1.3 Студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастыру үдерісінің деңгейліктері
Жоғары оқу орнының оқу-тәрбие үдерісі – белгілі бір мемлекеттік және бүкіләлемдік кеңістіктегі құжаттар мен ресми бұйрықтар, нұсқаулықтарды іске асырушы білім беретін шаңырақ. Соның ішінде, Қазақстан Республикасының Конституция заңдары мен қағидаларына, ел Президентінің халыққа арнаған Жолдауларына, ЮНЕСКО-ның, ОЭСР-дің халықаралық білім саясатының материалдарына негізделеді. Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мемлекеттің ұзақ мерзімдік басымдықтары арасында ерекше орын алады және ол шын мәнінде ұлттық қауіпсіздік проблемасы болып табылады [119].
Жоғары білім мемлекет қызметінің барлық жақтарына экономикалық, әскери, экологиялық, технологиялық, мәдени, басқару және басқа салаларына түгел дерлік ықпал етеді.
Рухани өндірістің аса маңызды бұл саласы қоғамның қызмет етуінің интеллектуалдық және экономикалық базасын құрайды. Ол мәдениетті сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің басты құралы болып табылады.
Қазіргі заманның аса өткір проблемасы - ғылымға, білімге және ар-ождан бостандығына дүниетанымдық синтез жасау проблемасынан тыс қала отырып, өзінің аса маңызды болжаушылық қызметін – мәдениеті түзу және ділді (менталитет) қалыптастыру қызметін толық дәрежеде жүзеге асыра алмауда.
Дүниеге этикалық жауапкершілікпен қарайтын, инновациялық, шығармашылық ойлауға дағдыланған, дүниетанымдық мәдениеті жетілген, адамгершілігі мол және білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру идеясы дамудың стратегиялық бағдары болады.
Рухани және материалдық дүниелердің үйлеспеушілігі ұдайы байқалып отыратын бұл қоғамды өзін-өзі ұйымдастыратын, үздіксіз дамып отыратын жүйе ретінде түсіну көзделеді.
Жеке адамның рухани әлемінің дамуы оның материалдық мұқтаждықтарынан әлдеқайда озып кеткен тұста тарихтағы бақытты кезеңдері, қоғамның, оның мәдениетінің, білімінің, экономикасының бақытты даму дәуірі басталды. Қайта өрлеу дәуірі және одан кейінгі Ағарту дәуірі дәл осындай кезеңдер болса керек.
Алайда, керісінше де болады: қоғамның аса бағалы христиандар өртеп жіберген Александрия кітапханасын еске алсақ та жергілікті материалдық дүние мұқтаждарының дамуына қарамастан, жоғары білімнің айқын адамгершілік бағдарлары жоқтығынан рухани дүние азып-тозады... Сонда адамзатты жүз жылға кейін шегеріп, қайғы-қасірет пен қан жұтқызатын қысылшаң шақ - орта ғасыр басталады. Адамзат осындай кезеңнің табалдырығында тұрған болар және осы табалдырықтан аттап өту үшін орасан зор интеллектуалдық күш-жігер керек болар.
Адам әрекетінің барлық салалары (білім, өндіріс, ғылым, басқару) мамандануының тез өсуі, қоғамның техникаландырылуының күшеюі, қазіргі өңсіз және айбатты жаратылыстану-ғылыми білімнің көптігі, бұл өңсіздіктің адамның жеке басына ықпалының өсіп отыруы және т.с.с. қалыптасып келе жатқан жеке адамның рухани жүдеуіне әкеп соқтырады. Техницизм мен сциентизм дүниетаным мен философияны, оның ішінде, соңғы онжылдықтар ішінде этикалық бастамасынан барған сайын айрылып келе жатқан білім философиясын да өзіне бағындырған. Қоғамдық өмірдің саясаттануы және әсіресе, барған сайын айқын бола бастаған тоталитаризм тенденциясы адамның жеке басын өзгертіп, көз жұма бейімдеушілікке әкеп соқтырады және адам рухын өзін-өзі тәрбиелейтін білімге теріс әсер етеді.
Гуманизм, дүниежүзілік қауымдастықтың қоғамдық дамуының саяси принципі, стратегиялық мақсаты ретінде жарияланады. Бұны дұрыс жолға қояр тек – білім мен ғылым.
Мемлекеттік стандартта «Демеуші білім» мен баламасы «Инновациялық білім» екені белгілі. Міне, осы «демеуші білімнің» студенттерге болашағын анықтау қабілетін дамытуды дағдыға айналдыру мақсатында оқытудың танымдық қызметін теориялық деңгейде жіктеп алған орынды.
Танымдық қызметтің ең басты қағидалары төмендегідей:
- білімге гуманитарлық, ізгілендіруші, адамды оңтайлы жаққа бағдарлаушы деңгейге көтеру (белгілі материалдар негізінде);
- педагогикалық одақтастықтың жетістігін белгілі бір білім жиынтығын қоғам мүддесіне ыңғайлап меңгерудің дәстүрін адами нышандардың ең жоғары дамуына жәрдемдесетін шығармашылық, эзотерикалық актімен ауыстыру (философиялық белгілі пайымды ғұламаландыру шығармашылығынан үлгі ретінде өзіне сұрыптап алатын, оны бүгінгі жағдайға ыңғайлап қолданатын);
- гуманитарлы пәндердің нысаналарындағы ғылым, білім саласына қатысы бар философияны әдіснамалық (методологиялық) және жобалау аксиологиялық, суггестивтік (сезім суреттерін ауыстырмай көз алдына әкеле білу қабілеті) қызметінің танымын зерттеу (оқытушы үшін де, студент үшін де).
Гуманитарлы бағыттағы жоғары білімнің жаңа үлгісінің басты мақсаттары (стратегиялық):
- адамды шығармашылық ойлау қабілетіне ұмтылдырып, көзге, құлаққа көріне және естіле бермейтін құндылықтарды байқай отырып, оны ғылыми негізге салып, өмірде пайдалана алу іскерлігін дамыту;
- құрылғыны (пән бойынша) жобалаудан іс-әрекетті жобалауға өту (Дидактиканың ауқымын (хронометрі + хронотоп), оқытуға ауыстыру);
- студенттердің бойында шешімдердің әр түрлілігіне, көп өлшемділігіне, басқаша ойлауға, төзімділікке, табандылыққа және өзінің іс-әрекеттері үшін адамгершілік жауаптылыққа негізделген нұрлы, ізгілікті көзқарасты дарыту;
- оқыту барысында оқытылатын, меңгерілетін ғылыми-біліми нысандарды қабылдаушы контингенттің интеллектуалдық іс-әрекетінің үйлесімділігіне, оның біртұтас жүйеде меңгеруіне қолайлы жағдай туғызу.
Бұл аталған мақсат – мемлекеттік стандарт негізінде күні бұрын қарастырылған жобаны жүзеге асырудың қозғаушы күші. Осы макромақсаттан гуманитарлы бағыттағы әр студент өзінің дәріс, семинар тәжірибелік, зертханалық жұмыстарын жоспарлағанда, әр түрлі блоктарды ұсақ бөліктерге жіктеп, оны жүзеге асыра алады.
