Саясаттың функциялары
Саясаттың функциялары
Қоғамның тұтас-тығы мен тұрақты-лығын қамтамасыз ету
Басқару және реттеу
Саяси әлеметтендіру
Ортақ іс-әрекеттке жұмылдыру және тиімділікті қамтамасыз ету
Рационализациялау
Басқарудың қажеттілігі, адамдардың бірлесіп еңбек етуінің нәтижесінде пайда болатын қоғамның өзіндік табиғатынан туындап жатады.
Бірлесіп еңбек ету, белгілі бір дәрежедегі тәртіптің орнығуын және осыған сай қоғамның әлеуметтік ұйымдасуын тудырады. Осы тәртіп пен ұйымның шеңберінде қоғам мүшелері өздерінің мақсат-мұраттарына жету үшін, мүдделерін сәйкестендіріп отырады. Қоғамдық қатынастарды қарапайымдандыратын басқарушылық ықпалды қажет етушлік, адамдар арасында ортақ мақсатқа жету барысында өзара ықпалдастыққа қол жеткізумен, қанағаттандырылып отырады. Түптеп келгенде, басқару қоғамның ортақ мүддесіне қызмет етеді.
Саясаттың қоғамда атқаратын функциялары да алуан-түрлі (№ 2 кескінді қараңыз).
Саясаттың қоғамдық маңызы, атқаратын негізгі функциялары оның мәнінен, құрылымынан туындайды. Саясаттанушы ғалымдар бұл мәселеге әртүрлі қырынан келіп, саясаттың әртүрлі функцияларын алдыға тартады. Дегенмен , көптеген оқымыстылар мына төмендегі функцияларды негізгілер деп бағалайды:
күрделі дифференцияландырылған әлеуметтік жүйе ретіндегі қоғамның тұтастығын қолдау және нығайту, қоғамдық тәртіп пен ұйымдасушылықты қамтамасыз ету;
қоғам және оны құрайтын субъектілердің ортақ мақсаттарын қалыптастыру, оларды жарыққа шығару үшін халықты ұйымдастыру және ресурстарды жұмылдыру;
авторитарлық, құндылықтар мен игліктердің тапшылығын баршаға міндетті үлестіру;
топтық дау-жанжалдардың алдын алу және реттеу;
күрделі әлеуметтік субъектілерді құрастыру (коммуникациялық функциясы).
Бұл функциялардың мәні, саясаттың барлық субъектілерінің мүдделерін анықтау, барша субъектілердің өзара рөлдер мен саяси функцияларды үлесіп, бөліп алуына тиімді болатын ереже-тәртіпті түзуді, сондай-ақ осы қауымдастықтың мүшелерінің өзара бірге әркет етуі мен өзара түсіністігін қамтамасыз ететін барша субъектілерге түсінікті болатын тілдік қатынасты (вербальдық және рәміздік) қалыптастыру болып табылады.
Мұнан басқа, кез келген қоғамға тән ірілі-ұсақты функциялардан басқа, саясат және бірқатар белгілі бір социумның өзіне тән ерекшеліктерін бейнелейтін тар мағыналы функцияларды да атқарады. Бұлар:
таптық және әлеуметтік үстемдікті қамтамасыз ету;
азаматтарды мемлекеттік және қоғамдық істерді басқаруға тарту;
әлеуметтік әділеттілік пен ортақ игіліктерді қамтамасыз ету және т.б.
Саясаттың функцияларының алуан – түрлі болуы оның қоғам өміріне қаншалықты етене жақын екендігін, сан-алуан әлеуметтік құбылыстарды қаншалықты қамтығандығын көрсетеді. Бұл оның фундаментальдық табиғаты - әмбебаптылығымен сипатталып, өмірдің тіпті барша салаларын, мемлекеттік мәселелерден бастап, адамның мінез-құлқына дейін қамтитындығын көрсетеді. Бұл сипат саясаттың қоғамдағы рөлін, оның қоғамдық өмірдің басқа салаларымен байланысының спецификасын айқындайды.
Сонымен саясат –билікті жеңіп алу, оны іске асыру мен ұстап тұруға және әлеуметтік процестерді басқаруға қатысты әлеуметтік қауымдастықтар арасындағы қатынастарды қамтитын қоғамдық өмірдің бір саласы болып табылады.
В.И.Лениннің “Солшылдықтың” коммунизмді танудағы балалық ауруы” атты еңбегіндегі саясатқа берген анықтамасы әлемдік саяси әдебиетте кең таралған, ол өз еңбегінде “саясат ғылым, сонымен бірге ол өнер. Ол дайын күйінде аспаннан салбырап түспейді, сыйға тартылып, қолға ұстатыла салмайды. Саясат арифметикадан гөрі алгебраға ұқсайды, тіпті төменгі емес, жоғары математикаға көбірек жақын” – деп жазған болатын.
