. Әрине, бұдан арзан қаржыға да тәп-тәуір аппаратура алып, көрікті фильм жасауға болады. Бірақ республикалық телеарналар дайындаған фильмдердің идеясы мен көркемдік талғамы талапқа сай келіп жатса да, туындыны түсірген камера мен монтаж қондырғысының сапасы эфир стандартына сай келмейтіндігін көлденең тартып, дайын дүниелеріңді қабылдамай қоюы әбден мүмкін. Өйткені әр телеарна рейтінгісі экрандағы суреттің сапалылығымен бағаланатындығын ұмытпағанымыз жөн.
Сөз соңында айтпағымыз, тәуелсіз кинобейнестудиялар үшін қаптаған қызметкерлер де қажет емес. Оның төмендегідей құрамын мысалға келтірейік:
Құрылтайшы, ол демеуші де болуы ықтимал
Бас директор немесе продюсер
Режиссер немесе көркемдік жетекші,
Бас бухгалтер, есеп-қисапты бір өзі атқарады
Сценарист немесе редактор
Камерагер
Монтаждаушы
Дыбыс режиссері
Міне, осы топ студияның күнделікті қызметінің тоқтаусыз жүруіне - мұрындық, кепіл. Егер де қомақты қаржы тауып, үлкен дүние жасауға мүмкіндік алсаңыз, онда шығармашыл мамандарды уақытша қызметке шақыруға әбден болады.
Кинобейнестудияны ашқан кезде ең мықтап ойланып алар жәйт – дайындаған өнімдеріңді қандай телеарналардың қабылдайтындығы. Мүмкіндік болса, ол телеарналармен шартқа отырсаңыз, тапсырыс беруші не демеушімен тезірек түсінісіп кедергісіз тіл табысуға зор мүмкіндік туады.
“Діл” телекомпаниясының тұжырымдамасы немесе телеарналардың жұмыс барысына, құрылымына шолу
“ДІЛ” телекомпаниясының мақсаты – қазақтың ұлттық интелектуалдық құндылықтарын баршаға насихаттау, ұлттық идеологияның негізін қалыптастыру. Мемлекет саясатының негізі болып табылатын саяси, экономикалық, әлеуметтік, нарықтық, демократиялық реформалардың бағыт-бағдарын көрерменге түсіндіру.
Компанияның басқару құрылымы
Компанияға негізінен Басқару Кеңесі басшылық жасайды. Басқару Кеңесіне Басқарма төрағасы басшылық етеді. Кеңес құрамын Төраға белгілейді. Олар телеарна құрылтайшылары да болуы мүмкін. Ал телеарна жұмысын атқаратындар белгіленген уақытқа шарт арқылы қызметке тағайындалады. Оған төмендегі қызметкерлер жатады.
Бас директор
Бас директордың орынбасарлары (іс жүргізу жөніндегі, шығармашылық ұйымдастыру жөніндегі)
Ақпараттар бөлімінің Бас редакторы
Бас продюсер
Бас режиссер
Техникамен жабдықтау, маман, жарнама, шаруашылық бөлімдерінің басшылары
Бас директор Басқарма Төрағасымен ақылдаса отырып, соның келісімімен әрбір қызметкердің қызмет аясын, міндеттері мен құқықтарын белгілейді, орындалуын талап етеді. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау немесе шығару туралы шешім қабылдайды, қаржылық, шығармашылық ұйымдастыру жұмыстарын қадағалайды, шешімдер мен бұйрықтар шығарады. Бас директордан орынбасарлары, бөлім жетекшілері Бас директормен келісе отырып, өз қызметі құзырында шешімдер мен бұйрықтар шығаруға құқылы.
Қаржымен қамтамасыз ету құрылымы
жарнама және бухгалтерлік есеп бөлімі,
жарнама бөлімі.
Телекомпания жұмысын үйлестіру
техникамен жабдықтау бөлімі,
шаруашылық бөлімі.
Телекомпанияның шығармашылық ұжымын жасақтау
ақпараттар бөлімі,
продюсерлік орталық,
аудиторияны зерттеу орталығы,
мамандар бөлімі.
АҚПАРАТТАР Б¤ЛІМІ – күнделікті елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтар мен оқиғаларды көрерменге жеткізу, Келелі оқиғаларға сараптама жасап, талдау жұмыстарын атқарады. Ішкі құрылымы төмендегідей болуы мүмкін:
“¦йқыашар” – таңертеңгілік ақпараттық, сауық-сазды бағдарламасы.
Жаңалықтар редакциясы таңертеңгілік, түскілік, кешкі және сол күннің қорытынды жаңалықтары болып бөлінеді.
“Апта айшықтары” – бір аптада болған оқиғаларға шолу, сараптау бағдарламасы.