Жоғары мектептің гуманитарлы бағытының макромақсатын құрастырғаннан кейін, білімді реформалаудың ұстаным – бағыттарын анықтаған жұмыстың нәтижелі жүргізілуіне ықпалын тигізеді:
- әдеби арналарды модульдеп өткенде, әр модульді жеке-жеке бөліп алмай, олардың өзара байланыстық біртұтас жүйесін қарастыру, оның аса маңызды буындары - әдеби кезеңдер мен уақыт және кеңістік;
- университет білімін игерген студенттердің одан әрі өз білімі мен ғылымын дербес дамыта алу шеберлігіне ықпал жасаудың озық үлгісі;
- меңгерген филологиялық-философиялық білімдерін «Ізгілікті» рубриканың сарынында қатысым құралдары (теле, бейне, радио, баспасөз) арқылы сыннан өткізіп, ісін ширатудың теориясы, тәжірибесі;
- жоғары оқу орнының гуманитарлы бағытындағы студенттерді өнеркәсіп пен мектеп өмірімен байланысын ынталандырудың тәжірибесі;
- әрбір студенттің іс-әрекеті мен танымдық қызметін ұйымдастыруда мемлекеттің рөлін арттыру, стратегиялық жоспарлаудың мәнін түсіну, оны білім және ғылым мазмұны арқылы жүзеге асырудың модулі;
- жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ұлғайтудың мәнін ұғудың маңызы, басқа елдердегі оқу кезеңдерін, жоғары білім туралы құжаттарын, ғылыми дәрежелер мен атақтары жәие т.б. мойындау мәселелерін қамтуға ынталандырудың тәжірибесі.
Қорыта келгенде, стратегия - жоғары оқу орнының ең қажетті ұстанымы. Жоғары оқу орнының ішкі ұстанымынан гөрі мемлекет көздеген ұстаным жоғары. Бірақ, тоталитаризм тұсында сыртқы мақсат-мүддені бұлжытпай орындаушылық белең алып, адамның шығармашыл ғылыми пайымы аяқ асты болса, постиндустриалды Қазақстанның алыс болашағын өмірге салтанатты дәрежеде орнықтырып, жоғары оқу орнының оқытушы - профессорларының инновациялық ынта-ықыласы, жаңалығы мемлекеттік стратегияны көркейте бермек.
Стратегияның тірегі - стандартқа негізделген білім классификациясы (мамандандырылған). Аталған маңызды қадамды жүзеге асыру үшін білім деңгейін жіктеп, оқытудың әрбір саласын анықтап, оқу бағдарламаларының әрбір тобының ішкі құрылым -жүйесін біртұтастықта алып, нақты мамандыққа қатысты салалары шеңберіндегі жеке бағдарламаларында қарастырылады. Бұл жүйе кемі қайта-қайта өңделіп, жаңартылып отырады [119,с. 66-67].
Мамандық классификациясының формасы мен құрылымы төмендегідей:
1. Концептуалдық негіз.
2. Айқаспалы классификацияның айнымалылары:
- білім түрлері;
- білім қызметін ұсынатын мекемелер;
- білім қызметін беретін орын;
- оқыту формалары;
- оқу бағдарламаларының бағдары;
- білім деңгейі;
- оқыту бағыттары.
Мамандық классификациясының мақсатында «Білім» термині білімнің мұқтаждарын қанағаттандыратын арнайы және жүйелі іс-әрекеттердің барлық түрлерін қамтиды. Бұл орайда «білім» термині ғылымды жүзеге асыруға есептелген, ұйымдасқан және демеуші қатысым құралын қамтиды.
Коммуникация (Соmmunication) дегеніміз - ақпараттар (хабарлама, мұрат, білім, стратегия және т.б.) алмасатын екі немесе көп адамдардың арасындағы өзара байланыс. Ауызша немесе ауызша емес, тікелей (бетпе-бет) не қашық қарым-қатынас коммуникация болуы көзделеді [31,с. 52-54].
Ілім дегеніміз – мінез-құлықтағы, құндылықтардағы, немесе шеберліктегі кез келген жақсару.
Ұйымдасқан дегеніміз – формасы немесе бір ізгілігі бойынша тікелей, немесе жанама мақсаттармен жоспарланатын әрекет.
Демеуші дегеніміз - ілімге ұзақтық және үздіксіздік элементтері тән болатынын білдіреді.
Білім деңгейі аталған мамандықтың квалификациясына негізделіп құрылады. Жоғары оқу орнының білім деңгейі оқу жоспарының типтік бағдардамасына негізделеді.
Бұл – бірінші айналым. Әрбір курстарда студенттердің жүйеленіп, сабақ кестесін құрастырады.
Арнаулы мамандыққа бағдарлаудың деңгейі төмендегідей жіктеледі:
- оқудың жалпы ұзақтығы;
- біліктілік түрі (университеттік дәреже);
- ұлттық біліктілік құрамындағы орны.
Міне, осы жіктемелердің мамандық меңгеруде ғылыми дәрежеге жетелейтін жағдайда жүзеге асырылуы көзделеді.
Аталған білім деңгейі жалпылық мәнде келеді. Ал оны белгілі пән тұрғысында жеке бөліп алсақ, ішінара ірі тараудың ұсақ бөліктерін шкалаға (рейтинг) жіктеп, оларды біртұтастық деңгейге біріктіріп, ықтимал жауаптарды күні бұрын кұрып алу назарда болады. Блоктық жүйеде ықтимал жауаптар кездеспейді, ал модульдеп оқыту процесінде ықтимал жауаптарды рейтинг сапасына жіктейді. Міне, осы жүйеде қанша зерттеу тірек сұрақтары болса, соншалықты процентпен білім деңгейі межеленеді.
Танымдық ізденімпаздық әр студенттің ішкі даярлығының деңгейіне байланысты әрекет. Бұл – оқытудың теориялық негізі. Танымдық ізденімпаздық іс- әрекетті нысаналы түрде ұйымдастыру көзделеді.
Танымдық ізденімпаздықтың мазмұнына Г.Н. Кулагиннің [120] көзқарасы неғұрлым феномен болып табылады. Бүгінгі студент болашақ мұғалім болған сәтте танымдық ізденімпаздығын қажетсінуді, іс-әрекетті жүзеге асыруды және оны ретке келтіруді ғана біріктіретін тек кәсіптік біліктілікті игеруге бағытталған дұрыс емес, себебі бұл ұғымның мазмұнын тым тарылтады деген құнды пікір айтады.
Зерттеушілер студенттердің оқыту процесіндегі танымдық ізденімпаздығы мен белсенділігін дамыту проблемаларын практикада шешудің түрлі жолдарын көрсетеді:
- Танымдық іс-әрекеттің дербестігін қалыптастыратын өзіндік жұмысты ұйымдастыру мен оқу міндетін іріктеп шешу арқылы;
- Танымдық іс-әрекеттің тәсілдерін дамыту арқылы;
- Іс-әрекеттің бағдарланушылық негізін құрайтын жалпылама білімдерін енгізу арқылы;
- Оқытуға әдістемелік білімдер элементтерін енгізу арқылы;
Оқу іс-әрекетін өздігінше бақылауды дамыту арқылы. Жоғарыда жинақталып берілген талдаудан айқын көрініп отырғанындай, танымдық ізденімпаздық мазмұнын бір аяда (әрекет, дайындық, білімділік) ғана ашуға болмайтын күрделі ұғым болып табылады.