Кешегі КСРО мемлекетінің, түбіне жеткен авторитарлық социализмнің басты қасіреті, саясаттың ғылым да, өнер де бола алмағандығында жатыр. Ондағы саясат “өлместің күнін көрді”. Бұқара халықты салмақты да салиқалы, ғылыми сарапталған, өмірмен етене байланысып, сөз бен істің бірлігіне негізделген саясат төңірегіне топтастырудың орнына, әкімшілдік-бюрократиялық жүйенің зорлық-замбылығының ұзын арқан – кең тұсауында үрейлендіріп ұстады.
Қоғамдық ойдың дамуы нәтижесінде қалыптасқан саясаттың ғылыми негіздеріне не жатады ? - деген сұрақтың осындайда туындайтыны белгілі.
Ғылыми саясаттың фундаменталдық негіздері болып төмендегілер табылады:
адамзаттық және таптық мүдделердің үйлесімді сәйкестендірілуі;
демократияның үстемдігі;
технократизмді әлсірету және зорлық-зомбылық пен қылмыстың жойылуына бағытталған гуманистік бағытта болу;
адамгершілік қасиеттердің өркендеуі;
өз Отаныңа деген азаматтық махаббаттың болуы;
саясат нақты-тарихи жағдайлардан туындап, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының деректеріне негізделген терең ғылыми сараптаудан өткен болуы;
саясатты түрлі әлеуметтік таптар, топтар, ұлттар мен мемлекеттер арасындағы, өздерінің мүдделерін және қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасалатын қарым-қатынастар және іс-әрекеттер деп ұғыну;
саясат экономиканың шоғырланған көрінісі болып табылады. Саяси реформалаудың басты бағыты – адамдарды өз өмірлеріне қожа, жауапты ету ғана емес, сондай-ақ өз туған туыстарына, өзінің Отанының өсіп-өркендеуіне жауапты екендігін сезіндіру;
саясат дегеніміз мемлекеттік істерге, оның қай бағытта, қандай формада, қандай міндеттерді шешу арқылы дамуын айқындауына қатысу;
саясат бұл шын мәнінде миллиондаған адамдардың тағдыры, сондықтан да ол ең алдымен адамның, үлкен әлеуметтік топтардың әлеуметтік мүдделерін қанағаттандыруға негізделуі тиіс;
саясат адамгершілікті болуы шарт, яғни оның идеялық құндылықтар жүйесі, адамның табиғи және әлеуметтік мәніне негізделіп, гуманистік принциптер мен әлеуметік-әділеттілік аясында жасалуы тиіс;
теория саясаттың өзара тығыз байланысты ірі екі – ішкі және сырты саласы болатындығын көрсетеді. Алайда нақты өмірдің алуан қырлы, сан салалы ерекшеліктері саясатты да соған тән болуға итермелейді.
Қазіргі кезде сондай-ақ, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық, демографиялық, жастар, экологиялық, мәдениет, кадр және т.б. саясаттар туралы айтылады.
Саясат – өнер, яғни қолда бар мүмкіндіктерді шебер пайдалана отырып, теориялық білімді шабытпен, шығармашылық батылдықпен, интуициямен және фантазиямен ұштастыра отырып шешім қабылдау. Бұл тұрғыдан алғанда, саясат – ойланып басқан қадам, қажет кезінде ымырашылдық, келісім, ырыққа көну, ретін тауып қиын мәселені айналып өту, қысым жасау, сес көрсету, әрбір іс-қимылды жіті есепке алу, т.б.
Бүгінгі таңда саясатта адалдық пен әділдік, жоғары адамгершілік пен имандылық өзінің орнын аса қиындықпен дәлелдеуге мәжбүр болып отыр. Мансапқорлар мен авантюристер, жанкешті-экстремистер, алаяқ-іскерлер мен жылпос-жағымпаздар саясатқа етене енуге еркін жол тауып келуде. Мұның басты алғы шарттарының бірі ғана емес, бірегейі де ол - азаматтардың саяси білімінің аздығы, саяси белсенділігінің төмендігі, соның нәтижесінде ақты - қарадан ажырата алмауы, жеке басының жайын күйттегендерді, ұлттың ұранын көтергендерге балауы дер едік.