“Спорт” жаңалықтары
ПРОДЮСЕРЛІК ОРТАЛЫҚ эфирді ақпараттық емес бағдарламалармен қамтамасыз ету жұмысымен айналысады. Ақпараттық емес бағдарламалар редакцияларына басшылық жасайды. Кез-келген журналистің жаңа жобасымен танысып, үздік жобаларды Бас директормен келісе отырып Басқарма Кеңесіне ұсынады. Орталыққа қарасты редакциялар мен олардың бағдарламалары шамамен төмендегідей болуы мүмкін:
“Жәдігер” – ұлттық танымдық бағдарламалар редакциясы.
“¦лылардан қалған із” – қазақ даласында өмір сүрген ¦лы ойшылдардың, хандар мен билердің, батырлар мен шешендердің өмірі мен мұралары туралы.
“Асыл мұра” – салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық нақыштар мен қазақ өнерінің озық үлгілерін насихаттау жөнінде.
“Саяхат” – Қазақстандағы тарихи ескерткіштер мен ғимараттарды таныстыру, сол жәдігерлердің тарихына саяхат жасау.
“Перне” – ежелгі қазақ музыкасының мол мұрасын, күй, терме, жыр-дастандар, аңыздар, толғаулар тарихына үңілу. Қазақ елінің ¦лы музыканттарының өмірінен сыр тарту т.б.
“Зерде” – ғылыми–көпшілік, оқу-ағарту бағдарламалар редакциясы.
“Тапқырлар клубы” – ғылыми жаңалықтарға арналған бағдарлама.
“Қазақ тілін үйренеміз” – мемлекеттік тілді үйрену‑үйрету сабағы т.б.
“Жігер” – жастар мен балаларға арналған бағдарламалары редакциясы.
“Интеллект” – жас тұлғалар, танымал жастар сөз алады. Әртүрлі саладағы болып жатқан оқиғалар, реформалар туралы сарапшыл ойларын білдіреді.
“20 минут” – ток шоу. Жастар саясатына, жастар мәселесіне байланысты жарыссөз. Барлық тақырып қамтылуы мүмкін.
Музыкалық-сауықтық бағдарламалар. Жас әншілер, шоу бизнес өкілдері қарастырылады.
“Айналайын”, “Бал-балақан” тағы басқа балаларға арналған бағдарламалар болады.
“Саяси, экономикалық, әлеуметтік бағдарламалар редакциясы” – аталған салалардың мәселелерін қозғайды.
“Демократия” – еркін ойлау мүйісі. Әртүрлі партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары, қарапайым көрермендер еліміздегі барлық оқиғалар мен құбылыстарға қатысты ойларын ортаға салады.
“Дат” – билік тұтқасындағы адамдармен тікелей эфир. Көрермендердің сауал‑сұрақтарына жауап береді.
“Теңге” – экономикалық жаңалықтар топтастырылады.
“Танымдық және музыкалық бағдарламалар редакциясы” – әртүрлі танымдық, музыкалық бағдарламалар топтастырылады.
“Біз және мен” – отбасының мәселелеріне арналады. ‡лгілі отбасылар, күнделікті болып жатқан құбылыстар мен тұрмыс-тіршілігі бейнеленеді.
“Ақжол” – діни танымдық бағдарлама. Қажылар, мүфтилер сөз алады.
“Әділет” – заңдық-құқықтық бағдарламасы. Көрерменге өз құқығын қорғауды үйрету және қылмыстарды әшкерелеуге арналады.
“Сарбаз” – әскери-патриоттық бағдарлама. Солдаттар өмірінен, әскери іс-қимылдар театры туралы.
“Табиғат терезесі”, “Хайуанаттар әлемінде” – жан-жануарлар, өсімдіктер әлемінің қызықты оқиғалары.
“Күлкі керуені”, “Шымшыма” – әзіл-оспақ, сатиралық бағдарламалар легі. Саяси немесе әлеуметтік тақырыптар қамтылуы мүмкін.
“Әдеби-шығармашылық хабарлар редакциясы” – әдеби-мәдени бағдарламалар топтастырылады.
“Жас тұлпар”, “Мүшайра”, “Жаңа кітап” тағы басқа бағдарламалар болуы мүмкін. Ақын-жазушылардың, өнер адамдарының шығармашылық, жеке отбасылық өмірінен сыр шертеді.
“Тек қана кино”, “Сахна” тағы басқа бағдарламаларда кино, театр жұлдыздары сөз алады.
Цифрлық бейнетехнология ғасыры
Телевизия мен кинематография өткен 100 жыл ішінде көптеген техникалық жаңалықтардың жаршысы болды. Алғашында ақ пен қара суретіндегі кино, түрлі-түсті бейнелерді көрсете бастағанда бұл ерекше жетістік ретінде қабылданған.
Сондықтан да телевизия мен кинематография өткен жолдың сансыз баспалдақтарына тоқталмай-ақ, бүгінгі қолданыстағы технологияны тілге тиек етейік.
Қазіргі телевизия саласында пайдаланылатын озық технология Жапон елінен бастау алуда. Ол – Sony мен Panasonic компанияларының өнімдері. Қазақстан телевизиясының 90 пайызы осы екі компанияның құрал-жабдықтарын пайдаланады.