Т. И. Шамова танымдық ізденімпаздықты әрекетке жатқызады, белсенділікті әрекеттің кейбір деңгейі ретінде қарау бүгінгі ұстанымға келе бермейді [116,с. 41-43].
Студенттің әрекетшілдігі деп қарамаймыз, қайта осы әрекеттің сапасы деп қабылдаймыз. Бұл сапада студенттің дара тұлғасы, әрекеттің мазмұнына, сипатына көзқарасы және өзіндік ерік-жігерін оқу-танымдық мақсаттарға қол жеткізуге жұмылдыруға ұмтылушылдығы байқалуға тиіс. Қаралып отырған заңдылықтан танымдық белсенділік пен танымдық ізденімпаздық диалектикалық түрғыда өзара байланысты және оқу-танымдық үдерісте ажырағысыз деген қорытынды шығаруға болады. Мұндай жағдайда осы ұғымдардың өзара байланысының тетігі қандай деген сұрақ туады.
В.А. Крутецкий оны зерттей келе мынандай қорытынды жасайды [85,с. 76-77]:
- белсенді ойлау;
- өздігінен ойлау;
- шығармашылық ойлау.
В. И. Лозовая [121] өз еңбегінде жеке тұлғаның белсенділігін талдай және жүйелей келе, жеке тұлғаның мәні мен осы ұғымның әрекет ұғымына қатынасын ашуда түрлі көзқарастың орын алып отырғанын атап өтеді. Оларды қысқаша былай жіктеп өтуге болады:
- белсенділік тірі жүйелердің ерекше қасиеті ретіндегі жалпы категория болып қарастырылады. Әрекет әлеуметтік нысан үшін айрықша белсенділік ретінде көрініс табады;
- белсенділік және әрекет ұғымдарын теңестіреді;
- белсенділік әрекеттің сапалық сипаттамасы деген анықтама береді;
- белсенділік дегеніміз жеке адамның сипаты, оның қасиеті.
Ал Т. И. Шамова «танымдық ізденімпаздық» пен «танымдық белсенділік» ұғымдарының арасындағы қатынасқа талдау жасамайды. Оның үстіне Т.И. Шамова түжырымдаған танымдық ізденімпаздық деңгейлері әрекет тәсілдерін, әдістерді өзінің машығына айналдыру екенін, мұның өзі танымдық ізденімпаздықты әрекетке жатқызатынын дәлелдейтінін байқау қиын емес [116,с. 68-69].
Аталған пайымнан В. И. Лозоваяның еңбегіндегі «білімді жігерлі түрде игеру» деген нені білдіреді деген заңды сүрақ туады. Бұл -субъективті таным, біздің еңбегімізде түркілік, шығыстық философия сарынын алгоритмге салған уақытта, «Тән», «Жан», «Рух» деген ұғымдар сүрыпталады. Міне, дидактиканың философиялық мәнінің өзі осы рухтың ең жоғары дәрежесі білім мен ғылым жию белсенділігі (ерік - жігер) мен танымынан (когнитив) тұратындығы, оның парадигмасы белгілі ғылым негізінен екені ескерілді. Т. И. Шамованың теориялық түжырымының В.И. Лозоваядан айқын болуының сыры осында. Әр студенттің танымын, белсенділігін оқытушы толық межелеп отыруы мүмкін емес. Бірақ, деңгейлік сапаларды айқындайтын модульдеп, программалап оқытудың рейтингісін жүзеге асырса, бес балды жүйені процентке шағып, меңгеру деңгейін анықтауға бетбүрыс болатыны сөзсіз [121].
Н. В. Бочкина [122] жеке тұлғаның ізденімпаздығын жүйе ретінде қарастырады. Оның тұжырымдамасын және тұлғаның білімін басшылыкқа ала отырып, тыңдарманның қарым-қатынас аймағы тұрғысынан, тіршілік әрекетінің белгілі бір саласы сапасынан алғанда, өздігінше ие болады дегенді баса айтады. Таңдау әрекеті мен оны іске асыру тәсілдері жеке тұлға ізденімпаздығының «көрсеткіштері» болып табылады. Таңдау – объективті және субъективті жағдайлардың күрделі диалектикасы, білім игеруші өзін субъект ретінде әрекет ететін сыртқы ортамен өзара әсер ету қызметі ретінде қаралады. Бұл еңбекте өздігінен жұмыстың әрбір кіші компоненттерінің орындалым заңдылығы берілмеген.
Қорытындыласақ, парасатты ойлау әрекетке өздігінен икемделудің сапалық көрінісімен; уәжді және ізденімпаздық қылықтың студентке тән арнаулы нысандары мен тәсілдерін синтездеумен; өмір шындығын белгілі бір жақтарына студенттің түрақты мінез-қүлықта тиянақталған қатынасымен ішкі бағамының сипатталатын жүйелі білім мен ғылым негіздерін игеру ретінде қарастырылады. Келтірілген талдаудан белсенділік пен ізденімпаздық үқсас категориялар емес, сонымен бірге бұл ұғымдардың ортақ белгілері де бар (өздігінен әрекетке үмтылушылық және т.б.), ал ізденімпаздық белсенділік белгілерінен тұрады.
Танымдық қажетсіну белсенділік пен ізденімпаздықты дамытудың қайнар көзі болып табылады, ал танымдық қажетсінудін мынандай сипаттамалары бар:
- танымдык қажетсіну – жаңа ақпаратты қажетсіну;
- жаңа ақпарат адамның бағыты мен мамандығына көмекші ретінде қызмет атқарады;
- жаңа ақпарат белгілі заңдылықтар мен қағидалар жүйесіне негізделген;
- танымдық қажетсінуге деген «тойымсыздық»;
- танымдық қажетсіну белгілі бір өмірдегі кездейсоқ нақты жағдайларға бейімделу міндеттеріне тәуелсіз және ең алдымен, таным үдерісінің өзіне бағытталған;
- қажетсіз сезімталдықпен тығыз байланысты. Ж. Аймауытовтың («соқыр сезімдері» мен «саңылау сезімдері» арқылы берілген);
- психологиялық зерттеулерде танымдық қажетсінудің даму деңгейлері (рейтингісіз мониторинг құру) нық айқындалмай келеді. Бұл – үлкен проблема. Жобамен бағалау орын алып отыр;
- уәждер, мүдделер, сенім, ұмтылушылық қажетсінуді қанағаттандыру сапасы мен өлшемділігінің бір мәмілеге келген теориялық негізі әлі де болсын жетімсіз. Десек те, бүгінгі бағалаудың қорытындысымен бағамдасақ, студенттерде оқуға деген ынтаның қожырағандығын, өзінің қабілетіне сенімсіздіктің (Шәкәрімнің «Иманы – сенімі» осы сәтте керек), пайда болғанын, өз күштеріне сенуден айырылғанын жиі аңғаруға тура келіп жүр. Әсіресе, бұл құбылыстар - жоғары оқу орнының II–III курстарында оқитын студенттерге тән [7,с. 126-128].