Адал саясатқа өту, саясатты өнер деңгейіне жеткізген, өркениетті елдер дәрежесіне жету ұзаққа созылатын және қиыншылығы мен ауырпалықтары мол жол. Ол саясатты ту етіп ұстаған ұлылары мен ұлттың саясатқа деген көзқарастарының өзгеріп, бір арнаға тоғысқан күнде ғана орнығуы мүмкін.
Адалдық саясаттың сенімділігінің, оның толқынға төтеп берер тегреуінділігінің, қайнаған күш-қуатының, ерік-жігірінің көрінісі болмақ.
Ал, саясаттағы екіжүзділік – сырын ішке бүккен жылпос – жалғандық, оның зымыстан – зымияндығын, күні өткен қауқарсыздығын, әлсіз - әлжуаздығын бейнелемек.
Саясат өнер ретінде бұқара халықты ұлағаттылықпен ұлы істерге жұмылдыра білетін басшылар арқылы, нақты тарихи жағдайда жарыққа шығады. Шеберлігі шыңдалған саясаткер бұқара халықты күрделі міндеттерді шешуге бастайтын уақытты дәл анықтап, дер кезінде шешуші шешім қабылдап, ұран тастамақ болар. Оның жемісті жеңіске жетуі бұқара-халықтың белсенділігін әкімшілік әдістерге ғана сүйеніп көтеруде емес, ел өмірінің шынайы дамуының алғы шарттарында, халықтың әлеуметтік өмірінің ұдайы және тұрақты жақсаруына негізделген талап пен жауапкершілікте жатады.
Басшының өнері – адамның мінездері мен іс-қимылдарының сан-алуан түрлерін жеңіл ажырата білуінде жатса керек. Саясаткердің өнері ретінде оның саяси іс-қимыл жасау стилі көрінеді. Стиль - дегеніміз саяси іс-әрекет теориясын іске асыру өнері болып табылады.
Шеберлікпен шыңдалған саясат, қашанда толғамы жеткен шешім, сарабдал сараптаудың нәтижесі болмақ. Ол адамнан ойдың ұшқырлығын, ерік-жігердің алмастай мұқалмастығын, мінездің өрлігін, эмоцияны еркіне жібермей тізгіндей алатын сабырлылық пен салихалықты талап етпек. Ол сонысымен саясаткерге, өнердің адамға берер көңіл шаттығындай, интеллектуальдық қанағаттану секілді сезім ләззатын сыйлайды.
Алайда жеке бастың немесе белгілі бір әлеуметтік шағын топтың мүддесін қорғайтын, өзінің табиғатында жасампаз емес, қайта керісінше кер тартпа саясаттың да аса ыждағаттылықпен жүзеге асырылып, жалпыадамзаттық құндылықтарды аяққа таптап, имандылық пен моральдық талаптарды талқандап, жеңіп шығар “шеберлігі” болуы да мүмкін ғой.
Саясат пен моральдың ара қатынасына қалыптасқан тарихи қоғамдық-саяси құрылыс, өмір сүріп жатқан дәуір, үстемдік етуші социомәдени орта елеулі ықпал етуі мүмкін.
Көне заманның кеменгері Плутарх “арсызға билікті сеніп тапсыру, есі ауысқан жындыға қылыш бергенмен бірдей” – деген екен. Осы ойды ХІХ ғасырда Т.Джефферсон қайталайды: “Басқару өнері дегеніміз – адал бола білу өнері”.
Ал, теорияда “саясат пен моральдың ара жігін ажыратудың” атасы Н. Макиавелли болды. Оның қалыптастырған дәстүрін иезуиттердің мына бір қанатты сөзімен түсіндіруге болады: “Мақсат әрекетті ақтап алады”. Оның пікірі бойынша саясаткер тек қана абсолюттік ізгілікті принциптерді басшылыққа алса, онда ол сөзсіз су түбіне кетеді, сондықтан ол реті келгенде қатыгездікке де сүйенгені жөн болмақ.
Мораль және саясат адамдардың іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын реттеуші құбылыстар ретінде өзара ұқсастықтар мен қарама-қайшылықтардан тұрады.