SONY: Betacam SP
Digital Betacam
DVCAM
DV
PANASONIC: DVCPRO
DVCPRO-50
Digital Betacam санаулы ғана. Бұл аппаратурамен өте жоғары сапалы бағдарламалар, деректі фильмдер түсіріледі. Ал басқа аппаратуралар телеарналардың күнделікті қызметінде тұрақты қолданыста.
Қазір дүниежүзілік телевизиялық аппаратуралар цифрлық жүйеге ауыса бастады. Цифрлық технология арқылы телебағдарламалардан бастап, кино түсіруге де мүмкіндік туды. 1995 жылы алғаш рет кинотаспамен бәсекелесе алатын цифрлық камералар мен бейнемагнитофондарды шығару қолға алынды. Кейінгі жылдары қаптап кеткен телесериалдардың дені осындай телевизиялық аппаратуралар көмегімен өмірге келуде. Ал 1999 жылы кинокамераны толық алмастыра алатын HDCAM 24P форматындағы қондырғыны SONY компаниясы шығарғанын ресми түрде жария етті. 24Р – бұл өте жоғары жүйедегі электронды формат. 24Р – кинодағыдай әр секундына 24 бейнекадр түсіре алатын камера. Оның сапасы 35 мм кинокамерамен бірдей.
ТМД елдерінің студиялары мұндай камералармен телесериалдар мен жарнама түсіреді. Әзірге Қазақстанда HDCAM-24P біреу ғана, ол жеке меншік студияда. HDCAM-24P кинематографиядағы атауы CineALTA, яғни («синеальта»-камера, бейнемагнитофон, микшер, тізбексіз монтаж кешені) технологиясымен жұмыс істей білу де үлкен өнер. Дүниежүзі бойынша HDCAM-24P CineALTA кешенінің мыңнан астам данасы сатылған екен. Оны әзірге киностудиялар, қаражаты көп телевизиялық арналар алуда.
Мысалы, әйгілі кинорежиссер Джордж Лукас “Жұлдыздар сағаты” көркем фильмін осы CineALTA арқылы түсірген. Бұл жүйенің кинокамерадан ерекшелігі – қаражатты көп үнемдеуге мүмкіндік береді. Мысалы, HDCAM-24P камераны іске қосқан соң үзіліссіз бір кассетаға 50 минуттық дүниені түсіре аласыз. Ал, KODAK таспасын пайдаланатын кинокамераға осы мөлшердегі материалды жинақтауға кететін шығын бұдан он есе көп. Сондықтан да елімізде кинематографияның беталысын цифрлық технологияға қарай бағыштаған жөн секілді. Осындай аппаратурамен жұмыс жасайтын студияға, оны жасақтайтын топқа кинодағыдай үлкен шығармашылық бірлестік қажет емес. Әрі өнімді жылдарға созбай, бір-екі маусымда аяқтауға болады.
Және де атап өтерлігі, мұндай жағдайда бір киноны ғана түсіруге жұмсалатын қаржыны бірнеше фильмге бөлуге мүмкіндік тумақ. Жат жұртты таңдай қақтырып, таң қалдырамыз деп жалғыз туындыға барлық қаржыны шашқанша, талантты азаматтардың бағын байламай бірнеше фильм түсірсек, соның бір-екеуінен татымды дүние шығар еді.
Телевизиялық аппаратуралардың форматы
Бүгінде еліміздегі телевизия бірте-бірте цифрлық форматқа толықтай көшу қарсаңында тұр. Аналогтық (бір-біріне сәйкес) форматтағы бейнежазба камералары VHS, S-VHS, HI8 тұрмыстық деңгейде пайдаланылуда. Олар телевизиялық қолданыстан шығып қалды. Енді цифрлық формат оларды тұрмыстық пайдаланудан да бірте-бірте ығыстырып шығаратын уақыт алыс емес. Осы аналогтық сипаттағы кәсіби BETACAM SP форматындағы аппаратураны SONY компаниясы жасауды тоқтатты. 2004 жылдың мамырынан бастап Digital BETACAM форматын шығару да қажетсіз деп табылды. ¤йткені оның сапасы өте жоғары болғанымен бағасы да өте қымбат.
Қазақстандағы телекомпаниялар мен студиялар пайдаланатын телевизиялық құрал-жабдықтардың кестесіне назар аударайық.
№
|
Қолданыс түрі
| DV |
DV
CAM
|
DVC
PRO
|
DVC
PRO50 |
Betacam SP Betacam SX
|
Digital Betacam MPEG IMX
|
1
|
Тұрмыстық
|
|
|
|
|
|
|
2
|
Қысқа хабарлар эфирі
|
|
|
|
|
|
|
3
|
Эфирлік, деректі фильм түсіруге болатын
|
|
|
|
|
|
|
4
|
¤те жоғары сапалы телефильм түсіруге болатын
|
|
|
|
|
|
|
Достарыңызбен бөлісу: |