- таным, сезім - білім алу үдерісінің нәтижесі.
Мұнда әр студент сол нысананың жүйесін, оқыту үдерісінің біртұтастық деңгейінде қабылдауға ыңғайлап, оған ең ұтымды әдіс-амалдарын пайдаланып, тұрақтылық пен шыдам көрсетуге ынталануы көзделеді. Алайда, танымдық ізденімпаздықтың мүндай түсініктемесін негіздеу үшін жеке тұлғаның білімін талдау көзделеді.
Жеке тұлғаның бітімі – танымдық ізденімпаздығы тұжырымдамасын құрастырудың негізі. Танымдық ізденімпаздықты барлық зерттеушілер жеке тұлғаның қасиеті ретінде қарастырады.
В.С. Леднев [123] жеке тұлға деген ұғым жөніндегі көзқарастардағы ортақ жәйттерді және олардағы айырмашылықты бөліп көрсетеді. Ортақ жәйттерді мынандай принциптермен сипаттайды:
- жеке тұлға - «адам» деген ұғымға қарағанда, аясы тарлау ұғым;
- адам жеке тұлға болып тумайды, бірақ жеке тұлғаға айналады. Жеке тұлғаның қалыптасу процесі – филогенезде де, онтогенезде де әлеуметтік процесс;
- жеке тұлға – сананың иесі ретіндегі, еңбек етуге және танымдық әрекетке қабілетті тіршілік иесі ретіндегі адам.
ТМД елдері ғалымдарының тұжырымдары мен қазақ халқының зиялы, данышпандарының айтып кеткен философиялық түйіндері үндеседі. Мәселен, А. Құнанбайұлы «Адам деген даңқым бар» деген [4,с. 54-56].
В.С. Ледневтің тұлға жайлы дүниетанымындағы «жеке тұлға» деген ұғым «адам» деген ұғымнан төмен дегенін қолдай отырып, «адамға» жету үшін Абай Құнанбайұлы 3 кезеңнен өткенін дәлелдеген. Мәселен, Сәби – хайуандық деңгей, 3–4 жас – ессіз, 5–6 жас – жарымес, 13–тен кейін – адам [123,с. 43-44].
Бұл таза философиялық үдеріске қатысты айтылған. Ал ойлау, таным, ізденімпаздық белсенділік деңгейліктеріне байланысты айтылған түжырымдар:
- хайуандық деңгей;
- ессіз деңгей;
- жарым есті деңгей;
- адами деңгей;
- қалыптанған адами деңгейі;
- толық адам деңгейі;
- кемелді адам деңгейі.
Бұл тұжырымды мектеп мұғалімдеріне арналып жарық көрген оқу құралынан кездестіресіз.
Ойлау өнерінің тұжырымдарын сұрыптап беру үдерісінде адамның танымы мен сезімінің деңгейліктері барлық авторларда, қазақтың даналарында әр қырынан зерделенгеннің мәні айкындалып беріледі. Ендігі мәселе осындай тұжырымдарды басқа жүрттың зерттеушілерінде кездесетінін байқап қана қоймай, оның теориялық негіздерін оқыту үдерісіне пайдалану мақсатын ұстандык.
«Адам» деген философиялык мәнде қолданылса, «жеке тұлға» қоғамдық тіршіліктің сомдаған субъектісі екенін түсінгеніміз жөн. Бұл ойды дамытатын Нойнер:
- «организм-қоршаған орта» қатынасы адам және табиғат арасындағы қатынастар деңгейінде;
- «субъект – объект» катынасы адам мен адамның практикалық және теориялық қызметінің объектілендірілген заттары арасындағы катынас деңгейінде;
- «жеке тұлға – қоғам» қатынасы түрлі әлеуметтік топтар жанама қатынастарға айналдырған адам мен қоғам арасындағы қатынастар деңгейінде деп жіктеген.
В. С. Леднев түрлі авторлардың жеке тұлға бітімінің үлгілерін қорытындылай отырып, оның ерекше үш бөлігіне тоқталады [123,с. 52-53]:
- жеке тұлғанын тәжірибесі;
- психика тетіктері (Ж. Аймауытов);
- жеке тұлғаның типологиялық қасиеттері.
Бірінші бөлік екі топтан тұрады:
- білім, ғылым, білік, дағды, машық;
- бағыттаушылық, таным, бағам, парасат, еңбек, қарым-қатынас, эстетикалық сапалар, дене, жан, рух тәрбиесі.
Көзге көріне бермейтін жеке Тұлғаның бітімін М.С. Каган [124] бес әулетпен сипаттайды (эзотерикаға жуық), олар:
- гносеологиялык әулет;
- аксиологиялық әулет;
- шығармашылық әулет;
- қарым-қатынас әулеті;
- көркемдік әулет.
Психика тетіктері (Ж. Аймауытовша саңылау сезімдері) қабылдаудан, ойлаудан және сөйлеуден, зердеден, психикалық қозғалыстан, басқарудың кіші жүйесінен («мен») құралады. Мінез, дағды, білік, ғылыми ойлауды дамыту онтогенетикалық ерекшеліктері жеке тұлға бітімінің үшінші бөлігін қүрайды. Жеке тұлғаның бітіміне өзін-өзі иемденудің («менді») оның бөліктері ретінде қосу жеке тұлғаның ізденімпаздығы тұрғысынан маңызды [7,с. 134-136].
К. К. Платонов, В. С. Леднев, М. С. Каган қорытындылаған жеке адамның білімі жөніндегі түжырымдарды жинақтай келе төмендегілерді жіктейміз:
- жеке тұлға бітімінің компоненттері тіпті де тең қүқықты емес. Мәселен, психикалық тетіктер, білік кез-келген әрекеттің негізі болып табылады. Психика тетіктерінен тыс әрекет жоқ. Психика тетіктері үшінші бөлікке қатысу емес, ал үшінші бөлікке мінез, темперамент, дағды мен білік жатады.
В. С. Ледневтің тұжырымдамасынан бұрын мына қағидаға назар аударамыз:
- жеке тұлға жөніндегі тұжырымдамалардың авторлары жеке тұлғаның әлеуметтік мәнін бірінші орынға қояды. «Жеке тұлға адамның «әлеуметтік келбеті», онтогенез барысында жеке адамды әлеуметтендірудің желісі». Сондықтан «жеке тұлға» ұғымы «қоғам» ұғымында диалектикалық үндестігін табады [123,с. 58-59].