Олардық ортақ ұқсастықтарын былайша жіктеуге болады:
олардың екеуі де жеке адамның өзіндік ұстанымы мен қоғамдық рөлінен туындайды;
олардың екеуі де, ортақ игіліктер мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Олардың өзара қарама-қайшылықтары мыналардан көрінеді:
саясат тек қана сендіруге ғана емес, мәжбүрлеуге де сүйенеді, ал мораль тек қана сендіруге сенім артады;
саясат қарсыластары мен жазықтыларды ғана жазалап қоймайды, кейде өзгелерге сабақ болсын деп, өзінің жақтастарын да, жазықсыздарды да құрбандыққа шалып жібере алады. Ал, мораль мұндай қадамға бара алмайды;
саясаттың негізінде экономикалық, рухани және т.б. мүдделер жатса, моральдың негізінде жалпыдамзаттық құндылықтар жатады;
саясат нақты ахуалдан туындайды, жеңіске жету үшін нақты жағдайға қарап іс тұтады. Ал, мораль мәңгілік, өзінің талаптарында әмбебаптылыққа негізделіп, нақты қалыптасқан ахуалға тәуелсіз.;
моральдың талаптары идеалдық ұстаным болып, өзіңнің іс-әрекеттеріңді онымен сәйкестендіріп ұстауды талап етеді, нақты өмірде ондай дәрежеге көтерілу кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Ал, саясаттың талабы нақты, белгілі бір қисынға, ереже-қағидаларға және т.б. келтірілген, оны бұзу немесе орындамау жазалануға жеткізуі мүмкін.
Қорыта айтқанда өркениетті қоғамның саясат пен моральдың “үйлесімді” үндестік тауып отыруына нақты жағдайлар жасалып отыруы қажеттілік болып табылады.
Саясаттың адамгершілік құндылықтарды көзге ілмеуі, оны аморальдыққа яғни имансыздыққа жетелейді. Күнделікті тіршілікте саясаттың адамгершілік қағидаларынан аттап өтіп кетіп жатуы, кең тараған өкінішті өмір шындығы. Осыдан келіп саясат туралы “лас іс-қимыл” –деген, қоғамдық пікір қалыптасады. Мұның өзіндік себептері бар:
Біріншіден билік, материалдық және рухани игіліктерді үлестіру, адамдардың тағдырына ықпал ету секілді сипатқа ие. Бұл мемлекеттік “қазына кілтіне” жеке бас пайдасын ойлайтын, атақ пен даңққа құмар жандардың ұмтылуын туғызады. Биліктің азғындауы оның шамадан тыс орталықтандырылуы мен бақылануының әлсіздігінен келіп туындайды.
Екіншіден саясаттың дау-жанжалдық (конфликттік) сипаты, яғни оның билік құрылымдары мен оппозициялық құрылымдарда да, “достар” және “жаулар” формасында көрініс беруі. Жақсылықты жау түгілі, жақтасына қимау екінің біріне тән қасиет. Ал, моральдық талаптың басты шарты – дұшпаныңды да, досыңдай сыйлау болып табылады.
Үшіншіден саясаттың бұқаралық сипаты, саясаткердің саяси іс-әрекеті ғана емес, сонымен бірге оның жеке өмірі де бұқара халықтың көз алдында өтеді. Саясаткерлер әдетте көпшіліктің көңілінен шыға бермейді, өйткені оларға қойылатын моральдық талаптың деңгейі қашанда жоғары болмақ. Мәселен, АҚШ – та, бірқатар саясаткерлер кезінде көңілдес әйелдері болғандығы және оның көпшілікке мәлім болып қалғандығы үшін саяси мансаптарымен қоштасуға мәжбүр болды. Ал, қарапайым жандарға қатысты мұндай мәселелер, оның жеке шаруасы ретінде ешкімді де қызықтыра қоймасы анық.
Дегенмен саясаттың бұқаралық сипаты, оның жариялылығы әрқашан да мұндай қасіретті бола бермейді – көп жағдай қоғамда қалыптасқан дәстүрге, оның менталитетіне тығыз байланысты болмақ.
Саяси ғылымдар қандай іс-қимылдардың және шаралардың өмірдің қайсы саласында қолдансаңыз да адамгершілікті құндылықтарды қамтамасыз етеді және де тиімді болады деп, нақты көрсетіп бере алмайды. Бірақ, белгілі бір саяси мақсатқа жетуде қолданылатын құралдар мен әдіс-тәсілдердің гуманитарлық шегін, толық құқылы түрде белгілей алады:
террордың саяси, ақпараттық және т.б. түрлерін қолданудың мүмкін еместігі;
халыққа қарсы саяси режимдерді биліктен тайдыруда бейбіт тәсілдердің үстемдігі, бейбіт тәсілдердің барлық түрлерінің ешбір нәтиже бермеуі және азамат соғысына себеп болмайтындығы анықталғанда ғана қарулы әрекетке көшу;
халықаралық деңгейде талас тудыратын мәселелерді шешуде ядролық және жаппай қырып жоятын қаруларды қолдануға тиым салу.
Достарыңызбен бөлісу: |