Бір қатар еңбектерде жеке тұлға ұғымының мазмұны оның жоғарыда қаралған бітім компоненттерінің бірі арқылы ашылады. Мәселен, А. Н. Леонтьев жеке тұлғаны оның табиғаты жөнінен дүниеге қоғамдық қатынастарының, бірақ әрекетпен немесе сан алуан әрекеттер жиынтығымен іске асырылатын қатынастарының жиынтығы ретінде қабылдаған. Бұл арада, – деп атап көрсетеді автор, – әрекеттер, операциялар, психологиялық талдау жасаудың (Ж.Аймауытовтың психологиясын талдағанда бұл пайымды кездестірдік) басшылыққа алынатын өлшемдіктері болып табылатын әрекеттері айқындалып отыр; соңғылары тікелей жеке тұлғаны емес, әрекетті сипаттайды.
Бұл ой Ж. Аймауытов еңбегінде «жұлма жад» және «философиялық жад» екеуін қосқанда, адамның «ой сандығы» шығады дей отырып, «ой сандығына» жау соқыр сезімдер деген пайым дамиды. Міне, Леонтьевтің тұжырымдамасынан да осыны табамыз [15,с. 46-47].
Кейінгі жылдары ойлау ұғымын түсіндіруде басқа дүниетаным байқалып отыр. М. М. Бахтиннің [125] еңбектерінен кейін ойлау – мәдениет бейнелерінің диалогы ретінде, түрлі мәдениеттердің тең құқықты қарым-қатынасы ретінде адамдар қарым-қатынасының нысаны ретінде көрініс табуда. М. М. Бахтин былай деп жазады: «Ақиқат жеке адамның басында тумайды және онда болмайды, диалогтық қарым-қатынасы барысында ақиқатты бірге іздесіп жүрген адамдардың арасында туады». Көп мәдениеттің диалогтық жағдайында ой елегінен өткізілген әрбір қылық әр адамның ізденімпаздығы мен ойлану белсенділігін талап етеді.
Бұдан мынадай қорытынды туады: танымдық ізденімпаздықтың сипаттамасында танымдық әрекетте жүзеге асырылатын қатынастар маңызды орын алатын болғандықтан, танымдық ізденімпаздықты қалыптастырып дамыту шарттары мен құралдарын анықтау үшін қазақ әдебиеті, не гуманитарлы багыттағы оқытушының әдіснамалық технологиясын даярлау жүйесінде танымдық ізденімпаздықтың жұмыс істеуін арнайы қарау көзделеді, бұл жүйенің кіші бөліктері біртұтас танымдық ізденімпаздықты құрайтынын есте үстаған абзал. Анықтап айтсақ, ол былай болып келеді:
- әрекет – студенттің ішкі және сыртқы, оқытушының ішкі және сыртқы;
- мақсат – студенттің ішкі және сыртқы, оқытушының ішкі және сыртқы;
- мазмұн – студенттің ішкі және сыртқы, оқытушының ішкі және сыртқы;
- әдіс-құрал, амал-тәсіл студенттің ішкі және сыртқы, оқытушының ішкі және сыртқы;
- өрлеу динамикасы – студенттің ішкі және сыртқы, оқытушының ішкі және сыртқы;
- толғаныс рефлексия – студенттің ішкі және сыртқы, оқытушының ішкі және сыртқы әрекеті.
Танымдық парасатты ойлау – әрекет біртұтас жүйе. Ойлау әрекеті белгілі дидактикалық нысан мен пәннің ішкі мақсат - мазмұнына бағынышты.
Танымдык ізденімпаздықтың шарықтау шегі ойлау, пайымдау, бағамдау, парасаттау, түжырым жасау т.б. күрделі іс-әрекетке жетеді.
Уәждік (танып ізден) компоненті. Ол туындаған қажетсіну мен оны өз күшімен қанағаттандыру мүмкіндігі арасындағы қарама-қарсылықты түсіну негізінде пайда болатын әрекетке үмтылушылықпен сипатталады. Уәждік бөлікке парыз бен мүдде уәждері жатады.
Танымдық қажетсіну – белгілі бір зандылықтары бар ерекше қажетсіну екенін ескереміз. Олардың ең бастылары:
- ынтызарлық, яғни таным нәтижесіне толық қанағаттанудың қағидалық түрде мүмкін еместігі;
- әрекеттестік, яғни танымның нәтижесінде емес, ең алдымен, үдерісіне бағдарлаушылық;
- жақсы сезіммен (А .Қ. «Имани гүл»), яғни қуаныш, қызығу сезіммен тығыз байланыс [4,с.113-115 ].
Танымдық қажетсіну сәби дүниеге келген күннен бастап пайда болып, біртіндеп күрделеніп, қағидалық түрде өзгеріп отырады, осыған орай студенттердің уәждік әрекет үдерісі әр түрлі. Осы компоненттен деңгейліқтер шығады. Студенттер үшін нысаналы танымдық қажетсінудің жетекші деңгейі болып табылады.
Оқу үдерісінде көзқарасты, дүниетанымды сақтау үшін зерттеудің түрлі технологиялары пайдаланылады. Олар: дәріс және семинар-тәжірибелік, зертханалық жұмысқа қатысу мен рейтинг (модульдің ықтимал жауаптарын алдын-ала оқытушы үлгілеп алады) бағамын мониторинг матрицасына модельдеу, анкеталық сауалнамалар, студенттермен жеке жұмыс, немесе топ-тобымен сүхбаттасу, студенттермен, кітапхана қызметкерлерімен эмпирикалық диалог өткізу. Алынған деректердің қорытындысында студенттердің көпшілігінде (92 пайыз) өздерінің оқу міндеттері туралы түсінік бар екенін дәлелдейді. Әдетте университеттің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқып жүргендерінің басымы сол пәндерге деген қызығушылығы жетелегенін айтады; оқу қызметінде біліктілігі жоғары маман болуға ұмтылушылықты мақсат тұтады, 70 пайызы – мұғалім болғысы келеді. Студенттердің тек 55 пайызы ғана дәріске үзбей қатысатыны, ал 52 пайызы тәжірибешілік сабақтарға дайыңдалатыны (өз мәнінде), 43 проценті күн сайын ізденімпаздық жұмыспен шұғылданатыны анықталды. Аталған деректер студенттердің танымдық қызығушылығын қалыптастыру қажеттілігін дәлелдейді. Бұндай уәждік бөлікте ең басты әрекет – зейін мен абстрактілі, суггестивті, ассоциативті ойлау тұжырымы. Дәстүрлі, таптаурын болған әдістерден гөрі ойлау өнерін іс-әрекетте көбірек пайдалану – танымдық қызығушылықты қалыптастыруға қозғаушы күш.
Студенттерді кәсіпке ертерек бейімдеу, «кәсіптік уәжді» дамытудың қуатты түрткісі болып табылады. Бұл орайда, біздер Матюшкиннің оқу барысында студенттердің ақыл-парасаты мен ерік күшінің жоғары деңгейде болуын айқындайтын тұжырымын ескердік.
Мұндай уәж оқу үлгерімін ғана емес, кәсіпкерліктің шығармашыл деңгейін қамтамасыз етеді. Ал танымдық ізденімпаздық осындай тұлғаның ажырағысыз сапасы болып табылады.
III курстардан бастап оқу-тәрбие үдерісінің кәсіптік бағытталуын іске асыру мақсатында оқуды бастаған студенттер тап болатын қарама-қайшылықты (кәсіпке тезірек араласу ықыласы мен іргелі пәндерді төзімділікпен оқып үйрену қажеттілігі арасындағы қарама-қайшылықты) шешу үшін қажет. Кәсіпті игеру үшін негіз жасайтын мазмұнды анықтауды басты бағыт деп есептеуге болады. Университет жағдайында мүғалім кәсібіне бағдарлау төменгі курстарда оқытылатын іргелі гылымдардың негіздік мазмұнын және мүғалімнің практикалық қызметіне даярлануға тікелей жәрдемдесетін жұмыстың технологиялары мен дидактикалық нысандарын іріктеу арқылы іске асады.
Психология мен педагогика оқыту уәжінің, ең алдымен, студенттердің емес, оқушылардың оқыту уәжінің проблемасы терең зерттелген. Зерттеушілерді атап өткен орынды. Олар: А. Д. Алферов [126], Ю. К. Бабанский [111,с. 76], Л. И. Божович [127], П. Я. Гальперин [14,с. 58], В. В. Давыдов [64,с. 47], А. Н. Леонтьев [15,с. 62], С.Л. Рубинштейн [12,с. 83] және т.б. Аталған зарттеушілердің көпшілігі оқыту уәжінің негізгі екі тобын белгілі бір түрде бөліп көрсетеді, олар: оқу-танымдық, әрекет аясынан тыс жатқан және танымдық уәждер. А.К. Маркова [128] өзінің зерттеу еңбегінде А. Н. Леонтьевтің әрекет теориясын негізге алып, уәж бөлігі әрекет құрылымының ішкі сипаттамасы ретінде талданады. Танымдық уәж деңгейліктері әзірленді:
- жаңа білімдерді игеруге бағытталумен сипатталатын аукымды оқу уәжі;
- білімге қол жеткізу тәсілдерін игеруге бағытталумен сипатталатын оқу-танымдық уәжі;
- білімге қол жеткізу тәсілдерін үдайы үздіксіз дамытуға бағыталумен ерекшеленетін өздігінен білім алу уәжі [15,с. 75].
Мазмұнды-операциялық бөлік, Студенттердің танымдық парасатты ойлау өнерінің екінші бөлігінде жетекші білімдердің және оқу-танымдық қызмет тәсілдерінің жүйесі қамтылады. Бұл тәсілдер жаңа білімдер мен әрекет тәсілдерін өздігінен игеру біліктілігін айқындайды. Бөліктердің ерекшелігін айқындау үшін олардың жоғары оқу орны студенттері білімдерінің және олардың оқу-танымдық қызмет тәсілдері жүйесінің ерекшеліктерін анықтау қажет. С. И. Архангельский жоғары білімнің мазмұнында үш компонент бар деп есептейді:
- ғылымның қазіргі жай-күйі;
- даму үстіндегі ғылым мен техниканың жаңа мазмұнын айқындауы;
- ғылым мен техниканың болжалды дамуы [17,с. 39].
Бірінші бөліктің ғылымда түжырымдалған және практикада қабылданған нәрседен құралатыны:
- төменгі курстарда оқылатын іргелі ғылымдардың мазмұнынан тұратыны.
Жоғары курстарда екінші бөліктің және біраз дәрежеде үшінші бөліктің рөлі арта түседі. Сөйтіп, студенттің жетекші білімдерінің жүйесіне жоғары оқу орнында ғылыми-техникалық, даярлаудың негізін құрайтын іргелі ғылымдардан алған білімдер және ғылым мен практикада тексеруден өткен жаңа білімдер - даму үстіндегі ғылым мен техниканың желісі кіреді,
Жетекші білімдер жүйесінің игерілуін сипаттайтын мынандай деңгейліктерді бөліп алуға мүмкіндік береді:
- теориялық білімдерді олардың жаңғыртылу деңгейінде игеру;
- білімдерді белгілі алгоритмге сәйкес қолданылуы деңгейінде игеру;
- жоғары кезеңдерде шығармашылық қызметке ұласатын оқу-танымдық қызметтің өзгеріп отыратын жағдайында білімдерді қолдана білу біліктілігі деңгейінде игеру.
Студенттердің жетекші білімдері жүйесінің негізінде танымдық ізденімпаздықтың операциялық жақтары қалыптасады. Біліктер үш топқа бөлінеді, олар:
- ақыл-парасат;
- оқу еңбегі;
- пәндік бөліктер.
Осы біліктерді меңгерудің белгілі бір деңгейі танымдағы ізденімпаздықтың ілгері басуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұған қосарымыз:
- ғылыми еңбек.
Сол секілді оқыту тәсілдерін талдағанда, әрбір зерттеуші ақыл-парасат білігі тобын ажыратуға түрліше қарайды. Мәселен, Ю. К. Бабанский оқу-парасаттылықтар тобына өзінің әрекет уәждеу, ақпаратын зейін сала қабылдау, тиімді жолды табу, оқу материалын ой елегінен өткізу, ондағы басты мәселені бөліп алу, проблемалық танымдық міндеттерді шешу, жаттығуларды өздігінен орындау, өзін-өзі бақылай білу біліктерін жатқызады. Ақыл-парасат білігінің шеңберін ақыл деп алады [111,с. 57-58].
Студенттердің ең басты нәрсені ажырата білу біліктілігі студент жасының ерекшелігімен және жоғары оқу орнындағы оқу-танымдық қызметінің ерекшеліктерімен айқындалады, ал студенттің жас ерекшелігіне, Б. Г. Ананьев көрсеткендей, ақыл-парасаттың және арнаулы қабілеттерінің қарқынды дамуы тән. Бұл барлық ғылым негіздерінен алған ғылыми - біліми қордың жиыла беру қарқынын тездетеді [74,с. 33-34].
Ең басты нәрсені ажырата білу біліктілігінің қалыптасуы операциялық жақтың дамуының негізгі көрсеткіші болып табылады.
Танымдық ізденімпаздықтың операциялық жағының қалыптасуы деңгейінің мынандай сипаттамасын жіктеуе болады:
Бірінші деңгей. Студент хабардың басты мүратын ашпайтын қосалқы сипаттағы суреттеме ақпаратты қабылдап, жаңғыртады. (Ж. Аймауытовша «Жұлма жад», бүгінгі ұғымша «Қайталаным»). Басты нәрсені ажырата алмайды. Сондықтан оның мақсатын қоймайды. Жоспарлау алға қойылған мақсатқа қатыссыз жүзеге асырылады; өзін-өзі бақылауға әрқашан жүгіне бермейді.
Екінші деңгей. Студент хабардың жалпы мазмұнын қабылдайды, оны толықтырушы және тәртіптеуші ережелері арқылы басты мұратын жаңғыртады. Алдағы оқу-танымдық қызметте негізгі нәрсені ажыратады және осы негізде мақсат қояды, бірақ оны міндеттерде нақтылмайды. Мұның өзі жасалатын жоспардың толық еместігінен көрінеді; өзін-өзі бақылау кезінде бұл мақсатты ескереді, дегенмен әрқашан да бірдей дәйекті емес, өзін-өзі бақылау нысандарын алуан түрлі етуге талпынады, бірақ оқытылатын материалдардың ерекшелігін әрқашан да бірдей ескере бермейді.
Үшінші деңгей. Студент хабардың ең басты идеясын қабылдап, жаңғыртады. Алдағы оқу-танымдық қызметтегі ең басты нәрсені айқын ажыратады және осыған сәйкес оның мақсатын қояды. Мақсаттар мен міндеттерін ескере отырып, жұмыстың толық жоспарын жасайды. Жұмыстың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес өзін-өзі бақылайды [7,с. 52-54].
Ырықтану компоненті. Егер жеке тұлға белгілі бір ерік күшін жүмсамаса, білімді және әрекет тәсілдерін игеруге талпынғанымен, білімдердің белгілі біртұтас жүйесін меңгере алмайды.
Сондықтан еріктік компонент танымдық ізденімпаздықтың ажырамас бір бөлігі болып табылады.
В.И. Селиванов [129]: «... атқарудағы қиындықтарды жеңе білу біліктілігі – жеке тұлғаның еркінің дамуын бағалайтын негізгі өлшем», – деп қараған. Еріктілік компонент - сезімге байланысты категория. Студенттердің оқу-танымдық қызметінде айқынырақ көрініс табатын көрсеткіш ретінде дәрістер мен семинар-тәжірибелік сабақтарда жұмыстың ынталы жүргізілуін, жұмыстағы біртұтастық жүйелілікті (семестр бойына), танымдық қызметтің барлық түрлерін аяқтауға ұмтылушылык ұсынылады. Ерік күшінің қалыптасуы мынандай деңгейліктерге ажыратылады:
Бірінші деңгей. Студенттің таным барысындағы қиындықтарды жеңу жөніндегі ерік күші әлсіз көрініс табады; сабақтарда жиі маужырайды; жұмыстарын аяғына дейін жеткізуге табандылық жасамайды; алғашқы қиындық тап болған бойда-ақ жұмысты орындаудан бас тартады; ізденімпаздық жұмыста жүйелік көрсетпейді; тек семестрдің аяғында ғана қызу жұмыс істей бастайды.
Екінші деңгей. Студенттің ерік күші көп жағдайда көрініс табады; көптеген пәндер бойынша сабақтарда ынталы жұмыс істейді; жұмысты ақырына дейін жеткізуге ықыластанады, бірақ таным барысындағы елеулі қиындықтарға тап болғанда, тайқып шығады; семестр бойына жүйелі жұмыс істеуге бағыттайды; көбіне семестр аяғында жұмыс қыза түседі.
Үшінші деңгей. Студенттің ерік күші оқу – танымдық қызметінің барлық түрлерінде көрініс табады – барлық пәндер бойынша сабақтарда бүкіл уақыт бойына қызу жұмыс істейді; кез-келген оқу жұмысын әрқашан да ақырына дейін жеткізеді: семестр бойына жүйелі жұмыс істейді. Н. А. Половникова [130] танымдық міндеттерді шешу кезінде жасайтын қорытындының жинақтаушылык дәрежесі ретіндегі өлшем бойынша танымдық ізденімпаздықтың үш деңгейін жіктейді:
- көшіруші;
- жанғыртушы-шығармашылық деңгей;
- құрастырушылық-шығармашылық деңгейлер.
Қорыта айтсақ, оқу мақсатын танымдық ізденімпаздықтың көшіруші, ішінара іздестіруші және зерттеуші деңгейлеріне ажырату үшін негіз деп есептейді. Студенттердің оқу барысындағы көшірушілік және шығармашылық кызметінің табиғи бірлігі жүзеге асырылуы көзделеді.
Студенттерді кәсіпке ертерек бейімдеу, «кәсіптік уәжді» дамытудың қуатты түрткісі болып табылады. Бұл орайда, біздер Матюшкиннің оқу барысында студенттердің ақыл-парасаты мен ерік күшінің жоғары деңгейде болуын айқындайтын тұжырымын ескердік.
Медведев, Фоменко студенттердің танымдық қызығушылығын дамытуға дәрістер мен практикалық сабақтарда жоғары оқу орындарындағы мазмұнның студенттердің мектептегі түсініктеріне сай келмеуін пайдалану жөніндегі ақыл-кеңестерімен жәрдемдеседі.
Байқампаздық, филогендік парасат бағам жиюға бағыт жасау басымдықты болуы көзделеді. Бұл – білім мен ғылымның толықтығы мен ауқымдылығын қатарынан игеруге қозғаушы күш, негізгі тірек көздері. Студенттерге болашақ педагогтың тұлғалық келбетін, бітімдік компоненттері көрсетілген түрді профессиограммалар әзірлеудің қажеттігі көрсетіледі. К. К. Платоновтың [131] әдіснамасы бойынша әзірленген технологиялық карта.
Жеке тұлғаның жалпы педагогикалық сапалары:
- жеке тұлғаның дамуына мирасқорлықтың, ортаның, тәрбиенің және түлектің өзінің белсенділігінің рөліне ғылыми-педагогикалық көзқарастардың дүрыстығы;
- жеке тұлғаның кемелденуінің себептері мен қозғаушы күштерін түсінуі;
- жеке тұлғаның кәсіптік бағытталуының жай-күйі;
- жеке тұлғаның әлеуметтік және кәсіптік тұрғыдан неғұрлым мәнді қасиеттері:
а) мұраттылық пен азаматтылық;
ә) балаға деген сүйіспеншілік;
б) өзінің кәсібіне деген сүйіспеншілік;
в) ізгіліктілік және ізгі ниеттілік;
г) жұғымдылық. (Ж. Баласағұнның 4 құбылаға берген сипаты - ізгіліктің нұры) [2,с. 75-77].
Кәсіптік сапалар:
- мамандық бойынша теориялық және әдіснамалық бағыттаушылық;
- психологиялық-педагогикалық, теориялық және практикалық дайындық;
- педагогикалық ғылыми біліктіліктердің:
а) танымдық;
ә) құрастырушылық;
б) қарым-қатынас;
в) ақпараттық;
г) ұйымдастырушылық бірлестіктерінің дамығандығы.
Дара психологиялық сапалар:
- психологиялық (этно, жалпы) үдерістерінің педагогикалық бағытталуы;
- педагогикалық ойлаудың, қиял мен естің дамығандығы;
- әсерлі ықпалдастық;
- еріктің дамығандығы;
- темперамент мәдениеті.
Гуманитарлық бағыттағы оқытушылардың болашақ мүғалім-ұстаздарды тәрбиелеуде олардың қажетсіну – уәждік аясын, өрісін (поле) дамыту, олардың қабылдау әдістерін (перцептив) және түйістендіру (апперсепсе) шеберлігін шыңдау, ізгілікті мұраттары мен сенімдерін орнықтыру. Оқыту үдерісі диагностикасының негізгі объектілері – кәсіптік сапалар (ұстаздың қажетті біліктілігі):
а) болашақ ұстаздың диагностикалық іскерлігі: оның ғылыми-біліктілік, тезаурус қорын жинақтай аларлық дағды - машықтарының сапасына өлшемдік қүра білу, болашақ оқушыларының қабылдау деңгейліктерін болжай алу; олардың даралық сипатын ескере білу;
ә) болашақ ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеттері: болашақ оқушылардың танымдық қызметін оқу материалы олардың белсенді әрекет жасайтын нәрселеріне айналатындай етіп ұйымдастыру;
б) оқыту өрістері мен технологияларын ұтымды пайдаланып, нәтижеге шыға алатын деңгейде өткізу;
в) оқу пәндерінің тәрбиелік қуаты: мазмұнды, ұтымды пайдалану, болашақ оқытушылардың психикалық жағынан дамуын басқару үшін. олардың бойында өзіне және өзгеге талап қоюшылықты дамыту үшін оқыту құралдары мен технологияларын жүмылдыру;
г) танымдық бағдарланушылық негіздерін жасау, әрбір болашақ оқушы нені және қалай оқып-үйрену керек екенін, нені және қайдан іздеу керек, қандай ақпарат алу керек екенін, оны қайда қолдану және қандай көрсеткіштер бойынша пайдалану керек екенін біледі;
ғ) сабақтағы болу керек адамгершілік-психологиялық ахуал, болашақ ұстаз бен болашақ оқушының бір-бірімен қатынасының стилі және сөйлеу мәнері;
д) болашақ оқушылардың сабақтағы белсенді ұстанымы, ізденімпаздығы, белсенділігі, ізгі ниетпен қарауы, оқылатын материалдың игерілу сапасы туралы дүрыс пайымдай білу біліктілігі мен қабілеті (өздігінен талдау жасау, өздігінен бағалау);
е) ғылымның жетекші мүраттарын, терминологияны, ұғымдық аппаратты ұғыну.
Болашақ ұстаздар, бүгінгі студенттерді кәсіпкерлікке тәрбиелеу мақсатында Павлодар қаласының Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының әдіснамалық өзекті мәселесін: «Гимназия мәртебесінде модернизациялау үдерісіндегі жеке ойлау мүмкіндігін диагностикалау» деп алынған. Міне, осындай жұмыстың ұйымдасуы үшін Павлодар қаласының С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің тығыз байланыстағы қызмет құрылымын былай жіктедік:
- мақсаткерлік функциялар (білік меңгеру, кемелдендіріп толықтыру және ізгілікке ынталандыру);
- оперативті – құрылымдық функциялар шығармашылық-құрастырушылық, ұйымдастырушылық, қарым-қатынастық;
- уәждік өздігінен білім алуға өзін мойын ұсындыру) функциялары;
- бақылау-түзету функциялары (шығармашылық зерттеушілік және бағалаушылық).
Студенттердің ұстаз болу бағытындағы меңгеретін педагогикалық қызметтің түрлі функцияларын орындай білу біліктілігі мен қабілеті:
- оқушыларды мемлекеттік стандарт негізінде біліммен қаруландыру;
- оқушылардың бойында әдебиет пен тіл және басқа гуманитарлық пәндерде кездесетін теорияны тәжірибе сабақтарында қолдана білу біліктілігін дамыту;
- оқушылардың қабылдау (перцептивті) және түйістеу (апперсепсе) әдістерін дамыту;
- сабаққа өздігінен даярлықты ұтымды ұйымдастыру;
- гуманитарлық пәндерді мектептің мәртебесіне қарай ыңғайланған курсын меңгерту;
- гуманитарлық пәндерден кез-келген материалды «жұлма жад» пен философиялық жад» (Ж. Аймауытов) «ой сандығынан» бернелеп алу» [7,с. 58-60];
- оқушылардың сабақ үстіндегі жеке және жүптық, серіппелі, толық, ұжымдық жұмыстарын ұйымдастыру;
- көрнекі құралдар, дидактикалық материалдар, техникалық жабдықтарды сабақтың, оқушылардың мүмкіндігіне қарай екі жақты ұтымды пайдалану;
- шәкірттің орта, жоғары мектеп басқыштарына қарай шығармашылық жұмысын ұйымдастыру;
- тәжірибелік мәні бар жаттығуларды таңдап алу және оларды гуманитарлық сарында грамматикалық сапада талдау:
а) сабақ барысында;
ә) гуманитарлық пәндер бойынша сыныптан тыс жұмыс жүргізгенде;
б) шәкірттермен жеке сұхбаттасқанда;
в) ата-аналармен жұмыс жүргізгенде;
- кәсіпке бағдарлау, ыңғайлау жұмысын жүргізу;
- сынып жетекшісінің жұмысын жүргізу;
- іскерлік байланыстар орнату:
а) оқушылармен;
ә) ата-аналармен;
б) әріптестермен;
- туындаған жағдайды дұрыс бағалап, шешім қабылдау:
а) сабақта;
ә) сабақтан тыс жұмыста;
б) ата-аналармен жұымыс істеу кезінде;
- зерттеу жұмысын жүргізу:
а) психологиялық-педагогикалық сипаттаманы салыстыру мақсатымен жекелеген оқушыларды және бүкіл сыныпты зерттеу кезінде:
ә) тәрбие жұмысын жүргізгенде;
б) гуманитарлық пәндер бойынша;
в) гуманитарлық пәндерден сабақ беру әдіснамасы бойынша.
- өзінің білімін үздіксіз толықтырып, жаңғыртып отыру. Күрделі құрамды теориялық ұғымдар мен әрекеттерге ерекше назар аудару қарастырылады;
- ережелер, заңдылықтар, қағидалар, теоремалар шарттары мен қорытындысын бөліп көрсету, шартты тұрғыда талдау, оны бөліктерге жіктеу, қайта модульге түсіру.
Сонымен, кәсіпқойлық танымдық ізденімпаздық жеке тұлғаның интегралды қасиеті болып табылады, ол таным, ерік және сезім үдерістерінің, ізденімпаздық мінез-қүлық уәжі мен тәсілдерінің, қажетсінудің және өмір шындығының түрлі жақтарына, атап айтқанда, өзінің кәсібіне көзқарасының бірлігінде дамиды. Кәсіпқойлық танымдық ізденімпаздықты қалыптастыру шарттары мен құралдарын әзірлеу студенттердің танымдық ізденімпаздығын дамыту үдерісін талдау өлшемін бөліп көрсетуді көздейді.
Қорыта келгенде, жоғары оқу орнында студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастыру үдерісінің деңгейліктерін анықтауда біздер бұл мәселеге қатысты зерттеушілердің еңбектерін талдап өттік. Біздер ұсынылған деңгейліктерді ескеріп, әр студенттің жеке мүмкіндіктерін тек үш деңгей, немесе алты деңгейге шақтау өрісінде құрылған тұжырымдарға құлақ сала отырып, оның бір жақты пікірлер екенін байқадық. Сондықтан біздер «әр студент жеке мүмкіндік иесі» деген түйінге көз жеткіздік.
Достарыңызбен бөлісу: |